АЛТЫН ОРДАНЫҢ ЫДЫРАУЫНА НЕ СЕБЕП?
3 февраля 2020
Оқылды: 653
«Шыңғыс ханның тау суындай қарқынды жорығы XIII ғасырдың 40 жылдарына дейін, бір ұрпақтың көз алдында Еуразияның Ұлы Даласына толық үстемдік жасап үлгерді».
Алғашқыда Жошы ұлысы деген атпен шаңырақ көтерген мемлекет кешікпей-ақ қанатын кеңейтіп, Алтын Орда атанды. Шығысында Балқаш көлі мен Ертіс бойынан бастап, батысында Қаратеңіз бен Дунай өзеніне дейінгі өңір Алтын Орданың иелігінде болды. Әсіресе, Жошының бел баласы Бату ханның (1227-1255) батыл қимылдары Алтын Орданың мемлекеттігін біржолата орнықтырып, батысында Венгрия мен Польшаға дейінгі жерді, оңтүстігінде Қапқаздың біраз бөлігін қол астына қаратты. Бату ханнан кейін Берке (1255-1266), Мөңке-Төмір (1266-1280), Туда-Мөңке (1280-1287), Төле-Бұқа (1287-1291), Тоқты (1291-1312), Өзбек (1312-1342), Жәнібек (1342-1357) сияқты хандардың тұсында Алтын Орданың даңқы аспандап, аяқ жетер жердегі елдерді ықтырып отырды.
Найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен шаңырақ көтерген Алтын Орданың халқы мейлінше алашабыр еді. Олар ислам, христиан және Тәңірлік дінді ұстанып, ұйғыр жазуын қолданды. Жазу тілі негізінен түркі (шағатай) тілінде жүргізілді. Алтын Орданың астанасы Берке сарайында, Бату сарайында, Үргеніш, Хорезм, Сығанақ сияқты қалаларында ғылыми ізденістер, қол өнері және әдебиет айтарлықтай дамыды. Ғалымдар ілгеріде өткен Фараби, Ибн Сина, Бируни, Сығанақи, Иассауи, Бақырғани сияқты ғұламалардың асыл мұрасына ден қойып, олардың ілімін ілгері дамытса, ақын-жазушылардың ең көрнектілері Рабғузи «Қиссасу-л-әнбия», Әли «Қисса Жүсіп», Сайф Сараи «Гүлстан», Сағди «Бустан», Хорезми «Мұxаббатнама», Хүсам Қатиб «Жұм-жұма», Құтб «Хұсрау-Шырын», «Фархад-Шырын», Сейдахмет «Tah-шшукнама», «Салнама», Дүрбек «Жүсіп-Зылиха» сияқты әдеби мұраларын дүниеге әкелді.
Алтын Орда халқының этникалық құрамы әр текті болғандықтан да олардың шаруашылық-мәдени типтері де алуан түрлі болды. Солардың ішінде Дешті Қыпшақ деп аталған далалық өңірін қыпшақ, арғын, қоңырат, керей, уақ, қаңлы, найман сияқты түркі тілдес тайпалар қоныс етіп, олар негізінен көшпелі мал шаруашылығымен айналысты.
Алтын Орданың мемлекеттігін әлсіретіп, ақыр аяғында ыдырауға соқтырған себептер:
бірінші – этникалық әр тектіліктен туған сепарациялық ұмтылыстар;
екінші – ақсүйектер арасындағы билікке таласушылық;
үшінші – сырт күштің бел алуы. Бұрын славян әскерін «сәнге» жеңетін көшпелілер 1380 жылы әйгілі Куликово даласында Мәскеудің кінəзі Дмитрий Донскойдың әскерімен болған шайқаста итжығыс түсті. Жығылған үстіне жұдырық дегендей 1391 және 1399 жылдары Ақсақ Темірдің әскері Алтын Орданы есеңгірете екі дүркін соққы берді. Ол аз болғандай, өз ішінде Тоқтамыс хан мен Едіге бірінің түбіне бірі жеткенше қырқысты. Нәтижесінде, XV ғасырдың соңын ала Алтын Орда өз ішінде Қазан, Қырым, Астрахан (Ноғай), Қазақ, Өзбек хандықтарына бөлініп тынды.
Достарыңызбен бөлісу: |