Зерттеу әдістері. Ғылыми материалдарды жүйелеу, әдеби-теориялық талдау жасау.
Курстық жұмыстың ғылымилығы. Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма» повесінің әдеби-теориялық жағынан талдануы, жазушының шығармашылығына қатысты ғылыми пікірлердің жүйеленіп зерттелуі жұмыстың ғылыми сипатын танытады.
Курстық жұмыстың теориялық – практикалық маңызы. Курстық жұмыстың негізгі нәтижелерін әдебиеттануға кіріспе және қазақ әдебиетінің теориясының дәріс, семинар сабақтарында қолдануға болады.
Курстық жұмыстың ғылыми дерек көздері. C.Мұратбеков «Жабайы алма» повесі, ғылыми журнал, газеттердегі мақалалар мен З.Қабдоловтың «Сөз өнері» оқулық – монографиясы.
Курстық жұмыстың құрылымы. Курстық жұмыс кіріспеден, 2 тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшадан тұрады.
Сайын Мұратбеков қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлес қосқан жазушылардың бірі де бірегейі. Оның көптеген кіші және орта көлемді эпикалық жанрларда жазылған шығармалары бар. Ал Сайын Мұратбеков олардың мазмұны мен түрін, поэтикасын жаңа леппен, дара мәнермен байытқан әрі байытып келе жатқан суреткер. Қазақ әдебиетiмен сусындап өскен әрбiр оқырманға оның шығармалары жақсы таныс. Сайын Мұратбековтың шығармашылығы көп қырлы. Соның ішінде біз қаламгер шығармашылығының бір қыры - Отан соғысы жылдарындағы ауыл тіршілігі, жасөспірімдер өмірі туралы жазылған повесі төңірегінде ой толғамақпыз.
Жазушы өз шығармаларына негіз болған өмір құбылыстарын адамның, жасөспірімдердің ең бір асыл арманына, адал сезіміне бөлеп, оқырманына баяндайды. «Жабайы алма» повесінің тақырыптық негізін соғыс тұсындағы қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігіне тән оқиғалар тобы құрайды.
Сайын Мұратбеков адам өмірінің мәні мен сәнін де, сан қатпарлы қиыншылықтарын да шуақты нұрға бөлеп, адамды терең тебіреніске астастыра бөлейді. Оның әр шығармасында сыр мен саз, үлбіреген өмір мен мөлдіреген сезім және қайтпас қажыр мен қайнаған қуат, күшті рух бар. Оның бiр сұхбатында: “Күллi адамзаттың тарихынан бастап қарайтын болсақ, халқының шын мәнiндегi қамын жеген, халық үшiн қызмет еткен адамдарды түптiң түбiнде, күндердiң күнiнде: “Бұл – мiне, өзiмiздiң ұлымыз, өзiмiздiң перзентiмiз” деп ел-жұрты ылғи бағалап, ардақтап отырады”, – деп жазушының өзi айтпақшы, сөз қадiрiн бiлер халқы барда Сайын Мұратбеков мұрасы да қазақ әдебиетiнiң алтын қорынан мәңгiлiк орын алады, есiмi лайықты ардақталатыны сөзсіз. “Зергер сөздiң шеберi жазушы Сайын Мұратбеков – өмiрдiң болмысын шынайы бейнелейтiн таңғы шықтай мөлдiр шығармалары арқылы оқырмандардың жан жүрегiн баурап, ықылас-құрметiне бөленген сирек дарын иесi. Сайын – бiздiң ұлттық құндылығымыз, оның шығармасының ғұмыры ұзақ. Бүгiн болмаса ертең, ұлтына қарамай-ақ өз оқырманымен ажырамастай табысатыны кәмiл”, – дейдi Шерхан Мұртаза.
Достарыңызбен бөлісу: |