Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар
Беттік электрлік зарядтың пайда болуының механизмдерін атаңыз.
«Потенциал анықтағыш иондар» ұғымына анықтама беріп, мысал келтіріңіз.
«Қарсы иондар» ұғымына анықтама беріп, мысал келтіріңіз.
Қос электрлік қабаттың қай бөлігін диффузиялық деп атайды?
«Электркинетикалық потенциал» ұғымына анықтама беріңіз. Ол қос қабаттың қай бөлігінде пайда болады?
Индифференттікк электролиттердің қос электрлік қабатқа тигізетін әсерін түсіндіріңіз.
Индифференттікк емес электролиттердің қос электрлік қабатқа тигізетін әсерін түсіндіріңіз.
Беттің қайта зарядталуын түсіндіріңіз.
Негізгі электркинетикалық құбылыстарды атаңыз.
Электркапиллярлық құбылыстарға сипаттама беріңіз.
15. Дисперсті жүйелердегі Коагуляция мен коалесценция
Коагуляция дегеніміз коллоидтық ерітінділердегі қатты бөлшектердің өздігінен бірігуі. Коагуляция нәтижесінде ірі борпылдақ агрегаттар түзіледі. Олар бір-бірінен сұйық дисперсиялық ортаның жұқа (наноөлшемді) үлдірлері арқылы бөлінген ондық не жүздік дисперстік бөлшектерден тұрады.
Өлшемдері үлкен болғандықтан мұндай агрегаттар седиментациялық тұрақсыз келеді. Дисперстік фазаның тығыздығы дисперсиялық ортаның тығыздығынан үлкен болса, коагуляциялық агрегаттар шөгіп, кері жағдайда бетке қалқып шығады.
Дисперстік бөлшектердің агрегаттары түзген тұнбалар коагуляттар деп аталады. Олардың құрылымы әртүрлі – борпылдақ, реттелген, тығыз болады.
Коагуляция коллоидтық-химиялық үрдістердің негізгілеріне жатады. Ол дисперсті жүйелердің эволюциясында, көптеген технологиялық үрдістерде, топырақтардың, тау жыныстарының құрылуында, судың тазартуында маңызды роль атқарады.
Коагуляцияның әртүрлі формасы болады.
Гомогенді коагуляция (әдетте коагуляция деп аталады) – агрегаттар бір заттың дисперстік бөлшектерінен тұрады.
Гетерогенді коагуляция (гетерокоагуляция) – коллоидтық ерітінді әртүрлі заттардың дисперстік бөлшектерінен тұрады. Гетерокоагуляцияның элементтік актінде химиялық құрамы әртүрлі дисперстік бөлшектер бірігеді.
Адагуляциялық коагуляция (адагуляция) - дисперстік бөлшектердің әртүрлі қатты беттерге жабысуы.
Флокуляция – коагуляциялық агрегаттар ерітіндідегі полиэлектролиттердің әсерінен түзіледі. Полиэлектролиттердің ірі молекулалары не иондары, екі әртүрлі бөлшекте екі шетімен адсорбцияланып, оларды ірі бір агрегатқа біріктіреді.
Дисперстік бөлшектердің арасындағы контактілердің беріктігіне қарай коагуляцияны қайтымды және қайтымсыз коагуляция деп бөледі. Қайтымды коагуляцияда контактілер молекулалық (ван-дер-ваальс) күштері арқылы түзіледі. Сондықтан жылудың әсерінен агрегаттар бастапқы дисперстік бөлшектерге ыдырайды. Коагуляциялық агрегаттардың бұзылуы (дезагрегаттануы) пептизация деп аталады.
Қайтымсыз коагуляцияда дисперстік бөлшектердің контактілерін күшті химиялық әрекеттесулер қамтамасыз етеді. Сондықтан құрылған агрегаттар тұрақты және берік болады.
Коагуляцияның нәтижесінде дисперсті жүйенің қасиеттері күрт өзгереді. Яғни коагуляцияның басталу жағдайларын оңай және дәл анықтауға болады. Коагуляцияға тән көрсеткіштердің бірі – дисперстік фазаның тұнбаға түсуі. Екінші көрсеткіш – жарық шашырауының күшеюі.
Зольдердің коагуляциясы әртүрлі факторлардың әсерінен жүреді, оларды химиялық және физикалық деп екі топқа бөледі. Физикалық ықпалға араластыру, механикалық вибрация, ультрадыбыс, электрлік не магниттік өріс, температураның өзгеруі, сәулелеу (ультракүлгін, рентген, радиоактивті) жатады. Коллоидтық ерітінділердің коагуляциясына әкелетін негізгі химиялық әсерді дисперсиялық ортада ерітілген электролиттер көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |