Рухы, жаны аласаның зорлық жатар парқында,
Сондықтан қос перзентімді санаймын мен жарты ұлға.
Мейлі, мейлі, екі ұлымды қақса да уақыт арқадан
Нағыз ұлым біреу ғана, ана екеуі жарты адам!
Иә, бізді қайда апармақ мына заман ақпалы?
Ұлан-байтақ жерімізді жарты адамдар қаптады.
Қайда барсаң көз алдыңда өнеге боп жарқылдар,
Жарты бастық, жарты ұстаздар, жарты қыздар, жарты ұлдар.
Президент пе, депутат па, тракторшы ма, бәрі бір,
Бойын рухтан аулақ салса бәрінің де мәні бір.
Өз халқының тілі, ділі - зор адами парқына,
Тамыр жалғай алмағандар не сыйламақ халқына?
Бұл қазаққа көз өткен бе,
Тілдің мұңын сөз еткенде
Кей басшылар нақ бір жылан көргендей боп қалтырар...
Ұлтсыздардың бәрі - рухи мүгедектер, жартылар.
Тілін, ұлтын менсінбеуден ол қасқалар бақ табар,
Бар назары материалдық игілікке тоқталар.
Жағымпаздар қолдауымен олар бүгін мақталар,
Ал тарихта «рухын сатқан қарын құлы» боп қалар.
Біз қанша мың жас өскінді аттандырдық шет елге:
Білім алып келсін дедік,
Жер, ел танып көрсін дедік
Бірақ осы ізгі үмітті жалаң білім өтер ме?
Қайтсек екен, мониторкөз, компьютербас, жас талап,
Білім+Рух болуы үшін ажырамас қос қанат?
Қай кезде де білім - күшің, әрі нұрлы жетегің.
Білімнің де адамзатқа зияны бар екенін
Кім ойлапты құдайым-ау,
егер ұры қаншама,
Зор білімін қулығына қару етсе жан сала
Бейқам елге оның тартар азабы да соншама.
Достарыңызбен бөлісу: |