15- ПРАКТИКАЛЫҚ САБАҚ
Мұхиттық Аралдар Тынық мұхиттың орталық, оңтүстік-батыс бөлігіндегі аралдардың (жалпы саны 10 мың шамасында) жиынтығын атайды. Бұл атау дүние жүзі бойынша калька, яғни аударма атау болып табылады. Алғаш рет бұл атауды ғылыми қолданысқа 1810 жылы М.Браун енгізген болатын. 1832 жылы француз теңізшісі Ж. Дюмон д’Юрвиль Мұхиттық аралдарды ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа ажыратып, оларды былайша атауды ұсынған болатын: Микронезия (грекше «ұсақ аралдар»), Полинезия (грекше «көп аралдар») және Меланезия (грекше «қара аралдар»). Кейінірек Мұхиттық Аралдар қатарына Жаңа Зеландияны да қосатын болды. Бірақ біз өз талдауымызда бұл аралдың топонимиясын жеке қарастырамыз.
Еуропалықтар отарлаудың алдында Мұхиттық Аралдардың жеке топтарындағы даму деңгейі, антропологиялық және тілдік құрамы өте әркелкі болды. осы кезеңде бүкіл Аустралия мен Мұхиттық Аралдардың байырғы тұрғындары арасында дамудың жоғары сатысында тұрғандары полинезиялықтар болатын. Қазіргі заманғы зерттеулер полинезиялықтардың аңыздары негізінде олардың нақты тарихын жаңғыртуға болатынын дәлелдеп отыр. Мысалы, әр аралдардағы тұрғындар өздерінің ата-тегі туралы, олардың жорықтары жөнінде әңгімелерді ұрпақтан ұрпаққа беріп отырады. Полинезиялық ғалым Те-Ранги-Хироаның соңғы деректері бойынша, Раротонга аралындағы ең ұзын ата-бабалар тізімі 92 ұрпақты қамтыған. Мұның өзі жергілікті атаулардың күрделі жүйесінің де сан ғасырлар бойы өзгермей сақталу мүмкіндігі болғанын көрсетеді.
Отарлау алдында меланезиялықтарда алғашқы қауымдық құрылыс басым болды. Әсіресе Жаңа Гвинея мен Меланезияның солтүстік-батысындағы тайпалар дамудың төмен деңгейінде қалып қойған еді. Салыстырмалы түрде Жаңа Каледония мен Фиджи аралының тұрғындары қоғамдық дамудың сәл жоғары сатысына ауысқан болатын. Осы себептерге байланысты жергілікті атаулар да өте қарапайымдылығымен ерекшеленеді, көбінесе сипаттау мағынасында жасалған.
Мұхиттық Аралдардағы еуропалық атауларды испан, португал, голланд, ағылшын, француз, орыс зерттеушілері қойған. Алғашқы кезеңде бір елдің теңізшілері қойған атауды білмеген екінші біреулері дәл сол объектіге басқаша атау беруі жиі кездеседі. Бұл тұрғыдан Таити аралы көзге түсті. XVII ғасырдың басында испандық теңізші де Кирос бұл аралды Саггитариа («Мерген шоқжұлдызы») деп атады, ал XVIIІ ғасырдың орта шенінде осында келген ағылшын Уоллис аралға Ұлыбритания королі ІІІ Георг атын берді. Сәл кейініректе Л.А. Бугенвилль басқарған француз экспедициясы аралды Жаңа Цитера деп атады. Осыған қарамастан аралдың жергілікті Таити («шағын арал») деген атауы сақталып қалды.
1642 жылы Жаңа Зеландия аралдарына келіп жеткен алғашқы еуропалық саяхатшы, голландиялық теңізші Абель Тасман өзінің Отанына ұқсас осы аумақты Жаңа Зеландия деп атады. Өйткені Голландия провинцияларының бірі Зиланд («теңіздік жер») деп аталатын. Голланд картографтары Жаңа Зеландия атауын бірден қабылдап, карталарында белгілей бастады.
Аделаида қаласы Оңтүстік Аустралия штатының әкімшілік орталығы болып табылады. Қаланың негізі 1836 жылы салынып, оған 1830-1836 жылдары Ұлыбритания королі болған IV Уильямның жұбайы, королева Аделаида есімі берілген.
Вануату мемлекеті Тынық мұхиттың оңтүстік-батысындағы Жаңа Гебрид аралдарында орналасқан, ел аумағы 83 аралды қамтиды. Жергілікті бислам диалектісінде «біздің жер» деген мағына береді, жалпы полинезиялық вануа («жер, құрлық») деген сөзінен шыққан. Аумақ 1980 жылы өзінің тәуелсіздігін жариялаған кезде Вануату атауын алған.
Кирибати мемлекеті Тынық мұхиттағы Микронезия және Полинезия аумағына енетін 33 атоллды қамтиды. Бұл атаудың шығу тегі өзгеше болып келеді. 1788 жылы осы аралдарға өзінің «Шарлотта» аталатын кемесімен келіп жеткен алғашқы еуропалық Томас Джилберт болатын. 1820 жылы бұл аралдарда болған орыс теңізшісі И.Ф. Крузенштерн аралдарға Гилберт (ағылшынша білмейтін теңізші Джилберт дегенді осылай жазған) есімін беріп, бұл атау Ресей Географиялық қоғамында тіркеуден өтті. Жергілікті халық пен осында тұрып жатқан аздаған ағылшын қоныс аударушылары бұл атауды бірден қабылдады. Бірақ жергілікті тілде айтуға оңай болу үшін халық оны бұрмалап, Кирибати деп атап кетті. 1979 жылы тәуелсіздігін алған аралдар мемлекетке Кирибати атауын таңдап алды.
Мариан аралдары Тынық мұхиттың батыс бөлігінде орналасқан аралдар тобы, Микронезия құрамына енеді. Бұл аралдарды 1521 жылы Ф. Магеллан ашқан. 1665 жылы Испания королевасы Мария Анна Австрийская осы аралдардың тұрғындарын христиан дініне кіргізуге рұқсат беру кезінде аралдарға өз есімін берген.
Маршалл Аралдары Тынық мұхиттағы Микронезия аралдары тобына жатады, мемлекет аумағына 29 атолл мен 5 арал енеді. Бұл аумаққа 1788 жылы «Скарборо» кемесімен келіп жеткен алғашқы еуропалық Джон Маршалл болатын. 1820 жылы бұл аралдарға келген орыс теңізшісі И.Ф. Крузенштерн аралдарға ресми түрде оны алғаш ашқан Маршаллдың есімін берді. 1990 жылы елдің тәуелсіздігін БҰҰ ресми түрде таныған.
Меланезия – Тынық мұхиттың оңтүстік-батыс бөлігіндегі Жаңа Гвинея, Бисмарк, Сүлеймен, Жаңа Гебрид, Жаңа Каледония, Фиджи аралдары тобының жалпы атауы. 1832 жылы француз теңізшісі Ж. Дюмон д’Юрвиль енгізген бұл атау ежелгі грек тілінен аударғанда «қара аралдар» дегенді білдіреді. Бұл атаудың шығу тегін осы аралдардың жергілікті халықтарының терісі қара түсті болуымен түсіндіруге болады.
Микронезия деген жалпы атаумен Тынық мұхиттың батыс бөлігінде орналасқан ұсақ аралдар тобын атайды. Микронезия аумағына Мариан, Каролина, Маршалл, Гилберт және т.б аралдарды қамтиды, олардың жалпы саны 1500 шамасында деп есептеледі. 1832 жылы француз теңізшісі Ж. Дюмон д’Юрвиль енгізген бұл атау ежелгі грек тілінен аударғанда «ұсақ аралдар» дегенді білдіреді. Бұлай аталуы осы топқа енетін аралдардың ұсақ болуына байланысты түсіндіріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |