Iс-әрекет түрлерi. Ойын — бала әрекетiнiң негiзгi бiр түрi. Ойын арқылы адам баласының белгiлi бiр буыны қоғамдық тәжiрибенi меңгередi, өзiнiң психикалық ерекшелiктерiн қалыптастырады. Бала ойынында да қоғамдық, ұжымдық сипат болады. Мәселен, кез келген бала еш уақытта жалғыз ойнамайды, қатар-құрбыларымен бiрлесiп ойнайды, ойын арқылы бiр-бiрiмен өзара қарым-қатынас жасайды. Ал мұның өзi оның дамуы үшiн ерекше маңызы бар фактор екендiгi түсiнiктi. Ойын баланың түрлi қасиеттерiн дамытатынын, мұнда да баланың қабiлетi, белсендiлiгi бiр сыдырғы байқалатынын А. С. Макаренко өте жақсы көрсеттi. “Үлкендер өмiрi үшiн жұмыс, қызмет iстеу, әрекет ету қандай орын алатын болса,— деп жазды ол,— балалар өмiрiнде ойын да сондай үлкен маңызды. Ойында бала қандай болса, өскеннен кейiн жұмыста көбiнесе сондай болады. Сондықтан келешекке адамды тәрбиелеу бәрiнен бұрын ойын арқылы болады”. Ойын адам әрекетiнiң бiр түрi болғандықтан, оның да өзiне тән мотивтерi болады. Мәселен, дәрiгер ауру адамды емдегенде өзiне жүктелген мiндеттi сезiнедi, осылай iстеудi оның мамандығы қажет етедi. Ал, дәрiгер болып ойнаған баланы алатын болсақ, ол да айналасындағыларды өзiнше “емдейдi”. Бiрақ бұл оның жай қызығуынан туған. Ойынның қозғаушы күшi — баланың нақты тiлегi мен қызығуы. Еңбек үстiнде адамның мақсаты мен мотивiнiң арасында келiспеушiлiк болуы мүмкiн. Ойында бұл жағы болмайды. Еңбектiң қандай түрi болмасын одан қоғамдық пайдалы өнiм шығуы қажет. Бұл айтылғандар ойыннан талап етiлмейдi. Бұдан ойынның ешқандай маңызы жоқ деген қорытынды тумайды. Ойын арқылы бала өз қажетiн қалай қанағаттандыра алатынын, қандай қабiлетi бар екенiн байқап көредi. Кейбiр шетел психологтары ойынды көбiнесе санасыз инстинктерге балайды. Мәселен, олардың бiрi жануар төлi мен адам баласының ойынының арасындағы айырмашылықты жоққа шығарса (К. Гросс), екiншiлерi ойын баланың артық энергиясын сыртқа шығаратын тәсiл дейдi (Г. Спенсер), ал үшiншi бiреулерi — ойынды жай рақат табудың бiр көзi (Қ. Бюлер) деп қарайды да, оның негiзгi мотивi көрсетiлмейдi, мұндағы қоғамдық фактордың рөлiн еске алмайды. Орыс марксисi Г. В.Плеханов өз еңбектерiнде ойын жөнiндегi идеалистiк теорияларды сынап, бала ойынының үлкендер еңбегiмен байланысын, оның маңызы тарихи-әлеуметтiк сипат алатынын дұрыс көрсеттi. Баланың жасы өсумен қатар, ойнайтын ойынның мазмұны да өзгерiп отыратыны белгiлi. Мәселен, бiр жастағы бөбектердiң ойыны манипуляциялық (сыртынан ұстап көрiп, тарсылдату деген мағынада) сипатта болса, балалар бақшасындағы балалар сюжеттiк ойындармен айналысады. Бала ойын үстiнде дүниетанудағы өз мүмкiншiлiгiн сезiнумен қатар, айналасындағы адамдар мен олардың әрекетiне көңiл аударады, заттың iшкi мазмұнын бiлгiсi келедi. Балалардың қиялын, ойлауын, сөйлеуiн дамыту үшiн түрлi ережелер мен ойнайтын ойындардың да үлкен дидактикалық мәнi бар. Сондықтан тәрбиешiлер мен ата-аналар бұл ойындарды белгiлi талапқа сәйкес ұйымдастырып отырулары қажет. Балалардың ойынына үлкендер тарапынан жетекшiлiк болмайынша, олардың әрекеттiк мазмұны өзiнiң негiзгi мақсатына жете қоймайды. Мәселен, бала әкесiне елiктеп, түрлi заттарды шегелеудi үлкен дәреже көредi. Баланың осы тiлегiн қолдау керек. Осындай ойын арқылы бала еңбек дағдысына үйрене бастайды. Бұл өзiнше “ойын” болып саналғанымен, баланың барлық күш-жiгерiн, зейiнiн өзiне аударып отыр. Балалар ойынына үнемi дұрыс басшылық етiп отыру — ой-өрiсiнiң, өмiр тәжiрибесiнiң жан-жақты қалыптасуына байланысты жүргiзiлетiн жұмыстардың басты бiр бөлегi.
Мектепке түскеннен кейiн бала ойынының мазмұны кеңейе бастайды. Мәселен мектепке дейiн тұрмыстық ойындарды (семья, магазинге бару т. б.) көбiрек ойнайтын болса, ендi қоғамдық-саяси мәнi бар, еңбек процесiнiң сан алуан жақтарын көрсететiн сюжеттiк ойындарды ойнауға ауысады. Мәселен, бiрiншi сыныптағылар қуыршақтарына, үйдегi кiшкентай балаларға сабақ үйрете бастайды, олардың бiрi мұғалiмнiң, қалғандары оқушының рөлiн атқарады. Ойында мектеп өмiрiнiң бейнелеуi екiншi сынып балаларында бiртiндеп кеми бастайды, оның орнын творчестволық ойындар басады. Адамдардың жай қимыл-қозғалысын көрсетуден гөрi бала олардың бiр-бiрiмен қатынасын, сезiмдерi мен көңiл-күйлерiн көрсетуге талаптанады. Ендi оқыған кiтаптары, көрген кинолары, үлкендерден естiген әңгiмелерi баланың ойын мазмұнына кiредi. Бастауыш сынып оқушылары ойындарының басты ерекшелiгi — оның ұжымдық сипатта болатындығы. Әрине, жетi-сегiз жасар балалардың ойын ұжымы әлде де тұрақсыз болады. Өйткенi, бұлар ұжымдық өмiр сүруге әлде де жөндi дағдыланбаған, мұндай ұжымның құрамы екi-үш баладан аспайды. Ал үшiншi, төртiншi сынып оқушыларының ойындарында ұжымдық сипат жақсы жетiледi. Мәселен, ойында топ-топ болып ойнау, ойын ережелерiн сақтау, жолдастарының алдында жауапкершiлiгiн сезiне бастау, өзiн ұстай бiлу сияқты ұжымдық ойындардың негiзгi белгiлерiн олар жақсы түсiнедi. Мектептегi қоғамдық ұйымдардың жұмысы — бала ұжымын құрастыруға таптырмайтын құрал. Бұл ұйымдар балаларды ортақ мақсатқа, ұжым намысын қорғауға, оның табысына ортақтасуға тәрбиелейдi. Ойынның ұжымдық сипаты өз тарапынан жоғарыда аталған ұйымдардың жұмыстары нәтижелi болуына есбiн тигiзедi. Ұжымдық ойындарда бала жолдастықтың мәнi неде екенiн түсiне бастайды. Өзiнiң басындағы мiнез-құлықтың кейбiр терiс бiтiстерiнен (тартыншақтық, менмендiк, өкпешiлдiк, қыңырлық т. б.) ұялып, одан арылғысы келедi. Бiрақ бұған шамасы жете қоймайды. Осындай ойындарда баланың қабiлеттерi жақсы жетiле бастайды. Мәселен, бiр бала өзiнiң ұйымдастырғыштығын байқатса, екiншi бала табанды, жiгерлi екендiгiн аңғартады. Ұжымдық ойындар баланың моральдық, эс-тетикалық сезiмдерiнiң қалыптасуына да әсер етедi. Мәселен, орман iшiнде ойналған ойын туған өлкесiнiң табиғатын сүйе бiлуге, ондағы өзен, көлдер мен өсiмдiктердiң, жан-жануарлардың өмiрiне қызығушылықты қалыптастырады. Бастауыш сынып оқушыларының өмiрiнде спорттық ойындар да едәуiр орын алады. Олар футбол, волейбол, теннис, городки, лапта ойындарын ойнай алады. Бұл ойындарда ережелердi сақтау, бiр-бiрiмен жарысу моменттерi күштi болады. Сондықтан да мұндай ойындар инициативаны, жылдамдықты, ептiлiктi, тапқыштықты қажет етедi, өз қимылдарын жолдастарының қимыл-қозғалысына бағындыруды үйренедi, жолдасқа көмек берудi, өз командасы үшiн бар мүмкiндiгiн сарқа пайдалануды ойлай бастайды. Ойында жарысқа түсу, бiрiнен-бiрi озу жағы да көзделедi. Төменгi сынып оқушылары спорттық ойындарға тән тиiстi дағдыларды, ептiлiктi, ережелердi жөндеп үйрене қоймағанымен қимыл-қозғалыстың аса қажеттi үйлесiмдiлiгiн, жылдамдық пен оңтайлылықты жақсы меңгередi. Осы ойындардың бiр жақсы жерi сол, балаға секiру, лақтыру, қарғу, өрмелеу сияқты атрибуттарды үйретiп қана қоймай, адалдық, шыншылдық принциптiлiк секiлдi адамгершiлiк қасиеттерге баулиды. Бастауыш мектеп мұғалiмдерi бала ойындарына дұрыс жетекшiлiк көрсету арқылы оның денесiн ғана шынықтырып қоймай, онда жақсы психологиялық қасиеттiрдiң қалыптасуына мүмкiндiк туғызады.
Оқу. Оқу — iс-әрекеттiң негiзгi саласы еңбек процесiн нәтижелi орындауға қажеттi бiлiмдi, дағды мен икемдi жүйелi түрде меңгеру. Мектеп жасындағы балалардың негiзгi әрекетi — оқу. Оқу арқылы балаға қоғам өзiнiң ғасырлар бойы жиналған асыл мұрасын, дағды, тәжiрибесiн бередi. Сонымен бiрге жаңа буын оқу арқылы өзiнен бұрынғылардың практикалық әрекетiн, ғылым-бiлiм жүйелерiн меңгередi, сөйтiп, өзiн практикалық әрекетке дайындайды. Бiлiм жүйесiн меңгеру арқылы ғана адам ой және дене еңбегiнiң тетiктерiн жақсы түсiнедi. Оларды жан-жақты бiлуге мүмкiндiк алады. Бiлiм меңгеру — ұзақ уақытты керек ететiн күрделi процесс. Оқу материалдары бала психикасына зор талап қояды. Өйткенi ұғыну өте күрделi әрекет. Ұғыну бiрнеше кезеңдерден тұрады. Мәселен, мұның бiрiншi кезеңiнде (таныстыру кезеңi) бала ненi қалай оқу керектiгi жайлы мағлұмат алады. Бұдан кейiн ол ойындағысын тәжiрибеде орындап көредi. Үшiншi кезеңде ұрынғанын сөзбен тұжырымдайды, төртiншi кезеңде бала ұғынған нәрсесiн ойына ұстап тұрады да, бесiншi кезеңде балада зат пен құбылыс туралы белгiлi ұғым қалыптасатын болады. Ақыл-ой амалдарын меңгеру арқылы бала шындықтағы заттардың байланыс қатынастарын ажыратады, бiр нәрсенi екiншiсiмен салыстыра дәлелдей алуға, олардың айырмашылық, ұқсастықтарын көре бiлуге үйренедi, мұндағы себеп пен нәтиженiң заңды байланы-сына түсiнедi. Оқу әрекетiнiң өзiне тән мотивтерi (себептерi) болады. Тәрбиешiге, не оқитын адамның өзiне осы мотивтердi бiлу оның әрекетiнiң мақсатын дұрыс анықтау үшiн аса қажет. Баланың жасы өскен сайын психикасы да өсетiндiктен, оның оқуға деген қатынасы да (мотивтерi) өзгерiп отырады. Мәселен, жоғары сынып оқушыларының оқу мотивтерi бастауыш мектептегiлерден бас-қаша болады. Бiлiм игеру үлкен саналылықты, өз бетiмен жұмыс iстеп үйренудi, өз мiнез-құлқын меңгерудi керек етедi. Бала не үшiн оқитындығын бар сана-сезiмiмен ұғынғанша, оған оқудағы формализмнен (мәнiне түсiнбей құрғақ жаттап алу, өмiрмен байланыстыра алмау т. б.) құтылу қиын болады. Мектеп оқушыларының оқуға саналы қатынасуын тәрбиелеп, дамытуда мұғалiмдер ұжымының алатын орны ерекше. Мәселен, олардың арасында мектепке, оқуға сырттай қызығып келетiн балалар да жиi ұшырайды. Мұндай бала мектептiң үйiне, оның партасына, мұғалiмге, өзiндей балаларға көңiл бөледi. Оқу оны жөндi тартпайды, өйткенi, оған қиын көрiнедi. Баланың көбiнесе ойнағысы келiп тұрады, партада дұрыс отыра алмайды, жиi қозғалады, айналасына алақ-жұлақ қарай бередi. Мұндай баланы үйiнде ойлатып не тындатып әдеттендiрмеген. Оқуға, бiлiм алуға ұмтылуды тудыратын мотивтер (себептер) балада бiрден пайда бола қоймайды. Бастапқыда бұлар өте қарапайым болып келедi. Мәселен, ол оқып — жазғанына ғана, алған бағасының жалпы санына ғана мәз болады. Ата-анасынан қорқып жақсы оқуға тырысатын не жолдас баласымен бәсекелесiп жақсы оқуға тырысатын балалар да болады. Баланың жасы өскен сайын оның оқу мотивтерiнiң де мазмұны өседi. Мәселен, бiлiмдi адамның халқына мол пайда келтiретiнiң жұрттың ондай адамдарды құрметтеп сыйлайтынын түсiне бастайды. Оқу әрекетiнiң психологиялық табиғаты жайында, кейбiр оқушылардың не себептен үлгерiмi төмен болып, екiншi жылға қалып қоятындығы жайлы сөз болғанда, төмендегiдей себептерi анықталды. Үлгiрмеушiлiк негiзiнен екi түрлi себепке байланысты туып отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |