Көрнекілік арқылы халықтық тәрбие беру.
Әр бір мұғалім әр сабақта өтілген тақырыпты меңгерту үшін өз білгенінше көрнекіліктер жасайды, ізденеді. Тиімді жасалған көрнекілік жүйелі сапалы білім берудің бірден-бір жолы. Ал ол көрнекілікті ата-бабадан қалған асыл мұраға негіздеп, ұлттық бояуда жасаса, шәкірттерге біліммен қоса халықтық тәрбие берудің таптырмас құралы болары анық.
Бұған дәлел ретінде желтоқсанның он үшінші жұлдызында өтілген ашық сабағыма тоқтала кетейін.
Тақырыбы: М.Мақатаев «Сарыжайлау»
Тапсырма: ұлттық тәрбие беру, ұлттық ойын элементтерін сабақта пайдалану.
Сабақты ұйымдастыру кезеңінен бастадым. Оқушыларды екі топқа бөлдім.
І – Ақан серінің тұлпары «Құлагер»
ІІ – Қобыланды батырдың тұлпары «Тайбурыл»
Топқа тұлпарлар есімін берудегі мақсатым:
Қазақ ежелден мал шаруашылығымен айналысқан халық. Малдың еті, жүні, түбіті, қылы, шудасы, терісі, мүйізі тіпті сүйегіне дейін өз қажетіне жарата білген.
Мінсе көлігі, ішсе-сусыны, жесе-тамағы, кисе-киімі, тұтынса-бұйымы, байлығы, мақтанышы, салтанаты осы мал болған. Олай болса кейінгі жастарымыз қасиетті төрт түлікке қатысты ұлтымыздың ұғымдары мен бай тәжірибиесін ұмытпауға тиіс. Олардың бәрі бірдей малды бағар, бәлкім бақпас, бірақ аталарымыз қадір тұтқан мұраларымыздың ерекшеліктерін жадында сақтаған жөн. Осы жағдайларды ұрпаққа оқытып, үйрету олардың ой-өрісінің өсуіне де малға деген ынта ықыласына да жақсы әсер ететіні сөзсіз.
Қазақ үшін ең қасиетті мал жылқы. Жылқы малын ерекше қадірлеп, отбасы мүшесіндей аса құрметпен қараған. Бұрынғы ел қорғаған ерлер жылқы ішіндегі таңдаулыларын жорға, жүйрік, тұлпар, қазанат, сәйгүлік, бедеу, дүлдүл, арғымақ деп сипаттап, ерекше дәріптеп бағалаған. Өзінше есім қоя білген.
Үй тапсырмасын «Ат жарысы» ойыны арқылы сұрадым.
Ауыл суреті бейнеленген плакатты тақтаға іліп қойдым. Ат жарысына қатысып жатқан алты шабандоз бейнеленген. Жарысқа қатысатын оқушылар шабандоз арқасындағы нөмірлерін алып, жарысқа дайындалады. Жарысқа қатысатын оқушылар Қасым ауылында қалады да, қалған жігіттер түйеге жүгін артып, Алматы облысына бет алады.
Түйеге жүктерін артып сал-серілер, ақындар келе жатыр.
Түйе малы қазақ үшін, өте киелі саналатын, көшуге қолайлы, ұзақ жолға шыдамды жануар. Қазақ халқы көшпелі ел болғандықтан көшу барысында қолданылатын көлігі осы түйе болған.
1-Түйенің үстінде киіз үй бөліктері орналасқан. Екінші ауыл бейнеленген плакаттың бетін ашып көрсетемін. Біз мына ауылға қоныстанамыз. Жарысқа қатысқан жігіттер келгенше киіз үй тігеміз. Киіз үй бөліктерінің арқасында сұрақ жазылған, сұраққа жауап беру керек.
1 кереге, 2 шаңырақ, 3 уықтар, 4 сықырлауық. Киіз құру арқылы ақынның өмірі, шығармалары жайлы білдік. Енді ат жарысындағы жігіттерден хабар алайық «Ат жарысы» ойыны арқылы өлеңді жатқа сұраймын.
Киіз үй көшпелі халықтардың негізгі баспанасы болған. Мал шаруашылығымен айналысып, көшпелі өмір сүретін адамдар үшін киіз үй ыңғайлы да жеңіл, қолайлы баспана. Оны жарты сағатта жинап, жарты сағатта құруға болады. Киіз үйді сәмбі талдан жасайды.
Кезекті 2-түйенің үстіндегі жүктерге береміз. Біз кімнің аулына келіппіз. Біз әлі білмейміз, ол үшін түйенің үстіндегі жүктерді түсірейік.
1-Сандық – киім кешек салуға арналған ыдыс.
2-Күбі – малды ауылдың қысы-жазы пайдаланатын ыдысы. Қымыз, шұбат, айран, ашылған көже құйылады.
3-Қазан – басқа ыдыстарға қарағанда қазақ өмірі мен мәдениетінде алатын орны мүлде жоғары. Қазақ дастарханына түсетін тағамдардың барлығы ең алдымен осы қазаннан өтеді. Халық жай ғана қазан демей оны «қара қазан» деп қастерлейді. «Қара» дегені киелі, қасиетті дегені. Қазан тоқшылық пен берекенің, ырыс несібенің айғағы, қасиетті киелі ыдыс.
4-Домбыра – Тек қана қазақ халқына тән ұлттық музыкалық аспап. Қазақтың қазақ екенін білдіретін қасиетті, қара домбыра.
5-Қол-диірмен – Бидайды тартып ұн жасайтын қасиетті зат.
6-Текемет – қойдың жүнінен дайындалатын қазақтың ұлттық төсеніші.
7-Бесік – Дүниеге келген нәрестенің отауы, әр бір үйде болады. Бесікті қадірлеп, қастерлейді.
8-Торсық – жылқы терісінен жасалған, сыйлымдылығы 5-10 литрлік ыдыс. Сусын құюға арналған.
Суреттерді түйе үстінен түсіріп, қандай зат екеніне түсінік беріп, теріс қаратып іліп қойған кезде Мұқағали Мақатаев деген жазу шығады. Демек біз М.Мақатаевтың ауылына келіп қоныстаныппыз. Жаңа сабақты түсіндіріп болғаннан соң Сергіту сәті, Поэзия минуты, Шығармашылық жұмыстар жасадық. Сонан соң «Ақ сүйек» ойыны ойналады. Тақтаға жұлдыздар жымыңдаған тамыздың мақпалдай айлы түнінің суреті ілінеді. Ақсүйек ойынына жиналдық деп есептейміз. Екі оқушы сөзжұмбақ шешуден жарысады. Сөзжұмбақты шешкен кезде ортадағы жолақтан «Ақсүйек» деген сөз шығу керек. Қайсысы бірінші болып шешсе, сол ақсүйекті тапқан болады.
Атбақыл ойыны. Асықты иіреді. Асық қайсы қағазға түссе. Сол қағаздағы сұраққа жауап береді. Ол қима қағаздарды ашып қарағанда киіз екенін біледі. Ауылға қоныстанған кездегі құрған киіз үйдің сүйегін киізбен орау керек.
Берілген сұрақтар:
Қара шаңырақ дегенді қалай түсінесің?
Киіз үйге байланысты тыйымдар мен тілек сөздер айтып бер.
Малға байланысты қандай ырымдар мен тыйымдарды білесің?
Түс жору ырымдары туралы айтып бер.
1.Қарашаңырақ деген ұғым атадан балаға мирас болып келе жатқан, бірнеше отау үйлер бөлініп шыққан қасиетті үй.
2. Шаңырақ көтеріп жатқанда ешкім сөйлемейді. Өйткені ұлы іс атқарылып жатқанда ешкім сөйлемейді. «Жеті уық қадалғанша жетесіз сөйлейді» деген сөз бар.
3. Малға байланысты тыйым сөздер өте көп. Тыйым мейіріммен қарауға баулиды, тәрбиелік мәні күшті. Қазақ халқының тәрбие құралдарының бірі тыйым сөздер.
4. Әдет ғұрыптардың бір түрі түс жору. Түс жору арқылы болашақты болжап оған мән беріп отырған. Көпшілігі шындыққа сәйкес келеді. Ата-бабаларымыз түс жору арқылы болашақты болжап, шешім шығарған.
Қыз қуу – ойыны.
І-топтың жігіттері мен ІІ-топтың қыздарын мақал-мәтел, жұмбақ, жанылтпаш айтудан сайысу. Қыздар жеңілсе қамшының суреті салынған қима қағаз сыйлайды. Қима қағаздың сыртында қыздардың тапсырмасы бар. Жігіттер міндетті түрде орындау керек. Ұлдар жеңілсе қыздарға ақ моншақ, кестелі орамал сыйлайды. Ол дегеніміз қыз-қонақ, қыз-қыдыр, қызды ренжітпеу керек, лайым көңілін табу керек деген ұғым болатын. Сол арқылы қыздарды сыйлай білуге тәрбиелеу еді.
Көкпар ойыны – арқылы сабақты қорытындылау. Ежелгі ата-бабаларымыз «зұлымдық атаулының аты өшсін» деген ұғыммен көк серкені сойып додаға тастайды. Додадағы жігіттер епшілдікпен, күш жігер, қайратын ортаға салып белгіленген жерге апару керек немесе ауылдағы ең сыйлы адамның үйіне апарып ас дайындауды бұйырады. Үй иесі де көкпаршы жігіттерге сый-құрмет көрсету мақсатында қой сойылып дәм тарту етеді. Қазақты бұл ұлттық ойыны әлі күнге дейін жалғасын тауып келе жатыр.Серке жүні секілді матадан сопақша доп тіктім, сұрақ қоямын да допты лақтырамын. Білетін оқушы тез арада қағып алып, жауап беру керек. Мен сұрақты айтамын жауап берген оқушы лақтырады. Осылайша 4-5 рет қайталаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |