Мемлекет басшысының 2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген жаңа әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттары бойынша ақпарат
Мемлекет басшысының Жолдауында жаңа әлеуметтік саясатты әзірлеуге бастамашылық жасалды. Президенттің пікірінше, әлеуметтік салада мемлекеттің рөлі тек халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын және адами капиталға инвестицияларды қолдаумен шектелуі қажет.
Халықаралық практика көрсетіп отырғандай, көптеген дамыған елдер әлеуметтік саясаттың белсенді шараларына көшті. Атап айтқанда, мемлекеттердің іс-қимылы жәрдемақылар мен өтемақылар арқылы «жылыжай жағдайын» жасау емес, керісінше белсенділік пен жұмыс іздеуді (әсіресе жастарда) ынталандыратын көмек беруді ұсынуға бағытталған.
Сондықтан Мемлекет басшысы әлеуметтік қорғаудың атаулы жағын күшейте отырып, оның тетіктерін жетілдіру жөнінде міндет қойды.
Жаңа әлеуметтік саясат Жұмыспен қамту 2020 жол картасына өзекті сипат беруді де қамтитын болады.
Жұмыспен қамту - 2020 жол картасын жаңарту
Мемлекет басшысы Жолдау шеңберінде Жалпыға бірдей Еңбек қоғамы идеясын іске асыру мәселесіне ерекше назар аударды. Президенттің пікірінше, жаңа экономикалық жағдайлар халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі шараларды күшейту қажеттігін талап етеді.
2015 жылы Жұмыспен қамту 2020 жол картасы бағдарламасына 2772 адам қатысты. 2015 жылдың ішінде 2725 адам шаралармен қамтылған, бұл 107,9% құрайды. Оның ішінде өз бетінше жұмыспен айналысушы- 395 адам (102,6%), жұмыссыздар – 2330 адам (108,9%), оның ішінде аз қамтылғандар қатарынан – 27 адам (50,9%).
2016 жыл басынан Бағдарламаға 345 адам қатысты. Әлеуметтік жұмыс орындарын құру бойынша 40 ұйыммен шарттар жасалды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 154 адам орналастырылды.
Жастар тәжірибесі бойынша 81 адам орналастырылған. Шарттар жасалған ұйымдар саны 29.
2015-2016ж. 2557 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыс орындарын ашуға және сақтауға, қызмет көрсету саласында жұмыспен қамтуды ұлғайтуға ерекше көңіл бөліне отырып, Үкімет 2015 жылғы 8 желтоқсанда Жұмыспен қамту - 2020 жол картасына түзетулерді мақұлдады.
Жаңартылған Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы мынадай шараларды қамтиды.
Бірінші. Білікті қызметкерлердің жұмыс орындарын сақтау бойынша
Ірі өнеркәсіп орындарында өндіріс көлемінің немесе әлемдік баға конъюнктурасына байланысты өнімдер бағасының төмендеуі жағдайында білікті жұмыскердің жұмыс уақытының қысқаруынан жоғалтқан еңбекақысының үштен екі мөлшерін уақытша субсидиялау қарастырылатын болады.
Екінші. Еңбек ресурстарының сапасын көтеру бойынша
Жұмыс берушілерге өнеркәсіп орындарының жұмыскерлерін оқытуға гранттар беруге (қайта даярлауға/біліктілікті арттыруға), сөйтіп олардың жұмыс орындарын сақтап қалуға кепілдік беріледі, мұндағы оқыту шығындарының 80%-ын – мемлекет, ал 20%-ын жұмыс берушінің өзі өтейді.
Бұдан басқа, 18-ден 24 жасқа дейінгі жұмыс істеп жүрген жастарды жұмыс берушінің олардың жұмыс орындарын еңбекақы төлеусіз сақтап қалу шарты негізінде кәсіптік оқытуын ұйымдастыру қарастырылған.
Үшінші. Жаңа жұмыс орындарын ашуды ынталандыру бойынша
Бұл микрокредиттеуді кеңейтуді, оның ішінде ұсақ тауарлы өндірістерді (шағын бордақылау алаңдары, шағын сүт кәсіпорындары, шағын құс фермалары) ұйымдастыруды білдіреді. Бұл ретте берілетін микрокредиттеу мөлшерін 6 млн. теңгеге дейін ұлғайту ұсынылады.
Бағдарлама шеңберінде сонымен қатар, азаматтардың жұмыс қолы артық өңірлерден жұмыс бар өңірлерге өз еркімен қоныстануын кеңейту ұсынылады. Оларға жұмысқа орналастыру түрінде қолдау көрсетілуімен қатар, жалға берілетін баспанамен, жатақханамен қамтамасыз ету және көші-қон шығындарын өтеу, Жұмыспен қамтудың жол картасы шарттарымен
5 млн. теңгеге дейін шағын микрокредит беру көзделетін болады. Мемлекеттік қолдаудың мұндай шаралары Үкімет айқындаған және қайта қоныстанудың өңірлік квотасына енгізілген өңірлерге келген адамдарға ғана берілетін болады.
Төртінші. Қызмет көрсету саласында жұмыспен қамтуды кеңейту бойынша
Бұл үшін қонақүй кешендері, қоғамдық тамақтандыру және тұрғындарға қызмет көрсету жөніндегі басқа да салалар қызметкерлерін оқыту және кадр даярлау үшін қысқа мерзімді курстар ұйымдастыру (ЭКСПО-2017 көрмесіне даярлық шеңберінде) жоспарлануда.
Бұл ретте оқытуды тиісті халықаралық стандарттарға сай келетін сапаны қамтамасыз ету үшін отандық және шетелден шақырылған жоғары білікті жаттықтырушылар жүргізетін болады.
55-тен 64 жасқа дейінгі жұмысынан айырылған адамдар үшін кәсіптік даярлаудың және кейіннен жұмыспен қамтудың арнайы мақсатты бағдарламалары іске асырылатын болады.
Достарыңызбен бөлісу: |