Ыбырай әңгімелеріндегі еңбек тақырыбы
Жоспар
І Кіріспе
1.Ыбырай –«Дала қоңырауы»
ІІ Негізгі бөлім
1.Ы. Алтынсарин – балалар әдебиетінің атасы
2. Еңбекпен табылған нан тәтті
Қорытынды
1.
Елбасымыз «Тарих толқынында» кітабында Ы.Алтынсаринды Қазақстандағы халық ағарту ісінің тұңғыш абызы деп атады. Шынымен, Ыбырай атамыз қазақстандық білім берудің іргетасын қалады. Өкімет пен жергілікті биліктің кедергісіне ұшырай жүріп, тұңғыш қазақ мектептерін ашты.
Қазақтың даласында «Дала қоңырауы» сыңғырлады. Осы қоңырау үнңмен талай қазақ баласы оянып, отандық білімнің алғашқы қарлығаштары болған еді.
Бүкіл өмірін қазақ балаларын оқытуға арнаған. , Ыбырайдың әдеби туындылары балалар дүниесіне өте жақын. Сондықтан да ол қазақ балалар әдебиетінің атасы деп танылған. Сол мақсатпен алғаш рет балаларға арнап мектеп ашып, оқулық жазды. Оқулықтарында Ыбырай тәрбиелік мәні жоғары шағын әңгімелерін, өлеңдері мен ауыз әдебиеті үлгілерін, сондай – ақ, орыс педагогтері мен айтулы орыс қаламгерлерінен аударған шығармаларды енгізді.
Оқулыққа енген Ыбырай әңгімелерін тақырып жағынан еңбекке баулитын және адамгершілікке баулитын шығармалар деп екі топқа бөліп қарастыруға болады. Осындай еңбек тақырыбына арналған Ыбырай атамыздың туындылары да жетерлік. Солардың қатарына «Сәтемір хан», «Әке мен бала», «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш», «Қыпшақ Сейітқұл», «Бай баласы мен жарлы баласы» т.б. шығармаларын жатқызуға болады.
Еңбекті сүю және қадірлеу – Ыбырай әңгімелерінің негізгі тақырыбы. "Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш" әңгімесінде Ыбырай ең кішкентай жәндіктердің өзі де тіршілік үшін тыным таппай еңбек етіп жүргендігін көрсете келіп, оларды балаларға үлгі етеді. "Қарлығаш, өрмекші ғұрлы жоқпысың, сен де еңбек ет, босқа жатпа", – дейді. "Атымтай жомарт" әңгімесінде жазушы халық арасындағы Атымтай жомарт туралы аңыздарға жаңаша мазмұн беріп, өзінше қорытады. Атымтайды ол еңбек адамының үлгісі етіп көрсетеді. Еш нәрсеге мұқтаждығы жоқ болса да, Атымтай ылғи жұмыс істейді. "Күн сайын өз бейнетіммен, тапқан пұлға нан сатып алып жесем, бойыма сол нәр болып тарайды. Еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі өзгеше болады", – дейді ол. "Әке мен бала" әңгімесінде мынадай бір жай сөз болады. "Бір адам он жасар баласын ертіп, егістен жаяу келе жатса, жолда қалған бір ескі тағаны көріп, баласына айтты: "Анау тағаны, балам, ала жүр", – деп. Бала әкесіне: "Сынып қалған ескі тағаны не қылайын", – деді. Әкесі үндемеді. Тағаны өзі алды да, жүре берді. Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң әкесі кайырылып, тағаны соларға үш тиынға сатты. Одан біраз өткен соң, шие сатып отырғандардан 3 тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен, шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бір-бірлеп алып жеп, баласына қарамай аяңдап жүре берді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артынан келе жатқан бала да тым-ақ қызығып келеді екен. Жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып, аузына салды. Біраздан соң және бір шие, одан біраз өткен соң және бір шие, сонымен, бала әрбір шие тастаған жерге бір еңкейіп, шие теріп жеді. Ең соңында әкесі тоқтап, баласына шиені орамалымен беріп тұрып: "Көрдің бе, бағана тағаны жамансынып, жерден бір иіліп көтеріп алуға еріндің. Енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп, бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Бұдан былай есіңде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боларсың; азға қанағат етпесең, көптен құр қаларсың", — деді. Кейде сәл нәрсені қомсынып, оған көңіл бөлмеушілік, аз жұмысты қиынсынып, бойкүйездікке салынушылық өмірде аз кездеспейді. Бұл – жақсы әдет емес. Сондықтан балалардың бойкүйез, жалқау болмауына, еңбекқор болуына Ыбырай ерекше мән берген. "Бай баласы мен жарлы баласы" атты әңгімесінде Ыбырай еңбекке деген коғамдық, таптық көзкарасты бейнелейді. Көшкен елдің жұртында қалған екі баланың бір тәулік ішінде басынан кешкендерін суреттеу аркылы сол балалардың өмір тануы, тіршілікке икемділігі жайлы мәселеге әлеуметтік мән береді. Жазушының шығармаға жасы құрбы екі баланы алып, оларды бай мен кедейдің өкілі етіп суреттеуінің сыры да оның идеясынан айқын көрінеді. Жарлы баласы Үсен – тұрмыстың ауыртпалығын көре жүріп, ысылған еңбек адамы. Ауылдары көшіп кетіп, жұртта қалған екі баланың далада тамақ тауып жеуіне, ауылдың калай қарай көшкенін аңғаруына, түнде далада түнегенде ит-құстан сақтануына Үсеннің тапқырлығы мен еңбекқұмарлығы себеп болады. Ал бай баласы Асан – өмір үшін күресудің жолын білмейтін, шыдамсыз, еңбекке икемі жоқ жан. Кісі еңбегімен күн көріп, бейқам болып өскен бай баласының басына күн туғандағы дәрменсіздігін суреттеу арқылы жазушы келешек Үсендер жағында екенін аңғартады. Сөйтіп, жастарға өмірден еш нәрсе үйренбей, жалқау болып өскен бай баласындай болмай, қиыншылыққа төзімді, өнерге бейім, еңбек сүйгіш жарлы баласы Үсендей болып өсуді уағыздады.
Иа, еңбек, тәрбие мәселесі бүгінгі өмірде де өз маңызын жойған жоқ, тіпті күн тәртібіндегі өзекті мәселе екенін де білеміз. Еңбек етіп, ана мейіріне қанып, әке өсиетін тыңдап өскен бала ғана түбінде жылы жүректі азамат болары сөзсіз,олай болса, Ыбырай әңгімелерінде жасынан отбасы тәрбиесін көрген бала үлкен азамат болғанда, өз мәнінде өмір сүруге бейім болады деген нақты тұжырымдар беріледі.Сондықтанда Ыбырай әңгімелері өз өміршеңдігін жойған жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |