Электрондық қаламсапты пайдалану кезінде тақтаның металл қабаты бүлінбеуі үшін StarBoard сериялы интерактивті тақта инфрақызыл және ультрадыбыстық технологияға негізделіп жасалады. Ал, Walk-and-Talk сериялы интерактивті тақта сенсорлық технологияға негізделіп жасалғандықтан, онда маркер ретінде саусақты да пайдалануға болады.
Интерактивтi тақта бiлiм беру салаларымен қатар, көрмелерде, пресс-орталықтарда көлемдi экрандардың қызметiн кеңейтуге мүмкiндiк бередi.
Интерактивті проектор
Интерактивті проектор – білім беру процесінде қолдануға арналған, проекциялық құрылғы мен интерактивті тақта қызметін бір өзі атқаратын технология.
Бүгінгі таңда оқыту процесінде пайдаланылатын ең тиімді, баламасы жоқ ақпараттық технология болып саналады.
Интерактивті проектордың мынадай тиімді жақтары бар:
интерактивті тақта ретінде кез келген қарапайым проекциялық экранды немесе дәрісхана қабырғасын пайдалануға болады;
интерактивті басқарылатын кескіннің өлшемін пайдаланушының өзі анықтай алады;
2 метр қашықтықтан диагоналы 2,54 метр болатын кескін алуға мүмкіндік береді;
телескопиялық нұсқағыш немесе интерактивті қашықтан басқару қаламсабы арқылы кескінге әртүрлі өзгерістер енгізуге, кескіннің қандай да бір бөліктерін оқшаулауға, ерекшелеуге болады;
интерактивті проектордағы бағдарламалық жабдық пен интерактивті тақта қызметіне қолданылатын бағдарламалық жабдық орыс тіліне аударылған;
пайдаланылған мәліметтерді, оған жасалған өзгертулерді файлға сақтау мүмкіндігі қарастырылған;
экрандық (виртуалды) пернетақта қызметі қамтылған;
Интерактивті проектор құрамына мынадай құрылғылар мен жабдықтар кіреді: қысқафокусты сұйықкристалды проекциялық құрылғы, телескопиялық нұсқағыш, интерактивті қашықтан басқару қаламсабы, қашықтан басқару пульті, бағдарламалық жабдық.
Медиавизор
Медиавизор – мультимедиалық құрылғылардың бір орталыққа жинақталған кешені.
Медиавизордің ерекшелігі – мұнда компьютердің монитор экраны мен интерактивті тақта экранының қызметін бір ғана құрылғы (кері проекциялы сенсорлық экран) атқара алады.
Кері проекциялы сенсорлық экран дәрісханадағы жарық сәулесіне тәуелсіз жұмыс істейді, яғни, кескінді анық, дәл бере алады.
Сонымен қатар, сенсорлық экран:
интерактивті тақта экранында атқарылатын барлық іс-әрекеттерді орындайды (мысалы, интерактивті нұсқағыш, басқару қаламсабы, маркер, тіпті, саусақ көмегімен кескінге әртүрлі өзгерістер енгізуге, кескіннің қандай да бір бөліктерін оқшаулауға, ерекшелеуге болады);
компьютердегі қолданбалы бағдарламалық жабдықтарды пайдалануды, сондай-ақ, ақпаратты файлға сақтауды, баспаға шығарып алуды жүзеге асырады.
Медиавизордың тікелей проекциялауды жүзеге асыратын интерактивті тақтадан артықшылығы – медиавизор алдында тұрған баяндамашының көлеңкесі экранға түспейді, тыңдаушылар экрандағы кескінді анық көре алады. Сонымен бірге, баяндамашының көзіне проекциялық сәуле әсер етпейді. Бұл оның дәрісханадағы тыңдаушылармен визуалды қарым-қатынаста болуына жағдай жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |