Қазақстандағы саяси процесстер
Біз коммунистік деп атап жүрген идеялармен тәрбиеленген адамдар үшін, 1985 жылғы тарихи сәуір бетбұрысы оңайға түскен жоқ. Қазақстандағы қайта құру процестері еліміздің басқа аймақтары сияқты көптеген қиындықтар мен кедергілерге соқтықты.
Д.А.Қонаевтың тағдыры ескі алаңдағы Кремльде шешілді. 1986 жылғы желтоқсанның 16-сы күні таңертеңгілікте Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің V пленумы болды. Пленумды КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Г.П.Разумовский жүргізді. Күн тәртібінде бір ғана – ұйымдастыру мәселесі тұрды. Пленум бар болғаны 18 минутқа созылды. Республиканы ширек ғасырға жуық басқарған саяси қайраткерді ауыстыру сияқты аса маңызды мәселелердің бірі осыншалықты қысқа мерзімде шешілді. Д.А.Қонаевтың орнына Г.П.Разумовскийдің ұсынысы бойынша бұған дейін КОКП-ның Ульяновск облыстық комитетінің бірінші хатшысы болып істеген, республикаға мүлдем бейтаныс адам Г.В.Колбин тағайындалды. Орталықтың мұндай волюнтаризмімен Қазақстан бірінші рет кездесіп отырған жоқ еді.
Желтоқсанның 17-сі күні таңертең Алматыда жаппай толқу басталып, кейінірек ол республиканың басқа да қалаларына тарады. Г.В.Колбиннің республиканың жоғары басшылығына тағайындалуы толқу үшін сылтау ғана еді. Наразылыққа жылдар бойы қорланған себептер түрткі болды. Халықты ашындырған Орталықтың дәстүрлі өктемдік әрекеттері мен қайта құру жариялаған демократиялық принциптер арасындағы қарама-қайшылықтар еді.
Елдің ішкі саяси өмірінде болған өзгерістер Қазақстанда халықтық инициативаның өрістеуін және ұлттық сананың оянуын туғызды. Мұның айқын көріністерінің бірі ядролық қаруға қарсы халықтық қозғалыс еді. Қазақстанның демократияшыл жұртшылығы тұңғыш рет – сынау тоқтатылсын, Семей полигоны жабылсын деп талап етті.
Республика жұртшылығының 1989ж. ақпандағы митингісінде тұңғыш кеңестік “Невада-Семей” қозғалысының бастамасы салынды. Оны белгілі қоғам қайраткері, ақын О.Сүлейменов басқарды. Бұл қозғалыс бүкіл Қазақстан халқы тарапынан күшті қолдау тапты. Елдің көптеген қалалары мен аймақтарында оның бөлімшелері құрылды. Қысқа мерзімнің ішінде бұл қозғалыс неғұрлым ықпалды қоғамдық қозғалыстардың біріне айналды. Оны ядролық қарусыздану жолында күресуші халықаралық жұртшылық та қолдады. Бұл қозғалыстың Семей облысы Қарауыл ауылының жанында 1989ж. 6 тамызда өткен митингісінде КСРО мен АҚШ-тың халықтары мен Президенттеріне ядролық сынауға бірлесіп мораторий жариялау қажеттігі туралы үндеу қабылданды. Онда былай делінді: “Біздің даламыз ядролық жарылыстардан дүр сілкінуде, сондықтан енді біз үндемей отыра алмаймыз. 40 жылға созылған бұл сынау мың-мыңдаған Хиросималарды өз жалынымен шарпыды. Біздің санамыз болашаққа үреймен қараумен уланған. Біз су ішуге, тамақ жеуге, бала тууға қорқамыз. Біз Қазақстанда ядролық қаруды тоқтату, өз үйімізде бейбітшілік пен қауіпсіздік орнату жолындағы өзіміздің ізгі құқымызды қорғау жолында күресу үшін “Невада-Семей” қозғалысын ұйымдастырдық”.
Достарыңызбен бөлісу: |