Контаминация құбылысы бүкіл тіл жүйесіне тән. Солай болғандықтан оның деңгейлік сипаты басым, яғни контаминациялану құбылысы арқылы тілдің әр деңгейіне қатысты бірліктер пайда болады. Сөз, тұрақты тіркестер лексика деңгейіне қатысты болса, сөз тіркесі синтаксистік жүйенің бірлігі болып саналады. Сөйлем, бірыңғай мүшелі жай сөйлемдер, құрмалас сөйлемдер синтаксис деңгейінің қатысымдық бірліктеріне жатады.
Контаминация құбылысы жүйенің бойындағы тілдің ішкі табиғатынан туындайтын құбылыс емес, сөйлеудің (речтің) бойынан туындайтын динамикалық процесс болып табылады. Күрделі сөздер жеке қатысымдық бірлік болғанымен, о бастағы шығу көзі, қалыптасу механизмдері еркін тіркестер болғандықтан, контаминация құбылысын сөйлеу деңгейінде болатын процесс деп толық сеніммен айта аламыз.
Философияда бірігу үшін бөліну, бөліну үшін бірігу дейтін қағида бар. Күрделі сөздер күрделі ұғымның атын беру үшін қолданылса, кейін толық мағыналы сөздер айтылу барысында фонетикалық фактордың әсерінен ықшамдалған.
Контаминация құбылысы және жаңа сөз тіркестері. Сөйлеу жеке адамға тән, ал тіл жалпыға ортақ. Жеке адамның сөйлеу мақсатынан туындаған жаңа тілдік бірлік (жаңа лексикалық бірлік, жаңа қолданыс, жаңа тіркес, жаңа тұрақты тіркес, сөйлем және т.б.) алдымен әдеби нормаға сай келмей тұрады. Жаңа қолданыс алдымен субъективті болады. Егер сол нормаға жат жаңа қолданыс көпшіліктен қолдау тауып объективтенсе, онда ол да нормаға айналып жүре береді. Көпшілік қолданып келе жатқан бірлікті тілшілердің норма етіп белгілемеуге шарасы қалмайды.
Қазақ тілінде ауа райы деген тіркес бар. Бұл тіркес атаулық мәнде қолданылады: ауа райы – погода. Тіркестегі екі сөздің көп томдық түсіндірме сөздіктегі мағыналарына назар аударалық:
АУА з а т. 1. Сыртқы ортаның тіршілікке аса қажетті мәнді бөлшегі; тыныс алу үшін қажетті, түссіз, иіссіз зат. Ауа мөлдір және түссіз болады. Ол жану үшін және тыныс алу үшін қажет (Ботаника). Ауа барлық тірі жәндіктерге қажет. Адам ауасыз бірнеше минут та тіршілік ете алмайды (Химия).
РАЙ1 з а т. Адамның көңіл күйі, пішіні, шырайы. Маған жақсы р а й м е н қарап, жымыңдап қалды (Қ. Серәлиев).
Нақты көзге көрінетін заттардың ғана түрі, реңі, райы болатындығы белгілі. Бұл сөздер заттың сыртқы қасиетін білдіру үшін қолданылады. Сондықтан ауаның райы (ауа райы) болуы мүмкін емес. Бұрынғы қариялар күн райы бұзылып тұр дейтін еді. Сонда дұрысы ауа райы емес күн райы болуы керек. Күн райы қолданысын әдеби шығармалардан да кездестіруге болады. Яғни күн райы деген сөз тіркесінің мағыналық валенттілігі дұрыс, ал ауа райы тіркесінің мағыналық валенттілігі қате болғанымен, ғылымның әлемді тану нәтижесінде күннің суық, ыстық немесе салқын, жылы түрі болмайды. Ауа райының ыстық-суығы аспандағы күнге емес, ауаға – соған әсер етуші түрлі циклондарға байланысты болады екен. Күн өзгермейді, қозғалмайды, ал ауа өзгеріп тұрады: суиды, ысиды, салқындайды, жылиды. Бұл тұрғыдан келгенде ауа райы қолданысы ғылыми ақиқатқа жақын. Ауамен жасалған тіркесті контаминация арқылы пайда болған деуге әбден болады: Күн (ауа) суыды + күннің райы бұзылды = ауа райы бұзылды. Ауа райы бастпақы тілдік нормаға жат болғанымен, объективтене келе, жүйеге сіңіп кетті де погода ұғымын беретін номинативтік тіркес болып шыға келеді[17].
Фразеологизмдердің лингвистикалық табиғаты
Тіліміздегі фразеологиялық тіркестер – көркем сөз әлемінің құнарлы да көркем салаларының бірі. Белгілі ғалым С. Аманжолов: «Қазақ тілі идиомалар мен фразеологиялық тіркестерге өте бай. Біздіңше, идиомалық және фразеологиялық оралымдар қазақ халқының ойлау қабілетінің даму кезеңдерін зерттеу үшін, тілдік тұлғалар мен олардың мазмұнын үйрену үшін тамаша материал болып табылады»,-деп атап көрсетеді [19].
Тілдің фразеология саласы – өте күрделі құбылыс болып табылады. Сондықтан фразеология әр аспектіде, әр қырынан зерттеуді қажет етеді. Тілдік бірлік ретінде фразеологизмдердің семантикалық құрылымы, лексикалық құрамы, лексика-грамматикалық ерекшеліктері, қолданылу тұрғысынан экспрессиялық-стилистикалық реңктері, диахрония тұрғысынан шығу тегі, жасалу жолдары т. б. мәселелер өз алдына жеке-жеке зерттеу объектілері болатындығы даусыз [20].
«Фразеология» термині негізінен екі түрлі мағынада қолданылады. Ең алдымен, тілдегі тұрақты тіркестерді зерттейтін тіл білімінің саласы деген ұғымда қолданылса, екіншіден, бір тілдегі фразеологизмдердің тұтас жиынтығы болып табылады. Фразеологизмдерді жан-жақты терең зерттеген ғалым І.Кеңесбаев: «Фразеологизмдердің құрылым жағынан қалыптасып, компоненттерінің тіркесу амалдарында нақтылы бір заңдылық бар. фразеологизмдердің мағына тұрғысынан саралануында да тиянақты тәртіп, жүйе болады. Яғни өмір талабынан туған фразеологизмдер талай дәуірдің елегінен өтіп, құрамы, жасалу тәсілі жағынан тұрақталып, мағыналық жағынан топтасуы да белгілі бір жүйеге түскен», - дейді [21].
Фразеология ғылымының міндеттері мен зерттеу ауқымы өте кең және көп қырлы. Фразеологиялық мағынаның коммуникативтік жағдайларға бейімделуі, сөйлеу кезінде туынды мағынаға ие болуы, сөзге жанамалық қатынаста номинацияға ұшырауы, ұғым мен түсінікті тереңдетудегі танымдық қызметі мен жүйесі, оның әлеуметтік жағдайдағы мәдени ұлттық ерекшеліктерді көрсетуі сияқты мәселелер фразеологияның басты міндеттері болып табылады.
Қазіргі тіл білімінде фразеология екі қырымен қарастырылады. Бірінші, фразеологизмдерді сөздердің байлаулы мағынасы тұрғысында лексикологиямен жанастыра тар ұғымда зерттеу, екінші, семантикалық қызметі және құрылымы әр түрлі фразаларды (фольклорлық тіл бірліктері, көркем мәтіндердің үзінділері, қанатты сөздер, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, жұмбақтар және т.б. ) кең ұғымда зерттеу. Фразеологизмдерді кең ұғымда зерттеу орыс тіл білімінде В. Виноградов еңбектерінен басталады. Фразеологизмдер тілдік таңбаның екінші аталымның ерекше түрі ретінде сөз тіркестерінің бастапқы мағыналарының қалайша жаңа мағынаға ие болатынын, сонымен бірге фразеологизмдердің таңбалық қызметін, құрылымдық-семантикалық ерекшеліктерін, мағынасын, құрамындағы лексикалық компоненттердің табиғатын, олардың морфологиялық, синтаксистік құрлысын зерттейтіні ғылыми тұрғыдан дәлелденген.
Ресейдегі В. В. Виноградов теориясын жалғастырған орыс ғалымдары В.Н.Телия, Н.М.Шанский, Н.Эфимов және т. б.
Фразеология мәселелері жалпы тіл білімінде, оның ішінде түркі тілдерінде, қазақ тіл білімінде жан-жақты қарастырылып келеді. Түркітанудағы фразеология туралы зерттеулер ХХ ғасырдың елуінші жылдарынан басталады. Тіл білімінің фразеология саласын жеке пән ретінде қалыптастыруда, оның зерттеу нысаналарын айқындап, тілдегі орны мен табиғатын айқындауда теориялық тұжырымдар жасап, қомақты еңбектер жазған ғалымдардың, түркітанушы мамандардың, сонымен қатар қазақ тіл білімінде іргелі еңбектерімен ғылым көкжиегінен орын алған фразеологиятанушыларды атап өтсек: тілдік жүйе, құрылымдық тұрғыдан қарастырған І. Кеңесбаев, Ә. Қайдар, фразеологизмдердің сыртқы және ішкі құрылымындағы дыбыстық, мағыналық, семантикалық, әуезділік үйлесімін т.б. архитектоникасын талдап ашып беруде С.Сәтенова, фразеологиялық бірліктердің тілдік нормасын және одан уәжді, уәжсіз ауытқулардың түрлері мен типтерін айқындауда Н.Уәли т. б. еңбектерін айтуға болады. Фразеологизмдерді құрылымдық тұрғыдан зерттеу кезінде оның құрамындағы сөздердің мағынасын ашу, этимологиялық талдау жасау, варианттарын көрсету, синонимдік қатарын анықтау тәрізді мәселелерді Г.Смағұлова, лексика-фразеологиялық жүйедегі бірліктерді Ж.Манкеева және т. б. ғалымдар зерттеу жұмыстарын жаза отырып, тіл ғылымына өзіндік жаңалықтар енгізді.
Қазақ тіл білімінде фразеологизмдер тұрақты тіркес, фразеологиялық бірлік, фразеологиялық тіркес, фразеологиялық орам, фразеологиялық тұлға, фраза сияқты атаулармен аталып жүр. Фразеологизмдерді зерттеу барысында тұрақты тіркестерді тар және кең мағынасында түсіну деген ғылыми ұғым қалыптасқанын байқадық.
Фразеологизмдерді тар мағынасында түсінуді жақтайтындар мақал-мәтелдерді, нақыл сөздерді фразеологизм құрамына енгізбейді (І. Кеңесбаев, Т. Байрамов, З. Ураксин). Ал кең мағынада түсінуді негізге алатын зерттеушілер (С. Муратов, Г. Ахуниязов) терминдерді, күрделі сөздерді, қос сөздерді, нақыл сөздер мен мақал-мәтелдерді, газет айдарларын фразеологизмдерге жатқызады.
Осыған байланысты белгілі ғалым Н. Уәли де өз көзқарасын білдіреді: «Кейбір зерттеушілер, фразеологизмдерді тар мағынасында түсінушілер, фразеологиялық единицаға тек фразеологиялық түйдек пен фразеологиялық шоғырды ғана жатқызады. Фразеологизмдерді кең мағынасында түсінушілер, осы аталған үш типке қоса, фразеологиялық тізбектерді де (мақал, мәтел, номинатив атаулар, күрделі терминдер) фразеология құбылысына жатқызады» [20]. Ал Ә. Болғанбаев пен Ғ. Қалиев фразеологизмдерді тар және кең мағынада төмендегіше топтастырады: тар мағынада – фразеологиялық тұтастықтар (идиомалар, фразеологиялық түйдектер), фразеологиялық бірліктер, фразеологиялық тіркестер, фразеологиялық сөйлемшелер; кең мағынада – қос сөздер, қосар тіркестер (параллель фразеологизмдер), коммуникативтік тіркестер, номинативтік тіркестер, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, жаңылтпаштар, жұмбақтар, көркем мәтін үзінділері, фольклорлық тұрақты сөз үлгілері, сәлемдесу жоралғылары [22].
Қазақ тіл білімінде фразеологизмдерді фразеологиялық бірлік, фразеологизм, фразеологиялық тіркес, тұрақты тіркес, фразеологиялық оралым, фразеологиялық тұлға, фраза т.б. деп синоним ретінде қолданып жүр. Алайда, зерттеу барысында аталған терминдердің барлығын синоним ретінде қолдану қиындық тудырады. Сол себепті біз өз жұмысымыздың барысында фразеологизмдерді кең мағынада түсінуді жақтаушылардың пікірін қолдай отырып, қолданылуы тиянақты, мағынасы тұтас, дайын қалпында жұмсалатын тілдік бірліктерді фразеологизм деп қолдануды жөн санадық.
Солай болғанымен де, фразеологизмдер ретінде танылатын фразеологиялық оралымдар, фразеологиялық тұтастықтар (идиомалар, фразеологиялық түйдектер), фразеологиялық бірліктер, фразеологиялық тіркестер, фразеологиялық сөйлемшелер, қос сөздер, қосар тіркестер (параллель фразеологизмдер), коммуникативтік тіркестер, номинативтік тіркестер, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, жаңылтпаштар, жұмбақтар, көркем мәтін үзінділері, фольклорлық тұрақты сөз үлгілері, сәлемдесу жоралғыларының семантикалық белгісінің сипатына, фразеологизмдердің құрамы мен құрылымының тұтас бірлікке айналуының шарттары мен ерекшеліктеріне тоқтала кеткеніміз дұрыс.
Профессор Ахмеди Ысқақов фразалық тіркестер мен күрделі сөздерді, күрделі аталымдар мен күрделі атаулық тіркестерді, күрделі аталым мен идиомалық тіркестің аражігін ашып көрсетіп, олардың арақатынастарын анықтау қажеттігіне ерекше мән берді. Осы мәселелерді бір-бірінен айыратын басты белгілерін айқындауды алдына міндет етіп қояды [23].
Профессор Т. Сайрамбаев: «Фраземаларда лексикалық мағына болса, сөз тіркестерінде болмайды, сөз тіркестері сөздің лексикалық бірлігі ретінде жасалса, фраземаларда жеке лексикалық бірліктер жоқ. Сөз тіркесі мен фраземалардың сырттай ұқсастықтары болғанымен, ішкі мазмұны жағынан бір емес»,-дейді [24, 82 ].
Осы тұрғыда профессор Б. Қасым: «Фразалардың құрамы тұрақты, олар тілдің бұрыннан қалыптасқан даяр бірліктері болып табылады. Күрделі лексемалар сарымай, шашбау т. б. деген күрделі атауларды ешқандай сөзбен, синониммен айырбастай алмаймыз. Фразалық тіркес пен күрделі атау құрамындағы сыңарлардың мағыналық тұтастық белгісі жағынан ұқсас келеді. Фразалық тіркес бұрыннан бар атаулардың (сөздердің) – эмоционалды-экспрессивті бояуы қалың синонимі болып, образдылық қасиеті басым келеді де, ал күрделі атау өзі білдіретін ұғымның бірден-бір атауы»,-дейді. Ғалым фразалық тіркестер мен күрделі атаулардың өзіндік айырмашылықтарын көрсете отырып, күрделі тілдік құбылыстардың бірі – фразеологиялық тіркестер екенін, олардың бөлектұлғалануы; құрылымындағы сөз ретінің тұрақтылығы; сыңарларының тіркесімділік тұрақтылығы сыртқы белгілері болып табылатынын айтады [25].
Ал ғалым Р. Авакова: «Лексема атауыштық мәнде жұмсалса, фразема бейнелеуіштік-атауыштық мағынада жұмсалады, сөз – белгілейді, фразема – бейнелейді; лексема – көбіне халықтың дүниетанымының жемісі болса, фразема – адамзаттың ойлау қабілеті мүмкіндігінің, психологиясының, түрлі табиғи қабілеттері мен қасиеттерінің жемісі; сөз – бүтін бітімді (цельнооформленный) болса, фразема – бөлек бітімді (раздельно-оформленный); сөздің барлық жағдайда ауыс, бейнелі мағынада жұмсалуы шарт емес, ол фразема үшін қажетті шарт; сөз түбір мағынаны, фразема туынды мағынаны білдіреді; сөз өзінің референттік мағынасын сақтаса, фразема құрамындағы сөздер өздерінің ішкі референттік қасиетін сақтай алмайды; лексемада лексикалық, фраземада фразеологиялық мағына болады» [26].
Фразеологизмдер кешенді белгілерінің негізінде басқа тілдік бірліктерден ажыратылатын оралымдар болып табылады. Олар тұтасқан күйінде даяр тұрған оралым ретінде қолданылады, олардың орын тәртібі тұрақты. Фразеологизмдердің компоненттері бастапқы мағынасынан айырылып қалады да, шоғырлана түйдектелген тіркес біртұтас мағынаны білдіреді.
Жалпы фразеологизмдердің шыққан тегі сөз тіркестері мен сөйлемдер болғанына ешкім дау тудырмайды. Фразеологизмдердің мағынасы туынды, астарлы, даму барысында семантикалық өзгерістерге түсіп қалыптасқан, сонымен қатар олар экспрессивтік қызмет атқарады.
Фразеологизмдердің мағыналық және құрылымдық жағынан тұрақтануы сөз тіркесінің немесе сөйлемнің тілдегі көріктеу амалдары: метафора, метонимия, эпитет, теңеу құбылту мен ажарлау құралдары арқылы және тағы басқа мағыналық ауысулар негізінде болатыны анықталды. Олар мәтінде өздерінің лексика-грамматикалық мағыналарына байланысты басқа сөздермен байланысқа түседі. Фразеологиялық мағына жеке сөздердің лексикалық жағынан үйлесіп, семантикалық өзгеріске түсуі арқылы жасалады. Олар туынды мағынаның дамуы нәтижесінде қалыптасқандықтан, фразеологиялық мағына әртүрлі тәсілдер арқылы жасалады
Фразеологизмдер халықтың дүниетанымын, эстетикалық талғамын, сана-сезімін, наным-сенімін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын танытатын тұрақты тілдік оралымдар болып табылады. Сонымен қатар олардан ұлттық сипат айқын көрінеді. Осыған орай көркем шығармада фразеологизмдерді қолданудың әр түрлі әдістері бар екенін байқауға болады.
Белгілі бір кезеңдегі көркем шығарма тілінің фразеологиялық қорын зерттеу – бір жағынан, сол дәуірдегі жалпыхалықтық тілдің кезеңдік ерекшелігін терең білуге себептессе, екінші жағынан, әр суреткердің тіл шеберлігін жан-жақты ашып, оның әдеби тілімізді дамытудағы тарихи рөлін анықтаудың бірден-бір жолы болып табылады. Себебі фразеологизмдер көркем әдебиет қажетін өтеуде халықтың эстетикалық талғамын анықтайтын ең күшті тілдік құралы. Сондықтан белгілі бір қаламгер немесе қазақ әдеби тілінің дамуын анықтауда қомақты материалды фразеологизмдер береді.
Жалпыхалықтық тілдің фразеологиясы мен жеке ақын-жазушының шығармаларындағы фразеология, немесе жеке бір шығарманың фразеологиясы бір-бірінен зерттеу тәсілі жағынан, жеке мазмұны жағынан өзгешелігі бар. Жалпыхалықтық тілдің фразеологиясы оның барлық табиғатын қамтып қарастырса, жеке қаламгер тілінің фразеологиясында фразеологизмдердің стильдік сипатта қолданылуы зерттеліп, ақын-жазушының өзіндік ерекшелігі айқындалады. Белгілі бір ақын-жазушының тілін зерттеуде оның фразеологизмдерді қалай қолданғанын анықтау – үлкен мәселе.
Ақын-жазушылардың халық тілінің дамуына зор үлес қосатыны даусыз. Себебі халық ішінен шыққан би-шешендер мен сөз шеберлерінің айтуынан қалған, солардың қолданысынан елге тараған фразеологиялық бірліктер де мол, әрі фразеологиялық бірліктің қалыптасуының табиғи бір жолы ретінде танылады. Олар тілдің құрамына жаңа сөз тіркестерін, керемет ұйқастарды әкеледі. Мысалы, қазақ жазба әдеби тілінің негізін салушы Ұлы Абайдың тілін алатын болсақ, осы айтылғандарға дәлел болады. Абайдың мақал-мәтелге, қанатты сөз тіркестеріне айналып кеткен нақыл сөздері жалпы халықтық мұраға айналды, әдеби тілімізді дамытқаны баршаға мәлім.
Фразеологизмдердің қазіргі зерттелу бағытына зер салсақ, оларды әлемнің тілдік суреті ұғымы арқылы, яғни танымдық тәсілдерді қолдана отырып, олардың тереңде жатқан құрылымдарын зерттеу бағытын байқаймыз.
Көркем әдебиет стилі коммуникативтік қана емес, эстетикалық функцияны да қоса атқарады, сондықтан оның да бойынан зерттеулер барысында әр түрлі ішкі, сыртқы құрылымдық өзгерістер, тіл мен ойлаудың танымдық қағидалары, ойлау процесінен пайымдау, талдау, көркемдеу сияқты әдіс-тәсілдер шығып отырады. Көркем әдебиет әдеби тіл тарихымен, әдеби тілдің даму тарихымен, жеке дара авторлық стиль мен автор бейнесі тағы басқа тілдік-құрылымдық жүйесімен ерекшеленеді.
Халықтың тарихын, ұлттық болмысын, мәдени танымын т. жан-жақты толық сақтап, ғасырдан-ғасырға, атадан балаға аманат етіп, жеткізуші, өткені мен бүгінін бір-біріне байланыстырушы тіл екені белгілі.
Академик Ә. Қайдар: «Кез келген тілдің қоғамда өзара байланысты үш түрлі қызметі бар. Оның басты қызметі: коммуникативтік, яғни қоғам мүшелерінің өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірін түсінуі, пікір алысуы үшін қажетті қызметі. Оның екінші қызметі – көркем шығарма тіліне тән, адам баласына тән образ арқылы ерекше әсер ететін, ләззат сыйлайтын эстетикалық қызметі. Тілдің бұл қызметі, әрине, қаламгерлердің шеберлігіне, сөз саптау мәдениетіне байланысты. Ал тілдің үшінші қызметі – кумулятивтік қызметі деп аталады. Яғни ол – тілдің ғасырлар бойы дүниеге келіп, қалыптасқан барлық сөз байлығын өз бойына жинап, сақтап, оны келешек ұрпаққа асыл мұра ретінде түгел жеткізіп отыратын игілікті қасиеті... Тіл фактілері мен деректері – тұла бойы тұнып тұрған тарих. Сондықтан этностың өткендегі тарихы мен этнографиялық байлығын біз, ең алдымен содан іздеуіміз керек» [27, 35 ].
Прагматикалық құбылыстарды зерттеуге болатын негізгі қор – бұл көркем туындылар болып табылады. Онда қаламгерлердің шығармашылық қабілеті, суреткерлік зердесі, көркемдік ойлау жүйесі, ұлттық дүниетанымы, сөз қиыстыру талдаудың тиімділігі прагматикалық әлеуетін анықтаумен байланысты. Автордың прагматикалық бағдары көркем мәтіндегі адресат пен адресант қарым-қатынасынан туындайды. Сондықтан көркем мәтін лингвистикасындағы мәтін семантикасының прагматикалық сипатын анықтауда басты назар оның прагматикалық тапсырысына бағытталады.
Халықтық болмыс, тіршілігінің, мәдениетінің, таным-түсінігінің құпия сырлары ұлттық өмірдің айнасы болып табылатын – тіл арқылы көрініс табады. Адамзаттың өзін қоршаған дүниедегі әлем бейнесін тануы, ұлттың дүниеге деген көзқарасы негізіндегі менталитеттік танымдар деген сауалдар когнитивтік лингвистикада қарастырылуда. Тіл арқылы адамдардың өмірге, қоғамға, өздеріне деген көзқарастарын көре аламыз. Ғасырлар қойнауындағы мақал, мәтел, фразеологизм, мәдениет символдары, салт, дәстүр және тағы басқалардың бойында сақталған әлем жайлы ақпарат адамзатқа лингвистикалық ағыммен келеді, сондықтан адам заттар әлемінде емес, өзі құрған интеллектуалдық, рухани, әлеуметтік қажеттілігі үрдісінен шығатын концепт әлемінде өмір сүреді: ақпараттың құрамды үлесі сөз арқылы алынады және адамның қоғамдағы орны сөз мәдениеті тұрғысынан болмаса да, сөз құдіретін анықтаса, ғасыр қойнауында қалған немесе келмеске кеткен білім мәнінің сарасы көрінері анық.
Тіл – дүниетаныммен тығыз байланысты ұғым. Кез келген ұлттың өзіне ғана тән дүниетанымдық түсініктері болады. Ұлттық дүниетаным – қандай да бір ұлттың басқаларға ұқсамайтын өмір сүру дағдысы, адам және сол дүниедегі тіршілігіне деген көзқарасы.
Халықтың тұрмыс-тіршілігінің, салт-санасының, мәдениетінің айнасы болып табылатын фразеологизмдер – ойлау мен танымның ерекше бейнелі тілдік бірліктері. Олардың басты қызметі – коммуникативтік, яғни қоғам мүшелерінің өзара тілдесуі, түсінісуі үшін қажетті қызметі. Екінші қызметі – көркем шығарма тіліне тән, адам баласына образ арқылы әсер ететін эстетикалық қызметі. Тілдің бұл қызметі, қаламгерлердің шеберлігіне байланысты. Тілдің үшінші қызметі – кумулятивтік қызмет. Ол – тілдің ғасырлар бойы дүниеге келіп, қалыптасқан барлық сөз байлығын өз бойына жиып, сақтап, оны келешек ұрпаққа жеткізіп отыратын игілікті қасиеті. Фразеологизмдер тілдің осы үш қызметіне де байланысты.
Фразеологизмдер тақырып, мағына, тұлға жағынан әр түрлі болып келеді. Олардың қандай да ұғым-түсінікке қатысты болмасын адамның іс-әрекетін, сын-сипатын, қалып-күйін, дүниетанымын өзіндік нақышымен бейнелейтін танымдық мәні зор. Адамзат тарихын өз бойында сақтаған қазақ фразеологиялық сөздік қорында философиялық ойлары, дүниені танып-білуі, тұрмыс-тіршілігі, ұлттық мәдениеті айқын көрініс тапқан.
Көркем шығармада автор өзінің өмірге көзқарасын, ой-пікірін, ақиқат дүниеге қатынасын білдіріп отырады. Адамның ақиқат дүниеге қатынасы тілдік құралдар арқылы беріліп, соның негізінде ақпарат жүйесі қалыптасады.
Тілдегі фразеологизмдер экспрессияның таптырмас құралы болып табылады. Поэзия тілінде жұмсалған фразеологизмдердің барлығы да образды болып келеді. Дегенмен де олар экспрессивтік бояуы жағынан бірі күшті, бірі солғындау болып келеді.
Ақын-жазушылардың халық тілінің дамуына зор үлес қосатыны даусыз. Олар тілдің құрамына жаңа сөз тіркестерін, керемет ұйқастарды әкеледі. Мысалы, қазақ жазба әдеби тілінің негізін салушы Абайдың тілін алатын болсақ, осы айтылғандарға дәлел болады. Абайдың мақал-мәтелге, қанатты сөз тіркестеріне айналып кеткен нақыл сөздері жалпы халықтық мұраға айналды, әдеби тілімізді дамытты.
контаминацияланған фразеологизмдер
Контоминация әдісі – стилистикалық тәсіл. Бір сөйлем ішінде бір немесе бірнеше фразеологиялық бірліктердің келуі. Осылай бір сөйлемде бірнеше фразеологиялық тұлғалардың келуі тіркестің стильдік бояуын қалыңдата , күшейте түседі. Мысалы,
- Жұмыс қылуға жарайды... Іздегендері қу құлқыны ғой. Неге еңбегіне жалынбайды... Тағы кеп масыл боп, жұттай қысып... – дегенде Сәлім мырс беріп, мысқылдай күлді.
Бұл сөйлемдегі контоминацияланған фразеологизмдердің бірінен екіншісінің стильдік бояуы басымырақ. Тіркестердің стилистикалық мағынасы негізгі мағынасынан алшақтамай біреуді жақтау мәнінде берілген.
«Фразеологиялық тұлғалар өзіндік қолданылу ерекшеліктеріне қарай, «мәтін ішінде мәтін» жасап бір тіркес емес екі немесе одан да көп мағыналас фразеологизмдермен ерекше қатар түзейді. Мұндай жағдайда стильдік әсер мен стильдік бояу бір сөйлем ішінде әр қырынан көрініс табады. Мәселен, мағыналас фразеологизмдер шоғыры сөйлеуші мен айтушының ойын жеткізуде таптырмайтын мәнерлілікті туғызады. Біз сөз етіп отырған мағыналас фразеологизмдердің мұндай табиғаты амплификация арқылы жасалуы делінеді», - дейді де ампликациялық қатар түзетін фразеологиялық тұлғалар сөйлемде орналасу тәртібіне қарай екпінді және бәсең ампликация болып келетінін көрсетеді[19,28]. Егер осы пікірге сүйенетін болсақ, көркем шығармалардан екпінді ампликациялық қатар түзетін фразеологизмдерді көптеп кездестіре аламыз. Оған өзіміздің қолымыздағы тілдің деректер дәлел. Мысалы,
- Батыр-батыр-ау, бірақ, болыс, мені осы жолға жұмсамасаң қайтеді? Осы кез ұры еместі ұры ғып құтыртып талай саққа, ағаш атқа мінгізіп жатқан пәлелі кез ғой. сақтансам ба деп едім, Менің Сәт, Сәлменмен ұстасар шамам еді?-деп тартынып көріп еді («Қараш-Қараш оқиғасы»).
талай саққа, ағаш атқа мінгізіп жатқан мағыналас екі фразеологиялық тұлғаның бір сөйлем ішінде келуі. Мұндағы сан саққа жүгірту деген тұрақты тіркес талай саққа болып әрі контаминацияланып, әрі эллипсистеніп, яғни бір компоненті ықшамдалып қолданылған.Тілдік мысалдарды талдағанда осындай мағыналас фразеологизмдер сөйлем ішінде көбінесе екі-үш қатарлы болып келеді. Ал кей жағдайда жазушының шеберлігіне қарай оқиғаны суреттеуде төрт қатарға дейін қолданылады екен. Мысалы,
Табиғаттың осы бір қылтқи бере қытымырлығы дәл мұрынға су жетпей, екі қолыңды төртеу ете алмай арпалысып, күш күресіп жатқан шағында қағынуы онсыз да жұқарған жүйкеңді тоздыра түсер еді («Абай жолы»).
Мұрынға су жетпеу, екі қолын төртеу ете алмау, күш күресіп жатқан шақ – деген мағыналас үш фразеологизмді қолдану арқылы қаламгер адамның нақты қимыл-әрекетін береді. Яғни, адамның қысылтаяң, үлгере алмай жатқан шағында табиғаттың өзгермелі қатал мінезінің адамның психологиясына әсерін суреттейді.
Достарыңызбен бөлісу: |