5-бап. Педагог әдебі
1. Педагог қоғамда өз кәсібінің жоғары мәртебесін сақтайды, әдеп нормаларын орындайды, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жеке әлеуетін іске асыру, патриотизм мен жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастыру үшін бар күш-жігерін жұмсайды.
2. Педагог білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, олардың ата-аналарының немесе басқа да заңды тұлғалардың ар-намысын құрметтейді, қарым-қатынас жасауда ашықтық, ізгі ниеттілік және әдептілік танытады.
3. Педагог білім алушылар мен тәрбиеленушілердің амандығы үшін қауіпсіз және жағымды білім беру ортасын құруға тырысады.
4. Педагог өзінің кәсіби қызметінде академиялық адалдықты сақтайды, оның ішінде басқа адамдардың интеллектуалдық еңбегіне құрметпен қарайды, интеллектуалдық меншікті иемденуден бас тартады.
6-бап. Педагогтің ары мен намысын қорғау
1. Педагог білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің тарапынан өз арын, намысын және іскерлік беделін қорғауға құқығы бар.
2. Педагогтің өз кәсіби қызметін жүзеге асыруы кезінде оның арына, намысына немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін шешімдер мен іс-әрекеттерге тыйым салынады.
3. Педагог өзінің арына, намысына немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығаруды, сондай-ақ оларды тарату арқылы келген шығындар мен моральдық зиянның орнын толтыруды сот тәртібімен талап етуге құқылы.
4. Педагогтің арына, намысына немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жағдайлар Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгіленген жауапкершілікке әкеліп соғады.
7-бап. Педагогтің кәсіби қызметін қамтамасыз ету шарттары
1. Қазақстан Республикасында педагогтерге өздерінің кәсіби қызметін жүзеге асыруы үшін жағдайлар жасалады.
2. Педагогтің кәсіби қызметіне жағдайларды қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормалар мен нормативтердің негізінде орындалады.
3. Материалдық-техникалық қамтамасыз етуді, оқыту және тәрбиелеу құралдарымен жарақтандыруды ұйымдастыру білім беру ұйымына жүктеледі.
4. Жергілікті атқарушы органдар білім алушыларды дамыту, оқыту және тәрбиелеу үшін қолайлы және қауіпсіз жағдайлармен қамтамасыз ету мақсатында қосымша шараларды қабылдауға құқылы.
Достарыңызбен бөлісу: |