Монғол тілінен енген сөздер
ХІІІ ғасырдың бас кезінде қазіргі Орта Азия мен Қазақстан жерін мекендеген ру-тайпалар (соның ішінде кейінірек қазақ халқының этникалық құрамына енген рулар) монғол шапқыншылығына ұшырады. Монғол шапқыншылығының зардаптары сұмдық ауыр болды, – деп жазады белгілі ғалым П. П. Петрушевский. Олар жаулап алған жерлеріндегі халықтардың экономикалық, мәдени, саясы әлеуметтік және этникалық дамуын көп жылдарға тоқтатып тастады. Шапқыншылар тобырымен келген ру-тайпалары бірте-бірте ассимиляцияға ұшырап жергілікті ру-тайпалардың құрамына сіңісіп кетті [36, 73-б.]. Мұның бәрі қазақ тілінің сөздік құрамына әсерін тигізбей қоймайды. Ендеше монғол тілінен қазақ тіліне ауысқан сөздерге тоқталсақ : талқы (талқы – иден шығып шала кептірілген теріні жұмсарту үшін қолданылатын ағаштан жасалған құрал-аспап); талқылау – тексеру (көпшіліктің талқысына салу), қанжыға (ердің артқы қапталына байлаған қайыс); тұлға (сыртқы бейне, пішін, тірек), байсал (байсалды – сабырлы, ұстамды, байыпты; байсал – делсал, самарқау, енжар), аймақ (өлке, өңір, атырап), дөнежін (төрт жасар ұрғашы ірі қара), атан (бура, үлек), жасақ (әскер, қол) т.б. [37, 372-б.].
Қазақстанның батысын мекендеген қазақтар тіліне монғол тобындағы халықтар ішінен біршама тілдік әсерін (көбіне лексикадан) тигізген - қалмақтар екендігі зерттеу барысында анықтала түсуде. Оның себебі кім – кімге де тарихтан белгілі. XVIII ғасырдың бас кезінде қалмақ шапқыншылары қазақтардың бірқатар жерін алғандығы, кейін қазақтар жеңген соң олардың жерін Еділ бойында мекендеп, Кіші жүз қазақтарымен іргелес болуы – тілдік әсерін тигізген. Қалмақтар тілінен енген сөздер батыс сөйленістерінде де кездеседі. Мысалы : тас (күйдірмеген кірпіш) , мошқау (тергей, анықтай түсу), т.б. сөздер бар. Алайда кірме сөздер саны бұлармен шектелмейді. Енді олардың бірқатарын көрсете кету парыз.
Заттың сынын, сыр-сипатын білдіретін сөздер
Әйдік (Ақт.: Ырғ., Қарб.; Рес., Орын.)– үлкен, зор. Осындай мағына беретін бұл тұлғалы сөзді түркі тілдерінен кездестіре алмадық. Мағынасы да, тұлғасы да жақын сөз тек қалмақ тілінен табылды. Қалмақ тілінде ұлы, зор, алып, дағыдан тыс іспеттес мағыналарды бірнеше сөздер арқылы білдіреді. Соның ішінде қазақ тілінде дыбыс сәйкестігі заңдылығына қарай «әйдік» тұлғасына дейін өзгеруге тиістісі екі сөз болып отыр. Дегд ик – огромный, громадный ; алдр ик – величественный. Ойдай(Түрікм., Ашх.) – көп, өте көп. Бұған сәйкес сөзді де монғол, қала берді қалмақ тілінен табуға болады. Монғол тіліндегі екінші бір сөз, дәлірек айтсақ сөз тіркесі өдий төдий – өте көп, толып жатқан мағынасында қолданылады. Біздіңше, осы тіркестің алғашқы сыңары қазақ тілінде «ойдай» болып дыбысталуы қиын іс емес немесе қалмақ тіліндегі : өйәтә – объемистый (көлемді) мағыналы сөзінің дыбыстық өзгеріске ұшырап «ойдай» болуы мүмкін. Әрине, монғол тіліндегіге қарағанда, қалмақ тіліндегі «ойәтә»сөзінің мағынасы говордағы «ойдай» сөзінің мағынасынан сәл алшақтау. Алайда мағына ауысу жағы бола беретіндігін еске салсақ, қалмақ тілінің әсері деу орынды. Қалайда «ойдай» сөзі осы тілдердегі екі сөздің бірінен алынған деп топшылаймыз.
Оданы ( Түрікм.; Красн., Небид., Ашх., Таш., Мары.; Орал, Чап.; Гур., Маңғ.) – ерсі, дөрекі. Түркі тілдерінің сөздіктерінде кездеспейді. Қалмақ тілінен тұлғасы әрі мағынасы жақын екі сөзді ұсынамыз. : 1. удан – неповортливый; 2. һоодан//һоодань – напрямик. Осы сөздердің қай-қайсысының да мағына , тұлға жағынан «оданы» сөзі мен ұқсас келуі, қалмақ тілінен енген деген пікірге жетелейді.
Ылығу (Түрікм., Красн., Небид., Жеб., Ашх., Гяу., Анн., Тедж.) – біреудің айтқанына еру,сену. Мағынасы мен тұлғасы жағынан бұған сәйкес сөзді түркі тілдерінің ішінен тек башқұрттардан табуға болады : ылықтырыу – втягивать , вовлекать кого в что, привлекать кого к чему. Басқа түркі тілдерінде көрінбеуіне қарағанда башқұрт тілінде бұл сөз қалмақтардан келген болса керек. Өйткені осындай мағыналы тұлғалар қалмақ тілінде баршылық : нәәлх – үміттену, сену. Тұлғасы жағынан «ылығу» сөзіне мұнан да гөрі жуық келетін сөз –«йилһх». Бірақ мағынасы жағынан сәл алшақ – айыра тану, айыру. Егер қазақтар «нәәлх» сөзін қабылдаса, онда басқа «н» дыбысын түсірген: нәәлх – әәлх – ылық. Ал «йилһх» сөзі өзгеріссіз қабылданған деуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |