3 бөлім. Спортты оқыту мен тәрбиелеудің психологиялық негіздері
Педагогикалық психология пәні, оның міндеттері мазмұны
Жоспар:
1 Педагогикалық психология
2 Тәлім-тәрбие психологиясының тармақтары
3 Педагогикалық және жас ерекшелік психология
Педагогикалық психология - психологияның тәрбиелеу және оқыту жағдайындағы баланың психикалық іс-әрекетін зерделейтін сала.[1]
Педагогикалық психология - білім беру мен тәрбиелеудің психологиялық негіздерін зерттейді және жастың даму (жас ерекшелігі) психологиясымен тығыз байланысты, өйткені, білім беру мен тәрбиелеудің психологиялық заңдылықтарын оқитындардың жас шамасын және даралық ерекшеліктерін ескермейінше дамыту мүмкін емес. Педагогикалық психология саласындағы зерттеулер білім беру мен тәрбиелеудің мәнін дұрыс түсінуге, оқулықтар мен оқу құралдарына қойылатын әр түрлі талаптарды анықтауға, оқушылардың ақыл-ой әрекеті мен мінез-құлығын басқара отырып, олардың дамуын қамтамасыз ететін білім беру және тәрбиелеудің тиімді тәсілдерін тауып негіздеуге мүмкіндік береді. Педагогикалық психология педагогтар мен оқушылардың арасындағы өзара қатынас мәселелерін, педагогтың жеке басына қойылатын талаптарды зерттейді, педагогикалық қабілеттер мазмұны мен қалыптасу үрдісін ашады. Сонымен қатар оқушылар ұжымындағы өзара қатынастармен, олардың психологиялық даралық ерекшеліктерімен санасып отырудың мүмкіндіктерін іздестіреді. Оқу-тәрбие жұмыстарын және балалардың психологиялық ерекшеліктерін қарастырып, бірқалыпты даму зандылықтарынан ауытқыған балалармен тәлім-тәрбие жұмысын жүргізу әдіс- тәсілдерінің психологиясын зерттейді. Сондай-ақ, ересек адамдармен жұмыс істеудің ерекшеліктерімен және оларды қалай оқыту мәселелерімен де шұғылданады.
Тәлім-тәрбие психологиясының келесі тармақтары бар:
1) Оқыту психологиясы — дидактиканың психологиялық негіздерін, оқыту мен білім берудің жекелеген әдістеме мәселелерін, бағдарлап оқыту мен балалардың ақыл-ойын дамыту сияқты өзге де мәселелерімен айналысады.
2) Тәрбие психологиясы — гуманистік және әлеуметтік тәрбие мәселелерінің психологиясын зерттеп, оқушылар ұжымының, еңбекпен түзету педагогикасының психологиялық негіздеріне қатысты мәселелерді іздестіреді.
Бұлардан басқа мұғалімдер психологиясы, кемтар балаларды (ересектерді де) оқытып тәрбиелеу мәселелерін қамтиды.
Педагогикалық психология — балаларды оқыту мен тәрбиелеу мәселелері туралы білімдерді қарастыратын, сондай-ақ мұғалімдердің, тәрбиешілердің, ата-аналардың, педагогикалық топтар мен ұжымдардың іс-әрекетінің психологиялық негіздерін зерттейтін психология ғылымының саласы. Педагогикалық психология терминін орыс педагогі П.Ф. Каптерев (1849-1922) енгізді. Педагогикалық психология қалыптасуына XIX ғ, ортасындағы сараптау психологиясы тікелей ықпал етті. Педагогикалық психология педагогика мен балалар психологиясымен дифференциалдық психологиямен тығыз байланысты. Педагогикалық психология құрылымы үш бөлімнен тұрады: тәрбие психологиясы, оқыту психологиясы, мұғалім психологиясы. Психологиялық-педагогикалық зерттеу нәтижелері білім беру әдістерімен мазмұнын құрастыру кезінде, оқу құралдарын жасауда, диагностика құралдары мен психикалық даму түзетімін тексеруде қолданылады. Педагогтың жұмыс істеу стилі — педагогикалық үрдісте жетекшілердің оқушылармен қатынас жасау әдістерінің жиынтығы, педагогикалық жұмысқа теориялық және тәжірибелік дайындалудың бірлігі де педагогикалық психология қарастыратын мәселелерінің бірі.
Қазіргі заман ғылымының дамуында оның ғылыми салалар, пәндер мен проблемалық салалардың (жүйелендіру, иерархияландыру, куммулятивтік сияқты беталыстармен қатар) ықпалдасуы мен саралап жіктелінуі сияқты негізгі екі беталысының өзара әрекеттесуі неғұрлым айқын көрініп келеді. Ғылымның ықпалдастығын талдай келе, Ж. Пиаже, Б.Г. Ананьев пен Б.М. Кедров ғылыми білімнің ортасында адам туралы ғылым - психология тұр деп көрсеткен. Ғылыми білім үшбұрышының Б.М. Кедров ұсынған түсіндірмесі (оның шыңы – жаратылыстану ғылымдары, оның тағандарының бұрыштары – философия және қоғамдық ғылымдар, ал оның ортасында осы ғылымдармен психология түйісіп тұр) Ж. Пиаженің келесі пайымдауымен сәйкестендіріледі «...психология барлық басқа ғылымдардың өнімі ретінде ғана маңызды орын алып тұрған жоқ, ол сондай-ақ олардың қалыптасуы мен дамуына түсініктеме бере алушы бастау ретінде де орталық орын алады»
Адам проблемасының ғылым дамуындағы рөлін анығырақ Б.Г. Ананьев [7] анықтайды, оның ойынша адамды тереңірек зерттеу, саралап жіктеу, сонымен бірге осы саладағы барлық зерттеулердің ықпалдасуы адам проблемасының жалпы ғылымдық сипатқа ие болуына ықпалын тигізді. Осы адам мәселесін жаһандандыру беталыстарының педагогикалық психология саласындағы көрінісін кезінде К.Д. Ушинский да байқаған, яғни 1868-1869 жылдардағы «Адам тәрбие пәні ретінде. Педагогикалық антропология тәжірибесі» атты еңбектерінде, адам тәрбиесіне өз үлесін қосқан ғылымдардың бағыныстылығын анықтау негізінде психологияның жетекші рөлі атап көрсетілген.
Өз кезегінде, психология да күрделі ықпалдасқан білім болып табылады, оның құрылымдық көрінісінің негізінде, А.В. Петровскийге сәйкес, келесі психологиялық жақтары алынған: «1) нақты іс-әрекеттің, 2) даму, 3) адамның (дамуы мен іс-әрекеттің субъекті ретінде) қоғамға қатынасы (өзінің іс-әрекеті мен іске асатын дамуы)» Педагогикалық психология көбінесе «нақты іс-әрекет» негіздемесі бойынша ажыратылатын жалпы психологиялық білімдердің дербес саласы ретінде қарастырылады, оның негізінде оның басқа тағы екі жағы өз көріністерін табады. Бұл тұжырым, педагогикалық психологияның негізін білім беру іс-әрекетінің өзі, немесе, педагогикалық психологияның негізін салушылардың бірі П.Ф. Каптеревтің анықтауындай, білім беру процесінің механизмдері мен заңдылықтары қалайтынын білдіреді.
Педагогикалық психология әр түрлі себептерге байланысты көптеген басқа ғылымдармен байланысты. Біріншіден, ол ғылыми білім үшбұрышының ортасында орналасқан жалпы психологиялық білімнің нақты саласы болып табылады. Екіншіден, оның басқа ғылымдармен байланыста болуының себебі, білім беру процесі өз мақсаты мен мазмұнына сәйкес әлеуметтік мәдени тәжірибені беруші болып табылатынында және осындай мәдениетте бүкіл өркениеттік білімдердің таңбалық, тілдік формада шоғырландырылғанына байланысты. Үшіншіден, оның зерттеу пәні өзі танып білуші және танып білуге үйретілуші, басқа да көптеген адамтанушы ғылымдармен зерттелінетін адам болып табылады. Педагогикалық психология, мысалға педагогика, физиология, философия, лингвистика, әлеуметтану және т.б. ғылымдармен үздіксіз байланыста екені анық. Соның өзінде, педагогикалық психология – жалпы психологиялық білімнің саласы деген тұжырымдама оның осы білімдердің негізінде, яғни психикалық даму, оның қозғаушы күштері, адамның даралық және жыныстық-жас ерекшеліктері, оның тұлға ретінде жетілуі мен дамуы жайлы білімдердің негізінде қалыптасатынын білдіреді. Сондықтан педагогикалық психология психологиялық білімдердің (әлеуметтік, дифференциалды психологиямен және т.б.) басқа салаларымен, ең алдымен жас ерекшелік психологиямен байланысты.
Педагогикалық және жас ерекшелік психология бір-бірімен осы ғылымдардың зерттеу объекттерінің ортақтығымен байланысты. Яғни, олардың зерттеу объекті дамып келе жатқан адам болып табылады. Бірақ, жас ерекшелік психологиясы «адам психикасының жас ерекшелік динамикасын, дамып келе жатқан адамның психикалық процестері мен психологиялық қасиеттерінің онтогенезін» зерттесе, ал педагогикалық психология білім беру ықпалымен психикалық жаңа құрылымдардың қалыптасуының шарттары мен факторларын зерттейді. Осыған байланысты педагогикалық психологияның барлық проблемалары білім беру процесіндегі адамның жас ерекшеліктерін есепке алу негізінен қаралады. Сонымен бірге, (бұл жағдайды тағы да ерекше атап көрсетейік) педагогикалық та, жас ерекшелік психология да «...жалпы психологиялық заңдылықтарды ашып көрсететін, қалыптасып қойған адам тұлғасының психикалық процестерін, психикалық күйлерін және даралық-психологиялық ерекшеліктерін зерттейтін» жалпы психологияның білімдеріне жүгінеді.Педагогикалық психологияны бір жағынан пәнаралық ретінде, ал екінші жағынан – ғылыми білімнің дербес саласы ретіндегі осындай түсіндірмесі, Б.Г. Ананьев позициясымен теңестіріледі. Б.Г. Ананьев бойынша, педагогикалық психология – шекаралық, кешендік білімдер саласы, ол «...педагогика мен психологияның ортасынан белгілі орын алып, өсіп келе жатқан ұрпақты дамыту, оқыту, тәрбиелеу арасындағы өзара байланысты бірлесе зерттеу сферасына айналды» .
Алайда, мұндай түсіндірме басқа авторлар келтірген педагогикалық психологияның мәртебесінің анықтауларына сәйкес келмейді, мұның өзі осы сұрақты шешудің біржақтылы еместігін көрсетеді. Мысалы, «Жалпы, жас ерекшелік, педагогикалық психология курсында» «...егер жас ерекшелік және педагогикалық психологияның дамуының бірінші кезеңінде олардың жекелену беталыстары байқалса, онда біздің кезеңде, керісінше – жақындасу, кейбір жағдайларда тіпті қосылуы байқалады» деп көрсетілген. Екінші жағынан, «Жоғары мектеп педагогикасы мен психологиясының негіздерінде» бір кешендік ғылыми пәнді қалыптастырған, педагогика мен психологияның бірлігін, кешенділігін атап көрсетеді. Іс жүзінде педагогикалық психология кешендік болып табылды деп ұйғаруға болады. В.И. Гинецинский бойынша педагогика оның теоретикалық және тәжірибелік жақтарында онымен тығыз байланысқан дербес ғылым болып табылады. Ал жалпы және жас ерекшелік психология онымен іштей тығыз, үздіксіз байланыста болатын жалпы психологиялық білім саласы.
Әдебиеттер:
Жарықбаев Қ. Жалпы психология
Алматы: 2004 ж.
2. Педагогикалық және жас ерекшелік
психологиясы Алматы: Мектеп 1987 ж.
3. АйтышеваА.М. “Психологиялық кеңес беру
тәсілдерін оқыту үрдісінде ”
Достарыңызбен бөлісу: |