Лекция № 11
Жазу және оның даму кезеңдері.
Жазу және жазба тіл.
Жазудың шығуы және оның даму кезеңдері.
Алфавит. Графика. Орфография.
Транскрипция мен Транслитерация.
Тіл өзінің қатынас құралы болу қызметін ауызша түрде де, жазбаш түрде де атқара алады. Дыбыстық тіл жазу арқылы таңбаланады. Соның нәтижесінде оның қатынас құралы ретінде қолдану шеңбері кеңейеді. Жазу (жазба тіл) - адамдардың кеңістік пен уақытқа тәуелді болмай, өмірдің барлық саласында кең түрде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін құрал. Ал ауызекі тіл жайында мұны айта алмаймыз. Ауызекі тілмен сөйлесіп, қарым-қатынас жасаудың мүмкіндігі (телефонды есептемегенде ) сөйлеуші мен тыңдаушының арасындағы кеңістікке байланысты болады да, оның шеңберінен шығып кете алмайды. Ол кеңістіктің шеңбері құлаққа естілудің мүмкіндігімен ғана өлшенеді де, адамдар ауызекі тіл арқылы жүзбе-жүз кездескенде ғана, бір-бірімен сөйлесіп пікір алыса алады. Алайда мұндай салыстыру ауызекі тілдің қызметі мен құндылығын ешбір төмендете алмаса керек. Ауызша тіл күнделікті өмірде ауызба-ауыз сөйлесеп, қарым-қатынас жасауда, тікелей өз ара пікір алысуда айрықша қызмет атқарады.
Жазба тілдің ауызекі тілден (устная речь) кейін пайда болғаны, оның (жазба тілдің) жазудың шығып жасалуымен байланысты екендігі белгілі. Жазудың шығып жасалуының, соған сай жазба тілдің жасалуының күллі мәдениет атаулының тарихында орасан зор маңызы болды және болып та отыр. Жазусыз мәдениет атаулыны, цивилизация атаулыны көзге елестетудің өзі мүмкін емес. Көрнекті жазушы Леонид Леонов жазудың маңызы туралы былай дейді: «Адамдардың тегін қорлық жағдайдан бөліп алып шыққан, өткен замандарда ашылған ұлы жаңалықтардың ішінде жазу өте-мөте үлкен роль атқарады. Алфавиттің туған күнін адамның өзін-өзі біліп ұғынудағы дәуір деп есептеуге болады, осыдан кітап басу станогының пайда болуына тура жол ашылады. Адам өзінің қазіргі биігіне нақ кітап арқылы баспалдақпен көтерілгендей көтерілді».
Адам білімді, негізінен, жазба тіл арқылы, жазылғанды оқу арқылы алады.
Адамзаттың сонау көне дәуірінен бастап, біздің заманымызға дейінгі талай ғасырлар бойына ғылым мен техника, әдебиет пен өнер саласында жасаған күллі мәдени байлығын ұрпақтанұрпаққа жеткізген де- заманымызда жасалып отырған мол рухани мәдениетті бізден кейінгі ұрпақтарға, дәуірден-дәуірге жеткізетін де -осы жазба тіл.
Жазудың тарихы өте ерте замандардан басталады. Көне жазуды да, қазіргі жазуды да
зерттеп білудің әрі теориялық, әрі практикалық үлкен мәні бар.
Көне жазу нұсқаларын талдап оқи білу ерте заманда өмір сүріп, қазірде өлі тілдерге
айналған тілдермен танысуға немесе қазіргі тілдердің ертедегі қалпымен танысуға және оны білуге мүмкіндік береді. Мұның тіл тарихын зерттеуде орасан зор маңызы бар. Жазудың тарихын зерттеп білу тіл білімі үшін ғана емес, сонымен бірге тарих ғылымы үшін де, археология мен этнография үшін де айрықша маңызды.
Халықтардың қазіргі жазуларын олардың дыбыстық тіліне қарым-қатынас жағынан қарастырып зерттей білу сол тілдің жазуларының ғылыми тұрғыдан дәлелді ережелерін жасау үшін өте-мөте қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |