152
(?), сұмырай – «жауыз (?), сұм, залым, жексұрын» (ҚТТС, II, 385).
Бұлардың сұмпайы варианты да осы мағынада танытылады. Ал
бұл сөздер сәл ертеректе (күні кешеге дейін) өзгеше мағынада да
жұмсалған. Мысалы, батырлар жырында:
Әкесі сонда сөйледі:
Олай деме, сұм ұлым,
Бұлай деме, сұм ұлым...
«Едіге» жырында Сыпыра жырау «Сыпыра сынды сұм жырау»
деп аталады. Шоқан жинаған материалда Орақ батыр:
Жалғыз да туған сұм басым,
Барымнан жоғым көп игі, –
дейді. «Алпамыс» жырындағы жеті жасар Жәдігерді Ұлтан құл:
Өлтіремін алып кел,
Жәдігер сұм баланы, –
дейді. Баян сұлу әрдайым өзін «Баян сұм» деп, ал Қозыға: «Атадан
жастай қалған сен сұмырай», – деп отырады. Осылардың барлығында
да сұм сөзінің мағынасы «бақытсыз, талайсыз, сормаңдай» дегенге
саяды. Шынында да, шум деген сөз парсы тілінде «бақытсыз, сорлы,
сормаңдай» дегенді білдіреді. Бұл сөз қазақ тілінде дыбысталуы сәл
өзгеріп (шум дегеннен сұм болып), сол өз мағынасына және бір реңк
қосып, өте ертеде енген деп топшылаймыз.
Осы реңк – бұл сөздің адамның (жастың) ата-анасынан жетім
қалып не бірге туған аға-інісінен, баласынан айырылып немесе
жал-құйрықсыз (аға-інісіз) жалғыз өсіп «сормаңдай, бақытсыз»
болған жағдайында айтылуы. Мысалы, Алмажан Азаматқызы (XIX
ғасырдың I жартысы) өзі туралы «өспей кеткір сұм басым» дейді,
ал мұны Алмажан әке-шешеден жетім қалып, тоғыз биге шағынған
өлеңінде айтады.
Сәкен Сейфуллиннің келтірген материалдарында жалғыз қызы
өлген шешенің жоқтауы бар. Онда шешесі былай дейді:
Ақ ешкі, сен де мұңды, мен де мұңды,
Жаратты Алла неге біздей сұмды.
Келгенде елу беске сұмырай Бетен
Айырылып жалғызынан аңырап қалды (Сейфуллин,VI, 149).
Мұнда да шеше өзін сұм, сұмырай деп атағанда, жалғыз қызынан
айырылып, сормаңдай болып отырғанын білдіреді. Қозы балаға
өрмегі үзілген кемпір: «Қатыныңнан айырылған сұм жүгірмек», –
дейді. Бұл жерде де сұм сөзі әкесі мен қалындығынан айырылған
жетім балаға қарата айтылып тұр.
Сұм тұлғасы сұмырай вариантында да келеді. Бұл күнде сұмырай
– мүлде жағымсыз қасиеттің атауы екені жоғарыда көрсетілді. Өткен
153
ғасыр сөздіктерінің өзінде қазақ тіліндегі сұмырай сөзін «айлакер»
(хитрец) деп танытады (Ильминский, 164). Қазіргі қарақалпақ тілінде
сұмырай – «өтірікші, алдамшы». Бірақ қазақ тілінде бұрын сұм мен
сұмырай сөздері бірінің орнына бір айтыла бергенге ұқсайды және
«бақытсыз, сормаңдай» деген ұғымда жиірек жүмсалған. Мысалы,
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында:
Мен сұмырай сенен қалып не көрермін...
Кім айтты мұны саған сұмырай балам, –
деп те келеді. Алмажан ақын өзі туралы бір жерде:
Алмажан сынды сұм апаң, – десе, енді бір жерде:
Сұмырай туған қыз Алмаш, –
дейді. Демек, сұм, сұмырай сөздерінің күні кешеге дейін алып кел-
ген мағынасы бұл күнде пассивтеніп, сирек жұмсалатып болған да
олар көбінесе «алдамшы, өтірікші, қу, залым» деген сияқты адам
баласының жағымсыз қасиеттерін атайтын сөздерге айналған.
Бұдан сөз мағынасының қозғалысы үшін аса көп уақыттың керек
етпейтіндігі байқалады.
СҰРАУ. Бұл етістіктің «бір нәрсені білгісі келу», «бір затты беруін
өтіну», «тілек білдіріп өтіну, қолқалау» деп «Түсіндірме сөздікте» (8-
том, 394- бет) көрсетілген үш түрлі мағынасының үстіне 4-мағынасын
да көрсету керек еді, ол – ел «басқару, билеу» деген көне мағынасы.
Бұл мағынада келген сұра- етістігі көбінесе ел, жұрт сөздерімен
тіркесте келіп, «Батырлар жырлары» мен лиро-эпостардан, бұрынғы
өткен ақын-жыраулар тілінен табылады. Алпамыс… қалың қоңырат
еліне бек болып, жұрт сұрап тұрды (Алпамыс батыр», 1957, 21- бет).
Сен залымды өлтіріп,
Мен сұрайын жұртыңды («Қамбар батыр»).
Білемін, хан Бәйеке, жарлығыңды,
Келсе − кең, қайтса − қайтпас тарлығыңды.
Баласын алты алаштың шырқ иіріп,
Ел билеп, жұрт сұраған хандығыңды (Шернияз).
Бұл тіркестің ел ұстау, жұрт ұстау деген синонимдік қатары да
колданылған:
Кешегі ел ұстаған ханзаданың
Сізді де ұрпағы деп бердім сәлем.
Олар да ел билеген, жұртын ұстап
Патшаға қара қазақ барысқан жоқ (Шернияз).
Сұрау етістігінің «билеу, басқару» мағынасында Қазақстанның
оңтүстік өңірлерінде қолданылатындығын диалектологтер көрсе-
теді, яғни оны жергілікті ерекшелік деп табады (Қазақ тілінің
диалектологиялық сөздігі, 1969, 300-301 беттер).
154
СҰРҚЫЛТАЙ. Жетісуда Шыңғыс әулетінен төрелік еткен Тезек,
төре тұқымының бірқатары сияқты, ақындыққа, өнерге бой ұрған
адамның бірі болған. Оның Сүйінбаймен айтысында:
Тұсында Абылайдың Бұхар жырау,
Хан Әділдің кезінде Түбек тұр-ау.
«Әр заманның бар дейді сұрқылтайы»,
Сұрқылтайым менің де екен мынау, –
дейді. Қазақта «әр ханның тұсында – бір сұрқылтай» деген мәтел бар.
Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, оның көбін орыс тіліне аударып
бастырған белгілі этнограф-фольклоршы – Шоқан Уәлихановпен
Омск кадет корпусында қатар оқыған досы Г.Н.Потанин «Восточные
мотивы в средневековом европейском эпосе» (М., 1899) деген
еңбегінде гурулъдай деген сөз монғолша «ханның кеңесшісі, ақыны»
деп анықтайды. Қазақтар қолданған сұрқылтай сөзінің мағынасы
да «ханның кеңесшісі, ақылшысы, сөзін сөйлейтін ділмары, ақыны»
дегенді білдіреді. Бұхар жырау – Абылай ханның ақылшы-кеңесшісі,
сұрқылтайы болса, Тезек төренің айтуына қарағанда, Әділ ханның
сұрқылтайы Түбек жырау болған. Зерттеуші М.Жолдасбековтің
жазуына қарағанда, Тезек төре Сүйінбайды да, Бөлтірікті де
ығына жығып, өзінің сұрқылтайы еткісі келген (М.Жолдасбеков,
Асыл мұралар, 1990, 153). Мұны жоғарыдағы оның Сүйінбайға
«Сұрқылтайым менің де екен мынау» дегені дәлелдей түседі.
Бұл сөздің түбірі монғолдың «1) оқыту, 2) бір нәрсеге үйрету,
3) тәрбиелеу» мағыналарындағы сурга(х) сөзі болу керек. Сургаал сөзі
«ілім» мағынасын, сургуулъ сөзі «1) мектеп, училище, 2) оқу, үйрету,
оқыту» дегенді білдіреді, ал -тай – монғол тілінде сын есім туды-
ратын жұрнақ. Сонда сургаалтай (сургултай) қазақша сұрқылтай
«үйретуші (ақыл-кеңес беруші)» деген сөз болып шығады.
Сұрқылтай сөзінің көне этнографизмдердің (белгілі бір халықтың
материалдық, рухани мәдениеті мен тұрмыс-салтын танытатын
сөздер) бірі екендігін оның қазіргі монғол тілі сөздіктеріне (мы-
салы, 1957 жылы Мәскеуде шыққан монғолша-орысша сөздікте)
енбегендігі көрсетеді. Бұл сөз қазақ тілінде де мән-мағынасы мүлдем
күңгірт тартып кеткендіктен, қазіргі жазушылардың бірқатары мұны
жағымсыз адамды сипаттайтын сөз ретінде жұмсағандары байқалады.
Мысалы, Қалихан Ысқақов «Тұйық» деген романында Қияқмұрт
деп атаған кейіпкерін екінші кейіпкері Қажымұрат: «Ойпырай, бұл
сұрқылтайдың да жаны сірі екен, таңнан қара кешке дейін нәр татпай
іздейтіні ілік», – деп сипаттайды (Қ. Ысқақов Тұйық. -1975. -192).
Тіпті бұл сөзді сын есім (онда да жағымсыз сипатты білдіретін)
ретінде жұмсаушылық та бар.
Достарыңызбен бөлісу: |