Жұмыспен қамту 2020 жол картасы
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы « 31 » наурыздағы
№ 162 қаулысымен
бекітілген
Жұмыспен қамту 2020 жол картасы
Бағдарлама паспорты
Атауы
|
Жұмыспен қамту 2020 жол картасы
|
Әзірлеу үшін негіздеме
|
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы;
Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткен 2013 жылғы 23 қаңтардағы кеңестің № 01-7.1 хаттамасы
|
Әзірлеуге және іске асыруға жауапты мемлекеттік орган
|
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі
|
Мақсаты
|
Халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыру, халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу, жұмыссыздықты қысқарту
|
Міндеттері
|
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және халықтың нысаналы топтарына кіретін адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту;
кадрлық әлеуетті, оның ішінде Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін кадрлық әлеуетті дамыту;
атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру.
|
Іске асыру мерзімдері және кезеңдері
|
1-кезең – 2015 жыл
2-кезең – 2016 – 2020 жылдар
|
Нысаналы индикаторлар
|
2020 жылға қарай:
жұмыссыздық деңгейі 5,0 %-дан аспайтын болады;
әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,5 %-дан аспайтын болады;
жастар (15-28 жас) арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 %-дан аспайтын болады
|
Қаржыландыру көздері және көлемі
|
Жұмыспен қамту 2020 жол картасын іске асыруға республикалық бюджетте 2015 жылға 37,3 млрд. теңге көзделген.
Келесі жылдары Бағдарламаны қаржыландыру көлемі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде нақтыланатын болады.
|
2. Кіріспе
1. Мемлекет басшысы 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында өнімді жұмыспен қамтудың қолжетімділігін кеңейту, еңбекке ынталандыруды жоғарылату және халықтың табысын өсіру мақсатында халықты жұмыспен қамту саясатын жаңғырту қажеттілігін көрсетті.
Бұл үшін қажетті шарттар Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің бүкіл барысында әзірленген. Елімізде серпінді дамып келе жатқан еңбек нарығы құрылды, халықтың экономикалық белсенділігі және жұмыспен қамтылу деңгейі ұдайы арттырылуда.
Дағдарысқа қарсы реттеу тәжірибесі жинақталды. Жол картасы (2009 – 2010 жылдары) шеңберінде әзірленген жұмыс орындарын сақтау және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс ықпалына байланысты уақытша экономикалық қиындықтар жылдарында да жұмыспен қамтудың жоғары деңгейін сақтауға мүмкіндік берді.
Соған қарамастан, әлемдік дамудың тұрақсыздығы және әлеуметтік жаңғырту жағдайларында серпінді өзгеріп отыратын ішкі болмыстар еңбек нарығын реттеуге және нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге жаңа талаптар қояды.
Осы бағдарлама – Жұмыспен қамту 2020 жол картасы (бұдан әрі – Бағдарлама) аталған талаптардың жауабы болып табылады. Ол 2009 және 2010 жылдардағы жол карталарын және Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын іске асырудың логикалық жалғасы болып табылады.
Бағдарламаға Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 11 ақпандағы кеңейтілген отырысында халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды кеңейту және жалдамалы қызметкерлерді жұмыстан босатуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау бөлігінде берген тапсырмаларын ескере отырып өзектілендірілді.
3. Ағымдағы ахуалды талдау
2. Мемлекет басшысының төрағалығымен 2015 жылғы 11 ақпанда өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев өз тиімділігін дәлелдеген «Жұмыспен қамту 2020 жол картасын» сақтап қалу қажеттігін атап өтті.
Айталық, 2011 – 2014 жылдар аралығында оның шеңберінде табысы аз, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық санатынан 462 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.
Көзделген шараларды іске асыру нәтижесінде 472 мың адамға жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетілді, оның ішінде 66 %-ы тұрақты жұмысқа орналастырылды, ал 121 мыңнан астам адам жаңа кәсіп меңгеруге мүмкіндік алды, шамамен 29 мың ауыл тұрғыны жеңілдікті шарттармен микрокредит алды.
Бұл жұмыссыздық деңгейіне оң әсерін тигізді, оның деңгейі 2014 жылдың 4-тоқсанының қорытындысы бойынша 5,0 %-ды құрап, 2010 жылмен салыстырғанда 0,8 %-ға азайған.
Бұл ретте жұмыспен қамтылғандардың саны тиісінше 8,1 млн. адамнан 8,6 млн. адамға көбейді. Жұмыспен қамтылған тұрғындардың құрамындағы өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың үлесі 33 %-дан (2010 жылы) 29,4 %-ға (2014 жылдың 4-тоқсаны) азайды.
2013 жылдың басымен салыстырғанда нәтижесіз жұмыспен қамтылған адамдардың саны 1,0 млн. адамнан 721 мың адамға төмендеді.
Жастар практикасы және әлеуметтік жұмыс орындарын құру бағдарламаларын іске асыру жастар арасындағы жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге ықпал етті.
Оның көрсеткіші 4,0 % деңгейінде (15-28 жастағы) қалыптасты, бұл соңғы 20 жыл ішіндегі ең төмен көрсеткіш болып табылады.
Осылайша, Бағдарламаның іске асырылуы қабылданып жатқан қадамдардың, олардың оң әсері мен атаулылық бағытының дұрыстығын дәлелдейді.
Оны іске асыруға мемлекеттік бюджеттен бөлініп отырған қаражат шалғай ауылдарға дейін жетіп, қоғамда қордаланған проблемаларды шешуге ықпал етуде.
Алайда, қабылданып жатқан шараларға және оң өзгерістерге қарамастан, ұлттық еңбек нарығы теңестірілмеген. 458,6 мың жұмыссыз бола тұра, олардың көпшілігі 34-ке дейінгі жаста, бос жұмыс орындары сақталуда. Еңбек ресурстары сапасының төмендігіне және өндіріс пен оқытудың нақты байланысының болмауына байланысты жұмыс күшінің тапшылығы, бірінші кезекте білікті кадрлардың, техникалық және қызмет көрсететін жұмыскерлердің тапшылығы байқалады. Жұмыспен қамтылған халықтың шамамен үштен бірінің кәсіптік білімі жоқ.
Жұмыспен қамтылған халық құрылымында өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың үлесі басым. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың негізгі бөлігі ауылдық жерлерде тұрады және жеке шаруашылығымен айналысады, олардың табысы көбінесе күнделікті тіршілігіне ғана жетеді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың басым бөлігі әлеуметтік қорғау және қолдау жүйесімен қамтылмаған.
Әлемдік практикада осындай проблемаларды шешу үшін еңбек нарығының белсенді бағдарламалары (бұдан әрі – ЕНББ) қолданылады.
Оларда:
1) еңбек ресурстарын дамыту (кәсіптік даярлау және қайта даярлау);
2) жұмыс күшіне сұранысты ұлғайту (жалақыны/жұмыспен қамтуды субсидиялау, жаңа жұмыс орындарын құру);
3) жұмыспен қамту саясатын институционалдық және ақпараттық қамтамасыз ету (жұмыспен қамту қызметтерін, ақпараттық жүйелерді құру, ақпараттандыруды ұйымдастыру);
4) еңбекке ынталандыруды күшейту (кәсіптік бағдар, келісілген әлеуметтік көмек көрсету) көзделеді.
Халықаралық тәжірибеде қолданылатын ЕНББ-нің көпшілікке танылған құрамдастары:
1) мемлекеттік жұмысқа орналастыру қызметтері (бұдан әрі – МЖҚ) қабылдап жатқан жұмыссыздық кезеңіндегі алдын алу шаралары және жұмыс іздеп жүрген адамдар мен МЖҚ консультанттарының арасындағы тығыз байланыс;
2) ұдайы есептілік және жұмыс орындарының болуы мен жұмыс іздестіру жөніндегі қызметке мониторинг жүргізу;
3) жұмыссыз клиенттерді бос жұмыс орындарына тікелей жіберу;
4) жұмысқа қайту туралы келісімдер немесе жеке іс-қимыл жоспарларын жасау;
5) кәсіптік дағдылардың төмендеуін, жұмыс табу немесе ұзаққа жалғасқан жұмыссыздық кезеңі салдарынан ынталандыру факторларының жоғалуын болдырмау үшін ЕНББ-ға жіберу болып табылады.
2015 жылғы 11 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырманы орындау мақсатында, сондай-ақ «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әлемдік тәжірибені бейімдеу мүмкіндігі ескеріле отырып осы Бағдарлама әзірленді.
Ол дағдарысқа қарсы ден қою, еңбек нарығын реттеу тиімділігін арттыру, оның ішінде еңбек нарығының мониторингі, табысы аз, жұмыссыз және нәтижесіз жұмыспен қамтылған халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту тетіктерін қамтиды.
Бағдарламаның күшті жағы еңбек нарығының сын-талаптарына тез арада ден қою мүмкіндігінен тұрады. Бағдарламаның әлсіз жағы бюджет қаражаты қысқарған жағдайда нысаналы топтарды қамту бойынша негізгі индикаторлардың орындалмауына байланысты.
4. Бағдарламаның мақсаты, нысаналы индикаторлары, міндеттері және нәтижелер көрсеткіштері
3. Бағдарламаның мақсаты
Халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыру, халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу, жұмыссыздық деңгейін қысқарту.
4. Бағдарламаның нысаналы индикаторлары
Жұмыспен қамту 2020 жол картасында қойылған міндеттерді іске асыру барысында мынадай нәтижелерге қол жеткізу жоспарланып отыр:
2020 жылға қарай:
1) жұмыссыздық деңгейі 5,0 %-дан аспайтын болады;
2) әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,5 %-дан аспайтын болады;
3) жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі (15-28 жас) 4,6 %-дан аспайтын болады.
Бағдарлама шеңберінде 2015 жылы мыналар:
1) өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған адамдардың жалпы санынан – 6,1 %-ы;
2) жұмыссыздардың жалпы санынан – 21,0 %-ы;
3) атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан табысы аз отбасылардың еңбекке жарамды мүшелерінің жалпы санынан – 20,0 %-ы мемлекеттік қолдаумен қамтылатын болады.
5. Бағдарламаның негізгі міндеттері:
1) өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және халықтың нысаналы тобына кіретін адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту:
Бағдарламаға қатысуға өтініш білдіргендер қатарындағы Бағдарламаның іс-шараларымен қамтылған азаматтардың үлесі 2020 жылға қарай – 92,0 %;
әлеуметтік келісімшартқа қол қойған адамдар қатарындағы Бағдарламаның іс-шараларымен қамтылған әйелдердің үлесі 2020 жылға қарай – 44,6 %;
әлеуметтік келісімшартқа қол қойғандар қатарындағы Бағдарламаның іс-шараларымен қамтылған жасы 29-ға дейінгі жастардың үлесі 2020 жылға қарай – 43,5 %;
өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы санындағы нәтижелі жұмыспен қамтылғандардың үлесі 2016 қарай – 64,5 %, 2020 жылға қарай – 66,5 % болады;
2) кадрлық әлеуетті, оның ішінде Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін дамыту:
Бағдарлама шеңберінде ағымдағы жылы кәсіптік оқуды аяқтағандардың қатарындағы жұмысқа орналасқандардың үлесі 2016 жылға қарай – 70 %, 2020 жылға қарай – 71,0 % болады.
3) атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру:
атаулы әлеуметтік көмек алушылардың құрамындағы еңбекке жарамды халықтың үлес салмағы – 30 %;
6. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері мақсаттарға, нысаналы индикаторларға, міндеттерге, нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізуге жауапты мемлекеттік және өзге де органдар болып табылады.
5. Бағдарламаның негізгі бағыттары, мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу жолдары, тиісті шаралар
7. Бағдарламаны іске асыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1) инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту арқылы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету;
2) кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру және тірек ауылдарды кешенді дамыту;
3) жұмыс берушінің нақты сұранысын есепке ала отырып, оқыту мен жұмысқа орналасуға және қоныс аударуға жәрдемдесу.
Бірінші бағыт: инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету
8. Аталған бағыт мынадай жұмыс және объектілер түрлері бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жолымен халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді көздейді:
1) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу (сумен жабдықтау, кәріз объектілері, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жүйелері);
2) әлеуметтік-мәдени объектілерді (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, ойын-сауық және демалыс объектілерін) күрделі және ағымдағы жөндеу. Сейсмологиялық қауіпті өңірлер үшін сейсмологиялық қауіпсіздікті күшейте отырып, күрделі жөндеуге жол беріледі;
3) инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу (қалалық автомобиль жолдары, кентішілік және ауылішілік жолдар, кірме жолдар, аудандық маңызы бар жолдар, тротуарлар, бөгеттер, дамбалар мен көпірлер);
4) ауылдық жерлердегі фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу (ауылдағы авариялық, бейімделмеген және саман объектілердің проблемаларын шешетін объектілерге басым назар аударылады);
5) елді мекендерді абаттандыру (көшелерді, саябақтарды, скверлерді жарықтандыру және көгалдандыру, иесі жоқ объектілерді бұзу, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын, шағын сәулет нысандарын, қоршауларды, балалардың ойын және спорт алаңшаларын жайластыру);
6) мүгедектердің және халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-мәдени объектілерді, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды күрделі, ағымдағы жөндеу жүргізіледі.
9. Әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары және орташа ауылдық елді мекендерде іске асыру осы Бағдарламаның 8-тармағында көзделген барлық жұмыс түрлері мен объектілері бойынша, ал қалаларда – осы Бағдарламаның 8-тармағының 1), 2), 3) және 6) тармақшаларында көрсетілген жұмыс түрлері бойынша жүзеге асырылады, бұл ретте шағын қалаларда іске асырылып жатқан жобаларға басымдық беріледі.
Саяжай кенттерінде осы Бағдарламаның 8-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген жұмыс түрлері коммуналдық меншіктегі объектілер бойынша іске асырылады.
10. Жергілікті атқарушы органдар жобаларды іріктеуді:
1) жеткізілген қаржыландыру лимиттері,бұл ретте бір жұмыс орнының құны жобалардың барлық түрлері бойынша 3 млн. теңге лимиттен аспайды;
2) мемлекеттік сараптамадан өткен объектілерді салуға және күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттаманың болуы;
3) жобалар шеңберінде орташа және (немесе) ағымдағы жөндеуді жүзеге асыру жоспарланып отырған ақаулар ведомосінің, сметалық құжаттаманың, орындалатын жұмыс көлемінің шығыстар сметасының болуы;
4) мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімдері және отандық өндірушілерден тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу мүмкіндігі;
5) жобаларды іске асыруды бастау және аяқтау мерзімдері;
6) жобалардың іске асырылуын жергілікті бюджет қаражаты есебінен қоса қаржыландыру мүмкіндіктері;
7) құрылатын жұмыс орындарының саны және ұсынылған жобалар бойынша есептелген орташа айлық жалақының мөлшері;
8) жобаларды іске асыруға әсер ететін өңірдің табиғи климаттық жағдайлары және басқа да ерекшеліктері негізінде дербес жүзеге асырады.
11. Халықты жұмыспен қамту орталықтары осы ауданда (қалада) тұратын, уақытша тіркелген адамдарды қоса алғанда, Бағдарламаға қатысушыларды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыратын жұмыс беруші-мердігерлерге жібереді.
Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру тетігі.
12. Жергілікті атқарушы органдар денсаулық сақтау және әлеуметтік- еңбек саласындағы орталық уәкілетті органға (бұдан әрі – Бағдарлама операторы) – фельдшерлік-акушерлік пункттердің, дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы бойынша жобаларды, өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті органға Бағдарлама шеңберінде іске асыру ұсынылатын инфрақұрылымдық жобаларды, қолданыстағы заңнамада талап етілетін техникалық құжаттаманы, жобаны таңдауды, құрылатын жұмыс орындары мен орташа айлық жалақы көрсеткіштерін негіздей отырып, жыл сайын 15 сәуірден кешіктірмей ұсынады.
Тиісті техникалық құжаттамасыз және жобаның таңдалуы, құрылатын жұмыс орындарының саны мен орташа айлық жалақының көрсеткіштері негізделмей ұсынылған, сондай-ақ құны 3 млн. теңгеден асатын жұмыс орындарын құруды көздейтін жобалар қаралмайды.
13. Жобаларды қарау барысында өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган жобалардың осы Бағдарламаның 8-тармағының 1), 2), 3), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген жұмыс түрлері мен объектілерге, денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласындағы орталық уәкілетті орган – 8-тармақтың 4) тармақшасына сәйкестігін тексереді.
14. Жобалар осы Бағдарламаның 8-тармағына сәйкес келмеген кезде өңірлік даму мәселелері жөніндегі, денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласындағы орталық уәкілетті органдар жергілікті атқарушы органдарға бас тарту себептері көрсетілген уәждемелі жауап жібереді.
Осы Бағдарламаның 8-тармағына сәйкес келетін жобалардың тізбесін өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган қалыптастырады және қаржыландыру көлемдерін, құрылатын жұмыс орындары санының және орташа айлық жалақы мөлшерінің күтілетін көрсеткіштерін қоса отырып, Бағдарлама операторына жібереді.
15. Бағдарлама операторы өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган ұсынған құрылатын жұмыс орындары санының, орташа айлық жалақы мөлшерінің күтілетін көрсеткіштерін ескере отырып жобаларды қарайды.
16. Жергілікті атқарушы органдар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шеңберінде:
1) жаңа жұмыс орындарын құруды;
2) халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша инфрақұрылымдық жоба іске асырылатын ауданда (қалада) тұратын, оның ішінде уақытша тіркелген Бағдарламаға қатысушыларға құрылыс кезінде – жұмыс орындарының кемінде 30 %-ын, күрделі, ағымдағы жөндеу және абаттандыру кезінде жұмыс орындарының кемінде 50 %-ын ұсынуды қамтамасыз етеді.
Жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік және салалық бағдарламалар, аумақтарды дамыту бағдарламалары шеңберінде жобаларды іске асырған кезде халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша инфрақұрылымдық жоба іске асырылатын ауданда (қалада) тұратын, оның ішінде уақытша тіркелген Бағдарламаға қатысушыларға құрылыс кезінде – жұмыс орындарының кемінде 30 %-ын, күрделі, ағымдағы жөндеу және абаттандыру кезінде жұмыс орындарының кемінде 50 %-ын ұсынуды қамтамасыз етеді.
Инфрақұрылымдық жоба іске асырылатын ауданда (қалада) қажетті еңбек ресурстары болмаған кезде аудандардың (қалалардың) жұмыспен қамту орталықтарының жазбаша келісімі болған жағдайда оны сырттан тартуға жол беріледі.
17. Жобаларды күрделі, ағымдағы жөндеу, абаттандыру бойынша бюджет қаражаты үнемделген жағдайда жергілікті атқарушы органдар өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша көрсетілген қаражатты Бағдарламаның осы бағыты бойынша іске асырылатын өзге де жобаларға немесе жобалардың түпкілікті нәтижелерінің көрсеткіштерін жақсартуға жұмсай алады.
18. Жергілікті атқарушы органдар ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 10-күніне өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті органға – инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және абаттандыру бойынша, денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласындағы орталық уәкілетті органға ауылдық жерлерде фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу бойынша есептерді ұсынады.
Есептерде:
1) басталған (аяқталған) жобалардың саны, жобалар бөлінісінде орындалған жұмыстардың көлемі;
2) құрылған жұмыс орындарының саны және халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша жұмысқа орналастырылған Бағдарламаға қатысушылардың саны, сондай-ақ олардың орташа айлық жалақысының мөлшері;
3) бөлінген нысаналы трансферттердің игерілуі, уақтылы игерілмеудің себептері және төмен тұрған бюджеттен қаржыландыру көлемдері;
4) жіберілген бұзушылықтар және оларды жою бойынша қабылданған шаралар туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері Бағдарлама операторына басталған (аяқталған) жобалардың саны,құрылған жұмыс орындары мен халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша жұмысқа орналасқан Бағдарламаға қатысушылардың саны, олардың орташа айлық жалақысының мөлшері туралы ақпаратты қосымша ұсынады.
19. Өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізеді және ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 15-күніне Бағдарлама операторына Бағдарламаның 18-тармағы 1), 2), 3) және 4) тармақшаларының талаптарына сәйкес есептер ұсынады.
Инфрақұрылымдық жобаларға қатысу тетігі.
20. Іске асырылып жатқан жобаларға жұмысқа орналасуға ниет білдірген және мүмкіндігі бар Бағдарламаға әлеуетті қатысушылар халықты жұмыспен қамту орталықтарына Бағдарламаға қатысуға өтінішпен жүгініп, мынадай құжаттарды қоса береді:
1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін (мекенжай анықтамасы, ауылдық әкімдердің анықтамасы), уақытша тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі;
3) болған жағдайда, білімі туралы құжаттың көшірмесі (аттестат, куәлік, диплом) және/немесе оқу курстарынан өткенін растайтын басқа да құжаттар (куәлік, сертификат).
21. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілердің еңбек ресурстарына қажеттілігін есепке ала отырып, өтініш берушілерді Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу туралы шешім қабылдайды және оларды іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар шеңберінде құрылатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасу үшін жібереді.
22. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысатын Бағдарламаға қатысушылар мен жұмыс берушілер туралы мәліметтер «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде орналастырылады.
23. Өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган мен Бағдарлама операторы өз құзыреттері шегінде Бағдарлама шеңберінде іске асырылатын инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізеді.
Екінші бағыт:
кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру
және тірек ауылдарды кешенді дамыту
24. Екінші бағыт жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту арқылы кәсіпкерлікті ынталандыруды және экономикалық белсенділікті арттыруды, тірек ауылдық елді мекендерді кешенді дамытуды көздейді.
Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру
25. Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру әкімшілік бағыныстылығына қарамастан, даму әлеуеті орташа және жоғары ауылдарда, шағын қалаларда, қалалық әкімшілік бағыныстылық аумағындағы кенттерде жүзеге асырылады.
26. Кәсіпкерлік бастаманы мемлекеттік қолдауды іске асыру үшін тірек ауылдық елді мекендер басым елді мекендер болып табылады.
27. Бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай түрлері ұсынылады:
1) жол жүруге және тұруға материалдық көмек ұсына отырып, кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту және бизнес-жоспар әзірлеуге жәрдемдесу;
2) микрокредиттер беру;
3) бір жылға дейінгі мерзімге жобаларды сүйемелдеу жөніндегі сервистік қызметтер (маркетингтік, заңдық, бухгалтерлік және басқа да қызмет түрлері) көрсету;
4) 500 мың теңгеге дейінгі сомаға микрокредиттер алған адамдарды қоспағанда, Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар үшін, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамыту және/немесе жетіспейтіндерін салу және/немесе жабдықтар сатып алу.
28. Қатысу және Бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну шарттары жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарға кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік қолдау көрсетуді ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларымен айқындалады.
29. Конкурсты ұйымдастыру және өткізу тәртібі, микроқаржы (микрокредиттік) ұйымдары мен кредиттік серіктестіктерді іріктеу және кредит ресурстарын беру, Бағдарламаның осы бағыты шеңберінде бөлінген кредит ресурстарының мақсатты пайдаланылуын мониторингтеу жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Микроқаржы ұйымдары мен кредиттік серіктестіктерге конкурстық негізде кредит беру қағидаларымен айқындалады.
30. Микрокредит беру шарттары:
1) республикалық бюджеттен бюджеттік кредит жергілікті атқарушы органға қайтарымдылық, мерзімділік және ақылылық қағидаттарында 0,01 % жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 5 жылға беріледі;
2) бюджеттiк кредиттiң нысаналы мақсаты – жеке iсiн ұйымдастыру немесе кеңейту;
3) микрокредит тұтынушылық мақсаттарға, бұрынғы қарызды өтеуге және жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ сауда саласындағы қызметті жүзеге асыруға берiлмейдi;
4) 500 мың теңгеге дейінгі сомаға микрокредит беру мерзiмi – 3 жылдан аспайды, 500 мың теңгеден жоғары сомаға – 5 жылдан аспайды;
5) микрокредиттiң ең жоғары сомасы 3 млн. теңгеден аспайды;
6) 500 мың теңгеге дейінгі сомаға микрокредит алған қарыз алушыларды қоспағанда, түпкілікті қарыз алушыға, микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдарына және/немесе кредиттiк серiктестiктерге микрокредит бойынша негiзгi борышты өтеу бойынша микрокредит беру мерзімі ұзақтығының үштен бiрiнен аспайтын мерзiмге жеңiлдiктi кезең ұсынылуы мүмкiн;
7) 500 мың теңгеге дейін микрокредит бойынша түпкілікті қарыз алушыға негiзгi борышты өтеу бойынша алты айдан аспайтын мерзімге жеңiлдiктi кезең ұсынылады;
8) микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдары және/немесе кредиттiк серiктестiктер үшiн уәкiлеттi өңiрлiк ұйым ұсынатын микрокредиттер бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі өңiрлiк комиссиямен келiсу бойынша уәкiлеттi өңiрлiк ұйым үшiн белгiленген микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі мен оның микрокредит берудi ұйымдастыруға байланысты жоспарланған шығыстарын негізге ала отырып белгіленеді;
9) соңғы қарыз алушы үшiн кредиттiк ресурстар бойынша ең жоғары жылдық тиiмдi мөлшерлемені өңiрлiк комиссиямен келiсу бойынша уәкiлеттi өңiрлiк ұйым белгiлейдi;
10) соңғы қарыз алушы үшін қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйым ұсынатын микрокредиттер бойынша ең жоғары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі өңірлік комиссиямен келісу бойынша белгіленеді. Бұл ретте 500 мың теңгеге дейінгі микрокредиттер бойынша соңғы қарыз алушы үшін ең жоғары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 5 %-дан аспайтын мөлшерде белгіленеді;
11) микрокредиттерін мерзімінен бұрын өтеген Бағдарламаға қатысушылардың жеке ісін кеңейту үшін микрокредит алуға қайта өтініш беруге және 5 млн. теңгеге дейін микрокредит алуға құқығы бар;
12) соңғы қарыз алушылардың бұрын берілген кредиттік ресурстар бойынша қайтарған қаражаты есебінен осы Бағдарламаның шарттарына сәйкес қайта кредит беруге жол беріледі.
31. Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және жабдық сатып алу шарттары:
1) инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және/немесе салу Бағдарламаға қатысушылар iске асыратын жобалар үшiн қолданыстағы жүйелерге: жолдарға, кәрiзге, жылумен және сумен, газбен жабдықтауға, телефон және электр желiлерiне жетiспейтiн инфрақұрылым жүргізуді болжайды.
Жетiспейтiн инфрақұрылымды жүргізу елдi мекендi дамытудың бас жоспарына (ауылда – инженерлiк-коммуникациялық желiлердiң жергiлiктi схемаларына) сәйкес келуге тиiс және бiр немесе бiрнеше жобаны қамтамасыз етуге бағытталуы мүмкiн.
Жүргізілген инженерлік инфрақұрылым жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншігінің теңгеріміне беріледі.
Инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамыту және/немесе жетіспейтіндерін салу «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады;
2) Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар үшін жабдық сатып алу кәріз, жылумен және сумен, газбен жабдықтау желілерін, телефон және электр желiлерiн алмастыратын жабдықпен, сондай-ақ жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін блок модульдермен (арнайы жабдықталған жылжымалы үйлер) жарақтандыруды білдіреді.
Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін сатып алынатын жабдық қабылдау-беру актісі арқылы Бағдарламаға қатысушының меншігіне беріледі. Бұл ретте микрокредитті қайтару мерзімі ішінде Бағдарламаға қатысушы жабдықты мақсатты пайдалануды қамтамасыз етеді және растайды.
32. Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамытуды және/немесе жетіспейтіндерін салуды және жабдықтар сатып алуды жергілікті атқарушы органдар республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен жүзеге асырады.
33. Нысаналы трансферттерді жергілікті атқарушы органдар айқындалған техникалық шарттарға немесе «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға және бизнес-ұсыныстарға сәйкес пайдаланады.
34. Жергілікті атқарушы органдар Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар үшін, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамыту және/немесе жетіспейтіндерін салу және жабдықты сатып алу жөніндегі уәкілетті органды өз бетінше айқындайды.
Бұл ретте, Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар үшін, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін инфрақұрылым объектілерін дамыту және/немесе салудың және/немесе сатып алынатын жабдықтың құны жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу құны мен мемлекеттік сараптама жүргізу құны есепке алынбай берілетін микрокредиттің сомасына қарамастан, Бағдарламаның бір қатысушысына 3 млн. теңгеден аспауға тиіс.
Шартта көзделген инфрақұрылымдық жобаның iске асырылуын мониторингтеу инфрақұрылымды дамыту жөнiндегi уәкiлеттi органға жүктеледi.
35. Микроқаржы (микрокредиттік) ұйымдарына, кредиттік серіктестіктерге және қаржы агенттігі мәртебесіне ие ұйымдарға кредиттік ресурстар беру тетігі:
1) Бағдарлама операторы жергiлiктi атқарушы органға бюджеттiк кредит бередi;
2) аудандардың (қалалардың) жергілікті атқарушы органдары ауылдық округтер әкімдерінің қатысуымен аумақтарды дамыту бағдарламаларына сәйкес ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты түрлерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы жерлерін оңтайлы пайдалану бойынша өңірлерді мамандандырудың ұсынылатын схемасын ескере отырып, Кәсіпкерлікті дамыту картасын әзірлейді және оны облыстың кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі уәкілетті органымен келісу бойынша бекітеді.
Кәсіпкерлікті дамыту картасы бекітілгенге дейін Бағдарламаға қатысушыларға микрокредит беру өңірлік комиссиялар айқындаған өңірде кәсіпкерлікті дамытудың басым бағыттарына сәйкес жүзеге асырылады;
3) облыстардың жергілікті атқарушы органдары микрокредит беруді ұйымдастыру үшін уәкілетті өңірлік ұйымдарды айқындайды;
4) уәкiлеттi өңiрлiк ұйымдар жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Микроқаржы ұйымдарына және/немесе кредиттiк серiктестiктерге кредит беру қағидаларына сәйкес Бағдарламаға қатысу үшiн микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдарын және/немесе кредиттiк серiктестiктердi iрiктеу бойынша конкурс өткiзедi.
Микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдары мен кредиттiк серiктестiктер арасында конкурс өткізбей, соңғы қарыз алушыларға микрокредит беруді қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйымның өзі жүзеге асыруы мүмкін;
5) уәкiлеттi өңiрлiк ұйым мен микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдарының және/немесе кредиттiк серiктестiктердiң арасында кредит беру туралы шарт жасалады.
Уәкілетті өңірлік ұйымның қаржы агенттігі мәртебесі болған жағдайда, микрокредит ұсыну туралы шарт тікелей соңғы қарыз алушымен жасалады.
36. Бағдарламаға қатысушыларға кәсіпкерлікті дамыту бойынша мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тетігі:
1) Бағдарламаның екiншi бағытының бірінші құрамдас бөлігіне қатысуға ниет бiлдiрушiлер халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінеді, онда оларға Бағдарлама шеңберінде микрокредит алудың ықтимал нұсқалары туралы консультация беріледі;
2) халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаның екінші бағытына қатысушылар құрамына енгізілген адамдармен әлеуметтік келісімшарттар жасайды;
3) халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға қатысушыларды сервистік қызмет көрсету жөніндегі ұйымға жібереді, онда оларды кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту, бизнес-жоспар әзірлеуге жәрдемдесу қамтамасыз етіледі.
Уәкілетті жұмыспен қамту органдары Бағдарламаға қатысушыға тұруына және жол жүруіне материалдық көмек төлеуді қамтамасыз етеді.
Жұмыс істеп тұрған бизнесін кеңейтетін немесе бұдан бұрын кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өткен адамдар не микрокредит алар алдындағы үш жылдан аспайтын мерзім ішінде кәсіпкерлік негіздеріне оқудың тиісті курстарынан өткені туралы растайтын құжаттары бар адамдар кәсіпкерлік негіздеріне оқытусыз микрокредит алуға үміткер бола алады;
4) микрокредиттер беру:
Бағдарламаға қатысушы сервистік қызметтер көрсету жөніндегі ұйымның жәрдем көрсетуімен бизнес-жоспар әзірлейді және Бағдарламаға қатысушыларға микрокредит беру құқығын алған қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйымға не микроқаржы (микрокредиттік) ұйымына микрокредит алуға өтініммен жүгінеді.
Микрокредитті кредиттік серіктестік арқылы алған жағдайда, Бағдарламаға қатысушы жобаның бизнес-жоспарын әзірлейді және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Микроқаржы ұйымдарына және кредиттік серіктестіктерге конкурстық негізде кредит беру қағидаларына сәйкес уәкілетті өңірлік ұйым өткізетін кредиттік серіктестіктерді іріктеу жөніндегі конкурсқа қатысатын кредиттік серіктестікке жүгінеді;
5) Бағдарламаға қатысушы микрокредит алуға оң қорытынды алғаннан кейін сервистік қызмет көрсету жөніндегі ұйыммен бір жылға дейінгі мерзімге жобаны сүйемелдеу жөніндегі қосымша қызметтер (маркетингтік, заңдық, бухгалтерлік және басқа да қызмет түрлерін) ұсынуға шарт жасасуға құқылы;
6) инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту:
халықты жұмыспен қамту орталықтары қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйымнан не микроқаржы (микрокредиттік) ұйымынан немесе кредиттік серіктестіктен оң қорытынды алған кезде инфрақұрылымды дамыту жөніндегі уәкілетті органға Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамытуды және/немесе жетіспейтіндерін салуды және/немесе жабдық сатып алуды талап ететін Бағдарламаға қатысушылардың тізімдерін жібереді;
Бағдарламаға қатысушылар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның жетіспейтін объектілерін дамыту үшін қажет болса, техникалық паспортты, жер актісін, жер учаскесін бөліп беруді және техникалық шарттарды ұсынады;
инфрақұрылымды дамыту жөніндегі уәкілетті орган Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін қаржыландыру немесе жабдықтар сатып алу мүмкіндігі (немесе мүмкін еместігі) және қажетті қаржыландыру көлемі туралы қорытынды дайындайды және қабылданған шешім туралы халықты жұмыспен қамту орталығын хабардар етеді;
7) оң қорытынды алған жобалар бойынша Бағдарламаға қатысушы мен инфрақұрылымды дамыту жөнiндегi уәкiлеттi органның арасында тиiстi шарт жасалады.
Достарыңызбен бөлісу: |