1.2 Оқыту процесіндегі дұрыс сөйлеуді қалыптастырудың педагогикалық мәселелері.
Оқыту процесі – екі жақты процесс. Мұғалім сабақ барысында жоғарыда аталған бағыттар бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бұл тұрғыда көптеген мәселелер туындайды. Себебі үйреткен, түсіндірілген нәрсені түгел оқушының бойынан көре алмауыңыз мүмкін. Дегенмен сіз оқушылардың сөздік қорын дамытып, сөз мәдениетін қалыптастырдыңыз. Бұл тек бір сабақта ғана өтілмеуі тиіс. Үздіксіз жүріп отырғанда ғана нәтиже бермек.
Қазіргі таңда қоғам талап еткендей оқушыны дарлап шығару үлкен еңбекті қажет етеді. Жоғарыда оқушылардың сөздік қорын анықтауда іс-тәжірибе жүргізілгені айтылды. Нәтижесінде,
1000-1200-ға дейін сөз білетін, осы сөздерді қолданғанда 30-40 қате жіберген оқушы – 4.
700-900 дейін сөз білетін және сөйлеу барысында, қолданғанда 65-75 қате жіберген оқушы – 8.
400-600 сөздің мағынасын білетін, бірақ сөйлеу кезінде 60-70 қате жіберген оқушы – 6.
200-300 сөз айтқан, бірақ сол білетін сөздерінің 50-60-ын қате қолданатын – 6.
Сөздік қоры өте аз, сөздерден сөйлем құрастыра алмаған оқушылар – 2.
2. Тарау. Бастауыш сынып оқушыларының сөздік қорын,сөз мәдениетін қалыптастыру жолдары.
«Мектеп курсында ана тіліне байланысты оқытылатын тілдік единицалар: дыбыс, сөз құрамы, сөз, қосымша, сөз тіркестері және сөйлем болып табылады. Сондықтан тіл дамыту осы тілдік единицаларға байланысты үйрету қажет», – дейді әдіскер-ғалым А.Жаппаров.
Жоғарыда атап өткендей бастауыш мектепте ана тілді оқыту барысы жеке-жеке айқын мақсаттар көздейтін үш кезеңнен тұрады:
1. Сауат ашу, тіл дамыту (Әліппе).
2. Оқу, тіл дамыту (Ана тілі).
3. Грамматика, емле тіл дамыту (Қазақ тілі).
Бастауыш сынып оқушыларының сөздік қорын, сөз мәдениетін қалыптастырып, дамытуда төменде көрсетілген бағыттарға сүйеніп, жүзеге асырылады.Бұл бағыттарға жоғарыда тоқталған болатынбыз.
а) Жаңа сөздер үйрету және осы үйренген сөздерінің, сондай-ақ балалардың бұрыннан сөздік қорында бар сөздердің мағыналарын меңгерту.
Мектепке келген бала тілі бір жақты, тек отбасы, ошақ қасында пайданылатын сөздер ғана болуы мүмкін. Атап айтқанда, оның сөздік қорында ауыспалы мағыналы, жалпылық мәнді және түрлі білім саласында қолданылатын термин сөздер аз кездеседі, кейбіреуінде тіпті кездеспейді де.
Баланың сөздік қоры ең алдымен, сол класта жүргізілзетін пән оқулықтары, пайдаланылатын көрнекі құралдар және кластан тыс оқуға арналған көркем әдебиеттермен анықталады.
Балалар жаңа сөздермен тек класта өткізілетін сабақтарда ғана танысып қоймайды, сонымен бірге өз беттерінше кітап оқу, түрлі кластан тыс жүргізілетін жұмыстарға қатысу, кино, театр, саяхатқа бару, радио тыңдау және теледидар бағдарламасынкөру нәтижесінде де жаңа сөздер үйреніп, тіл сындырады.Оқушылардың ақпарат, білім көздерінен өз беттерінше игерген сөздерді дұрыс не бұрыс пайдалануы да мұғалімнің міндеті. Бала сөзінде пайда болған жаңа сөз, сөз тіркестердің мән-мағынасын ашып, іс-тәжірибеде пайдаланудың жолын да мұғалім көрсетеді.
Сөз – тілдің негізі. Нақты заттар мен құбылыстар, дерексіз ұғымдар, адамның сезімі мен ниеті – сөз арқылы білдіреді.
Сөздік – қоғамның, ұлттың даму деңгейін байқататын белгінің бірі. Сөздігі бай ұлттың рухани байлығы да жоғары болатындығы мәлім, өйткені ғылымы мен мәдениетінің дамуына қарай сөздікте дамиды. Ендеше оқушыларды мектептен бастап сөздікті пайдалана білуге үйретудің зор маңызы бар.
Сөздік жұмысы суретпен жүргізілетін жұмыспен мазмұндас. Сөздік жұмыстары барысында оқушылардың дербес ойлауына, кеңірек сөйлеуіне, өз бетінше сөздер таба білуіне көбірек көңіл бөлінеді. Дәлірек айтқанда, сөздік жұмыстарын орындау барысында оқушылардың өз бетінше жұмыс істеу дағдылары қалыптаса бастайды.
Мектептегі сөздік жұмыстарының басты бағыттары;
әр сыныптағы оқу бағдарламасы бойынша жүргізілетін барлық пән сабақтары арқылы оқушының қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстар туралы түсінігі артып, кеңеюінің нәтижесінде жаңа сөздер мен сөз тіркестерін игерту;
жаңа сөз тіркестерінің мағынасын түсіндіру;
грамматиканың салаларын оқытуға байланысты, заттар мен құбылыстарды классификациялауға , топтарға арналған жаттығулар жүргізу;
лексикалық жаттығулар сөздердің тура және ауыспалы мағыналарын, слинонимді, омонимді, антонимді игертуге арналған жаттығулар;
көркем әдеби шығармаларды талдау және мазмұндама, шығарма жаздыру.
Мектеп балаларының сөздіктерін анықтау мақсатында тәжірибе жүргіздік.
Сыныпта 23 оқушы болды. Оларға мынадай тапсырмалар берілді:
үш өлеңді жатқа айтып беру;
екі-үш ертегіні өз сөздерімен әңгімелеп айту (қазір теледидардан
3- 4 жастағы балалар да ертегі айтып жүр);
3. берілген сөздерге сөйлем құрау.
Нәтижесінде, бірінші тапсырманы орындаған оқушылар саны - 6. Олардың оқыған сөздердің жалпы саны 75- 80 болды.Ал кейін қайталап айтқызып саралағанымызда, бұл сөздердің төрттен біріне жуығының мағынасын оқушы түсінбейтін болып шықты.Мысалы;
Шекарада – күзете,
Қас қақпайды ағалар.
Балбыраймыз төсекте
Біз – алаңсыз балалар, –
деген бір шумақ өлеңде үш сөздің мағынасын ажырата алмады.(қарамен жазылған).
Ал екінші берілген тапсырма бойынша балалардың өздері білетін ертегілерін әңгімелету кезіндегі қолданған сөздердің саны өте аз 45 – 55 сөздің шамасында. Оның есесіне сөз мағыналарын түгелдей дұрыс түсінетіндерін көрсетті.
Осы тапсырма бойынша бір-екі өлең, бір-екі ертегі білетін, бірақ білгендерін толық айтып бере алмайтын оқушылар саны – 12. Бұл балалардың тіліндегі негізгі кемшіліктер – сөздік қорларындағы жиі хқолданылатынсөздердің мүлде аздығы, ауызекі сөйлеу мен үй ішіндегі жергілікті сөздещръдің кездесетіндігі.
Енді өлең-ертегілер білмейтін және айтуға тырыспайтын оқушылар санын сараптасақ,бұл оқушылар саны – 7. Бұл оқушылардың ауызша сөйлеу дағдылары қалыптаспаған, бойларында белсенділік жетіспейді. Олардың сөздік қорының мөлшерін жеке әңгімелесу кезінде анықтадық.
Балаларға сөз беріп сөйлем құрату (қарағай, өмір, шағала, дос, керемет, кітап).Балалардың берген жауаптары төмендегідей;
Берілген алты сөзге де сөйлем құраған, яғни 10-15 сөз қолдана отырып, әр сөзге 3-4 сөйлем құрастырған оқушы саны – 4.
8-10 сөз қолданып, 4-5 сөзге сөйлем құрастырған оқушының
саны - 11.
5-7 сөз қолданып, 3-4 сөзге сөйлем құраған оқушы саны – 8.
3-6 сөз қолданып, 2-3 сөзге сөйлем құрастырған оқушы саны – 5.
Мұндағы басты себеп оқулықтардағы берілген материалдардың бірқатарын бала ұғынбай, құр оқиды, жаттайды, өйткені ондағы көптеген сөздердің мағынасын балалардың тожлық түсінбеуінде. Бұл әрине мұғалімдер мен әдіскерлещрді ойландыруға тиіс.
Оқушылар біршама жеткілікті сөздік қор жинау үшін, күніне барлық сабақта 20-30 жаңа сөз үйренуі тиіс.
Сөздік қорды байытудың негізгі көзі, әрине көркем шығарма.Оқулықтардағы мәтіндер балаларға, бір жағынан, бірнеше жаңа сөздер үйрету; екінші жағынан, сөз тіркестерін үйрету;үшінші жағынан, сол сөздер мен тіркестердің мағыналарын тереңірек ұғындыра түсу т.с.с. мақсаттарды көздей отырып, таңдалған. Осыған орай, авторлар, мүмкіндігінше, ұлы А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Торайғыров т.б. сынды сөз шеберлерінің шығармалары мен халықтың сөз қазынасы – ауыз әдебиеті үлгілерінен қысқартып, икемдеп болса да, үзінділерберуге тырысқан.Соның арқасында оқушылар ана тілін жоғары дәрежедегі әдеби үлгілердің өзін оқу арқылы үйренеді.
Сөздік жұмысы сабақ барысында жүргізіледі. Мәтінді, ондағы жаңа сөздерді дұрыс қабылдау үшін, сөздік жұмысын жүргізбейінше, мақсатқа жету мүмкін емес. Мысалы шаңырақ, ақ алтын, көкжиек сөздерін дұрыс түсінбесе, дұрыс қабылдай алмайды,оларда елес тумайды.
Түсініксіз сөздер мен ұғымдарды түсіндіру үш кезеңде жүргізіледі:
Мәтінді оқуға дайындық кезеңі;
Мәтінді оқу барысында;
Оқып шыққаннан кейін.
Мәтінді оқуға дайындық кезеңінде шығарманың мазмұнын ұғынуға қиындық келтіретін сөздер түсіндіріледі. Мұнда тағы бір есте болатын жағдай – шығарманы оқымас бұрын онда кездесетін, мағынасы ауырлық келтіреді-ау деген сөздердің барлығын тізіп алып, шетінен түсіндіру керек деген ой тумасқа тиіс. Кейбір сөздердің мағынасы контекске қарай өзінен-өзі түсінікті болатынын ескеру қажет және оқылмас бұрын көп сөздер мен ұғымдарды түсіндіре бергенімен, ұмытылып қалады да, оған қайта оралу керек болады.
Шығарманы оқу барысында екі-үш сөзбен қысқаша ғана түсіндірілетін сөздер немесе синоним арқылы түсіндірілетін сөздер іріктеліп алынады ( мысалы, лашық – кішкентай үй немесе отаршылар – қанаушылар, т.с.с.). Алайда оқу барысында сөз мағынасын түсіндіруді өте байқампаздықпен жүргізу талабы қойылады. Өйткені оқып келе жатқан материалдарды үзіп тастап, сөзді түсіндіруге кірісу – оқушының зейінін алаңдатып, мәтінге деген ынтасы мен қызығуын тежейді де, балалардың бір қатары онан әрі оқылатын материалды тыңдамайды. Мысалы, жоғарыда келтірілген сөздердің өзін алсақ, «отаршылар – қанаушылар» дегенде, балалардың бұрыннан дайындығы болмаса, қанаушының өзіне түсінбей қалуы мүмкін. Ендеше оны «біреудің еңбегін пайдаланушы» сияқты көбірек сөзбен дайындық кезеңінде түсіндіруге тура келеді.
Ал өлең оқу барысында қиын сөздер мүлде түсіндірілмейді (онда сөздік жұмысы өлеңді оқымас бұрын немесе оқып болған соң жүргізіледі). Өйткені өлеңнің ырғағы, дауыс мәнері бұзылып, тыңдаушыға әсері азаяды.
Шығарманың мазмұнын оқушылар тереңірек ұғыну үшін немесе олардың сөздік қорын молайта түсу мақсатындағы сөздік жұмысы мәтін оқылғаннан кейін, яғни шығарманың мазмұнын талдау барысында түсіндіріледі.
Сөздер мен бейнелі ұғымдарды түсіндіруде, мысалы, батырақ сөзін қалай түсінетініндерін білу үшін, «Батырақ» деген не? деп сұрап, өте шығуға болмайды. Мұғалім мәтінде кездесетін мұндай сөздерді өзі әңгіме айтқанда, әңгімесінің ішінде, ал балалардың әңгімесін тыңдағанда, оларға қоятын сұрақтарының ішіне кірістіріп отыруға тиіс.
Cөздік жұмысын жүргізгенде, мұғалімнің есінде болатын жағдай – сөздік жұмысын балалардың өз өмірімен, нақты елестерімен байланыстыру. Ол үшін оқу барысында жаңа сөз кездескенде, оқушыларда осы сөзбен байланысты қандай елестер барын ашуға тырысу керек. Егер ондай елестер жоқ және жеткіліксіз болса, мұғалім затты немесе оның суретін көрсетеді, оған анық сипаттама береді. Психологтардың айтуы бойынша, сөздік жұмысының әдістемесіндегі басты талап – сөз бен балалар санасындағы бейнелі түрлі жолдармен үнемі ұштастырып отыру. Өйткені сөз бейнесі бала санасында нақты елестің жеткілікті қорынсыз пайда болмайды.
Оқушыларға жаңа сөздердің мағыналарын меңгертудің тәжірибеде сыналған мынадай тәсілдері бар:
Бастауыш сынып оқушыларына жаңа сөздің мағынасын түсіндірудің ең қарапайым тәсілдердің бірі – сол сөз бейнелейтін заттың не құбылыстың өзін көрсету.
Зат не құбылыстың суретін, макетін, қатырылған сұлбасын көрсету тәсілі.
Берілген сөз мағынасын синонимдер арқылы анықтау тәсілі. Жаңа сөздердің мағыналарын оқушыларға айқын танытудың тиімді тәсілдерінің бірі - мағынасы түсініксіз сөзді оның синонимдерімен ашу және салыстыру. Мұғалімнің көмегімен оқушылар бейтаныс сөздің мағынасын өздеріне бұрыннан таныс сөздер арқылы анықтайды. Мысалы: (2-сынып ана тілі). Әкесіне тартқан қағілез, ақсұр бала (Б.Соқпақбаев). Бұл сөйлемдегі қағілез сөзінің мағынасын нәзік, жұқа, тілалғыш, пысық деген синонимдер арқылы танытуға болады.
Оқушылардың сөздік қорын байыту мақсатында қолданылатын бұл әдістің есте ұстайтын тағы бір ерекшелігі бар. Синонимдік қатарда кез келген сөздің өзіне тән реңкі болатыны белгілі. Демек олардың мағыналары қанша жақын болғанымен, бір-бірін дәл қайталай алмайды. Сондықтан кездескен жаңа сөздің мағынасын оның синонимдері аоқылы түсіндіргенде, мұғалімнің қосымша анықтама бере кетуіне де тура келеді. Мұндай анықтама беру кезінде мұғалім мағынасы түсіндіріліп отырған сөздің мағыналық бояуына, көркемдік қолданысына оқушылардың назарын аударып өткен жөн.
Бастауыш сыныптарда пайдаланылатын пән оқулықтарында тұрақты сөз тіркестері кездеседі. Сабақ барысында мұндай фразеологизмдерді де синоним сөздер арқылы түсіндіріліп, конттекстік мағынасын игерту мақсатында сөйлемдер құралады. Мысалы, көзді ашып жұмғанша – тез, лезде; көзі ілінді – ұйықтады; өлейін деп тұрмын – қатты шаршау; су жүрек – қорқақ; жүрек жұтқан – батыр,ер т.б. Тұрақты сөз тіркестерін парафразамен де түсіндіруге, мағынасын ашуға болады. Мысалы, Астана - әсем қала, Қазақстан Республикасының астанасы - әсем қала. Тоқтар Әубәкіровпен мектеп оқушылары кездесу өткізді. Қазақтың тұңғыш ғарышкерімен мектеп оқушылары кездесу өткізді.
Сөздің морфологиялық құрамын талдау тәсілі. Кейбір жаңа сөздердің мағынасын морфологиялық құрамын талдау арқылы түсіндіруге де болады. Бұл тәсілдің артықшылығы морфологиялық талдау арқылы оқушы жаңа сөз жасау жолдарына қаныға түседі.
Оқушылардың жаңа сөз мағынасын меңгертудің тағы бір тәсілі – логикалық анықтама беру. Бізді қоршаған заттар мен құбылыстар негізгі және негізгі емес белгілерден тұрады. Қай нәрсеге болмасын анықтама беру деген сөз оның барлық қасиеттерін санап көрсету не қамту деген сөз емес. Сондықтан заттарға не құбылыстарға анықтама бергенде олардың басты белгілерін қамтудың өзі де жеткілікті болады.
Мысалы, адам екі аяқты, екі қолды, тік жүретін деп анықтама берсек дұрыс болмас еді. Ал адамның негізгі белгісі оның саналылығы мен бір-бірімен тіл арқылы қарым-қатынас жасайтындығында. Бұларсыз адамға толыққанды анықтама беру жеткіліксіз.Мұғалім белгілі бір сөзге (ұғымға) логикалық анықтама бергенде осы мәселені естен шығармағаны дұрыс. Мысалы, схна, саябақ, еңбекақы, шаңырақ т.б. Мұғалім бұл сөздерге логикалық анықтаманы былайша беруіне болады. Сахна - әртістер мен әншілердің өнер көрсететін орны. Шаңырақ – уықтар бекітілетін киіз үйдің дөңгелек шеңберлі төбесі.
Жаңа сөзді сөйлем ішінде пайдалану тәсілі. Кейбір жаңа сөздердің мағынасы сөйлем ішінде пайдалану арқылы да түсіндіріледі.
Сөз мағынасын олардың антонимдерімен түсіндіру тәсілі. Жаңа сөздің мағынасын түсіндіру тәсілдерінің бірі – сөздерді антонимдерімен салыстыру. Түсіндіргелі отырған жаңа сөздің антонимі оқушыларға бұрыннан белгілі сөздер болуы тиіс.Сөздердің мағынасын антонимдері арқылы түсіндіру әлдеқайда тиімді. Мысалы, ирек-түзу, баяу-тез, жылдам; кішіпейіл-менмен, дөрекі, қатігез-мейірімді, қоян жүрек-батыр. Сөздерді антонимдерімен салыстырып қана қою жеткіліксіз, сонымен бірге бұл сөздермен сөйлем құрап түсіндірілсе, оқушылардың есінде ұзақ сақталады.
Абстракт мағыналы сөздерді өмірден мысалдар келтіре отырып түсіндіру тәсілі. Мысалы,батыр, батыл, ержүрек сөздерінің мағынасын М.Мәмбетова, Ә.Молдағұлова, Б.Момышұлы сияқты аға ұрпақтың ерлік істері арқылы ашу.
ә) көркем мәтіндегі бейнелі құралдарды үйрету;
Көркем мәтіндегі сөздер мен олардың тіркестері ауыспалы мағынада қолданылып, бала санасында айқын бейне жасайды;олар тілдің бейнелік құралдары болып табылады. Мұндағы ауыспалы мағынада қолданылатын сөз немесе тіркес троп деп аталады.Тілдің бейнелік құралдары қылыштай кесіп түсетін өткір де дәл, сезімге әсер етіп, сөйлеуде жандандыратын, ойлаудың икемділігі мен тездігін дамытатын, балалардың сөздіктерін жетілдіре түсетін қызмет атқарады.
Троптың ең қарапайым түрі - теңеу болып табылады. Теңеу өлеңде де, қара сөзде де кездеседі.Мысалы, (2-сынып, 42-б.)Ананың тікенекті арқасыда балаға мамықтай жұмсақ, - депті Төле би.Мұнда балаға ананың қымбат екенін таныту.Немесе кедейдің жерінің өте кішкентай екенін көрсету үшін «Ұлтарақтай жеріне егін егіп», - дейді.
Теңеу бастауыш сынып оқулықтарында жиі кездеседі.
Теңеу сөздермен жұмыс тек логикалық жағынан ғана жүргізілмей, оқушы қиялында сурет, бейне туғызатындай тапсырмалар болуы қажет. Мысалы, «Көз алдарыңа елестетіңдерші, айнала опадай оппа қар. Оған топырласа, шулап, күп берген балалар ... Айтып көріңдерші? Сендер солай ойнайсыңдар ма? Ондай қарды кім көрді, ол қандай қар?». Балалар қарға үлпілдек, түбіттей жұмсақ, мақтадай аппақ, жұмсақ... деген сияқты теңеулер табады. Оқушылар көпшілік жағдайда қарапайым, жай теңеумен сөйлейді.
Эпитет – затар мен құбылыстардың мән-мағынасы және оларды автордың бағалауы туралы санада айқын бейне жасайтын көркем анықтама.
Эпитетпен жұмыс жүргізгенде «Бұл зат неге осылай бейнеленген, басқаша айтуға болар ма еді?сияқты сұрақтардан басталады. «Кітап та алма алма ағашы, жемісін біздер теретін» (М.Әлімбаев, 2-сынып).
Бейнелеп сөйлеу жағынан ең күштісі – метафора. Метафорада бір құбылыс екінші бір ұқсас құбылыспен жалғасып, айқын, әдемі сурет жасайды. Метафора – троп ішіндегі ең әсерлісі ең көп қолданылатын түрі. Метафораның кең айтылған түрі аллегория болады. Аллегорияда сюжетке қатысқан кейіпкерлер де, мәтіннің тілі де тура айтылмай, астарлап, басқа мағынада айтылады.
Метафора, аллегориямен айтылған шығармаларды оқығанда, «Өмірде ондай болмайды» деп, балаларға шындығын айтудың қажеті жоқ.Балалар алуан түрлі мультфильмдерді көргенде немесе өздері түрлі ойындар ойнағанда, сол әрекеттер арқылы айналадағы шындықты таниды.
Метафораны түсіндіру 1-сыныптан басталады. Мысалы,
«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң әрқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан»,-
деген Абай өлеңінде толып тұрған метафора. Ақын балаларға айтқысы келген ойын мұғалім; «Қызықай болып, анаған да, мынаған да жүгіре берме, өз мүмкіндігіңді шамалай біл, дүниеде өз орныңды таба біл, адамдардың арасында бір жетпей тұрған жерге, қажетті жерге қызмет ет» деген сияқты сөздермен түсіндіріп, жеткізуді талап етеді.
Жоғарыда айтылғандарды жиинақтай келе, тілдің көркемдік құралдарын танытуда оқушылармен істелінетін жұмыстардың бастылары:
мәтіннен бейнелі сөздерді табу;
мәтіннен оқушылардың өздері тапқан немесе мұғалімнің көрсеткен сөздерінің, сөз тіркестерінің мән-мағынасын түсіндіру;
мұғалімнің сұрағы бойынша сөз арқылы бейнелеу, көз алдына елестету;
бұрын айтылған, талданған бейнелерге қолданылған сөздер мен тіркестерін оқушы өздещрі құрастырған әңгімелерінде, жазған шығармалары мен мазмұндамаларында пайдаланады;
дауыс ырғағын келтіріп үйрету, мәнерлеп оқуға дайындалу;
теңеу, эпитеттер табуға, жұмбақтар ойлап құрастыруға арнайы жаттығулар жүргізу.
Оқушылардың сөйлеу мәдениетін, сөздік қорын дамытып, қалыптастыруда тіл дамыту жұмысының көлемі ұшан-теңіз. Тілдің көркемдік құралдарымен жүргізілетін жұмыстардан басқа синонимдер, антонимдер, омонимдер және фразеологиялық тіркестерді меңгеруге арналған түрлі тапсырмалар жатады.
б) синонимдермен жұмыс;
Қандай тіл болсын, оның лексикалық байлығы мен оралымдығы синонимдер арқылы көрінеді. Ал қазақ тілі синоним сөздерге ең бай тілдің бірі болып табылады. Оған дәлел: «Синонимдер сөздігін» жинақтап, қазақ тілінде алғаш шығарған белгілі ғалым, профессор Әсет Болғанбаев «Шыдамсыздану» сөзіне 13 синоним, «бұлғақтау» сөзіне 12 синоним, «аласа» сөзіне 15 синоним, т.с.с. берген. Осы кітапта ғалым: «Жас буындарды тілге жетік етіп тәрбиелеу үшін, оларды тіліміздегі синонимдерді дұрыс пайдалана білуге үйрету керек.Олүшін, ең алдымен, мектептерде оқушыларда білетін сөздерінің мағыналарын дұрыс танып, дәл жұмсай білуге дағдыландыру қажет. Әсіресе, синониом сөздерінің нәзік мағыналарын қалай ажыратып, қалай қолданатындықтарынша қатты зер салып, қадағалап отыруды тілейді. Мұғалімдер... оқушылардың сөздерді қалай болса солай, жауапсыздықпен теріс қолдана салуына төзулшеріне болмайды», - (102-б) деп көрсетті.
Бастауыш сыныптарда синонимдермеұн жұмыс былайша ұйымдастырылуы тиіс:
оқылған мәтіндердің ішінен мағынасы жағынан бір-бірімен жақын сөздерді табу және ол сөздердің мағыналарының реңктерін түсіндіру;
осы сөздердің әрқайсысына мағыналары жақын келетін сөздер табу.
Синонимдермен жұмыс әрбір сөздің дәлме-дәл мағынасын талдау арқылы анықтау болып табылады.
Бастауыш сыныптарда жүргізілетін синонимдермен жұмыс жүргізудің негізгі түрлері:
мағынасы бір-бірімен жақын сөздерді іріктеу және бір топқа жинақтау. Мысалы: жүгіріп келеді, қарап тұр, ұйықтап жатыр, шауып келеді, көріп тұр, зытып келеді, көзін алмайды т.с.с.Бұл жағдайда балалар мәтінді түгел, тиянақты оқуға тырысады.
синонимдерді заттың немесе құбылыстың бір белгісін көрсетуге бірте-бірте күшейте түсу я болмаса азайта түсу жағына қарай іріктеу. Мысалы, құла дала, көл-көсір, үлкен; кішкентай, құртақандай, титімдей.
мәтіндегі сөзге синонимдер табу. Мысалы, қорқу сөзіне зәресі ұшу, жүрексіну, құты қашу т.с.с. Бұл оқушылардың тіліндегі синонимдерді арттырады.
синонимді ауыстыру немесе алмастыру. Мысалы, (2-сынып, ана тілі, 22-б). Ақырында, еңбегі зая кетпей, күзде бір дорба бидай алады.Зая – құр босқа, бекерге (Ш.Құдайбердиев).
Оқушыларға әр тапсырманы өткен соң оқулықтағы синонимдерді және сабақ барысында өздері тапқан синонимдерді,қолданылған синонимдерді «синоним сөздігі» дәптерлеріне жаздырып отыру.
в)омонимдермен жұмыс;
Бастауыш сыныптарда оқушыларға тілдегі омон.им деп аталатын құбылыстан хабар беру не үшін керек?
Біріншіден, оқушылар тілдегі сөз мағыналарының жүйесін оңай, анық түсінеді.
Екіншіден, омоним туралы анық ұғымдар алған оқушылар кейін жоғары сыныптарда омонимдердің көп мағыналы сөздерден ерекшелігін оңай түсінетін болады.
Үшіншіден, тілдегі омонимдердің және көп мағыналы сөздердің табиғатын сезіне алатын алатын оқушылар ана тілдегі мәтіндерде кездесетін омонимдерді оңай түсіне алады.
Демек, балаларға бастауыш сыныптардан-ақ синонимдер, омонимдер туралы ұғымдар беріп, бұрыннан белгілі сөздердің омоним сыңарларын түсіндіру олардың сөздік қоры жетілдіріп, байытудың бір бөлігі болып табылады. Мысалы, (2-сынып, ана тілі,162-б). Атасы солай қарай беттегенде, Мұхтар бұрыннан көзтаныс, қыстай көрмеген осы ауылдың балаларына қосылды («Қоңыр қоз»,Т.Жұртбай).Бұл жердегі 1. ата – (әкенің әкесі) 2.ата – («тұстап айт» деген мағынада).
г) антонимдермен жұмыс;
Антонимдер – мағыналары бір-біріне қарама-қарсы сөздер.Олар сөйлеу барысында антитеза жасау үшін, қарама-қарсылықты көрсету үшін фңап,грүұОд қолданылады.
Антонимдермен ұйымдастырылатын жұмыс та, синонимдер сияқты рпо.жүйелі түрде мәтіндерді оқығанда немесе грамматикалық жаттығуларды орындау барысында үздіксіз жүргізіліп отырады. Мысалы, (2-сынып, ана тілі, 64-б).
Мейлі жас, мейлі кәрі бол,
Дана деп сені, пана деп сені ұғамын.
Көктемсің нұр мен нәрі мол,
Диқансың және кеншісің, және мұғалім!, -
деген өлеңдегі (Ж.Молдағалиев) асты сызылған сөздерді толық мәнерлеп оқылған соң, түсіндіріп, талдау жасаймыз.Мұндағы синонишм сөздерді де таптырып олардың антонимдерін табуға тапсырма береміз. Немесе (2-сынып, ана тілі, 65-б). «Мөрте мен Зөре» мәтініндегі мына сөйлемді алсақ, «Жалғыз Нұржан емес, бүкіл Шаянның балалары Бөртені жақсы көріп кетті».
Антонимдер мақал-мәтелдерде, халық ертегілерінде адалдық пен арамдық, аңқаулық пен қулық сүйіспеншілік пен жек көрушілік, өтірік пен шындық сияқтыларға көңіл аудару үшін жиі қолданылады.Әсіресе ертегілерде жағымсыз бейнелер жөнінде айтылатын болғандықтан, антонимдер жиі кедеседі.Мысалы, (2-сынып, ана тілі, 21-б). «Ақ бидай» ертегісіндегі «Үстінен әрлі-берлі ұшып өтіп жатқан үлкен де, кіші де құстарға жалбарынады».Оқушыларға өткен синоним, омоним, антоним сөздерді пайдалана отырып, ертегі құрастыруды тапсырамыз. Бұл балалардың сөздік қорын байытып, сөз мәдениетін қалыптастырудың бірден бір жолы.Бұл үздіксіз жүріп отыруы тиіс. Мұндағы негізгі мақсат оқушылардың өздері пайдалана алатындай дәрежеге жеткізу.
Достарыңызбен бөлісу: |