§ 3. Діни экзистенциализм мен антропология
Орыс философиясының антропологиялық бағыты, яғни адам мәселесіне басымырақ карау — оның негізгі ерекшеліктеріне жатады. XIX ғ. ортасынан бастап адамның өмір суруі, оның бостандығы мен құндылығы, тұлғаның нәзіктігі, болмыстың неше төрлі үрейлерге толылығы т.с.с. экзистенциалдық сұрақтар орыс философиясының негізгі мәселелеріне айналады. Осы бағыттағы ұлы философтар қатарына Лев Исаакович Шестовты (Шварцман) (1866-1938 жж.) жатқызуға болады. Н.А.Бердяевтін айтуына карағанда, Л.Шестовтың философиясын экзистенциализм бағытына жатқызуға болады, «оның философиясының қайнар көзі ретінде адамның қайғы-қасіреті, үрейі мен зардабы, үмітсіздік сезімі болды». Ол рационализм, сциентизм бағытын алғашқылардың бірі болып қатты сынға алады. Оның ойынша, өмірдегі әсемдік, өнегелілік, сенім рационалдық, логикалык танымға жеткізбейді. Ғылыми зерттеу - заттар мен құбылыстардың жалпы жақтарын тұжырымдайды, адамға келгенде оның қайталанбас, ерекше болмысын еске алмайды. Сонымен адам өмірінің мақсат-мұраты, мән-мағынасы, қайғысы мен қуанышы, махаббаты т.с.с. сыртта қалады. Олай болса, ғьлым мен философия ымыраға келмейді. Философияның негізгі мәселесі - адам, оның өмірінің мән-мағынасы.
Л.Шестовтың ойынша, ғылым мен философия ақиқаты да екі түрлі. Ғылыми ақиқат дүниедегі қажеттілікті зерттеуден шығып, барлык адамдарға бірдей болып келеді. Ал философиялық ақиқатқа келер болсақ, оған әрбір адам өзінше өзінің болмысында жетуі керек. Адамзаттың негізгі мақсаты - табиғаттың кажеттілігін жеңіп, адамға бостандық, алғашқы еріктікті кайтадан әперу.
Еріктік мәселесіне келгенде, Л.Шестов оны Библияның аңызына негіздеп қарайды. Алғашында дүние мен адамды Құдай өзіне ұқсатып, оларды құдіретті, ерікті, жетілген кылып, жоқтан жаратқан болатын. Бірақ Құдай адамға ескерту жасады: Эдем бакшасындағы өсіп тұрған таным ағашының жемісін жесең — өлесің!! Жыланның сөзіне еріп, өзін Құдаймен теңегісі келген адам тыйым салынған жемістің дәмін татып, «білімді» пендеге айналды. Біліммен бірге күнә өмірге келіп, зұлымдыққа жол ашты. Білім шындыкты қажеттілікке айналдырып, еріктікті жойды. Мұндай жағдайдағы адамның алдындағы мақсат - жойылған еріктікті қайтару, дүниені зұлымдықтан құтқару. Ол үшін моральдық нормалар, неше түрлі ережелерді орындау қажет емес, өйткені олардың бәрі де ғасырлар шеңберінде ақыл-ойдың таразысынан өтіп, қажеттікке айналды. Олай болса, адам моральдық нормалардың талаптарына қарсы шығып, өзін ерікті сезіну үшін ойына не келсе, соны жасауы керек, өйткені оны жаратқан Құдайдың өзі. Адам әрқашанда ішкі тебіреністе, алаңдауда болып, өзінің еріктігін Құдайдан іздеп, онымен қайта кездесу жолында табуы керек. Ол үшін тек қана сенім керек деп қорытады Л.Шестов. Тек қана сенім ештеңемен шектелмеген бостандықты береді. Адам таным ағашынан бас тартып, өмір ағашына қайта оралуы қажет.
Орыстың діни философиясына қомақты үлес қосқан Николай Александрович Бердяев (1874-1948 жж.) болды. Негізгі еңбектері: «Еріктік философиясы. Шығармашылық мағынасы», «Тарих мағынасы», «Өзіндік тану» т.с.с.
Оның ойынша, философия -- рухты зерттейтін ілім, яғни адамның өмір сүруіне, сол арқылы болмыстың мән-мағынасын ашуға бағытталған пән. Ғылым сыртқы дүниені зерттесе, филосо фия адамның ішкі рухани өміріне үңіледі. Сондықтан философия объективті емес, ол - әрқашанда субъективті.
Н.А.Бердяевтің ойынша, экзистенциалдық философия адамның өмір сүру диалектикасынан, сол арқылы жалпы дуниенің өзін таниды. «Таным дегеніміз субъектінің болмысты бейнелеуінде емес. Таным әрқашанда шығармашылық жолмен жүріп, мән-мағынаға жетуге тырысады. Адамның құпиясын танып-білу -болмыстың құпиясын танып-білумен тең».
Адам абсолюттік болмыстың алдында тұрып, оны танып-білгісі келеді. Бұл мақсатқа жеткізетін екі-ақ жол бар. Ол өзін дүниенің бір бөлігі ретінде сезініп, оған терең шомылуы мүмкін. Бірақ ол жол нәтиже бермейді, өйткені бөлшек біртұтастыққа жете алмайды.
Екінші жол - өзіңнің дүниеге деген маңыздылығыңды сезініп, өз болмысыңды бүкіл дүниенің өзегі ретінде қарасаң, онда өз тереңдігіңе үңілу, оны танып-білу - бүкіл болмысты танып-білумен тең болады. Мұндай көзқарас көне замандағы гректердің «макрокосм» мен «микрокосм» идеяларына кетеді. Адам «кіші ғарыш» ретінде «үлкен ғарышқа» сай келеді. Сондықтан сыртқы болмысты тану үшін өзіңнің ішкі болмысыңды білуің қажет.
Н.А.Бердяевтің философиясының негізгі категориясы - еркіндік. Оның ешқандай өлшемі, шегі, түбі жоқ, оны ештеңемен теңеуге болмайды. Оның оқшаулығын түсіну - оның болмысқа дейін өмір сүргенін мойындаумен тең. Бұл арада Н.А.Бердяев Орта ғасырда өмір сүрген Я.Беменің: «Құдайдың өзі түбі жоқ түңғиықтан пайда болды» - деген пікірін қолдап, сол алғашқы «түбі жоқты» ерікпен теңейді. Сол алғашқы тұңғиықтан шыққан Құдай дүниені жаратады.
Осы арада Н.А.Бердяевтің философиясыньщ ғажап қызықты жағын көреміз. Ол - алғашқы Еріктік пен Жаратушы-Құдайдың арасындағы дуализм, қайшылық. Құдай дүниедегі зұлымдыкка жауапты емес, өйткені оның өзінің негізі жоқ, Ол өзі шыққан түбі жок еріктікке ештеңе жасай алмайды. Керісінше, Құдайдың өзінің болмысына, содан кейін оның дүниені жаратуына жол ашқан сол алғашқы Еріктік емес пе? Олай болса, адамның өзі, бір жағынан, Құдайдың жаратқан пендесі болса, екінші жағынан, түбі жок еріктіктің нәрестесі. Сондықтан еріктік бүкіл адамның іс-әрекетін баурайды. Еріктік дегеніміз - еш нәрсеге тәуелсіз таза сана, күш-қуат.
Белгілі бір «метафизикалық ессіз кезеңде» еріктік өзін Құдайға қарсы койып, онымен күресе бастады. Ол барлық жаратылған дүниеге, адамның өзіне де тарады. Сондықтан дүние мен адам зұлымдыққа белшесінен батты, ал Құдай болса, оған еш нәрсе жасай алмайды, өйткені Ол еріктікті жаратқан жоқ. Міне, осы сәтте дүниеге Христос келіп, бүкіл дүние мен адамдардың күнәларын өз мойнына алып, тұңғиыққа тереңдеп, оны өз сәулесімен жарқыратады. Сонымен Н.А.Бердяев Құдайдың ессіз еріктікті жеңетініне сенгенмен, бірақ, оған үзілді-кесілді кепіл беруден бас тартады.
Н.А.Бердяевтің философиясындағы негізгі болмыстық категория - ол адамның өзі, өйткені ол дүниенің ортасында, оның тағдыры дүниенің тағдырын анықтайды. Адам мен Дүние Құдай-дың өмірін байытады, өйткені адам - рухани пенде, ол ізгілік пен әсемдікті сүйеді. Екінші жағынан, ол - ең жоғарғы материалдық құрылым, бүкіл дүниенің барлық элементтері оның бойында бар, сондықтан Ғарыш оның шығармашылық іс-әрекетін қабылдайды.
Сонымен адам — қайшылықты пенде, ол «табиғаттық дүниедегі үзіліс», оны түсіну үшін одан да жоғары - Құдайға деген оның қарым-қатынасын білу қажет. Оның ойынша, осы уақытқа дейін адам өзін Құдайға тәуелді пенде ретінде түсініп келді. Ал тәуелділік бар жерде шынайы махаббат жоқ. Сондықтан Құдай мен адамның арақатынасы нағыз еріктікке негізделген, махаббаттың құпиясы, міне, осында. Адам Құдайды қажет етсе, Құдай да адамды қажет етеді, өйткені оның өзінің негізі жоқ (безосновность), ол адамсыз өзінің жалғыздығын сезінеді... Сонымен біз адамның Құдайлығын, Құдайдың адамдығын көрсетуіміз керек. Тарихи Христостың өзі алғашқы рет осыны паш етті.
Құдай -- рух, сонымен қатар адам да - рух. Олай болса, екеуінің шығармашылық жолда кездесуі ғана объективацияланған дүниеден адамды құтқарады (объективация - Бердяевтің философиясындағы ұғым, идеяның, жалпы сананың мазмұнының, адамдардың қарым-қатынастарының заттануын, адамнан жаттануын көрсетеді).
Енді Н.А.Бердяевтің тарих философиясына келер болсақ, онда «уақыт» категориясы үлкен орын алады. Егер дүниедегінің бәрі шектелген, олай болса, соңы бар болатын болса, тек шығармашылық арқылы ғана оның ар жағына өтіп кетуге болады. Шығармашылық мәңгілікке әкеледі, бірак ол шексіз уақыт емес, уақытты аттап өтетін жаңа сапа. Осы себепті тарихтағы шексіз жоғары өрлеуді (прогресті) қабылдауға болмайды. Тарихтағы соңғы «жұмақта» өмір сүретін буындар өткен шексіз санды адамдардың өмірін сол мақсатқа жетудің құралына айналдырады. Мұндай жағдайда адамзат тарихының мән-мағынасы жойылатыны хақ. Өткен дәуірді, онын мәдениетін толыққанды қабылдамай, дұрыс болашақты да орнату мүмкін емес. Шіркін, осындай Н.А.Бердяевтің терең тарих жөніндегі ойларын саясаткерлер жете білсе ғой!!! Сонда реформа барысындағы қателіктер де аз болар еді.
Жалпы алғанда, Н.А.Бердяевтің тарихи көзқарасын өміршеңді деп атауға болады: адамзат рухани жаңарудың негізінде қайта өрлеуге мүмкіндік алады. Болашақ қоғам екі принципке негізделеді; - аристократиялық - түлғаның толыққанды шығармашылық дамуын көрсетеді, ал демократиялық - әділеттілік пен достыққа шақырады.
Тарих философиясындағы Н.А.Бердяевтің талдап, өзінің шешімін берген екі категориясын көрсетпей болмайды - олар мәдениет пен цивилизация.
Достарыңызбен бөлісу: |