Нәстілек Сәменбетов Алғабас – ауылым Малкелді – мекенім (тарихи-шежірелік жинақ) Алматы – 2017 ж «Алғабас – ауылым Малкелді – мекенім»



жүктеу 13,67 Mb.
бет18/49
Дата04.12.2017
өлшемі13,67 Mb.
#3122
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   49

Шәкәрімнің таңбасы

1950 жылдың жазы. Мен бірінші сыныптан екінші сыныпқа көшіп, каникулға үйге келгенмін. Бұл соғыстан кейінгі жылдар, елдің жаңа – жаңа есін жиып, колхоздың аздаған малын жайлауға Шақпаққа дейін апаратын кезі. Біздің колхоз «Қара күнгейдегі» қораларынан Үш сары бастау, Балғашоқы, Үшбұлақ арқылы жылжи – жылжи Тазқызыл мен Шақпаққа да жетіп қонатын. Жайлауға жеткеннен кейін әр ауыл бір бұлақтан иемденіп, Талдыбұлақ, Шилібұлақ, Томарлы бұлақ, Кеңбұлақ, Керуен бұлақ және Шақпақтың күнгейіндегі Шәкәрімнің тошаласы тұрған Қара бұлаққа дейін қонып, жайлайтын. Ол кезде бұл жерлерге Абай ауданынан бір табын жылқы, бірер табын сиыр малы ғана Барлыбай жазығында, Тай өзенінің бойында отыратын. Малдың аздығы ма, әлде адамдардың пейілі кең бе, ол кезде жерге таласып, дау болғанын естіген емеспіз. Біздің ауыл Тазқызылдың теріскейіндегі әкейдің атымен аталып кеткен «Сәменбет бұлағында» отырамыз. Теріскейінде Томарлы бұлақта ферма бастығының ауылы, ал бізден оңтүстікке қарай Бегеш бұлағы, оған ешкім қонбайды. Өйткені, көрші колхоздың «Таңбалы тас» деген қыстағы жақын, шөбін таптап, мал жайып, қораға ешкім зиянын тигізбейді. Ағатайым менен 3 – 4 жас үлкен, Әдебиет әкеймен бірге қойға кетеді, немесе қозыны бөлек бағып, әйтеуір күндіз ауылда болмайды. Жалғыз үй, ауылда әжем Әніз (Әле дейтінбіз), шешем Бишан үшеуіміз ғана қаламыз. Бір күні көрші ауылдан ферма бастығының екі баласы біздің ауылға келді. Олармен асық ойнап жүргенде сөзден сөз шығып, ауылдарында «Томарлы бұлақта» су ағатын төбенің басында жер таста жазу бар екенін, оның тасқа ойып қашалғанын, өздерінің күнде көретінін айтты. Олар қайтып кеткеннен кейін түсте мал ауылға келгеннен кейін бәріміз жиын отырғанда көрші ауылдың балаларының әңгімесін айтып, «ол не жазу, не таңба» деп сұрай бастап едім, үлкен кісілер: «Е, ол Шәкәрім қажының таңбасы ғой, бұрыннан бар, тасқа ойып, әлде бір асылмен қашаған» - деді. Оны өздерінің бұрын көргендерін, білетіндерін айтып, Шәкәрімді ілтипатпен еске алып, «ақын, оқымысты, қажыға барған, өте ақылды, әділетті адам еді, қайран ерді атып өлтірді ғой» десіп отырды. Ертеңінде әкейдің алдына мініп, салт атпен Томарлы бұлаққа келдік, әрине көрші ауыл бірін – бірі ерулікке шақырады. Мен ауыл балаларымен бұлақ басына ойнауға кеттім. Олар маған тастағы таңбаны көрсетті. Әлде жазу, әлде таңба, екі-үш сызық тасқа ойылған, тіпті әдемі етіп қашалғаны сондай өте сүйкімді, сұлу болып көрінді. Мен таңбаны сипап отырдым да балаларға мақтанып, ауылға барған соң өзімнің атымды тасқа ойып жазатынымды, үйде балға бар екенін айттым. Ауылға қайттық. Ертеңінде мен де үйдің қасында төбедегі қара тасқа балғамен соққылап атымды жаза бастадым. Менің бұл әрекетім бірнеше күнге созылды, әйтеуір бітірдім – ау. Бірақ «Нәстілек» деген айқұш – ұйқыш жазу тасқа түскенімен, ол Шәкәрім таңбасындай сұлу болып шықпады. Балалықтың мұндай еліктегіш әрекеттері ұмыт болғалы қашан, ер жеттік, есейдік, жайлауға да бармайтын болдық. Оқу, қызмет, өмір соқпақтары өз арнасымен ағызып алып кетті.

1977 жылы «Алғабас» совхозына директор болып бардым. Бұл совхоз мен туған Байқошқар ауылымен жапсарлас, көрші Абай ауданымен де шекаралас ауыл. Бала кезімде өскен, көрген жайлау жерлері. Тазқызыл, Шақпақ, Бегеш бұлағы, Талтүстің бұлағы, Сәменбет бұлағы сияқты жерлер ертеде Абай ауданының жері болғанмен 1950 жылдардағы жер бөлу картасында Шұбартау ауданының «Алғабас» совхозының және Байқошқармен шектес Абай ауданының «Бірлік» совхозының жерлері болып (ол кезде бұл совхоздар құрылған) белгіленіпті. Карта бойынша көпшілік жер «Алғабастың» үлесіне тиген. Әрине басшы болған соң жерге иелік жасау керек. Жоғарыда аталған жерлерге мал апарып, шөбін шапқызып, жүріп жаттық. 1980 жылдың жазында отыз жыл бұрын тасқа жазған жазуды іздеп жайлауға шоферім Өміртай екеуіміз бардық. Өз атым жазылған тасты әрең таптық, сол күйі, өшпеген, жарқырап күнге шағылысып көрініп тұр, балалық шимай әріптер көзге оттай басылды. Ал келесі, «Томарлы бұлақтағы» Шәкәрімнің таңбасын таба алмадым, әлде, тас малдың таптауларымен жер болып кеткен бе, жоқ болмаса тас сындырылған ба, ол жағы белгісіз, көңілім құлазып үйге қайттым. Үйге келсем ауылынан Әдебиет ағайым да келіп отыр екен. Мен қарт анама, балаларға, Әдебиетке жайлауға барғанымды, отыз жыл бұрынғы жазуды көргенімді, ал Шәкәрім таңбасын таба алмағанымды айттым. Ойланып отырған ағайым ол таңбаны сол жазда ферма меңгерушісінің екі баласының балғамен ұрып сындырғанын, қазір ол таңба жазу жоқ екенін айтты. Өкінішті-ақ, Шәкәрімнің бір белгісі осылай жоғалды. Ал, бұдан да қымбат, ең асыл дүниелері – кітаптары, қол жазбалары, бүкіл шығармаларының тағдыры әлі белгісіз, өз қолымен жазылған бірде бір дәптерінің, өлең жолдарының сақталмауы орны толмас өкініш. Ол туралы әр түрлі сөздер жазылып, болжамдар айтылып жүр.

Шәкәрімнің серіктері

Мен Шәкәрімнің серіктері туралы жазғанда оның ағайындары, өз елінің адамдары немесе балалары, туысқандары туралы емес, көрші елден Шәкәрім ауылында болған, оның жалғыз өзі Саят қорасында шығарма жазу әрекетімен жүргенде серік болған үш адам туралы айтпақпын. Олар қазіргі Шұбартау ауданының жерін мекендейтін, бұрынғы Дағанды болысының керей руының Қожагелді табынан шыққан Жарқымбай, Әупіш және Құлжабек. Әупіш ертерек қайтыс болса керек, ал Жарқымбай мен Құлжекені (Құлжабекті ауыл осылай атап кеткен) қартайған шақтарында көрдік. «Шәкәрімнің баласы Ахат ақсақал алпысыншы жылдардың басында осы әкесіне серік болған адамдарды іздеп Шұбартауға келіп, еді – деп, анам Бишан айтып отыратын, - Ал, ол кезде Жарқымбай мен Құлжеке тірі болатын, Әупіш қана қайтыс болған, бірақ әйелі Елжан бар болатын. Ахат ақсақал олардан не сұрады, араларында қандай әңгіме болды, оны білмеймін, бірақ жас кездерінде Шәкәрім ауылында бірге өскен, тіпті қажының қасында қаршадайынан серік болған осы адамдарға деген сағыныш сезімі жетеледі ме, әлде әкесі туралы деректер жинап, өткен өмір кезеңдерінен ұмыт болғанды ойына түсірді ме, кім білсін?»



Жарқымбай

Жарқымбай – Керей руының Бекназар – Қожагелді, Алыбай – Қонай табынан шыққан Ақбастың баласы. Шәкәрім қажының қасында он төрт жылға тақау Саят қорасында «бақыршы бала» атанған осы Жарқымбай, өте елгезек, тапсырған іске тиянақты, қарулы, аузына берік, Шәкәрімге өте берілген адал адам болған. Біздің ауылдың үлкендері Жарқымбайдан естігендерін, Шәкәрімге байланысты әңгімелерін айтып отыратын. Жарқымбай 1894 жылы туған. Бір күні Жарқымбай түйе сауып жатқанда екінші жағынан Шәкәрім де келіп түйені сауа бастайды. Сонда Жарқымбай – «Қажыке – ау, бұныңыз не, мен сауамын ғой, үстіңізге сүт шашырайды» - десе.

-Ей, Жарқымбайым – ай! Мен сені түйені сауа алмайды деп жатқаным жоқ, адам өзі ішетін тамағына өз еңбегін қосу қажет, еңбектенбей тамақ ішсең ол арам болып есептелмей ме, соны ойлап, аз да болса себімді тигізейін дегенім, ғой – деп иландырыпты.

«Шәкәрімнің соңғы күзі» дейтін кинофильмдегі Шәкәрім атылғанда «Ата, ата»! – деп шырылдайтын Жарқымбайдың прототипі. Қаршадайынан Шәкәрімнің сеніміне кіріп, жапан түзде серік болған Жарқымбайды қажы да қатты силаған екен. Атын күтіп, түйені сауып, соғып әкелген аңын сойып, етін, терісін іске жаратып, үйін мұнтаздай таза ұстап, тамағы мен киіміне қылау түсірмейтін Жарқымбайды жанындай жақсы көрген. Ахат Шәкәрімұлы өзінің «Менің әкем – халықтың ұлы – Шәкәрім» - деген естелігінде былай деп жазады.

«1912 жылдың жазында «Кең қоныс» деген жайлауынан қора салдырып, қыста қыстап барып, сонда жататын болды. Қар қатқанша қасында бір қағушысы, бір бақыршысы болды. Қар қатып, аңға шығудан қалған кезде қағушыны қайтарып, бақыршы екеуі ғана қалып, өзі кітап оқып, жазу жазумен шұғылданатын болды. Алты жылға тақау осылай істеп жүрген, 1918 жылдың қысында он төрт жасынан біздің ауылда болған, руы керей Әупіш келген соң ауылдағылар шошып қалды. Әупіш келген жайын баяндады. Бір күні оған әкей «Түйе саууды үйрет» - дейді. Әупіш «Оның керегі не сізге, үстіңізге сүт шашырайды» дегеніне болмай, түйені қалай саууды үйренеді. Онан соң бір күні Әупішке айтады: «Сен елге қайт, мен жалғыз жатамын» - дейді. Әупіш «Қайтпаймын» дейді. Әкей: «Жоқ, Әупіш,сен мені ұғасың. Менің қайғы – қуанышыма ортақ екеніңді білемін. Маған шын жаның ашыса елге бар. Мен сенің еркіңді байлап, неше жыл қасымда ұстадым. Әрине, сен менің қасымда болғаныңа ренжімейтініңді жақсы білемін. Бірақ, адамның еркін байлау – құлданумен бір себеп. Мен енді құс салып жатқам жоқ. Ендігі бітіретінім – жазу, өз тамағымды өзім істеп, су әкелуге, от жағуға, атқа, түйеге даяр шөпті салуға шамам келеді. Мені ұқсаң, аясаң елге қайт деп болмай мені қайтарды» - дейді. «Әупішті қайтарда» және «Әупіш туралы» жазған өлеңі бар. Соны оқығандарың жөн болар. 1924 жылы бұрынғы қорасы жерімен қожалық болып орнаған шаруалардың теліміне тиіп кетті. 1925 жылы кереймен жапсарлас, Шақпақтың күнгей бетінен, бұрынғы қорасынан он бес шақырымдай ары жайлаудан әкейге жаңа қора салып бердік. Бір там, бір шошала, айналдыра салған пішен қора, ат қорасы болды. Өзі өлгенше сол қорасында болды. Жазда отының атқа беретін шөбін дайындап береміз. Соятын малын, соғымын 14 – 15 шақырымдай жердегі Байқошқар ауылындағыларға қойып кетеміз. Қыстай сол қорасында жазуын жазып, кітаптарын оқып жатады. Ауыл жайлауға шыққанда бірақ қосылады. Анда – санда ауылдан кісі барып, жағдайын біліп тұрады. Ауыл қыстауға қайтарда әкей қорасында қалады. Не ауылмен келіп, қараша, желтоқсан айларында қорасына қайта барып жатады деп келтіреді Ахат ақсақал. Осы естеліктегі «Бақыршы бала» - Жарқымбай. Біздің ауылдың адамдары үлкендері Жарқымбай туралы Шәкірім қажының бір ауыз өлеңін айтып отыратынын өз құлағымызбен естідік. Ол ұзақ өлең бе, жоқ бір ауыз ғана сөз бе, ол жағын білмеймін, ел ішіндегі осы ғана:

«Жапан түзде оңаша,

Жастанғаным томаша.

Жанымда менің пенде жоқ,

Жарқымбай жалғыз болмаса» - деп, айтылатын өлеңінің төрт жолы да «ж» әрпімен басталатын жалғыз ауыз сөз ғана. Бұл өлең кейбір естеліктерде Әупішке телініп жазылып жүр. (Кәлимә Қапырқызы, Естелік, «Жаралы жүрек жазылмай», «Жұлдыз», 1991 жыл №4).

Оны да сөгуге болмас, Шәкәрімнің шығармасында, оның баласы Ахат ақсақалдың естелігінде тек Әупіштің аты ғана аталған соң, оның қасында тек бір ғана Әупіш болған екен деген ой тууы мүмкін ғой. Осы Жарқымбай отыз жастан асып, кештеу үйленген, әйелі Шәкен ертерек қайтыс болды, екеуінен екі бала - Жеңіс деген ұл, Тілеш деген қыз бар, балалы – шағалы адамдар. Жарқымбай Ұлы Отан соғысына қатысып, «Қызыл Жұлдыз» орденін тағып, тірі қайтқан, ерлікпен соғысқан, мерген болған адам. Соғысқа бірге алынған Шәйкен Кәріпбаев ақсақал Жарқымбайдың ең алғашқы мылтық таңдап «мынау қисық екен, мынау түзу мылтық екен» - деп, бұрын қару ұстамаған, ауылдан шақырылған жігіттерді таң қалдырып, сол кездің өзінде винтовканы атуды меңгергенін кейінде айтып отыратын. Ол да Жарқымбайдың бойында қалдырған Шәкәрім тәрбиесі болса керек. Жарқымбай 1970 жылы Баршатас ауылында қайтыс болды.



Әупіш

Әупіш – керей Бекназар – Қожагелді Жанбай, Манабай табынан шыққан Айтқұлдан туған Бітім – Майшы деген ағайынды кісілердің баласы. Әкесі Майшы. Ауылы «Көпжасар ауылы» аталған, қорасы қазіргі Шұбартау ауданының орталығы Баршатастан 5 – 6 шақырым жерде «Бақанас» өзенінің бойында. Әупіштің әйелі Елжан екеуінен Даулетқали деген ұл туған. Дәулетқали 1941 – 1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысына қатысып, қаза болған, ұрпақ жоқ. Ал, Елжан шешейді біздің аталас туысымыз Қаз Әупіш өлген соң әйелдікке алады. Екеуінен Баусан деген қыз болды, күйеуі Мақан Қоланұлы, екеуінен төрт бала қалды. Баусан 1974 жылы баладан Шұбартаудың «Қарабұлақ» деген жерінде қайтыс болды.



Құлжабек

Құлжабек (ауылда Құлжеке аталып кеткен)Керей – Бекназар – Қожагелдінің Айбас деген атадан Қаржаубайдан Тақажан оның баласы – Құлжабек. Туған жылы 1898 жылы. Құлжеке де кешегі отызыншы жылдардың ашаршылығында Балқаш, Саяқ, Лепсі жаққа кетіп қалып, тірі қалған. Өзі туып – өскен Шұбартау еліне, Байқошқар ауылына 1966 жылы әйелі Зәбира, ұлы Сайлау, қызы Рәзия төртеуі қайтып келген. Әйелі мен ұлы осы жерде қайтыс болды. Өзі қызы Рәзия мен күйеу баласы Тілеудің қолында 1989 жылы қартайған шағында дүниеден өтті, Байқошқар ауылында жерленген. Құлжабектің әйелі Зәбира Мұхамедзәріпқызы Тобықты елінің Бейсембі ауылының қызы, «Абай жолы» эпопеясының кейіпкері Базаралының ұрпағы. Шәкәрім қажының ауылында болған, өзімен серік болып жүрген осы адамдар туралы үлкендер ылтипатпен еске алатын. Осы адамдардың бойында Абай елінің, тіпті Шәкәрім ауылының үлгі-өнегесі, тәрбиесі мол еді, – деп айтатын. Бұл адамдар біреуі малшы, біреуі жалшы, ал енді біреуі «бақыршы бала» болып жүрсе де бойларында, үйлерінде, іс-әрекеттерінде мәдениеттіліктің, ізгілік пен тазалықтың белгілерін сіңірген, жақсы тәрбиені көрген адамдар болған. Осының бәрі Шәкәрім тәрбиесі, соның әсері болса керек. Осы Шәкәрім серіктерінің айтқандарынан қалған мынадай сөз бар. Шәкәрім қажы Саят қорасынан көшкенде, жолаушылап көрші ауылдарға немесе аңға кеткенде тошаланың кіре беріс маңдайшасына мынадай сөздер жазып кетеді екен. «Адасқандар, жол тосқандар! Егер осы қораға тап болсаңыз түнеп шығуыңызға рұқсат. Отын дайын жағам десеңіз, тамақ дайын ішем десеңіз, бір қорап сіріңке, піскен нан мен тұз қойдым, пайдалан. Бірақ та қораны өртеп алма, дүние мүлікті бүлдірме» - деп ескертіп, жазып қалдырады екен. Сол Саят қора Шәкәрім тірі күнінде еш бүлінбей, ештеңе ішінен жоғалмай, қысы – жазы аман тұрушы еді – деп еске алатын үлкендер. Тағы бір ел аузындағы аңызда сол Саят қораның маңайына Шәкәрім қажы Жарқымбай екеуі барлық кітаптары мен қолжазбаларын абдыраға салып, киізге орап, жерді қазып ор жасап, ордың ішін өртеп қабырғаларын күйдіріп, сол жерге көмген деген сөз де бар. Ылайым солай болғай.

Бүгінде бізге жеткен Шәкәрім шығармалары тек көзі тірісінде баспадан шыққандары мен баласы Ахаттың жазып, жинақтағандары ғана екенін ескерсек, өз қолымен жазғандары, түпнұсқа негіздері әлі белгісіз қалуда. Олар Жанділдин жазғандай Қарасартов қолында кетті ме, әлде Ахат ақсақал жазғандай белсенділер Шәкәрім атылғаннан кейін үй – мүлкін тінтіп, қағаздарын, кітаптарын өртеп жіберді ме, құпия күйінде қалуда. Болашақта Шәкәрімнің «Саят қорасы» қалпына келтіріле қалған жағдайда өте ыждахаттылықпен қазу жұмыстарын жүргізу қажет. Неге десеңіз, мүмкін сол «Саят қора» алпыс жылдан бері бүкіл Шәкәрім шығармаларын бауырына басып жатқан шығар. Немесе сол маңдағы Шақпақтың бір тасының қуысында жатыр ма, кім білсін, баға жетпес мол қазына, құнды дүние – Шәкәрім қажының өз қолымен жазған еңбектері, қол жазбалары мен кітаптары! Шәкәрімге серік болған Жарқымбай осы сырды ешкімге айтпай кеткен. Мүмкін сол кездегі «қанды политизм» саясатынан қорықты ма, жоқ Шәкәрімге сондай беріліп, сырға берік болды ма, ол да белгісіз.

Бір үзік кездесулер

Жидебайда

1972 жылдың жазы. Мен ол кезде бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданында аудандық ауыл шаруашылық басқармасында бас инженер болып қызмет атқарамын. Облыс орталығы Семейде не көп – жиналыс, жиі барып тұрамыз. Сондай бір сапарға аудандық атқару комитетінің орынбасарларының жеңіл ГАЗ – 69 сегіз кісілік машинасымен төтелей Шыңғыстау арқылы Абай ауданының үстімен жолға шықтық. Машинаны аудандық партия комитетінде үшінші хатшы болып істейтін Дулатов Қапан сұрап алған, жанында әйелі Ләтипа және аудандық атқару комитетінің председателі Тоқай Жоламанов ағамыздың әйелі Күлзада жеңешеміз, шофер жігіт ұйғыр азаматы Ясын Бахиев (Ясынмен кезінде «Алғабас» совхозында бірге жұмыс істедік), мен, тағы бір-екі адам бар. Байқошқар ауылының үстіменен Бақанасты өрлей, Қызыл өзен, Ақбайтал асуы арқылы жүріп, Жұма Құлбай бұлағына тоқтап, жол азығымызды ішіп, әңгімелесіп келе жаттық. Өткен 1971 жылы ұлы Абайдың туғанына 125 жыл толған тойы бүкіл Қазақстан бойынша атап өтіліп, оған біздің Шұбартау ауданының барлық шаруашылықтары үлкен дайындықпен барып, қатысқанбыз. Сол Абай тойы әңгімеге арқау болып, оның үкімет қаулысымен негізгі датасы 1970 жылы өтпей, бір жылға шегерілгені, өйткені, ол жылы ұлы көсем В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толғандықтан сол той мереке айтулы күнмен қабаттастырмай өткізу үшін келесі жылға белгіленгені, Жидебайдағы Абай музейі жөнделгені, көп жұмыстар атқарылғаны айтылып, жолдан сәл бұрыс болса да Жидебайға соғуға да келісіп келе жаттық. Күн түс ауа Жидебайға да келіп жеттік. Біз музей үйінің алдына тоқтап, машинадан түскенде музей есігінде үлкен қара құлып салынып, жабық тұр екен. Бізді көріп сол маңда жүрген бір адам жасы алпыстан асқан, кішкене ғана мұрты бар қызыл шырайлы, өңді, ширақ жүрісті ақсақал қасымызға келді. Біз сәлем беріп амандастық. Ол кісі өзін Қабыш деп таныстырды да, музей кілті директорда еді, ол кісі демалып жатыр, мен барып ертіп келейін, – деп, бұрылып кетті.

Мен әлгі ақсақалды қайдан көргендігім, кім екенін есіме түсіріп, қасымдағы кісілерге айта бастадым. Қабыш Керімқұлов – бұрын Бақанаста тұрған аңшы, сері, әнші адам екенін, біздің ауыл Байқошқармен көршілес жерде ұзақ жыл шағын ферма орталығында өмір сүрген адам. Шәкәрім қажының құр құдықта жатқан сүйегін баласы Ахатқа отыз жылдан кейін көрсетіп, тауып беретін осы кісі деп, естігенімді, біздің ауыл ақсақалдарымен сыйластықта болып, араласып тұрған адам деп, білгенімді ол кісілер келгенше айтып тұрдым. Сөйткенше болған жоқ, Қабыш ақсақал ұзын бойлы, иықты, тік жүретін, сақал-мұрты өзіне жарасқан, қара сұр үлкен адам, жасы жетпістен асқан бізге, көпшілікке сәлем бере музей есігіне қарай беттеді. Өзін Ахат деп таныстырды.

Музейдің жабық тұрғанына кешірім сұрап, кеше Елбасшымыз Дінмұхамед Қонаевтың осы Жидебайда болып, танысып, қонып аттанғанын, бүкіл ауыл, аудан басшылары болып сол кісіні аттандырғанын, кейін өзінің дем алғанын айтып келе жатты.

Бұл сөздерді ол кісі өзін ақтап бізден кешірім сұрағандай және сол кездегі Қазақстанның бірінші басшысын барлық лауазыммен айтпай «елбасшымыз» деп айтқаны бір түрлі әсер қалдырды. Музей үйі жайнап тұр. Ұқыпты қолдың табы, жөндеуден өткен үй, әр зат өз орнында, оның үстіне музейді аралатып жүрген кісіміздің өзі осы музейдің бір бөлшегіндей тірі куә – Абайдың немере інісінің, атақты Шәкәрім қажының баласы Ахат Құдайбердиев ақсақалдың өзі. Ахат ақсақал бізбен сыртта танысқанда қай жақтан келе жатқанымызды, кімдер екенімізді сұрағанда, Шұбартаудан Семейге кетіп бара жатқанымызды, Жидебайға әдейі бұрылғанымызды айтқанбыз. Сонда Ахат ақсақал: - «Е, ежелден көрші елден екенсіңдер ғой, музейді өзім аралатайын» - деп, бір ризашылықпен қарсы алған. Музей үйінің барлық бөлмелерін аралап, ең орталығы үлкен бөлмеге келгенде Ахат ақсақал тіпті көсіліп сала берді. Орысша – қазақша Абай өлеңдерін жатқа оқып, мынау Абай үлгі алған және өлеңдерін аударған орыс ақындары мен жазушылары, ал мына қабырғалары солардың фото суреттері – деп, бізге қарады. Сол кезде мен «Уәйіс ақынды білесіз бе?» - деп, тосыннан сұрақ қойдым. Маған жалт қараған ақсақал «Оны неге сұрадың, керей Уәйіс ақынның кімі боласың?» - деп маған қарсы сұрақ қойды. Мен Уәйіс ақынның жиені екенімді, оның ағасы Мұхамедиярдың қызы Бишан менің анам екенін айттым. «Уәйістің суреті бар ма, бар болса ондай ақын сазгер, атақты әншінің суреті осы музейдің төрінде ілулі тұруы керек, ол соған лайықты адам» - деп, бастырмалатып сөйлеп кетті.

«Көрші керей елінің Бекназар – Қосай аталығынан не бір керемет адамдар шыққан, соның ішінде Уәйістің әншілігі мен сазгерлігі ерекше адам. Ол Абай төңірегінде болған өнерпаздардың ішіндегі ең шоқтығы биік ақын, аспандағы аққуға үн қосқан атақты әнші, ондай адамды ұмытуға болмайды» - деп, бір тоқтады.

Музей үйінен шығып, Абай зиратына барып тағзым етіп, маңайындағы басқа зираттарды аралап көрдік. Сол маңда сегіз қанат ақ орда қазақтың киіз үйі тігулі тұрды. Қасымызда Ахат пен Қабыш ақсақалдар. Тағы да Ахат ақсақал: «Анау Абай үйі, кеше Д.А. Қонаевқа арнап тігілген, ол кісі сол үйде түнеп шықты, мен музейді ұлғайтуды және Жидебайдағы осы ескерткіштердің маңайының топырағын ақ сортаң басып, өсімдіктер өспей бүлініп бара жатқандығын, соны көгалдандыру, ағаш өсіру мәселесін көтеріп, ол кісіге үкімет тарапынан қаржы бөлуді сұрадым" - деп, айтып келе жатты.

Хош айтысып, біз үлкен жолға қарай жүріп кеттік. Менің ойымды осы уақытқа дейін бірде – бір шығармасы жарық көрмеген, асқақтаған әні Шұбартау мен Шыңғыстау елінің көгінде қалықтаған, бүгінде ұмыт бола бастаған Керей Уәйіс ақын туралы айтқан Ахат ақсақалдың «оның суреті осы музейдің төрінде ілулі тұруы керек» - деген сөздері толқытып келе жатты.



Алдымызда Орда тауы. Артымызда мұнарланған өркеш – өркеш Шыңғыстау жоталары. Сол таудың биік екі шыңындай ескінің көздері, алтынның сынығындай болған екі қарт - Ахат пен Қабыш ақсақалдар қалып бара жатты. Мен ол ақсақалдарды одан кейін кездестірген емеспін.

Семейде

1983 жылдың күзі. Майданның жеңіл «Жигули» машинасымен Семейге, атақты ғалым, зерттеуші, әдебиетші Қайым Мұхаметхановқа қолымыздағы Уәйіс шығармаларының табылған түпнұсқасын тапсыру үшін бара жатырмыз. Мен Шұбартаудың «Алғабас» совхозында тұрамын, таяуда ғана совхоз директоры қызметінен босатылғанмын, ал Майдан Баршатаста аудандық кеңес атқару комитетінде жауапты хатшы, кезекті еңбек демалысын алған. Қолымыз бос, күнделікті күйбең тіршіліктен арылған бір сәт еді. Жолымыз Көксеңгір, Бұғылы – Машан арқылы Шаған өзенін кесіп өтіп, сол кездегі Абай ауданы «Қызыл ту», «Саржал» совхоздарының үстімен Семейге жол тарттық. Ауылдан шығарда Семейге Қайым ағаға телефон шалғанбыз. Ол кісіні бұрын білгенімізбен бетпе – бет кездеспеген адамымыз. Ел ауызында «өте қатал, бір беткей, өзі ұнатпаған адамына дұрыс жауап бермейтін, тіпті балағаттап жіберетін адам» деп еститінбіз. Қалай қарсы алар екен деп жүрек күпті, көңіл алаң, үлкен сөмкеге ауылдан сәлемдеме ретінде сойып салып алған бір қойдың еті бар, кеш бата Семейге де жеттік. Алдыменен «Турист» деп аталатын қонақ үйге орналасып, жуынып – шайынып алған соң Карл Маркс көшесіндегі Қайым ағаның үйіне келдік. Қаладағы тұрмыс, жинақы, үш бөлмелі үй. Ең үлкен бөлмеге ұзын үстел жасалып, неше түрлі тағамға толып тұр. Біз амандық – саулық сұрасып, аты – жөнімізді айтып, Қайым ағамен бәйбішесінің өтінуі бойынша үлкен бөлменің төріне жайғастық. Сөзді Қайым аға өзі бастады. «Бұл дастарханнан қазақтың талай ұлы азаматтары, кешегі алаш орданың көсемдері де, Мұхтар мен Сәбит те, тіпті өз ауылдарыңнан Төлеу мен Кәкім де талай дәм татқан, бүгін сендерге жасалған, ұялмай, қысылмай отырыңыздар» - деп құрмет көрсетіп жатыр. Біз әкелген Уәйіс өлеңдерін қашан сұрар екен, қарап шықса екен деп отырмыз. Бір кезде Қайым аға біздегі қол жазбаларды қазір өз үйінде қабылдамайтынын, ертең жексенбі болса да облыстық «Семей таңы» газетінде редакцияда ресми түрде қабылдайтынын айтып, бізді шығарып салды. Таңертең сағат онда газет редакциясына келдік. Қайым аға мен газет редакторы Рысхан Мусиннің кең кабинетіне кірдік. Сөзді Қайым аға бастап: Мына екі жігіт Шұбартаудан келді, маған Керей Уәйіс ақынның қолжазба шығармаларын әкеліп отыр, соны сіздің алдыңызда ресми қабылдап алайын және ол қолжазбаларда нендей дүниелер бар екенін журналист ретінде сіз де көрсін деп әдейі ертіп келіп отырмын, - деді Рахаңа қарап. Рахаң да басын изеп, құптап: - Бұл бір ізгі шаруа екен, қане көрелік, - деп, Майдан ұсынған қолжазбаларға қол созды. Арабша, латынша және біз бастырған кириллица әрпімен жазылған дәптерді ақтарып қарап шықты. «Міне, енді мен бұл қолжазбаларды сендерден аламын және текстологиялық талдау жасап, үш түрлі жазуды салыстырамын, содан кейін өзімнің ғылыми пікірімді, осы жазбалар Уәйіс ақындікі екенін тексеріп, анықтап, үлкен мақала жазамын» - деді Қайым аға "Бұл жазбалардан басқа тағы нелерің бар, көрсетіңдер ,ұялмаңдар" – деп, бағанадан үндемей отырған маған қарады. Мен қол сөмкемдегі М. Әуезовтың «Абай жолы» романын және кішкене магнитафонды, Уәйіс туралы жазылған әр түрлі газет – журналдарды шығардым. Ғалым мен журналист оларды оқып қарай бастады, мен магнитафонды қосып, Сіләм ақсақал айтатын «Уәйістің елімен қоштасу» әнін тыңдаңыздар дедім. Үнсіз тыныштық, сыңғырлаған зарлы әуен:

«Бекназар, Қосайменен елім едің,

Бақанас кіндік кескен жерім едің.

Алдартқан ағайынның арасынан,

Шыңғысқа аз өкпемен келіп едім...»

Рысхан аға басын қағаздан жұлып алып: «Мынау бір ескі мақаммен айтылған көненің күмбірі бар ән екен» - деді. Қайым аға аз ойланып: - Бұл әнді композитор Теміржан Базарбаевқа тыңдату керек екен, біз Уәйістің өлеңдері мен шығармаларын зерттесек, ал композиторлар әнін, әуезін зерттеп, қарағандары дұрыс болар еді, – деп, бір тоқтады. Уәйіс ақынның шығармалары осылай өзі қайтыс болғаннан кейін алпыс жылдай уақыт өткеннен соң жарыққа шығуға бір табан жақындап еді. Оның өлеңдерінің табылуының тарихы кейін Қайым Мұхаметқановтың құрастырып, зерттеуімен «Уақыт өрнегі» 1988 ж. және «Абайдың ақын шәкірттері» 1994 жылғы кітаптарында толық анықталып жазылған, баспа бетін көрді, әрине толық емес. Уәйіс ақынның бұл шығармалары ағасы Жүністен туған Қалменнің 1941-1945 жылдардағы соғысқа аттанғанда әйелі Дәуеннің қолында қалып, Аягөз өңірінде «Таңсық» ауылында қырық жыл сандық түбінде сақталып, оны осы Жүністің қызы Балқұстан туатын Майдан жиенінің іздестіріп тапқандары ғана. Дәуен апаның айтуы бойынша Қалмен көптеген шығармаларын өзімен бірге ала кеткен, қайда, кімде екені белгісіз. Өзі соғыстан оралмаған.



Алғабаста

«Алғабас» деп отырғаным бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданындағы совхоздың аты, қазіргі Малкелді ауылы. Елде қайта құру басталып, сөз бостандығы тиіп, Ұлы держава атанған Советтік Социалистік Республикалар Одағы қожырай бастаған кез. 1989 жылғы жаздың соңы, күздің басы болатын. «Ауылға атақты әнші, жазушы Жәнібек Кәрменов келіпті, лекция оқып, концерт қояды екен» деген хабарды естіп, Мәдениет үйіне бардым. Халық әлі жинала қоймапты, Мәдениет үйінің сахна жақ бөлмесінде қолында кішкене ғана домбырасы бар Жәнібек, сол кездегі совхоз директоры Аманжол Оразбеков, партия ұйымының хатшысы Ділдахан Мақашев және тағы бір-екі адам әңгімелесіп тұр екен. Мен Жәнібекке амандасып, қол беріп сөйлесе бастағанда Аманжол: - «Жәке, мына жігіт Нәстілек Сәменбетов деген азамат, бұрын осы совхозда директор болып қызмет атқарған, осы сәулетті Мәдениет үйін кезінде осы кісі салдырған» - деп, мені қолпаштап таныстыра бастады. Бетіме қараған Жәнібек: «Мен бұл кісіні білемін, әрі танимын» - деп ниеті маған ауа бастағанда қасындағылар таңырқап, бір – біріне қарады. Мен өзім де таңырқап, бұрын кездескен жоқ сияқты едік, мені қайдан таниды деп ішімнен ойлап тұрдым. Әңгіме жалғасып, Жәнібек менен: «Бұл жігіт керей Уәйіс ақынның жиені ғой, шешеңіз бар ма, жасы нешеде?» - деп, сұрады. Мен де: -Шешем бар, ол кісі қартайып қалды, жасы тоқсанға таяды. Менің қолымда, – дедім. Жәнібек те іліп алғандай: -Мен ол кісімен әңгімелесуім керек, қарт адамдардың тілін таба аламын, - деп жымиып маған қарады. Екеуіміздің әңгімеміз Уәйіс туралы айтылып, Жәнібек оны мақтап, Уәйіс Абай төңірегіндегі өнерпаздардың ішіндегі ең асқақ әнші болғанын, ал жазған шығармалары әлі жарық көрмей жатқанын налып айтып тұрды. Мен де іліп алғандай, оның Уәйіс туралы жазған «Үш күн» деген әңгімесін (Жәнібек Кәрменов «Махаббат әні», «Үш күн» 1986 ж.) оқығанымды, өте ұнағанын, ондағы оқиғалар мен кейіпкерлер өмірде болғанын, оның сондай дәл, кісі аттары өзгертілмей жазылғанын айтып, осы оқиғаның қалай дәлме-дәл жазылғаны, әңгіме жүйесін кімнен естігенін сұрап едім. Жәнібек те жұлып алғандай: «Менде Уәйістің екі дәптері бар, оның біріншісі – шежіре, екіншісі – өлеңдері» - дейді. Мен: -Ол дәптерлерді кімнен алдыңыз? – дедім: -Балқатайдан, – деді Жәнібек, жұлып алғандай. Әңгіме осы жерде үзіліп, лекция – концерт басталып кетті. Екі сағатқа созылған, ешқандай нұсқау бағдарламаға негізделмеген осы бір әңгіме – концерт Жәнібекті халыққа аша түскендей болды. Өтіп бара жатқан тоталитарлық жүйе, қызыл кесірінен болған кәмпеске мен алапат аштық, халыққа, оның ішінде Қазақстанға келген зобалаң туралы айтып, арасында асқақ ән шырқалғанда не деген батылдық пен шешендік, ғажап дауыспен шырқалған ән, сахнада жалғыз Жәнібек, бүкіл залды өзіне баурап, тылсым тыныштық орнағанда таң қалмаған адам жоқ. Концерт аяқталып, бәріміз Жәнібекпен қоштасып тұрғанда ол маған: «Ертең «Сарқамыс» совхозында осындай концерт қоямын, сіздің үйдегі шешейге келіп әңгімелесемін, бірер күн қонақ боламын» - деп аттанып еді. Ертеңінде «Сарқамыста» концерт қоюға барған жерінен Жәнібек өзінің туған жері Абай ауданының басшыларынан шақыру алады. Ол шақыру сол жылы басталған халықаралық «Невада – Семей» атом бомбасы сынақтарына қарсы қозғалысының сонда өтетін Қарауылдағы митингісі болатын. Жәнібек тез арада көрші ауданға аттанып кетеді де, бізге қайта оралып соға алған жоқ. Міне, мен Жәнібекпен алғашқы және соңғы кездесуім осы еді. «Балтақай, Балтақай! Жәнібекке Уәйістің дәптерлерін берген ол қай Балтақай?» Керейде атақты бақсы, көріпкел және емші Балтақай болған, оны Жәнібек көрген емес, ол ертеректе қайтыс болған адам. Тобықты елінде де бірнеше атақты Балтақай есімді адамдар болған. Осы көрші елдегі бір батыр Балтақай есімді адам туралы біздің ауылдың үлкендері бала кезімізде күлкілі бір қызық әңгімені айтып отыратын. Менің әкем Сәменбетпен немере туыс Тайтөлеу Баяжан ұлын ауыл әйелдері атын атамай бойы ұзын, денелі адам болғандықтан «Түйеші» деп атайтын. «Түйеші» жасында ауыл арасындағы ұрлық, барымтаға көп қатысқан. Керей Ер Самалдық, Тобықты Тәуке батырлар тобында болған, бір кісілік әлі бар, сойылдасуға мықты адам екен. Өзі талтаңдап жүретін, қамыт аяқ адам. Сол атамыз астында әлді ат, қолында қайың сойылы бар, көрші ауылдан олжа таппақшы болып келе жатса, алдынан бір құрық сүйреткен жалғыз атты жолаушы ұшыраса кетеді. «Көктен іздегенімді құдай жерден кездестірді» деп ойлаған «Түйеші», жолаушыны ұрып тастап, атын ала қоймақшы болып, «ұрып таста, ұрып таста!» деп қарсы шабады. Атының басын тартып, сүйреткен сойылын көлденең ұстап, жолаушы тұра қалып, тіл қатады «Ей кімсің, мен саған алғыза қоймаймын, мен Тобықты, атақты батыр Балтақаймын, тілге кел, жөніңді айт» десе, Түйеші: «Сен Балтақай болсаң, мен Талтақаймын» - деп, тұра ұмтылғанда Балтақай шыдамай қарсы келген бетте тізесінен ұрып, Тайтөлеуді аттап құлатып түсіріп: «Келесі жолы маған көлденең тұрма, мен кім екенімді ескерттім ғой, жаның мен атың өзіңе олжа, еліңе сәлем айт! – деп жүріп кетіпті деп, Тайтөлеуді мазақтап, күліп, осы Түйешінің Балтақайға «талтақаймын» деп несі бар екен, одан да жөніне жүрмей ме?» - деп күлетін.

Бұл Балтақай Әзімханұлы (1879-1939 ж.ж.) Тобықты Көкше руының Жарылғап табы, Бозамбай байдың шөбересі, домбырашы, батыр, мерген адам, оны да Жәнібектің көрмегені анық. Ал, енді үшінші Балтақай Толғанбайұлы (1897-1972 ж.ж.) Жұман Мырзатайұлының немересі, Абай елінің ел тоқтар азаматы болған. Абай еліне келгенде ат басын тіреп түсетін, Мұхтар Әуезовтың сыйлас, құрбылас адамы. Міне, Жәнібекке Уәйістің екі дәптерін табыс еткен осы кісі. Себебі, Уәйіс (1920-1925 ж.ж.) аралығында көрші Шыңғыстауда өмірінің соңғы уақыттарын өткізген. Ол кезде Балтақай ақсақал жас жігіт, өнерге құштар, Уәйіс ақынмен бір елде болғандықтан жақсы қатынаста, сыйластықта болған сияқты. Ал, мені Жәнібек қайдан біледі, нендей қатынасымыз арқылы таниды – деп ойлаумен үйге келген соң анам мен әйелім Ғалияға естіп білгенімді, көргенімді айтып едім, Ғалия жұлып алғандай «Жәнібекке сен хат жаздым деп жүруші едің ғой, мүмкін сол себеп болған шығар» дегені. Сонда ғана менің ойыма Жәнібекпен хат арқылы хабарласқаным түсті. Ол хат мынау еді.



Түрмеден хат 06. 02 .1987 ж. Нәсіпбек Сәменбетов

Құрметті Жәнібек! Деніңіз сау, халіңіз жақсы ма? Үй ішіңіз тегіс аман ба? Семьяңызға менен сәлем. Бұл хатты жазып отырған Сәменбетов Нәсіпбек (Нәстілек) деп білерсіз, өзім туралы хат соңында жазармын. Сіздің аяулы анаңыздың қайтыс болғанын «Қазақ әдебиеті» газетінен оқыдым. Қайғыңызға ортақпын, артының жақсылығын берсін, жаны жанатта болсын. Қайран аналар! Менің де анам 85 жаста қартайып, сарғайып мені күтіп отырған шығар? Мен, әйтеуір кебенек киген адаммын ғой, мүмкін үміт ақталып, тірі көрермін анамды? Жарайды, сары уайымға салынбаймын. Өткен, 1986 жылы сіздің «Махаббат әні» атты кітабыңызды оқыдым, әсіресе, «Үш күн» деген Уәйіс туралы әңгімеңіз мені қатты толғандырды. Осы жылы сіздің творчестволық портретіңіз туралы қазақ телевизиясы берген хабарды да көріп тамашаладық. Әсіресе, ол хабардың Уәйіс ақын туып, өскен жерде – Семей облысының Абай және Шұбартау аудандарында түсірілгені, сіздің Уәйіс әндерін айтқаныңыз қатты тебірентті. Абайдағы Қарауыл төбе мен Шұбартаудағы шопандар тойы, Көксала бойы да Уәйіс талай жүріп ән салған жерлер – ау деп, іштей ойлап отырдым. Сізді тек теледидардан көріп, газет-журналдан мақалаларыңызды, кітаптарыңызды оқығаным болмаса, өзіңізбен еш уақытта кездескен емеспін. Ертеде сізге бір хат жазып едім, оған жауап ала алмадым, мүмкін мекен-жайы дұрыс болмаған шығар. Уәйіс Шондыбайұлы – менің нағашым. Ол кісімен бірге туған Мұхамедиярдың қызы Бишан – менің шешем. Ол кісі 1902 жылы туған. Тағы да бір қарындасы – Балқұс. Оның баласы Құрмашев Майдан, қазір Семей облысының, Шұбартау ауданындағы «Шұбартау» совхозының директоры. Бишан – Шұбартау ауданының «Алғабас», ал Балқұс – Ш.Уалиханов атындағы совхоздарында тұрады. Екеуі де қартайған. Уәйістің келіні – Әріп апа (баласы Исатаев Нүкен) Аягөз қаласында, жасы 90-ға келіп қалды. Уәйістің өзінің Молдахан деген баласы ертерек қайтыс болған, ал інісі Қалмен (Қалиоллла) Ұлы Отан соғысынан оралмаған. Қалмен көп жылдар бойы Аягөз ауданының «Қарақол», «Қызылқия» мектептерінде мұғалім болған. Бала болмаған, әйелі Аягөз ауданының «Таңсық» совхозында тұрады деп естігенмін. Қалмен сақтаған Уәйістің біраз қолжазбасы осы кісіден (аты Шәуден әлде Дәуен болуы керек) табылды. Қолжазба қазір ғалым Қайым Мұхаметановтың қолында. Уәйіс Шондыбаев (1873-1925) туралы өзім оқыған кітаптар мен газет – журналға шыққан материалдарды сізге жазып жіберуді өзіме парыз санап, тізіп отырмын.



  1. Мұхтар Әуезов – «Абай жолы» романы

  2. «Айтыс кітабы» 2 том, Төлеу мен Уәйістің айтысы

  3. «Жұлдызы» журналы, №6, 1984 ж. «Ән туралы» әңгіме – сұхбат, 174-175 беттер. А. Сейдімбеков, Ж. Кәрменов.

  4. «Жұлдыз» журналы, №2, 1985 ж. «Екі мың жыл жүректі тербеткен жыр». Әлкей Марғұлан, 160 бет.

  5. «Жұлдыз» журналы №11 1986 ж. Қайым Мұхаметқанов «Келеді іске кемелдік жарасады» ҚСЭ – сындағы кейбір мақалаларда берілген тарихи деректер жайында, 171 бет.

  6. «Семей таңы» газетінің әр жылдардағы нөмірлерінде қысқаша жазылған Уәйіс туралы мақала.

  7. «Қазақ әдебиеті» газетінің әр жылдардағы нөмірлерінде қысқаша жазылған Уәйіс туралы мақалалар.

  8. «Махаббат әні» Ж. Кәрменов, 1986 ж. «Үш күн» әңгіме.

Міне, осы жазылғандарда Уәйіс туралы азын – аулақ мәлімет беріледі. Бірақ толық ештеңе жазбайды. Майдан Құрмашев екеуіміз Уәйіс нағашымыз туралы қолымызға түскен материалдарды 1983ж қазан айында «Семей таңы» газетінің редакторының қабылдауында отырған кезімізде ғалым Қайым Мұхаметқановтың қолына тапсырдық. Артынан көп кешікпей жоғарыда аталған мақала осы газетте басылып шықты. Уәйісті көрген, әнін естіген көне көз қарттар бұл күнде сиреді. Әнін (ең соңғы елімен қоштасып жазған) білетін Әубәкіров Сіләм ақсақал Шұбартау ауданының «Сарқамыс» совхозында тұрады. Уәйістің шәкірті болған, кейінде халық ақыны атанған Кәкім Оңдасынов та бұл күнде жоқ. Ол кісі 1976ж 86 жасында қайтыс болды. Баршатас селосында жерленген. Кәкімнің тірі күнінде оны ешкім керек қылған жоқ. Ол білетін деректер жазып алынбай кете барды. Уәйістің соңғы әнін Шыңғыстаудан әкелген осы Кәкім.

«Бекназар – Қосайменен елім едің,

Бақанас кіндік кескен жерім едің.

Алдартқан ағайынның арасынан,

Шыңғысқа аз өкпемен келіп едім» - деп басталатын атақты әні. Осы әннің соңында үш кісінің аты аталады. Олар – Бейсембай, Төлеу, Кәкім.

-Ғизатлу сәлем,

Қолға алдым қалам.

Ардақты асыл,

Бейсембай аға!

Үш мың үй Керей,

Ешкімді сізге,

Қылмайтын баға! – деп, Тойсарин Бейсембайды қосады. Бейсембай Тойсарин – прогресшіл көзқарастағы адам. Кедейден шыққан оқыған, кейін Дағанды болысында болыс болған. 1937 жылы өлген, атылған, Алматыдағы Әнуарбек Байжанбаев пен Жаппар Өмірбековтың қайын атасы.

.....Әттең Төлеу!

Құрбы ішінде құрметті едің,

Сағынам.

Теріп айтсам,

Кім табылмас.

Бегімбеттің табынан... деп, Төлеу Көбдіковты қосады. «Бұл сөзге Кәкім, сен де жасыма енді» - деп армандайды. Кезінде «Қайран Уәйіс! Жарыққа әндері шықпай қалып барады – деп, Мұхтар Әуезов армандап отырушы еді» - деп Кәкім талай айтушы еді. Енді бүгін сол Кәкімнің өзі де жоқ. Мен өз басым Уәйіс туралы білетін Шұбартаудағы үлкендерден олардың естеліктерін магнитафонға жазып, қолға түскен шығармаларын көшіріп алып жүрдім. Жоғарыда аты аталған Әріп, Бишан, Балқұс апалар мен Сәлім және Рыздықбай Тілеуберлин сияқты ақсақалдардың сөздерін жазып алдым (Рзекең Социалистік Еңбек Ері, ол кісіні сіз білесіз).



Уәйістің жерленген жері – Қарауылдағы Ши бойындағы қорықта, «Ағыбай» деген кісінің зиратында деп, шешем айтып отыратын еді. Оны Абайдағы Ниязбек ақсақал (Жидебайдағы Абай музейінде істеген) мен Шұбартаудың «Алғабас» совхозында Қапан Ошыбаев деген ақсақал ғана біледі. Олар бала күндерінде көргендерін айтып отыратын. Уәйістің жеке өзіне арнайы бейіт салынып, басына тас орнатылмаған. 1925 жылы күзде Көкбай ақын атқосшы жолдасымен, Уәйіс, қасында атқосшы жолдасы Кәкім бар – төртеуі Семейге барады. Бұл сапардың мақсаты Көкбай мен Уәйіс екеуі де науқас, дәрігерге қаралмақ ниетпен сапарға шығады. Қалаға келгенде үлкен жиынның үстінен түседі. Бұл – Әміре Қашаубаевтың Парижден оралып, Семейге келгенін ел мақтан тұтып, үлкен той жасайтын кез. Кешке Қаражанның үйінде қонақтарға ас беріліп, ән салып, ойын – сауық көрсетілді. Бұл кеште алдымен Әміре ән салады. Содан кейінгі кезек Уәйіске беріледі. «Өзі ауырып жүрген ақынның терлеп отырып салған әні Ертістің екі жағасына жеткендей еді» - деп Кәкім марқұм айтып отыратын. Кеш соңынан үй иесі үш ішік пен бас киім әкеледі, оны бөлуді көкеңе (Көкбай) тапсырады. «Мен биыл ауырып жүрмін, тоңамын ғой» - деп, қасқыр ішікті Көкбай өзі алады. Ал, түлкі ішікті «Әміре қазақтың атын әнімен бүкіл дүниеге таратып келді, сол алсын» - деп, Әміреге тастайды, күзен ішікті «мынау сенің халқыңнан кигенің» - деп Уәйістің үстіне жабады. Ас келгенде қазының уылдырығын езіп, турап, жас сорпаға қосқан үлкен тостағанмен Көкбай мен Уәйіске қояды. "Осы сорпадан Көкең іше алмай шашалып қалып еді, ал Уәйіс 2-3 рет ұрттап жұтты да, қара тер болып терледі. Сол сапардан қайтқаннан кейін көп ұзамай Көкбай ақын, бір-екі айдан кейін Уәйіс ақын қайтыс болды» деп, Кәкім айтатын. Бұл айтылғаннан Уәйістің анық 1925 жылы қайтыс болғанын көреміз. Әміренің 1925 жылы Парижде болғаны да шындық қой. Ал, Уәйістің анық туған жылына келетін болсақ, Төлеу Көбдіковтың інісі, көп жылдар мұғалім болған Жұмаханов Берікбол ақсақалдан сұрағанымда: «Төкең (Төлеу) 1876 жылы туған, бірақ қағазға 1874 жыл деп қате көрсетіліп жүр, ал Уәйіс Төлеуден үш жас үлкен болатын. Уәйістің туған жылы 1873 жыл болу керек» - деп, анықтап беріп еді. Қайым Мұхаметханов та осы айтылған дерек бойынша «Уәйіс Шондыбаев – 1873-1925 ж.ж. өмір сүрді» - деп жазады. Мүмкін, архив документтерінде бар шығар, анықтай түссе артық болмас.

Құрметті Жәнібек! Уәйіс әнін таратып, ол туралы жазғаныңызға шын жүректен алғысымды айтып, ризашылық білдіремін, еңбегіңіз табысты болсын деп тілеймін. Мұхтар Мағауин мен Өкітай Ахметов бәріміз бір ауылданбыз, аталас туыс боламыз. Өкітай сіз туралы маған айтқан. Менің өзім де Шұбартауда туып өстім, Алматыда оқыдым, мамандығым инженер – механик. 1977-1983 жылдарда Семей облысының Шұбартау ауданындағы «Алғабас» совхозында директор болып қызмет істедім. 1985 жылы январьдан бастап 10 жылға сотталып, қазір Екібастұз қаласындағы колониядамын. Ісімнің ақ қарасы шешілген жоқ, 76-5 (Қазақ ССР-нің қылмыс кодексінің 76-5 тармағы бойынша). Артымда қарт анам, ауру әйелім (жолдасым Ғалияның бүйрегіне 4 рет күрделі операция жасалған) және оқу жасындағы 4 балам қалды. Міне, менің қысқаша жағдайым осы. Партия мен үкіметіміздің қаулы – қарарларын үзбей оқимыз, үміттенеміз, кім біледі?

Менің адресім:

Павлодарская обл. г Екибастуз

Учереждение АП – 162/6 отр, 11

Қайран, Жәнібек! Менің осы хатымды алысымен сол кездегі Республиканың Жоғарғы Заң орындарына барып менің ісімді қуғанын, онысынан ештеңе шықпай күйзелгенін, дарынды әнші Келденбай Өлмесеков ініміз Жәкең қайтыс болғаннан кейін маған айтып еді. Ал, хат Жәнібек архивінен табылып, Тұрсын Жұртбаевтың құрастыруымен шыққан «Жәнібек» атты естеліктер жинағында басылды. (Алматы, «Жалын» баспасы, 2001 ж.). Иә осы үш үзік кездесуде арқау болған сөз Керей Уәйіс ақын болса, бүгінде туғанына 130 жылдан асқан, қайтыс болғанына 80 жылға таяған осы адамның тіршілік ғұмырында да, өмірден өткен соң да өзінің және шығармаларының тағдыры қиын да қатты болғанын ескерсек, енді осындай атақты ақын, әнші, сазгердің зираты табылып, ескерткіш қойылып, шығармалары тағы да іздестіріліп, зерттеліп, баспадан шығар, әндері Тәуелсіз Қазақстан көгінде шырқала түсер деген үмітімізді үзбейік.

Апамның кейбір әрекеттері

Апамды мен 10 класс бітіргенге дейін Әжемнің бауырында өскендіктен Бишан деп атын атадым. Апам ауылға қадірлі, тіпті ел құрметтейтін адам болды. Жас жігіттер мен келіншектер әңгіме айтқызып, көпшілігі сырласып жүретін. Мен ол кісінің біреуді балағаттап ұрысқанын естіген емеспін. Апамның аңқаулығы, кейбір күлкілі мінездерін «мынау Нәстілектің апасының айтқандары немесе істегендері» деп айтып жүретін.



  1. Біз «Алғабас» совхозында тұрамыз. Дәкен ферма меңгерушісі. Бірде Горныйдан Дәкеннің, біздің үйге және т.б. бірер үйге қайтыс болған бір адамды хабарлап шақырады. Дәкен Мәнтай екеуі және 2-3 адам меншік машинасымен Құр, Ауызшағыл, Қырыққарақшы арқылы төтелей жолға шығады. Рульде Дәкен өзі, қасында апам, артқы орындықта үш адам. Құр өзенінен өткенде қырдағы зираттарға бата жасап, бағыштап, беттерін сипап отырады. Әрине, мұның бәрін істеп келе жатқан апам. Қырық қарақшыдан өте бергенде апам іштей құран оқып бетін сипайды, ал, ол жерде ешқандай зират жоқ екенін Дәкен жақсы біледі. Бұл оғаш қылыққа Дәкен артта отырған келіншектерден намыстанып, апама ақырын ғана: «Апа, бұл зират емес, осыдан бірнеше жыл бұрын Зарқұмбек күзекте отырғанда жерді бульдозермен қазып, күн суықта паналайтын тошала жасаған, мынау соның құлап қалған орны» - дейді. Бұл сөзді артта отырған келіншектер естіп қойып күледі. Апам өзінің оғаш қылығын түсіне қояды да, «ештеңе етпейді, бұл жерде де аруақтар бар шығар, соларға тие берсін» – дейді. Машина іші бұрынғыдан да күлкіге толып, бұл әңгіме «Нәстілектің шешесі Қырық қарақшыдағы Зарқұмбектің тошаласына да бата жасаған» деген әңгіме туады. Горный мен Алғабаста тез тарап, күлкілі әңгіме болып жүрді. Апам өзі ештеңе болмағандай, қайдан білейін, зулап келе жатқан жеңіл машинадан жер мөлшерін болжай алмай қалдым да, әйтпесе «Қырыққарақшы» талай жайлаған, мал баққан жеріміз еді, ол жерде зират жоғын білеміз ғой – деп, отыратын. Бұл апамның 75- тегі кезі.

  2. Әкем қайтыс болғаннан кейінгі жылдарда апам Әден трактормен жұмыс істеп жүрді. Үйде Кәрібек, Ерғали, Байқал, Асқар, Тұрсын, Совет сияқты ауылдың жас трактористері тұрады. Апам трактористердің тамақтары тоқ, шөлдемей жүргендеріне риза. Күндіз – түні колхоздың шөбі мен егінінде жұмыс істейді. Ол кезде колхоз «Мысық» деген жерге егін салады. Сіләм аға қойма меңгерушісі, Сапарғали бригадир, киіз үймен «Мысықта» отырады. Бір күні апам үйде отырғандардың барлығына көрген түсін айтады: «Жаман түс көрдім, түсімде өзім өліп қалған екенмін деймін, ауыл азан - қазан болып жатыр. Балалар жылап жүр. Сөйтіп, жатып оянсам, бастырылып қалыппын, ұйқымды аша алмай, ұйқылы-ояу жатсам тұсымда бір ешкі маңырайды, күн дауыл, киіз үй сықырлап тұрған сияқты. Дала азан-қазан, гулеп соққан жел. Ешкі қайта-қайта маңырайды. Е, жаңағы көрген түсім емес екен ғой, мен шын өлген екенмін, оң жаққа жатқызып, тұсыма ешкі байлаған екен ғой» - деп біраз жаттым. Таң әлі ата қоймаған, түңілік жабық, үйдің іші ала көлеңке. Біраз көзімді жұмып қайта жаттым да, аяғым мен қолымды қозғадым. Бәрі қозғалады, тірі сияқтымын. Ұйқымды ашып, есімді жинап, далаға шығып түңілікті ашып, үйдің сыртында, тура мен жатқан тұсқа бір серкенің байлаулы тұрғанын көрдім. Сөйтсем, жолың болғыр Сіләм соқыр дәл менің тұсыма бір серкені трактористердің тамағы үшін союға әкеліп, байлап қойыпты. (Сіләм қайнысы болып қалжыңдап жүретін ағайын адам) – деп, барлық ауыл адамдарын күлкіге батырады. Кейінде бұл әңгімені біз апама қайта – қайта айтқызатынбыз.

  3. Мен совхоз директоры болып тағайындалып, үй Баршатастан көшетін болып, апам зират басына барып Сұлубала тәтемнің қабырына құран оқып қайтпақшы болады да, Әскер екеуі барады. Сол жерде Бейсембай ақсақалды көріп, бірге ертіп алып зират басына отыра қалып қолдарын жаяды. Үшеуі ауыздарын жыбырлатып, әрі отырады, бері отырады. Бетін сипап, батаны аяқтаған ешкім болмайды. Құранның аяқталатын мезгілі болады. Әскер көзінің астымен біресе апама, біресе Бейсембайға қарайды. Ол екеуі де мүлгіп, қолдарын жайып отыра береді. Біраздан кейін бір шыбын апамның бетіне қонады, сол шыбынды ұшырмақ болып қолымен бетін сипай салып, орнынан тұрып кетеді. Машинаның ішінде Әскер күліп, «Бишеке, жаңа құранды кім оқыды?» - деп, қарқылдап күледі. Апам: «Бейсембай оқыды ғой» - дейді. Әскер: -Жоқ, Бейсекең сіз оқып отыр деп, (әйел құранды дауыстамай ішінен оқиды) тек қолын жайып отырды, ал сіз Бейсекең оқыды деп, қолыңызды жайдыңыз. Сіз шыбын бетіңізге қонып, үркітемін деп, қолыңызды бетіңізге апармағанда біз құран аяқталған жоқ деп әлі де біраз отыратын едік, дейді.

«Қап, Бейсембайдан ұят болған екен ғой, мінезі шалдуар адам еді, егер бұнымызды сол жерде сезсе шатақ шығаратын еді» - деп, екеуі күліседі. Бұл әңгіме де тез тарап кетті. Ерұзақ, Әден, Әскер, Шолпан, Майдан, Родиналар кейінде еске алып, апамның аңқаулығына күлісіп өзіне айтқызып қоймай жүретін.

  1. Апам қартайған кезінде жаздық ас үйде демалып жатады. Ғалия тамақ істейтін от жақпада ас қамымен жүреді. Бір уақытта апамның «Ғалия» - деп, айғайлаған дауысы естіледі. Сырттан жүгіріп келген Ғалияға апам: «Ананы қара, былтырғы қоңыр тышқан, ас үйдің бұрышында жүгіріп жүр» - деп, бұрышта тықырлатып отырған тышқанды көрсетіп ымдапты. Ғалия күліп: «Ой, құдай – ай, апау, ол тышқанға ен салып қойып па едің, тағы да қыз – келіншектерге күлкі болатын болдық – ау» деп, осы оқиғаны апамның аңқау қылығын өзі абысындарына, балаларға айтып, таратып жібереді.

Асаудың көрсеткендері

1. «Алғабас» совхозының директоры болып қызмет атқарған 1977-1983жылдар арылығында сол ауылдың әр түрлі мінезді еңбек адамдарымен еңбек етуге тура келді. Рымғожин Асау – сол совхозда өмір бойы жылқышы болған адам екен. 4 кластық білімі бар, әкесімен жастайынан малда өскен азамат, балалы-шағалы, қысы-жазы мал соңында жүретін, мінезі әумесерлеу, қарапайым адам. Жылқы бағуды өте жетік білетін. Сол азамат маған мынандай екі нәрсені көзіме көрсетіп, қолыма ұстатты. Бірде январь айында қасқыр аулау үшін Көксеңгірдегі жылқы табынына УАЗ-469 жеңіл машинасымен, қасымда шофер жігіт Жақытаев Өміртай екеуіміз бардық. Жылқышылар қосын доңғалақты прицепке вагон типтес етіп, ішіне пеш орнатып жылылап жасатқанбыз. К-700 тракторы қыста бекітіліп, жылқы мен қос бірге жүріп отырады. Сол күні жылқыдан Төкенов Тлеуғазы, Суықбаев Адамғали, Қашқымбаев Тілеген деген азаматтар да сонда малда екен. Декабрь – январь айларында қасқыр соғу әдетке айналған, сол күні екі қасқыр соқтық. Қасқырдың терісін сойғызып алу үшін қосқа келдік. Біздің олжалы оралғанымызға жылқышылар қуанып жатты. Терісін алған қасқырдың иісі өте сасық болады екен, тіпті жақын тұруға мүмкіндік болмай, мен шегініңкіреп, алысырақ барып тұрдым. Бір кезде Тілеуғазы Асауға «қасқырдың өті мен азу тісін алып бер» деді. Аңшылардың ырымы болса керек, соғылған қасқырдың өті мен тісі де алынды. Тісін алып отырғанда Асау қасқырдың тілін көмейімен кесіп алды да, маған қарап: «Нәке, сізге мен бір керемет нәрсе көрсетейін» - деді де, тілді ұзын бойымен тіліп, ортасынан ұзын ақ шеміршек сүйекті алып көрсетті. Мен өз көзіме өзім сенбей, басқа жігіттерді түгел қасымызға шақырдым. Олар да қасқырдың тілінің ішінен шыққан шеміршек сүйекке таңқалып көріп жатты. Міне, қасқырдың тілінде сүйек (әрине, жіңішке) болатынын мен осылай көрдім.

2. Екінші рет тағы да жазғытұрым бие жаппай құлындап жатқан кезде жайлаудағы жылқыға жылқышылардың жағдайын, туған құлынның есебін білейін деп, «Сымтастағы» Асаудың қосына келдім. Жерге көк шығып, мал төлдеп жатқан көктемнің бір жаймашуақ күні болатын. Асаудың өзін машинаға отырғызып алып, Өміртай үшеуіміз жылқыны аралап біраз жүрдік. Асау жылқының күйі жақсы екенін, биелер жаппай құлындап жатқанын айтып отырды. Мен Асаудан биенің қай мезгілде құлындайтынын сұрадым. Ол көбінесе түнде немесе таңға жақын туатынын айтты. Мен оған өткен жылы қыс аяғы қатты болып, созылып, 40-50 ерте құлындайтын биелерді орталықта «Жұрымбай» деген қорада бағып құлындатқанда барып жүргенде күндіз туып тұрған бір – екі биені көргенімді айттым. «Ол рас, бірақ бие малының күндіз құлындауы өте сирек болады» деді. Сөйтіп, келе жатқанда алдымызда бізден үрікпей көсіліп жатқан боз биенің үстінен түстік. Асау: «Мынау құлындағалы жатқан бие екен, үркітіп алмай тоқтап, жаяу барып көрейік» - деді.

Біз машинадан түсіп, биеге 5-6 метр жерге барып қарап тұрдық. Бір мезгілде құлынның алдыңғы екі аяғы мен басы көрінді де, құлын жерге қағанағы жарылмай түсті де, бие есін жиып атып тұрып, алдыңғы аяғымен құлынның қағанағын ақырын теуіп жарып еді, басын шайқап әдемі торы төбел құлын шықты. Сол кезде бие өзінің шуын артқы аяғымен теуіп түсірді. Осы көріністің бәрі маған өте бір қызық, табиғаттың өз заңдылығымен болып жатқандай көрінді. Бие де еміреніп, құлынның үстіндегі қағын тілімен жалап, кептіре бастады. Құлын да 4-5 минуттан кейін тұрып кетті. Мен Асауға бұрылып қарадым. Асау маған: «Нәке, не көрдіңіз, нендей нәрсе байқадыңыз» - деді. Мен жаңағы көргендерімді қызықтап айта бастадым. Оған Асау риза болмай, «Сіз бір нәрсені байқаған жоқсыз, оны мен сізге көрсетейін» - деп орнынан қозғалып, алғашқы құлынның қағанағын жарған жерден үлкендігі баланың алақанындай көкбауыр сияқты етті жерден алып менің қолыма ұстатты.



  • Сіз байқамай қалдыңыз, құлын алғашқы басын шайқап, аузын ашқанда осы кесек ет түсті. Міне, құлын іште жатқанда осы байланған етті ауызымен таңдайында сорып жаттығатын болу керек – деді. Мен де, Өміртай да таң тамаша болып, бір жапырақ сөлі шыққан көкбауыр сияқты етті қараумен болдық. Кейінде мал мамандарынан, аңшымыз деп жүрген адамдардан «қасқырдың тілінде шеміршек сүйек бола ма, құлын туғанда аузынан кесек ет түсе ме» - деп, сұрасам, ешкім білмейді. Тіпті ешқандай оқулықтардан да кездестірмегендіктерін айтып таң қалады.

Міне, осы екі жайтты Асау көзіме көрсетіп, қолыма ұстатпаса мен де сенбеген болар едім. Ал, осыған сіз, оқушым, сенесіз бе? Әлде бұл бізге, Ғаламға белгісіз табиғаттың тағы бір сырлары ма?

Исаханның басынан кешкендері

  1. Өсімбеков Исахан – ұзын бойлы, арық, өңі өте сиықсыз адам еді. Ағасы Төлеухан, інісі Кенжехан да әке шешелеріне тартқан бойшаң адамдар. Өсімбек ақсақал колхозда бастық болған адам. Исаханның шешесі Дәмежан да өте өңсіз, ұзын бойлы, қоңқақ мұрынды адам еді. Біздің әке – шешелерімізбен бірге колхозда істеген, жеңгем Маданның әкесі Мұхаметжанға аталас жақын болып келеді. Исахан құдамыз деп жүретін.

Исахан сөзді өзіндік мәнермен сөйлейтін, жасында тентек, ауыл балаларының ішіндегі пысығы болған. Соғыс кезінде аздаған ауыл балаларын бұзақылыққа, жаман әдеттерге бастап жүретін, үй арасының ұрысы атанған бала. Соғыс кезі. Елде қалған жесір әйелдер мен жас балалар егін мен шөп шабу жұмыстарында жүреді. Уақытпен санасу деген жоқ, таңның атысы мен күннің батуы ғана мөлшерленеді. Исахан өгіздің басын жетелейді, жұмысқа шығаратын Өсімбек. Онда да сағат жоқ, тек үйіндегі жалғыз әтештің таң алдындағы шақыруымен ауыл адамдарын оятады. Жұмыстан әбден шаршаған әйелдер далада Исаханға жалынады, үйіндегі әтешті құртып, жайырақ тұрып, бір күн демалдыратын жағдай жасауын өтінеді. Исахан оған келіседі де ақысына әйелдерден құрт пен майға тойғызуларын сұрайды. Әйелдер жиналып Исаханның көйлегінің етегі мен дамбалының ышқырына құрт-майды орап, толтырып береді. Кешке шаршаған Өсімбек те басы жастыққа тиісімен қор етіп ұйықтап кетеді. Исахан ептеп тұрады да ағашта қонақтап отырған әтешті ұстап алып: -Әй, осы Өсімбек бастық екеуіңнен де көрдім ғой, күнде ерте оятып, елдің мазасын аласыңдар. Бүгін екеуің біріңді-бірің оятпайтын боласыңдар - деп, пештің көмейіне тығады да, аузын киізбен мықтап жауып тастайды. Ертеңінде таң атып, күн көтеріліп кетеді. Әтеш те күндегісіндей шақырмайды, әтеш шақырмаған соң Өсімбек те дағдылы уақытынан жаңылып, оянбай жата береді. Жұмысқа ауыл адамдарын тұрғызған ешкім болмайды. Пеш киіз үйдің сыртында тамақ істеу үшін қаланған, оны байқаған ешкім жоқ. Әбден ұйқысы қанып оянған Өсімбек «Аттан, аттан!» - деп, ұйықтап қалғанын қасындағы әйелі Дәмежаннан көріп, дамбалшаң далаға атып шығады да әтешті іздейді. Ауылды басына көтеріп, әлдекімді балағаттап, адамдарды оята бастайды. Даладағы малдар келіп, жылқылар желінің басында үйездеп тұрады. Дәмежан да шәугімін ұстап пешке барып аузын ашып қалғанда қара қожалақ әтеш те ішінен шыға келеді. Мұны байқап қалған Өсімбек те осының бәрін істеген Исахан екенін біледі де, үйге қарай шапшаң басып, ұрмақшы болып бара жатады. Көрпеден басын шығарып, ашық тұрған есіктен байқап қалған, сезіктеніп жатқан Исахан да көйлекшең үйден ата кеп жөнеледі. Жүгірген бетінде үйезде тұрған бір тайдың үстіне қарғып мініп, екі аяғын тайдың екі қолтығына тығып, жалынан мықтап ұстап алады. Қас пен көздің арасында не болғанын білмей сасқалақтаған асау тай өзенге қарай шаба жөнеледі, үстінде Исахан. Бұл кезде Өсімбек те атына міне салып, қолында сойыл, таймен қашқан Исаханды қуып береді. Қуғыннан құтылмайтынын, қолға түссе Өсімбектің оңдырмай, өзін сабайтынын білген Исахан тайды қақпалап өзенге қарай бұра береді. Өсімбек жақындаған кезде Исахан тай – майымен бірге қара суға қойып кетеді. Тай екеуі жүзіп Бақанастың екінші қабағына өте шығады. Өсімбек суға түсуге бата алмай, арғы жақта қала береді. Әкесінің ашуы басылды-ау деген кезде Исахан да қайтып келеді. Ертеңінде күндегі әдет бойынша барлық балалар мен әйелдер жұмысқа кетіп бара жатқанда кешегі оқиғаны еске алып, әрі мақтанып Исаханның айтқаны: «Мынау кешегі Исахан батырдың қашқан жері, Өсімбек бастықтың қуған жері» - деп, күлдіреді екен. Әйелдер де, «сенің арқаңда бір күн ұйқымыз қанды» - деп Исаханға риза болып жүріпті

  1. Соғыс кезі. Ауылда ересек балалар жұмыс істейді. Исахан колхоз бастығы Өсімбектің, Толымбек Жаппарғалидың баласы. Исахан мен Толымбек те қозы бағады. Аманбай мен Жаппарғали ағайынды кісі. Толымбек Аманбайдың, Исахан ауылдасы Жаппарғалидың қозысын бағады. Бір күні ауыл көшпекші болып жүк артатын түйелерді тауып әкелу екеуіне тапсырылады да, Толымбек Исаханнан бірер жас ересек, мойнында 16 құс мылтық, екі тайға мініп шығады. Қысы-жазы жұмысқа жегіліп, өркеші жауыр, мұрны пұшық болған түйелер де ауылдан қашыққа жайылып кетеді де, бұларға оңайшылықпен тапқыза қоймайды. Әбден шаршап, бір төбенің басына түсіп, жан – жаққа көз салып біраз тұрады. Исахан тұрып: «Әй, Толымбек! Екеуіміз ана сенің мылтығыңмен атысайық, қайсымыз мерген екенбіз» - деп сөз бастайды. Толымбек те «алдымен кім атады, соны келісейік» деп қостайды. 15 метр жерден тек бастарындағы қалпақтарына тигізіп атыспақ болып келіседі. Жасы үлкен болғандықтан бірінші кезек Толымбекке тиеді. Исахан белгіленген жерге барып тұрады. Толымбек мылтығының оғын құр дәріменен ғана оқтап, түнде қойға шапқан қасқырға айбат көрсету үшін ғана ататын. Толымбек те сондай құр дәрімен оқталған оқты мылтыққа салады, ойында Исаханның басынан асырып атып қорқыту. Мылтықтың дауысы гүрс ете түседі. Айнала көк түтін, Толымбек есін жиып алдына қараса, шалқасынан түскен, бет аузын қып –қызыл қан жауып кеткен, тіршілік белгісі жоқ, қалпағы анадай жерге ұшып кеткен Исаханды көреді. Исаханды өлдіге санап, қолындағы мылтығы мен оғын лақтырып тастап, тайына мініп, ойдағы өзектегі қалың өскен қарағанға қарай шаба жөнеледі. Исахан есін жинап көзін ашса бет-ауызы қан, қалпағы ұшып кеткен, мылтық қасында, тайы жайылып жүргенін көреді. Бет-ауызын сүртіп, мылтықты алып, тайына мініп, көз ұшында қашып бара жатқан Толымбекті көреді де, артынан қуа жөнеледі. Толымбек те қарағанның ішіне кіре бастайды. Іздеп жүрген түйелері де осы қарағанға шөгіп, жусап жатқанын білмейді. Тайын қамшылап жан ұшырып шауып келе жатқан Толымбектің тайы шөгіп жатқан түйеге соғылып құлайды. Осы кезде Исахан да келіп жетеді. Толымбекті әке бабасынан түк қалдырмай боқтап, «мені әдейі оқпен аттың, өлді деп, қарамай қашып кеттің. Енді кезек менікі, сені атамын, межелі жерге барып тұр» – деп, бұйырады. Бет-аузын қан жапқан, өңі бұзылып, ашуланып тұрған Исаханды көрген Толымбекте зәре қалмайды және атса шын тигізетініне көзі жетіп, жалына бастайды. «Сен мені атпа, менен бір қателік болды, не айтсаң да істеп, не сұрасаңда берейін» – деп жалынады. Исаханның ойына бір қулық келеді де: -Жарайды, мен сені атпаймын, менің жараланғанымды әкем Өсімбек көріп, естісе сені бәрібір тірі қоймайды. Сондықтан мен бұл оқиғаны ешкімге тісімнен шығармаймын, тек сен маған сұраған уақытымда Аманбайдың марқа қозысынан сойып жеуге беріп тұрасың, – дейді. Толымбек оған қуана келіседі де, бұлақ басына барып, Исаханның бет-аузын жуып, жарасын көре бастайды. Сөйтсе, дәрінің ішінде жалғыз бытыра оқ Исаханның бас терісін жанамалай тиіп қанатып, қалпағын ұшырып түсірген екен. Жарасы жеңіл, қан тоқтағаннан кейін шашымен жабылып көрінбейді. Екеуі түйелерін айдап, ештеңе болмағандай ауылға келеді. Кейінде Исахан: - Сол жазда тамағым тоқ болды, қарным ашқан күні өрісте Толымбектен қозы сойып, далада асып жеп, қалған етті тығып кетіп жүрдім, жоғалған қозысын Аманбай ешкімнен көре алмайды. Толымбек өз туысы, ал мен інісі Жаппарғалидың қозысын бағамын, бізде артық қозы жоқ болып шығады, ал мынау маңдайымнан төбеме қарайғы жалғыз сызық сол Толымбектің оғының ізі – деп, отыртын.

  2. Исахан колхозда шофер. Темекі мен араққа үйір. Кейінде, совхоз құрылған жылдарда (1962) да жұмыс істеді. Өзін – өзі құнттамай суық тиіп, екі өкпесінен туберкулез ауруына шалдығады. Курортқа, басқа да емдеу орындарына барып қаралады. Ауру асқынып, 1966 жылы Алматыға барып Республикалық ғылыми-зерттеу туберкулез институтына барады. Бұл кезде мен Алматыда СХИ-дың алтыншы курсында диплом жазып жүрген болатынмын. Жанұзақ Ошыбаев 3-курста, ол да осы институттың мехфагінде оқиды, бір жатақханада тұрамыз. Менен 5-6 жас үлкен болғанымен курсы төмен. Екеуіміз бір-екі рет Исаханға барып, көңілін сұрағанбыз. Қасында болып, өткен – кеткендерді айтып тарасатынбыз. Көбінесе Исаханның әңгімелерін тыңдаймыз, әңгімені мәнерлеп жақсы айтады. Декабрь айының басында бір күні кешке жақын екі ақ халат киген медбике жедел – жәрдем машинасымен жатақханаға маған келіп, ертең Исаханға өте күрделі операция жасалатынын, ауылынан туған – туыстары келуге үлгере алмайтындығын, ал өзі менің операция кезінде болып, жолығып қайтуымды сұраған хабарын айтты. Қолма – қол Жанұзаққа барып, екеуіміз түнделетіп Исахан жатқан институтқа келдік. Исахан ештеңе болмайтындай әңгіме бастады.

  • Ал, Жанұзақ, Нәстілек! Мен ертең бір күрделі тәуекелге барайын деп тұрмын, өкпемді алғызуға келісім бердім, Нұғманов деген қазақ хирургі операция жасайды. Нар тәуекел, ауру әбден жаныма батты. Үйге Өсімбекке, Төлеуханмен Кенжеханға хабар беріңдер, олар келіп үлгере алмайды, операция таңертең жасалады. Нәстілек осында болып менің хабарымды білсін. Мынау аздаған ақша, киімдерім, - деп, бізбен қоштасқандай менің қолыма ұстатты. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» - деген, олай – бұлай болып кетсем елге жеткізерсіңдер» – деп, тебіреніп сөйлеп қоштасты. Қол алысып, ақ тілеу тілеп Жанұзақ жатақханаға кетті де, мен орталық телеграфка Баршатастағы Төлеуханға звандау үшін бардым. Жапалақтап қар жауа бастады. Көңілімде Исахан, ертең не болар екен деп отырмын. Төлеуханмен сөйлесе алмадым, ол кісі Шұбартау қайтадан аудан болып құрылып, Аудандық Совет Атқару Комитетінің председателінің бірінші орынбасары болып істейтін. Телефонисткаға барлық жағдайды айттым да, тездетіп Исаханның әкесі мен туыстарының келуін тапсырдым. Таңертең Исахан жатқан институтқа келдім. Оны операцияға алып кетіпті. Сағат үштің кезінде (6 сағаттан соң) кезекшіден операцияның жақсы аяқталғанын, Исаханға үш күнге дейін жолығуға болмайтынын, жағдайы бір қалыпты екенін естіген соң жатақханаға қайтып кеттім. Үш күннен соң Өсімбек пен Кенжехан да ауылдан келіп жетті. Олар да қуанысып, менің хабар беріп, операция кезінде Исаханның қасында болғаныма риза болып, алғыстарын айтып жатты. Жеті күннен кейін Исахан да төсектен тұрып, тәй – тәй басып жүре бастады. Біз де кіріп жолығып тұрдық. Ол операцияға кіргізіп, ұйықтататын дәрі бергенге дейін хирургпен сөйлесіп жатқанын, өкпеге қара қабырғаны сөгіп барып операция жасалатынын, бір өкпесі мүлде сылып алып тасталғанын, ал екінші өкпе де жартылай қарайғанын тәптіштеп айтып, әйтеуір бір ажалдан қалдым деп, хирургті мақтап, бізге де риза болып әңгімесін айтатын. 1967 жылдың басында институт бітіріп мен де ауылға қайттым. Больницадан шығып, Исахан да ауылға келіпті. Бір совхоздамыз, Байқошқар ауылы. Бір күні «Қазақ әдебиеті» газетінің бірінші бетіне жас ғалым Нұғмановты мақтап жазған мақала шықты. Сол мақалада Исаханға жасалған операция тәптіштеп жазылыпты. Хирург операция жасап, өкпені көре бастағанда, екі өкпе де асқынған, біреуін мүлде сылып алып, екіншісін жартылай қалдыру мақсатымен кесе бастайды. Бір кезде аурудың жүрек соғысы нашарлап, тоқтап қалады. Хирург өкпені тастай беріп қолымен жүрекке массаж жасай бастайды. Бұл массаж екі сағатқа созылады да, хирургтің өзі әбден шаршап, қалжырай бастағанда Исаханның жүрегі қайта соға бастайды. Операция жалғастырылып, өкпе алынып, тігіліп аяқталады. Бұл мақала Нұғымановтың аяқ астынан болған жағдайда шешімін тауып, жүректі соқтырып, әрі күрделі операцияны сәтті аяқтап, адам өмірі үшін ажалмен күрескен сәтін өте әдемі жазған болатын. Жүректің тоқтағанын Исахан да, мен де мақала шыққанша білген жоқпыз. Міне, медицинаның құдіреті! Исахан осыдан кейін де он шақты жылдан артық өмір сүрді. Мүмкін, режим сақтаса одан да көп өмір сүретін бе еді, кім біледі?

жүктеу 13,67 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   49




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау