Н. Д. ОҢдасынов ? Арабша-қазақша түсіндірме сөздік



жүктеу 9,76 Mb.
бет4/42
Дата25.11.2017
өлшемі9,76 Mb.
#1867
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42

әдепті. Әдепті бала – арлы бала, Әдепсіз бала — сорлы бала (мақал). Құйқылжытып, әнге де әсем басып жүрдік, Тәртіпсіз жаман істен қашық жүрдік. Жұрт жөнін, халық қамын ойлайтұғын, Қадырдан жақсыларға жақын жүрдік. Әдепті сегіз сал деп атақ алып, Қатарлас құрбылардан асып жүрдік (Әшім). Сөйлесе, сөзі әдепті һәм мағыналы, Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды, Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойны бар Үлбіреген тамағы күн шалмайды (Абай);

әдептілік. Әдептілік пен әділеттік — егіз (мақал). Әдептіліктің белгісі - иіліп сәлем бергені, Жақындықтың белгісі - көп кешікпей келгені (мақал). Расында сынықтық, әдептілік, ибалық — әйел баласына жарастықты ең сындарлы асыл қасиет (Қ. Сатыбалдин);

әдепсіз. Әдепті бала — арлы бала, әдепсіз бала — сорлы бала (мақал). Біржан ол сөздерді әдепсіздеу, тұрпайылау көрді (М. Әуезов). Қызмет жөнінде қаншама қысым көріп, екі аяғымыз бір етікке тығылса да, сол уақыттағы командирлерден еш уақытта одағай, қатты, әдепсіз сөз есіткен емеспіз (Б. Момышұлы);

әдепсіздену — тәртіпсіздену, ізетсіздену. Кісі көзінше әдепсізденіп, тәртіп бұзған балаларды әкеміз аяусыз жазалайтын еді («А. Т.»);

әдепсіздеу — тәртіпсіздеу, ізетсіздеу, ұятсыздау. Жүнді төс, әуелі, екі қолымен ішін басып, әдепсіздеу күліп алды (Ә. Сәрсенбаев). Әлгі дауыс бұрынғыдан да гөрі әдепсіздеу бір сөздермен араласып, қаттырақ шықты (С. Бақбергенов);

әдепсіздік. Сахиб ниғмәтке шүкіршілігің жоқ болса, әдепсіздікпен күнәкар болмайсың ба? (Абай). Темір көр-жер қысыр әңгіме айтып отырып, қожаның бетіне түшкіріп жібереді. Қожа әзіл-шыны аралас: «Тақсыр, мұныңыз не, кісінің бетіне қарап түшкірген әдепсіздікке жатпай ма?— депті («Қожа. Ә.»).

ادبىّ (’адабййун) әдеби 1) әдебиетке тән, әдебиеттік, жазушылық; 2) әдепті, сыпайы, көргенді; 3) мәдениетті. Әдеби тіл — қалыптасқан нормалы тіл дейміз (I. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев). Қазақтың әдеби тілін байытуда советтік классик жазушымыз Мұхтар Әуезовтің романдары мен драмалық шығармаларының орны айрықша бағаланады («Қ. Ә. Т.»);



әдебиет — жалпы жазба және көркем шығармалар. Әдебиет — тілдің айнасы (мақал). Олай болса, әдеби тіл болу үшін әдебиет болуы қажет (I. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев). «Евгений Онегин» — орыс әдебиетінің Пушкин дәуірін суреттейтін кітап болуымен бірге, жазушының ақындық пішінін түгел көрсететін шығарма (І. Жансүгіров);

әдебиетсіз. Әдебиетсіз ұлт — тілі жоқ адам сияқты (Ә. Әлімжанов);

әдебиеттану — әдебиет туралы ғылым. Н. Келімбетовтің «Шәді ақын» зерттеуін XIX ғасырдың басындағы қазақтың кітаби ақындарының творчествосына жасалған тұңғыш барлау ретінде... қазақ әдебиеттану ғылымына келіп қосылған тәуір еңбек деп бағалаймыз (Ә. Күмісбаев). Қазіргі өскелең дәуірімізде әдебиеттану ғылымы едәуір марқайды (М.Тілеужанов);

әдебиеттік. Абай, Крылов, Пушкин, Лермонтов, Салтыков-Щедрин қалдырған әдебиеттік мұраны ұғып меңгермесе, Абай болмас еді (М. Әуезов). Театрларымызға жарамды пьеса керек, сол жарамды пьесамыз, ең алдымен, әдебиеттік шығарма болуға тиіс (Ә. Тәжібаев);

әдебиетші. Менің әдебиетші болғым келеді,— деді Мәулен (С. Шаймерденов). Қызылордалық әдебиетші Қоңыратбаев Әуелбек жазушының өмірмен байланысы, сынның әдеби процеске ықпалы сияқты жайларды кеңінен әңгімелеу керек деді («Қ. Ә.»);

әдебиетшіл. Әдебиетшіл ақындарымыздың журналын оқы, тарихта не қызықтың болғанын оқы (С. Керімбаев). Әдебиетшіл ақын-жазушыларымыздың кейбіреулері бір жолдан алты жол шығарған, өлеңге толмайды (Қ. Тайшықов);

әдебиетшілдік. Самодержавиенің жаршысы, шолпысын көтерушісі болып күн көрген әдебиетшілерінің тау-тау кітаптары жалған әдебиетшілдіктің, құнсыз қоқыстың үйіндісі ғана болып қалды (Р. Бердібаев);

әдебиетшілік. Зерттеуші С. Сейфуллиннің әдебиетшілік, сыншылық қызметіне байыпты қарайды (Ә. Жәмішев).

ﺁدم (адамун) адам1) ойлау және сөйлеу қабілеті бар, құрал-сайман өндіре алатын және ол құралдарды қоғамдық еңбек процесінде пайдалана алатын тірі жан, кісі; 2) тірі материяның ең жоғары түрі; 3) ауыс. саналы, қайырымды, азамат. Адам ойға тоймас, қасқыр қойға тоймас (мақал). Атаның баласы болма, адамның баласы бол (мақал). Ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі адам ба өзі? (Абай). ...Кім адам, кім айуандық істегенін, Кімнің дос, кімнің қасын анық білер (С. Торайғыров).



адамата. Хауаға бұрын барған Адамата, Жоқ па еді естігенің соны да, ақымақ («Біржан-Сара»);

адамдық. Адамдық — адалдықта, Адамдық — шындықта (мақал). Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселермен тығыз байланысты (Абай). Сергітіп ана сөзі қыздың ойын, Қайтадан жастық оты лаулап жанды, Мадақтап адамдықтың абыройын (Ж. Саин);

адам-сағат — бір адамның бір сағатта орындайтын жұмыс мөлшері. Егер бұрын бір гектар жерге төрт мыңнан астам адам-сағат жұмсалса, ол қазір төрт еседен аса азайды (Ш. Көпешев);

адамсу — паңсу, кісімсу, өзін басқалардан жоғары ұстау. Надан қуанар, арсаңдар, Таңырқап тұра қалсаңдар. Татымды ештеме болмас онда, Адамсып босқа талтаңдар (Абай). Сонда бұл мұрнын көкке көтереді, Адамсып, маңызданып жөтеледі (Ы. Алтынсарин);

адамсымақ. Дарынын ішіп қойған адамсымақ, Бір долы болып шықты ел бүлдіргіш (Қ. Аманжолов);

адамша. Сізбен адамша сөйлесуге болар ма екен?—деді (Ә. Әбішев). Адамша суға кеткен тал қармама, Мысалдас тұз балық жеп терлегенге. Әркімнің алдында әзір сыбағасы, Сабыр ет, су бар қанар, шөлдегенге (Таубайдың Жүсібі);

адамшыл. Нариман — жұртты тек қана таза, адамшыл мінезімен тартатын ғадет иесі, көкірегі қазына коммунист (Д.Досжанов). Бұл — адамшыл мақсатты үгіт пен насихаттың нысанаға дәл тигендігі (X. Есенжанов);

адамшылдық. Туысында кісілікті Аюбай осындай дертке шалдыққан соң адамшылдықтан айрылып, масқаралық батпағына белшесінен батады («Қ. Ә.»);

адамшылық. Адамшылық дәстүрін бойыңа сіңірейін десең — кішіпейіл бол (Ә. Науаи). Қардай борап үстіңнен оқ жауса да, Адамшылық арыңнан аттама тек (С. Керімбеков). Адам неғұрлым күшті, адамшылығы биік болса, өзінің осал жағы мен кемшілігіне соғұрлым батылырақ қарайды (В. Белинский).

ادوار (’адуарун) едәуір — ауыс. бірталай, біраз, анағұрлым, әжептәуір. Жас жағынан Есет Кеңестен едәуір үлкен (М. Иманжанов). «Шалқыма» колхозының құмдағы бойдақ малы өзге ауылдар малынан едәуір ерте қайтты (Ғ. Сланов).

اذاء (’иза’ун) ыза – 1) азап, қасірет туғызу, ызасын келтіру; 2) ауыс. кек, ашу. Ерекше бір ыза мен шер өне бойын кернеп алды (М. Әуезов). Мен ыза болып, тез жолдастарға айнала қарап жіберіп, қарсы алдымда отырған Бәкен Серікбайұлына қарадым (С. Сейфуллин);

ыза-кек — кешірілмес өштік. Көкірек керген зар-запыран Ыза-кек боп құйды бойға. Жүректерден атылған қан Қызыл Ту боп тұрды қолда (Н.Игамназаров). Ханның алдына алғаш барып қалтырағаным мылтықтың қарауылына ілінгенімде ыза-кекке айналып еді (Н. Хожагелдиев);

ызаландыру. Мұның бәрі — қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек (Абай). Байдың кемтарға істеген қиянаты ақынды ызаландырады (Т. Қожакеев);

ызалану. Күләмза ызаланып жылап. Зейнептің он жақ тізесіне жармаса жатып еді (Б. Майлин).— Ар көрдім ант беруді дұшпаныма, Долданып қорлық іске қосқанына. Кетіппін ызаланып қаным қайнап, Қалмақтың ант берер деп тосқанына (И. Байзақов);

ызалы. Ызалы күлкі — өзі де қайғы (мақал). Ызалы жүрек - долы қол, Улы сия, ащы тіл... (Абай). Айыпқа бұйырмаңыз, айып етпеңіз — кешіріңіз, кінәламаңыз. Ағат айтсам, айып етпеңіз, ызалы сөз қашанда қаттырақ шығады (Д. Әбілев);

ашу-ыза — ызалы, кекті ашу. Айбарлы да мұңды бұл ән партизандар жүрегін тырналай түсетін, жауға деген ашу-ызаларын күшейте беретін (Қ.Қайсенов). Ашу-ыза шақырып, таласқа түскен, бір-бірін иек қағыстан, қас пен қабақтан ұғып, үзеңгі қағыстырып, шылау тіресіп, бірге болғаны қайда? (С. Бақбергенов);

اذان (’азанун) І азан — діни. мұсылмандарды намазға шақыру. Молдалар аспай-саспай азан айтып, намаз оқуға кірісті (С. Айни). Ертеңмен тұрып ақырса, Аллалап азан шақырса... (Мұрат). Әбубәкір деп қойғалы, Азан айтып атымды-ай! (Әбубәкір);



II азан — таңғы мезгіл. «Көк пәуеске күймесін Азаннан тұрып жеккен» деп («Қыз Жібек»). Жұмысқа жастай жұтынып Ерте тұрып азаннан. Жүреді бір қарт сыпырып Көшені тұнған тозаңнан (С. Мәуленов);

III азан — дабыл, ұран, айқай. Бұл гудогы — сол гудок, Жерді еңбекке бөлеген, Дабылдатқан ұлы еңбек, Пролетариат азаны (Ж. Сыздықов). Әр үйдің есігінен қарап, қатын-бала азан салды (М. Әуезов);

азанғы — ертеңгі, таңертеңгі. Доронин оянған кезде терезеден азанғы күннің сәулесі күңгірт түсіп тұр еді (Чайковский). Азанғы уақыттағы бойды билеген қауіп-қатер азая бастады (С. Айни).

азанда — таңертең. Качалкалар бас иіп, Тұрғаны түнде, азанда, Трубамен мұнай жосылып, Құяды үлкен қазанға (Рашев). Азанда алғашқы газет сатушының даусын естісімен, үйден атып шығып, газет алып қайтты («Т. C.»);

азандату — шулату, азан-қазан қылу. Асынып бесатарды, салған қылыш, Жасақты жасанған жау (патша әскері — Н. О.) салуға ұрыс. Өрт салды, шапты ауылды, азандатты, Өшіру, өртеу, тонау, қанды қырыс («1916 жыл»);

азаншы1) діни. азан айтушы, намазға шақырушы, 2) ауыс. айқайшы, хабаршы. Ала қарға — азаншы, Қара қарға — қазаншы (мақал). Село мешітінің мұнарасынан азаншының шақырған даусы діншілдерге намаз сағатының жақындап қалғанын ескертті (Ибрагимов). Ұйқы мен шарап шаршатып, қалжырап, көзін уқалап әрең ашып, Мәждиддин үйіне қарай келе жатқанда, мешіт мұнарасынан азаншының даусы естілді (Айбек);

азан-қазан — айқай-ұйқай, у-шу. Жер-дүние азан-қазан болды (М. Әуезов). Патшаның басын кесіп, бұл сазан, Шулатып қылды халқын азан-қазан (Тұрмағамбет). Айғай-шу, азан-қазан тұрғындары, Зар жылап талай жандар жатып қапты, Балтабай ат үстінен айғайлады:— Қандай жау бұл ауылды ойрандады? (Қ. Бекхожин).

اذاً (’азан) аза1) ауру, зәбір, реніш; 2) зиян, залал. Ала қойда кінә жоқ жүннен басқа, Қойдан қашып шығыпты патша тасқа. Көрсе қаза тұрады аза бойы, Болмады бұған айла ойламасқа (Абай). Соны ойлағанда аза бойы қаза болды (Ә. Кекілбаев).

ارادة (’ирадатун) ирада1) тілек, ниет, ой, ықылас; 2) қалау, ерік, ықтияр.

Ол ирада — ғылымның бір сипаты (Абай). Аманкелді Балуан Шолаққа жазған хатында: «...бізден хал уа ахуал білмек ирадаңыз болса, сағ уа саламатпыз» (С. Мұқанов);



ырада. Қыс болса, шаруаның жайы мәлім, Көп болмас, көңіл-қоштық ырадасы. Қар жауып, үй тігілмей жатқанында, Қой, жаным, қонақасы сұрамашы (Ырысты);

ірәда. «Екі шал атастырған немерелерін, Артқыны жақын қылмақ ірәдасы (С. Торайғыров).

ارباب (’арбабун) арбаб — бастық, басқарушы. Сайрам хакімі Қаттыбектің бір топ арбабы мен ресми уәкілдері келді (I. Есенберлин).

ارث (ирсун) ырыс1) мұра, мұралық, 2) ауыс. бақыт, сыбаға, несібе, байлық. Жақсы туса, ел ырысы, Жаңбыр жауса, жер ырысы (мақал). Қиналтар қыңырлығың қылған ондай, Жамбастан жарып шыққан сом секілді. Орынға ойына алған жеткізетін, Ерлерге ықпал, ырыс — қоң секілді (Тұрмағамбет). Большевиктер — бүгінгі жанған бағым, Шығар күнім келешек таңдардағы, Аққан ырыс адуын арнамдағы (М. Мақатаев);

ырысты. Ырысты, еркін, азат елім қандай, Кең-байтақ, кең дәулетті жерім қандай (I. Жансүгіров). Мен көрдім шыбық талдай бойыңызды, Бұйырған ырыс­тыға тойыңызды. Құпия сырымды ашып жазған хаттан, Білерсіз оқысаңыз ойымызды (М. Сералин).

ارشاد (иршадун) иршат1) басшылық, нұсқау; 2) өсиет, уағыз (діни. адасқандарды құдай жолына түсіру). Әзәзіл пір тапсырды молдаменен, Суреті адам мысал сопы сымақ. Қызметте он екі жыл жүрді дәйім, Күн болды жолдасынан иршат алмақ. Әзәзіл кіріп пірге арыз етті.— Оларсыз маған жоқ па иршат жазбақ? «Иршатты екеумізге жазып бер» дейді, Жұртыма зор қуаныш бірге бармақ. Шайқы айтты қарады да. Ая, Малғұн! Әліңді біліп едім келген халде-ақ (Ерімбет). Қияқтан барып ін алған, Екі аяқпен серіпкенде, Желе бойы жер алған, Топыраққа басса табаны, Шайықтардың ершатқа (дұрысы: иршатқа — Н. О.) Басатұғын мөріндей, Сопақша сұлу із салған (Шәңгерей).



ارواح (аруахун) аруақ1) діндарлар ұғымында өлген кісінің рухы; 2) ауыс. жүдеген, арыған. Бір сырлы, сегіз қырлы, ерлер солар, Меніңше, Ерімбеттей қонған аруақ (Оразымбет). Бір кісі бір табақты лақтырды итке. «Бай бол», сірә, аруақты қорлап бүйтпе (С. Торайғыров). Ел аруағын сыйламас есер қыздар, Жеңіл сөйлеп орынсыз шошаңдамақ (Жамбыл).— Сұлтан, сұлтан болғалы, Басыма бақыт қонғалы, Тұлпар міндім, ту алдым, Ата аруағы қолдады,— деді Сұлтан (К. Әзірбаев). Аруақтың арты — жын (мақал). Мен бір аруақ сүйретілген, Қу сүйегім әлі-ақ қалар (Қ. Аманжолов);

әруақ. «Киесі бар, әруақ соғады» деп, ол ерге қатын-қалаштың қолын тигізбей, өзі ғана ұстайтын еді (С. Мұқанов). Әруақты сілкіндірген соң жай қойсын ба,— деді Ұлжан (Б. Майлин). Жұрт әруағын қорлаған, Әйелдерді зорлаған... Қарақшыға қанішер Еш рақым болар ма (Жамбыл). Айрылып палуаннан қалғаннан соң, Жүрекке шер айналып толғаннан соң, Әруағы асқақтаған жығылғандай, Майра да көтере алмай жүрді басын (Ә. Тәжібаев). Ат арыса — тулақ, ер арыса — әруақ (мақал). Әр заманның өзіне лайық әдеби, эстетикалық ағымдары болған. Романтизм тұсында өлік те, әруақ та, өзге жанды заттар да тіл бітіп сайрап қоя берсе, бәлкім, ол авторлық идеяны тереңдету үшін қызмет еткен шығар (О. Сәрсембаев);

аруақтану — рухтану, қуаттану, күшею. Ол үй уықтары шаншылған сайын қомданып, аруақтанып бара жатыр (Ғ. Мүсірепов). Бір мезет Бошман жырына келгенде тіпті аруақтанып кетті (I. Есенберлин);

әруақтану. Халықтың рухани өмірінде өшпес із қалдырған сол ардагерлермен қапталдас өмір сүріп, қазақ даласының бір пұшпағында әлеуметтік өмір арнасына соғұрлым соны тыныс енгізген Ұлпан апа бейнесі осы сабақтастықты ойлағанда, тіпті, әруақтана түсетін сияқты (Ж. Ысмағұлов);

аруақтау — халықтың рухын, ар-намысын сақтау. Ол мұны жақсылыққа жорып, «ұрыс жолы — қанды жорық, аруақтап шабуылға шығамыз» деуші еді (Р. Ниязбеков);

аруақты1) рух дарыған күшті, жігерлі, намысы бар адам; 2) еск. киелі, қасиетті. Аруақты ер болып, Алқабымен ел болып... Әлі менен Нұрабай — Ер Көкшенің тұқымы, Атасы жауға аттанып, Жауды көрсе шаттанып, Ат құйрығын буады, Елінің басын құрады (Жамбыл). Абунасыр Мұхаммад, Мұхаммад Тархан баласы. Туған жері Сыр бойы, Түркістан — Арыс арасы... Отырардың қаласы... Даналардың данасы. Отырар мен Түркістан, Бағдад пен Мысыр, Шам, Аралаған арасы. Сырын іздеп ғаламның, Қалмаған ғылым — саласы, Шығыс пенен Батысқа, Ұстаздық еткен дарасы. Есіміңді паш етсем, Оянар халқың санасы. Рухына дем берер, Аруақты бабасы (Абыз жырау);

әруақты. Мырзабек өмірі маңдайы саждаға тимеген, бетін айында бір жумаған пасық бола тұрса да, «киелі», «әруақты» адам саналған (Ғ. Мұстафин).— Әруақты енем байғұс сынап еді, сені бақытты болад деп,— деді (X. Есенжанов);

аруақсыз — рухсыз, қуатсыз, жігерсіз. Бір кезде ақ жалы төгіліп, желге толқындана желбіреген ақ селеу шашағы қырқылып, тоқал ешкінің басындай аруақсыз (X. Есенжанов).

ازال (’азалун) азал1) мәңгілік; 2) бұрын, ілгеріде. Машрихты мағрұпқа жазған алла, Азалда қосар ма екен пәрмен етіп (Әріп). Азалда артық қылған хақ тағала, Мекені елсіз, күнсіз жаман дала («Б. Ж.»). Азалда аңшылар тапқан «Майбұлақ» жарты ғасырдай бітеліп жатып, соңғы жылдары көзі қайта ашылды (Ж. Тілеков);



әзәл. Бұлардың тояты үйрек, қоңыр қаздан, Әзәлде қырандығын арнап жазған. Қанаты жетілген соң жоғары ұшар, Табылмас төмен тарту шаһбаздан (Әріп). Дос болған соң әзәлдан, «Әмірді тәрік еттің» деп, Құдірет мұны шам алған (Базар жырау);

әзел. Болған соң әзел тағдыр, әмірі солай, Тұз таттың бес жыл ұдай біздің жақтан (Шораяқтың Омары). Жар мойын — жаһілдіктің нышанасы, Бұл — рас, білгенге ақыл абайлатқан. «Шайына сарт, ноғайдың» мас болмаса, Айып па әзіл-қалжың сұхбаттан? Тіріде әркім өзі теріп жейді, Әзелде несібесін ол таратқан (Таубайдың Жүсібі). Таба алмадық өңге елді, Әзелде тәңірім сорлы етті, Арсыз елмен әуре етті (Абай);

әзәли — мәңгі, мәңгілік, жойылмайтын, өмірлік, өшпейтін. Егер барлыққа келтірмегі бір өз алдына сипат болса... сипаты өзіндей қадім, һәм әзәли (дұрысы: азәли — Н. О.), һәм әдеби... (Абай).

اسباب (асбабун) аспап — құрал-сайман, қару-жарақ. Үйіндей болып кеткен Мұздың іші, Дағдылы Бобров деген мынау кісі. Бес аспап, сегіз қырлы өнерпаздар, Жегілген бір мақсатқа барлық күші (I. Жансүгіров). Жақыпбек музыка аспаптары жайында және басқа да бірқатар мәселелерді шешпек болып, колхоз басшыларына кетті (М. Иманжанов). Байдуков бар аспаптың бәрін байқап Болмай-ақ самолеті өзін шайқап, Сыңар жақ солға қарай ауытқыды (А. Тоқмағамбетов);



аспапты — құралды. Аспапты — бірнеше аспапта орындалатын мелодия. Құрманғазы өзінің шығармалары арқылы қазақтың аспапты музыкасын едәуір дамытты (Қаз. ССР тарихы).

аспаптық — құралдық. Қазақтар домбыра үшін шығарылған аспаптық пьесаны, яғни күйді тыңдауға өте құмар (А. В. Затаевич). Қазір көптеген аудандарда, колхоз-совхоздарда, фабрика-заводтарда халық театрлары, әуесқой ансамбльдері, аспаптық оркестрлер халықтың эстетикалық мұқтажын өтеуде (М. Әлімбаев);

аспаптау — муз. музыкалық шығармаларды оркестрлік аспаптарына ажыратып жазу әдісі. Аспаптау өнері композитордың оркестр құрамындағы аспаптардың ерекшеліктерін... жан-жақты пайдалану мақсатына негізделеді («Қ. С. Э.»).

I аспапшы — құрал-сайман, аспап жасаушы ұста, шебер. Ол ширек ғасырдан астам өмірін сүйікті ісіне арнап, жақсы лақалшы, аспапшы, модельші әрі гравер болып алды («Л. Ж»);

II аспапшы — музыка аспабында ойнаушы, инструменталист. Қазақ халқының өз операсы мен балеті, драма театрлары, аса ысылған хореография, әнші және аспапшы коллективтері бар («Л. Ж.»). Камералық музыка аспапшыдан үлкен дайындықпен қоса, белгілі бір бейімділікті талап етеді («Қ. Ә.»).

استخراج (истихражун) истихраж1) бір заттың ішінен басқа заттар шығару; 2) табу (қаражат), шығару (көмір), қорытынды. Фиғыл пәнденің қазығы — осы жақсы хакимдер, әр нәрсе дүниеде солардың истихражы бірлән рауаж табады (Абай).

استراحة (истирахатун) естрахат1) демалыс: 2) тыныштық; 3) үзіліс. Кейбір сөздер, мысалы, ағзам (ұлы), хазрет (діни адам), шәриф, естрахат (тыныштық) ...тәрізді жеке сөздер қазақтың не әдеби тілінде, не сөйлеу тілінде кездеспейді (I. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев).

استغفر (астағфара) астапыр — кешірім сұрау. Ой, тоба, астапыр алла, бұ тауқыметке, Оқимын неше қайта әмдусана-ақ. «Иманның ұятқабы» болса егер, Халайық, сізге қалай мұны жазбақ?! (Ерімбет);



астағифиралла. Астағифиралла, мал құлағы саңырау!—деді қарт (Қ. Ысқақов);

астағыпыралла. — Астағыпыралла, өлікке де тілін тигізгені ме?— деп жағасын ұстады бір жігіт (X. Есенжанов). Acтағыпыралла! Адам алжиын десе әрнемені көки береді-ау,— деп Қасантай жағасын ұстады (Қ. Мағзомов);

астапыралда.— Астапыралда,— деп Жалықпас жағасын ұстай алды (Ә. Сәрсенбаев);

астапыралла!— діни. құдайдан кешірім сұрау, не таңдану мағынасын беретін сөз. Астапыралла! Тәуба, Құдай сақтай гөр!.. (С. Торайғыров). Үй ішіндегілердің бәрі «астапыралла» — деп жағаларын ұстады (С. Мұқанов);

астафиралла. Әйелге қызықпайтын софы ағасы да Ақбалаға көзі түссе: «астафиралла! Мына бедбақ кісіні діннен шығарар» — деп ойлап, жүн басқан бетін жалма-жан бұрып әкететін (Ә. Нұрпейісов).

استقامة (истиқаматун) істіқаумет — туралық, дұрыстық, шындық, растық. «Балама барып, құрма жегізбе!» — деп, Шайқыға шах арызын айтты әлат. Үш күнгеше мүддеғасын тыңдамады, Пайдасын дұрыс көріп істіқаумет (Қаңлы Жүсіп).

أسد (асадун) әсет1) арыстан; 2) астр. Арыстан шоқжұлдызы; 3) күн жылнаманың бесінші айына сәйкес келетін июль айының аты (22 июль — 21 август). Мысалы, жоғарыдағы текстегі әсет — июль (І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев). Әсеттің айы туғанда. Үш мыңдай кісі қол болып. Бес-алты күн жол қонып, Қиылдан әскер төгілді (Исатай-Махамбет).

асат. Троицкіде июль (асат) айынан басталған ноғайша «Ақмола» атты күлкі (мысқыл) журналы шыға бастады («Айқап»).

اسراف (’исрафун) ысырап — 1) дүние шашушылық; 2) мөлшерден шығу. Күз болса, мынау, зәрін шаша бастағаны. Жауын-шашын болып кетсе, егін ысырап болып кетуі мүмкін (F. Сланов). Үш жылда бір келетін сайлау болса, Бар малын ысы­рап қылып төгіп өткен (Әсет). Сөзді орынсыз шашып-төгіп ысырап етпеу керек (Д. Әбілев);



ысрап. Ушаков бұдан былай Рязанов болғысы келетіндей, көрінгенге байланысып, болмашының бәрін де ысрап көріп, мазалай берді (F. Мүсірепов);

ысырапсыз — шығынсыз. Қазір өнімді неғұрлым тез және ысырапсыз жинап алудың тиімді әдістері кеңінен қолданылуда (Ш. Көпешев). Еңбектеген жастан бастап еңкейген қартқа дейін ел байлығын төкпей-шашпай, ысырапсыз жинап алу қамымен ертелі-кеш мақталықта тырбанып еңбек етеді («Л. Ж.»);

ысыраптау — дүниені шашу, ысырапқа ұшырату. Біз жөнсіз еңбекті ысыраптамай, алдымен бұл ара неге жарайды екен соны білгіміз келді,— деді (І. Есенберлин).

اسرافيل (’исрафилу) есрафил. F. Мүсірепов 1939 жылы «Ақмола — Қарталы жолы» деген очерк пен «Комсомолка Қарақат», «Жеңілген Есрафил» сияқты әңгімелерін жариялады («Қ. Ә. Т.»).— Алармын!— деп, алқымына Есрафилдің қол салғанда біздің ел, зікір тоқтап, дүние тынып, үрейленіп, бұлтқа бұққан күн де шыға келді (Ғ. Мүсірепов);



жүктеу 9,76 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау