12-бап. Материалдық қамтамасыз ету құқығы
1. Мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогінің еңбегіне ақы төлеу жүйесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалады.
Жеке меншік білім беру ұйымдары педагогтің еңбегіне ақы төлеуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың құрылтайшылары немесе оған уәкілетті адам айқындайды.
2. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогіне жалақыны есептеу ережесін еңбек саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
3. Білім беру ұйымдары педагогінің лауазымдық айлықақысы, қосымша ақылар мен үстеме ақылар, сондай-ақ ынталандыру сипатындағы басқа да төлемдер Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
4. Білім беру ұйымдарының педагогіне ауылдық жерде жұмыс істегені үшін, сынып жетекшілігі (жетекшілігі) үшін, дәптерлерді және жазбаша жұмыстарды тексергені үшін, оқу кабинеттеріне меңгерушілік еткені үшін, циклдік комиссияларға (кафедраларға) жетекшілік еткені үшін, пәндерді тереңдетіп оқытқаны үшін, эксперимент режимінде жұмыс істегені үшін, жаңартылған білім беру мазмұнына өту режиміндегі жұмысы үшін, пәндерді ағылшын тілінде оқытқаны үшін, біліктілік санаты үшін, ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істегені үшін қосымша ақы және басқа да төлемдер Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен жүргізіледі.
5. Ерекше мәртебесі бар мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының профессор-оқытушылар құрамы мен басшы қызметкерлерінің лауазымдық айлықақысы арттырылып отыратын коэффициентті ескере отырып айқындалады.
6. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтеріне тиісті дипломы бар болған кезде негізгі жұмыс орны бойынша:
философия докторы (РhD) және бейіні бойынша доктор дәрежесі үшін бір айлық ең төменгі жалақы мөлшерінде;
ғылым кандидаты дәрежесі үшін бір айлық ең төменгі жалақы және ғылым докторы дәрежесі үшін екі айлық ең төменгі жалақы мөлшерінде;
қауымдастырылған профессор (доцент), профессор ғылыми атақтары үшін қосымша ақы білім беру саласындағы уәкілетті органмен белгіленеді.
7. Оқу-тәрбие процесін тікелей жүзеге асыратын педагогтің, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын қоспағанда, айлық жалақыны есептеу үшін аптасына нормативтік оқу жүктемесі білім беру саласындағы уәкілетті органмен айқындалады.
8. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары профессор-оқытушылар құрамының жылдық оқу жүктемесі жұмыс уақытының жылдық нормасының шегінде белгіленеді және ғылыми кеңестің шешімі негізінде жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының басшысы бекітеді.
9. Нормативтік оқу жүктемесі белгіленбеген білім беру ұйымдары педагогінің жұмыс уақытының ұзақтығы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгіленеді.
10. Нормативтік оқу жүктемесі белгіленген білім беру ұйымдары педагогінің жұмыс уақытының ұзақтығы еңбек шартына сәйкес белгіленеді.
11. Мемлекеттік білім беру тапсырысын айқындау кезінде әскери, арнаулы оқу орындарын, мәдениет саласындағы білім беру ұйымдарын қоспағанда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары профессор-оқытушылар құрамының жалпы санын есептеу үшін білім алушылар санының оқытушыларға орташа арақатынасын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Достарыңызбен бөлісу: |