«Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев



жүктеу 4,05 Mb.
бет2/24
Дата07.12.2017
өлшемі4,05 Mb.
#3437
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24

Кісілік пен Кішілік

Академик Өмірзақ Сұлтанғазиннің қанына біткен қасиеттер еді


Біздің жерлесіміз, бүкіл қазақ елінің аяулы ұлы, мақтанышы, ғұлама ғалым, көрнекті қоғам қайраткері, парасатты азамат Өмірзақ Махмұтұлы Сұлтанғазиннің қайтыс болғанына да қырық күн уақыт өтіпті.

Қайталанбас біртуар тұлғаның қырқын Қостанай облысы басшылығы әдейі Алматыға барып, Өмекеңнің туған-туыстары мен ғылымдағы қанаттас серіктестерін, жұртшылық өкілдерін, ізбасар іні-қарындастарын кең дастарқан басына жинап, мұсылмандық дәстүрге сай өткізіп қайтты. Академик туралы тағылымы мол талай естеліктер айтылды, оның аруағы алдында тағзым етілді.

Асыл азаматты еске ала отырып, көңілде жатталып қалған кейбір қимас сәттер туралы сыр сабақтауды жөн көріп отырмын.
"Қарақшы сияқты

қайдан шыға келдіңдер"
1969 жыл. Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің соңғы курсында оқитын тұс. Тілектес, ниеттес болып, түсініскен Мәрзия атты қызым бар. Сол құрбымды курстас жолдастарыма таныстырып, студенттік сауық-сайранды бірге өткізіп жүрген кез. Бірге оқитын Жолбарыс Әбішев деген қызылордалық жігіт ашық та жарқын Мәрзияны көрген сайын:

– Ау, Қостанайдың қызы, осы сенің аяғы қисық, көзі қыли не апаң, не сіңілің болса, бас салып үйленер едім, – дейтін. Бәлкім, онысы Мәрзияның бойындағы жақсы бір қасиеттерін түйсінгендіктен, мұндай қыздың бауырлары да жаман болмас деген ниеттен де шығар. Мәрзия ойланбастан:

– О, Жөке, менің аяғы да түзу, көзі де сау тамаша апам бар, танысқың келсе, не тұрыс, – деп отқа май құя түседі.

Ақыры Жолбарыс досым Мәрзияның Нәзира деген апасымен танысып, ғашық болды да қалды. Нәзира халық шаруашылығы институтын бітіріп, облыстық тұрмыстық қызмет комбинатында экономист болып қызмет істеп жүр екен.

Әне-міне дегенше оқу да аяқталғалы тұр. Жолбарыстың менен екі жас үлкендігі бар:

– Бала, сен қоя тұр, ағасы тұрғанда інісіне жол жоқ, алдымен мен үйленемін, – деп той жабдығын бастап та кетті.

Жаңалықты естіген Нәзира мен Мәрзияның осы Алматыда тұратын апа-жездесі Райхан мен Өмірзақ ол жігіттерді алып келіңдер, танысайық, дейді ғой.

Сабақты ине сәтімен. Сол кезде Өмекеңнің докторлық диссертациясының ғылыми жетекшісі, есімі бүкіл әлемге танымал ғалым, академик Гурий Марчук келіп жатыр екен. Кешкілік Сұлтанғазин үйінен дәм татпақ. Нәзира мен Мәрзия қонақ күту қамымен сол үйде болмақ.

– Сендер бәлен уақытта кешкілік академик Марчук кеткен кезде келе қалыңдар, үлкен кісінің сарқытын ішіңдер, – деген Мәрзия.

Уәде байласып, Өмекеңдер сол кезде тұратын Морис Торез көшесіндегі үй маңына қас қарая, бір киерімізді киіп, Жөкең екеуміз де жетейік. Академик Марчук қашан шығады деп күтіп тұрмыз, баса-көктеп үйге кіріп баруды ыңғайсыз көріп, ұзағырақ тұрып қалдық. Бір кезде қонақтар шықты, есік алдында да біраз қауқылдасты, біз екі студент ағаштың тасасында тығылып тұрмыз. Қонақ машинаға мініп, алысқа ұзай берген сәтте ағаштың тасасынан сау етіп екі сидиған ашқұрсақ студент шыға келейік. Екі қыз екеумізге жақындап келеді. Біз Өмекеңе "ассалаумағаликумді" жаудыртып жатырмыз. Әрине, балдыздары алдын-ала айтып қойған болар:

– Әй, екеуің екі жақтан қарақшы сияқты қайдан шыға келдіңдер? – деп күлді. Күлді де екеумізді қолтықтап алып, үйіне бастады.

Содан Өмекең қашан дүниеден өткенше ағалы-інілі жандардай ерекше мәнді де мағыналы дәурен кештік. Бір өкініштісі, енді Өмекең де, Жолбарыс та жоқ. Белгілі журналист, талантты аудармашы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Жолбарыс Әбішев Парламент Мәжілісінің аппаратында жауапты қызмет атқарып жүріп, өткен жылы ауыр науқастан дүние салды. Жерлеуіне қатысып, топырақ салдым.

Өмекең қайтыс болғанда бір уыс топырақты сол Жөкеңнің атынан да салғаным бар.
"Құданы құдайдай сыйлаған

халықпыз ғой"
Сол Жолбарыс пен Нәзираның үлкен ұлы Айдар үйленетін болып, Шымкенттің Арыс қаласына құдалыққа бардық. Болашақ келініміздің аты да Райхан екен. Айдармен екеуі Алматыда мектепте бірге оқыған, сынып жетекшісі менің немере апам Дәмеш Тойшыбайқызы болыпты. Екеуі де алғыр, тәрбиелі бала. Бүгіндер бір ұл, бір қыздары бар. Қытайдағы Қазақстан елшілігінде қызмет істейді. Болашақтарынан мол үміт күтетін, білімді де икемді, бауырмал жастар.

Келін жағынан құдалар келгенде дастарқан тізгінін Өмекеңнің өзі алды. Сен екеуің мынаған ие болыңдар, деп ұзын мойын, қысқа мойын шишаларды бізге жылжытты.

Құдаларға да, жас жұбайларға да ерекше бір тебіреніспен игі тілек айтты, құдаларын құдайдай сыйлайтын халықтың ұрпағымыз ғой деп, ерекше қызмет жасады. Әзілге де, сөзге де ұста академик өз басынан өткен талай қызықтарды айтып, қыран-топан күлкіге бөледі. Құдағи мен құдашаларды да алақанға салды. Құданың үлкен баласы Шәмшиден медицина ғылымының кандидаты екен, Алматыда үй салып жатқанын біліп, назарын соған аударды.

–Жап-жас жігіт екенсің, Шәмшиден, бүгінгі ғылымға өзің сияқты ұсынықты, жігерлі, жас жігіттер керек, – деп бір қойды.

Содан кейін сәл ойланып барып:

– Бүгіндер ештеңеге ебі, икемі жоқ бір ұрпақ өсіп келеді, әке-шеше дәулетіне мас болып, бетімен жүргендерден сақтасын, – деп тағы бір ойдың ұшын шығарды.

Өмекеңнің айтып отырған сөзінің де жаны бар еді, алдында ғана үлкен қызметтегі бір дөкейдің баласының орынсыз қылығы туралы теледидардан айтып жатқан болатын. Ал Жөкеңнің құдасы да олқы адам емес, Оңтүстік Қазақстан темір жолындағы белгілі адам, Социалистік Еңбек Ері... Құдайға шүкір, өсіп-өнген балалары да жаман емес екен...

Осы Өмірзақ Махмұтұлының өз балалары да өнегелі өрендер. Қыздары Жанат – ғылым кандидаты, бизнестегі белгілі адамдардың бірі, ұлы Алмас та – ғылым кандидаты, бүгіндер белгілі "Сулпак" холдингінің президенті. Ортаншы қызы Салтанат та болайын деп тұрған бойжеткен еді, әттең, ауыр науқастан 18 жасында үзіліп жүре берді. Жанаттың жолдасы Нұрлан да өлімге қимайтын өндір жас болатын, білікті дәрігер еді, тура келген ажал шіркінге не істеуге болады, альпинизммен айналысып, тауға өрмелеп бара жатып, кездейсоқ қайғылы оқиғаға душар болды. Ол Ілияс Жансүгіровтың жиені болатын. Ұлы мен қызы жағынан құда-құдағиларына жан теңгермейтін Өмекең. Немере-жиендерін алақанға салатын. Жастай өмірден өткен Салтанатын жиі еске алатын. Тіпті Германияға осы қайтып келмес соңғы сапары алдында да қызының Кеңсайдағы зиратының басына барып, қып-қызыл гүл шоқтарын қойып, дұға бағыштап оралыпты академик. Мәңгілікке тыныстаған ағаның өзіне де сол қызының қабірі қасынан топырақ бұйырды.


"Жетекке жүрмейтін жирен ат болып еді"

Жетпісінші жылдардың соңында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы Алматы жоғары партия мектебінде сырттай оқыдым. Жылына бір рет емтихан тапсыруға Алматыға тартам. Уақыт тауып, Өмекеңе сәлем беруге барам. Бірде ол:

– Осы сен Зейнолла Қабдолов ағаңды білесің бе? – деп сұрады.

– Білгенде қандай, университетте алдынан дәріс алдым, ерекше білімдар, шешен адам. Лекциясынан ешкім де қалмайтын. Ағай ешбір қағазсыз көсіле сөйлеп кеткенде аузымызды ашып, көзімізді жұматынбыз. Және үлкен жазушы, – дедім.

– Олай болса, мен сені ғылымға қарай бағыттайын. Сол академик Қабдоловпен сөйлесіп, бір тақырып бекіттіріп берейін, сәтін салса, екі-үш жылда кандидат та болып шығарсың, – деді.

Бұл менің ешқашан ойға алмаған ісім. Сондықтан да болар:

– Ой, Өмеке, ғылым деген екінің бірінің азуы батар іс емес қой. Менің оған ыңғайым да және ниетім де жоқ, – дедім.

Академик ойлы жүзбен қарап алды да:

– Мен мұндай ұсынысты кез келген адамға айта да бермеймін. Жазғандарыңды оқып жүрмін. Жылына бәрібір мына партия мектебіне екі рет келесің. Оның сабағы кандидаттық минимумға да жарап кетеді, ойлан, – деді. – Және саған осы партия мектебінде оқудың не керегі бар еді, онда-мұнда шапқылайтын ақшаң көп пе еді өзі, – деп жымиды. – Адам өзіне қажетті білімді оқып қана емес, өз бетінше ізденіп, өз бетінше көңілге тоқып алуға тиіс. Сол білім баянды болады.

Академик осы сөзінің өміршеңдігін өз өмірімен де дәлелдеген адам. Мысалы, ағылшын тілін ол өз бетінше оқып, жетік меңгеріп алды. Бірде Қостанайға келгенінде портфелінде Э.Хэменгуейдің ағылшын тіліндегі "Прощай, оружие!" кітабы жүр екен. Менің кітап сөремдегі сол туындының орысша және қазақша басылғандарын көріп, қалап алды. Сөйтсем, ағылшынша оқып, түсіне қоймаса, орысшасын парақтайды екен. Қазақшаға қалай аударды екен деп қазақшасына көз салады екен. Ұшақтың ішінде, мейманханада осындай кітаптарды қолынан түсірмей жүргенін талай көргенім де бар.

Ғылым академиясының президенті кезінде ол Қостанайға талай келді. Ыбырай Алтынсариннің 150 жылдық, Ілияс Омаровтың 80 жылдық тойларына қатысты. Келген сайын:

– Сен менің қасымда бол, облыс басшыларымен жақынырақ таныстырып кетейін, – деп талай айтты. Сонда мен ат-тонымды ала қашып:

– Басшыларды мен онсыз да жақсы білемін, ал олар мені газетім арқылы білетін шығар, – дейтінмін.

Сонда көп сөйлемейтін Өмекең:

– Бала күнімізде ауылда жетекке жүрмейтін бір торы ат болып еді, сен де сол сияқты болдың ғой, – деп күлетін. Сосын сәл-пәл үнсіз отырып:

– Бәлкім, сенікі де дұрыс шығар, әркімнің өз жолы, өз сүрлеуі бар ғой, – деп келісетін...



"Сенің бойың қанша еді?"

Өмекең Қостанайға соңғы рет Қазақстанның тәуелсіздік алуының 10 жылдығына орай осында өткен Қазақстан ғылымының күндеріне қатысу үшін келді. Және бұл шара біздің тағы бір біртуар азаматымыз, қазақ елінің бас тарихшысы атанған академик Манаш Қозыбаевтың 70 жылдық мерейтой-ымен тұспа-тұс келді.

Манаш Қабашұлының туған жері "Краснопресненде" ағаш ішінде жерлестері академикті төрге шығарып, мол дастарқан жайып, келісті сый-сияпат көрсетіп, той жасады.

"Краснопресненнің" ежелгі атауы – Майбалық. Сол Майбалықтың іргесіндегі жайқалған орман ішін аралап жүрміз. Салқын ауа, самал жел. Ақ балтырлы қайыңдар, түп-түзу өсіп, аспанмен таласқан қарағай-теректер. Көк майса, қырдың қырмызы гүлі мен мұндалайды.

Академик ағалар Қостанайдың тамаша табиғатына сүйсініп, ағаш ішінде әңгіме-дүкен құрып, ұзақ серуендеді. Сол кездегі осы "Қостанай таңы" газетінің фототілшісі, осы басылымда ширек ғасыр бойы жемісті жұмыс істеп, біздің әрқайсымызды бес саусағындай білетін Ким Зон Хун қолайлы сәтті дөп басып, фотоаппаратын сырт еткізеді. Бір кезде ол:

– Умирзак Махмутович, давайте Вас с нашим Салимом, вашим свояком сфотографирую, – деп орман ішіндегі алаңқайға шақырды. Зон Хун да өзіне қолайлы нүктені іздеп оң жақтан бір, сол жақтан бір шығады. Бір кезде Өмекең:

– Сенің бойың қанша еді, – деп аяқ астынан бір қызық сұрақ қойды.

Ойымда ештеңе жоқ мен:

– Бір жетпіс сегіз, – дедім.

– Ал, менің бойым бір сексеннің дәл өзі, олай болса мен неге сенен аласарып кеткенмін? – деді.

Сөйтсек, қатар тұра қалғанда Өмекең бір ойпаңдау жерге кездескен екен де, бойы менен аласарақ көрініп қалған екен. Аяқ астынан орын ауыстырып, Өмекеңнің екі сантиметр менен биіктігін орнына келтірдік. Сол суретті Өмекеңе беріп жатып:

– Бойыңыздың да, ойыңыздың да биіктігінің бір көрінісі осы сурет болсын, – дедім.

– Бір жетпіс сегіз де жаман көрсеткіш емес, – деп әзілдеді академик.

Өкініштісі, бұл оның туған жер төсінде түскен соңғы суреті болды.



"ХХ ғасырдың ұлы ойшылы"

атағына ие болған академик Сағындық Сатыбалдин өмірінің

кейбір белестері

Біздің қасиетті Қостанай өңірі қашанда қайталанбас талантты тұлғаларға бай өлке болғаны әлемсақтан белгілі. Ұлы Шоқанның ізін басқан талай ғұлама ғалымдар есімі ел тарихына алтын әріптермен жазылды. Темір Дарханбаев, Өмірбек Оспанов, Асқар Закарин, Өмірзақ Сұлтанғазин, Кенжеғали Сағадиев, Манаш Қозыбаев... Осы шоқ жұлдыздар ішінде бүгіндер 75 жасқа толып отырған академик Сағындық Сатыбалдиннің де өзіндік орны бар.

Сатыбалдин Сағындық Сатыбалдыұлы 1937 жылы 5 мамырда Қостанай облысының Семиозер ауданындағы (қазіргі Әулиекөл) Жангелдин атындағы ұжымшарда дүниеге келген.

1955 жылы Әулиекөлдегі Ш. Уәлиханов атындағы орта мектепті үздік тәмамдап, М.С.Киров атындағы ҚазМУ-ге (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) "Бухгалтерлік есеп және шаруашылық қызметін талдау" мамандығы бойынша оқуға түсті. Оқу озаты, комсомол белсендісі болумен қатар С.Сатыбалдин спорт саласында да өзін көрсете білді. 1958-1960 жылдары ҚазМУ спорт клубының төрағасы болып жұмыс істеді, Кеңестер Одағының спорт шебері, классикалық күрестен Қазақстан чемпионы және бірнеше дүркін жүлдегері атанды.

Университетті бітірген соң С.Сатыбалдин өзінің еңбек жолын ҚазМУ-дың экономика факультетіндегі "Халық шаруашылығын жоспарлау және есеп" кафедрасының ассистенті болып бастады. 1962 жылы ҚазМУ-дың "Халық шаруашылығын жоспарлау" кафедрасының аға оқытушысы болып тағайындалды. 1961-63 жылдары М.С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университеті комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін қатар атқарды.

С.Сатыбалдин 1963-1983 жылдар аралығында Алматы халық шаруашылығы институтында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, деканның орынбасары, экономика факультетінің деканы болып қызметтер атқарды.

1967 жылы М. Ломоносов атындағы ММУ-де кандидаттық, ал 1981 жылы докторлық диссертация қорғады.

1968 және 1982 жылдары "Бухгалтерлік есеп және шаруашылық қызметін талдау" кафедрасы бойынша доцент, кейін профессор дипломын алды.

1975-1976 жылдары С.Сатыбалдин АҚШ-тың әртүрлі университеттері мен ғылыми орталықтарында тәжірибе алмасу бойынша курстардан өтті. Ғылыми тәлімгерліктен өткен соң ол өз зерттеулерінің нәтижелері бойынша "КСРО мен АҚШ өнеркәсібіндегі өндіріс шығындарын есепке алу (салыстырмалы аспектілер)" тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғады, сондай-ақ дирек-костинг жүйесі, стандарт-кост жүйесінің концептуальдық мәні мен негіздерін ашты, әртүрлі әдістер бойынша шығынды есепке алу және өзіндік құнды калькуляциялау және оны пайдаланудың мәнін, аудитті ұйымдастыру мен әдістерін ашып берді.

1984-1985 жылдары КСРО үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасы үкіметі арасындағы "Экономиканы басқару саласында басшы кадрлар мен мамандар даярлау және мамандық жетілдіру жөніндегі ынтымақтастық туралы" келісімге сәйкес С.Сатыбалдин жоғары білікті маман ретінде жетекші ғалымдар тобымен КСРО-ның Орталық партия Комитеті мен Вьетнам Социалистік Республикасы үкіметі жанындағы халық шаруашылығын басқару мектебіне жіберілді. Ол "Социалистік кәсіпорындардағы шаруашылық қызметіне талдау" пәнінен сабақ жүргізді. Оның дәрістері кітап болып жинақталып, вьетнам тілінде 8,5 б.т. көлеммен жарық көрді. Қазақстандық ғалымның еңбегіне Вьетнам Министрлер Кеңесінің төрағасы Фан Ван Донг жоғары баға берді.

Республикамызда тұңғыш рет 080012–"Бухгалтерлік есеп және шаруашылық қызметіне талдау", 080013–"Экономикада математикалық әдістерді пайдалану" мамандықтары бойынша кандидаттық диссертация қорғайтын кеңес ашуы С.Сатыбалдиннің айрықша еңбегі болып табылады. Осы уақыттан бастап жоғарыда аталған мамандықтар бойынша экономика ғылымының кандидаттарын даярлаудың жаңа кезеңі басталды.

1985-1990 жылдары С.Сатыбалдин А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарды.

ҚР ҰҒА жүйесінде әр жылдары өндіргіш күштерді зерттеу жөніндегі Кеңес төрағасының орынбасары (1983-1985жж.), ҚР ҰҒА Экономика институтының директордың экономика жөніндегі орынбасары (1990-1993 жж.), ҚР ҰҒА Президиумы аясындағы Жоғары білікті мамандар даярлайтын орталықтың директоры, ҚР ҰҒА Қоғамдық ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы (1993 ж.) болды.

1993 жылдан 2004 жылға дейін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚМЭБИ-де атқарушы директордың орынбасары, атқарушы директор, ҚМЭБИ Президентінің Кеңесшісі қызметтерін атқарды.

1997 жылы академик С.Сатыбалдин мен оның таяу және алыс шетелдердегі пікірлес ғалымдарының бірігуімен Еуразия Халықаралық Экономика Академиясы құрылды. Бүгінде бұл ұйым әлемнің 18 елінің ғалымдарын, саясаткерлері мен іскер топтары өкілдерін біріктіріп отыр. "Күміс кітап" атты Еуразияның әдеби және ғылыми ескерткіштері сериясы шығарылуда, интернационалдық шығармашылық ұжымдарды зерттеу жұмыстары жүргізілуде, континенттік дамушы аймақтардағы экспедициялық дәстүрлер қайта жаңғыруда.

С.Сатыбалдин жалпы халықаралық конференциялар мен симпозиумдардың тұрақты қатысушысы. АҚШ, Жапония, Қытай, Вьетнам, Оңтүстік Корея, Пакистан, Болгария, Бельгия және басқа елдердің университеттері мен ғылыми орталықтарының шақыруымен ол көптеген бірлескен зерттеулер жүргізуге, ғылыми-әдістемелік, интеллектуальдық жобаларға, кешендік және дағдарысқа қарсы мақсатты бағдарламалар құруға, постиндустриалды мемлекеттерде, халықаралық экономиканың болашағы бар аймақтарында экономикалық өсудің сценарийлерін жасауға және көпнұсқалы болжамдарды құруға атсалысты.

С.Сатыбалдиннің жетекшілігімен "Оңтүстік-Азия тәжірибесі негізінде Орталық Азияға нарықтық экономиканы енгізу" тақырыбында ҒЗЖ жүргізілді. Оны Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Тайвань, Қазақстан мен Қырғызстанның қатысуымен Сасакава Халықаралық Бейбітшілік қоры қаржыландырды. Зерттеу нәтижелері Қазақстан Президенті мен Орталық Азия елдерінің Үкіметтеріне нарықтық экономикаға өту кезінде ендіру үшін ұсынылды. Олар "Драконы и тигры Азии: сможет ли казахстанский барс пройти их тропами?" (Алматы, "Ғылым", 1998, 40 б.т.), "Азиатский кризис: причины и уроки", (Алматы, "Ғылым", 2000, 42,5 б.т.) атты екі монографияда жарық көрді. Одан басқа Қазақстан басшылығына "Предложения к формированию новой экономической политики в республике" атты 20 б.т. 2 томдық еңбек ұсынылды.

Оңтүстік-Шығыс Азияның экономикалық реформаларының тәжірибесін зерттеу нәтижесінде С.Сатыбалдин мынадай алты ірі ғылыми-талдамалық монографияларын жариялады:

– "Хроники будущего", Алматы, "БиС", 2007, 20 б.т., "Учетные системы транзитной экономики", Алматы, "Гауһар", 2003, 20 б.т., "Азиатское экономическое чудо", Астана, "Фолиант", 2003, 21 б.т., "Азиатский экономический кризис: причины и уроки" ( дополненное и переработанное изд-е), Алматы, "Гауһар", 2003, 20 б.т., "Приоритеты развития единого экономического пространства", Алматы, "БиС", 2004, 20 б.т., "Диалоги с жизнью", Алматы, "БиС", 2005, 20 б.т.

Шетелдік тәуелсіз сарапшылар мен пікір берушілердің бағасы бойынша, қазақстандық ғалымның таңдамалы еңбектері сериясының шығарылуы әлемдік экономика ғылымындағы тосын құбылыс: онда тұңғыш рет азиялық "экономикалық ғажайыпқа" кешенді талдау жасалады, сонымен қатар үшінші әлемдегі мемлекеттердің жаңа бағыттары, оларға төніп тұрған ғаламдық қаржы дағдарысы туралы болжамдар беріліп, Қазақстанның әлемдік экономикадағы рөлінің күшеюі жөнінде ойлар ұсынылған. Монографиялар ХХ-ХХІ ғғ. классикалық экономика бойынша мейлінше елеулі еңбектер қатарына жатады деген пікірлер дәйектеліп те отыр, өйткені оларда әлемдік халық шаруашылығының өзекті мәселелері толық, әрі негізді қарастырылып қана қоймай, болжамдармен дәйектеліп, бүкіл дүниежүзілік экономика мен болашақ қауымдастықтардың мүмкін болатын даму жолдары анықталған.

1998 жылы Қазақстан экономикасының дамуына қосқан ғылыми-тәжірибелік үлесі мен ерен еңбегі үшін С.Сатыбалдинге "Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласына еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілсе, таңдамалы шығармалар жинағының алғашқы төрт томы үшін 2002 жылы ҚР БжҒМ тарапынан Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты атағы берілді.

2007 жылы "Испытание во времени", Алматы, "Атамұра", 20 б.т. атты кезекті монографиясы, сонымен қатар Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдарында "Қазақстан экономикасының дамуының негізі – адами құндылықтар", Алматы, "Эмир", 2007жыл, 15,5 б.т. жарық көрді.

Соңғы жылдары сондай-ақ келесі монографиялары жарық көрді – "Қазақстан ғасырлар асуында" Алматы, 2009 жыл, 37 б.т., "Economy of Kazakhstan at Century Junction", Караганда, TaiS, 2010жыл, 17 б.т., "Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл: реформалар, бағдармалар, нәтижелер, кеңестер", Алматы, "Атамұра", 2011жыл, 20 б.т.

Тұтастай алғанда С.Сатыбалдиннің жалпы көлемі 600 баспа табақтан асатын 500-ден аса ғылыми еңбектері, зерттеулері жарық көрді, оның ішінде 20 монография, 25 ұжымдық монография, оқу құралдары мен брошюралары да кіреді. Олар ТМД, АҚШ, Вьетнам, Оңтүстік Корея, Жапония, Болгария, Бельгия, Қытай Халық Республикасы, Швеция, Пакистан және әлемнің өзге де елдерінде жарық көрді.

2004 жылдан бері қарай ҚБТУ-да "Экономика және бизнес" кафедрасының меңгерушісі, ҚБТУ академиясының директоры, қаржы- экономика факультетінің деканы, ҚБТУ Ректорының Кеңесшісі қызметтерін атқарды.

2008 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Экономика және бизнес Жоғары мектебінің "Есеп және аудит" кафедрасына профессорлық қызметке шақырылды. Сонымен қатар 2008 жылда Алматы экономика және статистика академиясының "Статистика, есеп және аудит" журналының бас редакторы қызметін атқарады.

Жұмыс барысында ол өзін жоғары білікті педагог-әдіскер және ғылыми-зерттеушілік, тәрбиелік, оқыту жұмыстарын ірі ұйымдастырушы ретінде көрсетті. Ол экономика ғылымының теориясын өндірістік тәжірибемен шебер ұштастырып, оқудың қазіргі заманғы технологияларын қолдана отырып дәріс оқиды. 1993 жылы С.Сатыбалдин ҚМЭБИ-де оқу процесінің кредиттік білім беру жүйесін тұңғыш енгізіп, бүгінгі таңда еліміздің өзге де жоғары оқу орындарына жан-жақты көмек көрсетуде. Университеттің оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу кеңестерінің жұмыстарына белсенді араласып отырады. Оның ұсынысымен және тікелей қатысуымен білім беру бағдарламалары халықаралық беделге ие болды, бұл бағдарламалар халықаралық қорлар мен шетелдік ұйымдардың (Еуропалық Одақ, Британ кеңесі,ТАСИС, ЮСАИД, ЮНЕСКО, Сорос Қоры және т.б.) бірлесуімен немесе техникалық қолдауымен жүзеге асуда.

С.Сатыбалдин – Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының толық мүшесі, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар Академиясының, АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Халықаралық ақпарат Академиясының, Халықаралық Еуразия Экономика Академиясының академигі. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің және республикадағы 5 жоғары оқу орнының Құрметті профессоры. Еуропа, Азия елдері және АҚШ-тың халықаралық ғылыми орталықтарының 27 сертификатының иегері.

2011 жылы – "Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов" коммерциялық емес бірлестік қорының президенті болып сайланды.

С.Сатыбалдин жоғарғы мектепті басқаруды ұйымдастырудан посткеңестік аймақта теңдесі жоқ жаңашыл және алдыңғы қатарлы технологияларды, білім беру гранттары, авторлық жобалар, ТМД елдерінің профессорлық-оқытушылық құрамының жаздық курстары, мемлекеттік қызметкерлердің, басқару аппараты қызметкерлерінің, ҚР Парламент депутаттарының, ірі ұлттық компаниялардың, банктер мен басқа да ірі мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың басқарушыларының мемлекеттік экономикалық және басқарушылық кадрларының қарқынды өзгеріп отырған нарықтық жағдайларға үйрену мектебінде дәрежесін көтеру тәжірибесін қолдануда алдыңғы қатарда тұр.

С.Сатыбалдин кедей және дамушы елдерге (Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан) техникалық көмек аясындағы халықаралық ұйымдармен қаржыланған халықаралық білім беру бағдарламаларының дамуына қомақты үлес қосты.

Ол Қазақстан экономикасының әр кезеңдегі даму барысында экономика ғылымын жаңа бағытта теория және тәжірибелік тұрғыда жоғары деңгейлі республикамыз бен одан тыс жерлерде де танымал ірі ғалым болып табылады.

2004 жылы Кембридж университетінің Библиографиялық орталығы С.Сатыбалдинге "ХХ ғасырдың ұлы ойшылы" деген атақ беріп, күміс алқа тақты, онымен қоса Азия бойынша бас директордың орынбасары қызметіне тағайындады және Библиографиялық орталықтың мемориалдық құрмет тақтасына есімін енгізді.

2006 жылы АҚШ мәдениет және білім беру қызметкерлері мен Америка библиографиялық институтының бірлескен мәжілісінде қабылданған шешім бойынша қазақстандық ғалым әлемде гармонияны жақтауға бағытталған халықаралық көлемдегі экономикалық мәселелерді шешкені үшін "Бейбітшілік үшін Халықаралық сыйлығының" Құрметті дипломына ие болды.

2007 жылы оған Алтын медаль мен Америка библиографиялық институтының Дипломы берілді. Сол 2007 жылы Қазақстан Республикасы ғалымдар Одағының Алтын медалін алды.

2008 жылы "Астанаға 10 жыл" мерекелік медалімен, Қостанай мемлекеттік университетінің "А.Байтұрсынов атындағы алтын медалімен" марапатталды.

2009 жылы – "Достастық" ТМД Есепшiлер қауымдастығының есепші және тексерушiлерiнің "Алтын жұлдыз" белгісі, "Қазақстан Республикасы бiлiмiнiң Құрметтi қызметкерi" атағымен марапатталды.

2011 жылы – ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң 2010 жылы "Үздік оқытушысы" грантын алды.

2012 жылы – Отан және Әлемдiк экономика ғылымын дамытуда қосқан үлесі үшін Ұлыбританияның Кембридж университетiнiң Халықаралық Библиографиялық орталығының Ерекше айырмашылық орденiмен ("the Order of Distinction"), "Алтын медаль" және "OD Сертификатпен" марапатталды.

Оның жетекшілігімен экономика ғылымының дәрежесін алуға 64 жас ғалым диссертация қорғады. Ол 22 экономика ғылымының докторын даярлауға ғылыми ақыл-кеңесімен септігін тигізді, 22 магистрді қорғауға дайындады.

Жақын уақыттарда ғалым жаңа буын оқулықтарының сериясын, қазіргі экономиканың өзекті мәселелеріне арналған монографиялар шығаруды жоспарлап отыр. Ол Қазақстанның халықаралық қауымдастықта бәсекеге қабілетті елдер қатарына ену Стратегиясының жаңа ережелерін насихаттаушы әрі көпшілікке таратушы ретінде еңбек етіп жүр. С.Сатыбалдин нарықты, әлеуметтік-бағдарлы экономиканың тұжырымдамалық бағыттарының философиялық негіздерін және ескірген жүйенің конвергациялық және постиндустриалдық әлеуметтік докториналарын алмастыруға келген қоғамдық ғылымдардың дамуының жаңа бағыттарын негіздеді.

С.Сатыбалдин өзінің шығармашылық қызметінің әрбір кезеңінде алдына жоғарғы мақсаттар қояды, ең бастысы, олардың жүзеге асуына қол жеткізеді.

Есімі әлемге әйгілі ғалым жерлесіміз өзінің мерейтойына осындай асқаралы табыстармен келіп отыр. Біз академик ағаны жерлестері атынан өмірдегі айтулы бір белесімен құттықтауға қуаныштымыз.


жүктеу 4,05 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау