71-бап. Жәбiрленушi
1. Қылмыстық құқық бұзушылық өзіне тікелей моральдық, дене немесе мүлiктiк зиян келтiрілдi деп ұйғаруға негiзі бар адам қылмыстық процесте жәбiрленушi деп танылады.
2. Есi дұрыс емес адам жасаған, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде тыйым салынған әрекетпен оған зиян келтiрiлген жағдайларда да адам жәбiрленушi деп танылады.
3. Адам қылмыстық процесте тиісті қаулы шығарылғаннан кейін жәбірленуші деп танылады. Егер қылмыстық процесс барысында оның бұл жағдайда болуына негiздер жоқ екенi анықталса, қылмыстық процестi жүргiзушi орган өз қаулысымен адамның iске жәбiрленушi ретiнде қатысуын қысқартады.
4. Жәбiрленушiге қылмыстық процесте азаматтық қуынымға құқығы түсіндіріледі және қылмыстық құқық бұзушылықпен келтiрiлген мүлiктiк зиянды, сондай-ақ осы Кодексте белгiленген қағидалар бойынша өкiлге арналған шығындарды қоса есептегендегi, оның қылмыстық процеске қатысуына байланысты келтiрiлген шығындарды өтеу қамтамасыз етiледi.
5. Жәбiрленушiнiң өзiне келтiрiлген моральдық зиянды өтеу туралы қуынымы қылмыстық процесте қаралады. Егер мұндай қуынымды ол ұсынбаса не қараусыз қалдырса, онда жәбiрленушi оны азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiнде қоюға құқылы.
6. Жәбірленушінің:
1) келтірілген күдік пен айыптау туралы білуге;
2) ана тілінде немесе өзі білетін тілде айғақ беруге;
3) дәлелдемелер ұсынуға;
4) өтінішхатты және қарсылықты мәлімдеуге;
5) аудармашының тегін көмегін пайдалануға;
6) өкілінің болуына;
7) қылмыстық қудалау органы одан дәлелдеу құралы ретінде алып қойған немесе өзі берген мүлікті, сондай-ақ қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетті жасаған адамнан алып қойылған өзіне тиесілі мүлікті алуға, өзіне тиесілі құжаттардың түпнұсқаларын алуға;
8) заңда көзделген жағдайларда күдіктімен, сотталушымен, оның ішінде медиация тәртібінде татуласуға;
9) өзінің қатысуымен жүргізілген тергеу іс-әрекеттерінің хаттамаларымен танысуға және оларға ескертулер беруге;
10) тергеушінің немесе анықтаушының рұқсатымен өз өтініші не өз өкілінің өтініші бойынша жүргізілетін тергеу іс-әрекеттеріне қатысуға;
11) сотқа дейінгі тергеу аяқталғаннан кейін істің барлық материалдарымен танысуға, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, одан кез келген көлемде және кез келген мәліметті көшіріп алуға;
12) оған және оның отбасы мүшелеріне қауіпсіздік шараларын беру туралы, күдіктіге қатысты жақындауға тыйым салуды қолдану туралы өтінішхатты мәлімдеуге;
13) оны жәбірленуші деп тану туралы немесе одан бас тарту туралы, сотқа дейінгі тергеуді қысқарту туралы қаулылардың көшірмелерін, айыптау актісінің көшірмесін, сондай-ақ бірінші, апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларындағы сот үкімі мен қаулыларының көшірмелерін алуға;
14) бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау сатыларындағы сотта істі сот талқылауына қатысуға;
15) сот жарыссөздерінде сөйлеуге;
16) айыптауды, оның ішінде мемлекеттік айыптаушы айыптаудан бас тартқан жағдайда да қолдауға;
17) әрбір беттегі мәтіннің соңғы жолының астына және хаттаманың соңына өз қолын қоя отырып, ал сот отырысы хаттамасының бір бөлігімен танысқан кезде әрбір беттің соңына және осы бөліктің соңына қол қоя отырып сот отырысының хаттамасымен; ал сот отырысын дыбыс-бейне жазбаға түсіру қолданған жағдайда – хаттаманың соңына қол қоя отырып, хаттамаға ескертулер беруге;
18) қылмыстық процесті жүргізетін органның іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым беруге;
19) соттың үкімі мен қаулысына шағым жасауға;
20) іс бойынша әкелінген шағымдар мен наразылықтар туралы білуге және оларға қарсылық беруге, оларды қарауға қатысуға;
21) өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін заңға қайшы келмейтін өзге де тәсілдермен қорғауына;
22) қорғау тарапы кінәні мойындау туралы мәмілелер түріндегі іс жүргізу туралы іс жүргізетінлік келісім жасасу туралы өтініш берген жағдайда келісімнің шарттары мен салдары туралы білуге және оның келісміне қарсылық білдіруге құқығы бар.
Осы Кодекстің 76-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда жәбірленушіге заң көмегі тегін көрсетіледі.
7. Жәбірленушінің, ал ол қайтыс болған жағдайда – оның құқықтық мирасқорларының аса ауыр қылмыспен келтірілген мүліктік зиян үшін, егер осындай қылмыс үшін сотталған адамның осы қылмыспен келтірілген залалды өтеу үшін жеткілікті мүлкі болмаса, бюджет қаражаты есебінен ақшалай өтемақы алуға құқығы бар. Мұндай жағдайда бюджет қаражаты есебінен ақшалай өтемақы төлеу туралы мәселені жәбірленушінің не оның құқықтық мирасқорының арызы бойынша үкімді шығарған сот шешеді. Егер залал жүз елу айлық есептік көрсеткіштен аспаса, көрсетілген жағдайларда жәбірленуші залалды толық көлемде өтетуге құқығы бар.
8. Жәбiрленушi: қылмыстық процестi жүргiзушi органның шақыруы бойынша келуге, iс бойынша барлық белгiлi мән-жайларды шынайы хабарлауға және қойылған сұрақтарға жауап беруге; өзiне iс бойынша белгiлi мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етпуге; тергеу іс-әрекеттерiн жүргiзу кезiнде және сот отырысы уақытында белгiленген тәртiптi сақтауға мiндеттi.
9. Жәбiрленушi дәлелсiз себептермен шақыру бойынша келмеген кезде ол осы Кодекстiң 157-бабында көзделген тәртiпте мәжбүрлеп әкелуге ұшырауы және осы Кодекстің 160-бабының тәртібінде оған ақшалай жаза қолданылуы мүмкiн.
10. Жәбiрленушi айғақ беруден бас тартқаны үшiн және көрінеу жалған айғақ бергенi үшiн заңға сәйкес қылмыстық жауапқа тартылады.
11. Зардабы адамның қайтыс болуына әкеп соққан қылмыстар туралы істер бойынша жәбiрленушiнiң осы бапта көзделген құқықтарын қайтыс болған адамның жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) жүзеге асырады. Егер жәбiрленушiнiң құқықтарын беруге қылмыстық құқық бұзушылық арқылы моральдық зиян келтiрiлген бiрнеше адам үмiткер болып отырса, олардың бәрi не олардың арасындағы келiсiм бойынша олардың бiреуi жәбiрленушi болып таныла алады.
12. Қылмыспен оған моральдық немесе мүліктік зиян келітірілген болса, заңды тұлға жәбірленуші болып танылуы мүмкін. Бұл жағдайда жәбірленушінің құқықтары мен міндеттерін заңды тұлғаның өкілі жүзеге асырады.
72-бап. Жеке айыптаушы
1. Жеке айыптау iсi бойынша сотқа шағым берген және сотта айыптауды қолдаушы адам, сондай-ақ мемлекеттiк айыптаушы айыптаудан бас тартқан жағдайда сотта айыптауды дербес қолдаушы, жариялы және жеке-жариялы айыптау iсi бойынша жәбiрленушi жеке айыптаушы болып табылады.
2. Жәбiрленушi кәмелетке толмаған немесе әрекет қабiлетi жоқ жағдайда өтiнiш, сұрау бiлдiрген немесе шағым берген оның заңды өкiлi жеке айыптаушы болып саналады.
3. Жеке айыптаушы жәбiрленушiнiң барлық құқықтарын пайдаланады және барлық мiндеттерiн алады, сондай-ақ осы Кодекстiң 411-бабының үшiншi және бесінші бөлiктерiнде көзделген құқықтарға ие болады.
4. Жеке айыптаушы оған тиесiлi құқықтарды пайдаланады және өзiне жүктелген мiндеттердi жеке немесе егер ол құқықтар мен мiндеттердiң сипатына сәйкес келсе, өкiл арқылы атқарады
73-бап. Азаматтық қуынушы
1. Қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның әрекетімен келтірілген мүліктік немесе моральдық зиянды өтеу туралы талап қойған жеке және заңды тұлға азаматтық қуынушы болып танылады.
2. Азаматтық қуынушы өзi қойған қуынымды қолдау мақсатында:
1) күдіктің (айыптаудың) мәнiн бiлуге;
2) дәлелдемелердi ұсынуға;
3) қойылған қуыным бойынша түсiнiктеме беруге;
4) қылмыстық iске қосу үшiн материалдар ұсынуға;
5) өтiнiштер мен қарсылықтар мәлiмдеуге, ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде айғақ пен түсiнiктеме беруге;
6) аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға, өкiлi болуына;
7) өзiнiң қатысуымен жүргiзiлетiн тергеу іс-әрекеттерiнiң хаттамаларымен танысуға;
8) прокурордың, тергеушiнiң немесе анықтаушының рұқсатымен өзiнiң өтiнiшi бойынша немесе өкiлiнiң өтiнiшi бойынша жүргiзiлген тергеу іс-әрекеттерiне қатысуға;
9) тергеу аяқталғаннан кейiн азаматтық қуынымға қатысты iстiң материалдарымен танысуға және одан мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, кез келген көлемде кез келген мәлiметтi көшiрiп алуға;
10) өзiнiң мүддесiн қозғайтын қабылданған шешiмдер туралы бiлуге және мәлiмделген азаматтық қуынымға қатысты iс жүргiзу шешiмдерiнiң көшiрмелерiн алуға;
11) кез келген сот сатысында азаматтық қуынымды қарауға қатысуға;
12) сот жарыссөздерiнде сөйлеуге;
13) сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертулер беруге;
14) қылмыстық процестi жүргiзушi органның іс-әрекеттерi мен шешiмдерiне шағым жасауға;
15) азаматтық қуынымға қатысты бөлiгiнде соттың үкiмi мен қаулыларына шағымдануға;
16) азаматтық қуыным бөлiгiнде iс бойынша жасалынған шағымдар мен наразылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылық бiлдiруге;
17) мәлiмделген шағымдар мен наразылықтарды соттың қарауына қатысуға;
18) осы Кодекстiң 173-бабының бірiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда қылмыспен келтiрiлген залалға жәбірленушіге өтемақы төлеу қорының есебінен өтемақы алуға;
19) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы мәлімдеуге құқығы бар.
3. Азаматтық қуынушының осы Кодекстiң 71-бабының сегiзiншi бөлiгiнде көзделгендей мiндеттерi болады.
4. Азаматтық қуынушының заңмен көзделген басқа да құқықтары бар және басқа да мiндеттерi болады.
74-бап. Азаматтық жауапкер
1. Қылмыстық iсте қуыным қойылған жеке немесе заңды тұлға азаматтық қуынушы деп танылады.
2. Азаматтық жауапкердің оған қойылған қуынымға байланысты өзiнiң мүдделерiн қорғау мақсатында:
1) күдік (айыптау) пен азаматтық қуынымның мәнiн бiлуге;
2) қуынымға қарсылық бiлдiруге, қарсы қуыным қоюға;
3) қойылған қуынымның мәнi бойынша түсiнiктеме және айғақ беруге;
4) өкiлi болуына;
5) қылмыстық iске қосу үшiн материалдар ұсынуға;
6) өтiнiштер мен қарсылықтар бiлдiруге;
7) тергеу аяқталғаннан кейiн iстiң азаматтық қуынымға қатысты материалдарымен танысуға және мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, кез келген көлемде кез келген мәлiметтi көшiрiп алуға;
8) өзiнiң мүддесiн қозғайтын қабылданған шешiмдер туралы бiлуге және мәлiмделген азаматтық қуынымға қатысты iс жүргiзу шешiмдерiнiң көшiрмелерiн алуға;
9) кез келген сот сатысындағы азаматтық iстi қарауға қатысуға;
10) сот жарыссөздерiнде сөйлеуге, қылмыстық процестi жүргiзушi органның іс-әрекеттерi мен шешiмдерiне шағым әкелуге;
11) сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертулер беруге;
12) азаматтық қуынымға қатысты бөлiгiнде соттың үкiмi мен қаулысына шағымдануға;
13) азаматтық қуынымға қатысты бөлiгiнде iс бойынша келтiрiлген наразылықтар мен шағымдар туралы бiлуге және оларға қарсылық бiлдiруге;
14) мәлiмделген шағымдар мен наразылықтарды соттың қарауына қатысуға;
15) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы мәлімдеуге құқығы бар.
3. Азаматтық жауапкердiң осы Кодекстiң 71-бабының сегізінші бөлiгiнде көзделгендей мiндеттерi болады.
4. Азаматтық жауапкердiң заңда көзделген басқа да құқықтары бар және басқа да мiндеттерi болады.
75-бап. Кәмелетке толмаған күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның заңды өкiлдерi
1. Кәмелетке толмағандар немесе есі дұрыс еместігін жоққа шығаруға болмайтын, психикалық ауытқушылықтан зардап шегетін адамдар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша iске қатысуға осы Кодексте көзделген тәртiпте олардың заңды өкiлдерi тартылады.
2. Егер сотқа дейінгі іс жүргізу немесе сот талқылауы осы Кодексте көзделген жағдайларда, күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам жоқ кезде жүзеге асырылса, қылмыстық іске олардың заңды өкілдері қатыса алады.
76-бап. Жәбiрленушiнiң, азаматтық қуынушының және жеке айыптаушының өкiлдерi
1. Қылмыстық процесте жәбiрленушiнiң, азаматтық қуынушының және жеке айыптаушының заңды мүдделерiн бiлдiруге заң күшiмен құқығы бар және қылмыстық процестi жүргiзушi органның қаулысымен iске қатысуға рұқсат етiлген адвокаттар мен өзге де адамдар жәбiрленушiнiң, азаматтық қуынушының және жеке айыптаушының өкiлдерi болуы мүмкiн.
2. Кәмелетке толмаған немесе өзінің дене немесе психикалық жағдайы бойынша өз құқықтары мен заңды мүдделерін өз бетінше қорғау мүмкіндігінен айырылған жәбірленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін процеске міндетті түрде қатысуға олардың заңды өкілдері мен өкілдері тартылады.
Мұндай жағдайларда жәбірленушінің өкілі ретінде жәбірленуші не оның заңды өкілі таңдаған адвокатқа рұқсат беріледі. Егер жәбірленушінің өзі немесе оның заңды өкілі адвокат шақырмаған жағдайда, адвокаттардың кәсіби ұйымы немесе оның құрылымдық бөлімшелері үшін міндетті қаулы шығару арқылы қылмыстық процесті жүргізетін орган адвокаттың қатысуын қамтамасыз етеді. Қылмыстық процесті жүргізетін орган нақты адвокатты қорғаушы ретінде шақыруды ұсынуға беру құқылы емес.
Жәбірленушіде немесе оның заңды өкілінде қаражат болмаған жағдайда, адвокаттың еңбегіне ақы төлеу осы Кодексте белгіленген тәртіпте бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
3. Жәбiрленушiнiң, азаматтық қуынушының және жеке айыптаушының заңды өкiлдерi мен өкiлдерiнiң өздерi өкiлi болып отырған жеке және заңды тұлғалар сияқты, осы Кодексте көзделген шектерде, iс жүргiзу құқығы болады.
4. Жәбiрленушi, азаматтық қуынушы, жеке айыптаушы өкiлiнiң өзi өкiлi болып отырған процеске қатысушының мүдделерiне қайшы қандай да болсын іс-әрекеттер жасауға құқығы жоқ.
5. Жәбiрленушiнiң, азаматтық қуынушының және жеке айыптаушының процеске өзiнiң қатысуы олардың осы iс бойынша өкiлге ие болу құқығын жоймайды.
77-бап. Азаматтық жауапкердiң өкiлдерi
1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуде азаматтық жауапкердiң заңды мүдделерiн бiлдiруге заң күшiмен құқығы бар және қылмыстық процестi жүргiзушi органның қаулысымен iске қатысуға рұқсат етiлген адвокаттар және өзге де адамдар азаматтық жауапкердiң өкiлдерi деп танылады.
2. Азаматтық іс жүргізу кодексіне сәйкес азаматтық жауапкер өкiлдерiнiң өздерi өкiлi болып отырған жеке және заңды тұлғалар сияқты iс жүргiзу құқығы болады.
3. Азаматтық жауапкер өкiлiнiң өзi өкiлi болып отырған процеске қатысушының мүдделерiне қайшы қандай да болмасын іс-әрекеттер жасауға құқығы жоқ.
4. Азаматтық жауапкердiң iске өзiнiң қатысуы олардың осы iс бойынша өкiлге ие болу құқығын жоймайды.
10-тарау. Қылмыстық процеске қатысатын өзге де адамдар
78-бап. Куә
1. Айғақ беру үшiн куә ретiнде iс үшiн маңызы бар қандай да болсын мән-жай белгiлi болуы мүмкiн кез келген адам шақырылуы және одан жауап алынуы мүмкiн.
Егер адамға жәбірленушінің рапортында (мәлімдемесінде) немесе өзге де іс жүргізу құжатында сотқа дейінгі тергеуді бастауға себебі тікелей көрсетілген, сондай-ақ басқа адамның оған қарсы айғағы болған жағдайда, ол қорғану құқығы бар куә мәртебесіне ие болады.
2. Мыналар:
1) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысуына байланысты, сондай-ақ сот шешiмiн шығару кезiнде туындаған мәселелердi кеңесу бөлмесiнде талқылау барысында өздерiне белгiлi болған iстiң мән-жайлары туралы – судья, алқаби;
2) аралық судьяның немесе төрешiнiң мiндеттерiн атқаруға байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы – аралық судья немесе төрешi;
3) қылмыстық iс бойынша өзiнiң мiндеттерiн орындауына байланысты өзiне белгiлi болған жағдайлар туралы – күдіктiнiң, айыпталушының, сотталушының қорғаушысы, сонымен бiрдей жәбiрленушiнiң, азаматтық қуынушының және азаматтық жауапкердiң өкiлi, сондай-ақ куәнің адвокаты;
4) оған iшкi сырын ашқаннан белгiлi болған мән-жайлар туралы – дiни қызметшi;
5) өзiнiң жасының толмауына не психикалық немесе дене кемiстiктерiне орай тергеу үшiн маңызы бар мән-жайларды дұрыс түсiнуге және олар туралы айғақ беруге қабiлетсiз адамдар;
6) заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, медиацияны жүргізуге байланысты оған белгілі болған мән-жайлар туралы – медиатор куә ретiнде жауап алуға жатпайды;
7) ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін жағдайларды қоспағанда, өз қызметін жүзеге асыруға байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары – өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы куә ретінде жауап алуға жатпайды.
3. Куәнiң:
1) қылмыстық жазаланатын әрекет немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн оның өзi, жұбайы (зайыбы) немесе жақын туыстары үшiн қудалауға әкеп соқтыратын айғақ беруден бас тартуға;
2) өзiнiң ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде айғақ беруге;
3) аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға;
4) одан жауап алуға қатысушы аудармашыдан бас тартуды мәлімдеуге;
5) жауап алу хаттамасына айғақтаманы өз қолымен жазуға;
6) анықтаушының, тергеушінің, прокурордың және соттың iс-әрекетiне шағым жасауға, өз құқықтары мен заңды мүдделерiне қатысты, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішхатты мәлімдеуге құқығы бар.
Куә өзінің адвокатының қатысуымен айғақ беруге құқылы. Адвокаттың сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адам белгілеген уақытта келмеуі куәдан адвокаттың қатысуынсыз оның келісімімен жауап алуды жүргізуге кедергі келтірмейді.
4. Қорғануға құқығы бар куә:
1) қылмыстық жазаланатын әрекет немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн оның өзi, жұбайы (зайыбы) немесе жақын туыстарын қудалауға әкеп соқтыратын айғақ беруден бас тартуға;
2) дербес немесе өзінің туыстары арқылы адвокат шақыртуға;
3) жауап алу басталғанға дейін қорғаушы ретінде қатысушы өзі таңдаған адвокаттың қатысуымен айғақ беруге;
4) өзiнiң ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде айғақ беруге;
5) аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға;
6) одан жауап алуға қатысушы аудармашыдан бас тартуды мәлімдеуге;
7) жауап алу хаттамасына өз айғақтамасын өз қолымен жазуға;
8) жедел-іздестіру және жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарын қоспағанда, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттармен танысуға;
9) өзінің қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен танысуға және оларға ескертулер беруге, дәлелдемелер ұсынуға;
10) құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты, оның ішінде сараптама жүргізу және қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішхатты мәлімдеуге;
11) қарсылық білдіруді мәлімдеуге;
12) өзіне қарсы куә болғандармен беттесуге;
13) анықтаушының, тергеушінің, прокурордың іс-әрекетіне шағым білдіруге құқылы.
5. Куә:
1) анықтаушының, тергеушінің, прокурордың және соттың шақыруы бойынша келуге;
2) іс бойынша барлық белгілі нәрселерді шындықпен хабарлауға және қойылған сұрақтарға жауап беруге;
3) егер ол туралы анықтаушы, тергеуші немесе прокурор өзіне ескерткен болса, іс бойынша өзіне белгілі мән-жайлар туралы мәліметтерді жарияламауға;
4) тергеу іс-әрекеттерін жүргізген кезде және сот отырысы уақытында белгіленген тәртіпті сақтауға міндетті.
Қорғану құқығы бар куә: соттың, прокурордың, сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адамның шақыруы бойынша келуге; тергеу іс-әрекеттерін жүргізген кезде және сот отырысы уақытында белгіленген тәртіпті сақтауға міндетті.
6. Куә, оның ішінде қорғану құқығы бар куә осы Кодекстiң 223, 271-баптарында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, сараптамаға немесе куәландырылуға тартылмайды.
7. Жалған айғақ бергенi үшiн және айғақ беруден бас тартқаны үшiн куә және басқа адамдарға қатысты жалған айғақ бергені үшін қорғану құқығы бар куә Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген қылмыстық жауапқа тартылады. Айғақтар беруден жалтарғаны немесе қылмыстық процестi жүргiзушi органның шақыруы бойынша дәлелсiз себептермен келмегені үшін куәға, оның ішінде қорғану құқығы бар куәға осы Кодекстің 160-бабына сәйкес ақшалай жаза қолданылуы мүмкін.
79-бап. Сарапшы
1. Сарапшы ретінде арнаулы ғылыми білімі бар, іске мүдделі емес адам шақырылуы мүмкін. Сараптама жүргізу тапсырылуы мүмкін адамға қойылатын өзге де талаптар осы Кодекстің 273-бабының бірінші бөлігінде белгіленеді.
2. Сарапшыны шақыру, сараптама тағайындау және жүргізу осы Кодекстің 35-тарауында, сондай-ақ 373-бабында көзделген тәртіпте жүзеге асырылады.
3. Сарапшының:
1) сараптама мәнісіне қатысты материалдармен танысуға;
2) қорытынды беру үшін қажетті қосымша материалдарды өзіне беру туралы, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішхатты мәлімдеуге;
3) қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатымен іс жүргізу әрекеттерін жүргізуге және сот отырысына қатысуға және оларға қатысушы адамдарға сараптама мәнісіне қатысты сұрақтар қоюға;
4) өзі қатысқан іс жүргізетінлік іс-әрекеттің хаттамасымен, сондай-ақ тиісті бөлігінде сот отырысының хаттамасымен танысуға және өзінің әрекеттері мен айғақтарының толық және дұрыс көрсетілуіне қатысты хаттамаларға енгізілуге тиісті ескертулер жасауға;
5) сараптама тағайындаған органның келісімі бойынша сот-сараптамалық зерттеу барысында анықталған, тергеу үшін маңызы бар, сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда қамтылған мәселелердің шегінен тыс мән-жайлар бойынша өз құзыреті шегінде қорытынды беруге;
6) ана тілінде немесе өзі білетін тілде қорытынды ұсынуға және айғақтар беруге; аудармашының тегін көмегін пайдалануға; аудармашыдан бас тартуды мәлімдеуге;
7) сараптама жүргізу кезінде қылмыстық процесті жүргізетін органның және іс бойынша іс жүргізуге қатысушы өзге де адамдардың өзінің құқықтарына нұқсан келтіретін шешімдері мен іс-әрекеттеріне шағым жасауға;
8) сараптама жүргізу кезінде келтірілген шығыстарға өтем және егер сот сараптамасын жүргізу өзінің лауазымдық міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, орындалған жұмысы үшін сыйақы алуға құқығы бар.
4. Сарапшы:
1) қылмыстық процесті жүргізетін органды хабардар етпестен, процеске қатысушылармен сараптама жүргізуге байланысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге;
2) зерттеу үшін материалдарды дербес жинауға;
3) егер сараптама тағайындаған органның бұған арнайы рұқсаты болмаса, объектілерді толық немесе ішінара жоюға не олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгертуге әкеліп соғуы мүмкін зерттеулер жүргізуге құқылы емес.
5. Сарапшы:
1) қылмыстық процесті жүргізетін органның шақыртуы бойынша келуге;
2) өзіне ұсынылған объектілерге жан-жақты, толық және объективті зерттеу жүргізуге, қойылған мәселелер бойынша негізделген және объективті жазбаша қорытынды беруге;
3) осы Кодекстің 284-бабында көзделген жағдайларда қорытынды беруден бас тартуға және қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы дәлелді жазбаша хабарлама жасауға және оны қылмыстық процесті жүргізетін органға жіберуге;
4) жүргізілген зерттеуге және берілген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша айғақтар беруге;
5) зерттеуге ұсынылған объектілердің сақталуын қамтамасыз етуге;
6) істің мән-жайы туралы мәліметтерді және сараптама жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған өзге де мәліметтерді жария етпеуге;
7) сараптама тағайындаған органға сараптама жүргізуге байланысты шығыстардың сметасын және келтірілген шығыстар туралы есепті табыс етуге міндетті.
6. Сарапшы көрінеу жалған қорытынды бергені үшін заңда белгіленген қылмыстық жауаптылықта болады.
7. Сот сараптамасы органының қызметкері болып табылатын сарапшы өз қызметінің сипатына қарай өзінің құқықтарымен және міндеттерімен танысқан және жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертілген деп есептеледі.
80-бап. Маман
1. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге маман ретінде қатысу үшін қылмыстық процестің қатысушыларына өзінің арнайы құзыретіне жататын түсіндіру жолымен дәлелдерді жинауда, зерттеуде және бағалауда, сондай-ақ ғылыми-техникалық құралдарды қолдануда жәрдем көрсету үшін қажетті арнаулы білімі бар, іске мүдделі емес адам тартылуы мүмкін. Кәмелетке толмағандар қатысатын тергеуге және өзге де iс жүргiзу әрекеттерiне қатысушы педагог те, сондай-ақ оны сарапшы етiп тағайындаған жағдайларды қоспағанда, тергеу және өзге де iс жүргiзу процестерiне қатысушы дәрiгер де мамандар болып табылады.
2. Сотқа дейінгі іс жүргізуде зерттеу жүргізу және қорытынды алу қажет болған кезде Қазақстан Республикасы құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органы уәкілетті бөлімшесінің қызметкері маман ретінде тартылуы мүмкін.
3. Маманның:
1) зерттеу мәніне қатысты материалдармен танысуға;
2) өзіне қорытынды беру үшін қажет қосымша материалдар беру туралы өтініш жасауға;
3) өзiнiң шақырылу мақсатын бiлуге;
4) егер тиiстi арнаулы бiлiмi мен дағдысы болмаса, iс бойынша iс жүргiзуге қатысудан бас тартуға;
5) қылмыстық процестi жүргiзетін органның рұқсатымен тергеу немесе сот іс-әрекетiне қатысушыларға сұрақтар қоюға; олардың назарын дәлелдемелердi жинауға, зерттеу мен бағалауға жәрдемдесу және ғылыми-техникалық құралдарды қолдану, iстiң материалдарын зерттеу, сараптама тағайындау үшiн материалдарды дайындау кезiнде өзiнiң iс-әрекетiне байланысты мән-жайларға аударуға;
6) қылмыстық процесті жүргізетін органның тағайындауы бойынша, салыстырма зерттеулердi қоспағанда, сотты осы Кодекстiң 199-бабының тоғызыншы бөлiгiнде көзделген тәртiпте қылмыстық iске қосылатын хаттамада не ресми құжатта көрсету арқылы iстiң материалдарына объектiлердiң толық немесе iшiнара жойылуына не сыртқы түрiнің немесе негiзгi қасиеттерiнiң өзгеруiне әкеліп соқпайтын зерттеулер жүргiзуге. Қазақстан Республикасы құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органы уәкілетті бөлімшесінің маманы қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатымен оның барысы мен нәтижесін осы Кодекстің 117-бабының талаптарына сәйкес ресімделген маманның қорытындысының нәтижелерін көрсете отырып, объектiлердiң iшiнара көлемде жойылуына әкелетін, осы объектілер бойынша сот-сараптамалық зерттеулер жүргізуді жоққа шығармайтын салыстырмалы зерттеулер жүргiзуге;
7) өзi қатысқан тергеу іс-әрекетiнiң хаттамасымен, сондай-ақ сот отырысы хаттамасының тиiстi бөлiгiмен танысуға және өзiнiң қатысуымен жүргiзiлген әрекеттердiң барысы мен нәтижелерiнiң көрсетiлуiнiң толықтығы мен дұрыстығына қатысты хаттамаға енгiзуге жататын мәлiмдемелер мен ескертулер жасауға;
8) қылмыстық процестi жүргiзетін органның iс-әрекетiне шағым жасауға;
9) аудармашының тегін көмегін пайдалануға; аудармашыдан бас тартуды мәлімдеуге;
10) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішхатты мәлімдеуге;
11) өзiнiң тергеу немесе сот әрекеттерiне қатысуына байланысты өзiне келтiрiлген шығындарға өтем және егер iс бойынша iс жүргiзу оның қызметтiк мiндеттерiнiң шеңберiне кiрмейтiн болса, орындалған жұмыс үшiн сыйақы алуға құқығы бар.
4. Маман:
1) қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатынсыз, зерттеу жүргізуге байланысты мәселелер бойынша процеске қатысушылармен келіссөздер жүргізуге;
2) зерттеу материалдарын дербес жинауға құқылы емес.
Аталған шектеулер осы баптың екінші бөлігінде көзделген адамдарға қолданылмайды.
5. Маман:
1) қылмыстық процесті жүргізетін органның шақыруы бойынша келуге;
2) дәлелдердi жинауға, зерттеу мен бағалауға жәрдем көрсету үшiн арнаулы бiлiмiн, дағдысын және ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, тергеу әрекеттерiн жүргiзу мен сот талқылауына қатысуға;
3) өзi орындаған iс-әрекеттер жөнiнде түсiнiктеме беруге, ал осы баптың екінші бөлігінде көзделген жағдайда зерттеу жүргізуге және қорытынды беруге;
4) өзiне iске қатысуына байланысты белгiлi болған iстiң мән-жайлары туралы мәлiметтердi және өзге де мәлiметтердi жарияламауға;
5) тергеу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде және сот отырысы уақытында тәртiп сақтауға;
6) зерттеуге ұсынылған объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
6. Өзiнiң мiндеттерiн орындаудан дәлелсіз себептермен бас тартқаны немесе жалтарғаны үшiн маманға осы Кодекстің 160-бабының тәртібінде ақшалай жаза қолданылуы мүмкін.
Көрінеу жалған қорытынды берген жағдайда маман заңда белгіленген қылмыстық жауапта болады.
Достарыңызбен бөлісу: |