32
білер, кісінің аласын кім табар». Қазірде қолданылатын «Жылқы ала-
сы – сыртында, адам аласы – ішінде» деген мақал XI ғасырда да дәл
осы түрінде болғанын көреміз.
Ала көз, алабұрту, ала ауыз тіркестеріндегі келіспеушілік, қастық
мәнін жасауға ала сөзінің мағынасы негіз болғанын байқау қиын емес.
Бұл сөздердегі ала тұлғасының не түске, не ұрыс-соғыс ұғымына, не
жоғарыда талданған «азбан»-ға қатысы жоқ.
АЛАПА. Бұхар жыраудың Шоқан Уәлиханов жазып алған бір
толғауында (Абылай ханға арнаған жоқтауында):
Қырық сан қара қалмақты
Жарлығына қаратқан.
Алафасын арттырып,
Арпалап атты қунатқан (Валиханов, 1, 191), –
деген жолдар бар. Мұндағы алафа сөзі бұл күнде бейтаныстау. Қазақ
тілінің толық (10 томдық) түсіндірме сөздігі алапа сөзінің көне
екенін көрсетеді де оған «Қазақ совет энциклопедиясы» берген анық-
таманы қайталап береді. Бұл екі анықтағыш кітаптың түсіндіруінше,
алапаның бір мағынасы «олжа, пайда, табыс», екіншісі – «пара,
алым, ауызбастырық», үшіншіден, бұл сөз – кәделі сыйлықтың, жөн-
жоралғының атауы (ҚТТС, 1974, 1, 196). Ал Шоқан жазбаларын жа-
риялаған кезде, осы толғауды аударушылар академик Ә.Марғұлан
мен Дж. Кармышева алафа сөзі келген өлең жолын «айналасына
ұлылықтың нұрын шашқан (окружил себя ореолом величия)» деп ау-
дарады (Валиханов, I, 170). Демек, бұл жерде алапа сөзінің және бір
мағынасы көрсетіледі.
Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктерін жинап зерттеушілердің
мәліметіне қарағанда, бұл сөз Қазақстанның әр өлкесінде әртүрлі
мәнде жұмсалатыны байқалады. Атырау, Маңғыстау өңірінде бұл сөз
– кәденің атауы. Семей, Абай аудандарында – «қалыңмал», Қостанай,
Қызылорда өңірінде – «олжа, пайда, табыс», ал Жамбыл, Шу аудан-
дарынан жиналған материалдардың көрсетуі бойынша, бұл сөздің
(алапа-ның) мағынасы – «адамгершілік, бедел». Жоғарыдағы Бұхар
толғауындағы алафа (алапа) сөзінің контекстегі мәні осы соңғы
мағынаға жуықтайды: алапасын арттырып – «беделін арттырып»
деп түсінуге болады.
Біздіңше, о баста алапа сөзі (алапай тұлғасында да келеді) «соғыс-
ұрыста түскен олжа» дегенді білдірсе керек. Оның бұл мағынасы
қырғыз тілінде сақталған. Ала түбірінен жасалған «олжа, трофей»
мәніндегі сөз өзге түркі тілдерінде де бар. Мысалы, түрік тілінде:
аланж 1) олжа, 2) тартып алу, конфискация (Турец.-русск. сл., 43).
33
Қазақ тілінде де алапа-ның «олжа» мәні жай олжа емес, соғыста
түскен олжа екенін Қазақ энциклопедиясынан көруге болады: ерте
заманда жаудан түскен олжа алапай (алапа) деп аталған (ҚСЭ, I,
246). Тіпті алапаға қызықпа деген халық мәтелі, энциклопедия мен
түсіндірме сөздік көрсеткендей, «параға қызықпа» деген ұғымда емес,
«жаудан түскен олжаға қызықпа», яғни «бүлген елден бүлдіргі алма»
дегенді білдіретін тәрізді. Келе-келе көне сөз мағынасы құбылып,
бір жерде «жалпы олжа», бір жерде сол олжаның бір түрі – «кәдеден
түскен олжа» (одан барып кәденің өзінің атауы) деген мағыналарда
қолданылатын болған.
Сөйтіп, алапа негізінен екі түрлі мағынада ертеректе жиі
қолданылған, бұл күнде әртүрлі ұғымда әр жерде сақталған көне
сөздердің бірі деп танимыз.
АЛАШ. Қазақтың ауыз әдебиеті тілінде, әсіресе жырларда, со-
нымен қатар өткен ғасырлардағы ақын-жыраулар тілінде, тіпті күні
кешегі Бұхар, Махамбет, Шернияздарда, айта берсек, Абайдың
өзінде алаш сөзі өте жиі қолданылған. Бұл сөздің екі-үш мағынада
жұмсалғаны байқалады. Бірі – ел, жұрт, байтақ сөздерінің синонимі
ретінде. Мысалы, «Қамбар батырды» жырлаушы қызыма күйеу
таңдатам дегенді:
Бұл хабарды Әзімбай
Алашқа тегіс жүргізді, –
деп суреттейді. Махамбет ақын:
Алаштың байлығынан пе пайда,
Тарығып келген ерлерге
Қайыры оның болмаса, –
дегенінде алаш деп тұрғаны − жалпы «ел-жұрт, халық». Шернияз
ақын Исатайдың ел қамын жейтін жақсылығын айтқанда:
Исатай – ел еркесі, ел серкесі,
Бір мен емес, алашқа жайылым еді, –
десе, мұнда да алаш – «қалың көпшілік, ел, халық» деген мәнде
қолданылып тұр.
Сонымен қатар бұл сөз «белгілі бір этникалық құрам (айталық,
хандық немесе тайпалар одағы), қауым» деген нақтылы тар
мағынаны да білдіргені байқалады. Оның бұл терминдік мағынасы
алты сан алаш, он сан алаш, алты алаш сияқты тіркестерде келген-
де, тіпті айқын сезіледі. Сондықтан алаш сөзі жеке келіп те, жоғарғы
тіркестермен келіп те, «қазақ қауымы» немесе «белгілі бір бөліктері
(рулары, рулар одағы, жүзі)» деген мағынаны да бергені және
байқалады. Мысалы, Бұхар жырау Абылайға:
34
Он сан алаш баласын
Жұмсап бір тұрсың қолыңнан, –
дегенінде Абылайдың қазақтың көп руларының басын біріктіріп би-
леу әрекетін айтып тұр. О баста алты сан алаш – XIII ғасырдың бас
кезінде, тегі, монғол шабуылына қарсы ұйымдасқан алты тайпадан:
қыпшақ, найман, қаракесек, алшын, қоңырат, жалайыр – тайпалары-
нан құралған одақты білдірген. Кейін бұл одақ алты сан алаш деген
атпен Жошы ұлысының қарамағына кірген (ҚСЭ, I, 247). Ал бірақ
қазақ ақын-жыраулары бұл тіркесті «жалпы қазақ қауымы», тіпті кей-
де одан тарылтып, «өз руластары» деген мәнде жұмсаған. Мысалы,
Махамбеттің:
Алты сан алаш ат бөліп,
Тізгінін берсе қолыма,
Зулар едім бір көшке, –
дегенінде, «қазақ қауымы», оның ішінде өз ортасы – «он екі ата
байұлы» деген сияқты ұғым бар, өйткені дәл осы жолдардың алдын-
да:
Он екі ата байұлы
Жиылып келсе бұл іске, – дейді.
Алаш сөзі «ел, жұрт, қауым» деген жалпы мағынаны білдірумен
қатар «қазақ елі, қазақ қауымы» деген нақтылы терминдік мәнде де
қолданылған. Алаш сөзінің қазақ тайпалары одағына байланысты ер-
теректен бері қолданылып келе жатқанын XVI ғасырдың соңы мен
XVII ғасырдың бас кезіндегі тарихи шығарма – тарақ таңбалы жа-
лайыр руынан шыққан Қадырғали бидің шежіресіндегі алаш мыңы
деген тіркестен байқаймыз. Мұндағы тарихшының алаш мыңы деп
отырғаны – ішінде қаңлы, жалайыр, қатаған сияқты ірі-ірі рулары бар
тайпалар одағы. Ал алаш мыңы деген сөз, қазіргі зерттеушілердің ай-
туына қарағанда, XV-XVI ғасырларда қазақ халқын атайтын этноним
(халық аты) болған (Ч. Валиханов, I, 636). Ұлықбектің еңбектеріне
қарағанда, алаш атауын қазақ тайпалары монғол жорығы басталмас-
тан бұрын, XII ғасырға дейін қолданған (ҚСЭ, I, 247).
Өткен ғасырлардағы қазақша-орысша және орысша-қазақша
сөздіктерді құрастырушылар да, Л.Будагов, В.Радлов сияқты лек-
сикографтар да қазақ тіліндегі алаш сөзі «бүкіл қазақ халқы» деген
сөз деп аударады да алаш деген сөз қазақ деген сөздің синонимі деп
танытады. Алаш «бүкіл қазақ халқы» деген ұғыммен барабар деген
тұжырымды ортағасырлық түркі тіліндегі тағы бір тарихи шығарма
– «Бабурнаме» материалдарына сүйеніп, өзінің «Қара сөздерінде»
Абай да айтады. Ол алаш сөзінің түптөркінін Алаша хан атынан,
Достарыңызбен бөлісу: |