Жоспар:
1 Интонацияның зерттелуі
2. Интонацияның маңызы
3. Интонацияның зерттеу әдістері
4.Интонацияның компоненттері
5.Интонацияның бірліктері
6. Интонацияның қызметтері
1. Интонацияның зерттелуі.
Интонация (латынның “intonare” “қатты сөйлеу”) - өзара байланысты сөйлеу элементтерінің жиынтығы: сөйлеу әуені, интенсивтілігі, созылыңқылығы және сөйлеу қарқыны мен тембрі.Интонация – сөзді, сөз тіркесін, сөйлемді айтудағы дауыс мәнері, дауыс ырғағы, сөйлеудің ритм-мелодикалық бейнесі. Сонымен, интонация – көп функциялы күрделі құбылыс. Тілдің басқа элементтерімен салыстырғанда интонацияның өзіне ғана тән қасиеттері мен ерекшеліктері бар.
А.Байтұрсынов “Тіл әуезділігі” атты мақаласында, Қ.Жұбанов 1937 жылғы “Сөйлем сазы” мақаласында, І.Кеңесбаев 1962 жылғы “Қазіргі қазақ тілі.Фонетика” атты еңбегінде, К.А. Бейсенбаева 1973 жылғы“Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы” еңбегінде, Ж.А.Аралбаев 1988 жылғы “Қазақ просодикасының мәселелері” атты мақаласында, З.М.Базарбаева “Қазіргі қазақ тілі интонациясының негіздері ” еңбегінде толығымен интонацияның зерттелу тарихы, қызметіне компоненттеріне тоқталып өтеді.
А.Байтұрсынов “Тіл әуезділігі” атты мақаласында: «Әуезділік деп сөз турасында айтсақ, сөз ішіндегі дыбыстардың үндері құлаққа жағымды болып естілуін айтамыз. Сөйлеу турасында айтсақ сөйлем ішіндегі сөйлемдерінің құлаққа жағымды болып естілуін айтамыз. Сөздің үні құлаққа жағымды болуы – дыбыстардың тізілу түрінен, сөйлеудің үні құлаққа жағымды болуы сөйлемдердің тізілуі түрінен. Сондықтан сөз әуезділігі де, сөйлеу әуезділігі де болады,» - дейді.
Қ.Жұбанов 1937 жылғы “Сөйлем сазы” мақаласында сөз мағынасын түрлендірудегі интонацияның маңызын айтып кеткен болатын. “Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер” еңбегіндегі “Ән” атты тақырыбында адам бір нәрсені сұрағанда дауыс 5 тонға жоғарылайды деді.Қ.Жұбанов өзінің еңбегінде интонация ұғымы сөздің әні, дауыс сазы деп атап, оның сөйлеу тіліндегі маңызын терең түсінгенін байқауға болады. Интонацияны сөйлеушінің өз ойын тыңдаушыға жеткізудегі мақсатына қарай қалай құбылатыны және айтатын ойына байланысты қалай түрлі рең беретіні туралы пікір білдіреді. Сонымен бірге айтылып отырған ойға қатысты сөйлеушінің өзінің көңіл-күйін білдірудегі бірден-бір амал интонция екенін атап кеткен.
Н.Сауранбаев 1953 жылғы “Қазақ тілі” еңбегінде сөйлемдер бір-бірімен интонация арқылы байланысып, ерекшеленіп тұрады деген болатын. Сөйлемнің мазмұны мен салмағы, оның айқындылығы интонацияға байланысты.
М.Балақаев та өзінің еңбегінде интонацияның функциясына едәуір көңіл бөлген. Ол былай дейді; “Айтайын деген ойымыз түсінікті болу үшін, әр сөйлемді, сөйлемдегі жеке сөздерді, сөздер түйдегін, сөздер тізбегін тиісті әуенмен ырғақты үнмен мәнерлі айтып сазына келтіріп сөйлеуіміз керек. Олай етпегенде сөйлемдегі сөздер, тұтас сөйлемдер... басы бір жерге қосылмай өзара байланыспай тұрады”.Б.Балақаев интонацияны: хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті сөйлемдердің интонациясына кең тоқталған.
Р.Қордабаев құрмалас сөйлемнің интонациясын тиянақты, тиянақсыз деп екі бөліп қарайды. Сөйлем жеке сөзден де, сөз тіркесінен де құрылымдық үлгісі жағынан ажыратылады. Жеке сөздер немесе сөз тіркестері кейде сөйлем түрінде жұмсалуы үшін міндетті түрде сөйлемге тән интонациямен айтылуы шарт.
І.Кеңесбаев 1962 жылғы “Қазіргі қазақ тілі” атты еңбегінде интонацияны оның элементі болып табылатын фразалық екпінге көңіл бөле отырып қарастырады. Сөйлем ішіндегі сөздердің бәрі бірдей үнемі дербес екпінге ие болуы шарт емес. Сөйлем мүшелерінің грамматикалық қызметіне қарай, олардың акцентуациялық өзгешелітері де айқындалып тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |