Экзистенциализм. Экзистенциализм – нақты болмыстағы жеке тұлғалық адам тірлігіне негізделген философиялық ілім. Ойлаудың бұл тәсілі Декарт философиясына һәм барлық рационалды жүйелерге қарсы, бұл адам философиясының ақыл мен идея филосфиясына деген тойтарысы. Табиғи тірлігі ақылға тәуелді болмағандықтан, адамның басты қасиеті – жоқ болу және мәнсіз тірлік ету. Бір сөзбен айтқанда, адам мағынаға ие болудан бұрын тірлік етеді. Сартрдың әйгілі тұжырымын еске түсірсек, «тірлік ету мәннен бұрын пайда болады». Демек, адам өз өміріне өзі мағына беріп, ақылды мақұлыққа айналуға тиіс. Адам өз-өзінен не жасаса, сол болғаны. Басқаша айтқанда, бар болу дегеніңіз – өз-өзіңе еркін міндет жүктеу арқылы өзіңді таңдау. Бұл еріктіліктен бас тарту мүмкін емес, себебі бұл толық еркіндік, адам тек еркіндік үшін жаралған. Міне, осыдан оның метафизикалық жан түршігуі ол өзінің жоқтан пайда болғанын сезінумен қатар мағынаға жетудегі таңдау көмескілігін де сезінеді.
Феноменология. Феноменология – XX ғасыр философиясының ықпалды бағыты. Оның тура мағынасы құбылыстарды суреттеу немесе зерттеу. Феноменологияның классикалық бағытқа айналуы Э. Гуссерльдің есімімен байланысты. Феноменология ұстанымдары бойынша, әлем дегеніміз - әлемнің санада құбылуы. Зерттеушінің назары әлемге емес, әлемдегі заттарға емес, соларды ұғынудағы сананың әрекетіне аударылуға тиіс. Әлемнің санада құбылуы феномен деп аталады. Болмыс оның санадағы құбылуы ретінде алынғанда ғана біз нағыз танымға таза ақиқатқа жетеміз. Шығармашылығының соңғы кезеңінде Гуссерль «өмірлік әлем» ұғымын енгізеді. Өмірлік әлем – трансенденталды субъектіліктің жемісі. Әрбір тұлғаны қоршаған орта қалыптастырса, жеке субъектіні тану аз, оны өмірлік әлемімен бірге тұтас зерделегеніміз жөн.
Структурализм. Структурализм (лат. struktura – құрылым, байланыс, рет) – XX ғасырдың 20-жылдарынан бастап гуманитарлық білімдер (лингвистика, әдебиеттану, тарих, этнография және т.б.) саласында қалыптасып келе жетқан бағыт. Бұл бағыттың ерекшелігі оның құрылымдық тәсілді, модельдеуді, семиотика элементтерін пайдалануында жатыр. Структализмнің зерттеу нысаны – белгілер жүйесінен құрастырылған мәдениет (тіл, ғылым, өнер, мифология, салт-дәстүр, мода, жарнама, және т.б.). Бұл бағыттың структурализм деп аталу себебі де оның мәдениеттің түрлі салаларындағы құрылымдарды тауып, суреттеу мақсатымен тікелей байланысты болуында. 50-60 жылдары, әсіресе, Францияда шарықтап дамып, сол кезеңнің өктем интеллектуалдық парадигмасына айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |