Көмірсутекке қатысты жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттары туралы жалпы ереже
1. Көмірсутекке қатысты жер қойнауын пайдалану бойынша операциялар мынадай жобалау құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады:
1) базалық жобалау құжаттары:
барлау жұмыстарының жоспары;
көмірсутек кен орындарын иегруге арналған технологиялық сызба;
2) техникалық жобалау құжаттары:
сейсмикалық барлау жұмыстарының жобасы;
ұңғыманы бұрғылау жобасы;
көмірсутек кен орындарын абаттандыру жобасы;
шикі газды өңдеуді дамыту жобасы;
жер қойнауын пайдалану нысандарын консервациялау жобасы;
жер қойнауын пайдалану нысандарын тарату жобасы;
жер қойнауын пайдалану салдарларын жою жоспары.
2. Көмірсутекке қатысты жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттарын жер қойнауын пайдаланушы тартқан, тиісті қызмет түрлеріне лицензиясы бар ұйым құрады.
Осыған сәйкес ұңғыманы бұрғылау қарастырмайтын барлау жұмыстарының жоспарын (оның өзгерістері мен толықтыруларын) жер қойнауын пайдаланушы өз бетінше құра алады.
3. Жер қойнауын пайдаланушы тартқан жобалау ұйымы басқа ұйыммен ауыстырылатын жағдайда, алдыңғы жобалау ұйымы құрған жобалау құжаты қайта құрылуы тиіс.
4. Көмірсутекке қатысты жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттары мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган бекітетін көмірсутекке қатысты жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттарын әзірлеу ережелеріне сәйкес жер қойнауын пайдаланудың оң тәжірибесі негізінде әзірленеді.
5. Көмірсутекке қатысты жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттарын жер қойнауын пайдаланушы бекітеді.
6. Жобалау құжаттарында көзделген жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізу түрлерін, тәсілдерін, технологияларын, ауқымын және мерзімін өзгертуге осындай жобалау құжаттарына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілген соң рұқсат етіледі.
Көмірсутекке қатысты жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттарын әзірлеу ережесінде жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізу түрлерін, тәсілдерін, технологияларын, ауқымын және мерзімін өзгерту жобалау құжаттарына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етпейтін жағдайлар белгіленеді.
1. Барлау жұмыстарының жоспары барлау мен өндіруге арналған келісімшарт тіркелген күннен бастап үш айдың ішінде жасалады.
2. Барлау жұмыстарының жоспары барлаудың толық кезеңіне жасалады.
3. Барлау жұмыстарының жоспары:
1) әрбір блок бойынша көмірсутектерді барлау жөніндегі жұмыстар түрлерінің, оларды орындау тәсілдерінің, технологияларының, көлемі мен мерзімдерінің сипаттамасын;
2) жер қойнауын ұтымды пайдалану мен қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды;
3) көмірсутектерді барлаудың салдарын жою жөніндегі жұмыстарды орындаудың мерзімдері, шарттары мен құны туралы ақпаратты қамтуға тиіс.
4. Барлау жұмыстарының жоспары жер қойнауын пайдаланушы жұмыс бағдарламасында жариялаған жұмыстардың толық көлемі мен оларды орындау мерзімдерін қамтуға тиіс.
5. Табылған кен орнын (кенді) бағалауды, оның ішінде оны сынамалы пайдалануды өткізу қажет болса, осындай жұмыстар әрбір жеке кен орнына (кенге) өзгерістер енгізу арқылы барлау жұмыстарының жоспарында көзделеді.
Бұл ретте барлау жұмыстарының жоспарына сынамалы пайдалануды қоса, бағалау жұмыстары түрлерінің, оларды өткізу тәсілдерінің, технологияларының, көлемі мен мерзімдерінің сипаттамасы, сондай-ақ тәжірибелік-өнеркәсіптік мақсатта көмірсутектерді өндірудің болжалды көлемдері енгізіледі.
6. Жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және оң қорытындыларды алған осы Кодексте көзделген барлау жұмыстары жоспарының сараптамаларынсыз, сондай-ақ осындай барлау жұмыстары жоспарының талаптарын бұза отырып, кен орындарды іздеу, барлау және бағалау (сынамалы пайдалануды қоса) жөніндегі жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады.
Көмірсутек шикізаттарының кен орнындарын игерудің технологиялық сызбасы
1. Кен орынды игерудің технологиялық сызбасы осы Кодексте көзделген талаптарға сәйкес барлау кезеңінде және (немесе) дайындық кезеңінде жасалады.
2. Кен орнын игерудің технологиялық сызбасы өндірудің толық кезеңіне жасалады.
3. Кен орнын игерудің технологиялық сызбасы:
1) табылған көмірсутек кен орнының қорларын есептеуді;
2) көмірсутек қорларын, мұнайды, газды және газ конденсатын алу коэффициенттерін есептеу үшін шарттардың технологиялық-экономикалық негіздемесін;
3) қажеттілік болса – кен орнының жеке учаскелерін тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру, ал газ және газ конденсатты кен орындар бойынша – кен орынды тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалану түрлерінің, тәсілдерінің, технологияларының, көлемі мен мерзімдерінің сипаттамасын;
4) кен орынды өнеркәсіптік игеру түрлерінің, тәсілдерінің, технологияларының, көлемі мен мерзімдерінің сипаттамасын, оның ішінде:
өндіруші және айдайтын ұңғымалардың тораптарын орналастыру жүйесін және олардың тығыздығын таңдау;
ұңғымаларды пайдалану тәсілдері мен режимдерін таңдау;
қабатқа әсер етудің тәсілдері мен агенттерін таңдау;
қабаттардан көмірсутектерді және сұйықтықтарды өндіріп алу, оларға ығыстырушы агенттерді айдау қарқындары;
көмірсутектерді алу, ұңғымалар қорын пайдалану мен қолдану коэффициенттерінің көрсеткіштері;
көмірсутектерді алудың деңгейін арттыру және олардың өндірісін қарқындатудың, ұңғымаларды пайдалану кезінде қиындықтардың алдын алу мен олармен күресудің, кен орындарды игеру үдерістерін бақылау мен реттеудің әдістерін қолдану;
5) шикі газды өңдеудің (кәдеге жаратудың) тәсілдері мен тәртібінің сипаттамасын;
6) жер қойнауын ұтымды пайдалану мен қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды;
7) көмірсутектерді өндірудің салдарын жою жөніндегі жұмыстарды орындаудың мерзімдері, шарттары мен құны туралы ақпаратты;
8) кен орынды игерудің толық кезеңіне көмірсутектерді өндірудің болжалды жыл сайынғы көлемдерін қамтуға тиіс.
4. Көмірсутектердің қорларын есептеу мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган белгілейтін тәртіпте іске асырылады.
5. Келісімшарттық аймақта бірнеше кен орын табылған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы кен орынды игерудің технологиялық сызбасын әрбір кен орынға бөлек әзірлейді және бекітеді.
6. Жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған кен орынды игерудің технологиялық сызбаларынсыз, сондай-ақ осындай кен орынды игерудің технологиялық сызбасының талаптарын бұза отырып, кен орынды игеру жөніндегі жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады.
Техникалық жобалау құжаттары
1. Техникалық жобалау құжаттары барлау жұмыстары жоспарының немесе кен орынды игерудің техникалық сызбасының негізінде жасалады.
2. Барлау жұмыстары жоспарына немесе кен орынды игерудің техникалық сызбасына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар тиісті техникалық жобалау құжатына өзгерістер мне толықтырулар енгізу қажеттілігіне әкеледі.
3. Кен орынды абаттандырудың жобасы барлау кезеңіне және (немесе) дайындық кезеңіне жасалады.
4. Көмірсутектерді барлау салдарын жою жоспары барлау жұмыстарының жоспарымен бір уақытта жасалады. Жер қойнауын пайдаланушы барлау жұмыстарының жоспарына өзгерістер енгізілген жағдайда, көмірсутектерді барлау салдарын жою құнының шамамен алғандағы есебіне өзгерістерді қоса, жою жоспарына өзгерістер енгізуге міндетті.
5. Көмірсутектерді өндіру салдарын жою жоспары кен орынды игерудің технологиялық сызбасымен бір уақытта жасалады. Жер қойнауын пайдаланушы кен орынды игерудің технологиялық сызбасына өзгерістер енгізілген жағдайда, көмірсутектерді өндіру салдарын жою құнының шамамен алғандағы есебіне өзгерістерді қоса, көмірсутектерді өндіру салдарын жою жоспарына өзгерістерді енгізуге міндетті, бірақ үш жылда кемі дегенде бір рет.
6. Жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған техникалық жобалау құжатынсыз, сондай-ақ осындай техникалық жобалау құжатының талаптарын бұза отырып, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге тыйым салынады.
Көмірсутектерге қатысты жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттарына сараптама жүргізу
1. Ұңғымаларды барлауды көздемейтін барлау жұмыстарының жоспары (оған өзгерістер мен толықтырулар), бекітілген мезеттен бастап бес жұмыс күні ішінде хабарландыру тәртібінде құзыретті органға жолданады.
2. Ұңғымаларды барлауды көздейтін барлау жұмыстарының жоспары (оған өзгерістер мен толықтырулар), кен орынды игерудің технологиялық сызбасы (оған өзгерістер мен толықтырулар), сондай-ақ техникалық жобалау құжаттары (оларға өзгерістер мен толықтырулар) жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптама жүргізу үшін жолданады.
3. Көмірсутектерге қатысты жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттары олар жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптама жүргізуге бағытталғанға дейін Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес жүргізілетін мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткізілуге тиіс.
4. Көмірсутектерге қатысты жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттары сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің нысандарын салуды, сондай-ақ оларға қойылатын жалпы талаптарды көздейтін болса, онда жобалардың сараптамасы Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптарына сәйкес осындай нысандар құрылысының жобаларына ғана қатысты іске асырылады.
5. Егер осы баптың 1 және 2 тармақтарында көзделген сараптама жүргізілген кезде, мемлекеттік орган бірнеше рет ескерту беріп, жер қойнауын пайдаланушы оны жер қойнауын пайдаланудың оң тәжірибесін сақтаудан ауытқымай жоя алмаса, құзыретті орган тиісті шешім шығару үшін осындай жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша оны алған мезеттен бастап он жұмыс күні ішінде мүдделі мемлекеттік органдардың, жер қойнауын пайдаланушының және жобалау институтының өкілдерінің қатысуымен келісу комиссиясын ұйымдастырады.
Көмірсутектерге қатысты жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптама жүргізу
1. Көмірсутектерге қатысты жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптама жер қойнауын пайдаланудың, көмірсутектер қорларын мемлекеттік есепке алудың, сондай-ақ барланған көмірсутектер қорларының саны мен сапасы туралы ақпараттың сенімділігін бағалаудың оң тәжірибесіне сәйкес көмірсутектердің кен орындарын барлау мен игеру кезінде жер қойнауын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.
2. Базалық жобалау құжаттарының мемлекеттік сараптамасын геология және жер қойнауын пайдалану саласында арнайы білімі бар және сараптаманың нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тартумен Қазақстан Республикасының көмірсутектер кен орындарын барлау және игеру жөніндегі орталық комиссиясы (орталық комиссия) іске асырады.
3. Орталық комиссияның қызметін ұйымдастыру, оның құрамы, жұмыс регламенті және іс қағаздарын жүргізу мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган бекітетін Қазақстан Республикасының көмірсутектер кен орындарын барлау және игеру жөніндегі орталық комиссиясы туралы ережемен айқындалады.
4. Барлау жұмыстары жоспарының (оған өзгерістер мен толықтырулардың), сондай-ақ көмірсутектердің қорларын есептеу мәселелерін қозғамайтын кен орынды игерудің технологиялық сызбасына өзгерістер мен толықтырулардың мемлекеттік сараптамасы оны жер қойнауын пайдаланушыдан алған күннен бастап бір айдың ішінде, ал кен орынды игерудің технологиялық сызбасының (оған көмірсутектердің қорларын есептеу мәселелерін қозғайтын өзгерістер мен толықтырулардың) мемлекеттік сараптамасы екі айдың ішінде жүргізіледі.
Бірегей және ірі көмірсутек кен орындары бойынша базалық жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптама жүргізу мерзімін арттыруға болады, бірақ бір айдан аспайтын мерзімге.
5. Орталық комиссия тәуелсіз сараптама жүргізу үшін базалық жобалау құжатын алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оны тәуелсіз сараптама операторына жолдайды.
6. Базалық жобалау құжаттарына тәуелсіз сараптама жүргізетін оператор мұнай және газ саласындағы уәкілетті органмен белгіленеді және тәуелсіз сарапшыларды біліктілік іріктеуден өткізеді және олардың қызметін ұйымдастыруды іске асырады, сондай-ақ келіп түскен базалық жобалау құжатына сараптама жүргізу үшін тәуелсіз сарапшыны айқындайды.
Базалық жобалау құжаттарына тәуелсіз сараптама жүргізетін оператор ретінде дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан артық пайызы мемлекетке тиесілі, мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган қарамағындағы заңды тұлға белгіленеді.
7. Базалық жобалау құжатына мемлекеттік сараптама жүргізудің нәтижелері орталық комиссияның отырысында базалық жобалау құжатын және тәуелсіз сараптаманың тиісті қорытындысын қарау арқылы анықталады.
8. Техникалық жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптама олар жер қойнауын пайдаланушыдан келіп түскен күннен бір айдың ішінде құзыретті орган бекіткен тәртіпте құзыретті органмен жүргізіледі.
9. Жобалық құжаттарға жүргізілген мемлекеттік сараптаманың нәтижелері оң немесе теріс болуы мүмкін сараптамалық қорытындымен ресімделеді. Сараптамалық қорытындының көшірмесі оған қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыға жіберіледі.
10. Теріс сараптамалық қорытындыны шығаруға мыналар негіз болып табылады:
1) жобалау құжатының Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және (немесе) келісімшарт ережелеріне сәйкес келмеуі;
2) жобалау құжатының мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган бекітетін көмірсутектерге қатысты жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттарын дайындау қағидаларында белгіленген мазмұнға, құрылымға және ресімдеуге қойылатын талаптарға сәйкес келмеуі;
3) жобалау құжатының мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган бекітетін көмірсутектерге қатысты жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттарын дайындау қағидаларында бекітілген жер қойнауын пайдаланудың оң тәжірибесіне сәйкес келмеуі;
4) кен орнын игерудің технологиялық сызбасында көмірсутектер кен орнының қорларын есептеудің мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган бекітетін көмірсутектер кен орнының қорларын есептеу қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
5) кен орнын игерудің технологиялық сызбасында ұсынылған барланған көмірсутектер қорларының саны мен сапасы туралы ақпараттың дәйексіздігі;
6) кен орнын игерудің технологиялық сызбасында ұсынылған деректердің негізінде барланған көмірсутектер қорларының саны мен сапасын әділ түрде бағалауға мүмкіндіктің болмауы.
11. Жобалау құжатына жүргізілген мемлекеттік сараптаманың теріс қорытындысында оны шығарудың негіздемесі және жобалау құжатын түзету бойынша ұсыныстар келтіріледі.
12. Кен орнын игерудің технологиялық сызбасы бойынша жүргізілген мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы көмірсутектер кен орнының қорларын мемлекеттік есепке қою үшін негіз болып табылады.
Жобалау құжаттарының орындалуын мониторингілеу
1. Жер қойнауын пайдаланушының барлау жұмыстарының жоспарын орындауын мониторингілеу осы жоспарды құрастырған жобалау ұйымының жыл сайынғы авторлық қадағалауды өткізуі арқылы іске асырылады.
Бұл ретте ұңғымаларды бұрғылауды көздемейтін барлау жұмыстарының жоспары бойынша авторлық қадағалау жүргізілмейді.
2. Жер қойнауын пайдаланушының кен орнын игерудің технологиялық сызбасын орындауын мониторингілеу:
1) осы технологиялық сызбаны құрастырған жобалау ұйымының жыл сайынғы авторлық қадағалауды өткізуі;
2) үш жылда кемінде бір рет орындалатын көмірсутектер кен орнының игерілуін талдау арқылы іске асырылады.
3. Көмірсутек кен орнының игерілуіне авторлық қадағалау мен талдау өткізуге қойылатын талаптар мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган бекітетін көмірсутектерге қатысты жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттарын әзірлеу қағидаларында белгіленеді.
4. Авторлық қадағалау кезінде игеруді бақылау кезінде алынатын ағымдағы геологиялық-кәсіптік ақпарат пайдаланылады, ал қадағалаудың нәтижелері құзыретті органға хабарландыру тәртібінде ұсынылатын жыл сайынғы есеп түрінде баяндалады.
5. Авторлық қадағалау жөніндегі жыл сайынғы есепте:
1) нақты қол жеткізілген технологиялық өлшемдер мәндерінің жобалық мәндерге сәйкес келуі;
2) нақты және жобалық көрсеткіштер арасындағы ауытқушылықтардың және (немесе) жобалық шешімдерді орындамаудың себептері;
3) барлау жұмыстарының жоспары бойынша – жобалық шешімдерге қол жеткізу бойынша және игеру жүйесін меңгеруде анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар;
4) кен орнын игерудің технологиялық сызбасы бойынша – жобалық шешімдерге қол жеткізу бойынша және игеру жүйесін меңгеруде анықталған кемшіліктерді жою және (немесе) жеке жобалық шешімдерді және кен орнын игерудің технологиялық тәсімінің көрсеткіштерін өзгерту қажеттілігін анықтау үшін игеруге кезектен тыс талдау жүргізу бойынша ұсыныстар көрсетіледі.
6. Көмірсутектерге қатысты жер қойнауын пайдалану саласындағы жобалау құжаттарын әзірлеу қағидаларында авторлық қадағалауды орындаудың нәтижелері бойынша жобалау ұйымы осы Кодексте көзделген сараптамаларды өткізу қажеттілігінсіз жобалау құжаттарының жеке көрсеткіштерін болмашы түзете алатын, ал жобалау құжатына тиісті өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды құзыретті органға хабарландыру тәртібінде жолдай алатын жағдайлар белгіленген.
7. Кен орнының игерілуін талдау пайдалану нысанын игеру барысында ұңғымалар мен қабаттарға жүргізілген геологиялық-кәсіптік, геофизикалық, гидродинамикалық және басқа зерттеулердің нәтижелерін, сондай-ақ көмірсутектер қорларының ағымдағы орналасуын және өнімді қабаттарда өтіп жатқан үдерістерді анықтау үшін игеру көрсеткіштерінің серпінін кен орнын игерудің жүйесін жетілдіру қажеттілігін анықтау затына кешенді түрде зерделеуді білдіреді.
8. Көмірсутектер кен орнының игерілуін талдауды жер қойнауын пайдаланушы қатыстыратын, қызметтің тиісті түріне лицензиясы бар жобалау ұйымы жүргізеді, және ол құзыретті органға хабарландыру тәртібіне жіберіледі.
9. Көмірсутектер кен орнының игерілуіне жүргізілген талдауда кен орнын игерудің технологиялық сызбасына өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы негізделген қорытынды бар болса, кен орнын игерудің нақты және жобалық көрсеткіштері арасында елеулі (он пайыздан астам) ауытқушылықтар болған жағдайда, кен орнын игерудің технологиялық сызбасына мемлекеттік сараптама жүргізу үшін талдаудың нәтижелерін осы Кодексте көзделген тәртіпте орталық комиссия қарау қажет.
10. Орталық комиссия көмірсутектер кен орнының игерілуіне жүргізілген талдау бойынша оң қорытынды шығарған жағдайда, осындай талдаудың жобалық шешімдері мен көрсеткіштері кен орнын игерудің техникалық сызбасына өзгерістер мен толықтыруларды әзірлеудің, бекіту мен оларды мемлекеттік сараптамадан өткізудің бір жылдан аспайтын кезеңіне кен орнын игерудің технологиялық сызбасының жобалық шешімдері мен көрсеткіштері ретінде бағаланады.
Жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық міндеттемелеріне жатқызылатын көмірсутектерді барлау мен өндіру жөніндегі жобалау құжаттарының көрсеткіштері
Көмірсутектерге қатысты жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта жер қойнауын пайдаланушының міндеттемесі ретінде мынадай жобалау құжаттарының көрсеткіштерін орындау белгіленеді:
қабат қысымы мен қанығу қысымының арақатынасы;
игерім және айдау ұңғымалары жұмысының көрсеткіштері;
газ факторының мәні;
игерім ұңғымаларының ең көп ұйғарынды дебиті;
шикі газды жағудың ең көп көлемдері;
шикі газды қабатқа айдаудың ең көп көлемдері.
Бұл ретте, осы тармақта көрсетілген көрсеткіштердің мәндері келісімшартқа енгізілмейді және жобалау құжаттарына сүйене отырып айқындалады.
Көмірсутектерге қатысты жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің жекелеген мәселелері
Көмірсутектерді есепке алудың ақпараттық жүйесі
1. Көмірсутектерді есепке алудың ақпараттық жүйесі көмірсутектерді шығару, өндіру, дайындау, өңдеу, тасымалдау, сақтау, өткізу, түсіру, олардың шығыны, оларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу мен Қазақстан Республикасының аумағынан әкетудің көлемдері туралы ақпаратты автоматты түрде жинау, өңдеу, сақтау және пайдалану үшін арналған.
2. Көмірсутектерді есепке алудың ақпараттық жүйесінің операторын мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган белгілейді және ол көмірсутектерді есепке алудың ақпараттық жүйесіне енгізу үшін ақпарат жинауды, өңдеуді, сақтауды, пайдалануды, оның ішінде мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган бекітетін көмірсутектерді есепке алудың ақпараттық жүйесінің қалыптасуы мен жұмыс істеуінің тәртібіне сәйкес ақпарат ұсыну мен таратуды іске асырады.
Көмірсутектерді есепке алудың ақпараттық жүйесінің операторы ретінде дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан артық пайызы мемлекетке тиесілі, мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган қарамағындағы заңды тұлға белгіленеді.
3. Көмірсутектерді өндіру және олардың айналымы саласында қызмет ететін субъектілер тізбесі мұнай және газ саласындағы уәкілетті органмен бекітілетін өз өндірістік нысандарын бақылау есептеу құралдарымен жабдықтауға және мұнай және газ саласындағы уәкілетті органмен белгіленген тәртіпте бақылау есептеу құралдарының жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндетті.
4. Көмірсутектерді өндіру және олардың айналымы саласында қызмет ететін субъектілерге тізбесі мұнай және газ саласындағы уәкілетті органмен бекітілетін өндірістік нысандарды бақылау есептеу құралдарымен жабдықтамай көмірсутектерді шығару, өндіру, дайындау, өңдеу, тасымалдау, сақтау, өткізу, түсіру, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу мен Қазақстан Республикасының аумағынан әкету жөніндегі операцияларды жүргізуге тыйым салынады.
Шикі газды жағу және сейілту
1. Мына жағдайларды қоспағанда, шикі газды факелдерде жағуға рұқсат етілмейді:
1) авариялық жағдайлар қауіп төндіріп тұрса немесе туындаса, персоналдың өміріне немесе халық денсаулығына және қоршаған ортаға қауіп төніп тұрса;
2) ұңғымалардың нысандарын сынау кезінде;
3) кен орынды сынамалы пайдалану кезінде;
4) технологиялық жабдықты іске қосу-реттеу, оған техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу кезінде (технологиялық тұрғыдан шарасыз жағу).
2. Авариялық жағдайлар қауіп төндіргенде немесе туындағанда, персоналдың өміріне немесе халық денсаулығына және қоршаған ортаға қауіп төніп тұрған жағдайда шикі газды осындай қауіптер мен жағдайлар жойылғанша жағуға болады.
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушы:
1) мұнай және газ, қоршаған ортаны қорғау және жер қойнауын зерттеу мен пайдалану саласындағы уәкілетті органдарға осындай жағу туралы дереу жазбаша түрде хабарлауға;
2) технологиялық жабдық жұмысында технологиялық жаңылыс пайда болған жағдайда – тергеу жүргізуге және технологиялық жаңылыстардың себептерін, жағылған көлемдерді, оларды жою жөніндегі іс-шараларды өткізу барысы мен аяқтау мерзімдерін көрсете отырып, мұнай және газ саласындағы уәкілетті органға ай сайынғы есептер беруге міндетті.
4. Кен орынды сынамалы пайдалану кезінде факелдерде шикі газды жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте көзделген оң қорытындыларды алған барлау жұмыстары жоспарының сараптамаларына сәйкес үш жылдан аспайтын мерзім бойы жағуға болады.
5. Технологиялық жабдықты іске қосу-реттеу кезінде шикі газды жағу іске қосу-реттеу жұмыстарымен байланысты және жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған жобалау жұмыстарында белгіленген кезеңнің ішінде іске асырылады.
6. Техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары кезінде факелдерде шикі газды жағу жабдықты пайдалану кезінде шикі газды технологиялық тұрғыдан шарасыз жағудың көлемдерінен аспайтын реттелмелі мөлшерлерде іске асырылады.
7. Осы баптың 3, 4, 5 және 6 тармақтарында көзделген жағдайларда, шикі газды мұнай және газ саласындағы уәкілетті органның рұқсатымен факелдерде жағуға жол беріледі. Шикі газды факелдерде жағуға арналған рұқсаттарды беру тәртібін мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
8. Шикі газды сейілтуге тыйым салынады.
Шикі газды кәдеге жарату және өңдеу
1. Көмірсутектерді өндіруді іске асыратын жер қойнауын пайдаланушы шикі газды жағу көлемдерін азайтуға бағытталатын іс-шаралар жүргізуге міндетті.
Кен орнын игерудің технологиялық сызбасында шикі газды өңдеу (кәдеге жарату) жөніндегі бөлім міндетті түрде болуға тиіс.
2. Өндірілетін шикі газдың толық көлемін өңдемей көмірсутектерді өндіруге тыйым салынады, мына шикі газ көлемдерін қоспағанда:
1) осы Кодекстің 119-бабында белгіленген жағдайларда және шарттармен жағылатын;
2) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған жобалау құжатында қарастырылған көлемде жер қойнауын пайдаланушы өзінің технологиялық қажеттіліктерінде пайдаланатын;
3) жер қойнауын пайдаланушы басқа тұлғаларға өткізетін.
Бұл ретте шикі газды өңдеу тиімсіз болып табылатын кен орындарда қабат ішіндегі қысымды сақтау және (немесе) арттыру мақсатында кен орнын игерудің технологиялық сызбасында қабатқа айдау арқылы өндірілетін шикі газдың барлық көлемін кәдеге жарату көзделуі мүмкін.
3. Кен орнын игерудің технологиялық сызбасы осындай кен орында қабат ішіндегі қысымды сақтаудың басқа әдістері тиімсіз болған жағдайда және шикі газды айдау қоршаған орта мен адам өмірі үшін жеткілікті қауіпсіздік деңгейіне ие болған жағдайда қабат ішіндегі қысымды арттыру мақсатында қабатқа айдау арқылы өндірілетін шикі газды кәдеге жаратуды көздеу мүмкін.
4. Кен орнын игерудің технологиялық сызбасында көзделмеген, сондай-ақ кен орнын игерудің технологиялық сызбасын бұза отырып іске асырылатын шикі газды қабатқа айдау тыйым салынады.
5. Жер қойнауын пайдаланушылар мен мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган шикі газды өндеу бойынша бірлескен жобаларды іске асыра алады.
6. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта өзгесі көзделмесе, өндірілген ілеспелі газ мемлекет меншігі болып табылады.
Шекара бойындағы жер қойнауы учаскелерінде көмірсутектерге қатысты жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар
1. Көмірсутектерге қатысты жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің нәтижесінде жер қойнауын пайдаланушы шекара бойындағы жер қойнауы учаскесінде көмірсутектер кен орнын тапқан жағдайда, ол бұл жайлы құзыретті органға дереу хабарлауға міндетті.
2. Қазақстан Республикасы мен табылған кен орнының бөлігі жер қойнауында жатқан мемлекет арасында тиісті халықаралық келісімдер болмаған жағдайда, құзыретті орган осындай мемлекетпен келісімге жеткенге дейін шекара бойындағы жер қойнауының учаскесінде көмірсутектерге қатысты жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтату туралы шешім қабылдауға құқылы.
Бұл ретте шекара бойындағы жер қойнауының учаскесінде көмірсутектерге қатысты жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтату туралы шешім қабылданған мезеттен үш жұмыс күні ішінде құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушыға ол туралы хабарлайды және күнтізбелік отыз күннің ішінде шекара бойындағы жер қойнауының учаскесінде орналасқан кен орынды бірлесіп игерудің тәртібі мен шарттарын реттейтін халықаралық келісімді әзірлеуге бастама жасайды.
3. Құзыретті орган шекара бойындағы жер қойнауының учаскесінде көмірсутектерге қатысты жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайда, барлау кезеңінің барысы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтатудың осындай мерзіміне тоқтатылады. Көмірсутектерге қатысты жер қойнауын пайдалану бойынша тоқтатылған операциялар құзыретті органның рұқсатымен жаңартылады.
Көмірсутектерді бірыңғай нысан ретінде кен орнында барлау немесе өндіру
1. Жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлауды немесе өндіруді жүргізетін кен орынның бір бөлігі көмірсутектерді барлау мен өндіру немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін басқа жер қойнауын пайдаланушы пайдаланатын жер қойнауы учаскесінің шегінде орналасқан жағдайда, осындай жер қойнауын пайдаланушылар өз таңдауынша:
1) жер қойнауын пайдалану құқығын беру кезінде белгіленген тапсыру рәсімдерін сақтаумен, осы кен орында барлау мен өндіруді немесе өндіруді жүргізу құқығына ие бір ғана жер қойнауын пайдаланушы қалатындай, немесе бір келісімшарттың негізінде ішінара жер қойнауын пайдалану құқығына ие бірнеше жер қойнауын пайдаланушы қалатындай етіп өзінің барлау мен өндіруді немесе өндіруді жүргізуге арналған құқықтарын беруге;
2) бірыңғай нысан ретінде кен орында бірлескен барлау мен өндіруді немесе өндіруді жүргізу туралы шартты құзыретті органмен алдын ала келісіп, жобалау құжаттарына тиісті өзгерістер енгізумен осындай шартты жасасуға міндетті.
2. Жер қойнауын пайдаланушылар осы баптың 1-тармағын сақтамаған жағдайда құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушылардан бірыңғай нысан ретінде кен орында бірлескен барлау мен өндіруді немесе өндіруді жүргізу туралы шартты жасасуды сот тәртібінде талап етуге құқылы.
3. Бірлескен барлау мен өндіруді немесе өндіруді іске асыратын жер қойнауын пайдаланушылар оларға келісімшарттармен жүктелген міндеттемелердің орындалуы үшін ортақ жауапкершілік көтереді.
Өндірілген көмірсутектерді өлшеу
1. Жер қойнауын пайдаланушы өндірілген көмірсутектерді мұнай және газ саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес өлшейді.
2. Жер қойнауын пайдаланушы белгіленген тәртіппен айқындалған уақыт кезеңінен кейін мұнай және техникалық өлшемдер саласындағы уәкілетті органдардың өкілдерінің қатысуымен көмірсутектерді өлшеу үшін пайдаланылатын жабдықтар мен аспаптарды жүйелі түрде сынайды.
3. Сынау немесе тексеру кезінде жабдықтарда немесе аспаптарда ақаулар анықталса, ақаудың мерзімін анықтауға мүмкіндік болмаған жағдайда, ақаудың мерзімі алдағы өткен өлшеуден бастап ақау анықталған күнге дейінгі уақыттың жартысы ретінде саналады.
Достарыңызбен бөлісу: |