Ұлттық сана. Сана дегеніміз адам болмысында мағынасы терең әрі күрделі ұғым. Ғылыми әдебиеттерде адам миының атқаратын ерекше қызметі деп көрсетеді. Классикалық неміс философиясының өкілдері тарихта адамның ішкі рухани әлемінің картинасын жасауға ұмтылған. Бірақ бұл да адам санасының феноменін толығымен ашып бере алған жоқ. Сонау Аристотель заманынан бастап философияның өзі осы иррационалды (адамның тәжірибесіне бағынбайтын, ақыл ойдан тыс өмір сүріп жатқан) құбылыстарды зерттеумен келеді. Қалай десекте адамның тәжірибесіне көне бермейтін сана ұғымы адам болмысының рухани мәнін, әлеуметтік өрісін айқындап отыратын құбылыс, адам бойындағы рухани қасиеттерді біріктіріп отыратын нәрсе болып табылады. Философиялық тұрғыдан айтатын болсақ, сана дегеніміз адам танымының негізі, негізгі көзі, адам болмысының ерекше қасиеті. Сана болмаса адам ештемеге жарамайды.
Абай данамыз айтқандай,
Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Менімен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі – ол баяғы.
Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Кез жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?! Шыныменде адам өмірінің рухани мәні адамгершілікпен келіп, осы қасиет арқылы сақталып отырады. Адамгершіліктің негізінде тәрбие, сезімталдық, зеректік, ақылдылық, жанашырлық жатыр. Бұның барлығы адам санасынан шығып, санаға келіп тіреледі. Адамның мінезі мен ой өрісінен көрінетін бұл қасиеттерді кісілік сананың белгілері дейміз. Адамның жиған білімі, байлығы халықтың, ұрпақтың игілігіне жарамаса ол ештемеге жарамас еді. Қазақ даналығындағы «адам дүниеге жалаңаш келіп, жалаңаш кетеді» - деген ұғым осыдан шыққан. Абайдың даналық сөзіне тағы да назар аударсақ, сананы күтпесе, сананы тәрбиелеп халықтың санасында сөзі мен ісін қалдырмаса адам дүниеге жылап келіп, өзіне киіп өледі. Егер сана, өзіндік сана (кісілік), ұлттық сана болмаса адам болмысының тарихи мәні ашылмас еді. Жоғарыда айтып өткеніміздей барлық адами қасиеттер, адам танымында өмір сүретін ақпараттар санамен ғана мәнге айналып отырған. Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынов жазып кеткендей, «Өз еркім өзімде, өз ісім өзіме қожа, өзім себеппін деп жүрген адам тұрмыс ісінің орауынан, шырмауынан әр аса алмайды.. Адам қанша дана, білімді болса да, қанша қаһарман қайратты болса да, әлеумет оның мақсатын ұқпайтын болса, қайраткер қамалға жалғыз шапқан батырдай әлек болады».
Ұлттың, оның өкілі жеке адамның тұлғалық болмысының интеллектуалдық өрісі ұлттық сана негізіндегі құндылықтар арқылы көрініп отырады. Сондықтанда ұлттық сана дегеніміз ұлттың дүниетанымының, тарихи тәжірибелерінің, рухани құндылықтарының негізінде қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа тәрбие, кісілік қасиет үлгілерімен жалғасып отыратын жалпыға ортақ қасиеттерді айқындап, біріктіріп, көрсетіп отыратын білімнің ерекше түрі. Дәстүрін, тарихын, мәдениетін білмейтін адамда ұлттық сана қалыптаспайды. Кез келген әлеуметтік мәдени даму өзінің уақыты шеңберінде ұрпақтан ұлттық сананы талап етеді. Мемлекетіміздің тарихынан, өзге елдердің де тарихынан белгілі қоғамның дамуына ықпалын тигізіп отыратын дүниелер ұрпақтың тұлғалық деңгейдегі (ұлттық сана деңгейіндегі) қызметі арқылы қалыптасып жүзеге асы отырған. Жеке адамның мінезі мен іс-әрекетінен (ізденісі) бастап халықтың өмірінде жалғасып отыратын ел болмысының рухани (тұлғалану) негізі ұлттық санадан бастау алады. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, ұлттық сана жеке адамды халықпен, халықты мемлекетімен, мемлекетті тарихпен, болашақпен байланыстырып отыратын дүние.
Ұлттық санасыз халықтың игілігіне, болашағына ортақ еш нәрсе қалыптаспайды. Қазақ қоғамының рухани өмірінде ұлттық сана ұрпақты тектілікке, кісілікке тәрбиелеудің тұтқасы саналған. Бесік жыры, аңыз-әңгімелерден бастап, қазақтың сөз өнерінде жалғасып отыратын тарихи дүниелер ұрпақтың санасын ұлттық сана деңгейіне көтерудің негізгі тәсілдерінің бірі. Қоғамды біріктіріп отыратын, оның болмысының негізін құрайтын кісілік қасиеттердің адамның ұлттық санасынан бастау алып, халықтың ұлттық санасына келіп тірелетіндігін бабаларымыз ерте түсінген.
Қоғамдық сананың жаңғыруының негізінде қашанда ұлттық сана мәселесі тұрады. Себебі қоғамның дамуы экономиканың дамуына тәуелді. Экономиканың дамуы ғылымның дамуымен тығыз байланысты. Елдің тұрмыс тәжірибелерімен сабақтас шаруашылық түрлерінің дамуы өндіріске, ауыл шаруашылығына ғылымның жаңа дүниелерін (жетістігін, өнімін) енгізумен тығыз байланысты. Бұның барлығының жүзеге асуы, қоғамдық ортада күш алып отыруы (халықтың қолының жетуі) адамның тәрбиесі мен тәжірибесіне, біліміне келіп тіреледі. Ал, адам бойында осы құндылықтарды біріктіріп, жетілдіріп отыратын ұлттық сана. Адами капиталдың негізі ұлттық санада жатыр.
Қазіргі уақытта өркениет биігіне шыққан мемлекеттердің тарихта қалатын тәжірибесіне қарайтын болсақ, бүкіл қиыншылығын халықтың бірлігінің, елге, қоғамға деген жанашырлықтың, еңбектің және ғылым, өнер жолындағы зиялыларының жан-жақты ізденісінің нәтижесінде жеңіп отырған. Қазақ тарихында да ұлттық мүдде ісіне жұмылуда алаш тұлғалары елдік қасиеттердің (ұлттық сана, ұлттық рух) алып бейнесін қалдырды. Бұның барлығы айналып келгенде, қанша уақыт алға басып, қоғам дамығанымен адами капиталдың негізі болып табылатын құндылықтардың қашанда өз мәнін жоймайтындығын аңғартады.
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық сана мәселесі мемлекет алдына қойылған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, адамзат өркениетінің бағыты өзгерген сайын ұлттық сананың да өрісін кеңейту мәселесі қоғамға жүктелуде. Бірақ, адам болмысындағы ұлттық сана өнімі болып (ұлттық сана деңгейіндегі) саналатын қасиеттер жойылмайды, тек адамның кісілік және тұлғалық деңгейіне жүктеліп отыратын міндеттер жаңа уақыттың талаптарына сай өзгеріп отыруы мүмкін. Осындай жаңа уақыт жағдайында, адамзат әлемінде дамудың (ғылыми техникалық, ақпараттық, технология) жаңа дүниелері ұлттық санаға жаңа мәселелерді ұсынып, жаңа міндеттерді жүктеп отырады.
Қазіргі таңда ұлттық мүддеге күш беретін, оны сақтап отыратын жаңа дүниелерді меңгеру, меңгеру жолында қоғамға қайшы келетін нәрселерді күні бұрын ажырата білу бүгінгі қоғамның ұлттық санасының айшықты белгілерінің біріне айналуы тиіс мәселелердің бірі. Осы мәелеге қатысты елбасының бағдарламалық мақаласында, ХХІ ғасырда ұлттық санамызға қатысты міндеттер көрсетілген. ХХІ ғасырда қазақ халқының ұлттық санасының өніміне айналуы тиіс нәрселерге тоқталсақ, олар бәсекеге қабілетті болу, ұлттық прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, қоғам мен жеке адамның рухани өмірінде білімнің салтанат құруы, қоғамның өз жолымен дамуы. Бұған дейінде айтылып отырғандай, ұлттық сана жеке адамды мемлекетімен, қоғамымен біріктіріп отыратын рухани феномен. Сондықтанда қоғамның тұрақтылығы, тұрақты түрде дамуы оның өкілі жекелеген адамдардың іс-әрекетіне, рухани құндылықтарына және барлық қоғамдық сана түрлерін бойына біріктіре алған рухани деңгейіне келіп тіреледі. Осы себептен қай уақытта да қоғамның болашағына, дамуына қажет нәрсе бәсекеге қабілеттілік. Бәсекеге қабілеттілік болмай қоғамның тәжірибелері оның (қоғамның) болмысына жақындамайды.
Бәсекеге қабілеттілік мәселесінен бұрын, қоғамның ішінен бәсекеге қабілетті болуға құштар талантты жастардың, білімді адамдардың қоғам алдына шығуына кедергі болатын мәселелер де тұрады. Олар жемқорлық, білім мен ғылым жүйесіндегі парақорлық және т.б. Осыған қатысты, «Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса – қазақ халқы соңынан ерер еді» - деген Әлихан Бөкейханов. Бәсекеге қабілеттілік ұлттық сана деңгейіндегі ұғымға, ұлттың идеясына айналғаннан кейін ғана дамудың тәжірибелері қоғам өміріне орнықпақ. Бұның мысалын тарихымыздан, тарихтағы өркениет жолына ерте бет бұрған мемлекеттердің мәдениетінен де көре аламыз.
Бәсекеге қабілеттілік ол мәдениетті, сауатты, өнерлі, білімді, еңбекқор, өз ісіне жауапты болу. Бір сөзбен айтқанда адамды, сол арқылы қоғамды мәдениет бағытымен уақыт талабына бейімдеп отыратын деңгейді иелену. Бәсекеге қабілеттілікте ең бірінші көзге түсетін нәрсе қабілет, білім, кісілік мінез арқылы жасампаз болу. Елбасы мақалада атап көрсеткендей, «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекеге қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады.
Достарыңызбен бөлісу: |