8-параграф. 1 - жартыжылдық
220. Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру:
1) сандық түсініктер және санау: 4 көлеміндегі заттарды саусақтардың санымен сәйкестендіру, қорытынды санды атай отырып санау; көп заттың ішінен 4-уін еліктеу, үлгісі, сөздік нұсқау бойынша бөлектеп шығару; 4 саны көлеміндегі көптіктермен әрекеттену (арттыру, кеміту, теңестіру), үздіксіз көптікті түрлендіру(тең еместен теңді және керісінше жасау); сандардың түске, көлемге және кеңістікте орналасуына тәуелсіздігі туралы түсінікті қалыптастыру; сұйық және сусымалы денелердің ыдыстардың көлемі мен пішініне тәуелсіздігі; заттарының саны 4 көлеміндегі, қашықтықта тұрған екі топ заттарын саны бойынша салыстыру, тексерудің әртүрлі тәсілдерін пайдалана отырып, қайталап санау негізінде суреттегі бейнеленген заттар тобын салыстыру; 2-4 сандарының жеке бірліктерден және екі кіші саннан құралған құрамы;
2) шама: белгілі бір берілген қасиеттері бар заттардан топ құру;заттарды ұзындығы, биіктігі, жуандығы бойынша салыстыру: ұзын-қысқа, ұзындықтары бірдей: жуан-жіңішке, жуандығы бірдей;
3) геометриялық фигуралар: әртүрлі геометриялық фигураларды ажырату (дөңгелек, шаршы, үшбұрыш, тіктөртбұрыш); геометриялық фигураларды түрлендіру, бөліктерден құру;геометриялық фигураларды жалпы белгілері (дөңгелек, бұрышты) бойынша салыстыру;
4) кеңістікте бағдарлау: қимылды сөздік немесе көру белгісі бойынша өзгерту; қағаз бетіндегі жазықтықта бағдарлау: "жоғарыда", "төменде", "ортасында", "сол жақта", "оң жақта"; кеңістіктік түсініктер: "алда", "артында", "жақын", "алыс", "үстінде", "астында", "жанында";
5) мезгілдік бағдарлау: жыл мезгілдері (күз, қыс, көктем, жаз); мезгілдік түсініктер (жылдам-ақырын; алдымен, содан кейін); тәулік бөліктері (түн, таңертең, күндіз, кешке, бүгін, кеше, ертең).
221. Күтілетін нәтижелер:
1) 4 саны көлеміндегі заттарды санайды, қорытынды санды атайды немесе көрсетеді;
2) бір текті және әртүрлі текті көптіктерден 4 көлемінде берілген сандағы заттарды ерекшелейді, ересектің өтініші бойынша қайтадан санау арқылы тексереді;
3) 4 саны көлеміндегі зат топтарын "артық" және "жетіспейтін" санды тірек ете отырып салыстырады;
4) еліктеу немесе педагогтың тапсырмасы бойынша көптіктерді әртүрлі әрекеттерді (арттырады, кемітеді, теңестіреді) орындайды;
5) ересек адам ынталандырған кезде алған білімін еркін ойында және практикалық әрекетте пайдаланады;
6) қағаз бетінде (жоғары, төмен, оң, сол жақтарын, ортасын) бағдарлайды;
7) геометриялық пішіндерді (дөңгелек, шаршы, үшбұрыш, тікбұрыш) ажыратады;
8) бөліктерден геометриялық пішіндерді құрастырады;
9) заттарды ұзындығы, биіктігі, жуандығы (ұзын-қысқа, ұзындықтары бірдей; биік-аласа, жуан-жіңішке, жуандығы бірдей) бойынша салыстырады;
10) мезгілдік түсініктердімеңгерген: түн, таңертең, күндіз, кешке, бүгін, кеше, ертең.
222. Сенсорика:
1) көріп қабылдау мен зейінді дамыту:үлгі бойынша құрастыру процесінде көлемді пішіндерді (шар, текше, призма, овоид) ажырату; жазық пішіндерді (дөңгелек, шаршы, тікбұрыш, сопақша) жіктеу;көлемді және жазық пішіндерді (шар-дөңгелек, текше-шаршы, кірпіш-тікбұрыш, овоид-сопақша) салыстыру; бағдарлаудың іздеу тәсілдерін (байқап көру, өлшеп көру) қалыптастыру; негізгі түстерді (қызыл, сары, көк, жасыл, ақ, қара) салыстыру, үлгі бойынша таныс түсті ерекшелеу;берілген түстерді қоршаған кеңістіктен табу;заттарды пішіні, көлемі, түсі бойынша топтастыру;заттарды көлемінің кемуі, артуы тәртібінде қатарға жүйелеу; 3-5 құрамды матрешканы практикалық өлшеп көру тәсілі арқылы құрастыру; 5 сақиналы пирамидканы сақиналарының көлемін есепке ала отырып, практикалық өлшеп көру тәсілі арқылы құрастыру; заттардың арасындағы кеңістіктік қатынастармен (жоғарыда, төменде, ортасында) практика жүзінде таныстыру;
2) естіп қабылдау мен зейінді дамыту: тұрмыстық шулармен және табиғат құбылыстарының дыбыстарымен (телефонның қоңырауы, шаңсорғыштың дыбысы, құстардың әні, ағып жатқан судың сылдыры) таныстыру; таныс заттар мен құбылыстарды олардың дыбыстық сипаттары бойынша ерекшелеу; буындық құрылымы жағынан жақын сөздерді жіктеу; дыбыс көзін көру талдауышын тірек етпей анықтау;
3) тактильдік-қимылдық қабылдауды дамыту:педагогтың сөздік нұсқауы бойынша заттардың көлемі мен пішінін сипай отырып қабылдауды жалғастыру; пішіндері әртүрлі заттарды (төртеуінің ішінен таңдау) сипай отырып жіктеу; көлемі әртүрлі заттарды (үшеуінің ішінен таңдау) сипай отырып жіктеу; таныс заттардың сытқы бетін (тікенекті, тегіс, кедір-бұдыр) сипай отырып тану; әртүрлі сусымалы материалдармен және сұйықпен (құм, жарма, су, бояу, май, крем) танысу;
4) дәм сезуді дамыту:ұсынылған тағам өнімдерінің ішінен ащы дәмі бар тамақтарды таңдау; ұсынылған тағам өнімдерінің ішінен қышқыл дәмі бар тамақтарды таңдау; тамақты дәміне (тәтті-ащы-қышқыл) қарай жіктеу; тамақты температуралық белгісі бойынша (ыстық, суық, жылы) жіктеу.
223. Күтілетін нәтижелер:
1) негізгі түстерді (6 түсті) сәйкестендіреді;
2) көлемді пішіндерді (шар, текше, кірпіш, үшбұрышты призма, овоид) ажыратады;
3) жазық пішіндерді (дөңгелек, шаршы, тікбұрыш, сопақша) ажыратады;
4) заттарды берілген сенсорлық белгілері (пішін, көлем, түс) бойынша топтастырады;
5) заттарды көлемінің кемуі мен артуына қарай жүйелейді;
6) 5 сақиналы пирамидканы жинастырады;
7) 3-5 бөліктен құралатын матрешканы жинастырады;
8) 4 бөліктен құралатын заттық кесінді суретті құрастырады;
9) тұрмыстық шулармен және табиғат құбылыстарының дыбыстарын ажыратады;
10) таныс заттар мен құбылыстарды олардың дыбыстық сипаттары бойынша ерекшелейді;
11) буындық құрылымы жағынан жақын сөздерді жіктейді;
12) заттардың көлемі мен пішінін сипай отырып жіктейді;
13) қатты және жұмсақ нысандарды сипай отырып жіктейді;
14) заттарды сыртқы беті (тегіс, кедір-бұдыр) бойынша ажыратады;
15) сусымалы материалдармен және сұйықты ажыратады;
16) тамақты температуралық белгісі бойынша (ыстық, суық, жылы) жіктейді;
17) тамақты дәміне (тәтті-ащы-қышқыл-тұзды) қарай анықтайды.
224. Құрастыру:
1) балаларды үлгі бойынша заттарды көлемі, пішіні, түсі бойынша практикалық әрекет арқылы салыстыруға үйрету; әртүрлі материалдардан құрылыс салу; құрылыстарды шынайы нысандармен және олардың суреттегі бейнелерімен сәйкестендіру;
2) негізгі түстер (қызыл, сары, көк, жасыл, қара) туралы, түстерді салыстыру; заттардың көлемі (үлкен, кіші, бірдей, ұзын, қысқа) туралы; заттардың пішіні (текше, кірпіш, пластина, призма, цилиндр) туралы; ағаштан, пластмассадан жасалған құрылыс материалдарының қасиеттері туралы білімдерді қалыптастыру;
3) құрылыс материалдарынан құрастыру: әртүрлі құрылыс материалын пайдалана отырып, үлгі бойынша қарапайым құрылыстарды құру; үлгі бойынша, еліктеу бойынша құрылыс материалдарының бөліктерінен (жиһаз, үй, орындық, көпір) құрастыру; қандай да бір нысанды (үй, дуал, орындық) әртүрлі етіп құру; көлемге деген қажеттілікті ескере отырып, көлемі әртүрлі құрылыстарды құру (жүк машинасына және жеңіл көлікке арналған гараждар; биік және аласа дуал; ұзын, қысқа жолдар); құрылымдармен ұжымдық немесе жұптық ойындар ұйымдастыру;
4) заттық емес құрастыру: үлгі бойынша қозғалмайтын нысанға қатысты құрылыс жиынтығының 3 элементінің алдымен бір элементінің, содан кейін 2 элементінің орнын (жоғарыда, төменде жанында) ауыстыру; жазық үлгі бойынша заттардың арасындағы кеңістіктік қатынасты (балалар көлемді материалдармен үлгілейді) үлгілеу;
5) таяқшалардан құрастыру: педагогтің атаған пішіні бойынша таяқшалардан геометриялық пішіндерді салу; таяқшалардан елестету бойынша қарапайым құрылыстарды орындау;
6) құрамалы-жиналмалы ойыншықтарды құрастыру: 2-3 бөліктерден құралатын кеспелі заттық суреттерді құрастыру; текшелерден (4 бөліктен) сурет құрастыру;
7) құрылыс материалдарының бөліктерін бірін-бірінің үстіне қою, қатарластырып қою тәсілдерін пайдалану; екі бөлікті үшіншісімен біріктіріп, қарапайым жабын жасау; конструктордың бөліктерін тігінен, қатарынан, көлденеңінен бір-бірінен қандай да бір қашықтықта, бірін-біріне тигізіп қоя отырып, жазықтықта орналастырудағдыларын бекіту.
225. Күтілетін нәтижелер:
1) құрылыстарды салуға және олармен бірге ойнауға деген қызығушылық танытады;
2) алған дағдыларды пайдалана отырып, құрылыс материалдарынан және таяқшалардан қарапайым құрылыстар салады;
3) құрылысты заттардың көлемін ескере отырып салады;
4) қандай да бір нысанның құрылысын әр түрлі нұсқада салады;
5) таныс құрылыстарды таниды және көрсетеді;
6) таяқшалардан геометриялық пішіндерді салады;
7) кеңістіктік қатынастарды (жоғарыда-төменде, алда-артта) ажыратады;
8) 2-3 бөліктен құралатын заттық кесінді суреттерді құрастырады;
9) құрылыстарды ойында пайдаланады.
226. Жаратылыстану:
1) табиғат құбылыстары: өлі табиғат нысандары (құм, саз) туралы білімді қалыптастыру; су туралы білімді қалыптастыру; табиғат құбылыстары (жаңбыр, қар) туралы білімді қалыптастыру; күз бен қыс және олардың қарапайым белгілері туралы түсініктерді қалыптастыру; ауа райы жағдайы (ашық, бұлтты, жаңбырлы, аязды) туралы түсініктерді қалыптастыру; тірі және өлі табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелеу;
2) өсімдіктер әлемі: көкөністер туралы; жемістер және жидектер туралы білімдерін кеңейту; көкөністер, жемістер мен жидектерден дайындалатын тағамдармен танысу; бөлме өсімдіктері туралы түсініктерді қалыптастыру; жабайы өсетін өсімдіктер туралы түсініктерді қалыптастыру; ағаштармен таныстыру; ағаштардың құрамдас бөліктері (жапырақ, бұтақ, дің) туралы түсініктерді қалыптастыру;
3) жануарлар әлемі: үй жануарларымен және олардың төлдерімен танысу; үй құстарымен және олардың балапандарымен танысу; жәндіктермен танысу.
227. Күтілетін нәтижелер:
1) тірі және өлі табиғатқа ұқыптылықпен қарайды;
2) өлі табиғат нысандары (құм, саз) туралы түсінігі болады;
3) су туралы түсінігі болады;
4) табиғат құбылыстары (жаңбыр, қар) туралы түсінігі болады;
5) суреттерді тірек ете отырып, жыл мезгілдерін (күз, қыс) ажыратады;
6) ауа райы жағдайы туралы туралы түсінігі болады;
7) көкөністер мен жемістерді ажыратады, оларды өсіретін жерлер туралы түсінігі болады;
8) кейбір ағаштар және ағаштардың құрамдық бөліктерін ажыратады;
9) кейбір үй жануарлары мен олардың төлдерін, үй құстары мен олардың балапандарын атайды және көрсетеді;
10) педагогтың көмегімен кейбір жәндіктерді ажыратады.
Достарыңызбен бөлісу: |