Үшінші кезеңде (ХХ ғасырдың соңы – ХХІ ғасырдың басы) педагогика ғылымы мен тәжірибесін дамыту үдерісін талдауда ғалымдар әдіснамалық сипаттағы мәселелерге қайта көңіл бөле бастады. Бұл бірнеше себептерге байланысты:
«жаңа педагогика», «тәуекел педагогикасы» және «жазалаусыз педагогика» қалыптасуының әдіснамалық негіздерін табу және мәнін ашу қажеттілігі;
- ғылыми ізденісте қолданып жүрген ғылымда пайда болған жаңа тұғырлар, ұстанымдар мен әдістердің эвристикалық әлеуетін нақтылауға талпыну және ХХ ғасырдың соңында педагогикалық тәжірибеде пайда болған білім беру инновациясы барысында педагогикалық шындықтың қайта құрылу жолдарын түсіндіру.
Сонымен қатар, «Советская педагогика» (қазір - «Педагогика») журналындағы және педагогика әдіснамасы және педагогикалық зерттеулер әдістемесі бойынша Бүкілкеңестік семинар сессияларындағы «педагогика әдіснамасы» түсінігі айналасында болып жатқан пікірталасты ескеріп отыру маңызды. Семинар тақырыптарын меңгеріп, түсіну педагогикалық зерттеулердегі тиімділікті арттыру үшін әдіснамалық ізденістердің маңыздылығы туралы ақпарат береді (1969-1992 жж.). 1994 жылы семинар Бүкілресейлік болып қайта жұмысын жалғастырды. Семинарда педагогикалық тәжірибеге байланысты шынайы мәселелер мен олардың әдіснамалық сипаттағы қисыны талқыланды. Ғылыми таным үдерістерінің тиімділігі мен ерекшелігі, педагогикалық тәжірибенің табиғаты мен әдістемесі, оның оқушыларды тәрбиелеу, оқыту мен дамыту үдерісін зерттеудегі рөлі, мектептер мен педагогика ғылымының дамуын болжау, педагогикадағы тәрбиенің диалектикалық сипаты, оқушыларды тәрбиелеудегі, педагогикалық үдеріс пен құбылыстарды зерттеудегі құрылымдық-жүйелік тұғыр, мен педагогикалық тәжірибенің рөлін айқындау, педагогикалық теорияларды құру, педагогикалық құбылыстар мен үдерістерді объективті сипаттау, бағалау, педагогика ғылымындағы теориялық зерттеулердің тиімділігін арттыру; педагогикалық тәжірибені зерттеу, жинақтау және қолдану; кешенді тәрбие тұғыры; әдіснамалық мәселелер, педагогиканың дамуы, үздіксіз білім беру жүйесінің қалыптасуы мен дамуы туралы талқыланды. Семинар зерттеушілерді әдіснамалық ұстанымдарды құрастыруға ынталандырды.
Әдіснамалық семинар сессияларының тақырыптары мен жарияланымдар бойынша педагогика аймағындағы әдіснамалық білімнің даму динамикасын көруге болады. Педагогика әдіснамасын дамытуға қомақты үлес қосқан ғалымдардың қатарына П.Р. Атутов, С.И. Архангельский, Б.П. Битинас, Н.И. Болдырев, Г.В. Воробъев, В.Е. Гмурман, М.А. Данилов, Н.К. Гончаров, В.И. Журавлев, Л.В. Занков, Ф.Ф. Королев, Н.В. Кузьмина, Б.Т. Лихачев сияқты әдіснамашыларды жатқызуға болады. Олар педагогикада жаңа теориялар жасай отырып, педагогиканың әдіснамасын жоғары деңгейге көтере алды.
.
Достарыңызбен бөлісу: |