УДК 82.0К14
АБАЙ ҚҰНАНБАЕВТЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫ АРҚЫЛЫ ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ
Ахмедина Бейбіткүл Кенжебекқызы
ф.ғ.к., доцент. «Тұран-Астана» университеті, Нұр-Сұлтан қаласы
Әбдірахман Ақбота Рүстемқызы
студент, «Тұран-Астана» университеті, Нұр-Сұлтан қаласы
Әр заманның ұрпаққа қояр өз талабы, өз міндеті бар. Ел мәдениетінің, мемлекеттің жүйелі түрде дамуы ұрпақтың уақыт талабына икемделуінсіз жүзеге асқан емес. Ұлттың тарихи санасының қалыптасу негіздерінің өзінде уақыт талабына бейімделу, мәдени ортаны қалыптастыруға деген ұмтылысы жатыр.
Рухани жаңғыру идеясы ата мекенмен ұлттың бір болуын, үнемі ұрпақ пен туған жердің байланысуын, адам мен табиғаттың тұтастығын негіздейді. Рухани жаңғыру ұлттық болмыстың негізінде мемлекет өмірінде қалыптасатын интеллектуадық өріс жатыр. Н.Ә.Назарбаев жаңғырудың алты бағытын белгілеген болатын. Олар:
1. Бәсекеге қабілеттілік;
2. Прагматизм;
3. Ұлттық бірегейлікті сақтау;
4. Білімнің салтанат құруы;
5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы;
6. Сананың ашықтығы.
Әр халықта адамның жан дүниесін, халықтың болмысын, яғни оның ұлттық бірегейлігін қалыптастыратын философтар мен ақындар бар. Қазақ елі үшін Абай осы қайраткерлердің қатарына жатады. Абайдың этикалық ілімінде қазақ философиясы өзінің жетілген кезеңіне жетеді және ол жаңа ойлау мен дүниетанымды негіздеп, өзге де этикалық және эстетикалық құндылықтарды қалыптастырып, қазақтардың жаңа өмір сүру принципін, болмысын және жаңа үлгі тұтатын тұлғаларды қажет ететінін дәлелдейді. Бұл ойды Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында былай деп жазады: "ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашан да рухани азық бола алады".
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында ғалымдардың назарын тұтас, әмбебап адам мәселесіне аударады. Шынында да, қазақ философының барлық шығармашылығы "толық адам" туралы терең ойларға толы, ал оның басты мақсаты адам болу үшін не істеу керек және неден аулақ болу керек, не істеу қажет екендігін үйрету болды. Оның өлеңдеріндегі мына шұмақтар осыны дәлелдейді:
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ -
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой -
Бес асыл іс, көнсеңіз.
«Ғылым таппай мақтанба...» — Абайдың 1886 ж. жазылған өлеңі. Абай келер ұрпаққа, «көкірегі ояу» адамдарға үміт артып, оларға алдына мақсат қойып, сол мақсаттарға жетуге деген құлшыныс беруге тырысады. Жастардың өнімді еңбек етіп, ғылым мен білімге ұмтылуы, алға қойған мақсатқа жетуде табандылық көрсетуі, міне, осындай асыл қасиеттерді уағыздау Абайдың бүкіл шығармашылық жолының негізгі идеялық-тақырыптық үзілмес желісінің біріне айналды. Ақын талантты, өнер іздеген жандар туралы айрықша зор сүйіспеншілікпен айта отырып, олардың алға қойған зор мақсатқа жету жолындағы күресте жігерлілік көрсететініне үлкен сенім білдіреді. Абайдың бұл өлеңінен ғылымды үйренетін жастар өзінің алдына қандай мақсат қоюға тиісті екені туралы мәселе оны аса қатты толғандырғанын көреміз.Осы өлең жолдарын зер салып оқитын болсақ, қаншылықты қарапайым болғанымен өте көп мағынаны сыйдырадының көре аламыз. Мысалы «Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба...» -дегендегі орын тап деп отырғаны - алған білімді, үйренген ғылымды жұмсайтын орын. Бұдан Абай: «Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол...» -деп адамдық, адамгершілік жайын қозғайды. Алайда ойының негізгі желісін үзбейді. Бұл тұста ерекше бір көңіл бөлерлік жай - Абай ғалым болу мен адам болу мәселесін бір-бірімен сабақтастыра айтады, бұл екеуінің тамыры, түбі бір деп санайды. Ғалым болудың басты шарты - не нәрсені болсын ақыл таразысына салып өлшеу, ақыл сенген нәрсеге ғана сену және көзің анық жеткен шындықты тура айтудан тайынбау екендігін нақтылап, мейлінше дәлелді етіп, шегелеп айтады.
Абай өзге мәдениеттердің дәстүрлерін шынайы және терең түсінудің, Ресей мен Батыс мәдениетіне деген ықылас және қызығушылық танытудың, сондай-ақ елдің шығыс және батыстың түйіскен жерінде орналасуының маңыздылығын мойындаудың үлгісі болды. Абайдың этикалық ілімі қазақ философиялық ойының квинтэссенциясы болып табылады және оның мұрасында шындықты философиялық пайымдаудың сапалы жаңа деңгейі жүзеге асырылып, халық тарихында алғаш рет Шығыс пен Батыс идеяларының синтезі жүзеге асырылады. Ол өзінің 25-інші қара сөзінде: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды.... Орыстың ғылымы, өнері - дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі», - деп, барлығымызға басқа елдің тілін үйренсек олардың жақсы қасиеттерін ала аламыз және де мәдениетті боламыз деген үңдеу жолдайды. Назар салсақ, оқуға қолын бір сілтеген адамның көкірек көзі қараңғы болып, тұмшаланып, ішіп-жеп қана өмір кешетін төрт аяқты хайуаннан еш айырмасы болмайтыны айтылған, "бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, я жұртқа рахат көрсете ме?" деген жолдар – осы сөзіміздің куәсі.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мақаласында Абай шығармаларындағы меритократия мәселелеріне ерекше көңіл бөлген, яғни адамды мәртебесі бойынша емес, оның қасиеттері мен еңбегі бойынша бағаланатындығын атап өтті. Шынында да, қазақ ақыны мен философы өмір бойы өзінің гуманистік идеяларын ұсынды. Ол адамның шығу тегі бойынша емес, қоғамдағы орны бойынша емес, байлығы бойынша емес, адамның білімі мен рухани әлеміне сай құрметтеуге шақырды. "Тегінде адам баласы, – деді Абай Құнанбаев, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де - ақымақтық ".
Заман ақыр жастары,
Қосылмас ешбір бастары.
Біріне бірі қастыққа
Қойнына тыққан тастары.
Саудасы – ар мен иманы,
Қайрат жоқ бойын тыйғалы.
Еңбекпен етті ауыртпай,
Құр тілменен жиғаны.
Өнімсіз іске шеп-шебер,
Майданға түспей несі өнер?
Сиырша тойса мас болып,
Өреге келіп сүйкенер.
Күлмеңдеп келер көздері,
Қалжыңбас келер өздері.
Кекектеп секек етем деп,
Шошқа туар сөздері.
Осы өлең шұмақтары Абай Құнанбаевтың «Заман ақыр жастары» атты өлеңінен алынған және өлеңде Абайдың өз тұсындағы қазақ жастарына берген сипаттамасы, мінездемесі өрнектелген. Кезінде ақын қоғам дамуындағы жастар роліне, күш-жігеріне ерекше мән беріп, оларды оқытып, тәрбиелеуге зор көңіл бөлген. Сондықтан ақын өлендерінде жастар тақырыбы кең жырланып, мол орын алған. Туынды солардың іс- қылығына, тіршілік сыңайына реніш білдіре, сынай жазылған. Олар пайда үшін, ақша үшін ар мен иманын сатады, өздерін бір күндік зат сияқты ойлайды, бар болашағын бүлдіреді. Ойда қайрат, бойда күш жоқ, тез байығысы келеді, тез бастық болғысы келеді, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүретін аяңкөс жастарды сынайды. Өзі мылжың, қылжақпас бүгінгі шыбық тимес шыңқ етер ез жігіттерді Абай ауызға алып ондай болма деп ескеретеді. Ұлт дәрігері Абай ақырзаман жігіттерінің ауыруын дәп басып көрсетеді.
Абай - көп ұлтты тұлға. Оның рөлі ұлттың рухани болмысын қалыптастыруда ерекше байқалады. Бұл оның барлық жерде және әрдайым сұранысқа ие мұрасының ең басты құндылығы. Абайды оқыған соң, онымен рухани байып, біз өзімізді танимыз: кім болғанымыз және қандай болуымыз керектігі жөнінде ойланамыз. Абай бізді күмәндануға, ойлануға, дамуға жол бастайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында айтып кетендей: « Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек. Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы. Әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқанын бәріміз жақсы білеміз. Сол сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп санаймын». Шынымен де Абайды оқыған, таңыған, оның философиясын түсінген адам нағыз «толық» адам атанып, рухани жаңарады деп ойлаймын және де біз, Қазақ елі, осындай ұлы тұлғамызды қадір тұтуымыз қажет.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Абай Құнанбайұлы (2005 ж.) Шығармаларының екі томдық жинағы. Бірінші том.
2. Абай энциклопедиясы (1995 ж.) Алматы «Атамұра баспасы»
3. Әуезов М. (1967 ж.) Абай Құнанбаев. Мақалалар мен зерттеулер. – Алматы: «Ғылым»
4. Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» (2020 ж.)
Достарыңызбен бөлісу: |