Дәлелдеу
Жоғары деңгейлі ойлау дағдыларын қалыптастыру және оларды қолдану оқу
бағдарламасының өзекті аспектісі болып табылады. Осы ойлау дағдыларын
қалыптастырудың маңызды тәсілдерінің бірі – дәлелдеу. Дәлелдеу кез келген пікірталас
бастау, жүргізу және оны бағамдау үшін маңызды, әсіресе физиканы оқытуда оның
маңызы өте зор, себебі онда берілген мәселенің бір шешімі болғанымен, тапсырманы
әртүрлі құралдар мен тәсілдер арқылы орындауға болады. Сондай-ақ бұл Қазақстан
Республикасындағы жаңартылған оқу бағдарламасында басым болып табылатын
құндылықтар мен дағдыларды, мысалы, шығармашылық және сын тұрғысынан ойлау,
қарым-қатынас жасау дағдыларын дамытудың негізгі тәсілдерінің бірі болып табылады.
Мектепте кеңінен қолданылатын, өзара әрекеттесудің түрлі жағдайларында
қалыптасатын және жүргізілетін оқудың екі саласы бар; бұл монологтік және диалогтік
оқу (Alro & Skovsmose, 2002). Монологтік көзқарас заттарды абсолюттік материя
ретінде түсінеді және бұған дейін алынған білімнің негізінде қалыптасады, ал диалогтік
көзқарас болса білімді оқу барысында жүретін үдеріс ретінде, дәлелдеу барысында,
яғни пікірталас пен келіссөз барысында қалыптасатын білім ретінде қарастырады.
Дәлелдеудің үлгісі мен күрделілігін сипаттау жөніндегі Тулминнің (Toulmin, 1958)
жемісті жұмысы білім беру саласындағы зерттеулерге, соның ішінде зерттеуге негізделген
оқуды пайдалануды бағамдауға ықпал етті (мысалы, Simon et al., 2006; Katchevich et al,
2013). Зерттеуге негізделген оқу барысында оқушылар, қажет болған жағдайда
мұғалімнің көмегімен, идеяларды түсіндіру, талқылау, оларға қарсы шығу және өз
ойларын қайта қарау арқылы пікірталасқа араласа отырып, белсенді рөл атқарады (Goos,
2004).
Отандық әдебиетте, сондай-ақ шетелдік ғалымдардың еңбектерінде сыныпта
оқушылардың бір-бірімен әңгімелесіп, пікір алмасуын ұйымдастыру проблемасына
арналған бірқатар еңбек бар. Шәкәрім Құдайбердіұлы «оқытудың ең үздік тәсілі – әңгіме,
ол мұғалімнің тәлімгерлік шеннен түсіп, оқушылармен тең дәрежеде ақиқат іздеушіге
(оқудағы болса да) айналады» деген болса (Құдайбердіұлы Ш., 1991), «мұғалім балалармен
сөйлескенде ашуланбай, күйгелектенбей, сабырлықпен сөйлеп, шұбалаңқы сөздермен
керексіз терминдерді қолданбастан, әрбір затты ықыласпен, қарапайым тілмен түсіндіру
керек» дейді Ы. Алтынсарин (Ы.Алтынсарин,1978). Л.И.Божович, В.В.Давыдов,
Д.Б.Эльконин бастауыш сыныптарда балалардың құрдастармен жақындығына қарамастан,
ересек адам, әсіресе мұғалім олар үшін бедел иесі болып табылатындығын көрсетеді. Егер
кіші мектеп жасындағы балалар үшін ұстаз барлық бейнесімен ерекше із қалдырып, оларға
күшті әсер ететін тұлға болып саналатын болса, ал ересек балалар, яғни жоғарғы сынып
оқушылары ұстаздың әрбір қимыл-қозғалысын, іс-әрекеті мен сөйлеген сөзіне, оның ақыл-
кеңесіне өзге адамдармен қарым-қатынасына, шәкірттерге қоятын түрлі талаптарына
өздерінше іштей сын көзімен қарайды (Божович Л.И., 1997; Давыдов В.В., 1986; Эльконин
Д.Б., 1989).
Сонымен қатар, Нил Мерсердің диалогтік оқыту мен кері байланыстың
артықшылықтарына арналған жұмыстарын атауға болады (мысалы, Mercer, N.
&
Hodgkinson, S., 2008).
Негізінен мұғалімнің басымдығымен өтетін кейбір сабақтарда оқушыларға өздері
көріп зерделеген көрнекі материалды қайталап сипаттау ұсынылады. Жаңартылған оқу
бағдарламасы бойынша оқытуда әлеуметтік-мәдени тәсілге басымдық беріледі, сабақ
барысында пікірталас пен ұжымдық дәлелдеуге барынша назар аударылады (Miller, 1987;
Brown&Renshaw,
2000).
Осындай
сабақтарда
оқушылар
басқа
оқушыларға
тұжырымдаманы өз сөзімен түсіндіру үшін бірқатар сұрақтар мен топтық талқылауды
пайдалана отырып, проблемаларды шешу үшін бірлесіп жұмыс істейді. Мұғалімдер
оқушылардың берген түсініктемелеріне құрметпен қарайды және оның құнды екенін
түсінеді, проблеманы шешудің осындай ерекше тәсілдері басқа оқушыларға мәселені
32
түсінуге көмектесе алатындығын мойындайды. Бірлесіп дәлелдеу – бірлескен тұлғааралық
өзара әрекеттесуді өрбітуге көмектесетін педагогикалық құрал.
Оқу бағдарламасы аясында «Физика» пәнінде оқушылардың дәлелдеуді қолдану
дағдылары (ақпарат дереккөздерін талдау, өздерінің зерттеу нәтижелерін таныстыру және
талқылау) сыныптан сыныпқа көшу шамасына қарай күрделеніп отырады.
Дәлелдеумен бір қатарда тұрған дағдылардың бірі – проблемаларды шешу. Поляның
(Polya, 1945) тұжырымдауынша, проблемаларды шешу – бұл:
-
шынайы проблемамен айналысу; мәселе туралы болжам жасау, зерттеу және
мағынасын түсіну;
-
рәсімдерді есте сақтау ғана емес, сонымен қатар, шешімдерді іздеу;
-
формулаларды есте сақтау ғана емес, сондай-ақ үлгілерді зерттеу;
-
жаттығуларды орындау ғана емес, сондай-ақ болжам жасау.
Оқушыларға өз сөзімен түсіндіруге мүмкіндік бере отырып, мұғалім олар үшін
тақырыпты білуі мен түсінуінің арасында байланыс орнатуға мүмкіндік ашады, сондай-ақ
кез келген қате түсініктерін анықтай алады. Осыны іске асыру үшін мұғалім дәлелдеу
тәсілін қолдана алады, оның төрт кезеңі бар; әр кезең бірнеше сабақты қамтуы мүмкін:
-
елестету;
-
салыстыру;
-
түсіндіру және дәлел келтіру;
-
мақұлдау (келісу).
Дәлелдеу үдерісі зерттеуге негізделген оқу тәсілін толықтырады. Зерттеу тақырыбы
белгіленгеннен кейін, мұғалім оқушыларға шағын топтарда жұмыс істеп, сурет,
диаграмма, график немесе алгоритмдерді пайдалану арқылы зерттеу немесе проблеманы
«елестетуді» ұсынады. Содан кейін оқушылар өз ақпаратын басқа топпен немесе топтармен
«салыстыруы» керек. «Түсіндіру және дәлел келтіру» деп аталатын келесі кезең
оқушыларға өздерінің көзқарастарын түсіндіруге, түзетуге, ретке келтіріп, кез келген қате
пайымдауларды анықтауға мүмкіндік береді. Әрбір топ идеяларды талқылау және
«мақұлдау» үшін барлық сыныпқа өз шешімдерін ұсынады.
Оқушыларға проблеманы шешуді ұсыну арқылы мұғалім оқушылардың Пиаже
сипаттаған танымдық даму сатыларының нақты бір операциялық кезеңінде екенін есте
сақтауы керек. Сондықтан орта және жоғары сынып оқушыларымен жұмыс барысында
мұғалімдер нақты мысалдарды да, абстрактілі образдарды да пайдалануы тиіс. Мысалы,
физика сабағында қарапайым түсінікті факторлардан мүлдем түсініксіз ойша тұжырымдар
арқылы айқын қорытынды шығару көптеген оқушыларға қиындық туғызады. Мұндай
жағдайда қиындық туғызатын тақырыпты толық меңгергенше тақырыпқа бойлау арқылы
оқушыларды қорқыныш сезімінен арылту маңызды. Бұл оқушылардың ынтасы мен күш-
жігерін проблеманы шешу және логикалық ойлау дағдыларын дамытуға жұмылдыруға
мүмкіндік береді.
«Физика» пәні бойынша жаңартылған оқу бағдарламасы оқушыларға ХХІ ғасырда
қарқынды дамып келе жатқан зияткерлік және техникалық ортада табысты болу үшін
қажетті дағдыларды меңгертуге бағытталған. Олар оқушыларды сын тұрғысынан ойлау,
бірлесіп жұмыс істеу, ақпаратты өңдеу, проблемаларды шешу сияқты анағұрлым жоғары
деңгейдегі көптеген дағдыларды өз бетінше меңгеруге және зерделеуге дайындайды және
ынталандырады. Осы дағдыларды жоғары дәрежеде меңгеру физика бойынша оқу
бағдарламасында проблемаларды шешу, бірлескен зерттеу және ғылыми зерттеу жүргізу
дағдыларына баса назар аударып, жоғары деңгейлі ойлау дағдыларын дамытуды көздейді.
Оқыту үдерісі тәжірибеге бағытталған және оқушының өз білімдерін өмірде қолдана
білуіне шоғырланған. ХХІ ғасырдың қарқынды ілгерілеу ырғағына қатар ілесу үшін, өзара
тығыз байланысты және көпмәдениетті әлемде қалыптасқан қазіргі жағдайда
оқушылардың өз бетінше оқу дағдыларын, коммуникативті дағдыларды дамыту аса
маңызды болып табылады.
33
«Физика» пәні бойынша оқу бағдарламасы оқушылардың алдыңғы меңгерген білімдері
мен дағдыларын жетілдіруге, сонымен қатар, жаңа түсініктерді қалыптастырып, оқу
қабілеттерін дамытуға бағдарланған. Пәннің оқу бағдарламасы оқушылардың төменде
аталған мүмкіндіктерін дамытуды көздейді:
-
зерттеу дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік беру;
-
кез келген қабылданатын ақпаратқа сын тұрғысынан қарап, талдай білу дағдысын
белсенді дамыту;
-
өзіндік рефлексияға және тәуелсіз, өз бетінше ойлануға ынталандыру;
-
қазір және келешекте кез келген өмірлік жағдайда кездесуі мүмкін негізгі жаһандық
проблемаларды түсінуге және оларға сәйкес әрекет ете білуге ынталандыру.
Мектептегі негізгі пәндерді оқу арқылы оқушылар өз түсінігін кеңейте отырып, өзінің
оқуы үшін жауапты болуға үйренеді. Оқушылар өзіндік көзқарасы мен пайымдауын
қалыптастырып, дамытуға, мұқият зерделеуге және өз ойын сенімді айта білуге
дағдыланады. Мысалы, олар дәлелдерді талдау мен бағамдауды және ойлау дағдылары
туралы ойлануды үйренеді. Сонымен қатар, пәнаралық байланыс орнату арқылы олар
ақпаратты тиімді пайдалануды үйренетін болады.
Оқыту үдерісінде белгілі бір нақты пәнді зерттеу маңызды болғанымен, пәнаралық
жұмыстарды жүргізу пәнді анағұрлым сапалы меңгеруге оң ықпалын тигізеді. Кэрридің
(Kerry, 2007) пайымдауынша пәнаралық байланыс тәсілі білімді өзара байланысты құбылыс
деп санаған Джон Дьюидің еңбектеріне негізделеді. Оқыту мен оқудың бұл тәсілі оқытудың
сындарлы тәсілімен тығыз байланысты, себебі оқушылар бірлесіп жұмыс істей отырып,
пәндердің арасындағы мәселелерді талқылап пікірталас жүргізеді (Hayes, 2010). Оқушылар
бір пәннің аясында үйренген мәселелерін екінші пәнге пайдалана алады немесе бір пәннің
негізінде басқа пәнді оқуды жақсарта алады. Пәндер бойынша білімді ықпалдастыру
оқушылар үшін оқу үдерісінің өзара байланыстылығы мен маңызын арттыруға
бағытталған. Негізгі орта және және жоғары сынып оқушылары физиканы басқа пәндермен
байланыста қарастыруы тиіс, себебі пәнаралық байланыс олардың оқуын барынша тиімді
модельдеуіне мүмкіндік береді.
Физика сабақтарында пәнаралық байланысты жүзеге асыру оқушылардың пәндерге
қызығушылығын арттыруға және білім сапасын көтеруге, оқушылардың ғылыми ойлау
деңгейін дамытуға, оқу пәндеріне біртұтас жүйелі көзқарас қалыптастыруға, оқушыларды
шығармашылығын дамытуға және ғылыми-зерттеу жұмыстарына тартылуына мүмкіндік
береді. Пәнаралық байланыс сабақта тақырып бойынша басқа пәндерден білімін пайдалану,
кешенді эксперименттік жұмыс орындау, кешенді экскурсиялық сабақ өткізу және көлемді
оқу материалын жалпылама қорыту барысында жүзеге асады.
Физика математикамен тығыз байланысты пән болғандықтан, физикалық есептерді
шығаруда эксперименттік және теориялық зерттеулердің нәтижесінде алынған физикалық
шамалардың тәуелділіктерін анықтауда математикалық тәсілдер мен құралдар қолданылады.
Физика сабақтарының тақырыптары оқушылардың математикалық білім деңгейін ескеру
арқылы математика пәнімен сабақтастықта құрастырылған.
Физика және химия пәндерінің зерттеу нысындары бір-біріне жақын; қарастырылатын
ортақ ұғымдар: атом, электрон, молекула, электролиттік диссоциация, масса, заттың
мөлшері, т.б.
Биология бойынша білімдер оқушының физикалық заңдардың әсері туралы білімдерін
тереңдетіп, табиғаттың біртұтастығын түсінуге ықпал етеді. Физика мен биологияның
байланысы келесі тұрғыда көрініс табады:
-
Тірі организмдердегі физика. Физика сабақтарында биологиялық процестер
барысындағы физикалық процестердің маңызын көрсететін жаттығулар қарастырылады.
-
Бионика. Физика сабақтарында физикаға негізделген заманауи техникалық
құрылғыларда тірі организмдерге тән көптеген қағидаттар қолданатыны туралы мысалдар
қарастырылады.
-
Экология. Адамзаттың өндірістік әрекетінің әсерінен табиғатта болып жатқан
34
құбылыстарға физика заңдарының қатысы бар. Табиғатты қорғау үшін физика заңдарын
білу физика сабағында пәнаралық байланысты қамтамасыз етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |