4. Бүгiнгi күндегі қазақ даматургтері
Тірек сөздер: Бүгiнгi әдебиетiмiзде драматургияның алар орны ерекше. Дулат Исабековтiң сөзiмен айтсақ: «Әдебиеттiң басқа салаларына қарағанда ұрысты көп еститiн де, таяқты көп жейтiн де – драматургия жанры».
Ана тiлiмiздiң ауған жүгi толық түзелмей, ұлттық санамыз отарлау саясаты кезiнде жұққан дерттен әлi де айыға алмай тұрған қазiргi кезеңде халықтың намысын оятып, жiгерiн қайрайтын тәуелсiз елiмiздiң iргетасын бiржола бекемдеу үшiн бүкiл жұртшылықты ортақ мақсатқа жұмылдыратын драмалық шығармалар қажет. Осы талап тұрғысынан келгенде қазақ драматургиясының қазiргi жағдайы қандай?
«Пьеса – драма, комедия - әдебиеттiң ең қиын формасы» - дейдi Горький. Қиын болатын себебi бар. Проза мен лирикада автор кейiпкерлердiң әрекеттерiн, олардың жан-дүниесiндегi құбылыстарды, жүректегi сезiмдерiн өз тарапынан еркiн түсiндiрiп отыра алады. Ал, драматургияда авторға мұндай мүмкiншiлiктер жоқ және кейiпкерлердiң iс-әрекетiне де, шығарманың көлемiне де қатаң шек қойылады. Пьесада бүкiл iс-әрекет, бар оқиға бiздiң көз алдымызда дәл қазiр өтiп жатқандай боп көрiнуге керек. Сол оқиғалар сипатынан кейiпкерлердiң өткен өмiрiн де, келешегiн де бiлемiз. Автор пьесада драматургияның қатаң талабына оқиғаны бағындырады, бiрақ, бас кейiпкердiң iс-әрекетiнiң даму заңдылығын берiк ұстауға тиiс. Өйткенi, Лессинг айтқандай, «характерлердi бейнелеуде сәл қате жiберiлсе, оның төлеуiн, ереже қанша қатал сақталса да өтей алмайды». Сонымен бiрге ұлы сыншы Белинский iс-әрекет бiрлiгi - драманың ең басты шарттарының бiрi екендiгiн көрсете келiп, «драмада бәрi де бiр мақсатқа, бiр ниетке бағытталуға керек2« - деп жазған едi. Мiне, драматургияның осындай қатаң шарты драматургтен зор шеберлiктi талап етедi.
Драмалық шығарма адам жанының терең сырларын ашуға тиiс. Әрине, роман мен повесте де, сондай-ақ әңгiмеде де адам тағдырлары суреттеледi, бiрақ, прозалық шығармаларда бас кейiпкердiң ой-сезiмiн, арман-мақсатын, ниет-пиғылын көрсету үшiн автор оның жан-дүниесiнiң құбылысын, толқынын өз атынан да баяндап, сипаттап отырады. Ал, драмалық шығарманың кейiпкерi бҮкiл iшкi сырын өзiнiң iс-әрекетiмен өзi бейнелейдi, әр әрекет үстiнде оның жан дүниесiнде нендей өзгерiс болғанын автор өз тарапынан баяндап суреттей алмайды, драмалық бас кейiпкер өзi қалаған белгiлi жағдайда әрекет етедi. Драмалық шығармада «адам оқиғаны, өз қалауынша, бiрде олай, бiрде былай етiп, бiрде олай, бiрде былай аяқтап, оқиғаға үстемдiк жүргiзедi», - дейдi Белинский.
Драма кейiпкерi, Белинский сөзiмен айтсақ, - өзiне ғана тән ерекшелiк сипаты бар жеке адам. ёлы сыншы бұл пiкiрдi iрi характерге байланысты айтады. Адам өмiрiнiң кез кедген жағдайы драмалық шығармаға өзек бола алмайды. Бұл жөнiнде ұлы Дидроның - драмада адам өмiрiндегi ең маңызды, өнегелi, дүйiм жұртқа қызықты жағдай ғана бейнеленуi керек деген сөзi бүгiнде де зор мәнге ие.
Бүгiнгi күнде драматургияның осындай шарттарына сай түрде жазылған мынадай туындыларды атауға болады: Дулат Исабековтың «Актриса», «Тор», Иран Ғайыптың «Мен келемiн», Бек Тоғысбаевтың «Жан сая», Әкiм Таразидiң «Ақын, перiште, махаббат»,Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Ескi үймен қоштасу», Өмiрбек Боранбаевтың «Әңгүдiк» пьесаларын атауға болады. Бұлардан тыс драматургия саласында 2004 жылы жарық көрген «Тарту» атты екi томдық пъесалар жинағын драматургияны дамыту, драматургияда ынталандыру жолындағы жақсы қадам деп есептеймiз.
Қазiргi қазақ драматургиясы десек, ең алдымен ауызға алатынымыз да, сонан соң бiрiнсiз-бiрiнiң таңы атып, күнi батпайтынын өзара сабақтас салалардағы әралуан профессионалдық ортақ дiлгiрлiктер мен көкейкестi мiндеттердiң мейлiнше ұтымды жолдары, байсалды шешiмдерi жөнiнде қажеттi төрелiкке әрқашан төбе би ретiнде жүгiнетiнiмiз де дарабоз драматургтiң - Қалтай Мұхаметжанның бiр өзi екендiгi исi қазаққа, әсiресе, әдебиет пен театр қауымына кеңiнен белгiлi талассыз ақиқат.
Бұл арада әрине, оның алдындағы Мұхтар Әуезов пен Ғабит МҮсiрепов сияқты ұлы алыптардың, сондай-ақ iлгерi қанаттас туыстастарының iшiнде Т.Ахтанов, тәрiздi хас монолит суреткердiң, ал өкшелес шыққан тетелес драматургтердiң ортасында Шерхан Мұртаза, Сәкен Жүнiсов, Әкiм Тарази, Қалихан Ысқақов, Асқар Сүлейменов, Оралхан Бөкеев, Дулат Исабеков, Төлен Әбдiков сияқты тегеурiндi қаламгерлердiң; кенже буын iнiлерiнiң iшiнде Нұрлан Оразалин, Баққожа Мұқай, Әдiлбек Тауасаров, Сұлтанәлi Балғабай, Иран-Ғайып сияқты сарбаз драматургтердiң бар екендiгiн ескермегендiктен не ұмытқандықтан емес. Иә болмаса, солардың тиесiлi сыбаға-үлесiн жоққа шығарғандықтан емес. Сонда бiз неге сүйенiп, неге табан тiреп, үзiлдi-кесiлдi айтып отырмыз деген заңды сауалдар да туады.
Бұл арада бiз, сөз жоқ, саналы түрде қазiргi қазақ драматургиясы мен театрының 1958-1998 жылдар межесiндегi елеулi де жарқын табыстарының басым денi Қалтай Мұхаметжанов шығармашылығымен тығыз әрi тiкелей байланысты екендiгiне мейлiнше көз жеткiзгендiктен ғана жоғарыдағыдай берiк байламға, нақты пiкiрге келiп отырмыз. Өйткенi, бiрiншiден, қазiргi уақытта биiгiнен қарағанда Қалтай Мұхаметжанның сахналық шығармалары - ұлттық драматургиямыздағы озық дәстүрлер жалғастығының шынайы айнасы бола бiлген туындылар едi. Осы арада оның Мұхтар Әуезов, Бейiмбет Майлин, Ғабит Мүсiрепов қаламынан шыққан драмалық дүниелердiң тума бастауына тәлiм алғаны күмәнсiз. Оның үстiне екiншiден, кәусәр көркемдiкке iңкәр, тұрлаулы өнер иесiне-титан талантқа көтерiлген автордың орыс және әлемдiк драматургияның көп үндi, көп қырлы, көп мазмұнды салқар айдынынан мейлiнше мол қаныққанын, сөйте тұра, өзiнiң суреткерлiк iшкi болмысын сақтағанын, яғни шеберлiк ұстарту мектебiнен мүдiрiссiз өткендiгiн ескерсек, бұлай демеске дәтiң жетпейдi, шараң да қалмайды. Шын сүйсiну шектен аспаса, соның өзi де бiр ғанибет деп және сабыр сақтайтының бар…
Сондықтан шығар, аса көрнектi драматург Қалтай Мұхаметжанның барша комедиялары да, барша драмалары да – қазақ драматургиясына тән жанр эволюцтясын белгiлi бiр мөлшерде әр қырынан, әр деңгейiнен көрсететiн, тлықтыратын, айқындайтын әралуан көркемдiк жетiстiктердiң бiр шоғыр квитэссенциясы болып табылады.
Мiне, осыдан туатын әрi өрiстейтiн болу керек, қазiргi қазақ драматургиясы мен театрының 1958-1998 жылдардағы бүкiл гаммасын, параметрiн қамтып, жинақтап, iрiлендiрiп не көрсеткiмiз келген сәтте бәрiмiз, сөз жоқ, айналып келiп Қалтай Мұхаметжанның бiрегей көркем шығармашылыгына ат басын тiрейтiнiмiз анық. 1958 жылдан бастап «Бөлтiрiк бөрi астында» атты комедиясы мен 1988 жылы қойылған «Бiз перiште емеспiз» атты философиялық-әлеуметтiк драмасына дейiнгi туындыларда жалданып-жоталанып, шоғырланып-үйiрлесiп көрiнген кемел драматург талантының жалқы болмысы ғана дегенiмiз абзал!..
Әлем әдебиетiнiң алтын қорынан оырн алатын арабтың «Мың бiр түн» атты сегiз томдығын түгелдей аударып шығуы суреткерлiк ерлiктiң шынайы бiр көрiнiсi.
Қалтай Мұхаметжан әр жылдары әдебиет пен өнердегi қоғамдық-әлеуметтiк әралуан саладағыөзгерiстерге үнемi-ұдайы қаламгерлiк көзқарастары мен азаматтық поэзияларын айқын танытумен келедi. Әсiресе, жариялылық пен тәуесiздiк жылдары кезеңiнде мерзiмдi баспа сөз беттерiндегi, бұқаралық ақпарат құралдарындағы публицистикалық-проблемалық өткiр ой-толғаныстары, сұхбаттары, қоғамның, ортаның, адамдардың зәру де дiлгiр мәселелерiне деген суреткерлiк ат салысу белсендiлiгiмен айрықша зор рөл атқарғаны даусыз. Бұған дiн мен қоғам, ар мен иман, азаматтық жауапкершiлiк пен бейбiтшiлiк мәселелерi төңiрегiндегi өткен халықаралық ислам конгрестерiнде, симпозиумдарында жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздерiн қоссаңыз белгiлi қоғам қайраткерiнiң көшелi тұлғасы көз алдыңызға қаз-қалпында әдемi келе қалады.
Ал, аса көрнектi драматург Қалтай Мұхаметжанның өзiне-өзi сын көзбен қатал қарайтынына шығармашылық столының тарпасында жатқан, әлденеше нұсқалары бар «Шыңғыс хан» атты тарихи-философиялық драманы айтар едiк. Асылы, оның қаламынан туған комедиялар мен драмалардың қай-қайсысы болмасын нағыз профессионал драматургтiң сымбат-кескiнiн бұлтартпай көрсететiн жұп-жұмыр, келiстi дүниелер екендiгi ешқандай дау мен күдiк тудырмайды.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Бүгiнгi күндегi драмалық шығармалардың тақырыбы мен идеясы?
2. Қандай драмалық туындыларды бiлесiң?
3. Драмалық туындылардың өзiндiк ерекшелiктерi.
4. Белгiлi драматургтердiң шығармаларына талдау жаса.
ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ДРАМАТУРГИЯ
Қазіргі қазақ драматургиясы – қазақтың XX ғасырдағы классикалық әдебиеті дамуының заңды жалғасы. Драматургия – көркем әдеби тек (драма, трагедия, комедия) жанрларының өнернамалық жүйесі. Қазақ сөз өнеріндегі дәстүрлі негізі әдебиет шығармалары мен фольклор мұраларында (би-шешендер сайыстары, ақындар айтыстары, жар-жар, беташар, алтыбақан, т.б.) негізі қаланған ұлттық сөз өнерінің бұл саласы қазақтың рухани мәдениетінің әлем өркениетіндегі көрнекті орнын да танытты. Драматургия шығармалары қаламгерлердің тарихи кезеңдердегі халық тағдырын көркем шындық поэтикасы зандылықтары аясында бейнелеуімен ерекшеленеді. Драматургия туындылары (пьесалар, спектакльдер, либреттолар) арқылы әдеби тек саласы драма жанрларының (драма, трагедия, комедия) теориялық ерекшеліктері саралана айқындалады. Драматургия ұғымының аясында театр сахналарындағы туындылар мен деректі, ғылыми-фантастикалық, көркем фильмдердің де қойылымдық-режиссуралық көркемдік шешім ерекшеліктері айқындалады. Драматургиядағы шығармалар – әдебиет оқырмандары мен театр, кино көрермендеріне арналған өрнек өнері (көркемөнер) рухани құндылықтары. Қазақ топырағында драматургияны дамытқандар қатарында Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Жұмат Шанин пьесалары ұлттық классикалық дәстүр жолын қалыптастырды және т.б. кейінгі толқын драматург-қаламгерлер шығармашылығы арқылы жалғасты. Драматургия саласындағы әдебиеттану мен театртану, өнертану тұрғысындағы егізделе, теориялық-тәжірибелік тұтастықпен өрілген зерттеулер, танымдық бағалаулар да үздіксіз жазылумен келеді. Аристотельдің «Поэтика», Никола Буалоның (1636-1711), «Поэтикалық өнер» (1674), Дени Дидроның «Актер туралы парадокс» (1773-1778 жылы жазылып, 1830 ж. жарық көрген), «Драмалық поэзия туралы», Гатхохольд Эфраим Лессингтің «Гамбургтік драматургия» (1767-1769) атты еңбектерінде классикалық драматургияның поэтикалық табиғаты туралы бағалаулар жазылды. Георг Вильгельм Фридрих Гегельдің (1770-1831), В.Г.Белинскийдің (1811-1848) еңбектерінде де драматургия мәселелеріне байланысты пікірлері бар. Әдебиеттану, театртану-өнертану тұрғысында жазылған қазақ зерттеушілерінің (С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ж.Шанин, А.Тоқпанов, Ә.Тәжібаев, С.Ордалиев, Б.Құндақбаев, Р.Нұрғалиев, Р.Рүстембекова, Ә.Сығаев, Ә.Бөпежанова және т.б.) еңбектері осы саладағы зерттеулер жүйесін құрайды. XX ғасырдағы әдеби үдерістегі ұлттық әдебиет алыптарының драматургияны құрайтын шығармашылығы көрнек өнері туындыларына тән ортақ көркемдік-эстетикалық дүниетаным болмысын дәлелдеді. Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» (1926) кітабында «Айтыс-тартыс» тақырыбымен берілген драматургияға байланысты айтылған бағалау да сахналық қойылымның көру, қабылдау аясындағы танымдық-эстетикалық табиғатын түсінуге бағдарлайды: «Уақиға көз алдымызда болып, адамдардың тіршілік жүзінде айтысып-тартысып өмір шеккенін көреміз. Тіршілік майданында адамдардың ақылы жеткенше амалдап, қайратына қарай қару қылып, алысқаны, арбағаны, қуанғаны, жылағаны, ойнағаны, күлгені, сүйінгені, күйінгені, жауласқаны, дауласқаны, бітіскені, жарасқаны өмір жүзіндегідей көрініп, көз алдыңнан өтеді» (Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш: Зерттеу мен өлеңдер. –Алматы: Атамұра, 2003. – 208 б.; 175-бет). Қазіргі заманғы анықтама бойынша: «Драматургия (грек. Dramaturgіa – 1. драмалық шығарманы құрудың теориясы; 2. белгілі бір халықтың я автордың драмалық шығармаларының жиынтығы») (Орысша-қазақша сөздік: 70 000 сөз / Н.Т.Сауранбаев, Г.Г.Мұсабаев, Ш.Ш.Сарыбаевтың редакциялық басшылығымен, қайта өңдеген және толықтырылған үшінші басылымы. – Алматы: Дайк-Пресс, 2005. – 1152 б.; 227-б.). Қазақ драматургиясы – әлем өркениетіндегі классикалық жанрлар үлгілерімен үндес туындыларымен өзіндік даму белестерінен өтіп келеді. XX ғасырдың басындағы қазақ драматургиясы К.Тоғысовтың «Надандық құрбаны» (1915), Ж.Аймауытовтың «Рәбиға», «Ескерту», «Ел қорғаны», «Мансапқорлар», «Қанапия мен Шәрбану», «Шернияз», Қошмұхаммед (Қошке) Кемеңгеровтің «Алтын сақина», «Парашылдар», «Ескі оқу», Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Ел ағасы», «Бәйбіше-тоқал», «Қарагөз», «Абай», «Хан Кене», «Қарақыпшақ Қобыланды», «Айман-Шолпан», «Тас түлек», «Шекарада», «Түнгі сарын», «Сын сағатта», «Намыс гвардиясы» (Ә. Әбішевпен бірігіп жазған), Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар», «Бақыт жолына», Бейімбет Майлиннің «Шаншар молда», «Ел мектебі, «Неке қияр», «Айша», «Сәлде», «Көзілдірік», «Майдан», «Аманкелді» (Ғ. Мүсіреповпен бірігіп жазған), Ілияс Жансүгіровтің «Кек», «Түрксіб», «Біздің жігіттер», «Исатай-Махамбет», Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов», «Күрес күндерінде», Ғабит Мүсіреповтің «Аманкелді» (Б. Майлинмен бірігіп жазған), «Ақан сері – Ақтоқты», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» операсының либреттосы т.б. көрнекті драматург-қаламгерлердің (Ж.Шанин, Ә.Тәжібаев, Ә.Әбішев, М.Ақынжанов, т.б.) пьесалары-спектакльдері ұлттық әдебиет пен театр өнерін дамытуға мол үлес қосты.
Қазақ драматургиясының жаңа толқын қаламгерлермен толығу кезеңі – XX ғасырдың 60-70 жылдары. Бұл кезеңдегі қазақ драматургиясына қосылған қаламгерлер (Қалтай Мұхамеджанов, Қанабек Байсейітов, Қуандық Шаңғытбаев, Тахауи Ахтанов, Сәкен Жүнісов, Әкім Тарази (Әкім Әшімов), бұлармен ілесе Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкеев, Қалихан Ысқақов, Баққожа Мұқаев, Оразбек Бодықов, Дулат Исабеков, Асқар Сүлейменов, Софы Сматаев, Төлен Әбдіков, Нұрлан Оразалин, Иранбек Оразбаев, Сұлтанәлі Балғабаев, Жолтай Әлмашұлы, Роза Мұканова, т.б. каламгерлер қазақ драматургиясының көркемдік-эстетикалық қазынасын байыта түсті. Қазіргі қазақ драматургиясы әлемдік классикалық дәстүрді шығармашылықпен қабылдай отырып, ұлттық топырақтағы осы өнердің өркендеуіне жаңашылдықпен үлес қосып келеді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігі салтанат құрған жылдары жазылып, бірқатары театр сахналарында қойылып келе жатқан әртүрлі такырыптардағы пьесалар классикалық драматургия жанрларының уақыт пен кеңістіктегі еміршең, ұлағатын айғақтайды. Қалихан Ысқақовтың «Қараша қаздар қайтқанда», «Таңғы жаңғырық», «Есеней – Ұлпан», «Жан қимақ», «Сабатаж!», «Қылкөпір», «Мазар», «Ерліктің екі сағаты», «Апатай», «Жәке-Жәкетай», «Сайқының тұқымдары», «Қазақтар» (Шахимарденмен бірлесіп жазған) барлығы жиырмаға жуық пьесасы бар. Дулат Исабековтің пьесалары да әралуан тақырыптық, жанрлық ерекшеліктерімен әдебиетіміздің драматургия саласының дамуы қорын молайтты. Драматургтің «Ректордың қабылдау күндері» (1975), «Әпке» (1982), «Ертеңді күту» (1979), «Мұрагерлер» (1982), «Алыстан келген ананас» (1984), «Кішкентай ауыл» (1986), «Анасын аңсаған қыз», «Ескерткіш операциясы», «Алтын тордағы топты» («Актриса»), «Ескі үйдегі екі кездесу», «Тор» пьесалары театрлар сахналарында үздіксіз қойылуда. Қаламгердің «Жеті желкен» (1987) атты таңдаулы пьесалар жинағы жарық көрген.
Иранбек Оразбаевтың (Иранғайып) «Хайуандық комедия», «Алтын адам», «Естайдың Қорланы», «Қорқыттың көрі», «Махамбет», «Мауглидің оралуы», «Шоқан», «Мен ішпеген у бар ма?..», «Былыққа батқан қала» пьесалары бар. Нұрлан Оразалиннің «Шырақ жанған түн», «Тас киіктер», «Ақ құс туралы аңыз», «Қара қазан ғасыры» пьесалары оның ақындық сыршылдығы ықпалындағы лирикалық, психологиялық сарындылығымен ерекшеленеді. Сұлтанәлі Балғабаев – қазіргі казақ әдебиетіндегі көрнекті драматург-қаламгер. Жазушының «Ғашықсыз ғасыр», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Ең әдемі келіншек», «Қыз жиырмаға толғанда», «Қазақша күрес», «Жамбала, Мико және қасқыр», «Біз де ғашық болғанбыз», «Ғашықсыз ғасыр», «Әйелдер әлемі» пьесаларында өмір шындығының сан түрлі мәселелері камтылған. Жазушының пьесаларында қазіргі заманғы отбасылық-тұрмыстық өзекті мәселелер драмалық, трагедиялық, комедиялық сипаттар тұтастығымен бейнеленген. Мысалы, «Ең әдемі келіншек» лирикалық-психологиялық әуенді пьесасындағы кейіпкерлер тағдыры қайшылықты тіршілік келбетін, әралуан адамдар тағдырларын романтикалық және реалистік болмысымен көз алдымызға әкеледі. Пьесаның басты кейіпкері – Гүлбаршын. Осыдан он жыл бұрын Алматыдағы жоғары оқу орнын бітіргендер сол айтулы күнді атап өту үшін жиналып, тойлап жатқан қауышулар сәттеріндегі сезім өрнектері, тағдырлар тоғысуы – сахналық койылым жағдайына орайластырыла берілген. Басты кейіпкер Гүлбаршын мен жанама кейіпкерлердің (Абдолла, Алтай, Жиенбай, Мадина, Зухра) монологтары мен диалогтары арқылы – әйелдер мен еркектер арасындағы шынайы махаббат пен тағдыр ықпалындағы қарапайым жұбайлық ғұмырға көнетін тұрмыстық психология қайшылығы көрсетілген. Студенттік жылдарының алғашқы курсында он алты жастағы Гүлбаршын бірге окитын Алтайға ғашық болған екен. Алтайға деген алғашқы махаббат сезімін ұмытпаған Гүлбаршынды аласапыран көңіл-күйдегі хал-ахуалымен көреміз. Өзі сүйген адамы Алтайға қосыла алмағандықтан, күйінішті болып жүрсе де, өлердегі сөзін айтып соңынан қалмай қойған Жиенбайға тұрмысқа шыққан, бірақ оның қызғаншақтығынан, ақыры сотталып кетуінен кейін жалғыз жүрген Гүлбаршын тектес тағдырларды елестетеді. Пьесаның сюжеттік-композициялық құрылысындағы Гүлбаршынның сырт сұлулығына, мінез тартымдылығына еліккен Абдолланың да, бұрынғы өзіне ғашық қыздың ықыласына қайта ие болғысы келген Алтайдың далбаса – екіұдай көңіл-күйі де сенімді өрілген. Пьесаның көркемдік_түйіні – ғұмырдың сұлулығы өзіңді жақсы көретін адамның сезімі екендігін бағалау. Пьесаның көркемдік шешімін танытатын кейіпкер Жиенбайдың диалогтары мен монологтары әйелді жан-тәнімен сүйген еркектердің орынсыз қызғанышқа ерік беретініне де, маскүнемдікке салынатынына да, қызғанған адамдарымен төбелесетініне де, содан сотталатынына да кейіпкер тағдыры сендіреді. Бірақ, өзі ғашық болып қосылған әйелден ешқашан ажырағысы келмейтін, жылдар өтсе де қайта қосылудан күдер үзбейтін еркек махаббаты Жиенбай тағдыры арқылы жинақталып берілген (Балғабаев С. Ең әдемі келіншек: Әңгімелер мен пьесалар. — Алматы: «Ана тілі» баспасы, 2006. – 272 б.; 84-85-бб.). Пьеса сюжетінің шешімінде адамдардың алып-ұшқан асау сезім құрсауына қанша түссе де, бәрібір тұрмыс заңдылығына бағынатындығы дәлелденеді. Өзіне өліп-өше ұмтылған Абдоллаға да, бір сәттік қайта оянған сезімін білдірген Алтайға да берілмей, қанша алабұртып толқыса да, өзіндік өмірлік тұрағына мәңгілікке оралған Гүлбаршын тұлғасы арқылы тиянақты шешімді тектес адамдардың мінез-құлық психологиясы көркем шындықпен жинақтала көрсетілген.
Жазушының «Біз де ғашық болғанбыз», «Қыз жиырмаға толғанда», «Ғашықсыз ғасыр», «Әйелдер әлемі немесе ең жақсы еркек» атты пьесаларында да еркек пен әйел арасындағы сан алуан кайшылықтар егізделген тұрмыстық-әлеуметтік хал-ахуал мәселелері қамтылған.
«Біз де ғашық болғанбыз» пьесасының сюжеттік-композициялық желісінде заманымыздың ең өзекті мәселесі – отбасы бірлігінің сақталуы нысанға алынған. Қыз бен жігіт кезінде бірін-бірі ұнатып қосылған көп жұбайлардың отбасын құрып бірге тұру сынағына төтеп бере алмай, о бастағы тұтанған, шын сүю сезімін, махаббатты қорғай алмай ажырасып кететінін, бірақ екеуі де тап сондай кайталанбас ғажайып шынайы сезімді өмір бойы аңсап өтетінін, ажырасқандарына өкінетіндерін автор пьеса кейіпкерлері Дәукен (Дәуітрахымбай) мен Зияда тағдырлары арқылы дәлелдеген.
«Қыз жиырмаға толғанда» пьесасы адамның жүрек қалауы мен жұбайлық ғұмырдағы сыйластық, адамгершілік ар алдындағы жауапкершілік мәселесіне арналған. Басты кейіпкерлердің бірі Ғайыпберген – тұрлаулы сезімі жоқ, өзіндік күнделікті ұсақ-түйек тұрмыстың мәселелерін шашу үшін өзін шын ұнатқан қыздармен, әйелдермен көңілдес болудан ләззат алатын, тіршілік қозғалысындағы адамдарда шынайы махаббат, шын беріле сүю сезімінің болуын мойындамайтын адамдардың жинақталған бейнесі. Асыл, адал сезім иесі Тәукенмен диалогы да өмір шындығын көз алдымызға әкеледі: «Әй, жігіт! Білесің бе, дүниенің бәрін бүлдіретін, болмайтын нәрсені ойлап тауып жұрттың басын қатыратын мына сендер сияқты адамдар! Әр нәрсенің шегі болуға тиіс. Ғашықтық та, махаббат та солай! Біреуді сүй, ұнат, бірақ соншалықты фанатик болуға бола ма екен?! Өмірдің қарапайым логикасы бар емес пе?! Екеуі де бірін-бірі жақсы көретін және екеуінің де тал бойына бір міні жоқ керемет адамдардың қосылуы неғайбыл. Және қосылған күнде де өмір бойы махаббаттары жалындап, бір-бірінің бетіне карап, Қозы Көрпеш-Баяндай болып өтеді деп пе едін?!» (Жазушының аталған кітабы, 190-бет). Ғайыпберген тектес адамдардың осындай жан ділі психологиясының ықпалымен тұрмыстық-әлеуметтік ортадағы азғындаудың, тұрлаусыздықтың, селқостықтың, салғырттықтың адамдар қарым-қатынастарындағы опасыздықтың, екіжүзділіктің, т.б. жағымсыз қасиеттердің мол орын алып келе жатқаны анық. Жазушы осындай адамдарды тани білу керектігін ұғындырғысы келген. Пьесада Жібекті шын сүйетін, аруы өзіне бұйырмаса да тек оған жақсылық тілеумен ғана өмірін өткізуге пейілді. Пьесаның негізгі басты кейіпкер, Жібек пен оның жанындағы жанама кейіпкерлер (Жібектің анасы, Ғайни, тежілеулес достары Есімсейіт, Тәукен) – өмірдің, адалдыққа, пәктікке, шынайы сезімге толы болмысын дәлелдейтін тағылымын дәлелдейді. Басты кейіпкер Жібек – анасы Ғайни айтқандай: «Ақылы бар өзінің! Тек аздап қиялшылдау. Бала сияқты! Тауды, тоғайды, даланы жақсы көреді. Әкесі де сондай еді… Соған тартқан», – сипатымен танылады.
Пьеса – адамгершілік-имандылықтың, махаббаттың, ғашықтықтың адамзат ұрпақтарына тән басты ұстаным екендігін дәлелдеуге құрылған туынды. Шығарма арқауындағы негізгі қайшылық – шынайы махаббат сезімі бар адамдар мен тұрлаусыздық, жеңіл ойлылық, көрсеқызарлық құрсауындағылар арасындағы үйлесімсіздік. Шығарманың алтын желісі – адамгершілік-имандылық қасиеттерінің мәңгілік үзілмейтін ұстанымының беріктігін, қуаттылығын таныту көзқарасы. Пьесаның композициясындағы идеялық желіні адамдарды өмір бойы ар, адамгершілік сотының алдында жауап беріп жүргендей мағынада алуы да дәйекті. Ал, пьесадағы бұрынғы ата-бабалардың алдыңғы буын өкілдерінің отбасылық ұйытқыны, ерлі-зайыптылар татулығын, еркек пен әйел махаббатының беріктігін кіршіксіз сақтаған касиетті дәстүрін бүгінгі ұрпаққа жеткізушілер, болашаққа ұластырушылар тұрпатын Жібектің анасы Ғайни бейнесі айқын елестетеді. Пьесаның сонында өзі ұнатқан адамның сұрықсыз, мағынасыз болып шыққан сықпытынан түңілген Жібектің екінішті сөздеріне анасы Ғайнидың айтқан жауабы рухани қуат беретіндей сенімді естіледі.
Пьеса соңында анасының сөздерінен қуаттанған кейіпкер Жібектің тілеулес досы Есімсейітке өзіне деген сенімін, жақсылық, сұлулық тұғырында болуға деген құштарлығын білдіріп тұрған толғаныстары да шығарманың идеялық тұжырымындай көрінеді. Қаламгердің «Ғашықсыз ғасыр» пьесасының такырыбы – отбасылық, ерлі-зайыптылық тұрмыс, идеясы – тіршілік қақтығыстарына төтеп бере алатын еркек пен әйел арасындағы шынайы махаббат сезімінің қуаттылығын таныту. Пьесадағы ең басты өзекті мәселе – өмірге келген, енді келетін жаңа ұрпақ тағдыры. Басты кейіпкерлері – біздің замандастарымыз. 47 жастағы ғылым докторы, профессор Қайырбай мен 43 жастағы ғылым кандидаты Фарида жастай бірін-бірі сүйіп қосылған, төрт перзенттері бар, кенжесі Жұлдыз – мектептегі жоғары сынып оқушысы. Тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы жақсы отбасы үшін пьеса сюжетіндегі шиеленісті жағдайы – Қайырбайдың ұлды болу мұратымен Нәзікеш есімді қызбен көңіл қосып, оның екіқабат болып үйге өзі іздеп келгені. Қазіргі үйінен амалсыз кетіп, бірақ ұл емес, қыз туған Нәзікешпен бірге тұрған кезі Қайырбай үшін жайлы болмады. Оқиғаның шиеленісті, шарықтау кездерінде Фарида мен Қайырбайдың қайта қауышуын, Қайырбайдың жүрек ықыласына ие бола алмаған Нәзікештің бөбекті Фаридаға әкелгенін, өзінің басқа жаққа кеткенін, Жұлдыздың сәби-сіңлісін жұбатып, жылы жүрекпен қабылдағанын көреміз. XX ғасырдың 90-жылдары мен XXІ ғасырдың басындағы жиырма жылдық кезең Қазақстанның қоғамдық-әлеуметтік, тұрмыстық қарым-қатынастарында көптеген өзгерістер болуымен ерекшеленді. Бірнеше ғасыр бойы басқа дінді жатжұрттың отарлық құрсауында болған қазақ халқының әлеуметтік жағдайында, адамдардың карым-қатынастар жүйесінде өзгерістер, құбылыстар орын алды. Хакім Абай шығармаларында өткір сыншыл тілмен сыналған халық ортасындағы жағымсыз қасиеттер, дағдылар қазіргі заманның қайраткер қаламгерлері тарапынан да өткір сыналды. Демократия ұғымын бетперде етіп, қалай да биік мансапқа, билік қызметтеріне қол жеткізу үшін маңына жинап алған жандайшаптарымен, жағымпаздарымен сыбайласып, елдің қамын жегенсіп, көпірме, көбік сөздерімен қарапайым халықтың мазасын, уақытын алғаннан басқа түк бітірмей, босқа далақтап жүрген дарынсыз, қабілетсіз, қуыс кеуде сұмпайылардың әртүрлі билік орындарында жүргендері де тәлім. Жазушы Сұлтанәлі Балғабаевтың «Тойдан қайтқан қазақтар» атты екі бөлімді комедиясы – қазіргі кезеңдегі осындай келеңсіздікті бейнелеген сатиралық туынды. Комедияның барлық кейіпкерлері қазіргі кезеңдегі адамдардың іс-әрекеттері, мінез-құлық дағдылары жинақталған сипаттарымен көрсетілген. Қазақ тарихын жазуда өздерінің руының адамдарын, «… батыр бабамыз … бес жасында шешен, он жасында қол бастаған көсем болды…» (124-бет) деп, өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай етіп жазып жүрген суайт «тарихшы-ғалымдар» Асай Мүсеевич бейнесіне жинақталған: Жергілікті билік орындарындағы билік иелері пьесадағы кейіпкер Қошқарбай секілділер ондай алаяқ «зерттеушілерді»:
«Ұлы ғалым… Бұл кісінің ашқан жаңалықтары!.. Әсіресе, біздің батыр бабамыздың бес жасында шешен… он жасында қол бастаған көсем болған дейтін жаңалығы сұмдық!.. Ұлы ғалым!» (140-бет) деп жар салып жарнамалауы – қазіргі кезеңдегі келеңсіздіктердің нақты көрінісі.
Пьесадағы кейіпкер Мэлис Әлібаевич – жоғары мемлекеттік билік қызметіндегі лауазымын ауылдастарын, туыстарын, жағымпаздарын-жандайшаптарын маңына жинауға пайдаланған, сол арқылы өзін-өзі насихаттаумен қызмет істеп жүрген билік аппараттарындағы қуыс кеуде шенеуніктердің жинақталған бейнесі. Ол жағымпаздарының жандайшаптарының колдауымен билік аппаратындағы жауапты қызметкер, одан әрі министр, премьер-министр, тіпті Президент болуға да ұмтылып жүрген қазіргі мансапқорлар тағдырын айқын елестетеді. Пьеса кейіпкерлерінің өзара диалогтары уақыт шындығын сыншыл реализм көркемдік әдісімен айқын елестетеді:
«Асай Мүсеевич. … Айтпақшы дейім, Мэлис Әлібаевич, сіз алдағы сайлауда президенттікке өз кандидатураңызды ұсынуыңыз керек! Мэлис Әлібаевич: Жо-жоқ, оған әлі ертелеу!.. Ертелеу!.. Ең алдымен (даусын ақырын шығарып). Сізден несін жасырайын, осы жақында министр болатындай мүмкіндігім болып тұр!» (Жазушының аталған кітабы, 129-б.). Қоғамдағы билік жүйесінде орын алып отырған сыбайластықтың, жемқорлықтың негізі – бірін-бірі жалған көтермелеумен жауапты қызмет орындарына қойып жүрген жағымпаздық, жандайшаптық, алаяқтық жайлаған түрлі деңгейлердегі билік иелерінің сықпыттары осы пьеса кейіпкерлерінің диалогтарынан айқын аңғарылады. Министр болуды ойлап жүргені аузынан шығуы мұң екен, жандайшаптар (Асай Мүсеевич, Қошқарбай) оның, тіпті премьер-министр болуы тиістігін айтып даурығады. Пьесадағы басқа да кейіпкерлер (Саудагер, әйел, билетсіз жолаушы) кез келген мәселеде екіжүзділікпен өмір сүретін қазіргі тұрмыс қайшылықтарын да уақыт шындығына сәйкес іс-әрекеттерімен бейнелеген. Жолаушыларға, халыққа мінсіз, адал қызмет етушілер болып сырттарымен сыпайы көрінетін, бірақ билетсіз жолаушыларға, саудагерлерге және т.б. өздеріне пайдасы тиетіндерге ғана «қызмет» істейтіндердің келбеттерін танимыз. Пьесаның идеялық-композициялық желісінен мынадай өзекті мәселелердің поэтикалық мағыналық саралануы байқалады: біріншісі – қазіргі билік жүйесіндегі білімсіз, біліксіз мансапқорлардың қоғамның басым бөлігіне жайлап алғандығы; екіншісі – тұрмыстық-материалдық және рухани мәдениет салаларындағы халыққа қызмет етудің тек ғана тамыр-таныстықпен, рушылдық көзқарасқа негізделген сыбайлас жемқорлықпен бытысқан, сұрқиялық, екіжүзділік жайлаған сипаты. Пьесадағы кейіпкерлердің мінез-құлық ерекшеліктері, тұрмыстық көзқарас деңгейі арқылы автор қазіргі қазақ ұлтының мүшкіл әлеуметтік хал-ахуалын аңғартады. Пьесада тойдан қайтып келе жатқан, шала мас күйінде кері бағыттағы пойызға мініп кеткен кез келген ортада саясатшы», «мемлекетшіл», «ұлтшыл», «отаншыл» боп көрінгісі келетін көпірмелі көбік сөзді білімсіз, біліксіз даңғой «ғалымсымақтар», жемқорлар ұсақ саудагерлікпен ғана жан сақтап жүрген қарапайым халық, т.б. – адамдар бейнелері уақыт шындығы тұрғысында ұсынылған. Пьесаның соңындағы Билетсіз жолаушы атауымен шығарма құрылысында поэтикалық мағыналы орын алған кейіпкердің сөзі – жазушының қазіргі ұлт тағдырына алаңдаған ойын айқын аңғартады: «Ай, қазақтар-ай! Қайран, қазақтар-ай! Барар жерлеріңе аман-есен жетер ме екенсіңдер?! Тағы бір пәлеге ұшырап қалмай, аман жетер ме екенсіңдер?!» (Жазушының аталған кітабы, 161-б.). Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиеті дамуының үдерісіңде қазақ драматургиясы игерген өзекті мәселелердің бірі – ұлттық тарихымыздағы ақтандақ болып келген тақырыптарды көркем шындықпен жазу. Қазақтың ұлттық тарихындағы дербес мемлекеттік құрылыммен қалыптасуымызға, халық болып танылып, сақталуымызға қайраткерлікпен-көсемдікпен өмірін арнап, еңбек еткен хандарымыздың (Керей, Жәнібек, Абылай, Кенесары), би-шешендеріміздің (Төле, Қазыбек, Әйтеке, т.б.), ақын-жырауларымыздың (Асан Қайғы, Бұқар, Махамбет, т.б.), батырларымыздың (Қарасай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Сырым, Исатай, Жанқожа, т.б.), ғұлама-ағартушыларымыздың, қоғам қайраткерлерінің (Әбунасыр әл-Фараби, хакім Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов), т.б. ондаған тарихи тұлғаларымыздың сөз өнері туындыларындағы көркем бейнеленуі жаңаша серпінмен өркендеді. Әсіресе, XX ғасырдың 80-жылдарының ортасынан басталған ұлт тарихының бұрын әдейі назарға алынбай келген тұстары асқақ рухты романтизм мен сыншыл реализм көркемдік әдістері тұрғысынан мол қамтыла жазыла бастады. Әдеби тек түрлері (эпос, лирика, драма) жанрларының барлық салаларында елеулі туындылар жазылып, оқырмандарға ұсынылды. Драматургия саласында да халық ықыласпен қабылдаған тың туындылар жазылып, республика театрларының сахналарында қойылумен келеді.
Сәкен Жүнісовтің «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» (Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов бейнелеріне арналған), Әбіш Кекілбаевтың «Абылай хан», М. Байсеркеұлының «Абылайханның ақырғы күндері», «Кек қылышы Кенесары», Жолтай Әлмашұлының «Сана дерті», «Абақты-ғұмыр», «Фрустракция» (Нәзір Төреқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанбек Қожанов, Сәкен Сейфуллин туралы) пьесалары – қазақ тарихының ақтандақ беттерін көркем шындықпен өрнектеген туындылар.
Жолтай Әлмашұлының пьесаларындағы қазақ тарихының қайраткер тұлғаларының бейнеленуі – әдебиетіміздің өзекті тақырыпты игерудегі жаңашылдық. XX ғасырдың басындағы қазақ сөз өнеріндегі шығармашылықты мемлекеттік жауапты қызметтерімен сабақтастыра еңбек еткен қайраткерлердің саяси қуғын-сүргін жазалауларына ұшыраған – Ұлттық трагедиямыз. Табиғи қабілеттерін туған халқына, ұлтына қызмет етуге арнаған дарынды тұлғалардың жазықсыз жазаланғаны – қазақ ұлтын әлсіретуге, тарих сахнасынан біржолата жоюға арналған зұлым саясаттың жендеттік ұстанымының нәтижелері. Ж. Әлмашұлының «Сана дерті» (драма-элегия) пьесасындағы басты кейіпкер Төреқұлов Нәзір (1892-1937) – ғалым-ағартушы, мемлекет және қоғам кайраткері, публицист. XX ғасырдың басындағы қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік тұрмысындағы саясатқа, баспасөзге, мемлекетті басқару істеріне үлес қосқаны – тарихымыздың шындығы. Ислам дініне оң баға беру, түркі халықтарының әрқайсының мемлекеттік тілі колданысын жүзеге асыру, түркі тілдес халықтарға ортақ әліпбиін жасау ұсынысын қолдау, қазақ баспасөзінің қалыптасуына («Қазақ мұңы», «Халық газетасы» газеттерін, «Инқилоб» («Революция»), «Темірқазық» журналдарын шығаруға ат салысқан) үлес қосқаны – ұлттық мәдениет тарихындағы елеулі істер. Нәзір Төрекұлов – 1920-1922 жылдары Түркістан Республикасы Орталық атқару комитетінің төрағасы, 1922-1928 жылдары КСРО ОАК жанындағы орталық баспа басқармасының төрағасы болған, Мәскеудегі Күншығыс баспасын басқарған, түрік халықтарының және араб, парсы, ағылшын, француз, неміс, орыс тілдерін жетік білген, әлем халықтарының рухани мәдениетін зерделеген ғалым. 1936 жылы КСРО-ның Ұлттар Кеңесінің жанындағы Орталық тіл және жазу ғылыми-зерттеу институтында қызмет істеген. Ол КСРО-ның 1928-1932 жылдары Арабстанның Хиджаз қаласындағы консулы, 1932-1936 жылдар Сауд Аравиясындағы өкілетті елшісі болған. «1937 жылы шілдеде «халық жауы» ретінде айыпталып, ату жазасына кесілді. 1958 жылы 28 қаңтарда КСРО Жоғарғы сотының шешімімен ақталды». (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия /Бас ред. Б. Аяған. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы. 2006. – 8-том. – 704 б,; 475-476-беттер). Жазушы осы қайраткердің Сауд Аравиясындағы елші болып тұрған кезіндегі бір сәтін ғана пьесаға арқау еткен. Төрт көрісті драма-элегияның сюжеттік-композициялық желісіндегі басты кейіпкер Нәзірдің монологтары, диалогтары арқылы тарихи тұлғаның жан ділі әлемі дүниетаным кеңістігі, қызметін қазақ ұлтының және жалпы адамзаттың ортақ игілігіне арнаған гуманистік ойлары саралана танылады. Жазушы тарихи шындық деректерін негізге ала отырып, Нәзірдің көптеген тілдерді меңгерген қабілеттілігін, Алаш көсемдерімен (Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, т.б.) ниеттес болғанын, пьесаның идеялық желісінде айқындаған. Мәскеуден келген шақырудың ажалға апаратын суық лебін сезінген Нәзірдің бұған дейінгі мағыналы өмір жолын шолып өткені, ғашығы Еңліктің елес-бейнесімен, басмашылар қолынан қаза тапқан әкесі Төреқұл-рухымен сырласуы, орынбасары болып жүріп Нәзір туралы жалалы мәліметтерді Мәскеуге жіберіп отырған жалақор-бәлеқор Сыпкинмен бет ашысуы, сенімді серік қызметкері, әдебиет пен өнерге тілеулес жас жігіт Сабыржанмен сұхбаттары – бәрі де шығармадағы көркем шындық поэтикасы заңдылықтарының шеберлікпен орындалғанын таныта алады. Халықтың қызметшісі болып еңбек етіп, барлық іс-әрекеттерімен, мінез-құлық дағдыларымен адамгершілік-имандылық ұстанымымен жүрген Нәзірдің монологтары оның табиғи-тарихи жан ділі болмысын айқын елестетеді. Жазушы басты кейіпкердің монологтарынан Кеңес мемлекетіне адал көз қарасын баяндалған. Маңындағы адамдардың әсер-ықпалынан, заманының қысылтаяңы-қыспағы салдарынан туындаған басты кейіпкердің психологиялық хал-ахуалын жазушы өмір шындығына сәйкес өрнектеген. 1937-1938-жылдардағы саяси-қуғын сүргінге ұшырағандар – Кеңес өкіметін орнату, нығайту жолында аянбай еңбек еткендер. Сондықтан да, олар қуғын-сүргін басталғанда, қамауға түскенде, өздерінің не себепті айыпталғандарына түсінбеді. Түрмедегі тергеулер кезіндегі жалған жалаларды мойындату үшін жасалған жендеттік азаптаулардан кейін, әрине, олардың ақыл-естерінен де айрылып қалғаны анық. Сондықтан, пьесадағы басты кейіпкер Нәзірдің куғын-сүргін дүрбелені басталып жатқанда, өзін орталыққа шақырған хабарды естіп, аттанар сәттегі көңіл-күйі де шындыққа кәміл сенген аңғал, әрі батыр мінез иесін танытады: «… Ойпырмай, осынша үрейленгенім қалай? Күннен күнге қорқақ, жасқаншақ болып барам ба? Ал, менің ағаларым … Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатовтар қандай жүректі жандар? Мұстафа Шоқай ше? Дүние-дүрмекке басын иіп, бордай үгілген жоқ, өз принципінде қалды. Тіпті өз ойы мен идеясы жолында елін, жерін тастап, шетелге кетті. Сонда да мойыған жоқ. Өз тұстастарымнан … Тұрар Рысқұлов қазақ жеріндегі ашаршылық халықты баудай түсіріп, қырып бара жатқан шақта ұлты үшін шамырқанып, тұп-тұра Сталинге хат жазды. Арты не болар екен деп ойламады. Қорқып-қалтырамады. Менікі не? Кінәм болса екен! Халыққа қиянат жасасам екен! Онда қорқып-үркуге болар-ақ. Бұл не деген үрей?..» (Әлмашұлы Ж. Тірі жан: үш бөлімді драма-дастан. – Алматы: Өлке, 2008. – 288 б.; 25-бет). Жазушының бұл пьесасындағы тарихи шындық пен көркем шындық тұтасуымен өрілген поэтикалық мағыналы мегзеумен қуғын-сүргін құрбандарына кінәлі адамдар ортасындағы қызғаншақтық, көре алмаушылық, күншілдік зардаптары даралана айқындалады. Билік жүйесіндегі көсемсінгендердің мансаптарын сақтау үшін ақылды, дана, нағыз қайраткерлерді қызғанышпен, қараулықпен қудалайтын, қуғын-сүргінге ұшыратып, көздерін жойып тынатын зұлымдық әрекеттерінің мәңгілік үзілмейтіндігі де пьеса соңындағы Дауыс-әзәзіл монологымен дәйектеле түскен: «Мұңға бат! Қапалан! Қайғыр, сорлы пенде! Бәрін де жасайтын өз қолың, өз басың, өз ақылың… Жау сыртта емес, өз ішінде. Өзіңе-өзің жаусың. Сені жазалайтын да бөтен емес, ол да өзің. Ендеше өзіне-өзі көр қазып жатқан пенделер әлемінен сен де сырғып барасың, Нәзір жолдас! Бұл көшті ешкім де тоқтата алмайды. Ол мүмкін емес. Ха-а-ха!» (Жазушының аталған кітабы, 32-бет). Жазушының үш актілі «Абақты-ғұмыр» атты поэтикалық драма-сұхбаты да жазықсыз жазаланған халқымыздың дарынды перзенттері Мағжан Жұмабаевтың, Нәзір Төреқұловтың, Сұлтанбек Қожановтың тарихи-көркем бейнелерін танытуға арналған. Пьесаның тақырыбы – қазақ халқының көрнекті қайраткерлерінің, дарынды перзенттерінің тарихи тұлғаларын таныту, идеясы – асыл адамдарын сақтай, қорғай алмайтын адамзат ұрпақтарына ортақ қасіретті қасиет сипатын әшкерелеу. Пьесаның үш актісіндегі көріністер Мағжанның түрмедегі, фәнидегі соңғы түніндегі толғаныстары және Ташкентте Сұлтанбек Қожановтың, Мәскеуде Нәзір Төреқұловтың кабинеттеріндегі сұхбат сәттері бойынша бейнеленген. Алаштың үш қайраткері сұхбаттарының желісінде олардың қазақ халқының қазіргі және болашақ тағдыры, сөз өнері шығармаларының ұрпақ тәрбиелеудегі Алаш ұранды қазақ даласын, атамекенді, ұлттық ділді, тілді, дінді сақтаудағы эстетикалық ықпалды қызметі қамтылған. Тарихи деректер үйлесімді пайдаланылған.
Пьесаның психологиялык сипатын танытып тұрған поэтикалық тәсіл – тарихи кейіпкерлердің елес-келбеттерінің де шығарма құрылысын қолданылуы. Адамдар тағдарларының, жалпы тіршілік қозғалыстарының қарама-қайшылықтардың бірлігі мен күресіне құрылған қозғалыс әлемін таныту үшін Ақ Елес және Қара Елес келбеттерін де кейіпкерлік бейнелеулермен берген. Екеуін қайшылықтардың, қақтығыстардың шартты бейнеленуі келбеттерімен ала отырып, автор оларды кейде өзара, кейде Мағжанмен пікір таластырған қалыпты да көрсеткен. Сахналық шығармада осындай шартты психологиялық бейнелеулерді ала отырып, тарихтың барлық кезеңдерінде де адамдардың асылдарын ардақтайтындығы мен қорлайтындығы қатар жүретін қайшылықты жан ділі әлемі назарға алынған. Пьесаның «Пролог», «Прологтың жалғасы», «Эпилог» атты бөлімдеріндегі кейіпкерлер Ақ Елес, Қара Елестің монологтары мен диалогтары шығарма арқауындағы қайшылықтардың, қақтығыстардың әлеуметтік-тұрмыстық бағдарларын, сырларын ашу, саралау қызметін атқарып тұр. Бұл арада жазушы жалпы адамзат ұрпақтарының тіршіліктегі кезеңінің өзін пьесадағы Ақ Елес кейіпкердің бағалауымен мегзей ұғындырғысы келеді. Пьесаның идеялық-композициялық тұтастығына арқау болған желі – Мағжан айтқан саналы адамдар үшін абақты-ғұмырдың келер ұрпақтар сабақтастығындағы жақсылық пен жамандық жағаласуындағы қайшылықтардың да, қақтығыстардың да ешқашан тоқталмайтындығын мегзеу.
Пьесаның соңында берілген Ақ Елес монологында арыстарын ардақтаған қазақ халқының жан ділі әлемнің ұлылығы да дәріптелген: «Мағжан ақын … жас кетсе де артында өшпес жырын қалдырды. Оны бүгінгі ұрпақ жаттап айтып жүр. Демек, Мағжан өлген жоқ. Міржақып, Ахмет, Тұрар, Нәзір, Сұлтанбек секілді қайраткерлер де қайта тіріліп жатыр. Еңбектері ауызға алынып жүр. Мектептерде еңбектері оқытыла бастады. Бұл деген мәңгі өмірдің басы ғой. … Ең қорқыныштысы – адамдардың, елдің, жердің тып-типыл болуы. Құдай содан сақтасын. Ендеше жер бетінде ең соңғы қазақ қалғанша біздің арыстарымыздың аты өшпейді. Ал, Мағжан акын болса бүгінгі күні де бізді өткенге жетелейді» (Жазушының аталған кітабы, 62-бет). Ж. Әлмашұлының «Фрустракция» атты драма-элегиясында қазақ тарихындағы көрнекті ақын, прозашы, драматург, мемлекет қайраткері, ағартушы-ұстаз, ғалым Сәкен Сейфуллиннің жазықсыз қамауға алынар алдындағы алаңжар көңіл-күйдегі хал-ахуалы бейнеленген. Тақырыбы – Қазақ халқының ұлттық мәдениетіне зор үлес қосқан С. Сейфуллиннің тарихи тұлғасын даралай бағалау, идеясы – адамгершілік-имандылық жолындағы адал қызметтің бағаланбауына күйзелген адам жан ділі әлемінің қасірет шеккен жағдайын таныту. Психология ғылымының анықтамасы бойынша: «Фрустракция (от лат. frustratіo – обман, расстройство, разрушение планов) – психическое состояние человека, вызываемое объективно непреодолимыми (или субъективно так воспринимаемыми) трудностями, возникающими на пути к достижению цели или к решению зад^ачи; переживание неудачи. Фрустракцию можно рассматривать как одну из форм психологического стресса». (Психология: Словарь / Под общ. ред. А. В. Петровского, М. Г. Ярошевского. 2-е изд., испр. и доп. – М.: Политиздат, 1990. – 494 с; С. 433-434).
Аталған пьесаға осы психологиялық анықтама-атаудың тақырып болып қойылып, туынды кейіпкері С. Сейфуллиннің, онымен тағдырлас қазақ зиялыларының жан әлемін аңғартқандай мағынаны байқатады. Қаламгерлік (ақын, прозашы, драматург, әдебиет зерттеушісі) және қоғамдық-әлеуметтік қайраткерлік-басшылық қызметтерімен халқына аянбай еңбек еткен адамдардың адал жолы арамдық, жаулық ретінде бағаланса, солар және жалпы халық қалай дағдармайды, қалай күйзелмейді?! Екі көріністі пьесаның Сәкеннен басқа кейіпкерлері (Садықбек Сапарбеков – обком хатшысы, партиялық және мемлекеттік басшылық қызметтегі зиялы адам, Тасжан – партиялық кеңес аппарат қызметкері, солақай саясат идеологы, мінезі тік жігіт; Ұланбек – партиялық кеңсе аппаратының идеологиялық қызметкері, мінезі жұмсақ жігіт) де өмір шындығына сай бейнеленген. Әсіресе, Сәкенді айрықша құрметтейтін Садықбек – қоғамды, мемлекетті басқарып отырған Коммунистік партияның ең озық ойлы өкілдерінің көркем шындықпен жинақтала бейнеленуі. Ол пьесадағы монологтарымен де, Сәкенмен және аталған екі кейіпкермен диалогтарында да шыншыл ойлы, дарынды С. Сейфуллинді әділ бағалаушы халық ойын танытады. Онын диалогтарындағы Сәкен туралы бағалаулар – халық ықыласының көрінісі. .
Пьесадағы С. Сейфуллиннің әдеби-драмалық тұрғыда бейнеленуі – туындының тақырыптық атауына орай психологиялық сипатымен көрінеді. Оның диалогтарынан арман еткен жақсы тұрмысты қоғамның қайшылықтарына күйінген, бюрократтардан, опасыздардан беті қайта бастаған айткан сөздері – оның ұлтын сүйген қайраткер, ойшыл тұлғасын даралай түскен. Пьесаның нысанына алынған кең ойлы кемеңгер жанның Алаш зиялылары (Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, т.б.), болашақ Қазақ Елінің болашақ Ел ордасы – Астанасы болатын атамекен, өзінің шығармашылығы және саналуан мәселелер туралы толғаныстары оның туындыларындағы ойларының негізінде берілген. Пьесаның көркемдік шешімі – психологиялық дағдарыс көңіл-күйіндегі Сәкеннің жан әлемін ұрпақтарға аңғарту. Өзі және басқа да көрнекті қазақ қайраткерлерінің жазықсыз жазаланатынын түйсінумен, түс көрумен сезінген жай-күйін автор өмір шындығы сипатына сай аңдатқан. Пьесаның идеялық, көркемдік шешімі – жақсылық, әділдік салтанат құратын қоғам, мемлекет болатынына сөнгендердің үміттері үзіліп, керісінше зұлымдық, жендеттік жазалаулар, тәркілеу, аштық, қуғын-сүргін орын алған кезеңге дұшар болғаны Сәкеннің пьесадағы монологымен де айқындала түскен: «Фрустракция!.. Фрустракция!.. Қоғам, қазақ жұртының көңілі құлазып тұрған шақта біз қалай серпіліп, желпіліп кете аламыз, бауырларым-ау!.. Елді, жерді тастап, қайда, қай жаққа барамыз, туғандар-ау! (күрсінеді)». Жазушы қазақ халқы үшін жан-тәнімен қызмет еткен дарынды, күрескер қайраткерлердің сергелдеңге түскен тағдырларын пьесаларының тақырып нысанына ала отырып, оқырмандарды-көрермендерді азаматтық-отаншылдық парызды сезіну, адалдықты сақтау ұлағатымен тәрбиелеу мұратын бағдарлаған. Жазушы-драматургтің бұлардан басқа пьесаларында да уақыт пен кеңістіктегі адамтану тұрғысындағы өзекті тақырыптар арқау етілген. Қорыта айтқанда, тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиетіндегі драматургия саласы әлем өркениетіндегі классикалық үрдістерді жаңғырта жалғастырған сипатымен байқалады. Көркем әдебиеттің байырғы салаларының бірі болып саналатын қазіргі қазақ драматургиясындағы туындыларды уақыт талабына орай ғылыми-теориялық зерттеулер аясында жаңаша зерделеп, жан-жақты қамтып қарастыру – өзекті мәселе. Уақыт еншісіндегі осы өзекті мәселенің зерделеуіндегі жаңа ізденістеріміз жалғаса береді.
Достарыңызбен бөлісу: |