Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ХАБАРШЫСЫ, «Тарих жəне саяси-əлеуметтік ғылымдар» сериясы, № 3 (26), 2010 ж.
23
жылдың қаңтарына дейін хандық қызмет еткен.
Тарихнамада қалыптасқан пікірге сүйенсек, қос хандыққа бөліну Орта жүздегі дəстүрлі биліктің
жойылуының негізгі бастамасы болып танылады. ХІХ ғасырдың I-ширегіндегі Орта жүздің əлеуметтік-
саяси құрылымындағы бұл бөліністің пайда болуының басты себептерінің бірі - Уəли ханның билігін
тежеу мақсатындағы Ресей мемлекетінің отаршылдық саясатын іске асыру жоспарларының негізгісі деп
қарастыруға болады. Дегенмен, бұл жерде аталмыш тарихи құбылысқа бір жақты баға беруге болмайды.
Оның алғышарттарын ХVШ ғасырдан іздестіру қажет.
Ол үшін анықтауды талап ететін бір мəселе: Бөкей сұлтанның Орта жүзге келуі, ел басқару ісіне
араласуы. Халық арасындағы шежіре- əңгімелерге назар аударсақ, Қазыбек би ұстаған қалың қаракесек
рулары Сыр бойынан Арқаға ауып, қазіргі Қарқаралы өңіріне қоныстана бастағанда, рулар арасында
жайылымдарға талас өршіп, жер дауы көбейеді. Мұны сырттай бақылаған шекшек (қаракесек руы)
Нұралы батыр дауларға төреші болар төре тұқымын əкелу мақсатында Жетісуға аттанады. Жетісудағы
Ондан сұлтан ұрпағы Барақ төреге барып, өз ойын білдірген соң, төре өз ұлы Бөкейді алуға келісімін бере
отырып: «Бөкейімді берейін, өзіңдей көр, ол да сені өзімдей көретін болсын»,-дейді[15]. Немесе тағы бір
əңгімеде Нұралының Бөкейді елге əкелген соң, өзіне еншілес қылып, қалың малын төлеп, үйлендірген,
содан кейін барып еліне хан көтерген. Бөкей жайында оның мынадай өлеңі қалған:
Құдайға берген антым бар,
Төреге берген сертім бар.
Табанын жерге тигізбеймін,
Мандайын күнге күйгізбеймін.
Ал оның хандық қызметіне байланысты ел арасында: «Бөкей патша жарлығынан көп бұрын-ақ хан
ретінде қабылданған. Шекшек Нұралы бастаған ел жақсылары қазақтың сол кездегі беделділері Бөкей
төрені ежелгі Шу өзенінің бойында, атақты Хан-Тəңірі тауының етегінде ақ киізге орап, боз биенің сүтіне
шомылдырып, бұдан көп бұрын «хан көтерген» деген тарихи аңыздар бар[16]. Дегенмен, жоғарыдағы
əңгімелерде тарихи оқиғалар біршама баяндалғанымен, олардың уақыттық өлшемдері нақтыланбаған.
Сондықтан жазба деректерге сүйенсек, А. Байтұрсынов Қаракесек руының биінің 1748 жылы, «еліме хан
қоямын» деп Барақтан 14 жасар Бөкей деген баласын сұрап əкелгенін, оның 1819 жылы 85 жасында
өлгендігін жазады [13]. Бұл мəліметтердің дəйектілігін Ф. Щербин экспедициясының зерттеу
материалдары да дəлелдей түседі. Онда, жалпы Арғын руларының Орта жүз территориясына қоныстану
үрдістері жан-жақты қамтылған. Қарқаралы өңіріне Түркістаннан Алтай жəне Қаракесек рулары 1728
жылы қоныс аударады. Бұл жерде олар қалмақ, түрікпен халықтарын кездестіріп, бірнеше рет болған
қарулы қақтығыстардан кейін соңғы екі ел оңтүстікке қарай ығысады. 20 жыл өткеннен соң, яғни 1748
жылы Ташкенттен Бөкей сұлтан келеді. Бұл кезде оның əкесі Барақ Ташкенттің беклербегі қызметін
атқарып тұрады. Экспедиция жазбаларында: «Букей был посланъ отцомъ за своими киргизами, ушедшими
изъ Туркестана на Саръ-Арка», - делінеді[17]. Оны рубасы Шекшек Нұралы алып келген жəне осы рудың
Бигелді руларының жерінен «енші» береді[16]. Бигелді шежіре бойынша Нұралының інісі саналады.
Назар аударатын бір мəселе осы қоныс аударудың 1728 жылдан кейін 1748 жылы қайталануында.
Бұл біздің ойымызша Барақ сұлтанның Кіші жүз ханы Əбілқайыр ханды өлтіруімен байланысы бар
сияқты. Барақтың жасаған қылмысын ел ішінде талқылауға, оның сырт жаққа көшіп кетуіне тоқтау салған
Қаз дауысты Қазыбек бидің ақыл - кеңесі екені белгілі. Көреген би бір сөзінде: «Ойланбай жасаған
қылмысыңмен Орта жүзді ойсыратып кетер салмақ түсірдің сен. Ал егер еліңді ығыр қылғың келмесе,
жүрегіңнің ізгілігі өлмесе, тесікті өзің бітеп, жараны өзің жазып ал. Өлгеннің ісін жалғастырып, өшкеннің
отын тұтатсаң, өмір азбайды, шырақ қайта маздайды. Жайлауымды өрт, жұртымды дерт шалмасын десең,
Əбілқайырдың Орынбордағы ұлы Айшуақ сұлтанды ауыстырып, орнына хан бол. Əйтпесе дəл қазір
тобырыңмен түгел бұрылып, Əбілқайыр ұлдарының алдына барып: «кісілігіңді тастап, кісенді мойныңа
сал! Құныңды кесе ме, қылмысыңды кеше ме - солар, құныкерлер шешеді. Кесіміме көнбесең, бүкіл Орта
жүз тұрмақ бүтін Найманға да симассың. Сиғызбаспын! Ауып кетем деп дəмеленбе, Жоңғарға да
өткізбеспін. Қанды қол, қара жүрекпен-қанжар ұшында тұрсың. Орта жүздің атынан қылша мойныңа қыл
арқанды тастадым»,- деп қатал талап қояды[18].
Дегенмен, Барақ сұлтанға қандай жаза берілгендігі туралы деректерді кездестірмейміз. Тек, оның
оңтүстік - шығысқа қарай ығыстырылып, бір-екі жылдай Ұлы жүздің біраз руларына хан (біздің
ойымызша, Щербин экспедициясының жазбасындағы беклербек дəрежесі) болып, у беріліп өлтірілгендігі
ғана тарихта қалған. Жоғарыдағы Қазыбек бидің сөздерінен, оның қатал айтса да Барақ сұлтанмен жақын
ВЕСТНИК КазНПУ им.Абая, серия «Исторические и социально-политические науки», № 3 (26), 2010 г.
24
екендігін, оған қылмысынан құтылудың əр түрлі жолдарын ұсынғандығын көреміз. Жəне де алысты
болжайтын көреген би Барақ сұлтанға билер атынан жаза кесілгенімен, Əбілқайыр ұрпақтарының оны жай
қалдырмайтындықтарын ерте түсінгендіктен, Орта жүзге одан ұрпақ алып қалу мақсатында Шекшек
Нұралыны Бараққа жіберуі мүмкін. Немесе Барақ сұлтан қанды қылмыстың қанмен ғана өтелетінін сезіп,
Орта жүздегі билігінің жойылуынан сақтанып, ұлдарының ішінен Бөкейді 1728 жылы қоныс аударған
елінің соңынан жіберген деп ойлаймыз. Бұдан шығаратын қорытынды: Бөкейдің Орта жүзге келуі 1748
жылғы Барақ сұлтанның Əбілқайырды өлтіруімен байланысты, Қазыбек би мен Барақтың арасындағы
шешімнің нəтижесі. Ал, Шекшек Нұралы осы келісімді іске асырушы міндетін атқарған.
Сонымен, жоғарыдағы ел аузындағы шежіре-əңгімелер мен ғылыми жазбалардың негізгі
мазмұндарының ұқсас келетіндігін байқаймыз. Осы деректерді негізге алатын болсақ, Бөкей Орта жүзге
14 жасында келген. Сол кездегі ел ісіне араласу қазақтарда ерте басталғандығын ескергенде, оның Орта
жүздегі қызметінің бастапқы кезеңі, яғни шежірелерде баяндалатын «хан көтерілуі» ХҮШ ғасырдың 60-
жылдарына сəйкестенеді.
Ресей мемлекеті XIX ғасырдың басында Уəли ханның патша өкіметіне адал қызмет ету ниетінің
жоқтығына, жалпы Абылай хан ұрпақтарының саяси тəуелсіздікті сақтау мүдделерінің жоғары екендігіне
көздері жетіп, бұл əулеттің Орта жүздегі ықпалын төмендетуге белсенді түрде кіріседі. Қазақ қоғамының
дəстүрлі басқару жүйесінің өзіне тəн ерекшеліктерінен алдыңғы ғасырдан үлкен тəжірибе жинақтаған
олар, Орта жүздегі Абылай ұрпақтарына бағынбайтын, беделді төре тұқымдарын қарастыра бастайды.
М.Вяткин осыған байланысты былай дейді: «Царское правительство рекомендовало генерал-губернатору
для ослабления власти хана прибегнуть к старому, но испытанному средству: «весьма сильное средство, -
писал канцлер, представляется в искусном употреблении противных хану Вали партий и в привлечении на
нашу сторону знатных султанов, без коих он ничего предпринять не может»[11]. Орта жүздегі Бөкей
сұлтанның беделін олар осы мақсатта өте ыңғайлы пайдаланды. Кейбір деректерде, 1812 жылы оның
губернаторға хандыққа бекітуін өтінген хат жібергендігі баяндалады[14]. Бірақ жауап кеш келген.
Генерал-лейтенант Г. Глазенап Петерборға жазған өтініш-хатында: Орта жүздегі Бөкей сұлтанның
хан сайлануын қолдау, ең алдымен Уəли ханның билігін əлсіретеді, сонымен қатар Уəли ханның орыс
өкіметі үшін сенімсіз билігінің номинальдылығын, Орта жүздің бір бөлігіне ғана жүретіндегін, ал Бөкей
мен оның ұлдарының Ресей мемлекетінің адал қызметшілері бола алатындықтарына сенімінің мол
екендігін хабарлайды[11]. Жалпы, ХІХ ғасырдың басындағы Орта жүздегі Уəли мен Бөкей хандардың
биліктері біріне-бірі қарама-қайшылықты мəнге ие. Уəли хан Ресейге толығымен мойынұсынбай, өз
кезегінде Қытаймен де саяси байланысқа ұмтылып, белгілі бір деңгейде саяси тəуелсіздікті сақтауды
мақсат тұтса, Бөкей хан керісінше, Ресей өкіметінің сенімді қызметшісі ретінде танылады. Олай болмаған
жағдайда Орта жүзде екінші ханның сайлану- сайланбауы да беймəлім еді.
Бөкей ханның орыс мемлекетіне адал қызмет атқарғандығына, оның көптеген істері дəлел бола
алады. Ол хан дəрежесіне бекітілмей тұрып та, патша өкіметінің алдында өз беделін көтереді. 1811
жылдың қазан айындағы генерал-лейтенант Глазенаптың сұлтанға жазған хатында, Бөкейдің патша
сарайына бағыт алған Қоқан хандығының депутатция өкілдеріне үлкен құрмет көрсетіп, оларға өзінің ұлы
Ғазыны қосып жіберуіне үлкен алғыс білдіреді[15]. Хаттың мазмұнына қарағанда, Бөкей Ресей сауда
керуендерінің Қоқан хандығына жəне керісінше ол жақтан Ресейге өту барысында, керуендердің
қауіпсіздігін қамтамасыз етуде көп ретте үлкен мүмкіндіктер жасаған. Осындай қызметі үшін өз кезегінде
əр түрлі деңгейде марапатталып отырған. Генерал-лейтенант тағы бір хатында, яғни 1817 жылдың 18
қаңтарында Бөкейдің хан дəрежесіне Ресей тарапынан бекітілуі үшін өзінің (Глазенап) көп күш
жұмсағанын айта келе, хан мен оның ұлдары-немерелерінің патшаның сенімін ақтау жолында, Ресей
мемлекетінің пайдасына үлес қосатын істерде белсенділік танытуларын баяндайды[15].
Бөкей сұлтанның Ақкөл – Жайылма жерінде (қазіргі Екібастұз ауд. жері) хан көтерілуін
ұйымдастыруға Сібір басшысы Глазенап тікелей араласқанын мұрағат құжаттары дəлелдейді. Осы хаттың
астарынан патша өкіметінің Бөкейді Орта жүзде екінші хан етіп бекітуі тек Уəли хан билігін əлсірету үшін
ғана емес, сонымен бірге өз мүдделерін мүлтіксіз орындайтын қызметші ретінде ұстау мақсатынан
туындағаны сезіледі. Яғни, Глазенап орыс шекараларына қазақтардың табындарын бұрынғы жылдарға
қарағанда аз өткізетіндігіне алаңдаушылығын білдіре отырып, оның қазақтарға өте тиімді екендігін
дəлелдеуге тырысады. Оның ойынша қазақтардың малдарымен орыс жерлеріне өтуі, қазақтардың тыныш
та, қауіпсіз өмір сүруіне, ал малдарын құнарлы жайылымдарға жаю мүмкіндіктерін береді. Осы жерлерді
пайдаланғандары үшін өкімет белгілеген «аз мөлшердегі» төлемдерін төлеу мəселесін де ескерте кетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |