- дәріс және семинар сабақтарында алған білімдерін тәжірибеде қолдану;
- тарихи кезеңдердің ерекшеліктерін көрсету;
- негізгі ғылыми терминдерге түсінік беру;
Құзырлығы:
- студент кешенді түрде ізденеді, тарихи ақпаратты жүйелейді;
- деректермен дербес жұмыс істеп, өз көзқарасын дәлелдейді.
КІРІСПЕ
Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде «...біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз – ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала Елі!», - деп халқымыздың ерекшелігі Ұлы даламен сипатталатынын баса көрсетті.
Елбасымыз тарихымызды терең білуге нұсқау жасайтын сөздері талай мінбеден айтылғаны белгілі. 25 тамыз 2014 ж. Елбасы Н.Ә. Назарбаев Ұлытау төрінде берген сұхбатында «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз», - деп атап өткен болатын.
Ал, «Тарих толқынындағы халық» бағдарламасын жасаудағы мақсат халық санасын жаһандық ауқымдағы мәселелерді екшейтіндей дәрежеге жеткізу ғана емес, жеке адамның біліктілік бәсекесіне шыдас беретін өзіндік даму зердесі деңгейін қалыптастыру арманынан туындайды. 1995 жылы Президенттің тапсырмасымен жасалып, Президент жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық Кеңестің мақұлдаған «Қазақстанда тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы» өз қызметін атқарды. Бұл тұжырымдаманың басты міндеті – тарих ғылымының басты мәселелерін және оны шешудің мүмкін бағыттарын белгілеу, тарихи білім мен ағартушылыққа реформа жасау жолдарын қарастыру еді.
Тарих – кез келген қоғамдағы өзін-өзі танудың және өзіндік идентификацияның әдісі, ал ұлттық тарих біріктіретін маңызды ролі бар және тілі, діні, рухани мәдениеті, таңбасы, дәстүрі бар біртұтас халықты құрайтын мемлекеттің негізгі факторы. Оның жаңа тарихи санасы, дүниетанымы, жеке және ұжымдық жадысы, адамдар мінез-құлқының мотивтері мен стереотиптері болып табылады.
Қай заманда болмасын билік басына келген жаңа династия жаңа мемлекеттік билікті бекемдеу үшін, ең алдымен, ұлттық тарихты жазды. Мемлекеттік саясаттың әсері ұлттық тарихтың дамуына мүдделендіреді. Қазіргі кезде тарих күнделікті өмірдің, мәдениеттің, ойлаудың, халық санасының құрамдас бөлігіне айналып, сауатты қоғамның назарын өзіне аударуда.
Болашаққа тағылым болу үшін өткен жолымызды зерделегеніміз абзал. Ол үшін бүгінгі ұрпақ ата-тек сабақтастығын қаз-қалпында танып, тек қана шындық айтылуы керек. Міне, осы тұрғыдан алғанда бұл оқу құралы бүгінгі дайындық курсының тыңдаушыларына Қазақстан тарихынан білім алып, тарихи сананың қалыптасуына септігін тигізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |