ЛЕКЦИЯ №12. ГЕНДЕРЛІК ЖІКТЕЛІМНІҢ ЛЕКСИКАЛЫҚ СИПАТЫ
Тілдің атауыштық жүйесінде ерге, әйелге тән концептілер, еркек пен әйелдің сөйлеу әрекеті де белгілі бір мәдениетте қалыптасқан нормаларға сәйкес әр түрлі белгіленеді, яғни әрбір мәдениетті ерекшелейтін гендерлік қарым-қатынас түрлері болуы мүмкін. Гендерлік жіктелім көбінесе лексикада айқын көрінеді
а) Туыстық атаулар. Гендерлік лексиканың құрамын туыстық және жақындық жүйесіне байланысты қалыптасқан гендерлектілер ерекшелейді. Олар сөйлеушінің жынысына, жасына және туыстық, жақындық қатынасына қарай (апа-сіңлі, аға-қарындас), үлкеннің атын атамау әдетіне, т.б. байланысты өзгеріп отырады.
Халқымыздың отбасылық дәстүрлерін зерттеген X. Арғынбаев: «Қазақтағы туыстық және құдандалық жақындық жүйесінің атаулары айтушыға аталушының жасының үлкен-кішілігіне, жынысына қарай жіктеледі. Мұнымен бірге атаулар әке және шеше тарапынан туыстық, құдандалық жақындыққа байланысты жіктеледі. Айтушы ер не әйел жынысынан болуы мүмкін. Сондықтан оларға туыстарының не жақындарының арақатынасына қарай атауларда да өзгешелік болып түрады. Қазақ халқында туыстық есеп еркектер тарапынан жүргізілгендіктен, айтушы еркек болған жағдайда, оның бабасынан бастап неменесіне дейін жеті атаға, яғни жеті ұрпаққа толады», - дей келіп, қазақтың туыстық жүйесін таптастыра отырып, жеті топқа бөліп көрсеткен [2005, 26-28 бб.].
Туыстық атаулардың бір ерекшелігі - олар атауыштық әрі қаратпа мәнінде жұмсалады. Мәселен, «ага» деген атаумен айтушының бірге туған ағасы, немере, шөбере, ағалас жасы үлкен еркектер, әкесінің інілері аталса, «жиен» деген атаумен айтушының қызынан, бірге туған апа-қарындастарынан немесе немере, шөбере және аталас апа-қарындастарынан туған бөлелер аталады. Шешесінің еліндегі туыстарын атауда нағашы сөзі тіркесіп келеді: нағашы апа, нағашы аға, нағашы іні, т.б. Ал күйеуге әйелінің әкесі де, әйеліне күйеуінің әкесі де «қайын ата» делінеді. Сол сияқты әке, апа, қарындас, аға, жеңгей, нағашы, қайны, т.б. гендерлектілер бір жағынан туыстық атау болса, екінші жағынан, сөйлеу тілінде қаратпа сөз ретінде жұмсалады. Туыстық атаулардың құрамында ер адам лексикасын ерекшелейтін қарындас, балдыз, бажа гендерлектілері мен әйел адам лексикасын ерекшелейтін сіңлі, қайын сіңлі, абысын, төркін гендерлектілері де кездеседі.
Ғалымдар Тробиранд үстірті тұрғындарының тілін зерттеу барысында ер мен әйел қолданысындағы туыстық атаулардың екі түрлі белгісіне назар аударды: 1) жыныстық (бірдей / әр түрлі), 2) жас ерекшелігі (үлкен / кіші). Мәселен, тробирандықтарда «апа» ұғымын білдіретін сөздің сөйлеушінің жынысына жэне оның ағасы не апасымен арадағы жас айырмашылығына байланысты luguta, tuwagu,bwadagu деген үш түрлі атауы кездеседі, т.с.с. Тробиранд тілі де чикито, яна, т.б. тілдерге ұқсас сөйлеушінің жынысын негізге алады. Ағылшын және басқа еуропа тілдерінде туыстық қатынасты білдіретін атаулар жыныс жағына қарай жіктеледі [Коатс 2005, 76 б.].
Вьетнамдықтарда туысқандық дәреже аталық-аналық бойынаша саналып, әкесінің туысқандары мен ағайындарын «ішкі туысқан» деп атаса, анасының жақындарын - «сыртқы бауырлас» дейді. Қытайдың өзара туысқандық жақындықтары «оң жақ» және «сол жақ» болып екі жаққа бөліну бойынша аталады. Оң жаққа ерлердің туысқандықтары саналса, сол жаққа әйелдердің бір-бірімен бауырластықтары белгіленеді. Ерлер бойынша: эго - бір атаның үлкені, фу - әке, цзуфу - әкенің түпкі атасы, әкенің әкесі, цзы - баласы, сунь - немере, цзэнь-сунь - немерелер, тан - екі, үш ата бойынша туысқандар болып аталады. Әйелдер бойынша: бяо-апаның балалары, тан бяо - апаның немерелері (екі атаға дейін) деп кете береді. [Шалекенов 1994, 69-75 бб.].
Мадагаскар аралында әйел адамдар басқа әйелдермен сөйлескенде бір түрлі, еркектермен әңгімелескенде екінші түрлі лексика пайдаланса, ер адамдар, керісінше, әйелдермен сөйлескенде үшінші түрлі лексиканы пайдаланатын болған [Ахметов 1995, 36 б.]. Мәндай ерекшеліктерді Жозеф Вандриес былай түсіндіреді: «Очень часто специальный язык обязан своим существованием различию полов. Женщины пользуются другим языком, чем мужчины, даже понимая слова мужского пола, они не имеют права их произносить. Таким образом получаются два различных, вполне параллельных словаря: каждый предмет имеет два наименования в зависимости от пола говорящего. У караибов, например, мужчины говорят по-караибски, а женщины по-аровакски» [1937, с. 26].
Достарыңызбен бөлісу: |