Ахмет Байтұрсыновтың «Айқап» журналындағы публицистикасы
“Айқап” журналында салмақты пікір, салиқалы ойларымен көрінген көшбасшы публицистердің бірі әрі бірегейі Ахмет Байтұрсынов болды. А.Байтұрсынов Торғай уезінің Тосын болысында 1873 жылдың 25 қаңтарында дүниеге келген. 1891 жылы Торғайдағы екі кластық орыс-қазақ училищесінде оқып, кейін Орынбордағы мұғалімдер мектебіне түсіп, оны 1895 жылы бітіреді. Бұдан кейін бірыңғай мұғалімдік, публицистік қызметпен айналысады.
Қазақ бостандығы үшін саяси күреске белсене кіріскен жергілікті интеллигенцияның мақсат-мүддесі ұлттық-демокра-тиялық сипатта болды. Ғасыр басындағы зор саяси оқиғалар-дың бірі – 1905-1907 жылдарындағы орыс революциясы еді. Ресей империясындағы бұл саяси оқиға Қазақ жеріндегі қоғамдық-саяси қозғалыстың басталуына да көп ықпал етті. Бұл уақытта Қарқаралы уезінде ағартушылық қызметпен айналысып жүрген А.Байтұрсыновтың саяси көзқарасының қалыптасуына елдегі өзгерістердің әсері болмай қалған жоқ. Мұхтар Әуезов өзінің “Ақаңның 50 жылдық тойы” атты тарихи мақаласында осы мәселелерді жан-жақты көрсетіп береді. “Қарқаралыда тұрғандағы соңғы 4 жыл Ақаңның саясат ісіне белсене кірісіп, жазуымен де, ісімен де бой көрсеткен кезі, сол мезгілде 1905 жылдың өзгерісі болған. Қазақтың Мәскеуден келген бірен-саран студенттері, басқа қалаларда оқып жүрген жастары һәм ескіліктен келе жатқан пікірі түзу үлкендерінің арасында өзгеріс рухы жайылып, қазақтың елдігін сөйлей бастаған кездері сол мезгіл болатын” [152], – деп Ақаңның қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптаса бастаған кезін дөп басып айқындайды. Қазақ даласындағы Алаш қозғалысының басталуын да тарихшыларымыз 1905 жылмен байланыстырады [153]. “Ал ондай саяси күштің қалыптасып келе жатқанын 1905-07 жылдардағы оқиғалар көрсетіп берді. Ол күш-сан жағынан аз болғанымен, бірақ саяси күрес қазанында қайнап, тез ысыла бастаған ұлттық интеллигенция болатын. Осы бірінші орыс революциясы жылдары ұлттық зиялылар кейін А.Қ. (Алаш қозғалысы – Б.Ж.) атаған қоғамдық қозғалыстың негізін қалады. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде дүниеге келген Қарқаралы құзырхаты (петициясы) оның бағдарлама-лық құжаты болатын. Осы мезгілден бастап Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов жетекшілік еткен ұлттық зиялылар жаңа өрлеу ала бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа нысаналы сипат беру үшін газет шығару, азаттыққа үндеген кітаптар бастырып тарату, мемлекеттік Дума жанындағы мұсылман фракциясы жұмысына, жалпыресейлік мұсылман, түрікшілдік қозғалыстарына ат салысу сияқты қазақ қоғамына бейтаныс күрес әдістерін игере бастады. Ал 1911 жылдан шыға бастаған “Айқап” журналы, 1913 жылдан жарық көріп, жалпыхалықтық басылымға айналған “Қазақ”, оның артын ала өмірге келген “Бірлік туы”, “Сарыарқа”, “Ақжол” газеттері ұлт-азаттық күрес идеологиясының қалыптасуына қызмет етті” [71, 249 б.].
Көріп отырғанымыздай, А.Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуындағы Қарқаралыдағы саяси қызметінің орны үлкен. “Атақты Қоянды жәрмеңкесінде, 1905 жылдың маусым айының 26 жұлдызында, Ахмет Байтұрсынов Жақып Ақбаев сияқты оқыған қазақ зиялыларымен бірге патша өкіметінің атына империяның отарлық, орыстандыру саясатынан зардап шеккен қазақ халқының талаптарын білдіру мақсатында Санкт-Петербургке петиция жолдады. Петицияда қазақ жерінде адам құқы аяққа тапталып, заңсыздық пен бассыздықтың шегінен шыққан орыс чиновниктерінің озбыр-лық әрекеттері көрсетіліп, болашақта келісімге келу арқылы қазақ даласындағы саяси және ұлт мәселелерін шиеленістірмей шешудің шаралары белгіленген еді. Атап айтсақ, талаптарға мына мәселелер енді: дінге қысым жасамау, қазақша мектептер ашу, Орталық Ресейден қоныс аударушыларды тоқтату, “Даланы басқару Ережесіне” өзгерістер енгізу, мекемелерде іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, қазақ депутаттарының сайлануы сияқты т.б. мәселелер қойылды” [154, 28 б.]. Қарқаралы петициясының тексінде Ахаң қолтаңбасы айқын көрінеді. А.Байтұрсынов дайындаған саяси құзырхатқа 16500 адам қол қойып Санкт-Петербургке жіберілді. Патшалық Ресейдің отаршылдық саясатының озбыр әрекетіне ашық қарсы жазылған бұл құжат – Қазақстандағы ұлттық бостандық үшін күрестің бастамасы еді. Қозғалыстың мән-маңызын М.Әуезов те өз мақаласында ашып көрсетеді: “1905 жылы Қарқаралыда Ахаңмен біраз оқығандар бас қосып, кіндік үкіметіне қазақ халқының атынан петиция жіберген. Ол петициядағы аталған үлкен сөздер: Бірінші, жер мәселесі, қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған. Екінші, қазақ жеріне земство беруді сұраған. Үшінші, отаршылдардың орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін, ол күннің барлық мұсылман жұртының қосылуында болғандық-тан, қазақ жұртын муфтиге қаратуды сұраған.
Петициядағы тілек қылған ірі мәселелердің жайы осы. Ой ойлаған қазақ баласының дертті мәселелері осылар болған-дықтан, Ахаңдар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан, көпшіліктің оянуына себепші болған” [152].
Өткенге ой жіберіп, бүгінгі көзқарас тұрғысынан қара-ғанда, А.Байтұрсыновтың алғашқы публицистикалық қызметі – сол “Қарқаралы петициясынан” басталған. Осы құжатта көтерілген мәселелер, кейін де бірде таратылып, бірде жинақталып Байтұрсынов публицистикасының бүкіл ұзын-ырғасынан табылып отырады.
“Айқап” журналының 2 нөмірінде жарияланған “Қазақ өкпесі” мақаласында да бұл сөзіміздің айғағын көруге болады. “Автордың “Қазақ өкпесі” мақаласында тарихи мәселелерге объективті, ғылыми тұрғыдан қарайтындығы көрінеді, қазақ хандығы неліктен құлады, өз алдына дербес мемлекет болып тұра алмаудың себебі, Россияға қосылудың негізгі жағдайлары деген проблемалардың жауабы айтылады” [155, 17 б.].
“Қазақ жерінің қазыналық болғанына өкіну – білмегендік. Әуелі - қазыналық етемін дегенде көнбес шара жоқ. Екінші, жер өзінде болса қазаққа пайдалы емес… Амалыңды түзет, түземесең ешкімге кінә қойма? Беті жаманның айнаға өкпелеуі жөн бе? Ниеті жаманның аллаға өкпелеуі жөн бе? Талап жоқ, үміт мол бір халықпыз… Өзім жатсам екен, керегім өзі кеп тиер болса екен дейміз… Еңбексіз егін шықпайды, терлесең терің тегін қалмайды. Телміріп алған теңгеден тер сіңірген тиын жұғымды… Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты…” /А-п. 1911, №2/ – деп тебіренген публицист, ойларын төгіп-төгіп, қазақты қайрайды. Қазақты еңбекқорлыққа, ғылым, өнер жолына түсуге шақырады. Өткенге өкпелемей, болашақтың қамын ойлау керектігін, ол үшін амал қылып есе жібермей, елдің қамын ойлау керектігін түсіндіреді. Жатып ішер жалқаулықтан арылып, маңдай тер төгіп еңбек ету – әр қазақтың борышы екенін еске салады.
“Дүниеде теңге теңдік, кемге кемдік, азды көпке теңгеретін ғылым мен өнерді, елсізді елдіге теңгеретін жоқты барға теңгеретін ғылым мен өнерді керек қылатын қазақ аз. Теңдікке қолы қалай жетсін! Қатерлі жерде қаперсіз отырдық. Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ” /А-п. 1911, №2/, – деп аяқталған публицист ойларында теңдікті, бостандықты аңсау жатыр. Қазақ халқының бөтен жұртпен тең дәрежеде ел болуы үшін – сана – сезімге жаңғырық керектігіне, ол үшін ғылым, өнер жолына түсу қажеттігіне баса назар аударады.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласындағы басты мәселелердің бірі – жер мәселесі болды. Мәселенің мәнісін аңғару үшін ХІХ ғасырдың аяғында шыққан орыстың буржуазиялық – либералдық баспасөзінің қазақ жерін отарлауға қатысты кейбір материалдарына көңіл аударайық. Қазақ жерін отарлаудағы орыс үкіметінің не мақсат көздегені “Отечественные записки”, “Дело”, “Вестник Европы”, “Запис-ки русского географического общества” секілді басылымдарда айқын көрініс тапты. Олардың кейбір мысалдары мынадай:
“Киргизы (казахи – Б.Ж.) полезны России как кочевой народ, как потребители хлеба и мануфактуры и как произво-дители кож и другого сырья. Поэтому их должно удерживать в полудиком состоянии” (“Дело”, 1869, №3), [156, 3 б.].
“Киргизы нужны России только в виде кочевников, их оседлость может быть опасной для русских” (“Отечественные записки” 1866. № 5. №. 47) [156, 3 б.].
“Кочевое население с отрезкой и изъятием земель до того потерпело в ограничении пастбищ, что киргизы начали захо-дить в район Тобольской и Томской губерний и арендовать пастбище и покосы у крестьян. Вопрос осложнялся еще тем, что если крестьяне – переселенцы и могли выбрать кое-где удобные участки, то они должны были быть отняты у кир-гизов…” (“Вестник Европы”, 1891, №8. С.806-807) [156, 4 б.].
“…захват лучших участков у кочевников, где находятся их зимовки, не мог быть терпим. Мы видим, таким образом, что и в кочевых районах русская колонизация далеко не везде может существовать и водвориться, там она входит в столкновение с кочевниками, и лишает последних необходимых пастбищ и средства к существованию” (“Вестник Европы, № 8. С.807”) [156, ] б..
“Выселение киргизов отозвалось на них очень тяжело”. “… киргизы во всех указанных случаях чувствовали себя совер-шенно бессильными перед напором переселенцев, так как мас-сами покидали свои кочевья: 500 кибиток выселилось на Укок; ушли и 1500 юрт каратаевцев, оставшиеся 3000 каратаевских же кибиток собрались тоже уходить, грозя при этом одновре-менно с уходом уничтожить крестьян…” “…киргизам грозила еще одна опасность, и пожалуй, более грозная, в лице новых пришелцев – казаков”. (“Записки русского географического общества”, Семипалатинск, 1907 г. С. 9,12) [156, 5 б.].
Орыс басылымдарынан үзіп алынған осы бір сөйлемдерде – патшалық Ресей отаршылдығының мұжықтарды қоныстан-дырудағы, қазақты шұрайлы жерлерінен айырудағы, отырық-шылыққа жергілікті халықты үйретпеудегі, күшпен жер тартып алудағы озбыр саясаты айқын көрініс тапқан. Ресейдің жер жөніндегі осы саясатының зардабын қазақ халқы жылдар бойы тартты, залалын көрді, шұрайлы жайылымынан, малы-нан, қонысынан айырылды.
ХХ ғасырдың бас кезінде бұл мәселе қазақ зиялыларын ойландырмай қоймады. Жоғарыда орыс басылымдарында жазылған патшалық Ресей саясатының зардаптарын А.Байтұрсыновтың “Тағы да жер жайынан” деген проблемалық мақаласынан көруге болады. А.Байтұрсынов – публицист жер мәселесіндегі әр түрлі пікірлердің басын қосып, қазаққа қалай істегенде пайдалы болатын жағын “тайға таңба басқандай” айқын көрсетіп береді.
“Қазірде аяулы жерді алып қалудың қайласы жалғыз-ақ сол жақсы жерге қала салу, бұл қала салу деген сөз қазақтың бәріне айтылған емес, егін салып, күн көрерлік жері бар қазақтарға айтылған сөз, мұны мақұлдамайтын адам аз шығар” /А-п. 1911, №4/, – деп елге сабырлы да салиқалы ой айтады. Шындығында да егін салып, күн көре алатын қазақтар ғана қала салуды қолға алу керек деген публицист ойы да шын жанашырлықтан туған. Кейбір мал өсіруге ыңғайлы жерлерде мал шаруашылығын өркендету керек деген пікір айтқан.
Қазақтың шұрайлы жеріне нықтап қоныстанып алған келімсектер, енді өздерін сол жердің қожайыны санай бастады. Ол аз болғандай қазақтар жерді үкімет рұқсатымен ғана ала алатын қаптаған бұйрықтар шықты. Дәл осы уақытта Ахаң сияқты көшбасшы зиялылар сөзінің құны алтынға барабар еді.
“Әуелі сұрап салу жайын қарастыралық, осы күнде екі түрлі сұрау болып жатыр, біреулер баяғыдан бері қыстау салып отырған жерлерін алып бара жатқан соң Мұжықпен қатар жан басына он бес десятинадан жер кесіп беріп, орнымнан қозғама деп сұрап жатыр. Біреулер өзгелердің жерін алып жатқанда біздің жеріміз де аман қалмас деп алдын ойлап, қала салуды сұрап жатыр. …Солай болған соң мұжыққа кесетұғын жерге жері жақын қазақтар жерін кескізіп алып жатыр, жақын еместерінің берген арыздары үйіліп босқа жатыр” /А-п. 1911, №4/ – деп сол кездегі жағдайдың анық-қанығына алдымен жұрт көзін жеткізеді. Осы болып жатқан жайтты тек баяндап қана қоя салса, автордың өз көзқарасы көрінбесе, бұл мақала публицистикалық қуатқа ие бола алмас еді. А.Байтұрсынов: “Орынборская газетаның” отызыншы нөмірінде шыққан мақалада Орал, Торғай облыстарында қазақтар мұжықпен қатар жер алып жатыр, малы көп қазақ байларына жерлер хақысыз беріліп тұр, қазақтар осыған бек риза – деген сөздің бізге расынан өтірігі көп көрінеді” /А-п. 1911, №4/,– деп сынға алып кетеді. Өйткені шын мәнінде ондай жаймашуақ жағдай жоқ екенін көзі көріп отырған публицист халыққа пайдалы ақыл-кеңестерін береді:
“Степной положенияның жүз жиырмасыншы статьясы бойынша жердің басы патшалық болғанмен шөбі, суы қазақтікі, қазақ жерді патшалықтан сроксыз арендаға алған қисабында, Жалдап алған жеріне үй сал, қора сал, мал жай ықтияр өзіңде емес пе?! Өз қолыңда тұрған жерге қала салам деп өзгеден сұраудың не жөні барын ұқпаймын” /А-п. 1911, №4/. Публицист ойлары нық, әрбір сөзін шеге қаққандай анық жеткізеді. Оның үстіне өз жеріне қала салу үшін өзгеден рұқсат сұраған халқына зығырданы қайнайды, жаны ауырады. Ақыры жер мәселесін шешудің қазаққа жайлы, ең пайдалы жақтарын көрсетіп өз ойларын түйіндейді. “…Қорытып… айтайын егінге жайлы жерді алып қаламын дегендер қала салу керек. Қала салуға бел байлағандар сұрап әуре болмасқа керек. Жақсы жерге жиылып қала салсаң, сен неге салып жатырсың дейтұғын ешкім жоқ. Қазақ қалаған жеріне қала болып отырса, мешіт, медресе салса, қаланың маңайындағы егіндік жерлерді өлшетіп планға түсірсе, өлшеген жер артылмастай көп болып жиылып отырса, қалаңды бұзып, мешітіңді қиратып, жеріңді ала қоймас, аламын десе, сонда ізден” /А-п. 1911, №4/. Бұл қолында билік жоқ болса да, өзге жұрт өктемдік жасап билік құрған халқының қайтсе тығырықтан шығып, өркениет көшіне ілесуін шын тілеген көшбасшы азаматтың жан айқайы десе де болғандай. Жазғанда да асқан батылдықпен жазады.
Жер мәселесіне арналған келесі бір мақаласында осы ретсіздіктерді жөнге келтіруге қалам сілтейді, қайрат жұмсайды. “Қазақ пайдасындағы жерді алу турасындағы низамдар, бұйрықтар” деген атпен жарық көрген мақалада да А.Байтұрсынов қоғамдағы келелі мәселені қозғайды. “Қазақ пайдасындағы жерлерді алады, қыстауларынан көшіріледі. Қай жөнменен алып, қай орында көшіреді, оны қазақ білмейді” /А-п. 1911, №9, 10/, – деп халықтың өз праволарын білмегендіктен көп нәрседен, өзіне тиесілі жерден айырылып қалып жатқандығын жазады. “Білмейтұғын қазаққа бәрі жолды болып көрінеді. Сондай жолсыз істерден орынсыз жәбір көріп, әуре болып жүрген қазақтар көп… Бұл жолды білмей, мұжық қуып шығарады, пәлен қуып шығарады, отыра алмадық дейді. Мұжық болсын, басқа болсын низамнан күшті емес” /А-п. 1911, №9, 10/, – деп елге әр нәрсенің жөн-жосығы барын түсіндіреді. Қазақтың заңды білмегендігінен опық жеп, есесінен ажырап, шаруасы төмендеп бара жатқанына ашынады. Сол үшін де 1909 жылы 9 июньде Министрлер Советі шығар-ған насихат бұйрығының 22 пунктін түгел аударып, журнал арқылы жұртқа ұсынады.
“Жалпақ жұрттың бәрі болмаса да, жалғыз-жарым аз да болса, пайдаланар деген ниетпен қазақтың жерін алу турасындағы шыққан низам, бұйрықтарды қазақшаға аударып, бірте-бірте “Айқап” арқылы жұрттың құлағына тигізбек ойым бар. Және де жер жайындағы низам жолын білмейтұғын қазақтар “Айқап” арқылы жол сұрауды ғадет етсе, шамасы келгенше әркім айтып берер еді” /А-п. 1911, №9, 10/, – деп баспасөздің анықтамалық рөлін де көрсетіп кетеді. А.Байтұр-сыновтың бұл мақаласы мен бұйрықтар аудармасының жергі-лікті халықтың өз несібесін өзі иеленуіне тигізген әсері зор болғандығын сол кездегі өмірдің өзі көрсетті.
А.Байтұрсыновтың “Тағы да народный сот хақында” деген мақаласында қоғамдағы екі келелі мәселе қозғалады. Оның біріншісі – жұрттың сайлау туралы түсінігі, екіншісі халық сотын жақсарту жайы. Сайлауды біздің қазақтың талас, ерегес деп түсінуі дұрыс еместігін айтады. “Сайлау деген – өзіңе берілген ықтияр. Жұртқа жағымды, пайдалы болар, залалы тимес деген адамдарын өздері сайласын. Сайлау көп үшін бер-ген нәрсе, көп пайдасын көздеп сайланса, яғни мынау халыққа тынышты, пайдалы, залалсыз адам, анау-бұзақы, залалды, зор-лықшыл, қиянатшыл адам деп тексеріп, таңдап сайласа, сайлау дұрыс өз мағынасында болғаны. Халықтың пайдасы, залалы қаралмай, мынау туған – туысқаным, я құда-құрмаласым деп, яки мынау анадан пәлендей сомын артық беріп тұр ғой деп сайланса, ол сайлау емес, құр ерегес, құр талас я сауда” /А-п. 1911, №6/ – деп өркениетті дүние елдері сайлауды қалай түсінетіндігін қарапайым халыққа айқын етіп ұғындырады.
Екінші мәселе жөнінде де елге пайдалы ақыл-кеңес беріледі. “Народный сот дегеніміз қазақтың ғадетіндегі қағидалар бойынша айтылатұғын билік… Народный соттан өзіміздің қазақ билігіміз, өз нәрсемізден өзіміз безіп құтқар деп сұрамай, … билердің абақты кесетұғын билігі қазақ ғадетінде жоқ, жат нәрсе. Билердің абақты кесуі түп негізінде – дұрыс емес, осыны қазақ болып сұрау мақұл түгіл, бек қажет. Екінші народный сот турасында істерлік іс. …Осы күнгі билер қағида бойынша істемейді, ойына келгенін істейді. …Әр жерден “Айқап” сықылды бір жерге жиыла берсе, жиылып болған соң қағида, шариғат, низам білетұғын адамдар бас қосып, жиылған нәрсені қарап, қолайлысын алып, қолайсызын қалдырып, кемін толықтырып (шариғаттан, низамнан алып) жоғарыда айтылған ретпен бекіттіріп “Қазақ қағидасы” деп шығарса,.. судьялар бетіменен жайыла бермес еді” /А-п. 1911, №6/, – деп А.Байтұрсынов қазақ даласындағы халықтық биліктің тамы-рын үзбей, дала сотын жаңа үлгіде құруды ұсынады. Абақты кесу дегеннің мүлде қазақ заңдарында болмағандығын айтады. Білімді, білікті адамдардан билерді сайлау керектігін, олардың қазақ халқының көп жылдар бойы қалыптасқан қағидалары бойынша үкім шығаруы қажеттігін алға тартады. Сол кезде әлі қаймағы бұзыла қоймаған қазақ халқы үшін праволық саладағы бұл ұсыныстар аса құнды еді. Мақалада айтылған кейбір мәселелер қазіргі күнде де өз мәнін жоймағандығына көз жеткізу қиын емес.
Байтұрсынов публицистикасының біз байқаған басты ерекшелігі – Ахаң қоғам өміріндегі түземеске болмайтын, тезге салмаса кеш болатын, аса маңызды мәселелерге қалам тербей-ді. Бұл оның “Қарқаралы петициясын” дайындағанда-ақ көрін-ген қыры. Қазақтың жер мәселесі болсын, билік тақырыбы болсын заманында ушығып тұрған жайттар еді.
Ахмет публицистикасының тағы бір өзгешелігі – қаламгер не тақырыпты қозғаса да, алдымен оқиғаның мәнісін жұртқа тәптіштеп түсіндіріп алады, сонан кейін сол мәселені оңдау-дың, жөнге салудың, шешудің дұрыс жолдарын өзі көрсетіп береді.
ХХ ғасыр басындағы Ахаң араласқан ірі мәселенің бірі – әліпби, емле мәселесі болатын. Өзі білікті тілші, әрі ағартушы-публицист ретінде Байтұрсынов бұл істің де басында тұрды. Түркістан республикасының Орталық органы “Ақжол” газетінде Ақаң 50-ге толғанда: “Қазақтың дыбысына, сөзіне арнап әліппе мен әріп, тіл һәм оқу құралдарын шығарып, қазақтың жалпақ тілін талайға үйреткен Ақаң еді. Ұлт қамы дегенді көксеген адам болмай, қазақ құлшылыққа кез болғанда, бостандыққа жол көрсеткен Ақаң еді” [152], – деп әділ баға берілді. А.Байтұрсыновтың осы тарапта жазған мақалаларының бірі “Жазу тәртібі” “Айқапта” жарияланып, ұзақ уақытқа дейін айтыс тудырды. Мұнда Ақаң араб жазуын қазақ сөзінің дыбысталуына лайықтап, жаңа жазу тәртібін енгізу идеясын ұсынды. Ол үшін әрбір әріптің айтылу, жазылу түрі сәйкес келуін нақты мысалдармен дәлелдеп берді. Қазақ жазуындағы кемшіліктерді санамалап көрсетіп, қазақша бір жүйеге түскен грамматика оқулығын шығаруды қолға алу керектігі – кезек күттірмейтін мәселе екендігін қадап айтты. Осы мәселеге қатысты әр түрлі пікір білдірген А.Жанталиннің “Жазу тәртібіне қосымша” /А-п. 1913, №12/, Ш.Жияшовтің “Бірге қозғалайық” /А-п. 1912, №6/, Қ.Қайдауловтың “Емле қақында” /А-п. 1914, №6/, т.б. мақалалар да жарияланды. Мәселен, Ш.Жияшов деген кісі өз мақаласында Ахмет Байтұрсыновтың жазу тәртібіне қатысты ойларына қарсы пікір білдіреді. Оның ойынша: қазақ тіліндегі 28 дыбыстың бәрі де жарты дауысты. Ысмағұлбек Ғаспиринский жолымен татар әліппесін қабылдайық – деген ой айтады. “Айқаптың” 1912 жылғы 8 нөмірінде жарық көрген “Жазу тәртібі” атты мақаласында Міржақып Дулатов Ақаң ұсынған жолды қолдайтындығын білдіреді. Ноғай әліппелерін үлгілікке ұсынып, бүкіл түркі жұрттары бірге қозғалалық – деген Ш.Жияшовтың пікірінің қателегін дәлелдейді. “Жияшов Ахмет Байтұрсыновтың харіптерді дауысты, дауыссызға бөлуін де қатеге санап, 28 хәріптің бәрін де жарты дауысты дейді. Бұл еш уақытта естілмеген жаңа хабар… Дұрыс, түрік баласы екеніміз рас, береке-бірлікте екені де рас. Бірақ жеңілдік үшін әліппенің бірнеше харпін өзгертумен түрік қауымынан шығып қаламыз ба?” /А-п. 1912, №8/ – деп мәселені төтесінен қояды. “Ахмет Байтұрсыновтың жазу тәртібін ұнатқанынан басқа қосарым мынау: “қазақ әліппесіне Ф, Х-де кірсе екен деймін” /А-п. 1912, №8/, – деп өз ұсынысын да білдіре кетеді.
Кейіннен Ақаң бұл мәселеге қайта оралып, “Шахзаман мырзаға” дәлелді, дәйекті жауап хат жазып, “Айқап” бетінде полемикалық мақала жариялаған. Өзі ұсынған әліппенің жеңілдігін, артықшылдығын, оңай оқылатындығын, қазақ дыбыстарына сай келетіндігін нақты дәлелдермен дәйектеп, Шахзаман мырзаның қателіктеріне соққы береді. “Жазуы-мызда тәртіпсіздік, кемшілік барлығын жалғыз мен емес, басқалар да айтады. Еш кемшілігі болмаса, ешкім сөз қылмас еді ғой. Қазаққа пәлен ет, түген ет деп олар күн көре алмай жүргеннен айтпаймыз. Тіршілігінде кемшілік, ретсіздік болғаннан тәуірлен, реттен дейміз ғой. Сондай, кемшілік, ретсіздік жазуымызда да бар. Оны реттеу, жөндеу керек. Жазуымыздың тәртіпсіздігі оқу кітабын шығаралық десек, алдымыздан көлденең келеді, бала оқытсақ оралғы болады…” /А-п. 1912, №9, 10, 11/ – деп жазу тәртібін, әліппені өзгертудің шын мәнінде не үшін керектігін айқын көрсетіп береді.
“Қазақ һәм төртінші дума” мақаласы да сол күннің өзекті тақырыбына арналған. Елдің елдігін ойланатын күн туғанда, бәрін көзімен көріп, көңіліне тоқып отырған А.Байтұрсынов – публицист үнсіз қала алмайды. Патша үкіметінің 3 июнь законына сәйкес жеті облыс қазақ жұрты дәулет думасына уәкіл сайлау хұқығынан айырылып қалған. Сол үшін де 4-ші думаға депутаттар сайлау кезінде қазақтан бір де бір адам кірмей қалған. Мәселені шешу үшін қазақ зиялылары қандас, діндес татар ағайындардан Орынбордан сайланатын депутат-тық орынға қазақтардың біреуін сайлауды өтініп сұрайды. Оған Қоңырқожа Қожиев ұсынылады. Кейіннен Жансұлтан Сейдалинге қолқа салады. Бірақ Ж.Сейдалин “депутат болсам, пенсиямнан айырылып қаламын, пенсия алуға үш-ақ жыл қалды”, – деген желеумен бас тартады. Енді думада жер мәселесі заң түрінде қаралғанда, қазақ сөзін сөйлейтін уәкіл жоқ екендігіне автор қынжылыс білдіреді. Қазақтан бір уәкіл жіберуге күш салған, ашық пікірлі тарих жолындағы ноғай азаматтарына алғыс білдіреді. “Қазақ өкпесі” мақаласын “Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ” /А-п. 1911, №2/, – деп тұжырымдап еді, бұл жолы да Ақаң өз ойын: “Өзімізге болмаса, өзгеге өкпелер жайымыз жоқ” /А-п. 1912, №12/,– деп өкінішті күйде аяқтайды. Осы сөздердің өзі, түсінігі бар қазақ баласын қайрап тұратын қайрақ іспеттес көрінеді.
Қазақ үшін отқа түскен А.Байтұрсыновтың тарихтағы орнын айқын көрсетіп бергендердің бірі Сәкен Сейфуллин болатын. Ол өзінің “Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды” деген мақаласында: “А.Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағы-на түскен халықтың намысын жыртып, даусын шығарған кісі.
Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған, патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губернатор, соттардың күшін сатып тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызметтерін қылды… Қалай болса да жазушысы азғана, әдебиеті нашар қазақ жарлыларына оқу һәм тіл құралдарымен қылған қызметі таудай” [157], – деп Ақаңның ел алдындағы қызметін түгел шолады. Осы айтылған істерінің қай-қайсысы да қайраткер-қаламгердің публицистикасымен сабақтасып, публицистика-сынан көрініс тауып жатыр. “Айқаптағы” атқарған істері соның бір парасы ғана.
Міржақып Дулатов «Айқап» журналында
Алғашқы қазақ журналының ел алдындағы бедел биігіне жетуіне күш қосқан, жаңадан шыға бастағанында үлкен жәрдем беріп, қалам қуатын, ой бұлағын аямаған арыстардың бірі – Міржақып Дулатов. Әсіресе журналдың 1911-1913 жыл-дардағы нөмірлерінде Міржақып Дулатов, Азамат Алашұлы, Азамат Алашұғлы, Арғын, М.Д. деп қол қойып, мақала, очерк, өлең, әңгімелерін жиі жариялап тұрды.
Міржақып Дулатов 1885 жылы 25 ноябрьде бұрынғы Торғай облысы, Торғай уезіне қарасты Сарықопа болысында дүниеге келген. Ол 1897 жылы Торғай қаласындағы орыс-қазақ мектебіне түсіп, 1902 жылы ойдағыдай бітіреді. Мұнан кейін ел ішінде мұғалімдік қызметпен айналысады. Міржақыптың әдеби-публицистикалық қызметі Петербургте басталды. 1907 жылы Петербургте шығарылған “Серке” газетінде оның “Жастарға” деген өлеңі мен “Біздің мақсатымыз” атты алғашқы мақаласы басылады.
Мемлекеттік дума жайы қазақтың озық ойлы азаматтарын толғандырған мәселелердің бірі болды. Оның “Айқапта” жарияланған “Государственная дума һәм қазақ” атты мақаласы сан-салалы ойларға жетелейді, өз заманының өзекті тақырыбын көпшілік талқысына салады. Мақалада көтерілетін бірінші мәселе – патшаның жаңа низамы бойынша қазақтың думаға депутат сайлау хұқынан ажырап қалғандығы. Осыған орай, автор өз көзқарасын білдіреді. Депутатты оқыған өнерлі, білімді, халық үшін жанын пида ететін кісіден сайлау керектігін айтады. Депутаттыққа лайық адамдардың кезінде өтпей қалғанына өкініш білдіреді. “Заманымызда қазақ үшін ғұмырын, білімін жұмсап ауыр жазаларға кіріптар болып, жанын қиып жүрген күллі қазақ халқында бірінші дерлік жол басшымыз Ғалихан Бөкейханов. Бірінші Дума сайлауында Қарқаралы уезінің Тоқыраунск болысының управителі выборчик болуға таласып, Бөкейхановтың үстінен жамандап рапорттар бергендігі күллі қазақтың депутат сайлауына нендей көзбен қарағандығын көрсетуге жетеді деп білемін” /А-п. 1911, №5/, – деген сөздері арқылы депутатыққа шын лайықты адамды сайлау керетігіне ел көзін жеткізеді.
Қазіргі уақытта қазақтан депутат жоқтығын, ал ноғай-лардан бәрі он кісі бар екенін айта келіп, туысқан ноғайлар қазақ үшін сөйлейтіндігін, бірақ олардың қазақтың тұрмысын, ғадет-ғұрпын, мұқтажын, қай заңның пайдалы, залалды болатындығын көздері көрмеген соң бізге пайда келтіруінің қиындығына тоқталады.
“Халық үшін нендей ғана закон түзелсе де дума арқылы өтеді. Біздің қазақ халқының ұғып тұрған бір ісі жоқ, солардың ішінде бірінші орын алып тұрғаны жер мәселесі аз да болса думада депутаттарымыз болса, сөздері ықтыбарға алынбаса да қазақ жері өз мүлкі екендігін селдей ағып келе жатқан хақолдар жерді тарылтып, (астын сызған біз – Б.Ж.) жұртты пақырлыққа айналтатын, хүкіметтің де бұл харекеті бізге ғаділсіздігін дума мінбесінен сөйлеп, отчетында жазылып қалар еді. Ақырында сөйлеген хақиқат үстіге бір шықпай қалмас еді…” /А-п. 1911, №5/ – деп қазақ үшін ең басты мәселе – жер мәселесіне соқпай өте алмайды. Өзінің 1906 жылы жазылған “Қазақ жерлері” деген бір өлеңінде осы мазмұндас, саяси мәселені ашық көтеріп, патшалық Ресейдің озбыр саясатын батыл әшкерелеп еді:
“Қазағым, жерің қайда ата мекен,// Қазақ қазақ болғалы мекен еткен?// Хазірде бәріңізді қуып шығып,// Орныңа қала салып “хахол” жеткен.// Шығарған жер өлшеуге землемерлер,// Қала үшін кеткен бізден жақсы жерлер.// Тәтті шөп, тұщы судың бәрі сонда,// Табатын бұған хәйлә қайда ерлер?” [158, 30-31 бб.] – осы жыр жолдарындағы, қазақ қалын жақсартуға айла табатын ерлер – М.Дулатов ойы бойынша депутаттар, бас көтерер зиялылар болса керек еді.
Қазақ халқының атынан уәкіл жоқ болғандықтан, думада қандай заңдар қабылданып жатқанынан да бейхабар екендігіне өкініш білдіреді. Мәселен, 1910 жылы октябрьдегі дума жиылысында – бұрын бірде бір оқымаған балаларды сегіз жасқа келген соң мектепте оқытуға міндеттеу, ал балаларын оқуға бермеген ата-аналарға штраф салу туралы заң болғанды-ғын айтады. Ал бұл үлкен оқиғаны қазақтың білмейтіндігіне шүбә етеді. Мақала түйінінде: қазақ халқына енді не қылуға керек? – деп сауал қойып, “келер думаға қазақ халқының да депутаттар сайлануын сұрау керек” /А-п. 1911, №5/, – деп жалпақ жұртқа ой тастайды, елді оң жолға бұрады.
Сол кездің басты мәселесі – жер мәселесі екендігін автор алдыңғы мақалада айтып өткен еді. “Айқапта” жарық көрген “Жер мәселесі” мақаласының қоғамдық мәні зор болды. Мұнда публицист М.Дулатов жер мәселесін шешудің дұрыс жолын іздестіреді, көпшілікті ойласуға ақылдасуға шақырады.
“Ішкі Россиядан бұлттай көшіп келе жатқан мұжық алдағыға көз салуды үйреніс қылмаған қазақ халқын да ойға қалдырды. Бұрынғыдай көшіп жүру керек пе, 15 десятинадан ер басына жер кестіріп қала болу керек пе?” /А-п. 1911, №11/ – деп заманауи сауал тастаған қаламгер болып жатқан өзгерістерді де шолып өтеді. Мәселен, қазақ оқығандарының бір тобы мен ноғай туғандарымыздың білімділері жақсы жерге орнығып отыруды пайдалы көріп, газеттерде жазып жатқанына тоқталады. “Атақты қазақ адвокаты 2 дума члені Сұлтан Бақытжан мырза Қаратаев өзіне ерген ағайындарымен тиісті жерін кестіріп алып, қала болды” /А-п. 1911, №11/, – деген мысалды да келтіреді.
“Бір халықтың тұрмысын түп-тамырынан бұзып өзгертуі (көшпенділіктен отырықшылыққа отырықшылықтан көшпен-ділікке шыққан секілді) оңай іс емес”, – екендігін еске салады. “Қазір алдымызда 4-5 айлық қыс тұр. Осындай еркін уақытта қазақ халқы журнал үстінде кеңесіп, жазға шейін я қала болуға, я бұрынғыдай көшпенділікте қалуға тізгінді мықтап қоярға керек” /А-п. 1911, №11/, – деген публицист сөзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Қазақтың өз мемлекеттілігі жоқ кезде, билік бөтен жұрттың қолында болған кезде қазақ публицистикасы, әсіресе көш бастаушы көсемсөзшілер қалың елді басылым бетіндегі нұсқау, ұсыныс, пікір, тұжырымдар арқылы басқарып отырғандығының дәлелі – бұл. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Шын мәнінде мемле-кеттігіміздің жоқ кезінде қалың қазақтың қарайтын жалғыз тұтқасы – елдің көзі ашық оқығандары топтасқан газет-журнал болғандығы дәлел тілемейді. Ал сондай ауыр кезеңде публи-цистика “басшылығы дұрыс болса, әлеуметті түзейді, теріс басшылық қылса, әлеуметті адастырады” [1, 224 б.].
М.Дулатов – публицист мақалада өз қаупін де жеткізеді: “15-20 жылдан бері бұл көшпелі мұжықтардың келіп бітуінің ұшы көрінбей, бұлай болғанда енді аз жылда қазақ халқы ең жаман жерге сорлап қалып ақырында пақырлыққа жетуі ықтимал” /А-п. 1911, №11/. Міне сол қауіп-қатердің алдын-алу үшін қазақ дұрыс жолды таңдауы керек. Әйтпесе, кейін кеш болатынын ел есіне салады.
Егер де отырықшы болсақ, қандай артықшылығы бар. Алдымен соны ұғындырады.
“Жер жүзіндегі халықтардың һәммесі бір аз ғана болмаса, қала болып отыр. Мал бағып көшіп жүрмегендіктен қырылып қалғаны естілмейді. …Олар бізден кедей емес, бізден өнерсіз емес, бізден аз емес, бізден күшсіз емес. Бұларды көре тұра, біз қазақтарда қала болып, малдың санын кемітіп, бағасын көтеріп, егін салып, сауда қылып, оқу оқып, өнер тауып өзіміз де алдағы жұрттың істегенін істеп солардың жолына түсейік, сол уақытта ғана қатардағы халықтардың, бірі бола аламыз” /А-п. 1911, №11/, – деп ой түйеді. Сөз соңында айтқан ойында: “қала болуды құптаушылар (өзімізді де солардың бірінен санаймын) – деп, өз көзқарасының қай жақта екенін де жасырмайды.
Бірақ көшпенділіктің де кейбір артықшылықтарын көрсе-тіп өтеді. “Қазақ халқы көшейін деп жүрген жоқ, жерінің ауасына (климатическая условия) қарап көшіп жүр. Адам тұрған жерінің құлы. Қазақ отырған жер егіншілікке жарамсыз. 12-15 жыл егін салған жер тозып шаңы шығады, тағы да жаңа жерге салу керек болады. Әлгі тозған жер егіндікке жарауына 20-25 жыл тынығуы керек.
…Халықтың ғұмыры 20-30 жылдығына емес, дүние тұрғанша тұруда үміт бар” /А-п. 1911, №11/, – деп көшпелі мал шаруашылығын түгел тастауды да құптамайтынын білдіреді. “Қазақ халқының егіншілікке айналмай, бұрынғыдай мал өсіру кәсібінде болғанда, бірінші өзіне, екінші мемлекетке зор пайда келтіреді”, – деп мал шаруашылығын дамытудың да қажет-тігіне назар аударады. Ендігі жерде “өзі қайда барарын білмей, адасып тұрған халықты бұрынғыдан жаман адастырып, басшыларымыздың бір жаққа тартуына қайғырып, тездетіп бір ынтымаққа келуін тілейміз” /А-п. 1911, №11/, – деп өз ойын аяқтайды. “Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының” кері, қиын заманда қысталаңнан жол тауып шығу оңай емес. Осы ауыр жүк ең алдымен Дулатов сияқты нағыз ұлт болашағын ойлаған азаматтар иығына түсті.
Ғасыр басында мерзімді басылымдар қазақ халқының зер-делі қаламгерлерінің үлкен тәрбие мектебіне айналды. Қуатты дарын, қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың 18 жасында орыстың “Трудовая Сибирь” журналында жарияланған “Қазақ әдебиеті” атты тарихи-талдау очеркі назар аударарлық. Онда ХХ ғасырдың бас кезінде публицистиканың ерекше дамыған-дығы жайынан, публицистердің кімдер екендігі жөнінен мына-дай деректер келтіріледі:
“Қазақ прозасына келетін болсақ, азын-аулақ жамандарды айтпағанда табысы ауыз толтырарлық емес. Қырғыз (қазақ – Б.Ж.) прозасында публицистика тәуірірек дамыған. Бір бастан олар қазақ халқының бостандығы мен әйел теңдігін қорғайды. Ең көрнекті қазақ публицистерінің арасында бірінші орында Ахмет Байтұрсынов тұр (бұл публицист болғанда да бесаспап), содан кейін Ә.Бөкейханов (тек саяси тақырыптарға ғана қалам тербейді) пен М.Дулатов (халыққа білім беру мен әйел теңдігін қорғайды) (астын сызған біз – Б.Ж.). Бұл бағыттағы жас күштердің арасынан Болғанбаев, Әлімбеков, Қауызжанов, Ғаббасов, Аймауытов, Әуезов, Кемеңгеров, Тұрғанбаев, Жәнібеков және басқалар көп үміт күттіреді” [159]. Осында айтылған әйел теңдігі тақырыбына жазуды М.Дулатов “Айқап” журналының бетінде бастады. Оған дәлел “Екі қыздың мұңы” атты ерекше бір шартты пішінде жазылған мақаласы. Қазақ қоғамындағы әйел теңсіздігі проблемасы Нұрила және Ұлбосын есімді екі қыздың әңгіме диалогы негізінде ашылады. Бұл – жай үй-ішілік әңгіме емес, бүкіл қоғамдағы қазақ әйелінің басына түскен ауыр тауқыметті, азапты тағдырды сөз еткен, содан шығудың жолдарын іздестірген, көпшілік қауымға ой тастаған салмақты сөзге қонақ беру.
Екі қыз алдымен өз жеке бастарындағы тағдыр тауқыметін айтып, мұң шағысады. Бірте-бірте бүкіл қоғамдағы үлкен мәселеге бет бұрады. М.Дулатов – публицист қазақ әйелінің басындағы қара тұманды айықтырып, еңсесін көтеретін сөздерді Нұрила қыздың аузына салады.
“Нұрила: Бұрынғырақ заманда қыз-қатындарды кемге ұстау, оларды мал орнына сату (қазіргі біздің қазақ секілді) әр жұртта болған. Бұл кезде ол жұрттардың көбі оқу-өнерге молығып, арасынан білгіштер шығып, кітаптар жазып, дүниеге таратып, әйелдер жер жүзіндегі халықтардың жартысы ғана һәм олар халықтың анасы, тәрбиелі ананың балалары жақсы болып, көргенсіз ананың да баласы да көргенсіз болатын. Сол себепті әйелдерді ерлермен бір дәрежеде ұстау керектігін жұртқа түсіндіріп, берірек келген соң әйелдердің өздері де көтеріліп, бастарын қосып, дауыстарын жаңғырықтырып, өздерін жәбіршіліктен қорғап, оқу оқып, ақырында сондай теңдікке жеткен, бұ заманда қатыннан патша болғандар да бар…” /А-п. 1911, №12/,
М.Дулатов – публицист қазақ әйеліне жеткізетін ақыл-кеңесін де Нұриланың атынан айтады: “Нұрила: бір ғана сен емес, күллі қазақ қыздарына айтатұғын насихатым мынау. Атасының малға сатқан жеріне егер өзі риза болмаса, басын кессе де бармасын. Ғұмырын қол ұстасып өтсе де, өзінің сүйгенімен кетсін. Бұл іс шариғатқа да теріс емес. Қызын сатсын деген шариғат жоқ. Қыздың басына закон көптен ерік берген. Бұларды көре тұрып пайдалана алмаған қыздардың обалы өздеріне. Қызды балам деген аталар жылатпасын, оқуға берсін” /А-п. 1911, №12/. Міне ғасыр басындағы қазақ әйеліне теңдік әперуді көздеген публицистің ақжарма ойлары осылай ақтарылады. Мақала диалог түрінде жаңа пішіндік ізденіспен, қалың көпке түсінікті тілмен жазылған. Қаншама қазақ қызы-ның көкейіндегі арман-зарын, үміт-мұңын ашып көрсетеді.
“Айқап” бетінде жарияланған “Абылай” /А-п. 1912, №6/ танымдық очеркі нақты тарихи деректер негізінде жазылған. “Жазу тәртібі” /А-п. 1912, №8/ мақаласында әліпби өзгерту туралы А.Байтұрсынов үлгісін қолдап, қуаттайды. “Адамға тіршілік не үшін керек” /А-п. 1913, №1/ публицистикалық мақаласында Абайдың “Мәз болады болысың…” өлеңін мысалға келтіре отырып, заман, қоғам туралы толғанады. “Эсперанто тілі” /А-п. 1913, №9/ атты мақаласында жер бетіндегі халықтардың бір-бірімен қатынас құралы ретінде пайда болған тілге тоқталады. “Ақырында біздің заманымызда машһүр доктор Заменгоф деген жер жүзіндегі халықтарға бірдей ортақ “эсперанто” тілін ойлап шығарды… бұл тілдің үйренуге оңайлығы сонша: егер бірнеше ай көңіл бөліп үйренген кісі өзінің ана тіліндей болып шығады” /А-п. 1913, №9/, – деп, оқимын, әлемнен сыр тартамын, тіл үйренемін деген қазақ жастарына арзан кітаптарды қайдан алуға болатынына дейін көрсетіп береді.
М.Дулатов публицистикасы қоғамдық зор саяси-әлеумет-тік мәселелерді көтеруімен, қарапайым оқушыға тілінің түсініктілігімен, үлкен проблемалардың шешімін көрсетуімен, ағартушылық, ілгерілеушілік идеяларымен құнды. “Міржақып публицистикасының идеялық қуатын, позиция беріктігін арттыра түсетін және бір жайт – ол елді, азаматтарды үнемі бірлікке, ынтымаққа, өзара көмекке үндеп отырады… Тағы бір тамсандырар нәрсе: Міржақып – мақалдап, мәтелдеп жазудың шебері” [160, 62-63 бб.]. Айта берсек М.Дулатов публицис-тикасының жаңа қырларын да ашуға болады. Жақаң публицис-тикасының жарқырап ашылған тұсы – “Қазақ” газетінде жазған мақалаларынан айқын көрінеді. Оған орайы түскенде, қайта оралармыз.
Достарыңызбен бөлісу: |