36.Дамудың қатерлі кезеңдері. Қатерлі кезеңдер туралы түсінік. Қатерлі кезеңдер деп әр түрлі зақымдағыш факторлардың әсеріне ұрық дамуының ең сезімтал кезеңдерін айтады. Басқаша айтсақ, бұл сыртқы орта факторларының әсеріне ұрық резистенттігінің (төзімділігінің) ең төмен кезеңдері. Қатерлі кезеңдерде зақымдаушы экзогендік факторлар химиялық заттар, дәрі-дәрмектер, рентген сәулелері, гипоксия, наркотиктер, никотин, вирустар және т.б. болуы мүмкін. Бірақ, ұрық кез-келген кезеңдерде барлық зақымдаушы факторларға бірдей сезімтал емес. Бір кезеңде ол температуралық әсерлерге сезімтал болса, басқасында химиялық әсерлерге сезімтал болады. Дамушы мүшелер мен жүйелердің арасында бас миының алатын орны бөлек. Плаценталық барьер арқылы өтетін химиялық заттар мен дәрі - дәрмектер жүктіліктің алғашқы айында ұрық үшін өте қауіпті. Себебі олар метаболизденбейді және тіндер мен мүшелерде жоғары концентрациялы күйде жинақталады. Наркотиктік заттар жүйке жүйесінің дамуын бұзады. Вирустар дамудың ауытқуларын тудырады, тіпті құрсақ ішілік өлімге алып келеді. Ауытқулар мен кемтарлықтың алдын алу үшін бұл заңдылықтар жүкті әйелдер мен дәрігерлердің назарларынан тыс қалмауы тиіс.Адам ұрығы дамуының қатерлі кезеңдері. Әйгілі орыс эмбриологы П.Г.Светлов адамның эмбриондық дамуында үш қатерлі кезеңді көрсетеді:имплантация (ұрықтанудан кейін 6-7 тәулік), плацентация (жүктіліктің екінші аптасының соңы) және перинаталдық (ананың босануы, нәрестенің дүниеге келу уақыты) кезең. Ұрықтың сезімталдығы тіршілік ету жағдайларының өзгеруіне байланысты және организмдегі барлық мүшелер жүйесіндегі (қан айналу, тыныс алу, қоректену және т.б.) қайта құрылуларға сәйкес келеді. Имплантацияда ұрық жатыр қабырғасына еніп, шұңқыр пайда болады. Ол аналық тіннің бұзылған өнімдерімен толтырылады. Жүктіліктің алғашқы екі аптасында ұрық осы шұңқырдағы қоректік материалды (гистиотрофтық қоректену типін) пайдаланады. Плацентацияда ұрық пен ана арасында тығыз байланыс қалыптасады, ұрықтың қоректенуі, тыныс алуы анасының қаны арқылы (гематотрофтық қоректену типі) жүреді. Перинаталдық туылу кезеңінде нәресте анасының жатырынан сыртқы ортаға шығады, өздігінен тыныс алады, қоректенеді, зәр шығарады және т.б. автономдық тіршілік ету процестері басталады.
Жалпы қарастырғанда адам онтогенезінің бірнеше қатерлі кезеңдері атап кетуге болады: 1) жыныс жасушаларының дамуы - овогенез және сперматогенез; 2) ұрықтану; 3) (имплантация ұрықтанудан кейін 6-7 тәулік), 4) мүшелердің білік бастамаларының дамуы және плацентаның қалыптасуы (дамудың 3-8-ші аптасы); 5) бас миының қарқынды өсу стадиясы (15-20-шы апта); 6) организмнің негізгі функциялық жүйелерінің қалыптасуы және жыныстық аппараттың дифференциялануы (20-24-ші апта); 7) нәрестенің дүниеге келуі; 8) нәрестелік (1 жасқа дейін); 9) жыныстық жетілуі (11-16 жас).
Достарыңызбен бөлісу: |