К.Хорни тұлғаның дамуының екі жолын көрсетеді - ол норма мен паталогия. Бірінші жолда адам өз табиғи дарындарың өзінің қабілеттеріне айналдырып, оларды дамытуға тырысады. Екіншіде адамның мінез-құлқында теріс өзгерістер қорланып, невроз ауруына әкеледі. К.Хорни оны әлеуметтік себептермен («ауру» қоғамның салдарлары) генетикалық (өзара тұлғалық және әке-шеше мен бала арасындағы теріс қарым-қатынастардың қалыптасуы) және «мәндік» (тұлғаның өз мүмкіншіліктерін іске асыру жолында жалған жолға түсіп кетуі) өзгерістермен ұштастырады.
Неофрейдизмнің ұлы өкілі есебінде американ философы Эрих Фроммды айтуға болады. Оның ойынша, тұлғаның ешқандай туа біткен психикалық қасиеттері жоқ. Тұлғаның барлық психиқалық өзгерістері мен өмірдегі көріністері оның қоғам өміріндегі қатынастарға тереңдеу деңгейімен байланысты. Қазіргі қоғамдағы қатынастар «машиналанған», «компьютерленген» т.с.с. түрде болғандықтан, ол адамның шынайы мәнін «жаттандырып», оны неше түрлі невроз ауруларына әкеледі. Қазіргі қоғам адамның осы дүниедегі «болуының» орнына оған «алуды» ұсынады. Сол себепті ол тұлғаның «жинаушылық» , «нарықтық», «енжарлық» т.с.с. мінез-құлқын тудырады. Тұлғаның жаттануының ең айқын көріністері -ол адамның еріктіктен бас тартып қашуы, нашақорлықтың, маскүнемдіктің жолына түсіп батуы, қылмыстық т.с.с. Ал осы көрсетілген кемшіліктерді тудырған «ауру» қоғамды қалайша «емдеуге» болады? Ә.Фроммның ойынша, ол үшін ең бірінші қажет нәрсе - «гуманистік жоспарлауды» қоғамға енгізу, дүниедегі байлықты жинау, қорлау, алу психологиясынан бас тарту, қоғамды басқару жүйесіндегі қалыптасып қалған шен иелерінің жаттанған басқару формаларының орнына «гуманистік басқару» жүйесін еңгізу, соның арқасында қарапайым адамдардың әлеуметтік өмірге деген ынтасын ояту, дүниеде болуға бағытталған құндылықтар жүйесін тудыру т.с.с. қажеттіктерді көрсетеді. Әрине, ұлы философтың бұл ойлары - өтпелі кезенді өз басынан өткізіп жатқан біздің қоғамға аса қажет ойландыратын нәрселер.
Сонымен қатар Ә.Фромм адамның өмір сүру диалектикасына тоқталып, оның ешқашанда жойылмайтын трагедиялық жағын да көрсетеді. Біріншіден, адам бұл өмірге өзі сұранып келмейді, ол белгілі бір кездейсоқ жерде, уақытта дүниеге келіп, алғашқы сатыдан өмірінің соңына шейін «өмір мен өлімнің екі ортасында» болып іс-әрекет етеді. Екіншіден, осындай шектелген өмірдің щеңберінде адам өзінің бойындағы барлық дарындарын іске асырып, алдына қойған өмірлік мақсат-мұраттарын орындап үлгірмейді, сондықтан олардың көбі, қазақ дүниесезіміндегі терминдермен айтсақ, «жалған, жеткізбейтін арман» болып қала береді. Э.Фроммның бұл ойлары бізді фрейдизмнің шеңберінен шығарып, экзистенциализм философиясына өткізіп жібереді.
Достарыңызбен бөлісу: |