Нәстілек Сәменбетов Алғабас – ауылым Малкелді – мекенім (тарихи-шежірелік жинақ) Алматы – 2017 ж «Алғабас – ауылым Малкелді – мекенім»



жүктеу 13,67 Mb.
бет4/49
Дата04.12.2017
өлшемі13,67 Mb.
#3122
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   49

Жоқтау

Үш өзенге сыйғызбай,

Үш қызылдан асырдық.

Алды-артыңнан тас атып,

Көре алмай сені қашырдық.

Артыңнан тек өле алмай,

Көрінгенге бас ұрдық.

Сенен артық ұл таппай,

Жоқты, барды жасырдық.

Ант аралап елімді,

Өспей, өлмей басылдық.

Сая таппай Арқадан,

Жатқа кеттік шашылдық,

Бауыр етім, Уәйіс!

Артыңда қап, аһ ұрдық.

Тасбауыр жұртың уанбай,

Өкірдік, зарлап бақырдық.

Жобалайды бетке ұстап,

Аруақты шақырдық.

«Байғотан» деп ат қойып,

Ат үстінен атылдық.

«Жауғашарлап» жанды жеп,

Іштегі дертпен ашындық.

Бегімбеттің отыз ұланын,

Қоғадай саған жапырдық.

Қияметте шық алдымнан,

Жасарсың бізге жақындық.

Жер сүзіп жатқан жай мынау,

Киеңе ұшырап ақындық.

Ғасырға татыр күйігің

Жоқтауыңды аздап асырдық.

Кешір, қандас періштем!

Мойныңа көп асылдық.

Кейінгі жара жазылмас,

Белбеуге қанжар асындық.

Жанбайдың туын көтеріп,

Көлібайды таптап басындық.

Қара ат мініп отыз ұл,

Жоқтау айттық ашындық.

Түсінбей сенің ойыңды

Даңқыңды елден жасырдық.

Жоқтай алмай өзіңді

Шыңғыстың таңын атырдық.

Үш мың түтін өшкендей.

Жоғалды бізден батылдық.

Тіріңде сені ұқпадық,

Қалдық қой міне шатылып.

Жақсыңа ие болайық,

Жаманыңды жасырып.

Бегімбеттен бақ қайтты,

Қалмады жан ашырлық.

Ішті бермей жақынға,

Бөтенге босқа ашылдық.

Ыржақтап босқа жүргенде,

Артымыз қалды ашылып.

Байқатпадық дегенмен,

Езілді кеуде басылып.

Көздің жасын құрғатпас,

Күткен заман асығып.

Басыңды сақта Алашым!

Ұрпағың құрыр ашығып.

Абайла, халқым, абайла!

Бөтенге сенбе бас ұрып.

Ұраның бүгін жан сақтау,

Босқа өлме, бекер шашылып.

Ақыл айтар айтар Абай жоқ,

Кетерсің түгел асылып.

Жоқтау өлеңінің авторы белгісіз, қалайда бұл өлеңде айтылғанның бәрі шындық.


Уәйістің әншілік өнері жайында
Уәйіс атақты әнші болған. Ол өз жерінде Шұбартау, Дағанды болыстарында, Семей, Кереку, Қарқаралыда, Зайсан, Тарбағатай жерлерінде, тіпті Қытай жеріндегі қазақтар арасында ән салған. Аягөз, Жетісу өңірінде 1920 жылдың басында Жақып Ақбаев Семейден Қызылордаға бара жатқанда Уәйісті ертіп ала кеткен. Жақып сияқты қазақтың оқыған біртуар білімді азаматы Уәйістің әншілік өнеріне сүйсінгендіктен өзімен бірге ел аралатып, халқына әнін естіртіп насихаттау үшін қасына ертіп жүрсе керек. Бұл сөзді шешем Бишан аузынан тастамай «Молда ағамды Жақып сот та ертіп, Қызылордаға дейін апарып еді»-деп, айтып отыратын. Уәйістің өз ауылында іні-қарындастары «Молда аға» деп атаған, ал Жақып Ақбаев 1920-24 жылдар аралығында Семейде сот болып қызмет атқарғаны тарихтан белгілі.

Уәйіс тек өзі шығарған әндерін ғана емес, сонымен бірге басқа композиторлардың және халық әндерін де өте жоғарғы талғаммен орындаған әнші. Дауысы зор, үні әуенді, өте сұлу, келбетті адам болған.

Оның «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын үш күн, үш түн жырлайтын және ондағы әрбір кейіпкерді әртүрлі нақышпен түрлі әуенмен әртістік өнермен орындай отырып, өзіндік вариантын жырлайтынын ел ақсақалдары, тіпті кейінде қарындастары Бишан мен Балқұс, келіні Әріп шешей бәрі жырдай ғып айтып отыратын.
Уәйістің әндері
Уәйістің «Бозқараған» әні «Қазақ әндерінің антологиясы» деген кітабының 1 тобында жарияланған. Бұл антологияны құрастырушы белгілі әнші, жазушы Жәнібек Кәрменов. (Алматы, «Өнер» баспасы, 1991 жыл, 312 бетте).

Кітапта әннің бірінші жолы.

«Басында Шұбартаудың бозқараған» деп басталады.

Бақанас өзенінің бойында «Бозқараған» деген жер бар, Бақанас өзені басын Шыңғыстаудың күнгей сай саласынан алады да, Балқаш көліне қарай ағады.

Әнді Қайрат Байбосынов пен Жәнібек Кәрменов республика радиосы мен теледидарда орындайды.

Уәйістің «Перуайым» әні де «Қазақ антологиясы» кітабының 1-ші томында (312 бетте). Бастырған Ж.Кәрменов. Әнді Уәйіс өзіне ғашық болған өз ауылының Орынбасар деген қызына шығарған. Бұл әнді де орындағандар Қайрат Байбосынов пен Жәнібек Кәрменов.

Уәйістің «Ақбөкен» әнінің сөзін өз әкесі Өмірбек Тлемісовтен бала кезінде үйреніп, осы уақытқа жеткізген Қайрат Тлемісов деген азамат, ұзақ жылдар Шұбартауда агроном болып қызмет істеген, өнерге құмар, өзі де күйші, 1957 жылы Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің бүкіл дүниежүзілік фестиваліне қатысқан жігіт. Өнерге құштарлық деген осы.

Әнді облыс, республика радиосы мен телеэкранда белгілі әншілер Келденбай Өлмесеков пен Санақ Әбеуов өте жақсы орындап, насихаттады. Бұл ән Уәйіс әндерінің ең бір шоқтығы биігі.

Әннің сөздеріндегі Бесбақан, Бақанас, Айдынкөл, Қарасу Уәйістің туған жеріндегі өзен-су аттары, Шұбартаудағы Баршатас селосы тұрған жерде. Әннің сөзін Санақ Әбеуовтен жазып алдым.
Шыңғыстың әні
«Арқаның арқауы ғой Шыңғыс тауы,

Қызыл гүл қырмызыдай бақша-бауы.

Көз тартар көркемдігі көргеніңде,

Жері бай, желі жібек, жер сауыры»,- деп басталған Уәйістің «Шыңғыстау әні» - бұл өлең Республикалық Ұлттық Ғылым академиясының Ғылыми кітапхана қорында сақтаулы, қолжазбалар жинағынан (Қ-522, №2) алынды. Өлең латын әріпімен машинкаға басылған.

Өлең туралы қолмен жазылған жазбада: «Жинаған экспедиция. 1935-1936 ж. жазып алған Әминов Нұғыман» деген. Осы әнді архивтен тауып «Абайдың ақын шәкірттері» кітабына енгізген Қайым Мұхаметханов, 1994 жылы жарық көрген.

«Балқурай» әні де Уәйістікі екенін Жәнібек Кәрменов «Махаббат әні» кітабында жазады. Ал, бұл ән осы уақытқа дейін «халық әндері» санатында атақты әншіміз Ермек Серкебаевтың орындауында айтылып жүр. Семей өңірінде жергілікті әнші Санақ Әбеуов өте әдемі орындап, насихаттады.

Уәйістің «Үш дос» әнін Жүсіпбек Елебековтен алғаш үйреніп айтқан әнші Ж.Кәрменов. Бұл туралы Жәнібек осы әнді орындағанда, баспа беттеріндегі мақалаларында жазды. «Бекзатым» әні Қазақ әндерінің анталогиясында (1-том 38-бет. 1998 ж.) «Халық әндері» санатында авторсыз берілген.

Осы ән туралы Жәнібек Кәрменов былай деп жазады: «Мәселен жаңағы «Үш дос» әнін алайық. Бұл әнді әркім-ақ білуі мүмкін. Бірақ сол әннің шығарушысы Уәйіс екенін біле бермейді. Ал, Уәйіс Абайдың ең жақын досы болған. «Абай Уәйістің әншілік өнерін қатты қадірлеген». («Жұлдыз» журналы №6, 1984 жыл.175 бет).

Ал, осы ән туралы Семейлік журналист-жазушы, тарихты жете білетін қаламгер Мерғали Ибраев «Қазақ әндерінің екі томдық анталогиясының жарық көруіне орай «Көшкенде жылқы айдаймын аламенен»-деген мақаласында бұрын «Халық композиторларының әндері» деген атпен жарияланып жүрген өнерпаздардың ішінде Ақылбай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсыновтың, Байғабыл Жылқыбайұлының, Шәкәрім Құдайбергенұлының, Уәйіс Шондыбаевтың әндері сол кезде саяси теріс көзқарасқа байланысты мүлде аталмай келген болатын.

«Тағы бір ескеретін, басы ашық тұрған мәселе авторы бар әндерді «халық әндерінің» қосағына тіркей салу. Мәселен, атақты «Молдабай» әнінің авторы Молдабай екенін, «Бекзатым» әнінің авторы Уәйіс Шондыбайұлы екендігін, «Жамалдың әнінің» иесі Жамал екенін дәлелдеп жату артық қой деп ойлаймыз, - деп жазады «Семей таңы» газетінде қазанның 19-ы, 1991 жылы. «Бекзатым» әнін де, сөзін де жазған Уәйіс айтылып, келесі басылымдарда, радио мен теледидарда өз авторларына қайтарылғаны дұрыс деп білеміз. Уәйістің «Бейсембайға», «Төлеуге» және «Қоштасу» әні Қайым Мұхаметхановтың жинап бастырған кітаптарына енген. Бұл әннің үшеуін де Шұбартау өңірінде әнімен айтатын қарт әнші-Сіләм Әубәкіров ақсақал.

Ал, осы ән музыка зерттеушілері мен басқа әншілердің назарына осы уақытқа дейін ілінбей жүр. Бұл әндер Уәйістің әншілік өнерінің ең биік шыңы, өмірінің соңғы сәтінде шыққан еліне сәлемі, сағынышы.

Бейсембай Тойсарин – қазақтың алғашқы оқыған, прогрессивті көзқарастағы адамдарының бірі. Ол Дағанды елінің болысы болған, ел билеген, халыққа білімді, отырықшылықты, егін егуді насихаттап, өз заманында көп еңбек еткен адам. Уәйісті құрметтеген, қадір тұтқан, өзімен бірге көрші тобықты, найман елдерін аралағанда ертіп жүрген. 1938 жылы репрессияға ұшырап, атылған.

Төлеу Көбдіков – халық ақыны. Уәйістің замандасы, аталас туысы. Төкең де Уәйістің ақындық, әншілік өнерін қатты қадірлеп, жоғары бағалаған.

Кәкім Оңдасынов – халық ақыны, Уәйістің аталас туысы, шәкірті. Уәйістің осы үш әнін Шұбартау еліне әкеліп, халыққа таратқан осы Кәкім.

Уәйіс, Көкбай, Әміре үшеуінің соңғы 1925 жылы Семейде болған күндерін Кәкім жырдай ғып айтып отыратын. Өзі осы сапарда Уәйіспен бірге болған.

Уәйістің «Дүние-ай» деген екі шумақ өлеңін Ынтық Илиясқа 1961 жылы жазғызған. Мен Илияс дәптерінен жаздым, бұл жазбаны сақтап, маған берген Санақ Әбеуов.

Сарыарқа сарқыраған суың қайда?

Түнде шық, күндіз тұман, буың қайда?

Бұлты жаға-жайдың жарқ-жұрқ етіп,

Нөсер құйған көк жасыл түнің қайда?
Дүние-ай, мұнда әуре еттің мені,

Сайрандап жас күнімнен құрдым сері.

Көңілім жатсам-тұрсам ауырады.

Жұмысым келмеген соң икемдері.


Ынтықтың орындағаны Уәйістің әні.



Ән-лебіз
Сауық кеш, сұлу кербез әсемдетіп,

Қызыл жел, қара дауыл бәсеңдетіп.

Тоғыз түрлі, тоқсан бес ән мотивім,

Құйқылжытып салайын әсерлетіп.


Кермаралдай керіліп кезеңдетіп,

Жүлгелі тау, өлкелі су, өзендетіп.

Таңғалтып, тамылжытып, таңырқатып,

Туған айдай толықсып жарқ-жұрқ етіп.


Домбыра, гармонменен әнге салып,

Сыртым алтын, ішім гаухар от боп жанып.

Он екі мүшем құрылыс, кір-таразы,

Сұлулар мойынын бұрсын құлақ салып.


Жолбарыс, құлан, қабан – аңдар,

Ұшқан құс, жүгірген аң, миллион сандар.

Сұлу қыз, әсем жігіт, алтын сағат,

Қосылса ән көркемін сүйер жан бар.


Аспанда аққу, жерде тоты, байғыз-көкек,

Желпінтіп, желіктіріп желдетейін.

Сылдырап аққан өзен көлдетейін,

Мыңнан он, жүзден біреу некен-саяқ,

Шұлғытып ән-лебізін шөлдетейін.
Жылы сөз, жұмсақ жауап, құлақ құрыш,

Бәйгені шаппай алып бір кетейін.

Қиын құз, тас меңіреу тыныштықты,

Жаңғыртып аспандата тербетейін.


Қарлы жаңбыр аралас құралай салқын,

Өргізіп сөз өзенін өрлетейін.

Сырғалы сұлулардың ақ білегін,

Көзінен жас шығарып терлетейін.


Ынтықтың ықыласты әнін есті,

Өмірдің өзін әнмен тербетейін.


Ал, бұл өлеңнің арапша түп нұсқасында былай жазылған:

«Уәйістің-Шарға барғанда Көбдік ұлы Төлеумен айтысы, үзінді ғана екен»-деген сөздер жазылған. Сондықтан бұл өлеңдерді шығарған, сөзі мен әнін жазған Уәйіс ақын да, халық арасында орындаушы Ынтық болу керек.

Арапшасының басында «Ынтық әні» деген сөз жоқ. Өлеңнің соңындағы: «Ынтықтың ықыласты сөзін есті», «өмірдің өзін әнмен тербетейін» деген жолдарда арапшасында жоқ, тек көшірушінің қазақшасында бұл жолдар қосылған.

Ынтық Бармақов – Уәйіспен аталас Қожагелді табынан, әнші, ақын адам. Уәйіске шәкірт, әрі әндерін орындаушы, насихаттаушы. Бұл өлеңді Дәкебаев Илиясқа 1961 жылы Ынтық жазғызған, арапша және оны осы қазақ алфавитіне көшірілген дәптер Илияста болған. Ол дәптерді Әбеуов Санақтан алып, көшіріп 12-сәуір 1993 жылы жаздым. Ынтық пен Илияс ақсақалдарды көзіміз көрді, қазір олар жоқ. Аруақтарына бас ие отырып, осындай адамдардың сөздерін бізге тапсырған Санақ сияқты замандастарымызға мың да бір рахмет!

Уәйіс ақынның мына бір төмендегі өлеңдері бұрын жарық көрген кітаптарына енбеген.


Бөжейге
Сұрасаң арғы атамды Қожагелді,

Тұлпардан жабы шауып оза ма енді?

Құлдыққа қол қусырып, иген соң бас,

Аяғы шатақ сөздің тоза ма енді.


Баласы Қожагелді Жанбай едің,

Бақ қонған Манабайдың маңдайы едің.

Менімен ұстасуға қайдан жеттің,

Кешегі кемшілігің қандай едің?


Баласы Бабаханның Көркембай қу,

Партияға жиналған күнде ду-ду.

Қу бастан қуырдақтық ет алатын,

О да бір арам пейіл елге ырду.


Бір басы партияның Құрымбай-ды,

Бабахан көк төбеттей ырылдайды.

Дейтұғын «таз әулекі» мақал бар ғой,

Кәкібай бозторғайдай шырылдайды.


Үйінде шай түгілі, шалабы жоқ,

Орнынан ыңыранып тұра алмайды.

Сонда да жілік майы татымайды,

Тамағын сөйтіп жүріп асырайды.


Дегенге әку-айдай, әку-айдай,

Жігіт жоқ Алыбайда Кәкібайдай.

Түзу тұрған тымағын қисық киген,

Көркем жоқ көтен кербез Қоңырбайдай.


Берікбол ол бір сайтан секектеген,

Аталық күнін көрген өсекпенен.

Жігіт Қанай, Қонай бәрі сиыр,

Оразбек мұрындықсыз жетектеген.


Ал, Бөжеке-ау, әкең Бөлек аштан өлген,

Қолында ала таяқ аттай желген.

Мойнына тоқсан дорба қоржын іліп,

Жүргенін қайыр сұрап көзім көрген.


Патшаға алым беріп қараған соң,

Қазақтан бала сұрап орыс келген.

Біздің ел бәрі де бай, бәрі манап,

Жүргенде бұзау жайып сені берген.


Орыстан бес тұсақтың алдың құнын,

Үйрендің жалда жүріп орыс тілін.

Қайтадан сүйегім деп әкеп едім,

Бермедің қоңайған соң елге тыным.


Бұл өлеңді Дәкебаев Ілиястың жазған дәптерінен алдым. Ілияс Ынтықтан 1961 жылы жазып алған екен.

Дәптерде бұл өлеңмен бірге Ынтықтың өз ауылының адамдары Кәкімге, Дармырзаға және Отарғалиға айтқандары бар, өлеңмен жазылған және Уәйістің Бөжейге айтқан сөзімен бірге Шарға барғанда Көбдікұлы Төлеумен айтысы жазылған, «үзінді ғана екен» деген сөздер бар, ол айтыс өлеңінің тексі жоқ.

Ынтық Уәйіспен бірге жүрген ағайын інісі, өлеңдегі Бөжей Мыңғатұлы Керей, Бекназар-Қожагелді Жанбай табынан шыққан атақты адам. Қарқаралыда, Омскіде, кейін Томск қалаларында оқып, патша заманында ХІХ-ғасырдың аяғында жоғарғы адам дәрігерлік білім алған, Дағанды болысының белді адамы болған. Бөжей мен Бейсембай екеуі бірге оқыған, еліне Дағанды болысына 16 жылдай сыртта жүріп, ер жетіп, білімді азаматтар болып оралып, біреуі адам дәрігері, екіншісі мал дәрігері болып істеген.
Бейсембайға
Бейсе ағау, соңыңа ердік ойнап, күліп,

Дүниенің жақсы-жаман бәрін біліп.

Өңгерген қара теке көзденіп ап,

Пайда десе кетеді көзің тұнып.


Бейсембай Тойсарин болыс, оның үстіне жоғарғы білімді мал дәрігері. Оңтүстіктен, Қытайдан, Жетісудан Қоянды жәрмеңкесіне мал Дағанды болысының жерінің үстімен өткен кезде Байсекең «Құйған» және «Малгелді» елді мекендерінде карантин ашып, саудаға айдап бара жатқан малды дәрігерлік тексеруден өткізіп, ақысына мал алып, сонымен байыған адам.

Уәйістің сол болысқа риза болмағанда айтқан әзіл өлеңі екен, Сіләм Әубәкіров ақсақалдан жазып алдым. 6-тамыз 1992 жыл.


Тәтіғұлға
Демеңдер ер жігітке қайдан жазым,

Білдірмес дүниенің көп пен азын.

Тілек қып, «өлең айт» -деп тұрсың сұрап,

Шырқатып бір-екі ауыз ән салайын,

Ахау!-деп сен көтерші «қара тазым».

Тәтіғұл Керей-Қожагелді-Алыбай табынан Уәйістің құрдасы екен, өте денелі қара кісі, басында жараның орнынан қалған таз болған екен.

Құрдастары «қара таз» деп атап кеткен.

Уәйіс Шыңғыстауда 4-5 жыл тұрып, қайтадан Шұбартауға көшіп келуге бет бұрып, ел аралап жүргенде «Божық» деген жерде оншақты үй бірге отырған ауылға келгенде Тәтіғұл «Даусыңды сағындым»-деп жылап көріскенде үйге кірер-кірместен Уәйістің түрегеліп тұрып қайтарған жауабы екен.

Бұл бір шумақ өлеңді Сіләм ақсақалдан Алматыдан Уәйістің келіні Әріп апа қайтыс болып, сол кісінің жерлеуіне барып қайтып келе жатқанда жазып алдым. Әріп Біртай қызы – Уәйістің інісі Исатайдың әйелі. Кейінгі күйеуі Жақыпов Өзбекханнан туған қызы Нұржамалдың қолында 4-тамыз 1992 жылы 92 жасында қайтыс болды. Елден Шұбартаудан Сіләм аға, әйелі Құсымжамал тәте, балалары Метай және мен төртеуіміз барып, көңіл айтып жерлеуіне қатысып келе жатқанда поездың ішінде жолда 6 тамыз 1992 жылы жазып алған едім.
Қанды ғасыр
Бұл екі өлең 17-маусым 1998 жылы «Жұлдыз» журналында басылған, Керей Уәйіс ақынның саяси тақырыптағы қолға түспей жүрген өлеңдерінің бірі. Бұрын шыққан Уәйіс кітаптарына енбеген.
І

Көз жетті мына ғасыр оңбасына,

Қара жүрек көбейді қандасыма.

Реңсіз жан-жануар, табиғат та,

Кім кепіл қанды ғасыр болмасына.
Үрей шашып тұрғандай даласына,

Күдік көп туысына, баласына.

Өзіңе де сенбейтін заман туды,

Аузыңды ашсаң қаласың жаласына.


Күрессең сау шығарсың тау басына,

Һайла жоқ шөлмектің бір сынбасына.

Ресей арпалысқан көз жеткізді,

Орнында бұл дүние тұрмасына.


Қайғырмай таптарының таласына,

Білім шаш жастарыңның санасына.

Шыңыраудан сол шіркіндер алып шығар,

Үміт үзбей шыдасаң наласына.

ІІ

Қара ниет, талап жоқ өңшең масыл,



Жер мен көк мың құбылар қызыл-жасыл.

Үрей кернеп тұрғандай төрт құбыла,

Сескенем келе ме деп қанды ғасыр.
Аруақ қонған ел едік ұлан-асыр,

Бабаларды еске алсам көңіл тасыр.

Азамат бар күшіңді артқа сақта,

Басыңа орнамасын заман ақыр.


Сенде жоқ қулық, сұмдық, тәсіл-айла,

Қумадың жаралғаннан байлық-пайда.

Жомарттық, қонақжайлық жауың боп тұр,

Сүйегің қалар ма екен құм мен сайда.


Бұл екі өлең-Абайдың атақты шәкірттерінің бірі, ақын әрі әнші Уәйістің (1873-1925) өзінің досы, аталас туысы Төлеу ақын Көбдік ұлына жазған хат сәлемі екен. 1986 жылы Уәйістің жақын ағайыны Құтанбай ұлы Құсайын ақсақалдан Өкітай Ахметұлы жазып алыпты.

Әуелгі өлең-Ресейдегі төңкеріс, дүрбелең, азамат соғысы күндеріндегі күпті көңіл, қатерлі қауіптен елес берсе, кейінгі өлең Қазақстанда үстемдігі жаңа ғана, бірақ берік орнаған, ел бүлініп, дүние құбыла бастаған кезеңге сәйкес келеді. Ақынның замана ызғарын айқын сезініп, нақты баға беруі, осы орайдағы күмән мен үрей-ХХ ғасырдың 20 жылының жапсарындағы қазақ қоғамының көңіл күйін аңғартады Әдепкі ғана лепес емес, қалыпты, тиянақты көзқарас. Әлеуметтік және ұлттық сананың айғақ көрсеткіші «Қанды ғасыр» толғауы осы кезенде Мағжан көшбасшы болған ұлтшылдық әдебиеттің өзгеше бір туындысы деп бағалауға тиіспіз» деп тұжырымдайды ұлы жазушы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Мұхтар Мағауин ағамыз. Бұдан артық баға болмаса керек.


Уәйіс ақын мен Серікбай қажы
Алатаудан ақшомшыдан келе жатқан жолда найман елінде Серікбай қажының ауылына соғып, сәлем беріп кіріп келген Уәйіске сәлемін алған Серікбай қажы:

-Е, әлгі әнші-ақын Уәйіс екенсің ғой, шын ақын екеніңді білейін, табалдырықтан аттамай тұрып, табан астында бір ауыз лебізіңді шығаршы, - дегенде Уәйіс:

Өлеңді айтушы едім ысылғаннан,

Тер шықты маңдайымнан қысылғаннан.

Келді деп бір кедейді кім елейді,

Ешкімің қарсы алмадың шығып алдан.


Болып тұр бұл сұрауың сыннан бетер,

Уәйіс бөгелмей-ақ бұдан да өтер.

Абайдың қасына айттың әділ билік,

Қажы-еке, бір ісің жоқ бұған жетер....

-Жетер, жетер, уа, пәлі! Шын ақын екенсің, қалғанын төрге шығып айт,-дегенде Уәйіс:

Келемін Алатаудан астық артып,

Адамға тіл екен ғой басты барлық.

Сөз жебеп, өлең толғап, шабыт қолдап,

Төріңе аяқ шешпей шықтым қарғып, - деп барып Серікбайға қол берген екен. Сөйтіп, өлең-сөз бен дүние - байлықтың иелері таразыға түсіп, өлең-сөздің иесі жеңіпті. Әңгіме арқауы – Аягөз, «Мыңбұлақ» совхозының тұрғыны Нәсілбеков Әкебайдікі, хатқа Сайлаубек Жақыпов түсіріп, «Жұлдыз» №3 1993 жылғы санында жарияланған.

Керей Уәйіс ақын әншілігімен, сазгерлігімен қоса айтыскер ақын болған адам, Уәйістің көптеген айтыс-өлеңдері сақталмаған. Тек «Уақыт өрнегі» және «Абайдың ақын шәкірттері» кітабына кіргендерін ғана білеміз.

Мен төменде осы кітаптарға енбей қалған, тек соңғы жылдары баспа бетінде жарияланған және өзім жинақтағандарын ғана жазбақпын.
Төлеу мен Уәйістің Қойгелді болысқа айтқандары:
Төлеу:

Байсып, паңсып,

Өзімен нәнсіп.

Мың теңге ақша жастанып,

Ақшалы кісі бастанып.

Бұтып, шатып,

Аузына келгенді тантып,

Мұны құдай алмады-ау,

Көк ала бура бастанып.
Уәйіс:

Жамандама, жаттама,

Аруақ қонған биіңді.

Қалай деп сөз сөйлесе,

Бидің сөзі сыйымды.

Болыс болған шағында,

Түземеп пе еді иіңді?

Қысбике болған атаны,

Бір қамшымен иірді.

Жігерің болса жатқа шаш,

Жігіт болсаң зиынды.

Ұялмасаң қызын ал

Мен неге болдым күйінді?!

Қойгелді-Керей-Бегімбет-Қосай-Сарыбай-Қысбике табынан, болыс болған адам, Төлеу ақынның аталас туысы, ағайыны. Қойгелдінің тұғырдан тайып қартайған Совет өкіметінің алғашқы орнаған кезінде би-болыстарды жамандап өлең шығарып, үкіметке жақсы көріну үшін Төлеудің шығарған өлеңіне Уәйістің қайтарған жауабы екен. Мен Сіләм Әубәкіров ақсақалдан жазып алдым.


Нысанбай, Уәйіс, Төлеу

Нысанбай:

Нысанбай өзім атым шешем қойған,

Уәйіс:


Бұл несі, басын бастап, соңын қойған?

Төлеу:


Қайнаса біздің сор да қайнап жатқан,

Мынау үй қонағына тоқты сойған.

(«Семей таңы» газетінен 12.01.1985)
Көкбай мен Уәйіс
Көкбай:

Көргем жоқ Қожагелді оңып өлген,

Алыбай Дүтжан би де тоңып өлген.

Киерге ішік түгіл, шапаны жоқ,

Малдыбай, Матақ оңбас мұны көрген.
Уәйіс:

Мына Көкең оңбайды пәле терген,

Шап беріп жармасады осал жерден.

Мен-дағы талай жерді аралап ем,

Көрмедім қаңғырғанға шапан берген.

-Әй, Уәйіс-ай! Басыңнан сөз асырмайсың-ау,-деп ақынның сөзіне тоқталыпты Көкең.

Тобықты мен Керей елі ежелден көрші, төскейде малы, төсекте басы қосылған, Шыңғыстаудың екі жағында отырған елдер. Керей елінен Қожагелді Дүтжан би қайтыс болғанда көрші Тобықты-Көкше еліндегі Көкбайға қыс ішінде хабар кештеу жетіп, қайтыс болған адамның жетісін, әлде қырқын беріп жатқанда көңіл айтып: - Мен келгенше жерлеп қойыпсыңдар, аттас ағайынымын, маған шапан кигізбейсіңдер ме?-деп, Уәйіске тигізіп айтқаны екен.

Екі ақын өлеңмен қағысып қалғанда Дүтжанның ақылды әйелі Айша абдырадан бір түлкі ішікті алып Көкбайдың иығына жаба салғанда: «Дүтжан иманды болса енді иманды болар»-деп Көкең артын қалжың сөзге айналдырыпты.

1995 жылы Абайдың 150 жылдық тойында Талдықорғанда тұратын ағайынымыз Өктай Ахмет ұлынан жазып алдым.

Уәйіс туралы сөз соңында келешек әдебиет зерттеушілер мен жас ғалымдарға және оқырмандарға мынадай екі пікір айтқым келеді.

Бірінші – Керей Уәйіс ақын шығармалары толық сақталмаған, сақталғандары інісі Қалмен Жүніс ұлына байланысты жартылай ғана сақталған, немесе жоғалған. Ал менің білетінім атақты әнші Жәнібек Кәрменовтың өз аузынан естігенмін. Уәйістің екі қолжазба дәптерінің сақталуы, ол Жәнібек архивінде болуы тиіс. Ол дәптерлерді тобықты, Шыңғыстауда туып-өскен, совет заманында қызмет істеген Балтақай ақсақал Жәнібекке берген. Дәптердің біреуі Уәйіс жазған шежіре (Керей-Бекназар-Қосай рулары болуы мүмкін Н.С.), екіншісі Уәйіс өлеңдері, осы екі дәптердің өзінде екенін Жәнібек марқұм 1989 жылдары ел аралап концерт қойып жүргенде, Шұбартауға, «Алғабас» ауылына келіп, менімен кездесіп-әңгімелескенде өз аузынан айтып еді.

Екінші: Уәйіс зираты немесе жерленген жері. Уәйістің Шыңғыстауда Абай елінде қайтыс болғаны анық. Сол елдегі Ағыбай қорасында (топай руы) зиратқа жерленген. Бұл зиратты білетіндер Ниезбек Алдажаров және Сапарғали Елекенов ақсақалдар барып құран оқып, ақын (1982 жылдар) басына бір ағаш белгі қойдық деп отырушы еді.

Қазір білетіндер Төкен Ибрагимов ағамыз бен әнші Келденбай Өлмесеков інілеріміз. Іздеушісі болса табылуға тиіс.

Жалпы Уәйіс тағдыры қиын, жолы қатты болған ақын.



Халық ақыны – КӘКІМ

(1890-1976)
Кәкім Оңдасынов-1890 жылы Семей облысы, Шұбартау ауданында (бұрынғы Дағанды болысында) туған, Руы Жастабан – Керей – Қожагелді-Алыбай-Бөрі аталығынан шыққан ақын. Әкесі Оңдасын ертерек қайтыс болады да, ол ағасы Қасымның тәрбиесінде өседі. Қасым шебер, үйші адам болды. Киіз үйдің ағашын (сүйегін) басып, сатып, малға айырбастап күн көрген кедей адам.

Кәкім жас кезінен ауыл молдасынан ескіше хат танып, ел басқарған болыс Тойсарин Бейсембай, Уәйіс ақын, Уан, Бөжей сияқты сол кездегі Керей руында, Дағанды болысында беделді басшы болған адамдардың қасында бірге жүрген, тәрбиесін көрген адам.

Шұбартауда Совет өкіметі орнамай тұрған кезде Кәкім Дағанды болысының Қожагелді ауылында старшын болған. Совет өкіметі орнаған жиырмасыншы ғасырдың алғашқы 20-30 жылдары бай, болыс, би, старшындар ұсталған кезде Кәкім де Қарқаралының түрмесіне айдалған. Оған мына жазған «Елге сәлем» деген өлеңі куә:

Ей, Алла! Сапарымды өзің оңда,

Тәуекел, дәрия кешіп түстім жолға.

Жылаймын хақ пайғамбар, әйкүннасыр,

Рахметің жетіп еді, оң мен солға.

Медет бер төрт шадияр шәр арыстан,

Талайды құтқарып ең жатқан орда.

Өз атам Қожагелді, Ер Шақантай,

Би атам, Бабаңмен қорғап, қорша!

Ал ісім Аллаға аян, көпке мағлұм,

Іліндім мен қалайша нақақ торға?

Кейінгі сәлем жаздым ғарып Анам,

Белгісіз не болары қандай заман?

Әкетті следователь арестке алып,

Білмеймін не жазарын хақ тағалам?

Кейінгі сәлем жаздым мақұлдарға,

Туған жан Дәме анамнан жақындарға.

Әйел де болса Айша бір ойланар,

Сөзімді естіген соң мақұлдар да.
Көп сәлем Әбдірейім кәріге енді,

Тәттімбет, Мұсатаймен бәріңе енді.

Жексембай, Сарымолдамен екі ақсақал,

Олар да бізден әрең қалып еді.


Кешегі Кәрім менен Әлкен, Жақып,

Шіркіндер қатты жылап, налып еді.

Хат жаздым Бекназардың адамына,

От болып қапаланып жанамын да.


Жабағы-ай, бір жыл туған антұрған ең,

Кез болдым сенің ұлық заманыңа.

Бағар ең кімнің қойын сөйлей қалсаң,

Аман қалдың аузың сараң, шабанында.


Көп сәлем Әлекедей байғұс шалға,

Кез болып кетіп барам мұндай халға.

Айрылып жалғызыңнан, жалын сөніп,

Қалмады-ау, еш мойныңда құйрық-жал да.


Орысбай, бұл сәлемді саған жаздым,

Сен едің ағайында атың барда,

Әбіш, сен босқа үйде қарап жатпа,

Арадан андақ-мұндақ сатыңдар да.

Жоқ еді отын, суы сорлылардың,

Ағайын, көзіңді сал қатындарға.

Жетпеген қол-қысқалық жайды жаздым,

Әйтпесе, көпте менің ақым бар ма?!

1928 жылы кәмпескелеу басталғанда бұрын старшын болған Кәкімді ұстап, Қарқаралы түрмесіне айдап апара жатқанда артында қалған ел-жұртына, туыстарына жазған хаты. Өлеңде аттары аталатын адамдар: Қожагелді-Шақантай-Кәкімнің Бекназардан тарайтын аталары.

Би ата-Қосай, Жобалай би,

Бабаң-Қосай, Байғотан би,

Дәме ана-Алыбай батырдың екінші әйелі. Дәмеден бес ұл туады: Қанай, Қонай, Қойсары, Бөрі, Сарытай.

Айша-Алыбайдың бәйбішесінен тарайтын Дүтжанның әйелі, Зәкуаның шешесі, елге беделді, шешен, ауқатты адам болған.

Әбдірейім, Тәттімбет, Мұсатай, Жексембай, Сарымолда, Кәрім, Әлкен, Жақып-Шақантай табынан шыққан адамдар.

Жабағы (Жабағытай)-Шақантай батыр ұрпағы, Кәкімнің құрдасы, сол кезде сот кеңсесінде істеген. Кейін 1931-32 жылдары Керей елін Қытайға бастап кеткен адамдардың бірі.

Әлеке Қанқожаұлы-Матақ табынан шыққан, би болған адам. Кәкім айдалған кезде Әлекенің жалғыз ұлы өліп, қартайған шағында қайғыға ұшырап, ұрпақсыз қалған адам.

Орысбай, Әбіш-Кәкімнің ағайындары, Қожагелді, Алыбай табынан шыққан адамдар. Кәкімнің бұл хатын Сіләм Әубәкір ұлынан жазып алдым. Осы сапарда Кәкімнің Уанға айтқаны:

Укем-ай, қыран едің шарықтаған,

Төсінде аспан-көктің қалықтаған.

Түскенде Арғын, Найман егеріне,

Қиынға қандай салса жалықпаған.

Бұл күнде өз басыңа ісің түсіп,

Болып тұрсың кәрі тарлан арықтаған.
Ардақтысы еліміздің Уан еді,

Өткенді өкінгенмен қуа ма енді.

Бел болған Бекназардай ақсақалың,

Бізден ұл сіздей болып туа ма енді?


Өлең 1928 жылы жазылған. Уан мен Кәкім бірге ұсталып Қарқарылаға айдалып бара жатқанда Кәкімнің шығарғаны.

Уан-заманымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Мағауиннің «Абақтыда өлген Уан атам» деген әңгімесінің кейіпкері, аталас туысы.

Жиырмасыншы ғасырдың 1926-29 жылдары аралығында Шұбартау ауданы алғаш құрылған кезіндегі жағдайды Кәкімнің аталас туысы, көп жылдары мұғалім болған Қағазшәй Берікболов ағамыз өз естелігінде былай айтады:

«1926 жылы «Алыбай», «Көлібай» деген ұрпақтар «Алыбай жер өңдеу серіктігі» (Алабайское мелиоративное хозяйство) деп аталатын артельге ұйымдасып, Баршатастан тоғанның көмейін бастап, «Қызылтас» жағына тоған қазды. «Қара бұжыр» сайларына, одан кейін «Қызылтас» аймағына «қожа бидай», сұлы, тары екті. Одан мол өнім алып отырды. Ол кезде Баршатас пен Қызылтас арасы тоғайлы болатын. Небары екі арада бірақ өткел болушы еді. Ауыл жазда Алғабас жағында, Баршатас пен «Ақымбет бейіті» аралығында отыратын.

1929 жылы тоған аяқталу шағында болатын. Мен Қарқаралы қаласындағы қазақ-орыс пед.техникумының (Каз педагогический) І-дайындығын бітіріп келіп, техникум әкімшілігі мен Округтік оқу бөлімінің жолдамасы бойынша сауатсыздықты жою мектебін ұйымдастырып, 67 адам оқыттым. Оқу таңертеңнен бастап кешке аяқталады. Сабақ үш киіз үйде өткізіледі. Оқушылар үйлерінен тулақ (тері), көрпе сияқты заттар әкеліп, оның үстіне малдас құрып отырады. Сабақты «Интернационалды» айтумен бастап, аяқтаймыз, демек екі уақыт орындаймыз.

Бұл кезде артельдің бастығы – Кәкім Оңдасынов еді» - деп естелігінде көрсетеді.

Ал отызыншы жылдары (1931-32) елде жаппай ашаршылық басталған кезде Кәкім ОГПУ қызметкері болып, Аягөз қаласында қызмет істеді.

Шұбартау ауданына Алматыдан келген РК-ККИ-дің өкілі Мәшіреповтың атылуы және осы қылмысты ашу жөніндегі Кәкімнің еңбегі ерекше. Оқиға былай болған:

1931-32 жылдардағы мал өнімдерін дайындаудағы асыра сілтеу, соның салдарынан болған аштық халықты күйзелтті, елдің берекесі кетіп, алды Қытайға көшіп, арты қырылып жатқан жағдайда жаңадан келген РК-ККИ-дің бастығы Мәшірепов деген татар жігіті тексеріп, Шұбартаудағы барлық ауылдар бойынша жиналыс өткізіп, Көкталда, Баршатаста, Қарабұлақ және Жорғада, Өгізтауда болып, жағдайдың түп нұсқасын анықтап, барлық документті Алматыға хабарлап, Шұбартау ауданында жағдайды шешу үшін қайтып бара жатады. Қос ат жеккен пәуескелі арба, қасында әйелі және кәнден иті, бесатар мылтығы, қойнында наганы болады. Жергілікті жердегі басшылар Дүйсен деген кедей адамды (фамилиясы Мұхамедиев) атқосшы етіп береді.

Мәшіреповтың тексерісінен қорыққан аудан басшылары егер бұл хабар Алматыға жетсе өздерінің жауапқа тартылатындықтарын, аман қалмайтындарынан сезіктеніп, РК-ККИ-дің бастығының жолда көзін жоюдың амалын ойластырады. Атқосшы Дүйсенге «Мәшіреповты жолда өлтірсін» - деп тапсырма береді.

Тағы бір топ Құлынтай бастаған белсенділерді ат пен қару беріп аттандырады. Бұл топта Сәду Төлеубаев деген кісі де болады.

Шұбартау ауданының жерінен өте Айғызға жақындап қалған бір сәтте жолда тоқтап, Мәшірепов дәретке отыруға кетіп бара жатқанда арбада қалған бесатар мылтықпен Дүйсен оны атып жібереді, бірақ оқ тимей аман қалады да, ол қолма-қол нағанымен Дүйсенді атып өлтіреді. Содан суыт жүріспен Айғыз өзеніне келіп жетеді. Сол жерде Құлынтай, Сәду бастаған, қастарында Кенжехан, Ержехан деген адамдар бар бір топ қарулы адамдар кездесе кетеді. Сезіктенген Мәшірепов белсенді топты таныса да: Неғып жүрсіңдер, қайда барасыңдар?-деп сұрайды. Құлынтай тұрып: «Кеше Көкталда колхоздың жылқысын бандылар айдап кетті, соны іздеп, қуып келеміз»-деп сендіреді. Шұбартауда тексеру кезінде және жиналыстарда белсене араласып жүрген, өзіне көмектескен адамдар кезігіп тұрған соң сөздеріне сеніп, арбадан түсіп, суға шомылмақшы және дем алу үшін шешіне бастайды. Белсенділер де аттарынан түсіп, қоса демалмақшы болып шешіне бастайды. Алдымен суға Мәшірепов түседі, осы сәтті пайдаланған бандының тобы оны атып өлтіреді.

Әйелі шырылдап қашып, жанына сауға сұрап, белсенділерге «атпаңдар» деп жалынады. Олар тыңдамай, тірі қалса ол әйел өздерін әшкерелейтіндіктерін сезген белсенділер оны да атып өлтіреді. Каәнден итті де атып, арбасын, документтерін түгел өртеп, іздерін жасырып, тайып тұрады.

Бір ай мерзімі өткенде Алматыдан Мәшіреповты іздеген хабар келеді. Шұбартау ауданының басшылары «біз білмейміз, астанаға қайтып кеткен»-деп жауап береді.

РК – ККИ-дің бастығы Мәшіреповты іздеу Аягөз НКВД-сына тапсырылып, онда сол кезде құпия қызмет істейтін Шұбартау ауданының азаматы Кәкім Оңдасыновқа тапсырма беріліп, ол барлауға шығады. Кәкімнің артықшылығы Шұбартауда туып-өскен, елді-жерді жетік біледі. Бұрын Дағанды болысында старшын болған, адамдармен сөйлесе білетін ұстамды адам, салт атпен азығын алып жолға шығады. Елде аштық, қиыншылық уақыт. Аягөз бен Шұбартау арасындағы ең үлкен елді мекен Айғыз ауылы. Кәкім сол ауылдағы бір үйге түсіп, өзінде нан, шәйі барын айтып, ыстық су қайнаттырып, тамақ істеп беруін өтінеді. Үйде жалғыз отырған аш әйел от жағып, шәй қайнатып, Кәкім екеуі тамақ іше бастайды.

Аш адамдардың түтін шыққан үйге жүгіретін әдеті, жақын жердегі көрші үйдің әйелі де түтін шығып, есігін түріп, шылбырынан атын ұстап отырған жолаушы түскен үйге жүрек жалғайтын тамақ дәметіп, сүйретіліп келіп босағада отырады.

Киіз үйдің ішінде Кәкім үй иесі әйелмен тамағын бөліп жеп, шәй ішіп отырғанын көреді де көзін сүзіп, телміріп, үй иесі әйел «шәй іш» - деп айта ма деп мелшиіп отыра береді. Үй иесі әйел дастарханға шақыра қоймаған соң көрші әйел ашуланып, сол жерде ұрыс шығарып, неше түрлі сөздер айта бастайды. Тіпті, оның жақын туыстарының таяу арада РК-ККИ-дің адамын әйелімен өлтіргендерін, ол белсенділерді үкімет орындарына айтып, тұқымымен құртқызатынын ашына айтып кетіп бара жатады.

Осы сәтті пайдаланған Кәкім де жаңағы көрші әйелдің артынан барып, қалған шайы мен тамағын қоржынынан алып әйелге береді де, сөзге тартып әңгімелесе бастайды. Ашуы тарқамаған аш әйел нан мен тамақты көрген соң болған оқиғаны, бар шындықты, Мәшіреповтың қалай атылғанын, кімдердің оған қатысты екенін Кәкімге түгелдей айтып береді.

РК-ККИ бастығының әдейі қастандықпен өлтірілгенін, оған қатысты адамдардың шет жағасын сезген Кәкім сол жерден Аягөзге қайтады да, заң орындарына хабар береді.

Міне, Шұбартауда болған тағы бір қанды оқиға осылай әшекереленген еді.

Ұзақ тергеу басталады.

Кәкімнің осындай қызметтері мен іс-әрекеттері ел ішінде әртүрлі қауесет сөздермен дақпыртқа айналып, «Ойбай, Кәкім пәленшені көрсетіпті, түгеншені айдатыпты» - деген сөздер соңынан ерген. Бұл шындықта болуы мүмкін. Сол кездегі Совет үкіметінің саясатын іске асыруға ат салысып, беріліп қызмет істеу, өмірдің ағымынан қалмай жүру, коммунистік партияның саясатын іске асыруды борышым деп санаған азаматқа мұндай іс-әрекеттер, әрине, дұрыс көрінген. Сол кезде ОГПУ-дың өкілі болып қызмет істеу Кәкімді өз ортасына жек көрінішті еткен, алайда осы іс-әрекеттері оның өз басының аман қалуына себеп болған.

Кәкімнің өміріндегі мұндай жайттар оның ақындығын жоққа шығара алмайды. Ол «Халық ақыны» атағын алған адам. Кәкім 1940-50 жылдар аралығында Шұбартау ауданында колхоз бастығы, ферма меңгерушісі болып қызмет істеген.

1941-45 ж.ж. Ұлы Отан соғысы кезінде еңбек армиясына алынып, Ресейдің Сібірдегі Барнауыл қаласында жұмыс істеген.

1960-70 ж.ж. колхоз жерін қорғайтын күзетші болып, зейнеткер болса да еңбектен қалмай жүрді.

Кәкімнің Шолпан шешемізден екі ұл, бір қызы болған. Нұртуған деген баласы ертерек қайтыс болған, ал Күнтуған мен келіні Күләштан туған немерелері Бошан, Барлыбай, Ләйлә мен Жайна балалы-шағалы, Баршатаста тұрады. Қызы Зүбәйла балаларымен Алматыда.

Кәкім Оңдасынов – 1976 жылы 86 жасында Баршатаста қайтыс болды.

Зираты Баршатастан күншығысқа қарай «Әміржан басы» аталатын жерде, Әміржан екеуі бір бейітке жерленген.

Оңдасынов Кәкімнің шығармалары қолжазба түрінде Семейдегі Абай музейінде сақтаулы. Оларды мен 1982 жылы өз қолымнан табыс еттім.

Оны мына төмендегі екі құжаттар растайды:

1.Акт приемки-сдачи

1982 года, 25-марта

Республиканский музей Абая Кунанбаева

(литературно-мемориальный)

1)Стихов поэта Ондасынова Каким в рукописном форме в арабском шрифте 644 листа-хорош.

2)Фотография 8х12 – 1 лист

3)Документы 30 л
Сдал Саменбетов Н.

Принял: Бейсенбаев М.


2. Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық музейінен келген хат.

Шұбартау ауданы «Алғабас» совхозы Қорық селосы.

Сәменбетов Нәсіпбекке

Абай музейінің дирекциясы мынаны хабарлайды:

Сізден алынған Кәкім Оңдасыновтың өлеңдері, қолжазба дәптерлері мен документтері, бір фото суреті музей фондына қабылданды...

Ахат Құдайбердиевке оқытып, алғашқы танысудан өтті. Комиссия қарап, Оңдасынов архивтерін 250 сомға бағалады.

Почта арқылы көрсетілген сома Сізге жіберілді.
Музей директоры Т.Ибрагимов

Бұл музейге тапсырылған шығармаларынан басқа менің қолымда Кәкімнің қолымен жазылған, түптелген бір дәптері болды. Жазуы арабша, 75 өлең. Мен бұл дәптерді жас ғалым, әдебиетші Базарбек Атығаевқа бердім.

1997 жылы қаңтар айында Шұбартау ауданы, Байқошқар ауылында тұратын ағамыз Кәкен мен жеңгеміз Света екеуінен Кәкімнің жиырма шақты өлеңін алдым. Бұл Кәкен мен Светаның өз қолдарымен Кәкімнің өз аузынан 1962 жылы жазып алған шығармалары. Дәптер жақсы сақталған, жазуы көркем, орыс әріптерімен жазылған.

Кәкімнің өз қолымен жазған өлеңдерін арапшасынан оқу қиын. Әлде жазуы нашар ма, жоқ өзі ақындық шабытпен соңғы сөздерін сүйкектетіп жібере ме, оқытқан адамдарым ежіктеп әзер оқиды. Өзім әдебиетші болмаған соң, мамандығым инженер, оның үстіне арапша танымағандықтан жазулары маған түсініксіз, қиын.

Кәкім ақынның өлеңдерінің тақырыптары әртүрлі. Өлеңмен жазған хаттары, совет дәуірі кезінде колхоздастыру кезеңін жазғандары, әйелдерге арналған өлеңдер, 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы тақырыбы, табиғат көріністерін суреттегені, жеке адамдарға арнап шығарған өлеңдер. Айтыс өлеңдері, философиялық және мысал өлеңдері мен сықақ түрінде жазылған өлеңдері де бар.
Күләнға хат

(1973 ж.)
Қарағым Күлән,

Жүрмісің аман?

Жан-тәнің саламат,

Жақсы ма, балам?


Хабар бар елден,

Мен барып келгем.

Сіләм жүр ләйліп,

Бір жалғыз сенген.

Төрт құлын,жабағы,

Қасқырға жегізіп.

Биесін, сиырын

Ортаға берген.

Жеті шал малшылар

Өлмейміз деседі,

Қайғы мен шерден.

Тайтөлеу, Хисамит,

Колхоздың артында

Тезегін терген.

Ынтық жүр қылқыңдап,

Шыққандай көрден.


«Қарашоқы», «Сарыөзек»,

«Көксала», «Бопай».

Колхоздар малдарын

Табынға бөлген.

Ірісі амандау,

Шығын бар деседі,

Тоқты, лақ төлден.

Халдары жақсы,

Жұмысқа шынығып

Еңбекке көнген.

Шолпан мен Әсия

Аяңға ере алмай

Бүлкектеп желген.

Өмірбек бастығы,

Айына пұт тары

Үй басы берген.

Ұшық боп жартысы,

Кетеді желден.

Айғай көп,

Өнім аз,


Еңбек жоқ өнген.
Қуатбай, Мәменді,

Мейірімсіз қара жер,

Астына көмген.

Балуан сорлының

Отына су құйып,

Жанбастай сөнген.

Саржан мен Бейсекті,

Десіп жүр өлген.

Ұмытып барам-ау,

Астыртын кіріс бар,

Ұл тапқан, шырағым,

Мәмидей жеңгең.


Колхоздың жігіті,

Шығырық, Жалдыбай,

Айтбай да келіпті,

Айтайын қалдырмай.

Көкжал жүр есінеп,

Әйелдер менсініп,

Маңына бардырмай.
Секретарь райком,

Сатыбалдин орнында.

Исполком, райзо

Мұнарбек, Бекділдә.

Райком составы

Түп-түгел қалпында.

Оқуға кетіпті

Ілияс, Жасымбай.

Жастарда жүрген аз.

Бәйгеге қосылмай.

Елу үш жасымда.

Мен келдім ат айдап.

Барнауыл городіне,

Жүрегім шошынбай.

Қос Хасен, Қозыбай,

Манапбай, Кенжебай,

Бәкен бар қасымдай.

Тамақ тоқ,

Киім көк,

Сап жүрміз асырдай.

Бәрі де жігерлі,

Қырамыз деседі

Фашисті қашырмай.

Сәлемет, хош боп тұр,

Халқыңның хал-жайы,

Дәл бүгін осындай!


Бұл өлеңіндегі көрсетілген сол кездегі Шұбартау ауданындағы басшы қызметтегі адамдар, колхоздың адамдарын, қарттарды, өзінің аға-інілерін, құрдастарын келтіріп жазғаны. Күлән мен Сіләм ағайынды Әубәкіровтер. Әсия мен Шолпан құрдасы Хасен мен өзінің әйелі.

Соғысқа жарамай ауылда қалған жеті шал мен кем-кетік адамдарды келтіріп, солардың тіршілігін әзіл, мысқылмен жазған. Балуан-жалғыз ұлы соғыста өлген, Ахметқалидың шешесі.


Туыстарға хат

(1943)
Алдыма ұстап аға еткен,

Елу үшке келгенше,

Еркелетіп бала еткен.

Әміржан, Әбіш, Хисамит,

Сәлем жаздым үш аға-ау!
Сәменбет, Ынтық, Сіләмдар,

Жүрмісіңдер есен-сау?

Жалаңаш жарда жарысқан,

Асық ойнап алысқан

Бір жыл туған Тайтөлеу

Сорлым-ай, жалғыз қалдың-ау!


Сауықпен күнді батырған,

Ойынмен таңды атырған.

Сайында сәнді жігіт жоқ,

Қаңырап тұр ма «Күңгей тау»!?


«Туыстарға хат»-деген бұл өлеңінде

«Сайында сәнді жігіт жоқ,

Қаңырап тұр ма «Күңгей тау» - дегені соғысқа және еңбек армиясына бір колхоздың өзінен 90 жігіт алынып, елде азаматтар жоқ, үш ағасы-Әміржан, Әбіш, Хисамит, үш інісі-Сәменбет, Ынтық, Сіләм және құрдасы-Тайтөлеу мен «Жеті шал» ғана қалғанын зарлана келті

Харьковты алғанда

(1943 ж.)
Өлеңмен шашу шашайын,

Харьковты алған тойыңа.

Жігерім көкке өрледі,

Қайратым керіп бойыма.

Мені айт, мені айт дегендей

Өлеңдер келіп ойыма.

Қонев батыр бастаған

Айбынды біздің армия!

Алғаннан соң Харьковты

Қуанышым симай қойныма.

«Уралап» халқым үн қосты,

Қашты деп фашист жойыла.

Менменсінген зұлымды

Қасқырдай соғып сұлатты,

Тұмсықтан соғып қайыра

Қаны қара Гитлер

Ұқсайды түрі жыланға

Екі айда бізді алмақ боп

Кіргізіп едің планға.

Әліңді білмес сұмырай

Келмек боп едің Оралға.

Екі ай түгіл, міне үш жыл

Жете алмадың сертіңе.

Тұқымың құрып қу-залым,

Өлгенің артық бұдан да.

Қырғын тауып қаштың ба?

Тауда болса шақ келмес,

Біздің қызыл қыранға

Совет халқы үн қосты

Көсем салған ұранға!

Ұлы Сталин көсемге

Қорғау үшін аттанам

Бір кісідей елімді

Майданға көмектесеміз

Біріміз қалмай елімді

Еңбек етіп ерінбей

Арттырамыз өнімді.

Ұйқы, күлкі бізде жоқ,

Қолбасшым, көсем-ұстазым!

Сеніміңізді ақтаймыз,

Әрбір айтқан сөзіңді

Көңілге мәңгі сақтаймыз.

Қасықтай қаным қалғанша

Күндіз,түні жатпаймыз.

Тыл мен майдан үн қосып,

Ынтымақты сақтаймыз!


Бұл өлең 1943 жылы 23 август күні біздің әскерлер Харьков қаласын неміс басқыншыларынан қайта алғандағы жырлап айтқаны. Дәл осы күні Қазақстан ақындарының айтысы болып, сол айтыс үстінде ақындарға қолма-қол осы қуанышты жырлаңдар дегенде Кәкімнің аяқ астынан шығарып, бәйге алған өлеңі, Алматы қаласында.

Жайлау көрінісі

(1944)
І.Март туа жылдың құсы қалмай келіп,

Табиғат жылы желмен хабар беріп,

Суығы бет шарпыған қаһарлы қар,

Ұялып күн нұрынан терлеп еріп.

Өшігіп қардың суын малдар ішеді,

Жауының қанын жұтқан секілденіп.

Суын ішіп, аяқпен жерге таптап,

Қысқы ылаң қандай ед деп тым кектеніп.

Колхоздар егісіне дайындалды

Жабықтан аттанғандай неше бөлік.

Талқандап сардаланы трактор, плуг

Кеткендей қуған асауы жерге еніп.

Атқандай автоматпен сыртылдатып,

Үстінен жұмысшылар бидай сеуіп.

Бітіріп сегіз күнде шаруасын,

Алғандай төнген жауын түгел жеңіп.

Жау кетіп, егіс бітіп, күн жылынып,

Халықтың масайрасын көңілі кеңіп.

Төрт түлік малы төлдеп колхозымның,

Бұл малдан неше түсті өнім өніп.

Бір грамм шығын етпей бұл өнімнен,

Күш қосып армияма жатыр беріп.

Жайлауға ұрықсат беріп мал көшірді,

Келсін деп өнім артып, мал семіріп.


ІІ. «Тасқызыл» жайлау кетіп «Балашақпақ»,

«Шорқашқан», «Көксеңгірмен» жайлау аспақ,

«Малгелді», «Қаршығалы», «Жауыр –Жайна»,

Шүйгітіп бұл жерлерге малды бақпақ.

Жайлауға түсті халық көп малды айдап,

Сары жонды шалқытып жүр көшіп, жайлап.

Жылқының шалғын жеген бүйірі шертіп,

Секіріп, құлын-тайлар құланша ойнап.

Шопандар көк майсаға үйін тігіп

Далада ірімшік – құрт, іркіт қайнап.

Барсаңдар шопандардың қай үйіне

Жайраңдап құрмет етіп, күліп-ойнап.

Дәм қойса алдыңызға неше түрмен

Мыйуадай таңдап ұстап, талғап шайнап.

Көз-көңіл қойған дәмге түгел тойып,

Столда желінбей тұр май мен қаймақ.

Шопандар «Жұмсақ осы»-деп сөйлейді.

Таза ауа, жұпар иіс болуы айғақ.

Сай-сайға бір аунамай кете алмайсың,

Көк майса, гүл-бәйшешек тұрған жайнап.

Биікке шыға келсең сайын өрлеп,

Аспаннан ақ бұлттары ереуілдеп,

Салқында ыстықтадың дегендей-ақ.

Самал жел қарсы соғып, алдыңды үрлеп,

Ісіне табиғаттың таң қаласың,

Жарысып жан біткендей жердегі шөп.


ІІІ. Бұлғақтап көзің тартып гүл-бәйшешек,

Сұлудай толықсиды мені көр деп.

Сары қурай ортасында шатыр ұстап,

Астында талай сұлу тұр көлеңкелеп.

Әйелдей жорға мінген теңселеді,

Қайбірі жамылғандай жасыл желек.

Кең алқап, жасыл шөптің ортасында,

Ішінде бозбаласы қызыл шілік.

Киінген неше түрмен әйелдерше,

Бұралып, жағасында гүлдер күліп.

Біріне бірі қарап күлімдейді,

Ишарат ішкі сырды ішпен біліп.

Қай мезгіл құшақтасып айқасқандай,

Жүрегім махаббаттың оты тіліп.

Болғанда жігіт-шілік, әйелдер-гүл,

Көк бұлақ пивосы жатқан тұнып.

Гүлі көп сай-сайдағы шыққан көктің,

Тау күлімдеп, қара деп-гүлдер ектім.

Түбінде көк бұлақтар сылдырайды,

Тауда түк жоқ, байқаңыз, менің тепкім.

Жоңышқа, гүл-бәйшешек ұрықтарын,

Барлығын мен байқаңыз, айдап септім.

Қоқайып тұрғанымен тау, сезімі жоқ,

Білмейді, мен астынан тесіп өттім.

Жансызға жан, жандыға қуат берген,

Ойласаң бәрі менде қасиеттің.

Малға ажар, адамға әл беріп тұрған

Анасы мен емес пе барлық шөптің?

Бұлақ өстіп ән салды, сылдыр қағып,

Әбден ұқтым бар сөзін құлақ салып.


Бақанас
Бақанас Ақшатаудан құлай аққан,

Кіршік жоқ аққан суы бейне сынап,

Құмартады егіншілер суын татқан.

Бір жұтсаң да мейіріңді қандырады,

Ыстықта қандай қиын таңдай қаққан.

Ішінде шомбып жүрген балықтары,

Алтындай қарағанда көзің тартқан.

Симай жүр жағасында үйрек, қазы,

Аралап мергендер жүр таңдап атқан.

Басы Ақшатау, аяғы Балқаш барар,

Құяды оған өзен толып жатқан.

Арқаның сары жонынан жолын алып,

Жаратылыс жағасына қорын шашқан.

Таң ата гүл сылынып жайнап шығар,

Сұлудай ерте тұрып пердені ашқан.

Құлпырған масатыдай үлкейіп тұр,

Айнадай мөлдір тұнық үстінде аспан.

Көңілі көрген жанның көтеріліп,

Ішпей мас, жемей тоқ боп масайрасқан.

Суы бал, шөбі шүйгін, шалғын май боп,

Бір бас мал қысыр қалмай шағылысқан.
Сар дала егіс болып пайдаға асқан,

Жері құт, мал кіндігі халық анасы,

Арқада қай өлке артық Бақанастан?

Қайыңы жағасында, тал мен терек.

Қарақат, мойыл, долана жеміс ерек.
Секілді қызыл маржан тізіп қойған,

Ұшқаты, итмұрыны бұдан бөлек.

Қарасаң мені көр-деп күлімсіреп

Сұлудай жамылып тұр, жасыл желек.

Гүл жайнап жағасында зинаттанып,

Қойғандай жаратылыс нұрға бөлеп.


Әртүрлі мақұлықтар жұмыртқалап,

Дүниеге ұрық шашып бұдан өніп.

Бақанас дәл осындай болса-дағы,
Қорусыз талы құрып, су суалып.

Көп егіс суы жетпей жатыр кеміп,

Салмаса енді тоқтам ну орманға,

Шөп, егіс шықпауына осы себеп.

Бұл өлең 1944 жылы көрші Абай ауданының ақынымен айтысқанда Бақанас өзенін мақтап айтқаны.

Ынтық пен Кәкім
Ынтық:

Қожагелді Кәкім-ай,

Ескіше ауылға әкім-ай.

Айтқанының көбі өтірік,

Қараңды енді көрмеспін

Тфу-тфу, кәпір-ай!



Кәкім:

Жүрмісің сұмырай Ынтық, жалаң қағып,

Өзіңді көлге атар ма еді, балаңды алып.

Жеткенше су түбіне сенің тәнің,

Кетер еді, көлден шошып тамам балық

Білер ек қасиетіңді сонда сенің,

Дария бір жыл тұрса қараң қалып.
Бұл өлең Ынтықтың Кәкімге әзілдеп тиіскенде қайтарған жауабы. Сіләм Әубәкіров ақсақалдан жазып алдым. Ел аузында «Ынтық пен Кәкімнің айтысы»-деп сақталған өлең. Айтыстың толық нұсқасы қолымызда жоқ, тек Ынтықтың айтқан өлеңі ғана бар.

Кенжебайға
Белгісі кәріліктің көзім көрген,

Атым тұр шыға да алмай биік өрден.

Кім келіп көмектеседі деп тұрғанда,

Кенжебай өте шықты-ау «Қозыгермен».


Артына қарай ма деп тұрдым байқап,

Орғиды Қозыгер де басын шайқап.

Желігі жоқ жігіттің бірі деуші ек,

Апырай, мұнша неге кетті тайқап?


Келмеді көңілдегі сеніміме,

Болмаса қартайды деп жеріді ме?

Кектігі жоқ жігіттің бірі деуші ем,

Болмаса жүрдек аттың желігі ме?


Кенжебай, малшыларды жүрсің кезіп,

Менсіз өмір жоғын байқа, сезіп.

Ауданға қызым барып біраз боп еді,

Сай таппай саялауға жүрсің безіп.


Халқыңды ертелі-кеш аралайсың,

Жолда шал құлап жатса қарамайсың.

Басшысың бір колхоздың, әрі балам,

Деп сені не қылайын жарамайсың.


Тоқтайын, тілді қатал тигізермін,

Аңғартып аз сөзбенен түйгізермін.

Ауданнан аман-есен қызым келсе,

Басыңды Кенжебайым игізермін.


Кенжебай Ақадықов – колхоздың бастығының орынбасары, әрі парторг. Шанаға жеккені Қозыгер деген бәйге ат. Аудан орталығы Баршатасқа бара жатқанда пошта таситын Кәкімнің арық аты шанасын тарта алмай, биік өрге шыға алмай тұрғанда жиналысқа кетіп бара жатып Кенжебай аттың ағынымен шанасын қаға-маға, қарды бұрқыратып өте шыққан екен. Сонда Кәкімнің айтқан сөзі.
Абай ауылында
Жалаң аяқ, жалаң бас,

Тұра сал да, қазан ас.

Он бес адам кеп тұрмыз,

Кәрі-жасы аралас.


Көрші Абай ауданының ақындарымен айтысқа барғанда ел шетіне ілінген ақындар тобы шеткі бір үйге: «Ассалаумағалейкум»-деп сәлем беріп кіріп барса қаперсіз, ешқандай дайындығы жоқ бір жас әйел жалаң аяқ, жалаң бас, отбасы, ошақ қасында ұйықтап жатады да, тосыннан кіріп келген адамдарға абдырап, не басына тартатын орамалын, не аяғына киетін шөлкиін таба алмай сасып, етегімен аяғын жауып отыра береді.

Сонда Кәкімнің аяқ астынан айтқан сөзі екен. Осы жолғы аудан аралық Абай-Шұбартау ақындарының айтысында Кәкім бірінші орын алып қайтыпты. Айтыс мың тоғыз жүз елуінші жылдар ішінде болған. Бұл бір ауыз суырып салма өлеңді Рыскен Қоқыш қызынан 2000 жылы жазып алдым.


Бошанның айтқанынан
Жүріп едім жетектеп,

Шешем айтты «көтек»-деп.

Зәрем қудай болды ғой,

Жардан құлап кетеді деп.

Бошан-Кәкім мен Шолпан екеуінің бауырында өскен немересі. 3-4 жасында қыстың күні өзенге Ақтүбекте су алуға апасы екеуі барғанда, аяғын қар астындағы жардың шетіне байқамай тығып алып, құлап кете жаздағанда «көтек»-деп дауысы шығып Шолпан шешей айғайлап, өзінен ұстай алғанын Бошан атасына айтып келгенде, Кәкімнің шығарып берген бір ауыз өлеңі екен. Ағатайым Әдебиеттен жазып алдым.


Сапарғалиға
Сапеке-ай, жігіт едің сөзге епті,

Қайтарды-ау, мына әйел сіздің бетті.

Үйдегі жеңгемізден артық боп па,

Көрмеп пе ең суыр мойын, келі көтті...


1943 жылы ақындардың республикалық айтысынан Сапарғали Әлімбетов, Төлеу Көбдіков және Кәкім Оңдасынов поезбен Семейден шығып, Аягөзге қарай келе жатқанда вагон ішінде купэде бірге отырған екі әйелдің біреуіне Сапекең қалжыңдап иығына қолын салса, танымаған жолаушы қолын қағып жіберіп: «Шалдар құтырған заман болды-ау»-деп бетін қайтарып тастапты. Сонда Төлеу: «Кәкім, сен бізден жассың ғой, бірдеңе айтсаңшы»-дегенде Кәкімнің қолма-қол шығарып айтқаны екен. Жігітеков Тұрғанбайдан қазан айында 1995 жылы жазып алдым.
жүктеу 13,67 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   49




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау