37
Əдебиет мəселесі
«Ар азығынсыз құр өнердің өсуімен
басқалар бақытты бола алмағаны секілді,
келешекте қазақ та бақытты бола алмайды»,
- деген Сұлтанмахмұт сөзі бүгін де мəнді,
маңызды. Ғылым мен технология дамып,
өркендеген сайын адамзат өмірінде түрлі
рухани дағдарыстың белгілері қылаңдана
бастады. Оны ұлттық жəне жалпыадамдық
құндылықтар арқылы «емдеу» ісі қашан да
қажет. Əсіресе, сөз өнерінің міндеті бөлек
бұл жерде. Өйткені, «əдебиет – ардың ісі».
Ұлттық құндылықтар мен адамзаттық
мұраттардың ар нүктесінде қиылысатыны да
сондықтан. Ғасырлар бойы қаламгерлердің
қаламына азық, жырына арқау болған
адамшылық мəселесі тəуелсіздік дəуіріндегі
əдебиетіміздің өкілдері үшін де таңсық
АР АРЫЗЫН
ЖАЗАТЫН
ҚАЛАМГЕР
(Жазушы Аягүл Мантаеваның
шығармашылығы хақында)
тақырып емес. Əсіресе, жастар үні өзгеше
естіледі.
Аягүл Мантаева – жастар арасындағы
өзіндік стиль-соқпағын тапқан жазушы.
«Жаңбырлы көктем» атты əңгімелер
жинағын оқығанда, талапты жазушының
талантты жазушы екеніне көз жеткіздік.
Баспасөз бетінде алғаш жарияланғанда-ақ
оның «Жауһар» атты əңгімесі көпшіліктің
көңілінен шықты. Бұл əңгіме несімен
ерекшеленеді? Шығармада қиюласқан
күрделі сюжеттік желі жоқ, қарапайым
оқиғаның өзінен ойлы дүние туыпты.
Əңгіменің ажарын ашып тұрған нəрсе –
кейіпкерлер арасындағы диалогтар. Əңгіме
қала шетінде пəтер жалдап тұратын екі
қыздың тағдырын қысқа қайырып сипаттау-
38
дан басталады. Таныстары шақырған кеш-
ке бармай, үйде кітапқа көміліп, болашақ
ханзадасын қиялдап отыратын екі қыздың
əңгімесінен өкініш пен үміттің салқыны
еседі. Қаланың қалталы шегір көз жігіті
оқиғаны баяндап тұрған қызды сүйеді. Ал
оның құрбысы шегір көзге ғашық. Қаланың
қу жігіті өз сүйгеніне қолы жетпеген соң, өзін
сүйетін құрбысына қол салады. Ойыншық
етіп, арын таптайды. Жүкті болған Жауһар
ауылға кетіп, содан оралмайды. Өмірден
безініп, дүние салыпты. Жазушы мұның
жауабын алдын ала Жауһардың өз сөзімен
береді: «Өмірге ешқандай ұрпақ əкелгім
келмейді. Қайғы-мұң арқалап ол да өмірден
өтеді. Бір бақытсыз жанды өмірге əкелмей,
сауап іс жасағым келеді», - деген Жауһардың
сөзінде қоғамдағы қазіргі жауһарлардың
таным-түсінігі ашылады. Жауһар да, шегір
көз де – типтік бейнелер.
Асылы, Аягүл көп сөзді жазушы
емес, ойын қысқа қайырады. Жазушының
шеберлігіне төлқұжат болатын сипат –
оның тілі. Аягүлдің əңгімелері түсінікті
болғанымен, кейбір тілдік қолданыстары
көңілімізден шыға қоймайды. «Күн суық
күні ыстықтап жүремін», - дейді оның
кейіпкері. Əрине, кейіпкерді сөйлетіп
отырған – Аягүлдің өзі. Осы жерде «күн
суық күн» деген тіркестен гөрі басқа да
ұтымды тіркестерді іздегені жөн болар
еді деп ойлаймыз. Жауһардың ақтарыла
отырып: «Мен оны жақсы да көрмеймін,
жек те көрмеймін», – дегеніне сенімсіздене
қарадық. Өйткені, «жек те көрмеймін» деген
ойнақы тіркестей көрінгенімен, ойлы тіркес
емес секілді бізше. Ал «Əйтпесе, мен өлген
адаммын ғой», - деді бар болғаны, – деп
үнсіз қалды» деген жолдарды коррекциялық
қателіктің кесірі деп ұғайық. «Жауһар»
атты шағын əңгімесі арқылы жазушы қазақ
қоғамындағы бір ауық шындықты оқырман
алдына жайып салды. Өмірдегі шындықты
өнердегі шындыққа айналдыра білу –
жазушының шеберлігі ғана емес, міндет-
борышы да.
Енді біз жазушының «Депрессия»
əңгімесін оқуға кірістік. Бес баласын
бес еркектен тапқан əйелдің Айкөркем
атты қызы да өсе келе өзгере берді. Оның
мінезіндегі ғана емес, киім киісіндегі,
жүріс-тұрысындағы өзгешелік өз құрбы-
қатарластарынан алыстатып жіберген. Тек
ол ғана емес. Əр оқушының көкейінде «ол
біздің əкеміздің не ағамыздың қызы емес пе
екен» деген күдік-күмəн бар. Жезөкшелігімен
танылған Жұпарды 4 қызымен тракторшы
кісі алады. Айкөркемнің 4 əпкесі бар. Бірақ,
сыныптас достары да, ең жақын құрбысы
да Айкөркемнен алыс жүргенді жөн көреді.
Қаладан ауылға сирек келетін əйелдің 5
қызы да қараусыз қалды. Ауылда некесіз
сəбилер көбейіп кетті... Осы жерде заңды
сұрақ туындайды. Не үшін жезөкше əйелді 4
«жетімегімен» қарапайым тракторшы жігіт
алды? Жауабы мəтінде тұр. Ол – оқымысты,
кітапханадан сөмке-сөмке кітап тасып
əкететін кісі. Сол үшін де балалар оны «да-
нышпан адам» деп атайды. Əңгімеде кітапты
оқитындардың тым азайып кеткені де жəне
санаулы кітапқұмардың қоғамдағы қасіретке
тосқауыл болғысы келіп, күрескенімен
қауқары жетпей жатқандығы да көрінеді.
Өйткені, тракторшы жігіт жынданып өледі.
Адамзаттық құндылық болып табылатын
ізгілік шырағының тым бəсең тартып
қалғандығы тұспалданып айтылады. Ал
бес қыздың тағдыры да талапайға ұрынды,
*«Үркер»*№6* 2014
39
бесеуі де жезөкшелік жолға түсті. Оқырман
жауапты іштей дайындап отырады. Себебі,
олар тəрбиесіз қалды, жүрек жылуы мен
мейірімге шөліркеп өскен ұрпақтан абзал
азамат шықпайтыны кішкентай штрихтар
арқылы сенімді бейнеленіпті. Əңгіменің
осы эпизоды бүгінгі қоғамдағы аса өзекті
мəселелерді жайып салды алдымызға.
Айкөркемнің асқан сұлулығына қаншама
жігіт құласа да, өзі сүйген жігіт басқа
қызға мойын бұрып кетті. Отбасында да,
махаббатта да, жалпы, өмірде еш жолы
болмаған қыз жалғандықты жанына ермек
етті. Өзі де анасындай «кəсіп» тапты.
Материалдық игілікті ізгіліктен іздемеді,
жезөкшелікке барып, өзді-өзін алдарқатты.
«Менің жаным сезімді іздемейді, тəнім
болса ақшаны іздейді. Тəнім ар-ұятым мен
намысымнан да қымбат. Сезімім мен үмітім,
қиялым мен арманым алдап кетті. Қарызға
құрбым бермеген ақшаны тəнім тауып
берді». Осы жолдарда бүгінгі ұрпақтың
қасіреті жатыр. Осылай десек те, əңгіме
əдемі аяқталған: үтірі бір түрлі көрінгенімен,
нүктесі шын қуантты.
Аягүлдің «Маргаритасы» мен
«Балалықтың көктемі» жəне «Қабір
гүлі» əңгімелері оқырманды еріксіз
елітіп əкетеді. Балалар əлемін шебер
бейнелей алған туындылар. Əңгімелерін
оқи отырып, оқырман да өзінің балалық
шағына саяхат жасағандай күй кешеді.
Жоғарыда аталған əңгімелеріндей емес,
кейіпкерлер ойшылдыққа салынбайды,
естелік-эссе түріне келіңкірейді.
Сонысымен əсерлі, сонысымен құнды.
«Балалықтың көктеміндегі» кейіпкердің
нағашы жұртындағы қилы қызықтарына
қызыға қарайсың. Атасы еккен қауындарды
жарып жеуі, дуанадан қашып тығылуы,
үлкендердің құлағын қызарта бұрауы –
бəр-бəрі нанымды суреттер. Шынында да,
біз Д.Исабеков айтқан «балалар əлемін,
оны қоршаған үлкендер əлемін табиғи
күйінде, еш боямасыз тауып, олардың тосын
мінездеріне, іс-əрекеттеріне əрі таңырқап,
əрі езу тартып» отырдық. Осы əңгімелер
ішінде, əсіресе, «Қабір гүлі» əсерлі шығарма
болып шыққан. Балалықтың риясыз көңілі
мен пейілі анық көрінеді. Сегіз жастағы бала
қиял «тіршілік жағалауынан алыстап кеткен
ағаларын» оятқысы келді. Қасына тоғыз
жасар Санжар мен жеті жастағы Бұрымды
ертіп, зиратқа беттеді. Көмілген сүйектерді
көрді. Бұрым жас қабірдің басындағы гүлді
жұлып, құшырланып иіскеді. Көп ұзамай
Бұрым қайтыс болды. Мұны білген əкесінің
бүлдіршін қызға ұрысуы заңды: «Моланы
аралап жүріп балалығыңды ұрлатып
алғаныңды білесің бе, сен!? Қазір ештеңе
түсінбейсің, кейін бала кезіңде біраз нəрсені
түсініп қойғаныңды ойлап, көп қиналасың».
Əңгіме тек Бұрымның ғана емес, қазіргі
қазақ қыздарының бұрымы да «қайтыс»
болғанын астарлап айтқандай əсер етті.
Аягүлдің соңғы əңгімелерін оқығанда,
оның əлем əдебиетінен көп сусындағанын
байқадық. Стилі де, сөз саптауы да өзгере
бастаған. Күрделі, жаңаша жазуға тырысады.
Ертеректегі əңгімелері көбіне балалар
əдебиетінің тəуір үлгілері деуге болады. Ал
соңғы уақытта жазылған туындыларында
жаңашылдық басым.
Нұрбол ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне
өнер институтының
кіші ғылыми қызметкері.
Нұрбол ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ. «Ар арызын жазатын қаламгер»
Достарыңызбен бөлісу: |