ерекшелігін елемеу деген сөз. Ауызша сөйлеуде интонация, сөздердің ерекше мәнермен
айтылуы, ой екпіні, эмфазалық құбылыс т.б. толып жатқан дыбыс заңдылықтары болады.
Олардың бәрін бірдей жазуда таңбалау мүмкін емес. Тіл тарихында ондай жазу болған да
емес. Бернард Шоудың «иә» деп айтудың елу түрлі, «жоқ» деп айтудың бес жүз түрлі
тәсілі бар, ал оларды жазудың амалы біреу-ақ деген сөзі осы орайда айтылған. Қой, түн,
жаз тәрізді сөздердің айтылуы мен жазылуында айырма жоққа тән. Бірақ тілімізде
көптеген сөздің айтылуы мен жазылуы бір-бірімен сәйкес келе бермейді. Мысалы,
[қоралат]; [төрөгөрсең, тоналарсың] (мақал) деп айтылғанымен, өзгеше жазамыз.
Қарым-қатынасқа түскенде сөздер белгілі бір орфографиялық заңдылыққа орай бір-
бірімен ұласа айтылып, бір-біріне ықпал жасап, әр түрлі фонетикалық өзгеріске
ұшырайды. Ал осындай жүйені елемей, тілдік дыбыстарды нақпа-нақ айтсақ, сөздің
дыбысталудағы тұтастығы бұзылып, дыбыстау мүшелеріне айрықша күш түседі. Сөйлеуде
дыбыстардың бір-біріне әсер етіп, ықпалын тигізіп, ұласа айтылуы – мәнді фонетикалық
құбылыс. Бірақ аса маңызды бола тұра бұл құбылыстың бәрі бірдей жазуда еленбейді.
Өйткені жазу – «жүгіртіп» оқуға жеңіл, қабылдауға қолайлы болуы қажет. Жазудың
(письмо) мақсаты сөздің айтылыуы мен дыбысталуын дәлме-дәл көшіру емес, қандайда
болсын белгілі бір ойды хабарлау. Егер қоралы ат, төреге ерсең, тоналарсың дегендерді
айтылуынша жазсақ (қоралат па, қоралы ат па, «төреге ерсең, тоналарсың әлде төре
көрсең, тон аларсың» ба?), информацияны қабылдауды күрделендіре түсер еді де, артық
энергия жұмсауға тура келер еді. Сондай-ақ (бірғанатты гөрдү) дегенді «бір ғана атты
көрді», «
бір қанатты көрді» деп әр түрлі ұғынуы мүмкін. Сөз ішіндегі, тіркес шеніндегі
дыбыстардың бір-біріне тигізер позициялық, комбинаторлық әсер-ықпалын ескермей,
дыбыстардың фонематикалық мәнін сақтап жазу тексті қиындықсыз, кедергісіз оқуға
мүмкіндік береді. Бұл – жазудағы (графикадағы) фонематикалық принцип.
Бірақ фонемалардың «мәнін» сақтап жазу дегенді қалай түсінуге болады?
Фонемалардың әр түрлі позициялық, комбинаторлық реңктері болатыны белгілі. Ол
реңктер (оттенок, аллафон) белгілі бір фонетикалық қоршауда көрінеді. Мысалы, [н]-ның
сөз басында, сонорлармен іргелес келгенде, жуан, жіңішке, еріндік, езулік дауыстылармен
қатар айтылғанда т.б. фонетикалық жағдайларға тәуелді әр қилы реңктері болады.
Қысқасы, фонетикалық жағдай қанша болса, фонеманың соншама реңкі болады. Бірақ
солардың ішінде фонемалық қоршауға неғұрлым тәуелсіздері негізгі реңк те, қалғандары
қосымша реңк болады.
Мысалы, бүгін, бүгінгі сөздеріндегі [н]-ның фонетикалық жағдайға тәуелділігі бірдей
емес. Бүгін сөзіндегі [н]-ға қарағанда бүгінгі сөзіндегі [н]-ның дыбыстық қоршауға
тәуелділігі әлдеқайда басым [бүгүңгү]. Әрине, дыбыстардың барлық реңктерін ғылыми
зерттеулерде болмаса, жазуда көрсетудің мәні жоқ. Жазуда фонеманың сөзтанымдық
қызмет атқаратын негізгі реңкі ғана белгіленеді. Морфеманың фонемалық мәнін сақтап
жазу дегенді осылайша түсінуге болады.
Сонымен, фонема – дыбыс – жазу бір-бірімен тығыз байланысты. Алайда
фонемалардың негізгі реңктері мен қосымша реңкін ажыратудың өз қиындығы бар.
Мысалы, тон, төн, таң, тән дегендегі <т> бірде жуан, бірде жіңішке реңкте жұмсалып тұр.
Бұл екі реңктің де фонетикалық ортаға тәуелділігі бірдей. Сондықтан <т>-ның негізгі
реңкі жуан [т] немесе жіңішке [т] деу қиын. Осыған байланысты алфавиттегі Т әрпі жуан
[Т]-ның немесе жіңішке [Т]-ның өкілі деп үзілді-кесілді айту тағы қиын. Сырт қарағанда
мұндағы жуан, жіңішке реңк тепе-тең сияқты. Дегенмен бұл екі реңктің бірін негізгі, бірін
қосалқы деуге болады. Оны қарапайым мынадай тәжірибеден байқауға болады. Мысалы,
филолог емес әр түрлі аудиторияда тұн, түн тәрізді сөздерді тақтаға жазып, «бұл сөздерде
қандай дыбыс бар?» деген сұрауға [т], [ұ], [ң], [ү] дыбыстары бар деп, аудитория
бірауыздан жауап береді. Бұдан қазақ тілінде сөйлеушінің психикасында фонеманың
негізгі реңкі жуан [т], [н] екендігін байқаймыз. Олай болса, қазақ алфавитіндегі Т әрпі –
жуан [т]-ның өкілі. Сондай-ақ негізгі реңк айтуға «оңай» болса, қосымша реңк, мысалы
[т], аздап болса да «күш» салып, сүйемелдеп айтуды қажет етеді.
Бұл жерде алфабиттегі әріптер фонемалардың негізгі реңкін белгілейді деген
принципке қайшы келетін мынадай құбылысты байқауға болады. Мысалы, [қ] мен [к] – бір
ғана фонеманың – атап айтқанда <к> фонемасының – жуан, жіңішке реңктері. Олай болса
бұлар неге бір ғана әріппен таңбаланбайды деген заңды сұрау қоюға болады. Әрине, [к] де,
[қ] да бір фонеманың әр түрлі реңкі екені даусыз. Бірақ бұл реңктердің бірі негізгі,
екіншісі қосалқы деуге болмайды.<к> фонемасының [к], [қ] реңктерінің,<г>
фонемасының [ғ], [г] реңктерінің тепе-тең болуы өзге дауыссыздардан олардың өзіндік
ерекшелігі деуге болады. Жоғарыда аталғандай, тәжірибені қайталап, «құн, күн деген екі
сөзде қандай дыбыстар бар?» десек, [қ], [к], [ұ], [н], [ү] деген бес дыбыс бар дейді.
Сонымен, қазақ графикасында бір фонеманың тепе-тең реңкі арнайы әріптермен
таңбаланады: <к> [q] – қ, [k] – к; <г> [γ
ۦۦ] – ғ, [g] – г. Ал қырғыз графикасында мұндай
тепе-тең реңктер арнайы белгіленбейді: <к> {[g] [k] } к, <г> {[ γ
ۦۦ] [q] } г.
Фонема реңктерін белгілеу – графика теориясы тұрғысынан басы артық құбылыс. Ол
белгілі бір алфавиттегі әріптердің санын көбейтеді. Алайда бір фонеманың тепе-тең
реңктерін белгілеудің тиімді жақтары бар екендігін жазу тәжірибесінің өзі көрсетіп
отыр.Әсіресе, жүйесі басқа тілден ана тілімізге ғылыми-техникалық, қоғамдық-саяси
терминдер мен атаулар еніп жатқан жағдайда, бұл графикалық тәсілдің артықшылығын
айқын сезінуге болады. Мысалы, егер <к> фонемасының тепе-тең реңктерін жеке-жеке
таңбаламаған жағдайда марка, лак, ток, бак, т.б. толып жатқан сөзді екі түрлі оқуға тура
келеді: марка < [марқа], [марка]; лак < [лақ], [лак]; ток < [тоқ], [ток]; бак < [бақ],
[бак] т.б.сөзді бұлайша екі түрлі оқу графикадағы негізгі принципке – сөздің әр түрлі
оқылмауы дегенге қайшы келеді.
Қазақ графикасындағы тағы бір шарттылық – белгілі бір әріптің негізгі қызметімен
қатар қосалқы қызметінің болуы. Мысалы, ә әрпінің негізгі қызметі <ә> фонемасын
таңбалау болса, кей позицияда <а> фонемасын білдіруі – оның қосалқы қызметі. Мысалы,
күнә, мәрмәр, куә т.б. Бұл сөздердің соңғы буынындағы дауысты <а> бірінші буындағы тіл
алды дауыстыларының әсерінен палатализацияланған. Бұлар – сөзге әр түрлі қосымшалар
жалғау арқылы «тексеруге» болатын дауыстылар (проверяемые гласные). Бұл жағдайда
олар өзінің негізгі реңкі <а>-ға жуықтайды. Мысалы: [күнаға] күнәға, [мәрмарға]
мәрмәрға т.б.
Тіл жұмсау дағдымызда кейбір әріптің қосымша функцияға ие бола бастауы
ықтимал. Мысалы, кейінгі жылдарда араб, жанаб (кітаби сөз), баб(кітаби сөз), сөздері осы
түрінде жазыла бастады. Шындығында, мұндай позицияда қазақ тілінің дыбыс заңдылығы
бойынша [б] дыбысы [п] түріне игерілуге тиіс. Бірақ бұл [п]-ны б әрпімен таңбалау
омографтарды көбейтпеу мақсатына байланысты деуге болады. Баб, жанаб тәрізді
сөздерді б түрінде таңбалау – оларды бап, жанап, т.б. төл тума сөздерден өзгешелеп
тұрады. Осылайша б әрпі өзінің негізгі қызметі – <б> фонемасын білдірумен қатар
қосымша қызметке ие болып, <п> фонемасын білдіруі бертінде пайда болған. Бұған
қарағанда қазақ графикасының әлі де пайдаланылмаған мүмкіндіктері бар деуге болады.
Мысалы, стиль, декабрь, модель тәрізді жіңішкелік белгіге аяқталған сөздерге
дауыссыздан басталатын қосымша жалғанғанда, жіңішкелілік белгі жазылып жүр:
стильге, декабрьге, модельге т.б. Осындағы [л]-дің жіңішкелігін арнайы таңбамен көрсету
басы артық информация (избыточность). Өйткені [л]-дің жіңішкелігін қосымшалардың
жіңішке вариантта жалғануы «хабарлап» тұрады. Бұл жерде [стильге], [декабрге],
[моделге] сөздеріндегі жіңішке [л], [р] дыбыстарын [л], [р] түрінде жуандатып оқу қаупі
жоқ. Мұндай орындарда жіңішкелілік белгіні қолдану информацияның артықтығын
көрсетеді.
Қазақ тіліндегі гемината дыбыстардың арнайы графикалық таңбасы жоқ. Мысалы:
махаббат, жаббар, әдді, мүдде, ләззат, жаннат, оппа, күллі, әмме, ыссы т.б. Мұндай
жүйеге қарағанда, небәрі үш түбір сөзде ғана [ашшы] ащы, [кешше] кеще, [тұшшы] тұщы
айтылатын геминатаны арнайы щ әрпімен таңбалау да басы артық информация.