1.2 Қола дәуірі
Қола дәуірі б.з.д. 2 мыңжылдық пен 1 мыңжылдықтың басы аралығында болды. Қола алу тәсілі б.з.д. екі мыңжылдықта Еуразия даласында өндіргіш күште төңкеріс жасалды. Ежелгі адамдар мысқа қалайыны қосу арқылы қола алды. Қоладан тіршілікке қажетті құралдар және қарулар жасалды.
Кеңес өкіметі тұсында Қазақстандағы қола дәуірінің тарихы жүйелі түрде зерттелгенін байқауға болады. Атап айтқанда, 1933 жылы КСРО Ғылым академиясы Орталық Қазақстанды зерттеу мақсатымен «Нұра экспедициясын» ұйымдастырды. Экспедиция мүшелері П.С.Рыков, М.И.Артамонов, М.П.Грязнов, К.Арзютов, И.В.Синицин сияқты ғалымдар қола дәуіріне қатысты бірқатар зерттеулер жүргізді. Осы ғалымдар тобы Шерубай-Нұра өзенінің аңғарынан қола дәуіріне жататын Дәндібай ескерткіштерін тауып, ғылымға үлкен жаңалық енгізді. Қазақстанның батыс бөлігіндегі қола дәуірін ғалым О.А.Кривцова-Грекова зерттесе, Тарих, археология және этнография институтының жанынан ұйымдастырылған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясын Әлкей Марғұлан басқарып, Атасу, Бұғылы, Беғазы, Ақсу-Аюлы, Дәндібай ескерткіштері бойынша қазба жұмыстарын жүргізді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Ә.Марғұланның қола дәуірі туралы екі үлкен монографиясы («Бегазы-Дандыбаевская культура»), көптеген ғылыми мақалалары жарық көреді. Ал, С.С.Черников Шығыс Қазақстандағы қола дәуіріне жататын ескерткіштерді зерттеді. ХХ ғ. 50-жылдары қола дәуірін зерттеген археолог ғалымдар К.А. Ақышев, А.М. Оразбаев, А.Р. Максимовалар болды.
Қазақстан жерінде қола дәуірі тұсында өмір сүрген адамдардың негізгі мәдениеті ғылымда Андронов мәдениеті деген атпен белгілі. Қола дәуірінде қазақ даласын, Оңтүстік Сібір және Орал аймағын шығу тегі жағынан ұқсас, өзіндік мәдениеті бар тайпалар мекендеді. Бұл мәдениеттің алғашқы ескерткіші Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласы маңындағы Андроново селосынан табылғандықтан Андронов мәдениеті деген атқа ие болды. Сол жердегі қазба жұмыстарын 1913 жылы Б.В. Андрианов жүргізген. 1927 жылы археолог М.П. Грязнов осындай қорымды Батыс Қазақстаннан да тауып, андронов мәдениетінің ескерткіштері шығыста Минусинскіден бастап батыста Оралға дейінгі үлкен территорияға тарағанын анықтап, дәлелдеді. Зерттеушілер Андронов мәдениетінің өмір сүрген уақытын 3 кезеңге бөледі:
1. Ерте қола кезеңі (Федоров кезеңі) – б.з.б. ХVІІІ-ХVІ ғғ.
2. Орта қола кезеңі (Алакөл кезеңі) – б.з.б. ХV-ХІІІ ғғ.
3. Кейінгі қола кезеңі (Замараев кезеңі) – б.з.б. ХІІ-VІІІ ғғ.
Бұл кезеңдер алғашқы зерттелген ескерткіштер атына сәйкес Федоров, Алакөл, Замараев деп аталды.
Қола дәуірінің ерекшеліктері мынадай:
- түсті металдардың өндірістік жолмен игерілуі (қола металлургиясы);
- ең алғашқы қоғамдық еңбек бөлінісінің жүзеге асуы, яғни мал шаруашылығының егіншіліктен бөлініп шығуы;
- аталық отбасылық рулық қатынастың орнауы;
- Андроновтық тайпалар алғаш болып экономикалық өмірдің озық түрі – көшпелі мал шаруашылығына көшті;
- рулық қатынастар ыдырап, тайпалық бірлестіктер құрыла бастады.
Андронов тайпалары Қазақстанның барлық аймағында болды десек те, негізінен Орталық Қазақстанда қоныстанды. Бұл өңірден андроновтардың көптеген мекендері, қорымдар, көне кен орындары, тастағы суреттер - петроглифтер, 30-дан аса қоныстар мен 150-ден аса қабір табылған. Ертедегі Нұра кезеңінің жерлеу салтында кремация (мәйітті өртеу) көп кездеседі. Келесі – Атасу кезеңінде жерді игеру, оның ішінде шөлейт аудандарды да игеру кең жүргізілгенімен сипатталады. Тау-кен жұмыстары өркендегенін көптеген тау кендерін өңдеу орындарының табылғанынан байқаймыз. Қорымдар мен қоныстардың үлкен бір тобы Атасу өзенінің бойында болды. Қоныстар мен қорымдарды қазған кезде қола құралдары, қару-жарақтары, сәндік заттар табылған. Мәйіттерді бір жамбасына бүк түсіріп жатқызып жерлеу жиі кездеседі.
Орталық Қазақстандағы қола дәуірінің соңғы кезінің өзіне тән ерекшеліктерін ескере отырып, Ә.Х.Марғұлан оны Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп атауды ұсынып, оған Беғазы, Бұғылы, Саңғыру, Айбас дарасы, Дәндібай ескерткіштерін жатқызды. Бұл ескерткіштерден алынған материалдар қола дәуірінен темір дәуіріне өтетін өтпелі кезеңді дәлелдейді. Бұл мәдениет, біріншіден, андронов дәстүрін сақтағанын көрсетсе, екінші жағынан, онда мынадай жаңа элементтер бар: мазарлардың айрықша түрі, өзіндік ерекшелігі бар жерлеу салты, қыш ыдыс-аяқтардың жаңа түрлері. Мәйіттерді шалқасынан жатқызып қою дәстүрі де кездеседі. Беғазы-Дәндібай мәдениетіне Қарағандының оңтүстік бетіндегі Ақсу-Аюлы ІІ қабірі де жатады. Осы кезде тастан қалап қабырғалы тұрғын үйлер салу кең тарады. Тұрғын үйлерді көбінесе ағаштан салды. Металл өндіріп балқыту да кең тарады.
Солтүстік және Батыс Қазақстанда да көптеген андроновтық мәдениет ескерткіштері табылған, олардың ішінен Алексеев қонысы мен Тастыбұтақ қорымы кеңінен белгілі. Ертедегі қола кезеңінде мәйітті өртеп көмген. Сол кездері ежелгі қалалардың прототиптері деп есептелетін қоныстарда археологтар тапқан. Соның бірі Челябинск және Қостанай облыстарының шекарасында орналасқан – Арқайым. Кейінгі қола дәуірінің бірінші кезеңінде Солтүстік Қазақстанның тайпалары Арал өңірінің Қима мәдениетінің, ал Батыс Қазақстан – Еділ бойының Қима мәдениетінің ықпалына түседі.
Шығыс Қазақстанда Андронов мәдениетінің дамуы да осындай жолмен жүрді. Ертіс пен Бұқтарманың, Күршімнің көкорай шалғынды алқаптарынан, Алтайдың таулы аудандарынан, Тарбағатай мен Сауыр далаларынан қола дәуірінің ондаған қоныстары мен қорымдары табылды. Қанай қорымы және онымен қатар орналасқан қоныс қабірлерінің көпшілігі кейінгі қола дәуіріне жатады.
Қола дәуірінде Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу жерінде халық тығыз қоныстанады. Таңбалы мен Қаратау сияқты тастағы суреттердің басым көпшілігі Жетісу мен Қазақстанның оңтүстігінен ғана табылғаны мәлім. Жетісуда Федоров және Алакөл тайпаларының мәдениетінің элементтері аралас болғанымен ерекшеленеді. Федоров дәстүріндегі қабірлер қоршаулары тікбұрышты және дөңгелек болып келеді. Жетісудың орта қола дәуіріне Таңбалы, Қарақұдық қорымдары жатады. Қазақстанның оңтүстігінен, Қаратаудан Таутары қорымы, ал Сырдарияның төменгі жағынан, Арал алқабынан қола дәуірінің бірегей ескерткіші – Түгіскен кесенесі табылған.
Достарыңызбен бөлісу: |