Мен бұл шәкіртақыға не үшін лайықпын?
Мен бұл шәкіртақыға не үшін лайықпын? Бұл сұрақ мені терең ойдың тұңғиығына батырғаны рас.Осы сұрақты алдымен өзіме қойдым.Менің ойымда жүзеге асырылуы тиіс қаншама жоспар, белгілі бір мақсаттар бар.Кез-келген істі бастау үшін немесе одан әрі дамыту үшін қажет етілетін нәрсе- ИНВЕСТИЦИЯ.Бұл заңдылық.Осы сәтте өз жоспарларымды сараладым,сүзгіден өткіздім.Мен өз мақсаттарымның ішінен біреуін саналы түрде таңдадым.Сол таңдаған мақсатым қалған жоспарларым мен армандарымның орындалуына септігін тигізетіндей қадам жасадым.Жалпы айтқанда,бір оқпен екі қоянды атқым келді.Мен таңдау жасар алдында оны ұтымды пайдалануды,жасаған таңдауымның болашағын ойлап барып,шешім қабылдадым.Менің таңдауым-білім.Иә,мен осы бағытты таңдадым.Білім- сарқылмас қазына.Егер оны дұрыс пайдалансаң,миыңды қозғасаң,стереотиптерді жойсаң-ақша саған жұмыс жасайтын болады.Осы кезде білімге құйған ақшаңды миллион есе етіп қайтарып алуыңа болады,бастысы ми.Ал енді менің таңдауыма келер болсақ,мен ағылшын тілін меңгергім келеді.Ағылшын тілінің халықаралық деңгейі өте жоғары.Ағылшын тілін жетік меңгерсем, өзімнің болашағыма жол ашып қана қоймай, жалынды жастардың бүгіні мен болашағы арасындағы көпір болғым келеді.Мектеп бітірген соң,шет елде білім алып,меңгерген тәжірибемді қазақ жастарымен бөлісемін.Экономика және бизнес жоғарғы мектебі факультетінде білім алу ойымда бао.Осы сала бойынша шет елде білім алғым келеді.Ол үшін тіл білу керек.Санаңда ағылшын тілінің бастамасы болса,оны одан дамыту үшін шет елде білім алу,шетелдіктермен араласу-таптырмас мүмкіндік.Сонда ғана тілдің қыр-сырын толық меңгеруге,сөздік қорыңды көбейтуге болады.Оқу орнын аяқтаған соң,туған жеріме қайта ораламын.Алғашында марафондар өткізіп,одан кейін өз қаламда қолжетімді бағада дәріс беремін.Жобамның өтімділігі жақсы әрі сапалы болса, тұрғылықты мекенімнен білім орталығын ашамын.Мен үлкен қаладан емеспін, қарапайым ауылдың қызымын.Ауылдық жерлерде қаладағыдай қаптаған білім орталықтары,мықты тіл мамандары,онымен қоса ағылшын тілін үйрететін мұғалімдер жоқтың қасы.Ал ауылдан қандай ірі тұлғалар шығатыны баршамызға мәлім.Бәлкім,осы аймақта халықаралық қатынастарды реттейтін маман немесе мықты аудармашы,халықаралық бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер мен IT- мамандары бар шығар.Мендегі мақсат-жоғарыда аталған тұлғалардың шығуына ықпал ету.Елімізде осындай жастар болса,жастар білім алса-дамыған отыз елдің қатарына кіру де„,Мәңгілік ел“ болу да оңайға соғады.Бір адамның жеткілікті мөлшерде білім алуы-жас ұрпақтың жарқын болашағы мен елдің гүлденуіне үлкен үлес қоспақ.„Бұлақ көрсең, көзін аш“-дегендей,саналы ұрпақ қалыптастыру, жастардың жобасына дем беріп, жандандыру-мемлекет үшін жасалған игі іс болмақ.Қазақстанның болашағы жас ұрпақтың қолында,ал бұл үмітті жас ұрпақ нық сеніммен қабылдайды!
Достарыңызбен бөлісу: |