«Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев



жүктеу 4,05 Mb.
бет20/24
Дата07.12.2017
өлшемі4,05 Mb.
#3437
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24

3. Үш дүркін республика

чемпионы
Иә, Жанкелді Отарбаев жап-жас күнінен спортпен айналысып, волейболдан республиканың үш дүркін чемпионы болған (1962, 1963, 1964 ж.ж.) адам. Қостанайдағы Ы.Алтынсарин мектебінде оқып жүргенде осы Жанкелдінің, оның досы Ақтан Дүзелбаевтың ойынын талай тамашалап, таңдай қаққан жандардың бірі өзіміз едік. Ол волейболдан Қазақстан құрамасының мүшесі болды. Студент кезінде де, қызмет істеп жүргенде де Жәкең соққан доп діттеген жерден шығып жатты. Бүгіндер ол басқаратын институт командасы бес дүркін университет чемпионы. Өзі бірнеше рет ҚР волейбол федерациясының мүшесі болып сайланды, ҚР Спорт және туризм министрлігінің “Спортқа сіңірген еңбегі үшін” құрметті белгісімен марапатталған.

Бүгіндер алпыс жасқа толғалы отырған академик досымыз аяулы жар, қамқор әке, абзал ата. Студент күні танысып, жұптасқан қосағы, Қазақ мемлекеттік университеті биология факультетінің түлегі Сайлаухан Кәрімқызы екеуі үш бала тәрбиелеп өсірді, Мәдиі – инженер-құрылысшы, Әселі – физика-математика ғылымының кандидаты, Ләззаты – салық қызметкері. Бес немере өсіп келеді.

Сайлаухан болса Жәкеңнің жастары келген, ыңқыл-сыңқылы көбейген ата-анасын бағып, күтті, ағайын-туғанға ақ дастарқанын жайды, ұл-қыздарына келісті тәрбие беріп, отағасының алаңсыз еңбек етуіне, ғылыммен айналысуына ерекше жағдай жасады.

– Менің барлық абырой-атағым осы Сайлаухандікі, онысыз бұл биікке жетпеген болар едім, – деп ағынан жарылады академик.



Үш ауыз өлең

Ғалым, ұстаз, журналист Ағыбай Мұқатайұлының

бүкіл тағдырын айқындаған еді
Белгілі ғалым – жуналист, ұлағатты ұстаз Ағыбай Мұқатайұлы 1954 жылы Семиозер (қазір Әулиекөл) қазақ орта мектебін үздік бітіргеннен кейін КазГУ-дың журналистика бөліміне түсуге арыз береді. Сол жылдары сегіз пәннен қабылдау емтиханын тапсырады екен. 25 орынға 250 адам сайысқа түседі. Сыныптас досы Салық Молдахметовпен екеуі 40-тан 39 балл алады. Сол кездегі ректор Асқар Закарин комиссия отырысына алдымен екеуін шақыртып, бүкіл “беске” толы аттестаттарын бүкіл комиссия мүшелеріне көрсетіп: “бұлар нағыз әділ бағалар алып отыр” деп мақтаған екен.

Өзіне тән бір тамаша қасиеті – оның тума зеректігі. Ол мектепте барлық пәнді сүйіп оқыған, әсіресе, математиканы, физиканы. Өлең де жазған, шығармалардың майын тамызған. Тоғызыншы сыныпта “Лениншіл жаста” өлеңі де жарияланған. Мүмкін осы бір үш ауыз өлең жураналистикаға “аттың басын” бұрып жіберген болар. Университетте оқыған кезде де ол саяси экономияны, философияны, жаңа заман тарихын сүйсіне оқыған. Ал ғылым жолына түсуіне оның диплом жұмысын сәтті қорғауы әсер еді. “ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы орыс баспасөзінде қазақ тұрмысы мәселелерінің жазылуы” атты 70 беттік диплом жұмысын “үздіктің үздігі” деп бағалаған комиссия мүшелері, бұдан 10-15 жыл бұрын мұндай еңбекке бірден кандидаттық дәреже беруге болатын еді деген екен.

Университетті тәмамдағаннан кейін еңбек жолын Қостанай облыстық “Коммунизм жолы” газетінде бастайды. Бұл “тың жорығының” шарықтап тұрған кезі болатын – “оқуда болған бес жылдан кейін туған өлкемді танымай қалдым”, – деп еске алады сол кезеңді Ағыбай, – "жер астан-кестен қопарылған, бұрынғы ұйып отырған ауылдардан береке кеткен, таза қазақы ауылдарға бір-екіден тыңгерлерді араластырып “интернационал” жасаған, екі-үш орыс баласы оқу керек деп, сол тілде сыныптар ашқан. Бұрын арақтан тұра қашатын туыс-көршілерім “ақаңа” әжептәуір үйреніп-ақ қалыпты... Журналистік іссапарға шыққанда тың “батырларының” талай оспадар, бұзақы қылықтары туралы естіп-білдім, көзбен көрдім".

Тың дүрмегімен қоса жүргізілген астыртын шовинистік саясаттың салдарынан 1963 жылы солтүстік облыстардағы қазақ газеттері жабылды. Енді не істеу керек? Міне, осы қиын кезеңде Ағыбайдың қоғамдық пәндерді зерек оқығандығы өз жемісін береді. Ол Қостанайдағы ауылшаруашылығы техникумында (үлкен беделді оқу орны болатын) саяси экономикадан орыс тілінде сабақ береді. Хрущев тақтан тайғаннан кейін 1966 жылдың қаңтарында облыстық газет қайта ашылды. Редакцияның бөлім меңгерушілігіне шақырылды. Көп ұзамай саяси экономикадан қала мекемелерінде тартымды лекциялар оқып, танылып қалған жас журналисті облыстық партия комитеті лекторлық қызметке шақырады.

– Алыста жатқан Торғай, Аманкелді аудандарына апталап барып қазақ тілінде лекциялар оқыдым, – дейді ол. – Мүмкін көп, тіпті ондаған жылдан облыстан келіп қазақша әңгіме-баяндама жасалмаған шығар, ауыл адамдары, әсіресе, ақсақалдар мені көптен күткен туысындай өте жылы қабылдады. Тіпті кейде көздеріне жас үйірілгендей болды. Обкомда тек лекциялар оқумен шектелмей, түрлі саяси тақырыптарға лекциялар, баяндамалар, хатшылардың сөздерін дайындау керек болды. Ол үшін көп ізденуге, материалдарды сауатты да жұмыр етіп жазуға дағдылану қажет болды.

Алайда облыстық газет оны өзімізге қажет еді деп өтініп, жауапты хатшылыққа қайта шақыртып алады.

Университетті бітіргеніне он жыл өтсе де, оның көкейінде “әрі қарай оқысам қайтеді, ғылымға ден қойсам” деген үміт-арман еш басылмайды. Сөйтіп, облыстық партия комитетінің шешімімен 1969 жылы Кеңес Одағындағы әйгілі оқу орны – КОКП Орталық Комитетінің жанындағы Қоғамдық Ғылымдар Академиясына оқуға түседі.

Обком жібергенмен, онда қатаң конкурс екен, Қостанайдан үш адам барады, Иван және Николай деген екі орыс жігіті. Екеуі де философия мен саяси экономиканы ұмытқан. Жерлестер ғой, Ағыбай екеуін он күндей жедел дайындайды. Иван түсіп кетеді де, Николай саяси экономикадан “үш” алып, үйге қайтады.

– Академиядағы оқу – өмірімнің бір елеулі әрі маңызды кезеңі, – деп еске алады, – үш жылда не бір ғұлама ғалымдар, айтулы академиктер дәріс оқыды. Әсіресе, философиядан өткен сабақтар өте мәнді, мазмұнды терең болды. Академиктер Константинов, Розенталь, профессорлар Чесноков, Момджияндардың лекцияларына халық көп жиналатын еді. Ал семинар сабақтары аса бір қызу-талас, ой жарыстыру түрінде өтетін еді. Канттың, Гегельдің, Фейербахтың еңбектерін орысша аударылған түпнұсқасында егжей-тегжейіне дейін талқылайтын едік. Тобымызда Махпират деген өзбек қызы екеуміз, басқасы славяндар. Бір түйінді мәселенің жігін ашып талқылай келе славян достары біраз жерге келгенде болдырған аттай шаршап қалады да, екеуіне қарайды. Махпират екеуі түйіндеп, тұжырымдап өз пікірлерін айтып, топты тығырықтан алып шығады. “Вот мудрецы востока!” деп мәз болып қалады екен курстастары. Академиядан қоғамдық ғылымдар бойынша алған терең теориялық білімнің нәтижесінде Ағыбай кейін кейбір жоғары оқу орындарында философиядан, әлеуметтанудан, саясаттанудан еркін қиналмай-ақ дәріс оқыды.

Ал бұқаралық ақпарат құралдары бойынша (Академияда сол кезде-ақ осы атау қолданыла бастаған) профессорлар Дацюк, Черепахов (Ағыбайдың ғылыми жетекшісі) халықаралық журналистика мамандары В. Зорин, С. Беглов, С. Кондратов сабақ береді. Көшпелі сабақтар “Правда”, “Известия”, “Труд”, “Комсомольская правда” газеттеріне өткізіледі.

Академияны бітіруге таяп қалғанда өзінің басынан өткен бір жайды көңілі бұзылып еске алады. 1972 жылдың сәуірі не мамыры болуы керек, ҚКП Орталық Комитетінің хатшысы С. Имашев сол жылы жоғары партия мектебін және қоғамдық ғылымдар академиясын бітіріп жатқан қазақстандықтармен “Москва” қонақ үйінде кездесу өткізеді.

– Сол жылы Академияны төрт жігіт, үшеуі орыс және мен бітірейік деп жатырмыз, – деп еске алады Ағыбай, – Амандықтан соң Саттар Нұрмашұлы шын пейілдеріңмен, бүкпей айтыңдар, қызмет жағынан көмектесеміз, Академияны тәмамдап жатқандар көп емес, – дейді. – Жігіттер өз тілектерін айтты. Мен де мүмкін болса Алматыға ауысар едім, ғылыми жұмысты әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік молырақ қой, дедім.

– Ғылыммен облыста да айналысуға болады ғой, – деді хатшы түсін суытып.

– Сіз, шын тілектеріңізді айтыңыздар дегеннен кейін айтып отырмын дедім. Әрине облыстарда да қызмет істеуге болады, оны өзім де білемін, – дедім.

Имашев содан кейін өзінің кандидаттық диссертациясын қалай қорғағаны жайында ұзақ айтып: маған шебер жазатын адамдар керек деді. Соны аңдып отырғандай Г.Толмачев: “мен қатырам!”, – деді, – “Комсомольская правдаға” фельетондар жазғам.

Хатшы соған ұйып қалды, нұсқаушылыққа аламыз деп кесімін айтты. Бірақ Геннадий (жерлестер оны “жеңілтек Гена” деуші едік) диссертациясын қорғағаннан кейін ұят қылық жасап, ОК-ке бара алмай, дипломын бір жылдан кейін алды, “Жазушы” баспасына жәй қызметкер болып орналасты.

Академияны кандидаттық диссертация (“Баспасөз және еңбек тәрбиесі” деген тақырыпта) қорғаумен тәмамдағаннан кейін Алматы Жоғары партия мектебінің ректоры Ә.Кәкімжанов қызметке шақырады. Алайда Қостанайдың сол кездегі “дөкей” басшысы А.Бородин “өз кадрымыз өзімізге керек” деген желеумен жібермей қояды. Тек екі жыл өткеннен кейін (бұл жылдары облыстық газет редакторының орынбасары болып істейді) партия мектебі қайта-қайта сұрай бергеннен кейін рұқсат береді.

А. Мұқатайұлы Жоғары партия мектебінде он сегіз жыл доцент болып, Қазақстан мен Қырғызстан үшін басшы журналист кадрларын даярлауға өзіндік үлес қосты. Қазір шәкірттері осы туыстас екі елдің қай түкпірінен де кездеседі. Көбі өсіп, есейіп жоғары лауазымдарда қызмет атқарып, танымал азаматтарға айналды. Партия мектебі жабылғаннан кейін өзі ұшып шыққан ұясы – ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде доцент, деканның орынбасары, Алматы Халықаралық журналистика институтында кафедра меңгерушісі, проректор болып қызмет атқарды. Сөйтіп ширек ғасыр өмірін журналист кадрларын даярлауға арнады.

Мәскеуде қорғаған диссертациясының негізінде “Баспасөз және еңбек тәжірибесі” атты монографиясы “Қазақстан”баспасынан шықты. Одан басқа ондаған, жүздеген ғылыми мақалалары жарық көрді, әсіресе, кезінде “Қазақстан коммунисі” журналында басылған “Баспасөзге шолулары” терең мазмұндылығымен оқырмандардан жылы лебіз тауып жатты.

Өмір жалғаса береді, зейнеткерлік мерзім де тақап қалды, демалысқа шығуға болар еді, алайда дәл осы кезеңде Ағыбайдың алдынан тағы бір сүрлеу жол ашылады. Қазақстан Республикасының Президенті Жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының басшылығы (ҚМЭБИ) өздеріне қызметке шақырады. Әуелі дайындық бөлімінің меңгерушісі болып біраз жыл істеді, ал бүгіндері қазақ тіліндегі бағдарламалардың үйлестірушісі болып абыройлы қызмет атқарып жүр.

– ҚМЭБИ-де қызмет істеу мен үшін зор мәртебе деп есептеймін, – дейді ол, – студенттермен қарым-қатыстағы адамның тазалық, адалдық, әріптестер арасындағы жоғары мәдениеттілік, аталмыш институт түлектерінің қажеттілігін сезіну адамның мерейін өсіреді екен. Батыстық стандарттармен жұмыс істейтін осы оқу орнында сегіз жыл қызмет атқарғанда түйгенім – кім ортақ іске пайдалы, кім бар ниетімен, ынтасымен беріле істесе, сол адамды жасына, нәсіліне, жынысына қарамай қадірлейді екен, оған жемісті еңбек етуі үшін барынша қолайлы жағдай жасайды екен.

Ағыбай көп оқып ізденуден жалықпайды. Әдебиетті, мерзімді басылымдарды үзбей оқып отырады. Мәселен, ол осы ҚМЭБИ-ге келгеннен кейін дайындық курстарына барып ағылшын тілін бірсыдырғы меңгеріп алды.

Ағыбайдың азаматтық, отансүйгіштік қасиеттері туралы, ұлтжандылығы жөнінде көп айтуға болады. 1986 ж. 17 желтоқсанда көшемен өтіп бара жатқан мектеп оқушыларын “бандиты” деген өзімен кафедрада бірге істейтін шовинистпен “кончай!” деп жағаласуға дейін барған.

Тағы бір мысал, немересі Азат 1988 жылы туды. Ол кездің қандай ахуалда болып отырғанын оқырмандар жақсы біледі. Сонда немересінің “аты Азат болсын” деп балаларын көндіріп, атын өзі қойған. Үш жылдан кейін еліміз азаттық алды. “Мен алдын-ала сездім ғой” деп, мақтанады ол.

Оның әсіресе өнерді, театрды, ән-күйді ерекше сүйетінін әріптестері, достары жақсы біледі. Мәскеуде үш жыл оқығанда қаладағы отыз театрдың жиырмадан астамында болған екен. “Аққу көлін” үш рет, ол жалпы П.Чайковскийдің осы ғажап балетін жеті рет тамашалаған. Таяуда өткен бір жылда өзінің курстас достарын, бүгінде танымал журналистер мен жазушыларды отбасыларымен бірге «Қыз Жібек» операсына алып барады. Бұдан жарты ғасыр бұрын студент кездерінде Күләштің даусын естіп осы «Қыз Жібекті" алғаш көргендерін еске алып қатты толқиды достары. ҚМЭБИ-дің ұжымын, оның ішінде шетелдік профессор-оқытушыларды, Абай атындағы опера және балет театрына және Әуезов драма театрына үзбей апарып отырады. Халық әндерін ерекше құрметтейді, соның бір дәлелі ретінде бір немересінің атын Хорлан деп қойды.

– Естайдың “Хорланындай” ән ешбір халықта жоқ шығар” – деп тамсанады.

Ол өзі де өлең жазады, ән шығарады, бірақ көп жарияламайды. Тек бірен-сараны ғана газеттерге басылады, теледидардан орындалады. Көңілі түскенде сатира да жазады. Тоқсаныншы жылдары “Тамашаға” бірнеше шығарма жазды, соңғы бір-екі жылда “Бауыржан–шоуға” бірнеше интермедия жазып, олар көрермендер көзайымы болды.

Ағыбайдың тағы бір қыры – спортты сүйіп, терең түсінетіндігі. Өзі де спортпен етене дос, волейбол, стол теннисін ойнайды, шахматтан бірінші разряды бар, кезінде Қостанай қаласының чемпионы болған.

Бүгін де Ағыбай Мұқатайұлы – тарих ғылымының кандидаты, доцент, журналистика профессоры, Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі (“Академия бітірген академикпін ғой”, дейді әзілдеп). 2007 жылдың қаңтарында туған жердің құрметіне бөленіп, аудандық мәслихаттың шешімімен “Әулиекөл ауданының құрметті азаматы” атанды.

Әріптес ағамыз мерейтойын аққұба өңін жоймай, дене қимылы ширақ күйінде, көңіл-күйі көтеріңкі жағдайда қарсы алып отыр. Терең білімді азамат, ұлағатты ұстаз, ғалым Ағыбайдың тәуелсіз еліміздің игілігіне әлі де талай пайдалы істер атқаратыны күмәнсіз.



Адам бақыт үшін жаралады

немесе ардагер аға Әкімбек қажы Қабденұлы

өмірінің кейбір қырлары туралы баян
1. Бақыт деген не?
Әкімбектің әңгімесі:

– Мен қазір 70 жасқа келдім. Өмір күрес, жақсыны да, жаманды да көрдім. Бұның бәрі мен үшін үлкен өмірдегі сабақ болды. Мен бақытымды таптым. Ол менің балаларым, немерелерім, өмірде дәмдес болған, жолдас болған жақсы адамдар.

Өмір бойы оқудан, ізденуден қол үзгенім жоқ. Осы күнге дейін жаңа кітаптарды, газет-журналдарды үзбей оқып отырамын. Құдайға шүкір, қатарымнан қалған жоқпын, әлі де қайнаған өмір ортасындамын. Еңбегім еш кеткен жоқ. Ғалым-зоотехник ретінде ірі қараның "Әулиекөл" асыл тұқымын дүниеге әкеліп, соның авторларының бірі болдым. "Әулиекөл ауданының құрметті азаматы" атағын алдым. "Құрмет Белгісі" орденімен, "Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін" медалімен, "Тың-50 жыл" медалімен марапатталдым.

Мен 15 жылдай ел басқарып, совхоздарда директор болдым. Ел басқарған адамдар туралы ел аузында өтірік-шыны аралас әңгімелер де көп болады. Олар бастықтың қасы мен қабағына үнемі қарап отырғандықтан сенің жүріс-тұрысыңды, айтқан сөздеріңді, істеген жақсылық-жамандықтарыңды бәрін жіпке тізгендей қылып айтып, ел арасына таратады. Пенде болған соң жақсылығың да, жамандығың да болады ғой. Жақсы мінез көп жағдайда сол пендеге жетісе де бермейді. Бірақ ғұмыр бойы қолдан келгенше жақсылық жасауға, қамқор болуға тырыстым.



Авторлық пайым:

Әкімбек қажыны Әулиекөл өңірі ғана емес, бүкіл Қостанай-Торғай өңірі жақсы біледі. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары осы өңірден алғаш қажылыққа барып, мұсылмандық бір парызын өтеп келген ағалардың бірі. Әулиекөлде мешіт салуға мұрындық болып, халықты осы пәтуалы іске жұмылдырған жандардың бірі де өзі. Сол мешіт енді мұсылман жамағатқа таршылық ете бастады. Жаңа да кең, осы заманға сай ғибадатқана салуды ойластырып, ұйымдастыру шараларын қолға алғандардың бірі де осы Әкімбек.

Халқымыздың маңдайына біткен біртуар ұлдары Шоқай әулие, Барақ батыр, Жазы би есімдерін қастерлеп, олардың атын қайта жаңғыртып, бастарына күмбез орнатып, еңбектерін кең түрде жария етуге белсене араласқан ағаларымыздың бірі де осы Әкімбек.

Қолына қалам алып, Қарабалуан, Алдияр аталарының ерлік істерін паш еткен, кеше ғана Отпан таудағы әсерлі кездесуден эссе жазып, жариялаған да осы Әкімбек. Аудан өміріндегі айтулы шаралардың бел ортасында жұріп, ағалық ақыл-кеңесін беріп, кейінгі жастарға да, жасамыс тұстастарына да үлгі-өнеге көрсететін де осы ағамыз.

Қабденовтың қартпын деп қарап отырған кезі жоқ. Үнемі қайнаған өмір ортасында, үнемі әрекет үстінде. Бәлкім, бақыт деген де сол өмірден өз орныңды таба білуде шығар...
2. Тамырым менің тереңде
Әкімбектің әңгімесі:

Менің атам Тайшыбайұлы Боржық (Ибраһим) 1932-жылы Торғай өңірінен балалары Қабден, Майкен, Жұмаш, Балтабек, Назияны алып, Қостанайға жақын жерлердегі колхоздарға қоныстанған. Көшудің себебі байларды конфискелегеннен кейінгі елді жайлаған аштық еді.

Менің әкем Қабденнен басқа балалары әлі үйленбеген. Қабден мен Жаңылдың 1937 жылы туған баласы мен және Күлжан деген қыз бала 1940 жылы туған.

1936 жылы атам Мәйкен деген баласымен елге, Бүйректалға, Мойылды өзенінің бойына көшіп келген. Жұмаш пен Балтабек Қостанай қаласындағы мұғалімдік институтқа түседі. Атам елге келген соң Дүйсенбек, Бөпеш атты балалары туды.

Менің әкем колхозда қой бағып, көшпей қалады. 1939 жылы Жұмаш пен Балтабекті Фин соғысына алып кетеді. 1942 жылы Мәйкенді Ұлы Отан соғысына алды. Менің әкем Қабденді 1943 жылға дейін броньмен қалдырып, 1943 жылы оны да соғысқа алып кетеді.

Әкем соғысқа кеткен соң 1943 жылы наурыз айында Бүйректалдан Успеновкаға ат шанамен келіп, бізді елге көшіріп алып келді. Бүйректал мен Успеновканың арасы шамамен 300 шақырым. Ұзақ жол тауқыметі әлі есімде.

Менің әкем 1909 жылы туған. Соғыстан 1945 жылы тамыз айында келді. Сол жылы мен 1 сыныпқа оқуға бардым. 1-4 сыныпты Бүйректалда, 5-7 сыныпты Дәмдіде, 8-сыныпты Аманкелді ауданында, 9-10 сыныпты Қайғыда, Мереке орта мектебінде бітірдім. Ол кезде жетіжылдық мектеп 2-3 ауылдық советте біреу, ал орта мектеп тек аудан орталығында ғана болатын. 1953-54 оқу жылы Мереке орта мектебі ашылып, мен сол мектепті бітірген алғашқы түлекпін, 1955 жылы бітірдім.

Мен 1955-57 жылдары Гурьевтен (Атырау) педагогикалық училищені бітіріп, бастауыш мектептің мұғалімі болдым.

1963 жылы Шәмшиев Қуаныш ағамның ұсынысымен Алматыға зоотехниялық-мал дәрігерлік институтқа түстім. 1968 жылы институтты бітіріп келіп, Әулиекөл ауданының "Москалев" совхозына бөлімшенің зоотехнигі, 1969 жылы "Целинный" совхозының мал тұқымын асылдандыру жөніндегі зоотехнигі, 1973-1978 жылдары "Диев" совхозының бас зоотехнигі, 1979-1987 жылдары Чернышевский атындағы совхоздың директоры, 1988-1993 жылдары Әулиекөл аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, 1994-1997 жылдары "Овцевод" совхозының директоры болып істеп,1998 жылы зейнет демалысына шықтым. 1988-2000 жылдары Әулиекөл аудандық ардагерлер кеңесін басқардым. 2000 жылы мұсылманның бес парызының бірі қажылықты өтеп, Меккеге барып келдім. Имандылық жұмысына 1987 жылдан бастап араласып, аудан орталығында мешіт салу ісіне белсене араластым. Ауданда мұсылмандар қоғамын құруға атсалыстым. 2000 жылдан бастап, бес уақыт намаз оқуға кірістім. 1991 жылдан бері мешіттің ақылдастар алқасының мүшесімін. Зейнетке шыққаннан бері тәрбие мәселесіне көп көңіл бөліп, газеттерге мақалаларым жарияланып келеді. Жастардың жиындарында, мектептерде елдің тарихы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы туралы әңгіме айтамын.

Авторлық пайым:

Әкімбек Қабденұлының өзі айтқандай, ол Әулиекөл ауданындағы екі кеңшарға директор болды, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды. Яғни, село экономикасын жақсы біледі. Сондықтан да болар, ел басқарған кезде Чернышевский атындағы кеңшардың тасы өрге домалады. Егіншілік те, мал шаруашылығы да өркендеді.

Қабденовтің ерекше бір қасиеті – өзгеге де, өзіне де қатаң талап қоятындығы. Ол біреуге ұнаса, біреуге ұнамайды. Ұнамағандар соңына шырақ алып түседі. Жалқаулар мен жатыпішерлер үстінен арыз таратады. Ұлттық намысымызға тиеді, бөтен ұлт өкілдеріне тізе батырады деп далбасалайды. Жоғары жақтарға арыз айдайды, сондай бір арыз бойынша облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Андрей Бородиннің нұсқауымен Қабденовтің қателігін іздеп облыстық Кеңес атқару комитетінің төрағасы Николай Пономаревтің өзі әдейі келгені бар. Бірақ далада жайқалған егінді, төскейде мыңғарған малды, еңбекке жаппай жұмылған ұйымшыл ұжымды көріп, "Апыр-ай, Қабденов шалға несімен ұнамай қалды екен?" – деп басын шайқағанын ауданның сол кездегі бірінші басшысы Қуаныш Шәмшиев ағамыз жыр қылып айтады.

– Әкімбек істің, уәденің, намыстың адамы, – деген сөздерді өзіміздің де талай естігеніміз бар.

Тағы бір айтарымыз, Әкімбек Қабденұлы зейнеткерлікке дейін совхоз директоры болып істеп, артына сөз ермеген, ала жіпті аттамаған, көпшілік құрметіне бөленген жандардың бірі. Қызметке адал, талап қойғыш, өсек-аяңға ермейтін жан да осы ағамыз еді, әзілқой, сөзге шешен, тауып айтатын тұлға да осы Әкімбек қажы.
3. Отбасым – қара орманым
Әкімбектің әңгімесі:

Мен, 1951 жылы Нұрекеқызы Күлдірге үйлендім. Нұрлан, Нұрқан, Алмагүл, Нұрған, Балқан атты балалар дүниеге келді, бәріне де жоғары білім алуларына жағдай жасадық. Ең тұңғышымыз Нұрлан әскери борышын өтеп жүргенде Германияда қайтыс болды.

Нұрқан 1961 жылы туған. Келінім Роза екеуі Ғани, Бақтияр деген немерелерімді өсіріп, оқытты. Ғани М.Дулатов атындағы уиверситеттің соңғы курсында оқып жүр, болашақ информатика маманы. Бақтияр Әулиекөлде 11-сыныпта оқиды.

Нұрған мен Гүлмира Данагүл, Гүлдана атты немерелер сыйлады, 7 және 4-сынып оқушылары. Ең кенжем Балқан, келінім Жанна бізбен бірге. Ұлдары Нұржан – 7-сыныпта, қыздары Айша – 4-сыныпта оқиды. Немерелерімнің бәрі де қазақ мектебінде оқиды. Күрес үйірмесінде, музыка мектептерінде қосымша өнер үйренуде,

Менің анам Ахметсабыржанқызы Жаңыл 1952 жылы ауырып, қайтыс болды. Мен ол кезде 7 сыныпта оқиытын едім. Анам қайтыс болғаннан кейін, көбіне шешемнің апасы Рәш Ахметсабыржанқызының тәрбиесінде болдым. Шешемнің інісі Әнуар қазір 85 жаста, Қостанай ауданының Жданов ауылында тұрады.

Мен балалардың ең үлкенімін. Қазір менімен бірге туған қарындастарым Дәржан, Қарашаш, Мәдина, інім Бәйдір Аманкелді ауданы мен Қостанай ауданында тұрып жатыр. Бәрінің де балалары ер жетіп, қызығын көріп отыр.

Соған шүкір деймін.

Армансыз адам болмайды. Менің арманым жастардың жүрегінде туған ұлты мен жұртына, кіндік қаны тамған топырағына деген перзенттік құштарлық болса деймін. Біздің руымыз, ұлы бабаларымыз, бәрі – өткен тарихымыз. Елдің тарихын жоққа шығару, бүкіл ұлтты жоққа шығару деген сөз.

Қазір үлкен елдер кіші елдердің салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, дініне, тіліне, тарихына, мәдениетіне психологиялық соғыс жариялады. Бұл соғыста рухы биік ұлттар ғана аман қалады. Рух дегеніміз – күш-жігер, намыс, бірлік, дін, Отан, ешкімге бас имеу. Қатерлі жерде қаперсіз отыруға болмайды.

Менің жастарға тілегім, қартайғанда келген атақ абырой әпермейді, атақ-абыройды жас кездеріңде қуыңдар, іздеңдер! Ал сол атақ-абырой тек еңбекпен ғана келеді.



Авторлық пайым:

Әкімбек қажы Қабденовтың осы "Қостанай таңы" газетінде жақында жарияланған бір мақаласы "Адам руын білгеннен емес, білмегеннен азады" деп аталған еді. Расында да, тегіңді білмей қалайша текті болмақсың, өткенді білмей қалайша өрге жүзерсің, дәстүрді білмей дүниетанымыңды қалай кеңітерсің. Жалпы білімге, білуге, көруге құштарлық қана көкжиегіңді кеңітеді. Әкімбек қажы өмір бойы осы қағиданы ұстаған жан. Сондықтан да ол академикпен де, атқа мінген азаматпен де, ауылдың дана ақсақалымен де, ізденімпаз жас достарымен де тең сөйлеседі, мына толқыны адуын өмір – мұхитта еркін жүзеді. Өйткені, ол өмір ағысын жақсы біледі, өмірді сүйеді, әрбір адамның мына тылсым өмірге тек бақыт үшін келетінін жан жүрегімен түйсінеді.

Иә, адам бақыт үшін жаралады.


Қара таңба
1. Он екі жастағы қыз едім...
Бүгіндер 82 жасқа келген Зылиха Абдуллина Қостанай қаласында тұрады. Талай қиыншылықты да, қызықты да бастан кешті. Көп жайт ұмыт болды. Бірақ кешегі 37-інің ойраны оның көз алдынан күні бүгінге дейін кетпейді.

"1937 жыл. Әкем Нұрахмет Қосаев Боровскойдағы механизаторлар даярлайтын училище директоры еді. Осы оқу орнын өз қолымен құрып, оқу-құралдарын, қажетті техниканы алдырып, жастарды сол кездері ауыл шаруашылығы үшін аса қажетті механизаторлық мамандыққа баулуды қолға алған шағы болатын. Алдында Алматыға барып, қызметке тағайындау туралы бұйрығын да алып келген. Бұл оқу орнында көршілес Ұзынкөл және осы Меңдіқара аудандарының жастары оқитын.

Ол 1929 жылдан партия мүшесі, қандай да болмасын тапсырылған іске жанын салып, адал атқарып жүрді. Сондықтан да болар жаңадан құрылған оқу орнының тізгінін ұстады. Ауыл-ауылды аралап, талапты жастарды оқуға тартты. Сол училищеден қанат қаққан талай түлектер аудандардың мақтанышына айналды, темір тұлпарды тізгіндеп, егіншілікті дамытуға, колхоздардың экономикасын өрге бастыруға үлес қосты.

Бәрі де жақсы еді. Бірақ 37-інің ойраны әкемді де айналып өтпеді. Кеңес Одағы үшін жан аямай еңбек еткен, Коммунистік партияның мүшесі болып, сол үкіметтің саясатын насихаттап, шаруасына жегілген қайран әкем, бір күнде-ақ халық жауы болып шыға келді. "Кеңес үкіметіне қарсы әрекет жасаған, Жапонияның шпионы" деген үш ұйықтаса түске кірмейтін жала жабылды. Жалғыз ол емес, қанаттас жүрген Айтбай Көбеев, Жүрген Сатаев, Әбдірахман Мафин, Нұғыман Есқожин, Жолмағамбет Нұрмағамбетов сияқты арыстар айдалып кете барды.

Сол кеткеннен мол кетті. Анам, өзімнен кіші үш інім, бесеуіміз аңырап қала бердік. Халық жауының отбасы, халық жауының баласы деп түртпектеу басталды. Енді Боровскойдан Қарақоғаға кешуге мәжбүр болдық. Інімнің үлкені Ережеп – 9 жаста, ортаншы Сәбит – 6 жаста, кішісі Кәдір – 4 жаста еді. Жаяулап, жалпылап, анамызға арқа сүйеп алға ұмтылып келеміз...

Әке сол кеткеннен оралған жоқ. Оны да, қасындағы серіктерін де бір түнде оққа байлапты...

Қиындықтың, жоқшылықтың, жетімдіктің дәмін тата жүріп өстік, өндік. Інілерім де ер жетті, үйлі-баранды болды. Кәдір інім бала-шағасымен Алматыда тұрады, зейнеткер. Ережеп пен Сәбит дүние салған, бірақ, шүкір, артында ұрпағы бар...

Еліміз тәуелсіздік алып, тарихтың талай ақтаңдақтары ашылып жатыр. Кешегі саяси қуғын-сүргін құрбандары да ақталды. Осы Қостанай қаласында сол саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш ашылды. Жылда сол қасиетті белгі басына өркен жайған ұрпағыммен бірге барып, басымды иіп, құран бағыштаймын.

Жазықсыз жапа шеккен әке аруағы риза болса болғаны..."


жүктеу 4,05 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау