Молдабекова Алуаш Умирбековна
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ЖАСТАҒЫ БАЛАЛАРДА КЕЗДЕСЕТІН
ДИСЛАЛИЯНЫ ТҮЗЕТУ ЖОЛДАРЫ
«Тіл үшін дамудың «қиын-қыстау» кезеңі бала өмірінің алғашқы үш жылы болып табылады: осы кезге қарай негізінен мидың анатомиялық сөйлеу желісінің жетілуі аяқталады, бала ана тілінің басты грамматикалық формаларын меңгереді, мол сөз қорын жинайды. Егер алғашқы үш жылында сәбидің тіліне тиісті назар аударылмаса, кейін олқылықтың орнын толықтыру үшін қыруар күш-жігер жұмсауға тура келеді.»- деп М.М.Кольцова айтқандай баланың тіл кемшіліктерін түзету үшін логопедиялық түзету жұмыстарын ерте бастаған нәтижелі болмақ.
Дислалия – есту қабілеті дұрыс және сөйлеу тілі аппаратының иннервациясы сақталған қалпында сөйлеу тіліндегі дыбыстардың айтылуының бұзылуы. Дислалия сөйлеу тілінің даму кезінде пайда болады. Дыбысты алмастырып, шатастырып, бұзып айтуы байқалады. Балаларда кездесетін дислалияның екі түрін ажыратады: органикалық және функционалды. Анатомиялық ауытқушылықтар органикалық дислалияны белгілесе, аталмыш ауытқулардың байқалынбауы функционалды дислалияны көрсетеді. Органикалық (механикалық) дислалия артикуляциялық аппараттың құрылымының бұзылуымен байланысты: тістенудің бұрыстығы, тістер құрылысының бұзылуы, аномальді үлкен және кішкентай тіл, тіл ершігінің қысқа болуы. Аталған кемшіліктер дыбыстардың дұрыс айтылуын қиындатады.
Функционалды дислалия дегеніміз - дыбыс шығару аппаратында ешқандай кемістік болмаса да, дыбыстардың дұрыс айтылмауы. Бұл жерде ешқандай органикалық негіз байқалынбайды [1, 6].
Функционалдық дислалия көп жағдайда төмендегілерге: баланың отбасында сөйлеудің бұрыс тәрбиеленуіне (баламен сөйлесу кезінде үлкендердің асыра еркелетіп «баланы күтуші тілін» қолдану); баланы қоршаған жақын адамдарының дыбысты дұрыс дыбыстамауына; педагогикалық салғырттыққа, фонематикалық тәрбиелеудің жетілмеуіне байланысты.
Дислалиясы бар балада артикуляциясы бойынша қиын, бір не бірнеше дыбыстарды айтуында бұзылыстар болуы мүмкін (ысқырықты, ызың, р,л). Дыбыстарды айту бұзылыстары, белгілі бір дыбыстардың жоқ болуы, дыбыстарды бұрыс айту барысында немесе оларды алмастырып айту түрінде көрінуі мүмкін. Балалардың нормативті дыбысты айтуы төрт жасқа дейін біртіндеп қалыптасады. Егер балада төрт жастан кейін дыбысты айтуда ауытқушылықтар байқалынса, ол баланы міндетті түрде логопедтің көмегіне жүгінуі қажет.
Дислалия жиі кездесетін ауытқушылық. Зерттеулер бойынша, мектеп жасына дейінгі балаларда 25-30% (5-6ж), мектеп жасындағы (1-2 сынып) балалардың 17-20%, ал жоғарғы сынып оқушыларында 1% дыбыс айтылуының бұзылысы байқалады. Бұл зерттеулер осы бұзылыстардың уақытша екенін дәлелдейді. Түзету жұмысы барысында балалардың аталмыш тіл мүкістіктерін жоюға болады [2,95].
Арнайы әдебиеттерде дыбыс айту кемшіліктерін түзетудегі логопедиялық жұмыс кезеңдерінде әртүрлі пікір айтылады. Мысалы, Ф.Ф.Рау екі кезеңге бөлсе, О.В.Правдина, О.В.Токарева үш, ал М.Е.Хватцев төрт кезеңге бөлді. Кезең саны әртүрлі болғанымен негізгі мақсаты бір болып келеді. Логопедиялық түзету жұмысын, оның мақсаты мен міндетіне байланысты, келесі кезеңдерге бөлу тиімді:
Дайындық кезеңі
Дыбысты қою кезеңі
Дыбысты дұрыс айтуға машықтандыру кезеңі
Дыбысты ұқсас дыбыстардан ажырату кезеңі
Аталған кезеңдердің арасында айқын шекара жоқ – 1-нің аяқталуы 2-нің басталуына ұласып кетеді.
Дайындық кезең. Бұл кезеңнің негізгі мақсаттары: баланың түзету жұмысына ынталандыру, саналы түрде тапсырмаларды орындауға үйрету, зейінін, тыңдау, ойлау қабілетін дамыту, арнайы логопедиялық міндеттерге артикуляциялық дұрыс қалыптастыру, дыбысты қабылдау, ажырату жатады. Артикуляциялық дұрыс қалыптастыру үшін арнайы жаттығулар қолданылады. Жаттығулар қойылатын дыбысқа байланысты жүйеленеді және ерін, тіл қимылдарын, қалпын дағдыландыруға бағытталады. Балаларды қызықтыру үшін және жаттығуды ойларына сақтап қалу үшін әр жаттығу әртүрлі атпен аталады. Мысалы: «Күрекше», «Инеше», «Төбешік», «Түтікше», «Ожау», «Сағат», «Саңырауқұлақ», «Алтыбақан», «Тәтті тосап», «Сылақшы», «Тоқылдақ», «Ат шауып келеді» т.б.
Сөйлеу тіліндегі дыбыстардың түсіп қалуы сөздің басында, ортасында және аяғында кездесуі мүмкін. Мысалы: радио-адио, тарақ-таақ, қасқыр-қасқы. Р дыбысын айтқанда жұмсақ таңдайдың артқы жақ шеті дірілдеп, қырылдаған дыбысын немесе кішкентай тіл тербетіліп, көмейден ырылдаған «р» дыбысы, тілін шайнап «с» дыбысын, тілін бұрап езуінен «ш» дыбысын, еріндерін үрлеп «л» дыбысын шығарады. Кейбір балалар бір дыбысты екінші дыбыспен алмастырып айтады. Алмастырулардың мынадай түрлері болуы мүмкін:
Жасалу жолдары жағынан ұқсас, сөйлеу тілі мүшелеріндегі айтылуында айырмашылығы бар дыбыстар алмастырылады, мысалы тіл арты түзелмелі (шұғыл) дыбыстарын тіл алды шұғыл дыбыстарына алмастырады.(Кәмила-Тәмила, гүл-дүл).
Сөйлеу мүшелеріндегі айтылуы ұқсас, жасалу жолдарының айырмашылығы бар дыбыстар алмастырылады, мысалы, тіл алды «с» дыбысы тіл алды «т» дыбысына алмастырылады.(сабын-табын).
Жасалу жолдары ұқсас, ал сөйлеу тілі мүшелерінің әрекеті бойынша айырмашылығы бар «с» дыбысына алмастырылады. Мысалы: Самат-фамат және т.б.
Сөйлеу тілі мүшелеріндегі айтылуы мен жасалу жолдары ұқсас дыбыстар дауыстың дауыстың қатысуымен шығатын дыбыстармен, мысалы, ұяң дыбыстар қатаң дыбыстармен алмастырылады. (Болат-полат, қозы-қосы).
Жасалу жолдары ұқсас дыбыстар мен сөйлеу мүшелерінің белсенді әрекеттері бойынша шығатын дыбыстар жуан және жіңішке белгілерімен айқындалатын дыбыстармен, мысалы: жіңішке дыбыс жуан дыбыспен, жуан дыбыс жіңішке дыбыспен алмастырылады: (пяз-паз, ерік-ерык).
Сөйлеу тілінде айтылуы бұзылған дыбыстардың мөлшері бойынша дислалия қарапайым және күрделі болып бөлінеді. Егер сөйлеу тілінің айтылуында бұзылған дыбыстардың саны төртке дейін болса, оны қарапайым, ал одан көп болса күрделі дислалия дейді. Егер сөйлеу тілінің айтылуында бұзылған дыбыстардың ауытқулары дыбыс шығарудағы сөйлеу тілі мүшелерінің әрекетіндегі бір топтағы (мысалы, ысқырықтар) дыбыстар болса, онда мономорфиялық дислалия дейді. Егер мұндай ақаулықтар дыбыс шығарудағы сөйлеу тілі мүшелерінің әрекетіндегі бірнеше топтардағы дыбыстарда болса, оларды полиморфиялық дислалия дейді.
Дайындық кезеңінде баланы түзету жұмысына ынталандыру, артикуляцияны дұрыс қалыптастыру, саналы түрде тапсырмаларды орындауға үйрету, дыбысты қабылдау, ажырату процестерін дамыту, сөйлеу кезіндегі дұрыс тыныс алуын қалыптастыру, қолдың ұсақ моторикасын жаттықтыру жұмыстары жүргізіледі. Мысалы, бала «р» дыбысын айта алмайды. Ал бала тіл ұшын дірілдету тұрмақ, оны жоғары көтере алмайды. Сол себепті дайындық жұмысын жүргізу қажет. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты артикуляциялық жаттығулар арқылы ерін мен тілдің қимыл қозғалысын дамыту. Артикуляциялық гимнастикаға арналған жаттығуларды қалай болса солай алуға болмайды. Жаттығулар қойылатын дыбысқа байланысты беріледі және ерін, тіл қимылдарын, қалпын дағдыландыруға бағытталады. Мысалы, бала «с» дыбысын айта алмаған жағдайда, ысқырық дыбыстарды дұрыс айтуға қажетті артикуляциялық аппараттар мүшелерінің қимыл-қозғалысын және қалпын дамытуға бағытталған жаттығулар беріледі: «Жымию», «Күрекше», «Ине», «Тіс тазалау», «Тәтті тосап», т.б. Ал егер бала «р» дыбысын айтуға қиналса, оған басқа жаттығулар ұсынылады: «Кесе», «Даңғыра», «Саңырауқұлақ», «Алтыбақан», «Ат шауып келеді» т.б. Артикуляциялық жаттығуларды орындату кезінде оңайдан күрделіге бағытталған дұрыс. Жаттығуларды ойын түрінде, эмоционалды өткізу қажет. Арнайы жаттығулар қолдың ұсақ моторикасын жетілдіру үшін де қолданылады. Сонымен, келесі кезеңде дыбысты қою жұмысы нәтижелі болу үшін дайындық кезеңіндегі жұмыс дұрыс ұйымдастырылуы керек.
Дыбыстарды қою кезеңінің мақсаты дыбыстардың дұрыс айтылуын алғашқы қалыптастыру болып табылады. Фонемалардың дұрыс айтылуын алғашқы қалыптастыру дыбысты қою кезеңінде негізгі үш тәсіл арқылы қолданылады. Бірінші тәсіл, еліктеуге негізделген. Бала естуді, көруді, тактильді – тербелісті, бұлшық ет түйсігін пайдалана отырып фонеманың дыбысталуы мен артикуляциясын қабылдайды, сапалы түрде сөйлеу мүшелерінің қажетті түрде қимылын, қажетті дыбыстарын қайталауға талаптанады. Бұл жағдайда дыбыстардың тікелей естіп қабылдау, сөйлеу қимылдарын көру арқылы қабылдау, оның ішінде өзінің /айнаға қарау көмегімен/, ішінен ауа ағынын, көмекей дірілін қолмен сезіну, түрлі құралдардың көмегімен сөйлеу мүшелерінің жұмысын бейнелеп көрсетумен толықтырылуы мүмкін. Тиісті дыбыстарды айтуға еліктеу арқылы қол жетпеген жағдайда әуелі оның элементтерін қалыптастыруға күш салу керек. Мәселен, Р дыбысының айтылуын түзеткенде тілді дұрыс формасы мен позициясын игерілетін жаттығулар жасап, содан кейін ғана оның тербелісін қалыптастыруға көңіл бөлінеді. Сөйлеу мүшелерінің қимыл баяулығы немесе қатар басқарылуы қиындықтары кейде дайындық артикуляциясы жаттығуларының тұтас жүйесін пайдалануға, өзіндік артикуляциялық гимнастикаға сүйенуге мәжбүр етеді. Екінші тәсіл құралдардың /шпатель, зондтар/ немесе саусақтың көмегімен сөйлеу мүшелеріне механикалық ықпал жасауды көздейді. Бұл жағдайда белгілі бір бастапқы артикуляция пайдаланылады, соның негізінде сөйлеу мүшелері механикалық жолмен баяу түрде қажетті қалыппен қозғалысқа келтіріледі. Бұның өзі қажетті артикуляцияны кейінірек еркін және белсенді айтуға алғы шарт болып табылады. Таза күйіндегі осы тәсілге тән нәрсе – механикалық әсердің нәтижесінде алынатын артикуляция бастапқы кезде баланың талабына сай келмеуі мүмкін. Мәселен, қ дыбысының айтылуын механикалық тәсілмен түзету кезінде оған та-та-та буындарын айту ұсынылады және осы кезде тілдің алдыңғы жағынан белгілі шпательмен басып қойылады. Та буынын ұмытпаған бала оны – тя түрінде, ал шпательмен тілді ақырын жылжытып итерген жағдайда – кя, сосын – ка түрінде бастайды. Үшінші – аралас тәсіл. Бұл тәсіл бойынша сөйлеу тілі механикалық ықпал жасаудың мақсаты – еліктеу және ауызша түсіндіру арқылы қажетті артикуляцияны мейілінше толық және дәл айтуға көмектесу. Бұған баланың қажетті артикуляцияны еркін меңгере алмаған жағдайда /төменгі тіс сигматизмін түзетуді қараңыз, тілдің ұшын астыңғы тістің артқы жағына түсіріп ұстап тұру үшін зонд пайдалану мысал бола алады/. Аталған тәсілдердің бәрінде де дыбыстардың артикуляциялық тегістігін ескеру қажет және мүкіс дыбысты түзеткенде оның тектестерінің дұрыс айтылуына сүйену керек. Мысалы, үнді дауыссыздарға еліктеу арқылы түзеткенде сәйкес ұяң дауыстыға сүйенген пайдалы. Егер қос ерінді ұяң дыбысы қалыптасқан болса ол тіл-тіс қатысында айтылатын – «д» дыбысын меңгеруге көмектеседі. Ал – д дыбысын меңгеру осы әдіспен немесе механикалық жолмен тіл – таңдай түбі қатысында айтылатын – г дыбысын қалыптастыру негіз болады [1, 9].
Көптеген жағдайда дыбыс туыстығын екі бағытта пайдалануға болады. Мысалы, – ш дыбысы дұрыс айтылса, ол артикуляциясы тілдің сәйкес жолымен сипатталатын –р дыбысын қалыптастыруға негіз болады. Керісінше –р дыбысы да –ш дыбысын қалыптастыруға өте қолайлы.
Бала жеке дыбысты дұрыс айтып үйренген соң міндетті түрде дыбысты машықтандыру кезеңіне ауысу қажет. Қойылған дыбысты бекіту жұмысы жүйелікпен және кезекпен жүргізіледі. Бұл кезең дайындық және дыбысты қою кезеңінен бастап дыбыс айтудың ауытқуының себебі қандай болмасын жұмыс бірдей кезектілікпен жүргізіледі: қойылған дыбысты буында (ашық, тұйық, бітеу) машықтандыру; сөзде (сөздің басында, ортасында, аяғында); сөз тіркесінде; сөйлемде; байланыстырып сөйлеуде дыбысты дұрыс айтуға машықтандыру: дыбысты күнделікті сөйлеу тілінде машықтандыру. Дыбысты дұрыс айтуға машықтандыру үшін жаттығу материалын таңдаған кезде фонетикалық, талаптарды еске алу, айту қиындықтарын сатылап арттыруды сақтау керек. Сонымен қатар сөздік материалдарының /сөз, сөз тіркесі/ мәні балаға түсіну мүмкіндігінше күнделікті қолданыстағы сөздерден алынуға тиіс. Қарапайым жаттығулардан барынша күрделі сөйлеу қызметіне біртіндеп көшу өте маңызды. Мысалы: логопед ілесе қарапайым буындар мен сөздерді қайталаудан бастап, дауыстап оқуға, заттарды атауға , суреттер бойымен суреттерден бейнеленген қарапайым көріністерді сипаттауға , есептерге , өлеңді, жұмбақты, мақал мен мәтелді, жаңылтпашты тиісті дыбысты қатыстырып жатқа айтуға, одан әрі сұрақтарға толымды жауап беруге, суреттер сериясын әңгімелеп беруге, ақырында еркін әңгімелесуге ұмтылу керек. Алайда есте болатын жай – түрлі дыбыстардың айтылу кемшілігін түзету қиындығының дәрежесі көбінесе бұл кемшіліктердің сипатына және бағытына және ерекшелігіне байланысты. Сондықтан дыбысты түзету ретін анықтағанда тілдің фонетикалық қалпын сипаттайтын мәліметтерге алдын-ала арнаулы сынақтарға сүйену керек, олар кемшіліктердің түзетуге икемділік дәрежесін білуге көмектеседі[1, 9].
Қойылған дыбысты ұқсас дыбыстардан ажырату кезеңінде логопедиялық жұмыс , дыбысты дұрыс айтуға машықтандыру кезеңіндегідей жүйемен жүргізіледі, яғни жеке дыбысты ажырату , сосын дыбысты, буында, сөзде, сөйлемде ажырату. Дыбыстың бұзылуын түзету барысында Г.С. Оразаеваның зерттеу жұмысындағы ғылыми тұрғыдан негізделген ұлттық ойындар түрлерін логопед өз тәжірибесінде кеңінен қолдануына болады.
Тіл кемшіліктерін түзетуге арналаған логопедтің жұмыс тиімділігінің қажетті шарты – оның сенімді жабдықталуы. Жабдықтар ең кем дегенде мыналарды қамтиды.
оқушы мен логопедтің бетін қатар көрсете алатын үлкен айна;
шпательдер мен зондтар, тазалық құралдары;
сөзді жазып, қайталайтын магнитофон;
тыныс алуды дамытуға қажетті ойыншықтар, альбом құралдары;
дыбыс айтылуын зерттеуге қажетті суреті бар альбом;
түрлі дыбыс топтарына қажетті сөйлеу материалдарымен жұмыс істеу үшін суреттер, суретті лото;
түрлі дыбыстың айтылуына бекітуге қажетті тілдік материалы бар кітап – құралдар;
әр класқа арналаған оқу материалы бар кітап;
Сөйлесуді көзбен бақылау /фиброскоп «Двин» / немесе сөйлеу органдарына механикалық әсер етуге арналған түрлі приборлар мен құралдар шыққан сайын, олар да жабдықтар жиынтығына өтуге тиіс. Нақты дыбыстардың айтылу кемшіліктерін түзету тәсілдерін сипаттауға көшпестен бұрын бұл кемшіліктердің ішінде дыбыстың өзгеруінен туатындары, сонымен қатар бір дыбысты өзге дыбыспен ауыстырудан пайда болатындары бар екенін атап көрсету керек. Кемшіліктердің алғашқы – антропофоникалық, соңғысы –фонологиялық деп аталады. Антропофоникалық кемшіліктің үлгісі – р дыбысын тамақпен айту немесе – с дыбысын тіске қысып айту бола алады. Фонологиялық кемшіліктің мысалы –ш орнына –с алмастыру / «маса» – маша/, немесе – р орнына – л / «ара» – ала/, сонымен қатар фонологиялық кемшілік аралас дыбыс түрінде де кездеседі. Бұндай жағдайда дыбысты дұрыс айта тұрып, оларды сөйлеу кезінде шатастырып алады. Мысалы: Самат маған көрші тұрады, қате айтылуы «Шамат маған көрсі тұрады». Бұндай жағдайда дыбыстардың артикуляциясын қалыптастыру қажет болмағандықтан біздің қарастыруымыздан тыс қалады. Сонымен қатар дыбыстың тұрақты алмастыруын түзету кезінде мынандай жағдайды ескерген жөн. Жаңа артикуляцияны меңгерген кезде біраз уақыт жаңа қойылған дыбыс пен бұрынғы ауыстырып айтылған дыбысты сөйлегенде жиі қолданылады. Мысалы, ш дыбысы с дыбысымен алмастырылады дедік. Енді ш дыбысын дұрыс айтып үйренгенде біраз уақыт с дыбысы бар сөздерде ш дыбысы қолданылады. Сабын – шабын, қасық – қашық т.б. Фонологиялық қателіктер уақытша сипат алуына қарамастан жазу қателіктеріне де соқтыруы мүмкін. Сондықтан фонологиялық қателікті түзету нәтижесінде бекіте отырып дифференциялық мақсатына тиісті дыбыстарды және буын мен сөздегі әріптерді салыстырып отыратын жаттығуларға көңіл бөлу керек. Түрлі дыбыстардың айтылуы кемшіліктерін сипаттау барысында осы кемішіліктердің пайда болуына себеп болатын оларды түзетілуіне кедергі болатын аппаратының шеткі бөліктерінің құрылысындағы кейбір ақаулықтар ескертіледі. Бірақ есте болатын жай бір жағынан айту кемшіліктері кейде сөйлеу аппаратының өте дұрыс, құрылымы бұзылған жағдайында да бола берсе, кейде сөйлеу аппаратының елеулі кемшілігіне қарамастан сөйлеу тілінің фонетикалық жағы дұрыс дамуы жиі кездеседі. Бұл фактілер жоғарыда жүйке қызметінің ерекше икемділігінің куәсі, дұрыс сөйлеу үшін сөйлеу аппаратының зор мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Шеткі сөйлеу аппаратының құрылымының анық ауытқушылықтары жағдайында дыбыстарды дұрыс айту мүмкіндігін ескертудің маңыздылығы сонда, кейде бұл ауытқушылықтарды дыбыстың айтылу кемшіліктігін түзетуді жүзеге асыратын фактор ретінде аса мән беру кездеседі. Тек ерін, тіс, таңдай, жақ, тіл құрылысындағы ең ауыр ауытқушылықтар болғанда ғана логопедиялық жұмыстан бұрын хирургиялық операция реттеу немесе протездеу түріндегі медициналық әсерді қажет ететінін көптеген тәжірибелер көрсетуде. Бұндай әсердің қажеттігін логопед пен дәрігер /стомотолог, отоларинголог/ бірлесіп шешеді.
Балалар дыбысты түзетуге арналған жаттығуларды жақсы көреді және бірін-бірі тексеруге, қадағалауға, бір-біріне дыбысты айтуға, артикуляциялық, тыныс алу жаттығуларына қызығушылық танытады. Олар дыбыс ойындарын ойнағанды, дыбыстарды айыру, сөздерді, өлеңдер мен тақпақтарды жаттағанды ұнатады. Дыбысты дұрыс айтуды үйренген бала жеңісіне қатты қуанып, мақтанышпен үйренген дыбысын қайталап айта алады, ұялмай еркін сөйлесе алады. Дыбыс айту бұзылыстарын түзеу балаға сауатты оқу, жазуды меңгеруіне ықпал жасайды және де қандай да болсын ортада өз ойын анық жеткізуіне мүмкіндік береді.
Әдебиеттер:
Гумарова Л. Дыбыс айту бұзылыстары және оларды түзету жолдары //Дефектология. – 2013.- №3
Өмірбекова Қ.Қ., Оразаева Г.С. Логопедия. – Алматы, 2011.
Өмірбекова Қ.Қ. Дыбыс айту кемшіліктері және түзету жолдары. - Алматы, 2005.
Достарыңызбен бөлісу: |