2.5 Қазақ хандығының құрылуы
Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегі Қазақ хандығы туралы бірден-бір тарихи дерек болып табылады. Жалпы бұл еңбек Моғолстан хандығы тарихына арналған. Алайда сол кездегі саяси жағдайға байланысты Қазақ хандығы туралы да көп мәлімет келтірілген. Әбілғазы, Қадырғали Жалайыри өз еңбектерінде Қазақ хандығы, оның билеушілері туралы мәліметтер қалдырды.
Қазақ хандығы — шаруашылықтың дамуы, өндіргіш күштердің өсуі, феодалдық қатынастардың қалыптасуы нәтижесінде ерте заманнан бері Орта Азияның ұлан-байтақ өңірін мекендеген көшпенді тайпалардың бірыңғай этникалық топ — қазақ халқының негізінде бірігуі арқылы XY-ғасырдың орта шенінде құрылды. Қазақ хандығының құрылуына 1457-жылдан кейін Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілхайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап шығыс Дешті-Қыпшақтан батыс Жетісу жеріндегі Шу мен Талас өңіріне қоныс аударуы негіз болды.
Ол кезде Жетісуді билеген Моғолстан ханы Есенбұға (1434-1462-жылдары билік еткен) қоныс аударған қазақтарды Әбілхайырға қарсы пайдалану үшін қарсы алып, қоныс берді. Осы оқиға жөнінде тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде былай дейді: «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Олар барып орналасқан соң, Әбілхайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан, Жәнібек ханға көшіп кетті. Сөйтіп, олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Оларды өзбектер - «қазақтар» деп атады. Қазақ сұлтандары 870 жылдары (1465-1466) билей бастады...».
Алғашында Қазақ хандығының территориясы батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алабы еді. Ежелден осы алапты мекендеген тайпалар Дешті- Қыпшақтан қоныс аударған қазақ тайпаларымен етене араласып кетті. Әбілхайыр хандығындағы аласапыран соғыс салдарынан күйзелген қазақ тайпалары бұл араға келіп ес жинап, етек жауып, экономикалық тұрмысы түзеле бастады. Мұны көрген Дешті-Қыпшақ қөшпенділері Әбілхайыр хан қол астынан шығып, бөгеуін бұзған судай ағылып, Қазақ хандығына қеліп жатты. Алайда жаңадан құрылған Қазақ хандығының экономикалық негізі әлсіз еді және бірсыпыра қазақ тайпалары Әбілхайыр хандығының, Моғолстанның, Ноғай Ордасының және Батыс Сібір хандығының қол астында төрт хандыққа бөлшектеніп отырған болатын. Ал Әбілхайыр хан болса өзіне қарсы шығып, Жетісуға қоныс аударған қазақтардың өз алдына хандық құрып отырғандығына және оған көптеген тайпалардың ағылып барып жатқанына азуын басып, қылышын қайрап отырды.
Жаңа кұрылған Қазақ хандығы құрамына, яғни батыс Жетісу өңіріне он шақты жыл айналасында екі жүз мыңдай саны бар көшпелі тайпалардың жиналуы кең өріс-қонысты керек етті. Сонымен қатар көшпелі елдің отырықшы-егіншілігі көркейген аудандармен, әсіресе қолөнері мен саудасы дамыған экономикалық орталық - Сырдария жағалауыңдағы қалалармен сауда-саттык қарым-қатынасқа қолайлы жағдай жасау маңызды мәселеге айналды. Бұл қарым-қатынастьң оңалуына тек көшпелі ел ғана емес отырықшы аймақтардағы халықтар да мүдделі болды. Осы жоғарыдағы жағдайлардың талабына сай, Қазақ хандығының алдында үлкен тарихи міндеттер тұрды.
1. Мал жайылымдарын пайдаланудың Дешті-Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі тәртібін қалпына келтіру (бұл тәртіп Әбілхайыр хандығындағы аласапыран кезінде бұзылған еді).
2. Шығыс пен батыс сауда керуен жолы үстіне орнаған Сырдария жағасындағы Сығанақ, Созақ, Отырар, Яса (Түркістан) т. б. қалаларды Қазақ хандығына қарату. Себебі Сырдария бойындағы бай қалалар бұдан бұрынғы мемлекеттік бірлестіктердің — Ақ Орданың, Әбілхайыр хандығының саяси-әкімшілік және сауда-экономикалық орталықтары еді. Сырдария бойындағы қалаларды өзінің экономикалық және әскери тірегіне айналдыру Дешті-Қыпшақ даласын билеудің басты шарты болып келген. Сондықтан бұл қалалардың саяси-экономикалық және соғыс-стратегиялық маңызы зор еді.
3. Қазақ тайпаларының басын қосып, қазақтың этникалық территориясын
біріктіру.
Сырдария бойындағы қалалар мен Дешті-Қыпшақ даласы үшін күресте Қазақ хандығының басты бәсекелесі және ата жауы Әбілхайыр хан болды. Қазақ хандығы Әбілхайырға қарсы күресу үшін ең алдымен Моғолстан мемлекетімен тату көршілік, одақтық байланыс орнатты. Бұл одақ жоңғар тайшысы Амасанжының Моғолстанға және Әбілхайыр ханның Қазақ хандығына қарсы шабуылдарынан біріге отырып қорғануға мүмкіндік берді.
1468 жылы қыста Әбілхайыр хан Қазақ хандығын киратпақ болып, Жетісуға жорыққа аттанды, бірақ сапары сәтсіз болып, осы жорық кезінде қаза тапты. Әбілхайыр хан өлгеннен соң өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды, ішкі шиеленістер күшейді. Әбілхайырдың қаза болуы Қазақ хандығының нығаюына және оның көлемінің кеңеюіне үлкен жағдай тудырды. Өзбек ұлысының үлкен бөлігі Керей мен Жәнібек ханға көшіп кетті. Қазақ хандары Әбілхайыр ханның мұрагерлеріне қарсы күресте олардың ішкі-сыртқы қайшылықтарын толық пайдаланды. Әбілхайыр ханмен билікке таласып келген Жошы ұрпақтары - Ахмет хан мен Махмұд хан, батыс Сібірдің билеушісі Ибақ хан және Ноғай мырзалармен одақтаса отырып күрес жүргізді.
Әбілхайыр ханның мұрагері Шайх Хайдар осы күресте қаза тапты. Әбілхайыр ханның мұрагерлерімен күресте Қазақ хандары Әбілхайыр хан 40 жыл билеген Шығыс Дешті - Қыпшақ даласын және ондағы көшпелі тайпаларды бірте-бірте өзіне қосып алды. XV ғасырдың 70-жылдарында қазақтар Сырдария бойымен оған жалғас Қаратау өңірінің бірсыпыра территориясын басып алды. Сөйтіп қазақ хандығының территориясы әлдеқайда кеңейді, оған тұс-тұсынан қазақ тайпалары келіп қосылып жатты.
Алайда Сырдария жағасындағы қалалар үшін Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбани ханмен күрес отыз жылдан астам уақытқа созылды. Сонымен қатар бұл қалаларды Түркістан аймағын билеген Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан мен Моғолстан ханы Жүніс хан да қолдарына түсіруге дәмелі болды.
Сыр бойы калалары үшін Қазақ хандары өте қажырлы қайрат жұмсады. Әбілхайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани Түркістан аймағына келіп, Мұхаммед Мәзит Тарханды паналады. Мұхаммед Мәзит Тархан Мұхаммед Шайбаниды қолдап, Қазақ хандығына қарсы аттандырмақ болды. Бірақ Мұхаммед Шайбани оның бұл үмітін ақтамады, керісінше оның қолынан Түркістан аймағын тартып алды. 1470 жылы қыста Қазақ ханы Керей қол бастап Түркістанға шабуыл жасады. Қазақ ханы Әз Жәнібектің үлкен баласы Махмұд сұлтан Созақ қаласын бағындырды, екінші баласы Еренжі Сауранды иемденді. Сауран түбінде қазақтардан соққы жеген Мұхаммед Шайбани Бұхараға қашты. Сөйтіп, Сырдария жағасындағы — Созақ және Сауран қалалары Қазақ хандығының құрамына кірді.
Екі жылдан соң Мұхаммед Шайбани Түркістанға қайта оралып, Ноғай Ордасының әмірі Мұса мырзаның көмегіне сүйене отырып, Аркөк бекінісі мен Сығанақ қаласын басып алды. Бұл уақытша жеңіс еді. Бұрындық сұлтан мен Махмұд сұлтан бастаған қазақтың біріккен әскерлері Қаратаудағы Соғынлық асуы түбінде, Созақ пен Сығанақ аралығында, Мұхаммед Шайбанидың әскерлерін талқандады. Бұрындық сұлтан Сығанақ қаласын қайтарып алды. Бұл шайқаста күйрей жеңілген Мұхаммед Шайбани Маңқыстауға қашты. Сырдария жағасындағы қалалар қайтадан Қазақ хандығына өтті, бірақ аумалы-төкпелі жағдай сақталды.
Бұл күрес Керей ханның баласы Бұрындық хан болған кезде де (1480-1511) толастаған жоқ. XV ғасырдың 80-жылдарында Әмір Темір әулетінің өкілі Сұлтан Ахмет мырза мен Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд арасындағы соғыста Мұхаммед Шайбани Моғолстан ханына болысып, оның қолдауымен тағы да Аркөк, Сығанақ қалаларын басып алды. Бірақ қазақ ханы Бұрындық қырдан келіп Сығанақ қаласын қоршады. Қаланың тұрғындары қазақ әскерлеріне қала бекінісінің қақпасын ашып берді. Сонымен, бұл аймақ Бұрындықтың қолына өтті.
Бұдан соң қазақтар Мұхаммед Шайбанидың туысы Махмұд Сұлтан билеген Яссы (Түркістан) қаласын қоршауға алды. Қазақтардың біріккен әскери күшінен қорғанған Шайбани әскерлері Аркөк қаласына қырық күн бекінді. Алайда үш жыл бойы қазақтармен соғысқан Мұхаммед Шайбани, Бұрындық хан мен Қасым сұлтан бастаған қазақтардың қысымына төтеп бере алмай, 1486 жылы Түркістанды тастап, Хорезмге кетуге мәжбүр болды.
Қазақ хандығы, Шайбани әулеті, Әмір Темір әулеті және Моғолстан билеушілері арасындағы тайталаста Қазақ хандығы мен Мұхаммед Шайбани арасындағы жауласу және Әмір Темір әулеті мен Моғолстан билеушілері арасында арпалыс асқына түсті. Осы күрес барысында Моғолстан ханы Жүніс 1482-1485-жылдары Ташкент пен Сайрам қалаларын басып алды.
Қазақ ханы Бұрындық пен Қасым және Жәдік сұлтандар Мұхаммед Мәзит Тарханмен күш біріктіріп, Мұхаммед Шайбаниға қарсы Созақ қаласына шеру тартты. Созақтың тұрғындарының көбі Бұрындық ханға тілектес және онымен байланыста еді, сондықтан Созақ қазақтардың колына көшті. Ал Сауран қаласының халқы қазақтың біріккен қалың қолын көрісімен-ақ Мұхаммед Шайбанидің қаланы билеуге қалдырған туыстарын ұстап қамады да қазақтарды қалаға кіргізді. Бұрындық хан Сауранды қайтарып алған соң Мұхаммед Шайбанидың тұрағы Отырар қаласының қамалын қоршады. Алайда Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд Ташкенттен Мұхаммед Шайбаниды құтқаруға көмек жібергендіктен қазақтар Отырар қамалын қоршауды тоқтатты. Мұхаммед Шайбани хан қазақтармен бітім жасады.
XV ғасырдың ақырында Отырар, Яссы, Аркөк, Бозкент қалалары мен Түркістан аймағының бір бөлігі Мұхаммед Шайбаниға қарады да, Сығанақ, Сауран, Созақ қалалары мен Түркістан аймағының солтүстік бөлігі Қазақ хандығының иелігінде қалды. Ташкент пен Сайрам қалаларын Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд биледі. Қазақ хандарының билігінің нығаюы Шайбани ханды Дешті-Қыпшақ тайпаларының біраз бөлегімен Мауереннахрға ығысуға мәжбүр етті. Мұхаммед Шайбани 1500 жылы ондағы Әмір Темір әулетін талқандап, Мауереннахрды жаулап алды да, Шайбани әулетінің негізін қалады. Бұл кезеңде ішкі қырқыстардың күшейуі, толассыз соғыстардың халық шаруашылығына тигізген зардабы салдарынан ауыр дағдарысқа тап болып отырған Мауереннахр билеушілері (Әмір Темір әулеті) пәлендей қарулы қарсылық көрсете алмады. Мұхаммед Шайбани ханға ілесіп Мауереннахрға келген көшпелі тайпалар да бірте-бірте жергілікті отырықшы халыққа сіңіп, олардың тілі мен мәдениетін қабылдап, өздерінің бұрынғы (Дешті-Қыпшақтағы) өзгешеліктерінен бірте-бірте айырылды. Бұл көшпелі тайпалар Дешті Қыпшақтан ала келген «өзбек» деген атау бірте-бірте Мауереннахрдың байырғы тұрғындарына сіңісіп кетті. Бірақ олар «өзбек» деген атау ғана болмаса, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіне ықпал жасай алмады.
XV ғасыр мен XVI ғасырдың арасында (1500 жылы) Мұхаммед Шайбани ханның Дешті Қыпшақтан ығысып барып қос өзен аралығын (Мауереннахрды) жаулап алуы Орта Азия тарихындағы, әсіресе қазақ пен өзбек үшін елеулі оқиға болды. Бұл ең алдымен Қазақ хандығының жерін кеңейтіп, беделін арттырып, елдігін нығайтты. Бұрынғы дәуірлерде бытыраңқы болып келген қазақ тайпаларының басын бір жерге қосуға, қазақтың этникалық территориясын біріктіруге, сонау VI-VII ғасырлардан басталған қазақтардың халық болып қалыптасу үрдісін біржолата аяқтауға мүмкіндік берді. Бұрын Ақ Орда мен Әбілхайыр хандығында қолданылған «өзбек-қазақ» деген жалпы атау бір-бірінен ажырады. «Қазақ» термині бірте-бірте Дешті-Қыпшақ пен Жетісуда қалыптасқан халықтың тұрақты атына айналды. «Өзбек» термині Мұхаммед Шайбаниға еріп кеткен тайпалардың этникалық атауы ретінде Орта Азияда ғана қолданылды.
Қазақ хандығы Қасым хан тұсында (1511-1521жж.) нығая түсті. Қасым 1445 жылдар шамасында туған. Қасымның 1513 жылы күзде Шу өзені жағасында Шағатай ұрпағы Саид ханмен жүздесуі болғанда, олардың замандасы Мырза Хайдар Дулатидың айтуы бойынша: «Қасым ханның жасы алпыстан асып, жетпіске жақындаған еді». Бұрындық ханның тұсында Қасым әскери қолбасшы болды. Хандықта беделі жоғары болса да, үлкенге бағыну дәстүрін ұстанып, Бұрындық ханның айтқанынан шықпады. Шайбани ханның 1504 жылы көктемдегі Әндижанға жорығы тұсында Қасым хан маңғыттардың көмегімен бүкіл Қыпшақ даласына үстемдікті қолына алды. Сөйтіп оның Ташкент пен Түркістанға шабуыл жасауға мүмкіндігі болды.
«Тарих-и- Рашиди», «Шайбанинама» және т.б. деректерге қарағанда XYI ғасырдың екінші он жылдығында Қасым хан қазіргі қазақ жерінің далалық аймағын түгел бағындырды. Бұл кезде хандықтың шекарасы оңтүстікте Сыр жағалауы мен Түркістанның маңызды қалаларын, оңтүстік-шығыста Жетісудың көп бөлігін, солтүстік-батыста Жайық өзені жағалауын қамтыды. Қасым ханның Қазақ хандығын күшейту, қазақ тайпаларын және қазақтардың этникалық территориясын біріктіру жолындағы жеңістері елдің іші мен сыртындағы беделін арттырды. Мұхаммед Хайдар Дулати: «Қазақ хандары мен сұлтандары арасында Қасым хандай құдіретті ешкім болған емес» деп жазды.
Бұл тұста Қазақ хандығы сол кезеңнің халықаралық қатынасына да кең тартылды. Қасым хан Ұлы князь Василий III (1505-1533) кезіндегі Мәскеу мемлекетімен дипломатиялық қатынаста болды. Осы кезеңде қазақ халқы туралы мәлімет батыс Европаға да белгілі болды. Мәскеуге бірнеше рет келген (1517, 1526 ) Австрия дипломаты Сегизмунд Герберштейн өзінің дипломатиялық жазбаларында Қазақ хандығы туралы баяндаған.
Қасым ханның билігінің соңғы кезеңінде Шайбанидтермен қарым-қатынасы өте күрделі болды. Деректер бойынша олардың арасындағы негізгі күрес Ташкент қаласы үшін болды. Қасым хан өзінің замандастары Рузбихан, Бабырдың еске түсірулері бойынша жылқы малының өте білгірі және әскери талантты қолбасшы ретінде суреттеледі. Хан билігі өте күшті болған және де халық саны осы кезде бір миллионға жеткен. Қасым дәстүрлі әдет-ғұрыптарды ұстанған хан болды. Осы дәстүрлі әдет-ғұрыптарды заңдар жинағы етіп, елді басқаруда кең қолданған. Бұл заң сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданылып жүрген ислам дінінің (шариғат) заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді заң болды. Сондықтан да халық арасында бұл заңдар жинағы Қасым ханның атымен байланыстырылып: «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталды. Бұл заңға кірген ережелер мынадай: Мүлік заңы (мал, мүлік, жер дауын шешу ережелері); Қылмыс заңы (кісі өлтіру, ел шабу, мал талау, ұрлық қылмыстарына жаза); Әскери заң ( қосын құру, аламан міндеті, ердің құны, тұлпар ат); Елшілік жоралары (шешендік, халықаралық қатынастарда сыпайылық, әдептілік); Жұртшылық заңы (ас, той, мереке үстіндегі ережелер).
Қасым хан кезінде Қазақ хандығы біраз күшейді. Алайда хандық бір орталыққа бағынған мемлекет деңгейіне көтеріле алмады. Қасым хан қайтыс болған соң Қазақ хандығындағы ішкі жағдай бірден айқындалды. Оның мұрагерлері арасында билікке таласқан дау басталды. Соның нәтижесінде ішкі тартыс, қайшылық пен қырқыстар күшейді. Қазақ хандығы осы ішкі феодалдық қырқыстар нәтижесінде ыдырап, бөлшектенді.
Халықтың қалыптасуы өте күрделі әрі ұзақ үдеріс болып табылады. Халық болып қалыптасу үшін төмендегідей жағдайлар қажет: белгілі деңгейдегі мәдениеттің дамуы; шекаралары белгіленген территория; белгілі деңгейде қоғамдық – этникалық сананың қалыптасуы; біртұтас қалыптасқан ортақ тіл; этникалық өкілдердің көпшілігіне тән белгілі сипаттағы сыртқы пішін; этностың негізгі этносаяси немесе тарихи-географиялық белгілерін көрсететін мемлекеттің атауы.
Қазақ халқының қалыптасу үрдісін оқып-үйренген кезде Қазақстан жерін мекендеген ертедегі тайпалардың өмір тарихына көңіл аудару керек. Дәстүрлі түрде Қазақстан жерін мекендеген тайпаларды зерттеу қола дәуірінен басталады. Біздің заманымызға дейінгі 2-1 мыңжылдықтарда Қазақстан және оған шекаралас жерлерді мекендеген тайпаларды олардың мәдениетіне қарай андроновтықтар дейді. Андроновтықтар туралы толық мәлімет жоқ. Алайда ғалымдар қазақ этносы өзінің расалық-генетикалық бастауын осы қола дәуірінен алады деп есептейді. Оны қазақтың ұлттық мәдениетімен андроновтықтардың мәдениетінің ұқсастығы дәлелдейді. Мысалы, андроновтықтардың қыштан істелінген заттарындағы өрнектер қазіргі қазақ кілемдеріндегі өрнек нақыштарымен сәйкес келеді. Отқа, ата-баба рухына табыну, көптеп қой, жылқы малдарын өсіру және оны тамақ ретінде пайдалану андроновтықтар мен қазақтардың өмір салтының ұқсастығының белгісі болып табылады.
Қазақстан жерін мекендеген үйсін, сақ, ғұн, қаңлы және сармат тайпалары қазақтардың арғы тегі болып табылады. Кейбір ғалымдардың пікірі бойынша үйсін тайпалары мен кейінгі қазақ этносының арасында тікелей этногенетикалық байланыс бар. Оларда көшпелі өмір салты мал шаруашылығымен байланысты, киіз үйді кең пайдаланған, ет-сүт өнімдерін тамаққа пайдаланған, бидайдан нан пісірген және т.б. айқындаушы ұқсастықтар көп. Сонымен қатар қоғамдық - әлеуметтік құрылымда да ұқсастық бар. Үйсін мемлекеті үш бөлікке бөлінген: сол қанат, оң қанат және орталық қанат. Осы бөліністер олардың қазақ жүздерімен сәйкестігін көрсетеді. Бұл этногенетикалық ұқсастықты дәлелдейді.
Ғалымдар қазақ халқының қалыптасуын түрік этногенезінің басталуына жатқызады. Түркі кезеңіндегі шаруашылық-мәдени өмір кейін түркі халықтарының көбіне тән болды. Қазақстан жерін мекендеген түркі тайпалары монгол шапқыншылығы қарсаңында біртұтас халық болып қалыптасуға даяр еді. Оған қимақ-қыпшақ конфедерациясы мысал болады. Олардың Алтайдан Еділге дейін алып жатқан территориясын парсы ақыны, саяхатшы Насир Хосроу «Қыпшақ даласы» деп атаған. Алайда монғол шапқыншылығы бұл жердегі тайпаларды басқару жүйесіне және де шаруашылық жағдайына, әдет - дәстүрге өзгеріс әкелді. Монғолдардың жаулап алу саясаты этникалық құрамға біршама өзгеріс жасады. Қазақстан территориясы әртүрлі этникалық топтардың қоныстану аренасына айналды.
XIV-XV ғғ. Қазақстан және оған шекаралас аймақтарда Ақ Орда, Моғолстан, Әбілхайыр хандығы, Ноғай Ордасы деген мемлекеттер болғаны белгілі. Ол мемлекеттер тұрғындарын өзбектер, өзбек-қазақтар, моғолдар және ноғайлар деп атаған. Бұл атауларда өзіндік этникалық және саяси мән болған. Егер де «халық» деген түсінік этникалық құрылым тұрғысынан қаралса, онда оны «этноним» терминімен белгілейді (өзбектер, қазақтар, қырғыздар). Халық өзінің атымен мемлекетке ат берсе, онда ол «политоним» терминімен анықталады (моғолдар Моғолстан мемлекетінің халқы, ноғайлар – Ноғай Ордасының халқы). Тарихи-этнографиялық әдебиетте тарихи – этнографиялық өңірде құрылған мемлекеттің тұрғындарын этносаяси қауымдастық деп атайды.
Қазақ халқының рулық – тайпалық құрамына келсек, ол үш жүзден және төмендегідей тайпалардан тұрды. Ұлы жүздің тайпалық құрамы: Жалайыр, Дулат, Албан, Суан, Қаңлы, Шапырашты, Сары үйсін, Ошақты, Ысты. Орта жүздің тайпалық құрамы: Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Уақ, Керей. Кіші жүздің тайпалық құрамы: Жетіру, алты ата Әлімұлы, он екі ата Байұлы. Сонымен қатар Қазақ халқының құрамына төрелер мен қожалар кіреді.
Қазақ халқының қалыптасуы XV ғ. екінші жартысы мен XVI ғ. бас кезінде, тәуелсіз Қазақ хандығы қалыптасқан кезде аяқталды. Сөйтіп, халықтың қалыптасуының тағы бір жағдайы - өз мемлекетінің аты қалыптасты.
«Қазақ» (этноним) деген атаудың шығуы туралы көп пікір бар. Ғылыми тұрғыдан жазба әдебиетте «қазақ» атауының пайда болуы туралы толық тұжырым жоқ. Енесейде табылған VIII ғасырдағы түрік ескерткішінде «қазғақ ұғылым» - «қазақ ұлым» деген сөз тіркесі кездеседі. IX-X ғасырларда Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанды мекендеген үш қарлық тайпаларының жалпы «хасақтар» деген аты болған. Қарлықтардың қазақ этногенезіне тікелей қатысы болғаны белгілі.
Ең алғаш «Қазақ» сөзі мұсылман жазба деректеріндегі авторы белгісіз түркі-араб сөздігінде кездеседі. Ол сөздік мамлюктік Қыпшақ елінде құрылған деген болжам бар. Сөздік 1245 жылғы қолжазба түрінде жеткен және 1894 жылы Лейден қаласында басылып шығарылған. Бұл сөздікте қазақ терминінің «үйсіз», «кезбе», «қуғындалушы», «еркін» деген мағыналары берілген. Сонымен бұл сөздікте қазақ термині әлеуметтік мағынаға ие болып отыр. Осылай руынан, тайпасынан бөлініп, өз заңдары бойынша өмір сүрген адамдар тобын атаған.
XV ғасырдың екінші жартысында «қазақ» термині өзбек ханы Әбілхайырдан Шу мен Талас өңіріне көшкен тайпалар тобына бекиді. Жәнібек пен Керейдің Өзбек ұлысынан Жетісуға көшуі қазақ халқының этногенезінде шешуші роль атқарды. Үдере көшу қазақ халқының қалыптасуын айқындаған жоқ, тек қалыптасып келе жатқан үрдісті тездетті. Бұл үрдістің өтпелі сипатына «өзбек-қазақ» термині дәлелдейді. Қазақ халқының қалыптасуының аяқталу кезеңі белгілі тайпалар топтарының көптеген факторлардың ықпалымен әртүрлі даму сатысында тұрған Шығыс Дешті-Қыпшақ тұрғындарынан бөліну үрдісімен сипатталады. Қазақ хандығының құрылуы және нығаюы түрлі хандықтарға қарап келген қазақ тайпаларын қазақ хандығына топтастырып, қазақтың этникалық территориясын біріктірді, сөйтіп қазақтың халық болып қалыптасуы аяқталды.
Қорыта айтқанда, Қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының тарихында төтенше маңызды оқиға болды. Ол ұлан-байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда, қазақтың этникалық территориясын біріктіруде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтатуда аса маңызды және түбегейлі шешуші рөл атқарды.
Бақылау сұрақтары:
«Қасым ханның қасқа жолы» атты заңға кірген ережелердің мазмұны қандай?
«Қазақ» этнонимі туралы пікірлер қандай?
Халық болып қалыптасу үшін қандай жағдайлар қажет?
Ұлы жүзге қандай тайпалар кіреді?
Орта жүзге қандай тайпалар кіреді?
Достарыңызбен бөлісу: |