Ықылач арқасын йағрытма.
Тұлпардың арқасына дақ салма.
Билигсиз кишиг билга йылқы атар.
Білімсіз адамды данагөй жылқы (мал) деп атар (ҚБ 821).
Атан йүки аш болса ашқа аз көрүнүр.
Атанға (артылған) жүк ас (тамақ) болса да,
аш адамға аз көрінер (МҚ I 75).
Қырқ йылқа тегин бай чығай түзлинүр.
Қырық жылда бай мен кедей теңелер (МҚ 1767)
Тили чын бүтүн һәм көзи көңли бай.
Тілі бүтіндей шыншыл, ал көзі мен көңілінің көзі – бай (ҚБН 417).
Мұнда ММ-дерге тән қасиеттер сақталған. Мақал-мәтелдер өзгерістерге түсіп қолданылғанмен, семантикалық қасиеті сақталады.
ҺХ дастаны мен ҚБ дастанының өлеңмен берілген жолдарының, М. Қашқаридің жоғарыда берген мақал-мәтелдерінің тақырыптары әртүрлі. Негізгі идеясы – келер ұрпақты жат қылықтардан сақтандыру, адамды ізгілікке шақыру, жақсылыққа ұмтылдыру. Өмірге адам болып келген соң бойында адами қасиеттер сақталуы керек. Орта ғасырлардағы адам бойында сақталуға тиісті этикалық норма қалыптары Құран, хадистерге негізделген. Ислам дінінің тағлымдарын, Құранның мазмұны мен ілімдерін негізге ала отырып, рухани тәрбиеге ерекше көңіл бөледі. Осы нормалардың сақталмауынан адамның жағымсыз қырлары қалыптасады. А. Йүгнеки осындай жағымды, жағымсыз қасиеттердің ара жігін ашып көрсетуге тырысады. Дастан тілі поэзия түрінде берілгендіктен, ММ-дердің мағынасы сақталып, кейбір сөйлем құрылысында біршама өзгерістер кездеседі. Мәселен, сөйлем мүшелерінің инверсияға ұшырап, орын тәртібінің сақталмауы:
Мың ер достуң ерса өкүш көрмагил.
Бир ер душман ерса аны азлама. –
Мың кісі досың болса, көп көрме,
Бір дұшпаның болса, аз деме (ҺХ 359).
Көни достуң ерса ташы бил мұны. –
Шын досың болса, мұны сырты деп біл (ҺХ 384).
Асал қайда ерса била арысы. –
Бал қайда болса, сол жерде арасы (ҺХ 421).
ҺХ дастанының тіліндегі ММ-дерді қанатты сөздерден бөліп көрсету үшін олардың жасалу жолына ерекше көңіл бөлу керек. Дастандағы ММ-дер мен қанатты сөздердің тақырыптары ортақ. Көне жазба ескерткіштер тілінде кездесетін ММ-дердің бүгінгі тілмен сабақтастығын ескерсек, ММ-дерге тән қалыптасқан үлгі мұнда да сақталған. Мысалы:
1. Білім тақырыбы: «Малы жоққа – білім түгесілмейтін мал, Қаржысы жоққа – білім таусылмайтын қаржы», «Білімсіз надан – құны жоқ бақыр», «Надан – жуғанмен тазармайтын нас», «Білімдінің сөзі – үгіт, насихат, үлгі-өнеге», «Білімді әйел – ер, надан еркек – әйел», «Сүйекке – май секілді, адамға – білім», «Ердің көркі – ақыл, сүйектің – май» (ҺХ).
«Білгіштің қолы барлық іске жетеді», «Білімі бардың аты өседі, Білімі жоқтың аты өшеді», «Білімсіздер бықсыған от сияқты» (ҚБ).
«Білім үйрену – еркек болсын, әйел болсын, әрбір мұсылманға парыз» (Мишкәт әл-Мәсабих, І том 233 б.).
2. Тіл, сөз туралы: «Әдеп басы – тіл», «Тілдің көркі – әділ сөз», «Ақылсыз ердің тілі – өз басының дұшпаны», «Ойланып сөйлеген кісінің сөзі – сөздің асылы», «Игі істің басы – тіл», «Ақыл мен білімнің тілмашы – тіл», «Адамға екі нәрсе тірек тегі, бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі» (ҺХ).
«Сөзінді бақ, басың кесіп алмасын, Тілінді бақ, тісің сынып қалмасын». «Тілінді бақ, басың аман болады, Сөзді қысқарт, жасың ұзақ болады», «Тіліңді ноқталасаң, басың қалады», «Ақыл көркі – тіл, Тілдің көркі – сөз, Адам көркі – жүз, Жүздің көркі – көз» (ҚБ).
Бұл ММ-дердің айтайын деген негізгі ойы «Басқа пәле тілден», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өлер» дегенді білдіреді.
Пайғамбарымыздан «Құтылу жолы бар ма?» деп сұрағанда: «Тіліңе ие бол!» деп жауап берген екен (Риадус-Салихин, ІІІ том 107 б.).
Сахабаларымыздың бірі Пайғамбарымыздан: «Мен қорқуға тиісті ең қауіпті нәрсе не?» деп сұрағанда, сүйікті Пайғамбарымыз тілін қолымен ұстап: «Міне, мынау» (Риадус-Салихин, ІІІ том 106 б.) деп жауап берген.
Пайғамбарымыз бір хадисінде былай деген:
«Аллаһқа және ақырет күніне сенетін адам не жақсы сөз айтсын, не болмаса үндемесін» (Риадус-Салихин, ІІІ том 103 б.).
«Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады», «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» деп халқымыз тегін айтпаған, сондықтан тілімізге абай болып, көркем сөйлеу, биязы болу – адамгершіліктің сипаты.
3. Адам бойындағы жақсы әдеттер мен жаман қасиет, мінез-құлық, жағымсыз әрекеттер туралы: «Жомарт ер – халықтың құрметтісі», «Әдеттің мінсізі – жомарттық», «Ашкөздіктің соңы – өкініш, қайғы, қасірет. Дүниеқорлық – адамға тек бос бейнет» (ҺХ) т.б.
Шындық пен өтірік, жақсы мен жаман, жомарттық пен ашкөздік т.б. бір-біріне қарама-қарсы ұғымдар қатарласа шендестіріліп беріліп отырады.
4. Адал – арам: “Малды арамнан жинасаң – соңы азап, Егер малды адалдан жинасаң, ол – есеп” (ҺХ).
Дастанның тақырыпшаларының ішінде пайғамбарымыздың сөзі берілген: «Адал болса – есеп, арам болса – азап».
Мұндағы қамтылған мәселе исламдағы адал, харам ұғымдарымен тікелей байланысты. Құран Кәрімде былай делінген:
«Ей, адамдар, жер жүзіндегі таза және адал нәрселерді жеңдер» (Бақара сүресі. 168-аят).
5. Дос – дұшпан: «Мың кісі досың болса, көп көрме, бір дұшпаның болса, аз деме», «Кімнің досы жақсы болса, өзі де жақсы болады» (ҺХ).т.б.
Халық қашанда достықты қадірлеген, оған қарама-қарсы дұшпандық жайында да аз айтпаған. Мұндай ұғымдардың бір-бірінен ажырамай көрініс табуы – ММ-дерге тән.
6. Еңбек пен еріншектік:
Емгәк екіндә қалмас.
Еңбек егінде (ескерусіз) қалмас.
Ермәгугә булыт йук болур.
Жалқауға бұлт (көлеңкесі де) жүк болар (МҚ).
Адамдар арасындағы қарым-қатынастың үйлесімділігін қамтамасыз ететін моральдық құндылықтар мінез-құлық нормаларын қалыптастырады.
7. Батырлар туралы. Жаугершілік замандарда жауға қарсы аттанып, ел қорғау жолында ерлігімен көзге түскен ер жүрек, қаһарман адамдар батыр, алып ер атанған. батырлық, ерлік, оларға тән жақсы қасиеттер жайлы ММ-дер көп
Батырлар – майдан шебінде, Дана – жиында (сыналады) (МҚ І 195). Алып ерді жасытпа (қорлама), Жүйріктің арқасын жауыр қылма (МҚ І 168). Жүректілер ар-намысшыл келеді, Намысты ер тек күресіп өледі (2293).
Сүси башлығ ерса ер ашлығ болур.
Әскердің бастығы болса,
Кісілердің тамағы (кісілер асты болар) болар (ҚБК 12216).
Күмүш йығса сачлур қылычлығ қур ер.
(Егер) күміс жисаң, қылышты батыр ерлер жүгіріп кетер (ҚБК 1752).
Тыныштықта бейбіт өмір сүруді аңсаған халық ел қорғайтын батырларының болуын армандаған, сондықтан халықта «Атадан алтау туса да, жауға шаппаған ұлдың барлығы жоқ» дейді. Қазіргі тілімізде кездесетін батырлық жайлы ММ-дердің негізі осындай кезеңдерден келе жатқаны байқалады: «Батырға оқ дарымайды, батылға жау жоламайды», «Батыр туса, ел ырысы, жаңбыр жауса, жер ырысы», «Ер басына күн туса, ереуіл атқа ер салар» т.б.
ММ-дер о баста өзінің тура мағыналарында қалыптасса да, орта ғасырлардың өзінде адамға қатысты ауыс мағыналарына өзгеріп отырған. «Бидайдың қатарында қарамық су ішер» (МҚ).
ҚБ дастаны мол мазмұнды арқау еткенімен, негізгі айтар ой – адамның жетілу, кісілік кемелденуі, ал сол арқылы мемлекет пен қоғамды қуатты, құтты ету. Дастанның мазмұны өте астарлы, ұғымы тереңдігі соншалық, оған ерекше мән берсек, шығарманың өзегі толыққанды, мінсіз адам екенін көреміз. Құт, береке, бақ, дәулет – толық жетілген адамның еншісі. Бұл жайлы Елбасы: «Дүние-байлық пен жан байлығы сәйкес келгенде ғана бүкіл адамзат мұрат еткен саналы қоғам құруға болады», – дейді [100].
Кісілерді кісі еткен – кісілік
Кісілікпен аты шығар кісінің (1600)
Адамдыққа сен де жаса адамдық,
Сонда жаннан төгіледі адамдық (2308)
Кісі мәңгі болмас, мәңгі – ат, ары,
Мәңгі қалар оның жақсы атағы (229)
Кісі міні ақылменен түзелер,
Халық міні білімменен түзелер (221)
Адамдық пен кісіліктің қандай болуының керектігін айтады. Кісіліктің қадір-қасиетін, мән-мағынасын, қыр-сырын айтып жеткізуге тырысады, қанатты, даналық сөздермен сіңіреді.
Қалва көрүп қашғалақы сувда батар.
(Мендегі) ұштығы жоқ садақты көріп, қасқалдақ суға сүңгір (МҚ I 528).
Осындай даналық сөздердің мазмұны, құрылымында ұқсастықтар бүгінге дейін сақталған. Мысалы, ММ-дерде қарама-қарсы мәнді ұғымдар алынады және бір-біріне салыстырмалы түрде беріледі. Сондықтан сыни теңеулер, астарлы ойлар жатады. Мұндай ММ-дер компоненттерді мағыналық жағынан салыстыру, қарсы қою арқылы жұп құрайды. Қарама-қарсы ұғымдар бірін-бірі жоққа шығару арқылы затқа, құбылысқа жаңа баға береді немесе контраст ұғымдардың қатар алынуы эмоциялық әсерін күшейтіп, образдылығы ерекше сипат алуы мүмкін. Өмірде жақсылық пен жамандық қатар жүретіні сияқты, адамдардың ойында да бір заттың, құбылыстың екі түрлі жағы орын алады. Сондықтан да халқымыз «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді.
Жазба әдеби ескерткіштерде берілген мақал-мәтелдердің өзі уақыт өте түрлі өзгерістерге ұшырап отыруы заңды құбылыс.
Орта ғасыр жазба ескерткіштері тілінде тәрбиелік мәні зор ММ-дердің, нақыл сөздердің қатары өте мол. Бақытқа ұмтылған, әділетті қоғам құруды, тыныштықты аңсаған кез-келген халықта қанатты сөздердің, ММ-дердің болмауы мүмкін емес. Әрбір халық өмір тәжірибесінен туындаған философиялық пайымдауларын ММ-дердің мазмұнына жинақтап, адам өміріне қажетті қағида ретінде пайдаланады. Сондықтан тілде байырғы замандардан келе жатқан ұрпақтың мәдени материалдық және рухани дүниелерінің жетістіктері сақталған. Мұндай тілдік құбылыстардың тарихи қалыптасуын көне дәуірден бері сақталып келе жатқан ескерткіштердің тіліндегі деректерді зерттеу арқылы ғана анықтауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |